"Интегралдық микротәсімдер топологияларын құқықтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 13 желтоқсан N 1831

 


     Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

     "Интегралдық микротәсімдер топологияларын құқықтық қорғау туралы"

Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті

Мәжілісінің қарауына енгізілсін.


     Қазақстан Республикасының

     Премьер-Министрі


                                                   Жоба


               Қазақстан Республикасының Заңы


           Интегралдық микротәсімдер топологияларын

                    құқықтық қорғау туралы



     1-бап. Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар


     1. Осы Заң мақсаттары үшiн мынадай ұғымдар пайдаланылады:

     1) бюллетень - Қазпатенттiң өнеркәсiп меншiгi объектiлерiн қорғау

мәселелерi жөнiндегi ресми мерзiмдiк басылымы;


 
       2) интегралдық микротәсiм - электронды схема қызметiн атқаруға бағытталған элементтерi мен байланыстары бұйым даярланған негiздегi материалдың көлемiнде және/немесе бетiнде ажырағысыз қалыптасқан түпкiлiктi немесе аралық нысандағы микроэлектронды бұйым;
      3) коммерциялық мақсаттарға пайдалану - сату, жалға беру немесе коммерциялық таратудың басқа да тәсiлi. Бұдан әрi осы Заң мәтiнiнде егер басқаша айтылмаса, пайдалану деп нақ коммерциялық мақсаттарда пайдалану ұғымы қолданылады;
      4) патенттiк сенiмдi уәкілдер - заңнамаға сәйкес Қазпатент алдында жеке және заңды тұлғалардың өкiлдiгiне құқық берiлген азаматтар;
      5) құқық иеленушi - автор, оның мұрагерi, сондай-ақ заң немесе шарт күшiмен алынған айрықша құқықты иеленушi кез келген жеке немесе заңды тұлға;
      6) интегралды микротәсiм топологиялары (бұдан әрi - топологиялар) материалдық тасығышта белгiленген интегралды микротәсiмдер элементтерi жиынтығының кеңiстiк-геометриялық орналасуы және олардың арасындағы байланыстар.
 
      2-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар
 
      Топологияларды жасауға, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын мүлiктiк, сондай-ақ солармен байланысты жеке мүлiктiк емес қатынастар осы Заңмен реттеледі.
 
      3-бап. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган
 
      Мемлекеттiк патент ұйымы (бұдан әрi - Қазпатент) уәкiлеттi мемлекеттiк орган болып табылады, ол топологияларды қорғау саласында осы Заңға сәйкес мемлекеттiк монополияны қамтамасыз етедi, топологияларды тiркеуге өтiнiмдердi қарауға қабылдайды, олар бойынша сараптамалар жүргiзедi, куәлiктер бередi, бюллетеньде тiркелген топологиялар туралы мәлiметтер жариялайды және өзiне жүктелген өзге де мiндеттердi жүзеге асырады.
 
      4-бап. Құқықтық қорғау объектiсi мен шарты
 
      1. Осы Заңмен берiлетiн құқықтық қорғау тек түпнұсқа топологияларға ғана қолданылады.
      2. Автордың шығармашылық қызметi нәтижесiнде жасалған топология түпнұсқа болып табылады. Керiсiнше екендiгi дәлелденбейiнше, топология түпнұсқа болып табылады.
      3. Элементтерiнiң жиынтығы интегралдық микротәсiмдердi жасау күнiне әзiрлеушiлер мен жасаушыларға жалпы мәлiм топологияларға осы Заңмен құқықтық қорғау берiлмейдi.
      Интегралдық микротәсiмдердi әзiрлеушiлер мен жасаушыларға оны жасау күнiне жалпы мәлiм элементтерден тұратын топологияларға, егер мұндай элементтер жиынтығы осы баптың 2-тармағы талаптарын тұтасымен қанағаттандыратын жағдайда ғана құқықтық қорғау берiледi.
      4. Осы Заңмен берiлетiн құқықтық қорғау топологияларда жүзеге асырылуы мүмкiн идеяларға, тәсiлдерге, жүйелерге, технологияға немесе бүркемеленген ақпаратқа қолданылмайды.
 
      5-бап. Топологияларға берiлетiн авторлық
 
      1. Өзiнiң шығармашылық еңбегiмен топологиялар жасаған жеке тұлға оның авторы болып танылады.
      2. Егер топологияларды жасауға бiрнеше жеке тұлға қатысса, олардың бәрi оның авторлары (тең авторлары) болып есептеледi. Тең авторларға тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртiбi олардың арасындағы келiсiммен айқындалады.
      3. Топологияларды жасауға жеке шығармашылық үлесiн қоспаған, авторға тек техникалық, ұйымдық немесе материалдық көмек көрсеткен не оған және оны пайдалану құқығын ресімдеуге жәрдемдескен жеке тұлғалар автор ретiнде танылмайды.
      4. Топологияларға авторлық құқық ажыратылмайтын жеке мүлiктiк емес құқық болып табылады және мерзiмi белгiленбей қорғалады.
 
      6-бап. Топологияларды пайдалануға айрықша құқық
 
      1. Топологияларды пайдалануға айрықша құқық топологиялар авторына (авторларына) не осы Заңның 8-бабында көзделген жағдайларда жұмыс немесе тапсырыс берушiге немесе олардың құқықтық мұрагерлерiне тиесiлi болады.
      2. Құқық иеленушiнiң топологияларды өз қалауы бойынша кез келген тәсiлмен, атап айтқанда, осы Заңның 9-бабымен көзделгеннен басқа жағдайларда, бұл топологияларды басқа адамдардың құқық иеленушiнiң тиiстi рұқсатынсыз пайдалануына тыйым салу құқығын қоса алғанда, осы топологиялы интегралды микротәсiмдер жасау жолымен пайдалануға құқығы бар.
      3. Бiрнеше құқық иеленушiге тиесiлi айрықша құқықты пайдалану тәртiбi олардың арасындағы келiсiммен айқындалады.
      Мұндай келiсiм болмаған ретте олардың әрқайсысы қорғалатын топологияларды өз қалауы бойынша пайдалана алады, бiрақ қалған құқық-иеленушiлердiң келiсiмiнсiз оған лицензия беруге немесе басқа бiреуге айрықша құқығын беруге құқысы жоқ.
      4. Құқық иеленушiнiң рұқсатынсыз мына әрекеттердi жасау топологияларды пайдалануға айрықша құқығын бұзу болып табылады:
      1) топологияларды тұтастай немесе оның бiр бөлiгiн, тек түпнұсқа болып табылмайтын бөлiгiн көшiруден басқа, интегралдық микротәсiм енгiзу жолымен немесе өзге түрде көшiру;
      2) топологияларды, осы топологиялы интегралды микротәсiмдi немесе осындай интегралдық схема кiретiн бұйымдарды қолдану, әкелу, сатуға ұсыныс жасау, сату және азаматтық айналысқа өзге де енгiзу.
 
      7-бап. Айрықша құқықты беру
 
      1. Топологияларға айрықша құқық басқа тұлғаға шарт бойынша толық немесе ішiнара берiлуi мүмкiн, сондай-ақ мұрагерлік бойынша әмбебап құқықтық мұрагерлік тәртібімен және заңды тұлға - құқық иеленушінің қайта ұйымдастырылуы нәтижесінде көшеді.
      2. Лицензиялық шарт бойынша құқық иеленушi (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) топологияларды белгiлi түрде уақытша пайдалану құқығын бередi.
      3. Лицензиялық шарт лицензиатқа:
      1) топологияларды лицензиардың пайдалану мүмкiндiгiн сақтай отырып, оны пайдалану және басқа тұлғаларға лицензия (жай, айрықша емес лицензия) беру құқығын;
      2) топологияларды лицензиялардың пайдалану мүмкiндiгiн сақтай отырып, оны пайдалану құқығын, бiрақ басқа тұлғаға лицензия (айрықша лицензия) беру құқығынсыз;
      3) топологияларды лицензиардың пайдалану құқығы сақталмай, оны пайдалану құқығын және басқа тұлғаға лицензия (толық лицензия) беру құқығынсыз беруiн көздеуi мүмкiн.
      Егер лицензиялық шартта лицензияның түрi көзделмесе, ол жай, айрықша емес болып табылады.
      4. Лицензиаттың басқа тұлғаға (қосалқы лицензиатқа) топологияларды (қосалқы лицензиялық шартты) пайдалану құқығына айрықша емес лицензия беру туралы шарт тек лицензиялық шартта көзделген жағдайларда ғана жасалуы мүмкiн.
      Қосалқы лицензиаттың iс-әрекеттерiне лицензиар алдындағы жауапкершiлiктi, егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат көтередi.
      5. Топологияларды пайдалануға айрықша құқық беру туралы шарт лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалады.
      Тiркелген топологияларға айрықша құқықты беру туралы шарт тiркелген топологияларды пайдалануға лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарт Қазпатентте тiркелуге жатады.
      Топологияларға айрықша құқықты беру туралы тiркеу жүргiзiлмеген шарт, аталған топологияларды пайдалануға лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарт тараптардың келiсiмi бойынша Қазпатентте тiркелуi мүмкiн.
      Жазбаша нысанның немесе тiркеу туралы талаптардың сақталмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
 
      8-бап. Қызметтiк мiндеттерiн орындау тәртібімен және тапсырысшымен
             шарты бойынша жасалған топологияларға айрықша құқық
 
      1. Қызметтiк мiндеттерiн орындау немесе жұмыс берушiнiң нақты тапсырмасын орындау ретiнде жасалған топологияларға айрықша құқық, егер оны мен автор арасында өзгеше көзделмесе, жұмыс берушiге тиесiлi болады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген топологиялар үшiн авторға сыйақының мөлшерi, төлеу шарты мен тәртiбi автор мен жұмыс берушi арасындағы келiсiммен айқындалады. Келiсiмге қол жетпеген жағдайда шешiмдi сот шығарады. Егер автор мен жұмыс берушiнiң топологияларды жасауға үлестерiн мөлшерлеу мүмкiн болмаса, жұмыс берушi алған немесе алуға тиiс пайданың жартысына автордың құқығы танылады.
      3. Жұмыс берушi болып табылмайтын тапсырысшымен шарт бойынша автор жасаған топологияларға айрықша құқық, егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшыға тиесiлi болады.
 
      9-бап. Құқық иеленушiнiң айрықша құқық иеленуiн бұзу болып
             танылмайтын iс-әрекеттер
 
      1. Мыналар құқық иеленушiнiң айрықша құқығын бұзу болып танылмайды.
      1) интегралдық микротәсiмi бар заңсыз көбейтiлген топологиялардан немесе бұйымнан интегралдық микротәсiмдерге қатысты осы Заңның 6-бабының 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген iс-әрекеттер жасау, егер мұндай пайдалануды жүзеге асырушы осы интегралдық микротәсiмдерi бар бұл интегралдық микротәсiмдер немесе бұйымдар топологияларды пайдаланудың айрықша құқығын бұзумен жасалғанын және таратылғанын бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса. Құқық иеленушiден тиiстi хабарлама алған соң бұл тұлға мұндай топологияларға лицензияны еркiн сатып алу кезiнде төленген қолайлы роялтиге баламалы соманы құқық иеленушiге төлеген жағдайда, қолда бар қорға немесе осы уақытқа дейiн тапсырыс берiлген өнiмдерге қатысты кез-келген iс-әрекет жасауға құқылы;
      2) топологияларды пайда табусыз жеке мақсаттарда, сондай-ақ бағалау, талдау, зерттеу немесе оқыту мақсатында пайдалану;
      3) азаматтық айналымға заңды жолмен енгiзiлген қорғалатын топологиялы интегралды микротәсiмдi тарату.
      2. Басқа автор жасағанына қарамастан, ұқсас түпнұсқа топологияларға қатысты жүзеге асырылған, осы Заңның 6-бабының 4-тармағында көрсетiлген iс-әрекеттер топологияларды пайдалануға айрықша құқықты бұзу болып танылмайды.
 
      10-бап. Топологияларды тiркеу
 
      1. Топологиялар авторы немесе өзге құқық иеленушi Қазпатентке тiркеуге өтiнiм беру жолымен топологияларды тiркетуге құқылы.
      2. Тiркеуге өтiнiм беру топологияларды пайдаланған, егер сондай болған жағдайда, күннен бастап екi жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асырылуы мүмкiн.
      3. Тiркеуге өтiнiм бiр топологияға қатысты және онда:
      1) топология атауына тiркеу сұралып отырған автор (авторлар) және тұлғалар, сондай-ақ олардың мекен-жайлары немесе тұратын жерлерi, егер топологиялар пайдаланылған болса, алғашқы пайдаланылған күнi көрсетiлген тiркеуге өтiнiшi;
      2) рефератты қоса алғанда, топологияларды дәлме-дәл келтiрушi материалдары;
      3) егер тiркеуге өтiнiм өкiл арқылы берiлсе, сенiмхаты;
      4) тiркеу үшiн ақы төленгенiн растайтын құжаты болуға тиiс.
      Тiркеуге өтiнiмдердi жасауға және ресiмдеуге қойылатын талаптарды Қазпатент белгiлейдi.
      4. Тiркеуге өтiнiмдер түскен соң Қазпатент қажеттi құжаттардың бар екенiн және олардың осы баптың 3-тармағында көрсетiлген талаптарға сай келуiн тексередi. Тексеру нәтижесi оң болған жағдайда, Қазпатент топологияларды Интегралдық микротәсiмдер топологиялары мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзедi, өтiнiм берушiге топологиялардың тiркелгенi туралы куәлiк бередi және тiркелген топологиялар туралы мәлiметтердi бюллетеньде жариялайды.
      Қазпатенттiң сұрауы бойынша немесе жеке бастамасымен өтiнiм берушi мәлiметтер бюллетеньде жарияланғанға дейiн өтiнiм материалдарын толықтыруға, нақтылауға және түзетуге құқылы.
      Тiркеу тәртiбi, тiркеу туралы куәлiк нысаны, онда көрсетiлген мәлiметтер құрамы, сондай-ақ бюллетеньде жарияланатын мәлiметтер тiзiмiн Қазпатент белгiлейдi.
      5. Интегралдық микротәсiмдер топологиялары мемлекеттік тiзiлiмiне енгiзiлген мәлiметтер, керiсiнше екендiгi дәлелденгенше, шынайы болып есептеледi.
      Көрсетiлген мәлiметтердiң шынайлығына өтiнiмдi беруші жауапты болады.
      6. Топологияларды тiркеуге өтiнiм қабылдау, оларды тiркеу, куәлiктер беру және оларға қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерiнен туындайтын өзге iс-әрекеттердi қамтитын осы Заңда көзделген іс-әрекеттердi жүзеге асырғаны үшiн Қазпатент заңнамаға сәйкес ақы алады.
 
      11-бап. Ескерту таңбасы
 
      Өз құқықтары туралы жариялау үшiн құқық иеленушi қорғалатын топологияларға, сондай-ақ осындай топологиялар енген бұйымдарға құқық иеленушiнiң құқығын дәлелдейтiн Т бас әрпi түрiнде айшықталған ескерту таңбасын топологияларды және ақпараттарды пайдалану айрықша құқығы күшінің мерзiмi басталған күнiнен қоюға құқылы.
 
      12-бап. Топологияларды пайдалануға айрықша құқық күшiнiң
              мерзiмi
 
      1. Топологияларды пайдалануға айрықша құқық топологиялар тiркелген күннен бастап он жыл бойына күшiн сақтайды.
      2. Егер топологияларды тiркеу жүргiзiлмесе, аталған он жыл мерзiм осы топологиялар немесе осы топологиялы интегралды микротәсiм әлемнiң кез келген елiнде алғашқы пайдаланылған күнi құжаттық растағаннан күннен бастап есептеледi.
      3. Тiркелген күнге дейiн пайдаланылған топологиялар тiркелген реттен айрықша құқық мерзiмi осы баптың 2-тармағына сәйкес есептеледi.
      4. Басқа автор жасағанына қарамастан, ұқсас түпнұсқа топологиялардың пайда болуы осы баптың 1, 2-тармақтарында көрсетiлген айрықша құқық күшi мерзiмiнiң өтуiн үзбейдi және тоқтатпайды, бұл ретте топологияларды пайдалануға айрықша құқық күшiнiң жалпы мерзiмi он жылдан аспауға тиіс.
 
      13-бап. Топологияларға құқықты қорғау
 
      1. Құқық иеленушi:
      1) айрықша құқықты бұзуды тоқтатуды;
      2) бұзушы келтiрген шығындарды өтеудi және моральдық зиянды өтеудi;
      3) айрықша құқықты бұзушы алған кiрiстi залалдарды өтеу орнына алып қоюды;
      4) айрықша құқық бұзушының заңнамамен белгiленген оннан елу мыңға дейiн айлық есептiк көрсеткiш сомасында өтемақы төлеуiн талап етуге құқылы. Залалдарды өтеу немесе кiрiстi өндiрiп алу орнына өтемақы мөлшерiн сот белгiлейдi;
      5) азаматтық айналымға, енгізілген немесе осы мақсатта сақталған және айрықша құқықты бұзу болып танылған интегралдық микротәсімдерді және осындай микротәсімдер енетін бұйымдарды, сондай-ақ оларды жасауға әдейі арналған материалдар мен жабдықтарды жоюды немесе өз пайдасына алып қоюды;
      6) кiмнiң құқығы бұзылғаны жөнiндегi мәліметтердi қамти отырып, құқықтың бұзылғаны туралы міндетті түрде жариялауды сот тәртiбiнде талап етуге құқылы.
      2. Егер бұл лицензиялық шартта көзделсе, айрықша құқықты бұзушыға талаптар лицензиатқа да қойылуы мүмкiн.
 
      14-бап. Патенттiк сенiмдi уәкілдер
 
      1. Қазакстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, білiктiлiк деңгейi қойылатын талаптарға сай келетiн азамат патенттiк сенiмдi уәкiл бола алады. Патенттiк сенiмдi уәкiлдерге қойылатын бiлiктiлiк талаптарын, оларды аттестациялау және тiркеу тәртiбiн Қазпатент белгiленген тәртiппен айқындайды.
      2. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар топологияларды тiркеу жөнiндегi iстердi Қазпатентте тiркелген сенiмдi уәкiлдерi арқылы жүргiзедi.
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ уақытша одан тыс жерлерде жүрген жеке тұлғалар топологияларды тіркеуге байланысты iстердi Қазақстан Республикасы шегiнде хат-хабар жазысуға арналған мекен-жайын көрсеткен жағдайда, патенттiк сенiмдi уәкiлсiз жүргiзе алады.
      3. Патенттiк сенiмдi уәкiлдiң өкiлеттiгi оған өтiнiм беруші, құқық

 

иеленушi берген сенiмхатпен расталады.


     15-бап. Шетелдiктердiң, шетелдiк заңды тұлғалардың және азаматтығы

             жоқ адамдардың құқықтары


     Шетелдiктер, шетелдiк заңды тұлғалар және азаматтығы жоқ адамдар,

егер Қазақстан Республикасының заң актiлерімен өзгеше көзделмесе, осы

Заңмен көзделген құқықтарды Қазақстан Республикасының жеке және заңды

тұлғаларымен бірдей пайдаланады.


     16-бап. Халықаралық шарттар



 
       Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттармен осы Заңда

 

баяндалғаннан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарт ережелерi

қолданылады.


     17-бап. Өтпелі ережелер


     1. Осы Заңның ережелері 1999 жылдың 1 шілдесінен кейін пайдаланыла

бастаған топологиялармен байланысты қатынастарға қолданылады.

     2. 1999 жылдың 1 шілдесіне дейін пайдалануы басталып кеткен

топологияларға қатысты, егер бұл топологиялар олар алғашқы пайдаланылған

күннен бастап екі жыл ішінде тіркелетін болса, 1999 жылдың 1 шілдесінен

кейін туындаған құқықтық қатынастарға осы Заң қолданылады.


     Қазақстан Республикасының

         Президенті


Мамандар:

     Багарова Ж.А.

     Қасымбеков Б.А.







Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады