Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған "Аграрлық несие корпорациясы" жабық акционерлік қоғамына кейін ауылдық несие серіктестіктерін несиелендіру үшін республикалық бюджеттен 2001 жылға несие ресурстарын бөлу ережесі бекітілсін. 2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 4 қыркүйектегі N 1141 қаулысымен бекітілген "Аграрлық несие корпорациясы" жабық акционерлік қоғамына кейін ауылдық несие серіктестіктерін несиелендіру үшін республикалық бюджеттен 2001 жылға несие ресурстарын бөлу ережесі 1. Жалпы шарттары
1. Осы Ереже "2001 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 29 желтоқсандағы N 1950 P001950_ қаулысына сәйкес N 87 "Ауылдық несие серіктестіктерін несиелендіру үшін Аграрлық несие корпорациясының несиелік ресурстарын қалыптастыру" бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын "Аграрлық несие корпорациясы" жабық акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Корпорация) республикалық бюджеттен 641340000 (алты жүз қырық бір миллион үш жүз қырық мың) теңге сомасында (бұдан әрі - Несие) несие ресурстарын беру тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Несиені республикалық бюджеттен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі (бұдан әрі - Қаржымині) береді.
3. Несие Корпорацияның жарғылық капиталына Корпорацияның қатысуымен құрылған ауылдық несие серіктестіктерін (бұдан әрі - Серіктестіктер) несиелендіру үшін Корпорацияға несиенің мерзімділігі, қамтамасыз етілуі және республикалық бюджетке қайтарымдылығы шарттарында, сыйақының нөлдік ставкасы бойынша, бес жыл мерзімге беріледі.
4. Қазақстан Республикасының Қаржымині, Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі - Әкімші) Корпорацияға республикалық бюджеттен Несие бөлу тәртібін, Корпорацияның республикалық бюджетке несиені қайтаруды қамтамасыз етуін, қайтару тәртібін және мерзімін реттейтін тиісті несие келісімін (бұдан әрі - Несие келісімі) Корпорациямен жасасады. Несие келісімі ол жасалғаннан кейін үш күн мерзімде Қаржыминінде тіркеледі.
5. Корпорацияның қаражатты қайтаруы Несие келісімінің ажырамас бөлігі болып табылатын кестеге сәйкес жүзеге асырылады, төлемдердің кезеңділігі мен мөлшері белгіленеді.
6. Корпорация мен Серіктестіктер арасында жасалған несие шарттары бойынша борыштық талап ету құқығын кепілге салу шарты Корпорацияның Несиені республикалық бюджетке қайтаруын қамтамасыз ету болып табылады.
7. Корпорацияның Серіктестіктерге несие ресурстарын бөлуі қолданыстағы заңнамаға және Корпорацияның ішкі несие саясатына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте, несие ресурстарын бергені үшін Корпорацияның сыйақы ставкасы жылдықтың кемінде 3 (үш) пайызын құрауы және 5 (бес) пайызынан аспауы тиіс.
8. Корпорация Несиенің мақсатты пайдаланылуын және оның республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын қамтамасыз етеді. Корпорация түпкі заем алушылардың ақша ағынының қозғалысын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Серіктестік пен түпкі заем алушы арасында жасалған несие шарты қолданылатын кезеңге екінші деңгейдегі банктерде түпкі заем алушыларға өзінің бақылауында болатын шоттар ашуды Серіктестіктердің ішкі несие саясатында көздеуді ұсынсын.
2. Қаражаттың пайдаланылуын бақылау
9. Несие келісімі тіркелгеннен кейін Корпорацияның қаражатты алуға
арналған өтінім негізінде Қаржымині Әкімшінің бюджеттік шотынан Корпорация шотына несие қаражатын есептеуді жүргізеді. 10. Корпорация Қаржымині белгілеген нысандарда: 1) ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5-і күнінен кешіктірмей Қаржымині мен Әкімшіге бөлінген несие қаражатын пайдалануы туралы есепті береді; 2) тоқсан сайын, есептік тоқсаннан кейінгі айдың 15-і күнінен кешіктірмей Қаржымині мен Әкімшіге түпкі заем алушылардан түскен төлемдер туралы есепті береді. 11. Несиенің игерілуін, мақсатты пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы әрі толығымен өтелуін бақылауды Қаржымині жүзеге асырады. Несиенің пайдаланылу тиімділігін бағалауды Әкімші жүзеге асырады. Мамандар: Багарова Ж.А. Қасымбеков Б.А.