"Инвестициялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 15 қазан N 1322

 


     Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

     "Инвестициялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.


     Қазақстан Республикасының

         Премьер-Министрі


                                                              Жоба


                       ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

                                 ЗАҢЫ


                         Инвестициялар туралы



 
       Осы Заң Қазақстан Республикасындағы инвестицияларға байланысты қатынастарды реттейді және инвестицияларды ынталандырудың құқықтық және экономикалық негiздерiн белгілейдi, Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырған кезде инвесторлардың құқықтарын қорғауға кепiлдiк бередi, инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың шараларын, инвесторлар қатысатын дауларды шешудiң тәртiбiн белгiлейдi.
 
                        1-тарау. Жалпы ережелер
 
      1-бап. Қазақстан Республикасының инвестициялар жөнiндегi заңдары
 
      1. Қазақстан Республикасының инвестициялар жөнiндегі заңдары Қазақстан Республикасының K951000_ Конституциясына негiзделедi және осы Заңның нормаларынан, Қазақстан Республикасының заңдарынан және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Осы Заң:
      мемлекеттік бюджет қаражатынан инвестицияларды жүзеге асыруға;
      коммерциялық емес ұйымдарға, оның iшiнде бiлiм, қайырымдылық, ғылым немесе дiн мақсаттары үшiн капитал салуға байланысты қатынастарды реттемейдi.
      3. Инвестицияларды жүзеге асырған кезде туындайтын және өзге де заң актiлерiн қолдану саласына жататын қатынастарға осындай заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңның ережелерi қолданылмайды.
      4. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
      5. Инвестициялық артықшылықтар осы Заңда белгiленген тәртiппен берiледi.
 
      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен анықтамалар
 
      Осы Заңда мынадай анықтамалар пайдаланылады:
      1) инвестициялар - егер азаматтық құқықтардың мұндай объектiлерi заң актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасында айналымда шектелмесе, инвесторға тиесiлi азаматтық құқықтардың объектiлерi, оның iшiнде ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлiктер (ұқсатусыз-ақ сатуға арналған немесе жеке пайдалануға арналған тауарлардан басқа), мүлiктiк құқықтар, санаткерлiк қызмет нәтижелерiнiң құқықтарының объектiлерi түрiндегi кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын мүлiктiк және санаткерлiк құндылықтардың барлық түрлерi, сондай-ақ оларға арналып коммерциялық заңды тұлғаның жарғылық капиталына не негiзгі құралдар жасауға немесе ұлғайтуға салынатын құқықтар;
      2) инвестор - отандық немесе шетелдiк инвестор;
      3) отандық инвестор - Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, шетелдiк азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында инвестициялық қызметтi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары;
      4) шетелдiк инвестор - Қазақстан Республикасында инвестициялық қызметтi жүзеге асыратын субъектілер:
      басқа мемлекеттiң аумағында инвестицияларды жүзеге асыруға құқылы шетел азаматтары; азаматтық құқық қабiлеттiлігі мен әрекет жасау қабiлеттiлiгi олардың тұрақты тұратын жерiндегi мемлекеттің заңдарына сәйкес белгiленетiн және көрсетiлген мемлекеттің заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында инвестицияларды жүзеге асыруға құқылы азаматтығы жоқ адамдар; Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұрғылықты жерi бар Қазақстан Республикасының азаматтары;
      шетелдік заңды тұлғалар мен халықаралық ұйымдар;
      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шет мемлекеттер;
      оларға қатысты шетелдiк инвесторлар осындай заңды тұлғалар қабылдаған шешiмдердi белгiлеуге құқығы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары;
      5) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы - Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен құрылған заңды тұлға, оның iшiнде шетелдiк қатысуы бар ұйым;
      6) шетелдiк қатысуы бар ұйым - жарғылық капиталына шетелдiк инвестор толық немесе үлестiк қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы;
      7) шетелдiк заңды тұлға - шет мемлекеттің заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлға;
      8) инвестициялық қызмет - заңды және жеке тұлғалардың (жеке кәсiпкерлердiң) кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын коммерциялық заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы жөнiндегi немесе негiзгi құралдарды жасау немесе ұлғайту жөнiндегі қызметi;
      9) инвестициялық дау - Қазақстан Республикасының заңдарын бұзатын инвесторлардың iс-әрекетіне байланысты дауларды қоспағанда, инвестордың инвестициялық қызметіне байланысты инвесторлар мен мемлекеттік органдардың арасындағы шарттық мiндеттемелерден туындайтын дау;
      10) инвестициялық артықшылықтар - Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына берiлетiн инвестициялық салықтық артықшылықтар және мемлекеттік заттай гранттар түрiндегi атаулы сипаттағы артықшылықтар;
      11) инвестициялық салықтық артықшылықтар - Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жиынтық жылдық кiрiстен қосымша шегерiмдер құқығын беру, сондай-ақ мүлiкке арналған салықты төлеуден босату;
      12) мемлекеттік заттай гранттар - инвестициялық жобаны iске асыру үшiн Қазақстан Республикасының заңды тұлғаға беретiн Қазақстан Республикасының меншігі болып табылатын мүлiк;
      13) уәкiлетті мемлекеттік орган - Келiсiм-шарттарды жасасуға және олардың орындалуын бақылауға тiкелей байланысты құқықтар берiлетiн орталық атқарушы орган;
      14) Келiсiм-шарт - уәкiлеттi мемлекеттік органмен жасалатын және

 

инвестициялық артықшылықтарды көздейтін инвестицияларды жүзеге асыруға

арналған шарт;

     15) Модельдiк келiсiм-шарт - Қазақстан Республикасының Yкiметi

бекiтетiн және инвесторлармен келiсiм-шарттар жасасқан кезде

пайдаланылатын үлгi келiсiм-шарт.


     3-бап. Кәсiпкерлiк қызмет объектiлерi


     Инвесторлардың, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тiкелей

көзделген жағдайлардан басқа, кез келген объектiлер мен қызмет түрлерiне

инвестициялар салуды жүзеге асыруға құқығы бар.


                2-тарау. Инвестициялардың құқықтық режимi


     4-бап. Қазақстан Республикасының аумағында инвесторлардың

            қызметiн құқықтық қорғау кепiлдiгi



 
       1. Инвесторға Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен қамтамасыз етiлетiн инвестордың құқықтары мен мүдделерi толық және сөзсiз қорғалады.
      2. Инвестор мемлекеттiк орган заңға сәйкес келмейтiн актi шығару нәтижесiнде, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының әрекетiнiң (әрекетсiздiгінiң) нәтижесiнде оған келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес өтетуге құқылы.
 
      5-бап. Кiрiстердi пайдаланудың кепiлдiктерi
 
      1. Инвесторлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық және бюджетке төленетін басқа да мiндеттi төлемдердi төлегеннен кейiн өзiнiң қызметiнен алынған кiрiстердi өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.
      2. Кiрiстердi және басқа да қаражатты сақтау мен пайдалану үшiн инвесторлар Қазақстан Республикасының аумағындағы банктерде Қазақстан Республикасының банктiк және валюталық заңдарына сәйкес ұлттық валютада және шетелдiк валютада банктiк есепшоттар ашуға құқылы.
 
      6-бап. Мемлекеттiк органдардың инвесторларға қатысты қызметiнiң
             жариялылығы
 
      1. Инвесторлардың мүдделерiн қозғайтын Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының ресми хабарлары, оның iшiнде нормативтiк құқықтық актiлерi заңдарда белгіленген тәртiппен жарияланады.
      2. Инвесторларға, заңды тұлғаларды тiркеу туралы, олардың жарғылары туралы, жылжымайтын мүлiкпен жасалатын мәмiлелердi тiркеу туралы, сондай-ақ берiлген лицензиялар туралы ақпараттарға еркiн қол жеткiзу қамтамасыз етiледi.
 
      7-бап. Уәкілетті органдардың тексерудi жүзеге асыруы
 
      1. Инвесторлардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында мемлекеттік органдар жүргiзетiн тексерулер, сондай-ақ олардың инвесторлардың қызметiн бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде ғана жүргізiледi.
      2. Инвестордың қызметiн тексерудi, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру құқығын осы құқық Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен арнайы берiлген мемлекеттiк органдар ғана пайдаланады.
 
      8-бап. Мемлекеттiң меншiгiне алу және реквизиттеу кезiнде
             инвесторлар құқықтарының кепiлдiктерi
 
      1. Мемлекеттiк мұқтаждар үшiн инвестордың мүлкiн не оған тиесiлi заңды тұлғаның мүлкiн мәжбүрлеп иелiктен алуға (мемлекеттің меншiгiне алу, реквизиттеу) Қазақстан Республикасының заң актілерiнде көзделген ерекше жағдайларда жол берiледi, бұл ретте оның бағасына тең құны өтеледi.
      2. Мемлекеттiң меншiгiне алған кезде инвесторға не оған тиесiлi заңды тұлғаға Қазақстан Республикасының мемлекеттің меншігіне алу туралы заң актiлерiн шығару нәтижесiнде оған келтiрiлген зиян толық көлемде өтеледi.
      3. Инвестордың мүлiгін не оған тиесiлi заңды тұлғаның мүлiгiн реквизиттеу оған мүлiктiң рыноктағы құнын төлей отырып, жүзеге асырылады.
      4. Меншiк иесiне реквизиттелген мүлiктiң құны өтелген баға сот тәртібiмен даулануы мүмкiн.
      5. Реквизиттеудiң жүргізiлуiне байланысты жағдайлар тоқтатылған кезде, инвестор не оған тиесілі заңды тұлға сақталған мүлiктiң қайтарылуын талап етуге құқылы, бiрақ, бұл ретте мүлiктiң құны төмендеуiнен болған шығысты есепке ала отырып, өзi алған өтемақы сомасын қайтаруға мiндеттi.
 
      9-бап. Дауларды шешу
 
      1. Инвестициялық даулар, мүмкiндігінше, келiссөздер жолымен, оның iшiнде сарапшыларды тарта отырып не дауларды шешудiң бұрын келiсiлген, оның iшiнде тараптар белгілеген рәсiмге сәйкес шешiледi.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелерiне сәйкес инвестициялық дауларды шешу тараптардың кез келгенi екiншi тарапқа дауға жазбаша хабарлаған күннен бастап үш айдың iшiнде мүмкiн болмаған кезде дауларды шешу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасының соттарында, сондай-ақ шетелдiк инвестордың және мемлекеттiк органның келiсiмiмен дауларды қарау берiлген халықаралық төрелiк соттарда жүргiзiледi.
      3. Шетелдiк инвесторлардың шетелдiк Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен инвестициялық дау санатына жатпайтын даулары, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледі.
      4. Шетелдiк инвесторлардың Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары арасындағы дауларын, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен немесе тараптардың келiсiммен өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының сот органдары шешедi.
 
      10-бап. Шетелдiк инвестициялардың құқықтық режимiнiң
              ерекшелiктерi
 
      1. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарымен тыйым салынбаған шетелдiк инвестициялардың және оларға байланысты қызметтiң кез келген нысандары Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген алып тастауларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғаларының не кез келген өзге де шетелдiк жеке және заңды тұлғалардың инвестицияларына берiлетiнiмен салыстырғанда кем емес қолайлы жағдайларда жүзеге асырылады.
      2. Осы режим:
      а) Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттердiң жеке немесе заңды тұлғаларына беретiн Қазақстан Республикасы бекiткен осы мемлекеттермен жасасқан халықаралық шарттарға сәйкес не осы мемлекеттермен бiрлесiп қатысуымен жасасқан халықаралық конвенциялардағы артықшылықтарға;
      б) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тiкелей көзделген өзге де жағдайларда қолданылмайды.
      3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету қажеттігін негізге ала отырып, Қазақстан Республикасының заң актілерiнде шетелдiк инвесторлардың немесе шетел қатысатын ұйымдардың инвестициялық қызметiн шектейтiн немесе оған тыйым салатын қызметтің түрлерi не аумақтар белгiленуi мүмкін.
 
      11-бап. Суброгация
 
      Егер шет мемлекет немесе ол уәкiлеттік берген мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты шетелдiк инвесторға берген кепiлдiк (сақтандыру шарты) бойынша шетелдiк инвестордың пайдасына төлем жүргізетiн болса және осы шетелдiк мемлекетке немесе ол уәкiлеттік берген мемлекеттік органға көрсетiлген инвестицияларға қатысты шетелдiк инвестор құқығы көшетiн (талапқа көну) болса, онда Қазақстан Республикасында құқықтардың осындай көшуi (талапқа көну) шетелдiк инвестор Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырған және (немесе) инвестор өзiнiң инвестициялық мiндеттемелерiн орындаған жағдайда ғана заңды деп танылады.
 
                 3-тарау. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдау
 
      12-бап. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты
 
      1. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты осы заманғы технологиялар негiзiнде жұмыс iстеп тұрған өндiрiстердi құруға, кеңейтуге және жаңартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және бұрынғы бар жұмыс орындарын сақтауға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға инвестицияларды ынталандыру болып табылады.
      2. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдау инвестициялық артықшылықтар беруден көрiнедi.
 
      13-бап. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган
 
      1. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдауды Қазақстан Республикасының

 

Yкiметi белгілейтiн уәкiлетті мемлекеттiк орган жүзеге асырады.

     2. Өзiнiң құзыретi шегiнде және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау

мақсатында уәкiлеттi мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Yкiметi

белгілеген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардың мамандарын, Қазақстан

Республикасының жеке және заңды тұлғалары қатарынан консультанттар мен

сарапшыларды тартуға құқылы.

     3. Уәкiлеттi мемлекеттік органның қызметi Қазақстан Республикасының

Үкiметi бекiтетiн тиiстi ережемен реттеледi.


     14-бап. Инвестициялық артықшылықтардың түрлерi


     Осы Заңға сәйкес мынадай инвестициялық артықшылықтар берiледi:

     1) инвестициялық салықтық артықшылықтар;

     2) мемлекеттік заттай гранттар.


     15-бап. Инвестициялық артықшылықтарды берудiң тәртiбi



 
       1. Инвестициялық артықшылықтар қызметтiң басым түрлерiне берiледi, олардың тiзбесiн қызмет түрлерiнiң тармақтарының жiктемесi деңгейiнде Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
      2. Қазақстан Республикасының Yкiметi қызметтiң әрбiр басым түрi бойынша инвестициялардың ең жоғары көлемiн және инвестициялық салықтық артықшылықтардың қолданылу мерзiмдерiн бекiтедi, бұл ретте инвестициялық артықшылықтарды уәкiлеттi мемлекеттiк орган бередi.
      3. Инвестициялар белгіленетiн ең жоғары көлемнен асып кеткен жағдайда, қолданылатын инвестициялық салықтық артықшылықтарын қолдану мерзiмдерi Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң тиiсті шешiмдерiн қабылдау жолымен белгiленедi.
      4. Инвестициялық артықшылықтар инвестормен Келiсiм-шарт жасасу арқылы берiледi.
 
      16-бап. Инвестициялық артықшылықтар берудiң шарттары
 
      Инвестициялық артықшылықтар:
      1) көзделетiн инвестициялық қызмет қызметтiң басым түрлерiнiң тiзбесiне сәйкес болған;
      2) осы заманғы технологиялардың негiзiнде өндiрiстердiң жаңаларын құру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту және жаңарту үшiн инвестицияларды Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының негізгi құралдарына жүзеге асырған;
      3) осы Заңның 18-бабының 1-тармағында көрсетiлген, инвестициялық жобаны iске асыру үшiн қаржылық, техникалық және ұйымдастырушылық мүмкiндiктерiнiң бар екендігін растайтын қажеттi құжаттарды ұсынған жағдайда берiледi.
 
      17-бап. Инвестициялық салықтық артықшылықтар
 
      1. Инвестициялық салықтық артықшылықтар негiзгi құралдарға жұмсалатын инвестициялардың көлемiне қарай белгіленетiн, бiрақ 5 жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.
      2. Инвестициялық салықтық артықшылықтарды қолдану басталатын күн "Салық және бюджетке төленетін басқа да мiндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының кодексiне сәйкес келiсiм-шартта белгiленедi.
      3. Заңды тұлға жүзеге асыратын арнайы салық режимi қолданылатын қызметке, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiм-шарттар бойынша қызметке қатысты инвестициялық салықтық артықшылықтар берiлмейдi.
      4. Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына мемлекеттік заттай грант түрiнде берiлген негізгі құралдарға қатысты инвестициялық салықтық артықшылықтар берiлмейдi.
 
      18-бап. Мемлекеттiк заттай гранттар
 
      1. Мемлекеттiк заттай гранттар осы Заңда белгіленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Yкiметi не уәкiлеттi мемлекеттiк орган мемлекеттік мүлiк және жер ресурстарын басқару саласындағы тиiстi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес меншiкке не жердi пайдалану құқығымен бередi.
      2. Мемлекеттік заттай гранттар ретiнде: жер учаскелерi, ғимараттар, құрылыстар, машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы, өлшейтiн және реттейтiн аспаптар мен құрылғылар, көлiк құралдары (жеңiл автомобиль көлiгін қоспағанда), өндiрiстік және шаруашылық жабдықтар берiлуi мүмкiн.
      3. Мемлекеттiк заттай гранттардың құнын бағалау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      4. Мемлекеттік заттай гранттың ең жоғарғы мөлшерi Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының негiзгi құралдарына жұмсалатын инвестициялардың отыз процентiнен аспайды.
      Сұрау салынған мемлекеттік заттай гранттың бағаланған құны көрсетiлген ең жоғары мөлшерден асқан жағдайда, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы сұрау салынған мүлiктi оның бағаланған құны мен мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғарғы мөлшерiнiң арасындағы айырманы төлеп, алуға құқығы бар.
 
      19-бап. Инвестициялық артықшылықтарды беруге арналған өтiнiмге
              қойылатын талаптар
 
      1. Нысанын уәкiлетті мемлекеттік орган бекiтетiн инвестициялық артықшылықтар беруге арналған өтiнiм мынадай құжаттар болған жағдайда қабылданады және тiркеледi:
      1) мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк;
      2) заңды тұлғаның статистикалық карточкасы;
      3) Жарғысы (нотариалды куәландырылған);
      4) уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген талаптарға сәйкес жасалған инвестициялық жобаның бизнес-жоспары немесе техникалық-экономикалық негіздемесi;
      5) жобаны iске асыру кезiнде пайдаланылатын құрылыс-монтаж жұмыстарының сметалық құнын және жабдықтар мен технологияларды сатып алуға арналған шығындарды негiздейтiн құжаттар;
      6) инвестордың қаржылық мүмкiндiктерiн растайтын құжаттар.
      Өтiнiмдi қарау барысында уәкiлетті мемлекеттiк орган инвестициялық жобаны iске асыруға қатысты қосымша ақпаратты талап етуге құқылы. Қосымша ақпаратты беру туралы талап өтінімдi қабылдаудан және тiркеуден бас тартуға әкеп соқпайды.
 
      20-бап. Инвестициялық жобаның сараптамасы
 
      1. Инвестициялық артықшылықтарды беруге арналған өтінiм уәкiлеттi мемлекеттік органның қарауына табыс етіледi, ол 15 күн iшiнде оның осы Заңның 15-бабында белгiленген талаптарға сәйкестігiн қарайды.
      2. Инвестициялық артықшылықтарды беруден бас тарту туралы шешiм қабылданған жағдайда, уәкiлетті мемлекеттiк орган өтiнiм берушiге дәлелдi бас тартуды жазбаша түрде жолдайды.
 
      21-бап. Келiсiм-шартты жасасу
 
      1. Инвестициялық артықшылықтарды беру туралы шешiм қабылданған күннен бастап 20 күнiнен аспайтын мерзiмде уәкiлеттi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Модельдiк келiсiм-шарттың ережелерiн ескере отырып, Келiсiм-шартты қол қоюға дайындайды.
      2. Келiсiм-шарт қол қойылған күнiнен бастап 5 жұмыс күнi ішiнде

 

уәкiлетті мемлекеттік органда ол белгiлеген тәртiппен тiркеледi және ол

тiркелген сәтiнен бастап күшiне енедi.

     3. Уәкiлеттi мемлекеттік орган Келiсiм-шарттың жасалғандығы туралы

оны тiркеген күнiнен бастап 10 жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде

орталық салық органдарына хабарлайды.


     22-бап. Келісім-шартты бұзудың шарттары


     1. Инвестициялық артықшылықтардың қолданылуы Келiсiм-шарттың

қолданылу мерзiмi аяқталысымен тоқтатылады не осы Заңда белгiленген

тәртiппен осындай мерзiм аяқталғанға дейiн тоқтатылуы мүмкiн.

     2. Келiсiм-шарттың қолданылуы:

     1) тараптардың келiсiмi бойынша;

     2) осы баптың 3-тармағына сәйкес бiр жақты тәртiппен;

     3) сот шешiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.

     3. Уәкiлетті мемлекеттік орган мынадай жағдайларда:


 
       1) өтінiм берушінiң уәкiлетті органға берген мәлiметтердi бұрмалағаны немесе жасырғаны анықталған және соңғысының инвестициялық артықшылықтарды беру жөнiндегі шешiмiне ықпал еткен кезде;
      2) инвестор Келiсiм-шарт бойынша өзiнiң мiндеттемелерiн орындамаған кезде, бұл туралы инвесторға жазбаша түрде хабарлаған кезден бастап үш ай өтiсiмен Келiсiм-шартты бiр жақты тәртiппен бұзуға құқылы.
      4. Осы баптың 3-тармағында белгiленген негiздер бойынша Келiсiм-шарт бұзылған кезде инвестициялық артықшылықтарды алушылар болып табылатын Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары:
      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген айыппұл санкцияларын қолдана отырып, Келiсiм-шарт бойынша берiлген инвестициялық салық артықшылықтарының салдарынан төленбеген салықтардың сомаларын төлейдi;
      оларға мемлекеттiк заттай грант ретiнде берiлген мүлiктi заттай не келiсiм-шарттың шарттарына сәйкес берiлген күнге оның бастапқы құнын қайтарады және мемлекеттiк заттай грантты берудiң салдарынан түспеген пайданы сот тәртiбiмен өтейдi.
 
                        4-тарау. Қорытынды ережелер
 
      23-бап. Өтпелi ережелер
 
      1. Заңдардағы өзгерiстердiң нәтижесi болып табылатын шетелдiк инвестордың жағдайы нашарлаған кезде, осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейін жүзеге асырылған шетелдiк инвестицияларға инвестицияларды жүзеге асырған кезден бастап 10 жыл iшiнде инвестицияларды жүзеге асыру кезеңiнде қолданыста болған заңдар қолданылады, ал осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн уәкiлетті органдармен жасалған ұзақ мерзiмдi (10 жылдан астам) Келiсiм-шарттар бойынша жүзеге асырылған инвестициялар, егер Келiсiм-шартта өзгеше көзделмесе, Келiсiм-шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн қолданылады.
      Заңдардағы өзгерiстердiң нәтижесi болып табылатын шетелдiк инвестордың жағдайы жақсарған жағдайда, шетелдiк инвестор мен мемлекеттік органның арасындағы келiсiм-шарттардың жекелеген шарттары тараптардың экономикалық мүдделерiнiң теңдестiрiлуiне қол жеткiзу мақсатында тараптардың келiсiмi бойынша өзгерiледi.
      2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген кепiлдiктер Қазақстан Республикасының заңдарындағы өзгерiстерге қолданылмайды және (немесе) акцизделетiн тауарлар импортының және (немесе) өндiрiсiнiң және (немесе) сатылуының, ұқсатусыз-ақ сатуға арналған тауарлар импортының тәртiбi мен шарттары (оның iшiнде салық салу мәселелерi және мемлекеттiк реттеудiң өзге де шаралары) өзгеретiн Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының күшiне енуiне және (немесе) өзгерiсiне қолданылмайды.
      3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi конституциялық құрылысты қорғау, мемлекеттік қауiпсiздiктi, құқықтық тәртiптi, қоршаған ортаны, меншікті, халықтың адамгершiлiгiн, азаматтардың өмiрiн, денсаулығы мен еркiндiгін қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ трансферттiк бағаларды қолдану мақсатында Қазақстан Республикасының заң актілерiне енгізiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларға қолданылмайды.
      4. Салық заңдарының өзгеруi салдарынан шетелдiк инвестор жағдайының нашарлауы немесе жақсаруы, оның жағдайының нашарлауы немесе жақсаруы болған салық кезеңiнде шетелдiк инвестордың қаржылық жай-күйiне ықпал ететiн қаржы-шаруашылық қызметiнiң көрсеткiштерiн ескере отырып, салықтардың барлық түрлерi және бюджетке төленетiн басқа да мiндетті төлемдер бойынша (акциздер мен кеден баждарын қоспағанда) жиынтық күйiнде белгiленедi.
      5. Шетелдiк инвестор жағдайының нашарлауы немесе жақсаруы фактiсiн

 

анықтау Қазақстан Республикасының Yкiметi белгілеген тәртiппен жүзеге

асырылады.

     6. Инвестицияларды жүзеге асырудың кезеңi мыналардың алғашқы күнi

болып саналады:

     инвестициялық жобаны iске асыру жөнiндегі бiрiншi төлем енгiзiлген

күн;

     мүлiктiк құқықтарды, санаткерлiк қызметтiң нәтижелерiнiң құқықтарын

инвестициялар ретiнде берудi ресiмдеу күнi.

     Осы тармақтың бiрнеше шарттары болған жағдайда, көрсетiлген

шарттардың бiрiншiсi орындалған күн Қазақстан Республикасында

инвестицияларды жүзеге асырудың бастапқы күнi болып танылады.

     7. Егер инвестицияларды жүзеге асыру күнi осы баптың 1-тармағының

ережелерiне сәйкес анықталмаған жағдайда, онда ол тараптардың келiсiмiмен

анықталады.


     24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу


     Осы Заң 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.


     Қазақстан Республикасының

           Президенті



Мамандар:

     Багарова Ж.А.,

     Қасымбеков Б.А.





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады