Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға инвестициялық бағдарламалардың конкурстарын өткізу жөнiндегi комиссия туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 2 тамыз N 859 Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2003.02.13. N 158 қаулысымен.

      Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға инвестициялық бағдарламалардың конкурстарын өткiзу жөнiндегi комиссияның жұмысын ұйымдастыру тәртiбiн анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға инвестициялық бағдарламалардың конкурстарын өткiзу жөнiндегi комиссия туралы ереже бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрі

Қазақстан Республикасы    
Үкіметінiң 2002 жылғы     
2 тамыздағы N 859       
қаулысымен бекiтiлген     

Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға инвестициялық
бағдарламалардың конкурстарын өткiзу жөнiндегі комиссия туралы
ереже

                       1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын алуға инвестициялық бағдарламалардың конкурстарын өткiзу жөнiндегi комиссияның (бұдан әрi - комиссия) жұмысын ұйымдастыру және оның қызметiн реттеу тәртiбiн анықтайды.
      2. Комиссия инвестициялық бағдарламалардың конкурсын өткiзу әрi Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану және мұнай операцияларын жүргiзу саласындағы заңнамасына сәйкес оған жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшiн конкурс жеңiмпазын анықтау мақсатында құрылған тұрақты қызмет ететiн орган болып табылады.
      3. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң кесiмдерiн және жер қойнауын пайдалану әрi мұнай операцияларын жүргiзу саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiн басшылыққа алады.
      4. Комиссияның жеке және сандық құрамы Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмiмен бекiтiледi.

              2. Комиссияның жұмыс iстеу тәртiбi

      5. Комиссияны төраға басқарады.
      6. Комиссия мәжiлiстерi қажеттiлiгiне қарай, бiрақ кемiнде тоқсанына бiр рет өткiзіледi және егер оған комиссия мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, заңды деп саналады.
      7. Комиссия шешiмi оның мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданады, хаттамамен ресiмделедi және мiндеттi сипатқа ие.
      8. Комиссия мүшелерiнiң дауыстары тең болған жағдайда, төраға дауысы шешушi болып табылады.
      9. Комиссия мүшелерiнiң ерекше пiкiрге құқығы бар, ол білдiрілген жағдайда жазбаша түрде баяндалуы және комиссия мәжiлiсiнiң хаттамасына қоса берiлуi тиiс.

            3. Комиссияның мiндеттерi мен функциялары

      10. Комиссияның негiзгi мiндетi Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын алуға инвестициялық бағдарламалар конкурсына қатысушылардың iшiнен жеңiмпазды анықтау болып табылады.
      11. Комиссияның қызмет саласындағы функциялары мыналар болып табылады:
      1) конкурстық ұсыныстарды уақытылы және сапалы қарауды қамтамасыз ету;
      2) тиiстi тұлғалар ұсынған конкурстық ұсыныстарды бағалау;
      3) Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын беру рәсiмiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу.

                     4. Комиссияның құқықтары

      12. Комиссияның белгiленген тәртiппен және оның құзыретiне
енетiн мәселелер бойынша мынадай құқықтары бар:
      1) конкурсқа қатысу үшiн қабылданған конкурстық ұсыныстарды бағалау мен салыстыру және жеңiмпазды анықтау;
      2) конкурсқа қатысушылар берген конкурстық ұсыныстар шамамен тең болған жағдайда олардың конкурстық ұсыныстарын жақсартулары жөнiнде шешiмдер қабылдау;
      3) бір ғана өтiнiм беруші қатысқан жағдайда конкурсты өтпедi деп тану және объектiнi жер қойнауын пайдалану құқығын алуға инвестициялық бағдарламалардың конкурсынан алып тастау немесе қайтадан конкурс белгiлеу;
      4) конкурстық ұсыныстарды қарауды, бағалауды және салыстыруды жеңiлдету үшiн конкурсқа қатысушылардан олардың конкурстық ұсыныстарына байланысты түсiндiрмелердi сұрату;
      5) Қазақстан Республикасының Үкiметiне Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын беру рәсiмiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
      6) қажеттi ақпаратты мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, өзге тұлғалардан сұрату;
      7) мәжiлiстерде комиссия мүшелерiн, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың жауапты өкiлдерiн, өзге де тұлғаларды тыңдау;
      8) комиссия құрамын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзу;
      9) конкурстық ұсыныс Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 21 қаңтардағы N 108 қаулысымен бекiтiлген Жер қойнауын пайдалану құқығын беру тәртiбiнiң ережелерi сақталмай берiлген жағдайда оны қарамау;
      10) қажет болған жағдайда тиiстi салалардағы мамандардың iшiнен сарапшыларды тарту;
      11) жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшiн өтiнiм берушiнi конкурс жеңiмпазы деп тану туралы бұрын қабылданған шешiмдi заңнамада көзделген тәртiппен жою;
      12) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

                5. Комиссия қызметiнiң тоқтатылуы

      13. Комиссия Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң негiзiнде өз қызметiн тоқтатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады