"Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндіру және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 11 шілде N 762

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      "Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндіру және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
 

     Қазақстан Республикасының

         Премьер-Министрі



                                                               Жоба



 
                         Қазақстан Республикасының
                                   ЗАҢЫ
 
         Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндіру және олардың
                 айналымын мемлекеттiк реттеу туралы
 
      Осы Заң бензиннiң (авиациялықты қоспағанда), дизель отыны мен мазуттың (бұдан әрi - мұнай өнiмдерi) өндiру және олардың айналымы процесiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.
 
                         1-бап. Негiзгі ұғымдар
 
      Осы Заңның мақсаттары үшiн мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) автожанармай құю станциясы (АЖҚС) - мұнай өнiмдерiн сақтау және сатуды қамтамасыз ететiн, жабдықтармен жарақтандырылған стационарлық үлгiдегi технологиялық кешен;
      2) мұнай өнiмдерiнiң базасы - мұнай өнiмдерiн одан әрi сату мақсатында оларды сатуда пайдаланылған тауар қоймасы;
      3) бiрыңғай дерекқор - мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымын мемлекеттiк реттеудi өз құзыретi шегiнде мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы жөнiндегi электронды дерекқор;
      4) компаундирлеу - белгiленген сападағы тауарлық бензин алу мақсатында бензиннiң екі немесе бiрнеше компонентiн араластыру;
      5) мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең төменгi көлемi - мұнай өндiрушi ұйым күнтiзбелiк жыл iшiнде айлық және жылдық оны орындау кестелерiне сәйкес өңдеуге мiндеттi мұнай және (немесе) газ конденсатын өңдеудiң ең төменгi көлемi;
      6) кондицияға жеткiзілмеген мұнай өнiмi - заңнамада белгіленген талаптарға сай келмейтiн мұнай және (немесе) газ конденсатын өңдеу процесiнде өндiрілген өнiм;
      7) мұнай өнiмдерiнiң айналымы - мұнай өнiмдерiн сатып алу, сату, тасымалдау, сақтау, олардың экспорты мен импорты;
      8) өндiрiс паспорты - мұнай өңдеу кәсiпорны өндiрiстiк қуаттарының көрсеткiштерiн, өндiрiстiң технологиялық, процесiн сақтау үшiн қолда бар жабдықтардың пайдаланылуын регламенттейтiн, оның негiзгi сипаттамасын көрсететiн, белгiленген нысандағы құжат;
      9) мұнай өнiмдерін өндiру - мемлекеттiк стандарттардың талаптарына сай мұнай өнiмдерiн алуды қамтамасыз ететiн мұнай және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегi жұмыстар (операциялар) кешенi;
      10) iлеспе жүк құжаттамасы - мұнай өнiмдерiн босату және қабылдау жөнiндегi операцияларды ресiмдеуге арналған жөнелтушiден алушыға дейiн бүкiл жүретiн жолында мұнай өнiмдерiн тасымалдау үшiн қажетті iлеспе құжат.
 
                 2-бап. Мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың
       айналымын мемлекеттiк реттеу туралы Қазақстан Республикасының
                                  заңнамасы
 
      1. Мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына K951000_ негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда

 

көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың

ережелерi қолданылады.

                 3-бап. Мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың

                          айналымын мемлекеттiк реттеу

     1. Мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымын мемлекеттiк реттеудi

Қазақстан Республикасының Yкiметi, ол уәкілеттік берген мемлекеттiк орган,

сондай-ақ өзге де мемлекеттiк органдар олардың құзыретi шегiнде жүзеге

асырады.

     2. Мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу

мыналарды қамтиды:

     1) мұнай өнiмдерiн өндiру жөнiндегi қызметтi лицензиялау;

     2) мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең төменгi көлемiн белгiлеу;

     3) мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымын бақылауды, соның

iшiнде оларды декларациялау, мониторингi, iлеспе жүк құжаттамасын және

мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымының дерекқорын жүргiзу арқылы

жүзеге асыру;

     4) мұнай өнімдерінің сапасын мемлекеттiк бақылау.

     3. Өзге де мемлекеттiк органдар осы Заңда және Қазақстан

Республикасының өзге де заңнамалық кесiмдерiнде бекiтiлген осы органдардың

құзыретi шегiнде мұнай өнiмдерiн өндiру және (немесе) олардың айналымының

жекелеген мәселелерiн реттеуге құқылы.

            4-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

     Қазақстан Республикасының Үкiметi:


 
       1) мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу саласындағы мемлекеттiк саясатты айқындайды және оның iске асырылуын қамтамасыз етедi;
      2) мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердi қабылдайды;
      3) Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық кесiмдерiне сәйкес мұнай өнiмдерiн Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге шектеу белгiлеп, тыйым салады;
      4) уәкiлеттi мемлекеттiк органды және мұнай өнiмдерiн лицензиялауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органды белгiлейдi.
 
               5-бап. Уәкiлеттi мемлекеттiк органның құзыретi
 
      Уәкiлеттi мемлекеттiк орган:
      1) өз құзыретi шегiнде мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердi шығарады;
      2) мұнай өңдеушi ұйымдар мен мұнай өнiмдерi базалары қызметiнiң мониторингiн жүзеге асырады;
      3) республикалық және аймақтық деңгейдегi мұнай өнiмдерi теңгерiмiн өзара байланыстыра жасап, бiрыңғай дерекқор жүргiзудi жүзеге асырады;
      4) өзге де мемлекеттiк органдардың мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымының көлемi туралы мәлiметтердi және өзге де қажеттi ақпаратты беруiнiң және оларды бiрыңғай дерекқорға енгiзудiң нысанын, тәртiбi мен мерзiмiн белгiлейдi;
      5) мұнай өнiмдерi iлеспе жүк құжаттамасын ресiмдеудiң ережелерiн әзiрлейдi және бекітедi.
 
                 6-бап. Өзге де мемлекеттiк органдардың құзыретi
 
      1. Стандарттау және сертификаттау саласындағы мемлекеттiк орган:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген стандарттарға мұнай өнiмдерiнiң сай болуын бақылауды жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мұнай өнiмдерiн сертификаттауды жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес АЖҚС пен мұнай өнiмдерi базаларын сертификаттауды қамтамасыз етедi.
      2. Энергетика саласындағы мемлекеттiк орган:
      1) мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымының технологиялық процесiне қойылатын қауiпсiздік талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      2) мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең төменгi көлемiн белгiлейдi;
      3) мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең төменгi көлемiн қамтамасыз ету жөнiндегi мұнай өнiмдерiн өңдеу ұйымдарының қызметiн үйлестіруді жүзеге асырады;
      4) өндiрiс паспорттарын бекiтедi;
      5) өндiрiс паспорттарын толтыру нысандары мен тәртiбiн белгілейдi;
      6) өндiрiс паспорттарында көрсетiлген мұнай өнiмдерiн өңдеу ұйымдарындағы жөндеу және қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу мерзiмдерiн келiсудi және олардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      7) мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша мұнай өнiмдерiнiң экспорты мен импортына арналған квоталарды экономикалық негiздеудi әзiрлейдi.
      3. Экономика және сауда саласындағы мемлекеттiк орган уәкілеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша кедендiк, қорғау, демпингке қарсы және өтеу баждары ставкаларының экономикалық негiздемесiн әзiрлейдi.
      4. Монополияға қарсы саясат саласындағы мемлекеттiк орган:
      1) монополияға қарсы саясат заңнамасына сәйкес мұнай өнiмдерiн өңдеу ұйымдарының шикi мұнайды өңдеу жөнiндегi көрсететiн қызметтерiне тарифтердi бекiтедi;
      2) шикi мұнайды өңдеу жөнiндегi рынокта үстем (монополиялық) жағдайға ие мұнай өнiмдерiн өндiрушiлердің шикі мұнайды өңдеу жөнiндегi жария шарттарын келiсудi жүзеге асырады;
      3) осы Заңның 11-бабының 7-тармағында көзделген талаптардың сақталуы жөнiнде мұнай өнiмдерiн өндiрушiлердiң және мұнай өнiмдерi базаларының қызметiн бақылауды жүзеге асырады.
      5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк орган:
      1) Қазақстан Республикасының табиғат қорғау заңнамасына сәйкес мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы кезiнде қоршаған ортаны қорғаудың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      2) өндiрiс паспорттарын келiседi.
      6. Көлiк саласындағы мемлекеттiк орган мұнай өнiмдерiн тасымалдау кезiнде тасымалдаушылардың технологиялық талаптарды қамтамасыз етуiн бақылауды жүзеге асырады.
      7. Осы бапта көрсетiлген мемлекеттiк органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.
 
         7-бап. Уәкiлеттi мемлекеттiк органның өзге де мемлекеттiк
                      органдармен өзара iс-қимыл жасауы
 
      1. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган орталық және жергілiктi атқарушы органдармен өзара iс-қимыл жасайды, бақылауды жүзеге асыру жөнiнде бiрлескен шаралар қабылдайды, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етедi.
      2. Осы Заңды бұзу фактiлерiн анықтаған жағдайда уәкiлеттi мемлекеттiк орган бұл туралы анықталған тәртiп бұзушылықтарды жою жөнiнде тиiстi ден қою шараларын қабылдауы үшiн тиiстi мемлекеттiк органдарды хабардар етедi.
 
                8-бап. Мұнай өнiмдерiн өндiру жөнiндегi қызмет
 
      1. Мұнай өнiмдерiн өндiру жөнiндегi қызмет лицензиялауға жатады. Лицензиялау осы Заңда белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, лицензиялау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Осы Заңның 9-бабында көзделген мұнай өнiмдерiн өндiру жағдайлары, сондай-ақ мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымын декларациялау мен оның мониторингi тәртiбi бұзылған жағдайда тоқтатыла тұруы мүмкін.
 
                  9-бап. Мұнай өнiмдерін өндiру жағдайлары
 
      1. Тиiстi техникалық талаптарға сай жабдықтарда мұнай өнiмдерiн өндiруге рұқсат етiледi.
      2. Бiр ғана жабдықта екi және одан да көп өндiрушілердiң мұнай өнiмдерiн өндiруiне тыйым салынады.
      3. Лицензияда көрсетiлген өндiрiс паспорты мен және сол мекен-жайда ғана мұнай өнiмдерiн өндiруге рұқсат етiледi.
      4. Өндiрiс көлемi туралы ақпаратты уәкілеттi мемлекеттiк органға автоматтандырылған түрде берудi қамтамасыз ететiн есепке алудың бақылау аспаптарымен мiндеттi түрде жарақталған кезде ғана мұнай өнiмдерiн өндiруге рұқсат етiледi.
      Өндiрiс көлемi туралы ақпаратты автоматтандырылған түрде берудi қамтамасыз ететiн есепке алудың бақылау аспаптарын қолданудың тәртiбi мен оларға қойылатын талаптарды уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
      5. Мұнай өнiмдерiн өндiрушiлерге шикi мұнайды және (немесе) газ конденсатын сатуды жүзеге асыруға тыйым салынады.
      6. Мұнай өнiмдерiн өндiрушiлер энергетика саласындағы мемлекеттiк органның мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең төменгi көлемiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарын орындауға мiндеттi.
      7. Өндiрiстiк паспорттарға сәйкес өндiрiстiк қуаттар бiр ай бойы толық жүктеме алмаған жағдайда мұнай өнiмдерiн өндiрушілер монополияға қарсы саясат саласындағы мемлекеттiк орган белгiлеген өңдеу жөнiнде көрсетiлетiн қызметтер тарифтерi бойынша өз қуаттары шегiнде шикi мұнайды және газ конденсатын өңдеуге қабылдауға мiндеттi.
      8. Мұнай өнiмдерiн өндiрушiлер уәкiлеттi мемлекеттiк органмен және энергетика саласындағы мемлекеттiк органмен өндiрiстiк процестің қауiпсiздiгiне қауiп төндiрген жағдайды дереу жою қажеттiлiгiн қоспағанда, жөндеу және қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу кестесiн келiсуге мiндеттi.
      9. Шикi мұнайды өңдеу жөнiндегi рынокта үстем (монополиялық) жағдайға ие мұнай өнiмдерiн өндiрушiлер монополияға қарсы саясат саласындағы мемлекеттiк органмен келiсiлген жария шарттар негiзiнде шикi мұнайды өңдеу жөнiнде қызметтер көрсетедi.
      10. Мұнай өнiмдерiн өндiруге лицензиялары бар кәсiпорындарға ғана:
      1) октан санын көтеру мақсатында тауарлық бензинді компаундирлеу, үстемелер, қоспалар мен компоненттердi қосуға;
      2) белгіленген сападағы бензин алу мақсатында кондицияға жеткiзiлмеген мұнай өнiмдерiн компаундирлеу, үстемелер, қоспалар мен компоненттердi қосуға;
      3) дизельдiк отынға үстемелер, қоспалар қосуға рұқсат етiледi.
 
           10-бап. Мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымын
                       декларациялау мен оның мониторингi
 
      1. Мұнай өнiмдерiн өндiру және (немесе) сатуды жүзеге асыратын тұлғалар мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымының көлемi мен айналымы туралы уәкілеттi мемлекеттiк органға тапсыруға мiндеттi.
      Декларацияларды тапсырудың нысанын, тәртiбi мен мерзiмдерiн уәкілеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
      2. Мұнай өңдеушi ұйымдар мен мұнай өнiмдерi базалары қызметiнiң мониторингi уәкілетті мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
 
                   11-бап. Мұнай өнiмдерiн сату жағдайлары
 
      1. Қазақстан Республикасының аумағында кондицияға жеткiзiлмеген мұнай өнiмдерiн сатуға, сондай-ақ оларды қайта өңдеусiз сақтауға рұқсат етiлмейдi.
      2. Мұнай өнiмдерi базалары мен АЖҚС-ты сертификаттау Қазақстан Республикасының сертификаттау саласындағы заңнамасына сәйкес осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, жүзеге асырылады.
      3. Мұнай өнiмдерi базалары мен АЖҚС-ты сертификаттау үшiн мұнай өнiмдерiн сатып алу мен сатуды есепке алудың электронды (компьютерлiк) жүйесiнiң болуы қажет.
      Ауылдық жерлердегi (ауыл, село, халқы 10 мың адамға дейiнгi кент) АЖҚС-ты сертификаттау үшiн мұнай өнiмдерiн сатып алу мен сатуды есепке алудың оңайлатылған электронды (компьютерлiк) жүйесiнiң болуына рұқсат етiледi.
      4. Мұнай өнiмдерiн сатып алу мен сатудың көлемi туралы автоматтандырылған түрде берудi қамтамасыз ететiн есепке алудың электронды (компьютерлiк) жүйесiн, оңайлатылған электронды (компьютерлiк) жүйесiн қолданудың тәртiбi мен қойылатын талаптарды уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
      5. Тек мұнай өңдеу ұйымдары, мұнай өнiмдерi базалары мен АЖҚС-тарға ғана мұнай өнiмдерiн көтерме әрi бөлшек саудада сатуға рұқсат етiледi.
      6. Мұнай өнiмдерi базаларынан мұнай өнiмдерiн көтерме саудада сатуға тек АЖҚС-тарға ғана рұқсат етiледi.
      7. Жыл сайын 1 наурыз-31 мамыр және 1 тамыз-31 қазан кезеңдерiнде мұнай өнiмдерiн өндiрушілер мен мұнай өнiмдерi базалары инфляция индексiне түзетiлген өткен жылғы өздерi сатқан кезде қалыптасқан орташа жылдық бағадан аспайтын баға бойынша өндiрiлетiн және/немесе сатып алынатын мұнай өнiмдерi көлемiнiң кемiнде 50% сатуға мiндеттi.
 
          12-бап. Мұнай өнiмдерiнiң экспорты мен импортын реттеу
 
      Мұнай өнiмдерiнiң экспорты мен импортын реттеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, соның iшiнде акциздер, кедендiк, қорғау, демпингке қарсы және өтеу баждары ставкаларын, мұнай өнiмдерiнiң экспорты мен импортының квоталарын бекiту (өзгерту) жолымен жүзеге асырылады.
 
               13-бап. Мұнай өнiмдерiн тасымалдаудың жағдайлары
 
      1. Қауiптi жүктердi тасымалдауға және техникалық пайдалану ережелерiне қойылатын талаптарға сәйкес көлiкпен тасымалдауға рұқсат етілген әрi арнайы жабдықталған көлiкпен тасымалдауға рұқсат етіледі.
      2. Мұнай өнiмдерiн тиеу және тасымалдау жөнiндегi мынадай операциялар:

 

     дайындаушы зауыт мұнай өнiмдерiн мұнай өнiмдерi базаларына көтерме

саудада сатқан кезде;

     дайындаушы зауыт мұнай өнiмдерiн АЖҚС-қа және бөлшек саудада (түпкi

тұтынушыға) сатқан кезде;

     мұнай өнiмдерi базалары мұнай өнiмдерiн АЖҚС-қа және бөлшек саудада

(түпкi тұтынушыға) сату жүзеге асырылған кезде iлеспе жүк құжаттамасы

ресiмделедi.

     Мұнай өнiмдерiн тасымалдаумен байланысты басқа да құжаттар әрбiр

көлiк түрiне арналған қауiптi жүктердi тасымалдауға белгiленген талаптарға

сай болуы тиiс.


            14-бап. Мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы

             ережелері мен шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілік


     Осы Заңның ережелерін бұзғаны үшін мұнай өнімдерін өндіру және

олардың айналымы жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан

Республикасының заңнамалық кесімдерінде белгіленген жауапкершілікке

тартылады.


                           15-бап. Өтпелі ережелер


     Осы Заң ол ресми түрде жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен

кейін қолданысқа енгізіледі.


     Қазақстан Республикасының

             Президенті


     Мамандар:

       Қасымбеков Б.А.

       Жұманазарова А.Б.






Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады