"Жарнама туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 8 тамыз N 887

 


     Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

     "Жарнама туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан

Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзілсiн.

     Қазақстан Республикасының

        Премьер-Министрі


                                                          Жоба

                   Қазақстан Республикасының Заңы

                           Жарнама туралы

     1-тарау. Жалпы ережелер

     1-бап. Заңның мақсаттары


 
       Осы Заңның мақсаттары жарнаманы жасау, тарату (орналастыру) және пайдалану үшiн оны тұтынушылардың, жарнама берушiлердiң, жарнама жасаушылардың және жарнама таратушылардың мүдделеріне сай келетiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады.
 
      2-бап. Заңның қолданылу аясы
 
      1. Осы Заң жарнама жасайтын, тарататын (орналастыратын) әрi пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың қызметi процесiнде туындайтын қатынастарға қолданылады.
      2. Осы Заң жеке тұлғалардың хабарландыруларына, соның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдарында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруларына байланысы жоқ хабарландыруларына қолданылмайды.
 
      3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
 
      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) жарнама - адамдардың белгiленбеген топтарына арналған әрi жеке, заңды тұлғаларға, тауарларға, тауар белгiлерiне, қызмет көрсетулерге, жұмыстарға, идеяларға және бастамаларға қызығушылық қалыптастыруға немесе қолдауға және оларды сатуға жеке немесе заңды тұлғалар, тауарлар, тауар белгiлерi, қызмет көрсетулер, жұмыстар, идеялар және бастамалар (жарнамалық ақпарат) туралы кез келген құралдардың көмегiмен кез келген нысанда таратылатын (орналастырылатын) ақпарат;
      2) жөнсiз жарнама - оның таратылу (орналастыру) мазмұнына, уақытына, орнына және тәсiлiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптардың бұзылуына жол берiлген терiс пиғылды, шынайы емес, әдепсiз, көпе көрiнеу жалған және өзге де жарнама;
      3) жарнама берушi - жарнама жасау, тарату (орналастыру) үшiн жарнамалық ақпарат көзi болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
      4) жарнама жасаушы - жарнамалық ақпаратты таратуға (орналастыру) дайын нысанға келтiрудi жүзеге асырушы жеке немесе заңды тұлға;
      5) жарнама таратушы - мүлiктi, соның iшiнде теле- және радио хабарларын таратудың техникалық құралдарын ұсыну және (немесе) пайдалану арқылы және өзге де тәсiлдермен жарнамалық ақпаратты таратуды (орналастыруды) жүзеге асырушы жеке немесе заңды тұлға;
      6) жарнама тұтынушылар - жарнама арналатын белгiленбеген тұлғалар тобы.
 
      4-бап. Жарнама туралы заңдар
 
      1. Жарнама туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
 
      5-бап. Жарнамаға авторлық құқық және сабақтас құқықтар
 
      Жарнама толық немесе iшiнара авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектiсi болып табылуы мүмкiн. Авторлық құқықтар мен сабақтас құқықтар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес қорғалуға тиiс.
 
      6-бап. Жарнама саласындағы мемлекеттік реттеу
 
      1. Жарнама саласындағы мемлекеттiк реттеу деп нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленетiн жарнама жасау мен таратуды (орналастыруды) бақылау ұғынылады.
      Жарнама саласындағы мемлекеттiк реттеудi тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарында бекiтiлген олардың құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
      2. Жарнама саласындағы мемлекеттiк реттеудiң негiзгi мақсаты:
      1) ұлттық мүдделердi қорғау;
      2) жөнсiз жарнаманың, сондай-ақ қоғамдық құндылықтар мен жалпы қабылданған моральдық нормаларға қол сұғушылықтың алдын алу және жолын кесу;
      3) терiс пиғылды бәсекеден қорғау болып табылады.
 
      2-тарау. Жарнамаға қойылатын жалпы және арнайы талаптар
 
      7-бап. Жарнамаға қойылатын жалпы талаптар
 
      1. Жарнама тарату (орналастыру) нысанына немесе пайдаланылатын құралына қарамастан шынайы, оны ұсыну сәтiнде арнаулы білімсiз-ақ немесе арнаулы құралдарды қолданбай-ақ нақ сол күйiнде танылатын болуы тиiс.
      2. Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде әрi жарнама берушiнiң ұйғарымы бойынша басқа да тiлдерде таратылады (орналастырылады).
      3. Белгiленген тәртiппен тiркелген тауар белгiлерi және логотиптер түпнұсқа тiлiнде және (немесе) кез келген тiлде келтiрiлуi мүмкiн.
      4. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасауға және сатуға тыйым салынған тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) жарнамалауға жол берiлмейдi.
      Егер, жарнама берушi жүзеге асыратын қызмет лицензиялауға жататын болса, онда тиiстi тауарды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) жарнамалау кезiнде, сондай-ақ жарнама берушiнiң өзiн жарнамалау кезiнде лицензия нөмiрiн және лицензияны берген органның атауын көрсету қажет.
      5. Жарнама Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, аумақтық тұтастығын бұзуды, ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, жыныстық, таптық және рулық артықшылықты, қатыгездiктi, зорлық пен порнографияны насихаттауға немесе үгіттеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиясын құрайтын мәлiметтердi және өзге де заңмен қорғалатын құпияларды таратуға пайдаланылмауға тиiс; азаматтарды зорлық-зомбылыққа, қатыгездiкке, агрессияға, үрей шақырмауға, сондай-ақ өзге де құқыққа қарсы iс-әрекеттерге (әрекетсiздiкке) ұмтылдырмауға тиiс.
      6. Жарнамаға қойылатын шектеулер Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.
 
      8-бап. Жөнсiз жарнама түрлерi
 
      1. Мыналар:
      1) жарнамаланатын өнiмдердi, көрсетiлетiн қызметтердi, жұмыстарды, идеялар мен бастамаларды басқа жеке және заңды тұлғалардың өнiмдерiмен, көрсетiлетiн қызметтермен, жұмыстарымен, идеяларымен және бастамаларымен салыстыру туралы ақпарат, сондай-ақ олардың абыройына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн басқа адамдардың сөздерi, бейнелерi бар;
      2) ұқсату (басқа өнiмдердi жарнамалауда пайдаланылатын тауарлардың фирмалық атауын, тауар белгiсiн, фирмалық орауышын, сыртқы ресiмделуiн, формулаларын, бейнелерiн және басқа да коммерциялық белгiлеулерiн көшiру) не жеке тұлғалардың сенiмiн немесе олардың тәжiрибесiнiң, бiлiмiнiң жеткiлiксiздiгiне, соның iшiнде жарнамада ақпараттың елеулi бөлiгiнiң болмауына байланысты терiс пайдалану арқылы жарнамаланатын өнiмдерге қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруы мүмкiндiгi бар;
      3) жеке не заңды тұлғалардың, басқа адамдардың өнеркәсiптiк немесе сауда қызметiнiң беделiн түсiруге әсер ететiн кәсiпкерлiк қызметте жүзеге асырылатын тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) туралы жалған пiкiрлерi бар;
      4) пайдаланылуы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру кезiнде тауардың (жұмыс және көрсетiлетiн қызмет) сипатына, дайындау тәсiлiне, қасиетiне, қолдануға жарамдылығына немесе санына қатысты жаңылыстыруы мүмкiн сiлтемелерi немесе пiкiрлерi бар;
      5) жарнамаланатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтi) пайдаланбайтын жеке немесе заңды тұлғалардың беделiн түсiретiн, қорлайтын немесе мазақ ететiн жарнама терiс пиғылды болып табылады.
      2. Мыналарға:
      1) өнiмдердiң табиғаты, құрамы, дайындау тәсiлi мен күнi, мақсаты, тұтыну қасиеттерi, пайдалану шарттары, сәйкестiк сертификатының, сертификат белгiлерiнiң және мемлекеттiк стандарттарға сай белгiлерiнiң болуы, саны, шығарылған жерi сияқты сипаттамаларына;
      2) өнiмнiң рынокта болуына, оны белгiлi бiр орында сатып алу мүмкiндiгiне;
      3) жарнама тарату сәтiндегi өнiмнiң құнына (бағасына);
      4) ақы төлеудiң қосымша шарттарына;
      5) өнiмдердi жеткiзуге, айырбастауға, қайтаруға, жөндеуге және қызмет көрсетуге;
      6) кепiлдiк мiндеттемелерге, қызмет мерзiмдерiне, жарамдылығы мерзiмдерiне;
      7) болжамды қолдану нәтижелерiне;
      8) заңды тұлғаның зияткерлiк қызметiнiң және оған теңестiрiлген даралау құралдарының, өнiмнiң, орындалған жұмыстың немесе көрсетiлетiн қызметтiң нәтижелерiне берiлуiн ерекше құқыққа;
      9) мемлекеттiк нышандарды (елтаңба, жалау, әнұран), сондай-ақ халықаралық ұйымдардың рәмiздерiн пайдалану құқығына;
      10) ресми тануға, медальдар, сыйлықтар, дипломдар және өзге де марапаттаулар алуға;
      11) егер ол серияның бiр бөлiгi болып табылса, өнiмдердiң толық сериясын сатып алу тәсiлдерi туралы ақпарат ұсынуға;
      12) зерттеулер мен сынаулар нәтижелерiне, ғылыми терминдердi, техникалық, ғылыми және өзге де жарияланымдардан сiлтемелерге;
      13) басқа өнiмдермен салыстыруға, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғалардың құқықтарына;
      14) олардың негiздiлiгiн асыра көрсетушiлiк түрiнде ұсынылмауы тиiс статистикалық деректерге;
      15) дайындаушының, сатушының, мердiгердiң немесе қызмет көрсететiн тұлғаның мәртебесiне және құзыреттiлiк деңгейiне қатысты шынайы емес мәлiметтер бар жарнама шынайы емес деп танылады.
      3. Мыналар:
      1) жеке тұлғалардың нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, мамандығына, әлеуметтiк санатына, жынысына, дiни, философиялық, саяси және өзге де нанымына байланысты намысқа тиетiн сөздердi, салыстыруларды, бейнелердi пайдалану арқылы жалпы қабылданған адамгершiлiк және мораль нормаларын бұзатын мәтiндiк, көру, дыбыстық ақпараты бар;
      2) ұлттық немесе әлемдiк жетiстiк болып табылатын өнер, мәдениет объектiлерiне, тарих ескерткiштерiне нұқсан келтiретiн;
      3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк нышандарына (жалау, әнұран), ұлттық валютасына немесе шет ел валютасына, дiни нышандарға нұқсан келтiретiн жарнама әдепсiз болып табылады.
      Абыройына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк қабiлетiне кiр келтiретiн мәлiметтер бар жарнама жасалғаны және таралғаны (орналастырылғаны) туралы мәлiм болған жеке немесе заңды тұлға жарнама берушiлерден мұндай жарнаманы дәл сол таралған (орналастырылған) тәсiлмен терiске шығаруды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен өз мүдделерiн қорғауға талап етуге құқылы.
      4. Оның көмегiмен жарнама берушi (жарнама жасаушы, жарнама таратушы) жарнама тұтынушыны қасақана жаңылыстыруға әкеп соқтыратын жарнама көпе көрiнеу жалған жарнама болып табылады.
      5. Тұтынушының қабылдауына радио, теле, бейне, дыбыс, және кино өнiмдерiнде, сондай-ақ өзге де өнiмдерде, соның iшiнде арнаулы бейне қойылымдарды, қосарласқан дыбыс жазбаларын пайдалану арқылы және өзге де тәсiлдермен әсерi сезiнбейтiн жарнама жасырын жарнама болып табылады.
      6. Жөнсiз жарнамаға тыйым салынады.
 
      9-бап. Теле және радиобағдарламалардағы жарнама
 
      1. Теле және радиобағдарламалардағы жарнама сипатындағы хабарламалар мен материалдарға мамандандырылмаған жарнама бiр тәулiктегi хабарлардың жалпы көлемiнiң он пайызынан аспауы тиiс.
      2. Салу түрiндегі, соның iшiнде "жүгiртпе жол" тәсiлiмен жарнаманы пайдалану кезiнде оның көлемi кадр алаңының бес пайызынан аспауы тиiс.
      3. Балаларға арналған бағдарламаларды, бiлiм беру бағдарламаларын, дiни бағдарламаларды, ресми хабарлар таратуды, өкiлдi органдарға депутаттыққа кандидаттардың сөзiн жарнамамен үзуге тыйым салынады.
 
      10-бап. Кино, бейне және анықтамалық қызмет
              көрсетулердегi жарнама
 
      1. Сериялар арасындағы үзiлiстердi қоспағанда, кино, бейне және анықтамалық қызмет көрсетулердегi фильмнiң қойылымын жарнамамен үзуге тыйым салынады.
      2. Анықтамалық қызмет көрсету кезiнде жарнама абонент сұратқан анықтаманың хабарынан кейiн ғана берiледi.
      3. Ақылы анықтамалық, компьютерлiк және өзге де қызмет көрсету кезiнде жарнама абонент келiсiмiмен ғана берiледi. Мұндай жарнаманың құны абонент сұратқан анықтаманың құнына кiрмеуi тиіс.
 
      11-бап. Сыртқы (көрнекi) жарнама
 
      1. Сыртқы (көрнекi) жарнаманы елдi мекендерде және жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарында бөлiнген жиектерiнде тарату плакаттар, стендтер, жарық берушi табло, билбордтар, транспаранттар, жарқағаздар және өзге де тұрақты объектiлердi орналастыру түрiнде осы баптың 2, 3, 4-тармақтарында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Сыртқы жарнама қозғалыс қауiпсiздiгiнiң деңгейiн төмендетпеуi, жол белгiлерiмен және сiлтемелермен ұқсас болмауы, олардың көрiнуiн немесе қабылдау тиiмдiлiгiн нашарлатпауы, жол пайдаланушылардың көзiн байламауы не олардың назарын өзiне аудармауы тиiс.
      Осы баптың мақсаттары үшiн сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастыру жарнамалық ақпаратты тұтынушылардың назарына жарнамаларды тұрақты орналастырылатын объектiлер көмегiмен жеткiзу деп ұғынылады, олар кеңiстiкте қозғалмауымен сипатталады.
      2. Сыртқы (көрнекi) жарнама объектiлерiн орналастыруға:
      1) жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында бөлiнген жиектерiнде жарнама объектiлерiн орналастыру кезiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен автомобиль жолдары мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлi бiр мерзiмге беретiн құжаты;
      2) жергiлiктi атқарушы органдардың елдi мекендерде сыртқы жарнаманы орналастырудың тәртiбi мен шарттарында белгiленген талаптарға сәйкес берiлетiн рұқсаты болған жағдайда рұқсат етiледi.
      3. Сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастыруға салық заңнамасында белгiленген тәртiппен және мөлшерлерде төлемақы алынады.
      4. Осы баптың 2-тармағында белгiленген уәкiлеттi органдар салық заңдарында белгiленген тәртiппен рұқсат құжаттары берiлгендiгi туралы мәлiметтердi салық қызметi органдарына ұсынуға мiндеттi.
 
      12-бап. Көлiк құралдарындағы жарнама
 
      Көлiк құралдарында жарнама тарату (орналастыру) жол қозғалысының қауiпсiздiгi ережелерiн сақтай отырып, егер заңда немесе шартта осы мүлiкке заттық құқығы бар тұлғаларға қатысты өзгеше көзделмесе, көлiк құралдары иелерiмен және көлiк құралдарына өзге де заттық құқықтары бар тұлғалармен жасалған шарттың негiзiнде жүзеге асырылады.
 
      13-бап. Жекелеген өнiм түрлерiн жарнамалау ерекшелiктерi
 
      1. Мыналарға:
      1) алкоголь өнiмдерiн кәмелетке толмағандар арасында жарнамалау мақсатында тегiн таратуға;
      2) алкоголь өнiмдерiнiң жарнамалық роликтерінде оларды тұтыну процесi мазмұндалатын бейнелеулердi көрсетуге;
      3) мамандандырылған басқа басылымдарын қоспағанда, алкоголь өнiмдерiн газеттердiң бiрiншi беттерiнде, журналдардың және өзге де мерзiмдік басылымдардың мұқабасында жарнамалауға;
      4) алкоголь өнiмдерiн кәмелетке толмағандарға арналған бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалауға;
      5) сырадан басқа алкоголь өнiмдерiн сыртқы (көрнекi) жарнаманы таратуға;
      6) кәмелетке толмағандарға арналған iс-шараларға, сондай-ақ спорттық iс-шараларға демеушiлiк көрсету кезiнде алкоголь өнiмi атауын, бейнесiн немесе тауар белгiсiн пайдалануға;
      7) ана сүтiнiң жасанды алмастырушысын жарнамалауға;
      8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркелмеген дiни ұйымдар мен дiни оқу орындарын жарнамалауға;
      9) Қазақстан Республикасында мiндеттi сертификациялауға жататын, сертификациялаудан өтпеген тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi жарнаманы алауға;
      10) мәдени ескерткiштер, ғұрыптық объектiлер, табиғи кешендер, бiлiм беру және денсаулық сақтау ұйымдары аумағында сыртқы (көрнекi) жарнаманы таратуға;
      11) Алкоголь өнімдерінiң тауар белгiлерiнiң бейнелерiн кәмелетке толмағандарға арналған жерлерге, сондай-ақ осындай орындар мен ұйымдардан бергi жүз метрден жақын жерге, таксидi қоса алғанда, қоғамдық көлiкте орналастыруға тыйым салынады.
      2. Алкоголь өнiмдерiн насихаттайтын теле, радио бағдарламалары мен жарнамалық роликтердiң эфирге шығарылуына жергiлiктi уақыт бойынша 23 сағаттан 06 сағатқа дейiн рұқсат етiледi.
      Алкоголь өнiмдерiн бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалау оның тұжырымдамасын денсаулық сақтау iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiтетiн пайдаланудың зияндығы туралы айқын оқылатын мәтiнмен сүйемелденуi тиiс. Бұл сақтандыруға бүкiл жарнама көлемiнiң он пайызынан кем емес және теледидардағы жарнама ролигі эфирлiк уақытының кемiнде үш секунды бөлiнуi тиiс.
      Осы бапта белгiленген алкоголь өнiмдерiн жарнамалауға қойылатын шектеулердiң алкоголь бұйымдарын тарату үшiн пайдаланылатын көлiк құралдарына, сондай-ақ олардың бөлшек саудасына қатысы жоқ.
      3. Темекi және темекi бұйымдарын жарнамалаудың ерекшелiгi темекi шегудi алдын алу және оны шектеу туралы Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
      4. Дәрi-дәрмек құралдарын медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық техниканы, оларды жасауға және (немесе) сатуға лицензиясы болмаған кезде жарнамалауға, сондай-ақ медициналық және дәрiгерлiк қызметтi оны жүзеге асыруға лицензия болмаған кезде жарнамалауға рұқсат етiлмейдi.
      Дәрiгерлердiң рецептi бойынша босатылатын дәрi-дәрмек құралдары, Қазақстан Республикасында бақылауға жататын Есiрткi, психотроптық заттар және прекурсорлар тiзiмiне енгiзiлген (I және II кестелер) есiрткi және психотроптық заттар жарнамасы тек медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерге арналған мамандандырылған баспа басылымдарында ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
      Құрамында есiрткi немесе психотроптық заттар бар дәрi-дәрмек препараттарының үлгiлерiн жарнамалау мақсатында таратуға тыйым салынады.
      Дәрi-дәрмек құралдарын жарнамалауға рұқсат беру тәртiбiн денсаулық сақтау iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      5. Қызмет қаруын, сондай-ақ экспорты мен импорты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiлетiн қару-жарақты, әскери техниканы және екi ұдайы мақсаттағы өнiмдердi жарнамалауға тек мамандандырылған басылымдарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiлетiн мамандандырылған көрмелерде немесе жәрмеңкелерде рұқсат етiледi. Көрсетiлген жарнама әскери және арнаулы қарудың, қару-жарақтың, әскери техниканың өндiрiс технологиясын, қолдану тәсiлдерiн тура немесе жанама түрде ашпауы тиiс.
 
      14-бап. Қаржы, сақтандыру, инвестициялық қызмет көрсетулерiнiң
              және бағалы қағаздарды жарнамалау ерекшелiктерi
 
      Жеке және заңды тұлғалардың ақшаларын, сондай-ақ бағалы қағаздарын пайдалануға байланысты қаржы, соның iшiнде банктiк, сақтандыру, инвестициялық және өзге де қызмет көрсетулерiне жарнама жасау, тарату (орналастыру) кезiнде:
      1) жарнамаланатын қызмет көрсетулер мен бағалы қағаздарға тiкелей

 

қатысы жоқ ақпаратты жарнамада келтiруге;

     2) атаулы жай акциялар бойынша кiрiс алуға және дивидендтер мөлшерiне

кепiлдiк беруге;

     3) эмиссияларды тiркемей, сондай-ақ бағалы қағаздар эмиссиялары

тоқтатылған немесе iске аспады деп танылған кезде бағалы қағаздарды

жарнамалауға;

     4) қызметтiң болашақта тиiмдiлiгi (табыстылығы) туралы, соның iшiнде

бағалы қағаздардың бағамдық құнының өсуiн хабарлау жолымен кез келген

кепiлдiктер, уәделер немесе ұсыныстар беруге;

     5) егер жарнамада шарттың қағидалары туралы хабарланатын болса,

шарттардың елеулi қағидаларының ең болмағанда бiреуiн жасырып қалуға тыйым

салынады.

     15-бап. Жарнама жасау, тарату (орналастыру) кезiнде кәмелетке

             толмағандарды қорғау


 
       Жарнама жасау, тарату (орналастыру) кезiнде кәмелетке толмағандардың тәжiрибесiнiң болмауынан олардың сенiмiн терiс пайдаланудан қорғау мақсатында:
      1) ата-аналардың беделiн түсiруге, оларға кәмелетке толмағандардың сенiмiн жоғалтуға;
      2) ата-аналарды немесе басқа да адамдарды жарнамаланатын өнiмдердi сатып алуға үгіттейтiн тiкелей ұсыныс жасауға;
      3) түрлi өнiмдерге ие болуы басқалардың алдында қандай да болсын артықшылық беретiнiне, сондай-ақ ондай өнiмнiң жоқтығы керiсiнше болатынына кәмелетке толмағандардың назарын аударуға;
      4) алдын алу мақсаттары оны ақтамаса, жарнамаға кәмелетке толмағандарды қауiптi жерлер мен жағдайларда көрсететiн мәтiндiк, көрнекi немесе дыбыстық ақпараттарды орналастыруға;
      5) кәмелетке толмағандарға арналған тауарларға (жұмыстарға, қызмет көрсетулерге) тiкелей қатысы жоқ кәмелетке толмағандардың бейнесiн жарнамада көрнекi немесе дыбыстық пайдалануға;
      6) кәмелетке толмағандардың өнiмдi пайдалана бiлу дағдыларының қажеттi деңгейiн кемiтiп көрсетуге жол берiлмейдi. Егер өнiмдi пайдалану нәтижелерi көрсетiлген немесе сипатталған жағдайда, жарнама өнiм арналған жастағы кәмелетке толмағандар тобы нақты қол жеткiзе алатын ақпарат беруi тиiс;
      7) кәмелетке толмағандарға арналған өнiмнiң құны (бағасы) туралы, сондай-ақ жарнамаланатын өнiмге кез келген отбасы бюджетi қол жеткiзуге болады деген тура немесе жанама нұсқау арқылы кәмелетке толмағандарда шындыққа жанаспайтын (бұрмаланған) түсiнiк қалыптастыруға жол берiлмейдi.
 
      16-бап. Жарнамасы бар материалдарды сақтау мерзiмдерi
 
      Жарнама берушiлер, жарнама жасаушылар және жарнама таратушылар жарнамасы бар материалдарды немесе олардың көшiрмелерiн, оларға кейiннен енгізiлетін өзгерiстердi қоса алғанда, жарнаманың соңғы тараған күнiнен бастап кемiнде үш ай сақтауы тиiс.
 
      17-бап. Жарнамалық ақпаратты табыс ету
 
      1. Жарнамалық және жарнамаланатын ақпараттың деректi растамасын жарнама жасаушы және жарнама таратушы талап етуге, ал жарнама берушi ұсынуға мiндеттi.
      2. Жарнаманы жасау мен тарату (орналастыру) кезiнде жарнама жасаушы және жарнама таратушы жарнама берушiге соңғысының талаптарын сақтау Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдарын бұзуға әкеп соғуы мүмкiн жағдайлар туралы уақытылы ескертуге мiндеттi.
      3. Егер жарнама берушi ескертуге қарамастан өзiнiң жарнамаға қоятын талабын өзгертпесе не өзiнiң жарнамалық және (немесе) жарнамаланатын ақпараты шынайылығының деректi растамасын ұсынбаса не жарнаманы жөнсiз етуi мүмкiн өзге де мән-жайларды жоймаса, жарнама жасаушы және (немесе) жарнама таратушы, егер шартта өзгеше көзделмесе, белгiленген тәртiппен шартты бұзуға және залалдың толық өтеуiн талап етуге құқылы.
      4. Жарнама берушi, жарнама жасаушы және жарнама таратушы заңдарда белгiленген тәртiппен уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың талабы бойынша көрсетiлген тұлғалардың осы Заң талаптарын орындамауына қатысты қажеттi ақпарат беруге мiндеттi.
 
      4-тарау. Жарнама туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауаптылық
 
      18-бап. Терiске шығару
 
      1. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған (орналастырылған) кезiнде Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдарын бұзу фактiсi анықталған жағдайда, бұзушылыққа жол берген тұлға мұндай жарнаманы заңдарда белгiленген тәртiппен дереу тоқтатуға және терiске шығаруды жүзеге асыруы мiндеттi. Бұл ретте, терiске шығару бойынша шығатын шығыстардың барлығын бұзушылыққа жол берген тұлға көтередi.
      2. Терiске шығару жөнсiз жарнаманы терiске шығаратын дәл сол тарату (орналастыру) құралдарымен ұзақтығының, кеңiстiгiнiң, орнының және тәртiбiнiң дәл сол сипаттамалары пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
 
      19-бап. Жарнама туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауаптылық
 
      1. Жарнама берушi жарнама туралы заңдарды бұзғаны үшiн, егер ол

 

жарнама жасаушының және жарнама таратушының кiнәсiнен болғаны дәлелденбесе

оның мазмұнына қатысты жауаптылық көтередi.

     2. Жарнама жасаушы жарнама туралы заңдарды бұзғаны үшiн жарнаманы

ресiмдеуге немесе жасауға қатысты жауаптылық көтередi.

     Жарнама таратушы жарнама туралы заңдарды бұзғаны үшiн жарнама

орналастырудың уақытына, орнына және тәсiлiне қатысты жауаптылық көтередi.

     3. Осы Заңның 1, 2, 3-тармақтарында аталған тұлғалардың жауаптылығы

Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен белгiленедi.

     Қазақстан Республикасының

            Президентi




Мамандар:

     Багарова Ж.А.,

     Жұманазарова А.Б.





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады