Қазақстан Республикасындағы ормандарды сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, ормандарды, оның ішінде оларды өртеу жолымен жою немесе зақымдау фактілері бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу жұмыстарын жүргізудің тиімділігін арттыру жөнінде, сондай-ақ осы қылмыстарға байланысты істерді ашуды арттыру жөнінде шаралар қабылдасын;
2) Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігімен бірлесе отырып, ағаштарды заңсыз кесуден және өрттерден қорғау жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
2. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) елді-мекендерде, ормандардың маңында немесе олардың ішінде орналасқан, меншік нысанына қарамастан, шаруашылық жүргізу объектілерінде өрт қауіпсіздігінің жай-күйін, мемлекеттік өртке қарсы қадағалауды күшейтсін;
2) орман өрттерін жоюға және орман өрттерін сөндіруге тартылған күштер мен құралдарға басшылық жасауға қатыссын.
3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің Кеден комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлігімен және Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігімен бірлесе отырып, ағаш материалдарын экспортқа шығаруға бақылауды күшейтсін.
4. Облыстардың әкімдеріне заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) өрт қаупі кезеңіне инженерлік техника, жанар-жағармай материалдарының резервін құруды қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің аумақтық органдарымен бірлесе отырып, орман қоры аумақтарында халықтың демалыс орындарын белгілеу, өрт қаупі кезеңінде осы учаскелер күзетін күшейтуді ұйымдастыру;
3) шаруа қожалықтарының және өзге де ауыл шаруашылық құрылымдардың шөптесін өсімдіктерді өртеуін жүргізуге бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ, сөндіруге шамасы жетпейтін өртеуге тыйым салу;
4) өрт қаупі жоғары кезеңде орманға баруды шектеу туралы шешімдерді уақытылы қабылдау және олардың орындалуын қамтамасыз ету;
5) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ормандардағы өрттердің алдын алу, олардың қауіптілігі және ормандағы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік шаралары жөнінде түсіндіру жұмысын ұйымдастыру ұсынылсын.
5. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы табиғатқа ұқыпты қарау, ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөнінде түсіндіру жұмысын, орманды қорғау және қайта қалпына келтіру жөнінде жүргізіліп жатқан іс-шараларды жария етуді ұйымдастырсын.
6. Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен үш ай мерзімде:
1) экологиялық қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті арттыруды, мемлекеттік орман күзетінің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың өкілеттіктерін кеңейтуді;
2) заңсыз дайындалған ағаш өнімдерін, өзге де өсімдіктер мен жануарлар дүниесі ресурстарын, көлікті, ағаш дайындауға арналған тетіктер мен жабдықтарды, ұстау мен аулауға арналған құрал-саймандарды тәркілеуді;
3) орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердің өртке қарсы техникамен және жабдықтармен, өзге де орман шаруашылығы техникасымен, байланыс құралдарымен, киім-кешекпен жабдықтау нормаларын, сондай-ақ орманды қорғау жөніндегі жүктеме нормативтерін
көздейтін заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық кесімдерге
өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар дайындасын және
Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізсін.
7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Мамандар:
Багарова Ж.А.
Қасымбеков Б.А.