Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 24 мамыр N 707


     Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
     1. 2001 жылғы 15 ақпанда Астана қаласында жасалған Қазақстан 
Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы туризм 
саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
     2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
     
     Қазақстан Республикасының  
       Премьер-Министрі
     
     
        Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы
        Үкіметінің арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық
                           туралы келісім
     
     Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен 
Ресей Федерациясының Үкіметі


      Қазақстан мен Ресей халықтарының арасындағы достық қарым-қатынастарды кеңейтуге, екі мемлекеттің тыныс-тіршілігімен, тарихымен және мәдени мұраларымен танысуды жақсартуға ықпал етуге тілек білдіре отырып,
      туризмнің халықтардың арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың, игі тілек білдірудің және қарым-қатынастарды орнықтырудың маңызды шаралары болып табылатындығын түсіне отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

                                1-Бап

      Тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты тең құқықтық, өзара тиімділік негізінде, сондай-ақ Келісімге, әрбір Тарап мемлекетінің заңнамасына және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес нығайтатын және дамытатын

болады.
     
                               2-Бап
     
     Осы Келісімнің орындалуын Тараптар өздерінің туризмді басқаратын 
мемлекеттік органдарына жүктейді:
     Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасының Туризм және 
спорт жөніндегі агенттігі;
     Ресей Федерациясынан - Ресей Федерациясының Экономикалық даму және 
сауда министрлігі.
     
                               3-Бап
     
     Тараптар туризм саласына қаржы салуды жүзеге асыратын, сондай-ақ 
туристерге қызмет көрсету мақсатында бірлескен кәсіпкерлікті 
ұйымдастыратын қазақстандық және ресейлік туристік ұйымдардың арасындағы 
ынтымақтастықты орнату және дамыту жөніндегі өздерінің туризмді басқаратын 
мемлекеттік органдарының қызметіне қолдау жасайтын болады.

                                4-Бап

     Тараптар екі мемлекет азаматтарының туристік сапарларына байланысты 
шекарааралық, кедендік және басқа да рәсімділіктерді жеңілдетуге ұмтылатын 
болады.
     
                                5-Бап
     


      Тараптар ұйымдасқан топтық туризммен қатар жеке туризмді, оның ішінде спорт шараларына, музыка, театр және фольклор фестивальдарына, сондай-ақ туризм мәселелері бойынша өткізілетін көрмелерге, симпозиумдар мен конгрестерге қатысу мақсатында кеңейтетін болады.

                               6-Бап

      Тараптар өздерінің туризмді басқаратын мемлекеттік органдарының арасындағы туризм саласындағы статистикалық және басқа да ақпарат алмасуды көтермелейтін және қолдайтын болады, оның ішінде:
      Тараптар мемлекеттерінде туристік іс-қимылды реттейтін нормативтік құқықтық кесімдер туралы;
      туристік көркем орындар болып табылатын табиғи және мәдени ресурстарды қорғауға және сақтауға байланысты нормативтік құқықтық кесімдер туралы;
      Тараптар мемлекеттерінің туристік мүмкіндіктері туралы;
      қонақ үйлер және туристерді орналастырудың басқа да құралдары туралы.

                           7-Бап

      Тараптар туризмді басқаратын мемлекеттік органдарға туризм саласы үшін кәсіби мамандарды даярлауды, туризм және саяхат мәселелері бойынша мамандандырылған ғылыми қызметкерлер, сарапшылар, журналистер алмасуына жәрдемдеседі, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және Ресей

Федерациясында туризм саласында зерттеулер жүргізетін ұйымдарға 
байланыстар орнатуына және бірлескен іс-қимыл жасауына жәрдем көрсететін 
болады.
     
                           8-Бап
     
     Тараптар туризмді басқаратын мемлекеттік органдардың ынтымақтастығын 
Дүниежүзілік туристік ұйым мен басқа да халықаралық туристік ұйымдардың 
шеңберінде үйлестіретін болады.
     
                             9-Бап
     
     Тараптар екінші Тараптың аумағына туристік сапармен баратын өз 
мемлекеттері азаматтарының сол мемлекеттің шетелдік туристердің 
жүріп-тұруына қатысты ішкі заңнамасы туралы ақпаратты алуына байланысты 
шаралар қабылдайтын болады.
     
                            10-Бап
     


      Тараптар өздерінің туризмді басқаратын мемлекеттік органдарына мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес туризм жөніндегі ресми өкілдіктерді екі мемлекеттің аумақтарында ашуға жәрдемдесетін болады.

                              11-Бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар арқылы шешетін болады.
      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамамен ресімделетін болады және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

                              12-Бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік

рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен 
бастап күшіне енеді.
     Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың ешқайсысы 
кезекті кезең аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей екінші Тарапқа 
Келісімнің күшін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, 
Келісімнің күші өздігінен келесі бесжылдық кезеңдерде ұзартылатын болады.
     Астана қаласында 2001 жылғы 15 ақпанда әрқайсысы қазақ және орыс 
тілдерінде екі дана болып жасалды. Екі мәтіннің күші бірдей.
     
     Қазақстан Республикасының         Ресей Федерациясының 
        Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін
     
     
     
Мамандар:
     Багарова Ж.А.
     Қасымбеков Б.А.
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады