"Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құрамаларының мәртебесі туралы келісімді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 22 мамыр N 682

 


     Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

     1. "Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құрамаларының

мәртебесі туралы келісімді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы заңының

жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына

енгізілсін.

     2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.


     Қазақстан Республикасының

          Премьер-Министрі


                                                       Жоба


                      Қазақстан Республикасының Заңы


           Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары

          құрамаларының мәртебесі туралы келісімді бекіту туралы


     2000 жылғы 11 қазанда Бішкек қаласында жасалған Ұжымдық қауіпсіздік

жүйесінің күштері мен құралдары құрамаларының мәртебесі туралы келісім

бекітілсін.


     Қазақстан Республикасының

            Президенті


            Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары

                       құрамаларының мәртебесі туралы

                                  КЕЛІСІМ



 
       Бұдан әрі Тараптар деп аталатын 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы P920997_ шартқа және осы Келісімге қатысушы мемлекеттер,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың (бұдан әрі - Шарт) 4-бабын іске асырудың тиімді механизмін құру және терроризмге қарсы бірлескен операцияларды жүргізу міндеттерін негізге ала отырып,
      Тараптардың бірінің (бірнеше Тараптардың) әскери құралымдары көрсетілген міндеттерді орындау үшін екінші Тараптың аумағына оның өтініші немесе оның келісімі бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен уақытша жіберілуі мүмкін екендігін ескере отырып,
      өзінің БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына адалдығын құптай отырып, халықаралық құқық нормаларын, сондай-ақ қару-жарақты бақылауға және сенім білдіру мен қауіпсіздік жөніндегі шараларға қатысты жасалған халықаралық актілерді сақтай отырып,
      мұндай әскери құрылымдардың Тараптардың аумақтарында уақытша болуы үшін құқықтық негіз құруға тілек білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:
 
                             1-бап
 
      Осы Келісімнің мақсаттары үшін қолданылатын терминдер мыналарды білдіреді:
      "ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қалыптастыру (әскери құрылымдар)" - бір немесе бірнеше Тараптарға қарсы сыртқы әскери агрессияға тойтарыс беру мақсатында жасақталатын әскерлердің (күштердің) коалициялық (аймақтық) топтары құрамына, Тараптардың аумақтарында терроризмге қарсы бірлескен операциялар немесе командалық-штабтық және әскери жаттығулар өткізуге арналған және осы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің аумақтарына уақытша жіберілген жиынтық (көп жақты) әскери құрылымдардың құрамына Тараптардың ұлттық қарулы күштері мен басқа да әскерлерінен бөлінген бірлестіктері, құрамалары, әскери бөлімдері және бөлімшелері. Әскери құрылымдардың құрамына, сондай-ақ жіберуші Тараптың тиісті соттарының, прокуратура мен қауіпсіздік органдарының өкілдері ене алады;
      "әскери құрылымдардың мәртебесі" - сыртқы әскери агрессияға тойтарыс беру, терроризмге қарсы бірлескен операциялар немесе командалық-штабтық және әскери жаттығулар өткізу мақсатында осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарында уақытша болатын Тараптар әскери құрылымдарының құқықтық жағдайы;
      "әскери құрылымдардың жеке құрамы" - әскери құрылымдар құрамында әскери қызмет атқаратын әскери қызметшілер, сондай-ақ әскери құрылымдардың әскери бөлімдерінде, ұйымдарында және мекемелерінде жұмыс істейтін азаматтық тұлғалар (азаматтық қызметкерлер) немесе азаматтық мамандар ретінде әскери құрылымдарға уақытша іссапарға жіберілгендер;
      "Әскери құрылымның қолбасшылығы" - сыртқы әскери агрессияға тойтарыс беру мақсатында құрылған әскерлердің (күштердің) коалициялық (аймақтық) тобының қолбасшылығы немесе Тараптардың аумақтарында терроризмге қарсы бірлескен операциялар, командалық-штабтық және әскери жаттығулар өткізуге арналған және Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің аумақтарына уақытша жіберілген жиынтық (көп жақты) әскери құрылымның қолбасшылығы;
      "жіберуші Тарап" - әскери құрылым тиесілі мемлекет;
      "қабылдаушы Тарап" - қойылған міндеттерді орындау үшін аумағында әскери құрылымдар уақытша орналастырылатын немесе аумағы арқылы әскери құрылымдар транзиті жүзеге асырылатын мемлекет;
      "әскери құрылымдардың жылжымалы мүлкі" - жіберуші Тараптың меншігі болып табылатын штаттық (тізімдік) әскери-техникалық мүлік, барлық қару-жарақтың, әскери техниканың, көліктің барлық түрлері және әскери құрылымдардың жұмыс істеуі үшін қажетті басқа да материалдық-техникалық құралдар;
      "жылжымайтын мүлік (жылжымайтын мүлік объектілері)" - жер учаскелері және оларда орналасқан казармалар мен тұрғын үйлер, коммуналдық құрылыстар, әскери кәсіпорындар (мекемелер), теміржолдың кірме жолдары, әуеайлақтар, оқу орталықтары мен полигондар, стационарлық басқару пункттері мен байланыс тораптары, радиотехникалық және навигациялық қамтамасыз етудің стационарлық құралдары, арсеналдардың, сақтау базаларының, қоймалардың, үй-жайлары мен ғимараттары, қабылдаушы Тараптың меншігі болып табылатын және оның келісімі бойынша басқа Тараптар әскери құрылымдарының уақытша пайдалануындағы өзге де инфрақұрылым объектілері.
 
                              2-бап
 
      Сыртқы әскери агрессияға бірлесіп тойтарыс беру, терроризмге қарсы бірлескен операциялар немесе командалық-штабтық және әскери жаттығулар өткізу үшін Тараптар ұлттық заңнамамен белгіленген тәртіп бойынша осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өтінішімен және келісімімен олардың аумақтарына өздерінің әскери құрылымдарын жібере алады.
      Әскери құрылымдарды олардың орналасатын жерлеріне енгізу, олардың міндеттері, құрамы, саны, сондай-ақ олардың жіберілген Тараптың аумағына болатын уақыты туралы шешімді Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мүшелері - Тараптар мемлекеттерінің басшылары қабылдайды.
      Әскери құрылымдардың құрамына материалдық жабдықтар запасымен қоса бөлінген бірлестіктер, құрамалар, әскери бөлімдер және бөлімшелер олардың командирлері өздері жіберілген Тараптың шекарасын кесіп өткендігі туралы баяндағаннан кейін Әскери құрылым қолбасшылығының бағынысына көшеді.
 
                              3-бап
 
      Қабылдаушы Тараптың аумағына қосымша әскери құрылымдар енгізу, сондай-ақ жасақталған коалициялық (аймақтық) әскерлер (күштер) топтарын немесе жиынтық (көп жақты) әскери құрылымдарды нығайту мақсатында қосымша қару-жарақ, әскери техника және материалдық-техникалық құралдар жеткізу Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімі негізінде және қабылдаушы Тараптың келісімімен жүзеге асырылады.
      Әскери құрылымдарды қайта орналастыру (қайта топтастыру), оларды ауыстыру қорғаныс министрліктерімен, сондай-ақ жіберуші және қабылдаушы Тараптардың әскери қызметті атқару көзделген өзге де ведомстволарымен, сондай-ақ Әскери құрылым қолбасшылығымен келісілген жоспарлар бойынша жүзеге асырылады.
      Қалыптасқан жағдайға байланысты Әскери құрылымның қолбасшылығы қабылдаушы Тараптың құзыретті органдарымен бірлесе отырып, қойылған міндеттерді орындау үшін қажетті қосымша ережелер мен нормалар белгілей алады.
 
                              4-бап
 
      Әскери құрылымдар қабылдаушы Тараптың келісімімен оның аумағында бөлінген жер учаскелері (аудандар) мен объектілер шегінде командалық-штабтық және әскери жаттығулар және олардың қойылған міндеттерді орындауына байланысты жедел әрі жауынгерлік әзірлік жөніндегі басқа да іс-шаралар өткізе алады. Бұл орайда жаттығу өткізілетін аудандарды, оның тәртібі мен мерзімдерін, қатысатын әскери құрылымдар санын, олардың жүріп-тұру бағыттарын, оқ ату кезеңдерін, қауіпсіздік аймақтарын, экологиялық және басқа да мәселелерді Әскери құрылымның қолбасшылығы қабылдаушы Тараптың әскери басқару органдарымен келіседі.
      Бұл іс-шараларды бөлінген аудандар мен объектілерден тыс жерлерде өткізуге қабылдаушы Тараптың құзыретті органдарымен келісу және оны әскери басқарма органдарына алдын ала жазбаша хабарлау арқылы ғана жол беріледі.
 
                              5-бап
 
      Егер Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен басқаша белгіленбеген болса, қабылдаушы Тарап белгіленген ауданға бара жатқан немесе транзитпен өтетін жеке құрамы, техникасы, қару-жарағы және өзге де материалдық-техникалық жабдықтары бар әскери эшелондардың, әуе және теңіз (өзен) кемелері мен корабльдердің, автомобиль колонналарының өзінің мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін жерін, уақытын және тәртібін басқа Тараптарға жазбаша хабарлайды және олардың өз аумағы бойынша кедергісіз және өтеусіз жүріп өтуі үшін қажетті жағдайлар туғызады, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерін орналастыру мен пайдалануды да өтеусіз қамтамасыз етеді.
 
                               6-бап
 
      Қабылдаушы Тарап әскери құрылымдарды талап етілетін жер учаскелерімен, ғимараттармен (құрылыстармен) және инфрақұрылым объектілерімен өтеусіз қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру жауапкершілігін өзіне алады. Егер Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен басқаша белгіленбеген болса, аталған іс-шаралар қабылдаушы Тараптың оның соған ұқсас әскери құрылымдары құрамын қоныстандыруды және пәтерлерге орналастыруды айқындайтын заңнама талаптарына сәйкес болуы тиіс.
      Қабылдаушы Тарап әскери құрылымдарға олардың алға қойған міндеттерін орындауы үшін қажетті мөлшердегі электр қуатын, суды өтеусіз негізде береді, коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
      Күнделікті қызметті, медициналық, коммуналдық-тұрмыстық қызметтерді, көлік қызметін, сондай-ақ байланыс органдарының қызметін көрсетуді ұйымдастыру мәселелері бойынша Әскери құрылымның қолбасшылығы Қорғаныс министрлігімен және әскери қызмет көзделген басқа ведомстволармен, қабылдаушы Тараптың әкімшілік және шаруашылық ведомстволарымен бірлесіп жұмыс жасайды, олармен ақшалай есеп айырысулар жүргізуге және сол мақсат үшін тиісті есеп шоттар мен қаражат ұстауға құқылы.
      Қабылдаушы Тарап әскери құрылымдарды есеп айырысу-кассалық қызмет көрсетумен толық ауқымда қамтамасыз етеді.
      Ерекше жағдайларда, қажеттілігіне қарай әскери құрылымдардың күнделікті қызметін ұйымдастырудың қосымша мәселелері Тараптар арасындағы жеке хаттамалармен айқындалуы мүмкін.
 

                                 7-бап



 
 
       Әскери құрылымдардың жеке құрамы қабылдаушы Тараптың егемендігі мен заңнамасын құрметтеуі, осы Келісімнің рухына үйлесімсіз кез келген іс-әрекеттен тартынуы, қабылдаушы Тараптың ішкі істеріне араласпауы, алға қойған міндеттерді орындаудан басқа саяси іс-қимылдарға және оның аумағындағы жанжалдарға қатыспауы тиіс. Бұл тұрғыда жіберуші Тарап қажетті шаралар қолдануға міндетті.
      Тараптардың аумақтарында уақытша орналасқан әскери құрылымдардың әскери қызметшілері Тараптардың ұлттық қарулы күштерінің нысанды әскери киімін киеді және айырым белгілерін тағынады. Қажет болған жағдайда, Әскери құрылым қолбасшылығының шешімі бойынша әскери құрылымның әскери қызметшілері үшін ортақ айырым белгілері белгіленуі мүмкін.
      Әскери құрылымдар құрамындағы адамдар Әскери құрылым қолбасшылығының бұйрығына сәйкес қаруын өзімен бірге алып жүруге құқылы.
      Әскери құрылымдардың тұрған орындарынан тысқары жерлерде олардың құрамына кіретін адамдардың қару алып жүруіне алға қойған жауынгерлік міндеттер мен күзету функцияларын орындау кезінде ғана рұқсат етіледі.
      Көлік құралдарында, қару-жарақ пен әскери техникада Тараптар ұлттық қарулы күштерінің айырым белгілері болуы тиіс. Қажет болған жағдайда Әскери құрылым қолбасшылығының шешімі бойынша әскери құрылымдардың көлік құралдары, қару-жарағы және әскери техникасы үшін ортақ айырым белгілері белгіленуі мүмкін.
      Тараптардың ұлттық қарулы күштерінде қолданылып жүрген тәртіпке сәйкес және қабылдаушы Тараптың заңнамасын ескере отырып әскери құрылымдар жеке күзеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдануға құқылы.
      Егер Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімдерімен басқаша белгіленбеген болса. Әскери құрылым қолбасшылығы тыйым салынған аймақтар мен қауіпсіздік аймақтарын белгілеуді қабылдаушы Тараптың құзыретті органдарының келісімі бойынша жүзеге асырады.
 
                                8-бап
 
      Тараптар әскери құрылымдардың және олардың жүктерінің тағайындалған орындарына өздерінің аумақтары бойынша кедергісіз өтуін, сондай-ақ алдын-ала берілген тапсырыс негізінде теміржол, автомобиль, теңіз, өзен және әуе көліктерінің, сондай-ақ көлік коммуникацияларының бірінші кезекте берілуін қамтамасыз етеді.
      Авиация ұшулары Тараптардың әскери басқару органдарымен, әуе қозғалысын басқару органдарымен және әуе бақылау органдарымен келісілген бағыттар бойынша, сондай-ақ аймақтарда (аудандарда) орындалады. Әскери және азаматтық әуеайлақтарда әскери әуе кемелерін қабылдауды, әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз етуді және күзетуді. Тараптардың әуеайлақтық қызметтері өтеусіз жүзеге асырады.
      Тараптардың әскери құрылымдарының корабльдері мен кемелері қабылдаушы Тараптың суларында жүзуі және олардың порттарында болуы алға қойған міндеттерді орындау қажеттілігі ескеріле отырып, қабылдаушы Тараптың белгілеген тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
 

                                9-бап



 
 
       Әскери құрылымдардың құрамына кіретін адамдарға қабылдаушы Тараптың аумағына кіретін кезде және оның аумағынан шығатын кезде визалық бақылау қолданылмайды. Оларға, сондай-ақ қабылдаушы Тараптың шетелдіктерді тіркеуге және оларды бақылауды жүзеге асыруға қатысты заңнамасы қолданылмайды. Әскери құрылымдардың құрамына кіретін адамдар қабылдаушы Тараптың аумағында тұрақты тұруға қандай да бір құқық алғандар ретінде қаралмайды.
 

                                10-бап



 
 
       Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттерінде әскери құрылымдардың командирлері қабылдаушы Тараптың аумағына келу мақсатын көрсете отырып, жіберуші Тараптың құзыретті органдары куәландырған әскери құрылымдардың құрамына кіретін адамдардың атаулы тізімін, қару-жарақтың, әскери техниканың және материалдық-техникалық құралдардың тізбесін көрсетеді.
      Әскери құрылымдардың әскери қызметшілері Тараптардың мемлекеттік шекараларынан өту кезінде ұлттық қарулы күштердің нысанды әскери киімін киюлері тиіс. Қызметтік автокөліктер, әскери техника тіркеу нөміріне қосымша олардың мемлекеттік тиістілігін көрсететін, айқын көрінетін белгімен жабдықталуы тиіс.
      Әскери құрылымдардың құрамына кіретін адамдар қабылдаушы Тараптың мемлекеттік шекарасынан жіберуші Тараптың заңнамасымен белгіленген, олардың жеке басын және әскери құрылымдарға қатыстылығын куәландыратын құжаттарын көрсету арқылы өтеді.
      Тараптар әскери құрылымдардың құрамына кіретін, Тараптардың мемлекеттік шекараларынан өтетін адамдарға жеке адамдардың өндірістік және өзге де коммерциялық қызметке арналмаған тауарларды кедендік төлемдерді өндіріп алмастан алып өтуі туралы Тараптардың ережелеріне сәйкес әкелуге және әкетуге Тараптардың ұлттық заңнамасы тыйым салған тауарлардан басқа жеке заттарын және валюталық құндылықтарды алып өту құқығын береді.
 

                                11-бап



 
 
       Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құрылымдары алға қойған міндеттерді орындау үшін қару-жарақты, әскери техниканы және материалдық-техникалық құралдарды қажетті көлемде баж салығынсыз енгізеді.
      Қабылдаушы Тарап өзінің аумағында жауынгерлік техниканы, оқ-дәріні, қызметтік көлік, әскери техника, әуе және теңіз (өзен) кемелері мен корабльдері үшін пайдаланылатын қосалқы бөлшектерді, отынды, майлайтын материалдарды, сондай-ақ басқа да материалдық-техникалық жабдықтарды (ескертілген) әскери құрылымдардың орналасқан жерлеріне жеткізу үшін барлық қажетті шараларды жүзеге асырады.
      Қабылдаушы Тарап Әскери құрылымның қолбасшылығына көрсетілетін, соның ішінде осы Келісімнің 6-бабында санамаланған қызметтерге салық салмайды.
      Әскери құрылым қолбасшылығының бірегейлендіру құралдарымен қамтамасыз етілген қызметтік құжаттары (хат-хабар) кедендік тексеруге жатпайды. Бұл құжаттарды алып жүретін шабарманның қолында бар оның өкілеттігін және құжаттардың саны мен салынған түрін қамтамасыз ету туралы мәліметті куәландыратын оларды жеткізу туралы өкім болуы керек. Өкімді ол туралы мәліметтер Тараптардың шекара және кеден органдарына берілетін уәкілетті адамдар куәландырады.
      Осы Келісімді іске асыру мақсатында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құрылымдары алып жүретін қару-жарақты, әскери техниканы және материалдық-техникалық жабдықтарды әкелу және әкету жіберуші және қабылдаушы Тараптардың уәкілетті органдарымен келісілген тізбелер негізінде тарифтік емес реттеу мен баждардың, салықтардың және алымдардың барлық түрлерін өндіріп алу шаралары қолданылмай басымдылық берілетін тәртіппен жүзеге асырылады.
      Тараптар мемлекеттік шекарадан өту кезінде әскери құрылымдарға арнаулы (кезектен тыс) жағдайлар жасайды.
      Кедендік төлемдер төлеуден босату мүмкіндігін берген кезде Тараптар ұлттық заңнама шегінде теріс пайдалануды болдырмау үшін қажет деп санайтын шарттардың орындалуын талап ете алады.
 

                                 12-бап



 
 
       Қабылдаушы Тарап жеке немесе заңды тұлғаға келтірілген және өзінің азаматының қайтыс болуына, дене жарақатын алуына және еңбек қабілетінің жойылуына байланысты, сондай-ақ оның жылжымайтын мүлкіне, табиғат ресурстарына, мәдени және тарихи құндылықтарына келтірілген залалдың, егер ондай залал оның аумағында сыртқы әскери агрессияға тойтарыс беру, террористік әскери құрылымдарды тарату жөніндегі міндеттерді орындау кезінде және жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыру кезінде келтірілген болса, залалдың орнын толтыруға байланысты жіберуші Тарапқа және Әскери құрылымның қолбасшылығына қандай да бір талап қоюдан бас тартады.
 

                                  13-бап



 
 
       Қабылдаушы Тараптың аумағында уақытша болған кезінде әскери құрылымдар оның пайдаланылатын жылжымайтын мүлкінің, табиғи ресурстарының, мәдени және тарихи объектілерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
      Қабылдаушы тараптың пайдаланылатын жылжымайтын мүлкінің сақталуы үшін, сондай-ақ әскери құрылымдар орналасқан (қоныстанған) аудандардағы экологиялық қауіпсіздік нормаларының сақталуы үшін жауапкершілікті Әскери құрылымның қолбасшылығы көтереді.
      Әскери құрылымдардың қабылдаушы Тараптың жеке тұлғаларына, жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне осы Келісімнің 12-бабында ескертілген міндеттерді орындауға байланысты емес жағдайларда келтірілуі мүмкін залалдың орны Тараптар арасындағы уағдаластық бойынша, ал келіспеушілік туындаған жағдайда осы Келісімнің 16-бабына сәйкес толтырылады.
      Жіберуші Тараптың әскери құрамаларына келтірілген материалдық залалдың орнын толтыру, сондай-ақ олардың құрамына кіретін адамдарға немесе олардың мұрагерлеріне өтемақы төлеу, егер бұл залал қабылдаушы Тараптың заңды тұлғаларының немесе азаматтарының, оның аумағындағы үшінші елдердің азаматтарының әрекеті немесе қателігі салдарынан келтірілген болса, Келісім комиссиясы белгілеген мөлшерде жүзеге асырылады.
 

                                   14-бап



 
 
       Тараптардың әрқайсысы әскери құрылымдардың құрамына кіретін адамдардың құқықтық жағдайын құрметтейді, халықаралық құқық нормаларына сәйкес олардың азаматтық, әлеуметтік-экономикалық және жеке құқықтары мен бостандықтарын толық ауқымда қамтамасыз етеді, олардың алдарына қойған міндеттерін орындауды қиындата түсетін іс-әрекеттерге жол бермейді, өзінің аумағы шегінде оларға қатысты кез-келген құқыққа қайшы іс-әрекеттің алдын алу және жолын кесу жөніндегі шараларды қоса алғанда, әскери құрылымдардың құрамына кіретін адамдардың, сондай-ақ әскери құрылымдар қару-жарағының, әскери техникасының және материалдық-техникалық жабдықтарының, құжаттамаларының және ресми ақпараттарының қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету үшін Әскери құрылымның қолбасшылығымен келісілген барлық қажетті шараларды қолданады.
 

                                  15-бап



 
 
       Тараптар әскери құрылымдардың Тараптардың аумақтарында уақытша болуына байланысты құқықтық көмек мәселелері бойынша жеке Келісім жасасуға міндеттенеді.
      Аталған Келісімді жасасқанға дейін Тараптар төмендегідей қағидаттарды басшылыққа алады:
      әскери құрылымдардың құрамына кіретін адамдар құқық тәртібін бұзған кезде ол жіберуші Тараптың заңнамасына сәйкес жауап береді;
      Тараптардың әрқайсысы ұлттық заңнамаға сәйкес оның әскери құрылымдарының құрамына кіретін және өзге Тарапқа немесе Тараптарға қарсы қылмыс жасағандығына күдікті (айыпты) адамдарды қудалауды жүзеге асыруға міндеттенеді;
      Қамауға алу, ұстау, басқа да іс жүргізу әрекеттері кезінде, сондай-ақ құқықтық көмек көрсету кезінде Тараптар ұлттық заңнаманы және 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер жөніндегі құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияны басшылыққа алады.
 

                                  16-бап



 
 
       Осы келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы барлық келіспеушіліктер олардың арасындағы келіссөздер барысында реттелуі тиіс.
      Даулы мәселелерді шешу үшін құрамына Тараптардың әрқайсысының өкілдері және Әскери құрылым қолбасшылығының өкілдері тағайындалатын Келісім комиссиясы құрылады. Келісім комиссиясы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі белгілеген өкілеттіктер шегінде әрекет етеді.
      Тікелей келіссөздер барысында және Келісім комиссиясы шешпеген даулардың бәрі Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешуіне жіберіледі.
 

                                  17-бап



 
 
       Осы Келісім Тараптардың бекітуіне жатады және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Хатшылығы болып табылатын депозитарийдің сақтауына үшінші бекіту грамотасы тапсырылған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Бекіту грамоталарын кешіктіріп тапсырған Тараптар үшін осы Келісім

 

бекіту грамоталарын депозитарийдің сақтауына тапсырған күннен бастап 30

күн өткен соң күшіне енеді.


                                  18-бап


     Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ол оған өзге Ұжымдық қауіпсіздік

туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің қосылуы үшін ашық болады. Қосылушы

мемлекеттер үшін осы Келісім қосылу туралы құжатын депозитарийдің

сақтауына тапсырған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.


                                  19-бап


     Осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен

толықтырулар енгізілуі мүмкін. Ол хаттамалар осы Келісімнің 18-бабында

қарастырылған тәртіппен күшіне енеді және оның ажырамас бөлігі болып

табылады.


                                  20-бап



 
       Осы Келісім бойынша Тараптардың міндеттемелері олар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттар бойынша Тараптардың міндеттемелеріне ықпал етпейді.
 

                                  21-бап



 
 
       Осы Келісім Шарттың қолданылу мерзіміне жасалады. Кез-келген Тарап ұйғарылған шығу күніне дейін кем дегенде 6 ай бұрын өзінің ниеті туралы жазбаша хабарламаны депозитарийге жіберіп, осы Келісімнен шыға алады.
      Тараптардың осы Келісімнен шыққанға дейін туындаған талаптары

 

міндетті түрде реттеуге жатады.

     Бішкек қаласында 2000 жылғы 11 қазанда орыс тілінде бір түпнұсқа дана

болып жасалды.

     Түпнұсқа дана Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Хатшылығында сақталады,

ол оның куәландырылған көшірмесін осы Келісімге қол қойған әрбір

мемлекетке жібереді.


     Армения Республикасы үшін             Қырғыз Республикасы үшін


     Беларусь Республикасы үшін            Ресей Федерациясы үшін


     Қазақстан Республикасы үшін           Тәжікстан Республикасы үшін



     Беларусь Тарапының Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен

құралдары құрамаларының мәртебесі туралы келісімнің 1-2 баптары бойынша

ескертпесі


     "Беларусь Республикасының Қарулы Күштері мен басқа да әскерлерін өзге

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің аумағына

жіберуге, сол сияқты өзге мемлекеттердің қарулы күштерін Беларусь

аумағында орналастыруға және қолдануға Беларусь Республикасы Ұлттық

Жиналысының шешімі бойынша ғана жол беріледі".


     Беларусь Республикасы

     Премьер-министрінің орынбасары -

     Беларусь Республикасының

     Сыртқы істер министрі


     Беларусь Республикасы Қауіпсіздік

     кеңесінің мемлекеттік хатшысы -

     Беларусь Республикасы Президентінің

     Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі

     көмекшісі


     Беларусь Республикасының

     Қорғаныс министрі,

     генерал-полковник








Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады