Кеден одағы және Бiртұтас экономикалық кеңiстiк туралы 1999 жылғы 26 ақпандағы шартқа қатысушы мемлекеттер үкiметтерiнiң арасындағы Ғарыш кеңiстiгiн бейбiт мақсатта бiрлесiп игеру жөнiндегi келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 2 наурыздағы N 317 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. 2000 жылғы 17 ақпанда Мәскеу қаласында жасалған Кеден одағы және Бiртұтас экономикалық кеңiстiк туралы 1999 жылғы 26 ақпандағы шартқа қатысушы мемлекеттер үкiметтерiнiң арасындағы Ғарыш кеңiстiгiн бейбiт мақсатта бiрлесiп игеру жөнiндегi келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. 

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Кеден одағы және Бiртұтас экономикалық кеңiстiк туралы
1999 жылғы 26 ақпандағы шартқа қатысушы мемлекеттер
үкiметтерiнiң арасындағы Ғарыш кеңiстiгiн бейбiт
мақсатта бiрлесiп игеру жөнiндегi
Келісім *

*(2001 жылғы 5 шілдеден бастап күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2004 ж., N 10, 61-құжат)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Кеден одағы және Бiртұтас экономикалық кеңiстiк туралы 1999 жылғы 26 ақпандағы шартқа қатысушы мемлекеттердiң үкiметтерi, 
      Кеден одағы және Бiртұтас экономикалық кеңiстiк туралы 1999 жылғы 26 ақпандағы шартты (бұдан әрi - Шарт деп аталады) iске асыру мақсатында, 
      ғарыш кеңiстiгiн бейбiт мақсатта зерттеудiң және қолданудың әртүрлi саласында күш-жiгерiн бiрiктiруде мүдделілiк таныта отырып, 
      Шартқа қатысушы мемлекеттердiң ғарыш кеңiстiгiн игеруге бағытталған ғылыми-техникалық және өндiрiстiк әлеуетiн сақтау мен дамытудың маңыздылығын түсiне отырып, 
      ғарыш ғылымының және техникасының Шартқа қатысушы мемлекеттердiң әлеуметтiк-экономикалық және ғылыми-техникалық дамуы үшiн мәндi екенiн мойындай отырып, 
      1967 жылғы 27 қаңтардағы Ғарыш кеңiстiгiн, оның iшiнде Айды және басқа да аспан денелерiн зерттеу және қолдану жөнiндегi iс-әрекетiнiң қағидалары туралы шарттың, сондай-ақ ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және қолдану жөнiндегi өзге де халықаралық шарттардың ережелерiн ескере отырып, 
      өздерiнiң 1991 жылғы 30 желтоқсандағы Ғарыш кеңiстiгiн зерттеу мен қолдану жөнiндегi бiрлескен қызмет туралы келiсiмге, 1992 жылғы 15 мамырдағы Ғарыш инфрақұрылымының объектiлерiн ғарыштық бағдарламаларды орындау мүддесiнде ұстаудың және қолданудың тәртiбi туралы келiсiмге, 1992 жылғы 13 қарашадағы Ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және қолдану жөнiндегi бiрлескен қызметтi қаржыландыру тәртiбi туралы келiсiмге берiлгендiгiн растай отырып, 
      төмендегiлер жөнiнде келiстi: 

1-бап

      1. Осы Келiсiмнiң мақсаты ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың ұйымдастырушылық негiздерiн белгiлеу және Тараптардың арасында бiрлескен ғарыш қызметiнiң нақты бағыттары бойынша келiсiмдер мен басқа да уағдаластықтарды әзiрлеу мен жасау үшiн құқықтық негiздi қалыптастыру болып табылады. 
      2. Осы Келiсiм шеңберiнде ынтымақтастық ету Шартқа қатысушы мемлекеттердiң заңдарына, халықаралық құқыққа сәйкес, сондай-ақ Тараптардың өз мiндеттемелерiн орындауы үшiн өздерi қатысушы болып табылатын басқа да келiсiмдерге зиянын тигiзбей жүзеге асырылады. 

2-бап

      Тараптар ғарыш кеңiстiгiн бейбiт мақсатта бiрлесiп зерттеу және пайдалану бағдарламаларының мемлекеттiк қолдау қағидаларын және механизмдерiн әзiрлеу мен енгiзу, ғарыш техникасының, технологияларының және қызметтерiнiң әлемдiк рыногiне шығу, сондай-ақ ғарыш саласындағы ұлттық заңдарды бiр-бiрiне жақындастыруға және бiр жүйеге келтiруге қатысты келiсiлген саясатты жүргiзу бойынша барлық қажеттi шараларды қабылдайтын болады.

3-бап

      1. Осы Келiсiм шеңберiндегi ынтымақтастық мынадай салаларда жүзеге асырыла алады:
      - ғарыш кеңiстiгiн зерттеу, оның iшiнде астрофизикалық зерттеулер мен планеталарды зерделеу;
      - Жердi ғарыш арқылы алыстан зерттеу;
      - ғарыштық материалтану;
      - ғарыштық медицина және биология;
      - ғарыштық байланыс және онымен байланысты ақпараттық технологиялар мен қызметтер;
      - серiктiк навигация және онымен байланысты технологиялар мен қызметтер;
      - автоматты түрде және қолмен басқарылатын ғарыш аппараттарына, жүйелерiне, сондай-ақ тиiстi жер құралдарына қатысты ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-құрастырушылық, өндiрiстiк және пайдалану жұмыстар; 
      - зымыран тасығыштарды және өзге де ғарыштық көлiк жүйесiн әзiрлеу; 
      - ұшыруды жүзеге асыру жөнiндегi қызметтердi ұсыну; 
      - ғарыштық техникалар мен технологияларды жасау кезiнде алынған жанама нәтижелердi экономика саласында қолдану; 
      - ғарыш Ортасын қорғау, оның iшiнде техногендiк әсердiң зардаптарын бақылау, алдын-алу, азайту және жою мәселелерi. 
      2. Осы Келiсiмнiң шеңберiнде ынтымақтастық ету мынадай нысандарда жүзеге асырылады: 
      - бiрлескен жобаларды ғылыми, тәжiрибелiк және өндiрiстiк базаны қолдана отырып жоспарлау және iске асыру; 
      - ғарыш ғылымының, техникасының және технологиясының әр түрлi саласындағы ғылыми және техникалық ақпаратты, тәжiрибелiк мәлiметтердi, тәжiрибелiк-құрастырушылық жұмыстарды, материалдар мен жабдықтарды өзара ұсыну; 
      - ғарыш аппараттарын және аспаптарды әзiрлеу және өндiру; 
      - ұшыруды қамтамасыз ету және ғарыш аппараттарын басқару, оның iшiнде телеметриялық ақпаратты жинау және алмасу үшiн жер объектiлерi мен жүйелерiн қолдану;
      - кадрлар даярлау және ғалымдармен, техникалық және өзге де мамандармен алмасу бағдарламаларын ұйымдастыру;
      - бiрлескен симпозиумдар мен конференцияларды өткiзу;
      - ғарыштық техниканың және қызметтердiң халықаралық рыногында әрiптестiктiң және бiрлескен қызметтiң, оның iшiнде коммерциялық ғарыштық ұшыруларға тиiстi қызметтiң әр түрлi нысандарын дамыту;
      - бiрлескен ғарыштық зерттеу саласында техникалық әрекеттестiк көрсету.
      3. Тараптар ынтымақтастықтың басқа салалары мен нысандарын қосымша белгiлей алады.

4-бап

      Тараптардың осы Келiсiмдi орындау жөнiндегi қызметiн үйлестiру Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының және Тәжiкстан Республикасының Интеграциялық комитетiне (бұдан әрi - Интеграциялық комитет деп аталады) жүктеледi. 
      Осы Келiсiмнiң шеңберiнде жүргiзiлетiн нақты бағдарламалар мен жобалардың орындалуына бақылау жасауды Тараптардың құзырлы ведомстволары жүзеге асырады. Құзырлы ведомстволар осы мақсатта комиссиялар мен жұмыс топтарын құра алады. 
      Тараптардың құзырлы ведомстволары болып табылатындар: 
      Беларусь Республикасынан - Беларусь Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Ғарыш жөнiндегi Ұлттық кеңесi; 
      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлiгiнiң Аэроғарыш комитетi; 
      Қырғыз Республикасынан - Қырғыз Республикасының Сыртқы сауда және өнеркәсiп министрлiгi; 
      Ресей Федерациясынан - Ресей авиациялық-ғарыштық агенттiгi; 
      Тәжiкстан Республикасынан - Тәжiкстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттiгi.

5-бап

      Тараптар және олардың құзырлы ведомстволары осы Келiсiм шеңберiндегi ынтымақтастықтың дамуына әрекеттестiк етедi және Шартқа қатысушы мемлекеттердiң ұйымдары, кәсiпорындары, фирмалары және өнеркәсiптiк топтары арасындағы тiкелей байланысты қолдайды.

6-бап

      Тараптар мен олардың құзырлы ведомстволары осы Келiсiмнiң шеңберiнде жүзеге асырылатын айқындалған бағдарламаларға және жобаларға қолданылатын интеллектуалдық меншiкке қатысты жекелеген келiсiмдерде сақталуға тиiстi нормалар мен қағидаларды нақтылай алады. Мұндай келiсiмдер жоқ болған жағдайда, интеллектуалды меншiк құқығын қорғау мен оны бөлу Ғарыш кеңiстiгiн бейбiт мақсатта игеру саласындағы интеллектуалды меншiк құқығын қорғау мен бөлу туралы келiсiммен реттеледi.

7-бап

      Тараптар осы Келiсiм шеңберiнде жүзеге асырылатын зерттеулер мен жұмыстардың нәтижелерiне қол жеткiзуге рұқсат етудi өзаралық негiзде және құпиялылық шарттарын сақтай отырып қамтамасыз етеді және осы мақсатта бір-бірін жекелеген уағдаластықтар жағдайында тиiстi ақпараттармен және мәлiметтермен алмасу арқылы қолдайды. 
      Әрбiр Тарап және оның құзырлы ведомстволары басқа Тараптардың немесе олардың құзырлы ведомстволарының келiсiмiнсiз үшiншi тарапқа бiрлескен ғарыштық iс-әрекеттiң нәтижелерiн беруге құқы жоқ. 
      Әрбiр Тарап осы Келiсiмнiң шеңберiнде жүзеге асырылатын iс-әрекетке байланысты басқа Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан олардың мүлiктерiн құқықтық жағынан, оның iшiнде мұндай заттарды алып қоюдың немесе орындаушылық әрекеттiң кез-келген түрiнен қорғауды қамтамасыз етедi.

8-бап

      Тараптар өздерiнiң құзырлы ведомстволарына Ғарыш кеңiстiгiн бейбiт мақсатта бiрлесiп зерттеу және қолдану жөнiндегi мемлекетаралық мақсатты бағдарламаларды жасау жөнiндегi келiсiмнiң жобасын әзiрлеудi және оны Шартқа қатысушы мемлекеттердiң интеграциясын басқару органдарының қарауына ұсынуды жүктейдi.

9-бап

      Тараптардың осы Келiсiм бойынша қаржы мiндеттемелерi әрбiр мемлекетте қолданылып жүрген бюджеттiк қаржыландыру процедураларына және бөлiнген қаржы-қаражаттың бар болуына қарай болады. 
      Тараптардың бағдарламалар мен жобалар бойынша жұмыстарды орындауға қажеттi қаржы-қаражаттарының көлемiн Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжiкстан Республикасы үкiметтерi басшыларының Кеңесi осы Келiсiмнiң 8-бабына сәйкес нақты мақсатты бағдарламаларды жасау кезiнде әрбiр Тараптың мүдделерiне қарай орындалатын жұмыстар мен ғылыми зерттеулердiң көлемiн ескере отырып, үлестiк қатысу негiзiнде айқындайды.
      Қандай да бiр Тараптың өз мiндеттемелерiн орындауына байланысты қаржыландыру жөнiнен түйiндi мәселе пайда болған жағдайда, аталған Тарап өзiнiң құзырлы ведомствосы арқылы iс-әрекет жасай отырып, өзге Тараптардың құзырлы ведомстволарын консультация өткiзу үшiн бұл туралы хабардар етедi.

10-бап

      Осы Келiсiмдi түсiнуге және қолдануға қатысты таластар Тараптар арасында өзара консультациялар мен келiссөздер жүргiзу жолымен шешiледi.

11-бап

      Тараптар өзара келiсiм бойынша осы Келiсiмге жазбаша түрде өзгертулер мен толықтырулар енгiзуiне болады.

12-бап

      1. Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалады және депозитарий болып табылатын Интеграциялық комитетке Тараптардың оны күшiне енгiзу үшiн қажеттi iшкi мемлекеттiк процедураларды орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарландыруын алғаннан кейiн күшiне енедi. Оның қызметi келесi бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады. Тараптардың әрқайсысы осы Келiсiмнен өзi шыққанға дейiн депозитарийге өзiнiң ниетi туралы жазбаша хабарландыруды 12 айдан бұрын жібергеннен кейiн шыға алады. 
      2. Осы Келiсiм күшiн тоқтатқан жағдайда, оның ережелерi, егер Тараптар басқаша келiспеген болса, осы Келiсiмнiң шеңберiнде жүзеге асырылып жатқан барлық аяқталмаған бағдарламалар мен жобаларға қатысты қолданыла беретiн болады. 
      Осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтатуы қаржылық және басқа сипаттағы қолданылып жүрген шарттық мiндеттемелерiн бiр жақты қайта қарауға немесе орындамауға құқықтық негiз болмайды және осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтатқанға дейiн пайда болған жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мiндеттемелерiне нұқсан келтiрмейдi.

13-бап

      Осы Келiсiм күшiне енгеннен кейiн басқа мемлекеттер депозитарийге қосылу туралы барлық Тараптардың келiсiмiмен оған құжаттар тапсыру жолымен қосыла алады. Қосылатын мемлекет үшiн осы Келісім депозитарийдiң осындай қосылуға келісу туралы соңғы жазбаша хабарламасын алған датадан бастап күшіне енеді.

      Мәскеу қаласында 2000 жылғы 17 ақпанда бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.
      Түпнұсқа данасы осы Келісімге қатысушы мемлекеттерге оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Интеграциялық комитетке сақталады.

      Беларусь Республикасының
      Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының
      Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының
      Үкіметі үшін

      Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін

      Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады