"Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Z970067_ Заңына сәйкес "Химпром" ашық акционерлік қоғамын банкрот деп танумен байланысты, республика экономикасы үшін оның маңызды стратегиялық мәнін, сондай-ақ қаржылық жағдайын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. "Химпром" ашық акционерлік қоғамының (бұдан әрі - "Химпром" ААҚ):
1) мүліктік кешенді бірыңғай лотпен сатуды;
2) лоттың бірінші және үшінші кезектегі кредиторлар талаптарының сомасынан, сондай-ақ әкімшілік шығыстар сомасынан төмен емес ең аз бағасын белгілеуді;
3) "Химпром" ААҚ-на әлеуетті инвесторды тартумен бірге өндірістің технологиялық циклының үздіксіздігін сақтай отырып банкроттық рәсімді жүргізуді;
4) конкурстық басқарушыға Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігімен және Жамбыл облысының әкімиятымен келісім бойынша әлеуетті инвесторлармен басқару шартын жасасуға құқық беруді;
5) "Химпром" ААҚ қызметкерлеріне олармен жасалған еңбек шарттары негізінде ағымдағы төлемдерді инвестордың уақытылы төлеуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ шарт жасалғаннан кейін бір ай мерзімде сары фосфор, фосфор қышқылы мен электродты масса шығару жөніндегі қуаттарды іске қосуды;
6) инвестор ұсынған өндірістік және инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен Жамбыл облысы әкімиятының жүзеге асыруын;
7) жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге, айналым қаражатын толтыруға, сары фосфорды, фосфор қышқылы мен электродты массаны өндіруге арналған қажетті шикізат қорларын құруға жұмсалатын шығындар, сондай-ақ банкроттық рәсімін жүргізу кезіндегі ағымдағы шығыстар әкімшілік шығыстар деп есептелуін;
8) заңнама талаптарын ескере отырып, жалғыз ғана қатысушы болғанда сауда-саттық болып өтті деп тану мүмкіндігін көздейтін конкурстық массасын сатудың ерекше шарттары мен тәртібі белгіленсін.
2. "Химпром" ААҚ-ның конкурстық массасын сатып алушыларға мынадай қосымша талаптар белгіленсін:
1) сатып алушыда Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігімен және Жамбыл облысының әкімиятымен келісілген сары фосфор, фосфор қышқылы мен электродты масса шығаруды көздейтін өндірісті қалпына келтірудің, тұрақтандыру мен дамытудың 2001-2003 жылдарға арналған өндірістік және инвестициялық бағдарламаларының болуы;
2) лотты сатып алушының "Химпром" ААҚ-ның қызметі бейінін оны сатып алған күнінен бастап бес жыл бойына сақтау жөнінде міндеттемелер қабылдауы;
3) сатып алушының кемінде 1800 адам мөлшеріндегі қызметкерді жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелер қабылдауы;
4) сауда-саттыққа қатысу үшін кепілдік жарна жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге, айналым қаражатын толтыруға, сары фосфорды, фосфор қышқылы мен электродты массаны өндіруге арналған қажетті шикізат қорларын құруға жұмсалатын шығындарды, сондай-ақ банкроттық рәсімін жүргізу кезіндегі ағымдағы шығыстарды қоса алғандағы, әкімшілік шығыстар сомасының 100 пайызынан кем болмайтындай болуға тиіс;
5) әкімшілік шығыстар конкурстық массаны сату кезінде сауда-саттықты өткізген күннен бастап 15 банктік күннен кешіктірілмейтін мерзімде ақшалай қаражатпен қайтарылуға тиіс;
6) сауда-саттықты өткізген күннен бастап 15 банктік күннен
кешіктірмей "Химпром" ААҚ-ның сатып алынған конкурстық массасы үшін есеп
айырысудың ақырғы мерзімі белгіленсін;
7) тартылған инвестордың инвестицияларының сомасы кепілдік жарнасын
төлеу есебіне жазылады.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Д.К.Ахметовке жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Мамандар:
Багарова Ж.А.
Қасымбеков Б.А.