Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери көмек жөніндегі келісімді және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Түрік Республикасының Бас штабы арасындағы қаржылай көмек жөніндегі атқару хаттамасын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 18 қыркүйек N 1403

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. 2000 жылғы 21 маусымда Анкара қаласында жасалған, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери көмек жөніндегі келісім және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Түрік Республикасының Бас штабы арасындағы қаржылай көмек жөніндегі атқару хаттамасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
     Қазақстан Республикасының
       Премьер-Министрі



      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының
           Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери көмек жөніндегі
                           Келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі және Түрік Республикасының Үкіметі,
      ұзақ мерзімді достық қарым-қатынасты растай отырып,
      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасы Үкіметінің әскери ғылым, техника және білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы 1994 жылғы 8 тамыздағы Келісімнің және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Түрік Республикасының Ұлттық Қорғаныс министрлігі арасындағы әскери саладағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі өзара түсіністік туралы 1996 жылғы 3 қыркүйектегі Меморандумның ережелерін іске асыру мақсатында,
      Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасының арасындағы әскери ынтымақтастықты нығайтуға тілек білдіре отырып,
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қайта құру ісіне үлес қосуға ұмтыла отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

                             1-Бап

      Түрік Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Үкіметіне 1 040 000 (бір миллион қырық мың) АҚШ долларына дейінгі сомада өтеусіз әскери көмек көрсетеді. Өтеусіз әскери көмек осы Келісім күшіне енген кезден бастап берілетін болады.

                             2-Бап

      Осы Келісім бойынша өтеусіз көмектің 930 000 (тоғыз жүз отыз мың) АҚШ долларына дейінгі сомасы материал және қызмет түрінде, қалған 110 000 (жүз он мың) АҚШ долларлық бөлігі болса қаржылай түрде және Түрік Республикасының бұл тақырыптағы ережелеріне сәйкес жасалады.

                            3-Бап

      1 040 000 (бір миллион қырық мың) АҚШ долларына дейінгі сомалы өтеусіз әскери көмек екі Тараптың ресми жауаптылары арасында осы Келісімге сүйенген және оның ажырамас бөлігі болып табылатын қосымша қол қойылатын атқару хаттамаларының негіздеріне сәйкес жасалады.

                            4-Бап

      Қазақстан Республикасы Түрік Республикасының алдын ала келісімінсіз алынған материалдарды және қызметтерді немесе оларды қолдану құқын басқа бір мемлекетке немесе үшінші бір Тарапқа аудара алмайтыны туралы келісті.

                            5-Бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру жөніндегі жауапты құзырлы органдар қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігі, түрік Тарапынан - Түрік Республикасының Бас Штабы болып табылады.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы барлық даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер және консультациялар арқылы шешілетін болады.
      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама жіберілген күннен бастап күшіне енеді. Осы Келісім және оның 3-ші бабында аталған атқару хаттамалары Түрік Республикасының Үкіметі материалдық және қаржылай көмекті Қазақстан Республикасының Үкіметіне толық берген сәттен бастап

өздерінің қолданысын тоқтатады.
     2000 жылғы 21 маусым әрқайсысы қазақ, түрік, ағылшын және орыс 
тілдерінде екі түпнұсқа данадан жасалынды, сонымен қатар барлық 
мәтіндердің күші бірдей.
     Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушілік туындаған 
жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.
     
    Қазақстан Республикасының            Түрік Республикасының
      Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін
     
     Қазақстан Республикасы             Түрік Республикасы Бас
   Қорғаныс министрінің орынбасары       штабы бөлім бастығы
     
          генерал-майор                     генерал-майор
     
     
     
          Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен
      Түрік Республикасының Бас штабы арасындағы қаржылай көмек
                       туралы Атқару хаттамасы
     


      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі және Түрік Республикасының Бас штабы өтеусіз әскери көмек туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Келісімге сәйкес берілетін қаржылай көмекті төмендегіше пайдалану жөнінде келісті.

                          1-бап
                          Мақсат

      Осы Атқару хаттамасының мақсаты Түрік Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасы Үкіметіне бөлінген 110 000 (жүз он мың) АҚШ долларлық қаржылай көмектің негізгі бағыттарын белгілеу болып табылады.

                          2-бап
                     Жалпы қағидаттар

      Түрік Тарапынан берілетін қаржылай көмек төмендегі шараларды жүзеге асыру үшін қолданылады:
      1. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерінің "Бейбітшілік жолындағы әріптестік" жоспарына сәйкес Түрік Республикасында өткізілетін курстарына қатысқан шығындары.
      2. Түрік Республикасы әскери делегацияларының халықаралық әскери көмек Бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасына жасаған сапарларындағы шығындары.
      3. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерінің екі жақты қарым-қатынасты кеңейту мақсатымен Түрік Республикасына жасаған кезіндегі шығындары және "Бейбітшілік жолындағы әріптестік" Бағдарламасы бойынша НАТО-ның іс-шараларына қатысу үшін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қызметшілерінің шығындары.
      4. Брюссельдегі, Бельгия, НАТО-ның штаб-пәтеріндегі Қазақстан Республикасының өкілін ұстауға кететін шығындары.

                              3-бап
                      Орындалу қағидаттары

      Қаржылай көмектің орындалуы төмендегідей түрде жүзеге асырылады:
      1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерінің Түрік Республикасында оқитын курстарына байланысты шығындардың қамтамасыз етілуі мақсатымен 50 000 (елу мың) АҚШ доллары бөліп қолдану негіздері төмендегідей:
      а) бөлінетін қаржы Түркиядағы "Бейбітшілік жолындағы әріптестік" оқу-ағарту орталығына оқуға келетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерінің ұшақ билеттеріне, орналастыруларына, тамақтануларына, курс төлем ақы және басқа да қаражаттарына байланысты шығындарын қамтамасыз ету үшін қолданылады;
      б) курсқа жіберілетін Қазақстан әскери қызметшілерін іріктеу жұмысы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі тарапынан дайындалған әскери-оқу орындарына қабылдау ережелеріне сәйкес әр жыл сайын жүргізіледі. Егер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің оқытуға байланысты мұқтажы бөлінген сомадан артатын болса, Түрік Республикасының Бас штабы қосымша шығындарды жабу үшін қажетті шараларды қабылдайтын болады.
      2. Түрік Республикасы әскери делегацияларының халықаралық әскери көмек Бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасына жасаған сапарларындағы шығындарды өтеу үшін 10 000 (он мың) АҚШ доллары бөлінеді.
      3. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Түрік Республикасының Бас штабы арасындағы екі жақты қарым-қатынастарды кеңейту мақсатымен Түркияға келетін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерінің сапарларына байланысты шығындарын қамтамасыз ету үшін 10 000 (он мың) АҚШ доллары бөлініп, ол қаржыны қолданудағы негізгі бағыттар қазақстан Тарапынан белгіленеді.
      4. 40 000 (қырық мың) АҚШ доллары Брюссельдегі, Бельгия, НАТО штаб-пәтерінде қызмет атқаратын Қазақстан Республикасының өкілін ұстауға кететін шығындарды жабу үшін беріледі. Бұл орайда берілген ресурстар Қазақстан Республикасы өкілінің төмендегі көрсетілген шығындарын жабу үшін жұмсалатын болады:
      а) тұрғын және қызметтік үй-жайды жиһаздау;
      б) тұрғын үй және қызмет орындарын жалға алу шығындары (жылыту және электр қуатының шығындарын қоса алғанда);
      в) тұрғын және қызметтік үй-жайды, сондай-ақ пайдалануға берілетін мүліктерді жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету;
      г) телефон және факсимильдік байланыс қызметін көрсету;
      д) кеңсе тауарларын алуға кететін шығындар.
      5. Түрік Тарапынан берілетін қаржылай көмегі Атқару хаттамасында көрсетілгендей Түрік Республикасы айқындайтын шотқа аударылатын болады. Осы орайда қаржылай көмектің қолданылуы Түрік Республикасының Қазақстан Республикасындағы (Алматы) Елшілігі жанындағы әскери атташесінің бақылауында жүргізіледі.
      6. Қажет болған жағдайда берілген ресурстарды қайта бөлу Түрік Республикасының Бас штабы тарапынан жүзеге асырылады.

                         4-бап
              Толықтырулар мен қайта қараулар

      Тараптардың әрқайсысы керекті болған жағдайда бұл Атқару хаттамасына өзгерту немесе толықтырулар енгізілуі туралы жазбаша түрде ұсыныс жасай алады. Бұл жағдайда ұсыныс білдірілген күннен бастап ең көп дегенде 30 күн ішінде консультациялар басталады. Егер келіссөздер басталғаннан кейін 45

күн ішінде Тараптар ортақ бір мәмілеге келмесе, Тараптардың әрбіреуі одан 
кейінгі 30 күн ішінде, жазбаша хабарлама жібере отырып, Атқару 
хаттамасының күшін жоя алады.
     
                           5-бап
                       Әрекет етуі
     
     Осы Атқару хаттамасы Түрік Республикасының Үкіметі қаржылай көмекті 
Қазақстан Республикасының Үкіметіне толық берген сәтіне дейін қолданысын 
сақтайды.
     
                           6-бап
                  Бекіту және күшіне енуі
     
     Осы Атқару хаттамасы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік 
рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша хабарлама жіберілген 
күннен бастап күшіне енеді.
     
                          7-бап
                   Мәтін және қол қою
     
     2000 жылғы 21 маусым әрқайсысы қазақ, түрік, ағылшын және орыс 
тілдерінде екі түпнұсқа данадан жасалынды, сонымен бірге барлық 
мәтіндердің күші бірдей.
     Осы Атқару хаттамасының ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушілік 
туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын 
болады.
     
     Қазақстан Республикасының            Түрік Республикасының
     Қорғаныс министрлігі үшін                Бас штабы үшін
     
     Қазақстан Республикасының            Түрік Республикасының
      Қорғаныс министрінің                     Бас штабының
           орынбасары                          Бөлім бастығы
     
         генерал-майор                          генерал-майор
     
     
      Мамандар:
     Қобдалиева Н.М.
     Орынбекова Д.К. 
     
     
     
     
     
     
            
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады