Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 14.03.2024 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 7-бабының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 14.03.2024 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік құпиялар мен олардың көздерін шет мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға беру қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 14.03.2024 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 23 қазандағы № 1355 қаулысымен бекітілген |
Мемлекеттік құпиялар мен олардың көздерін шет мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға беру қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 14.03.2024 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1. Осы Мемлекеттік құпиялар мен олардың көздерін шет мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 9) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдардың мемлекеттік құпиялар мен олардың көздерін (бұдан әрі – мемлекеттік құпиялар) шет мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мемлекеттік құпияларды шет мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға беру деп оларды ресми жолмен шет мемлекетке немесе халықаралық ұйымға жеткізу түсініледі.
3. Мемлекеттік құпияларды беру, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) оларды беру мүмкіндігі мен орындылығы туралы сараптамалық қорытындысы болған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік құпияларды беру Қазақстан Республикасы мен шет мемлекет немесе халықаралық ұйым арасындағы халықаралық шарттарды орындау мақсатында жүзеге асырылады. Бұл ретте мемлекеттік құпияларды беру үшін халықаралық шарттар жасасу қажет, оларда міндетті түрде мыналар көрсетіледі:
1) Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттің және (немесе) халықаралық ұйымның мемлекеттік құпияларды қабылдауды (беруді), сақтауды және пайдалануды жүзеге асыруға уәкілетті құзыретті органдары, оларда мемлекеттік құпиялар пайдаланылатын жұмыстарды жүргізуге құқығының болуы;
2) Қазақстан Республикасында және шет мемлекетте және (немесе) халықаралық ұйымда берілетін мемлекеттік құпиялардың құпиялылық белгілерін (дәрежелерін) салыстыру, берілген мемлекеттік құпиялардың құпиялылық белгісін өзгерту немесе алып тастау тәртібі;
3) қабылдаушы тараптың құзыретті органдарының берілген мемлекеттік құпияларды салыстыруға болатын құпиялылық белгілерімен белгілеу жөніндегі, сондай-ақ оларды аудару, көшіру немесе көбейту кезіндегі талаптар;
4) мемлекеттік құпияларды беру тәртібі, тасымалдау (салып жіберу) тәсілдері, алып жүру нысаны;
5) берілетін мемлекеттік құпияларды көшіру немесе көбейту, жою және қайтару тәртібі;
6) берілетін мемлекеттік құпияларды қабылдаушы тараптың заңнамасына сәйкес қорғау туралы міндеттемелер;
7) берілетін мемлекеттік құпияларды берген тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа таратпау туралы міндеттемелер;
8) даулы жағдайларды шешу мен берілетін мемлекеттік құпияларды рұқсатсыз таратудан болуы мүмкін залалды өтеу тәртібі.
5. Мемлекеттік құпияларды беру туралы шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары (бұдан әрі – өтініш беруші орган) басшыларына көрсетілген мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттіктер берілген мемлекеттік органдарға дәлелді ұсыныс жібереді, онда:
1) мемлекеттік құпиялар кімге берілетіні;
2) мемлекеттік құпияларды беру мақсаты;
3) беру жоспарланып отырған мемлекеттік құпиялардың тізбесі, олардың құпиялылық дәрежесі, оларды кім және қандай негізде құпияландырғаны (құпиялылық дәрежесі айқындалғаны);
4) мемлекеттік құпиялар қандай мерзімге берілетіні;
5) мемлекеттік құпияларды берген жағдайдағы ықтимал экономикалық әсер және (немесе) олар жарияланған жағдайдағы ықтимал залалды бағалау;
6) қабылдаушы тарап өзіне алған міндеттемелерді орындамаған жағдайда залалды өтеудің болжамды тәртібі жазылады.
Дәлелді ұсынысты алған мемлекеттік орган оны қарайды және жиырма жұмыс күні ішінде өзінің шешімін өтініш беруші органға жеткізеді.
6. Дәлелді ұсыныс, басшыларына мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттіктер берілген мемлекеттік органдардың шешімдері, сондай-ақ халықаралық шарттар сараптамалық қорытынды дайындау үшін уәкілетті органға жіберіледі.
7. Уәкілетті орган мемлекеттік құпияларды берудің мүмкіндігі мен орындылығы туралы сараптамалық қорытынды шығарады.
8. Қазақстан Республикасы мүдделерінің сақталуын ескере отырып, мемлекеттік құпияларды беру мүмкіндігі мен орындылығы туралы тұжырымды қамтитын уәкілетті органның сараптамалық қорытындысы осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген материалдарды алған кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініш беруші органға жіберіледі. Қосымша сараптама жүргізу қажет болған жағдайда сараптамалық қорытындыны дайындауды уәкілетті орган бес жұмыс күніне дейінгі мерзімге ұзартуы мүмкін, бұл туралы өтініш беруші органға хабарланады.
9. Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің жобасын уәкілетті органның сараптамалық қорытындысымен, басшыларына мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттіктер берілген мемлекеттік органдардың шешімдерімен қоса өтініш беруші орган белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
10. Бұрын жасалған халықаралық шартта осы Қағидалардың 4-тармағында жазылған талаптар көрініс таппаған жағдайда өтініш беруші орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік құпияларды шет мемлекетке және (немесе) халықаралық ұйымға беру туралы шешімнің жобасымен қоса халықаралық шарттарды жасасу, орындау және күшін жою тәртібі туралы заңнамаға сәйкес қолданыстағы халықаралық шартқа толықтырудың немесе халықаралық шарттың жобаларын енгізеді.
Шет мемлекетпен және (немесе) халықаралық ұйыммен халықаралық шарт болмаған кезде өтініш беруші орган халықаралық шарттарды жасасу тәртiбi туралы заңнамаға сәйкес оны жасасуды қамтамасыз етеді.
11. Мемлекеттік құпияларды іс жүзінде беру халықаралық шартта және осы Қағидаларда көзделген рәсімдерге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
12. Мемлекеттік құпияларды беру халықаралық шарттарға сәйкес дипломатиялық арналар, фельдъегерлік қызмет немесе құжаттамалық шифрланған байланыс арналары бойынша жүзеге асырылады. Қабылдаушы тараптың тиісті құзыретті органдары мемлекеттік құпияларды алғанын растайды.
13. Мемлекеттік құпияларды тасымалдау үшін тиісті құзыретті органдар тасымалдау тәсілдерін, жіберу маршрутын және алып жүру нысанын белгілейді, сондай-ақ құпия құжаттарды, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, құпия құжаттарды жіберу тәртібін айқындайды. Құзыретті органдар мұндай тасымалдаудың әрбір жағдайы туралы тиісті ақпарат алмасады.
14. Берілетін мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі қосымша шаралар мемлекеттік құпияларды қабылдауды (беруді), сақтауды және пайдалануды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген құзыретті органдармен жасалатын халықаралық шарттарда көзделуі мүмкін.