Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Нидерланды Корольдігі Үкiметiнiң арасында Кеден iстерiндегi ынтымақтастық және әкiмшiлiк өзара көмек туралы келiсiмдi жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 25 қараша N 1248

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Нидерланды Корольдiгi Үкiметiнiң арасындағы Кеден iстерiндегi ынтымақтастық және әкiмшiлiк өзара көмек туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттiгiнiң төрағасы Бердiбек Машбекұлы Сапарбаевқа қағидатты сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат етiле отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан көрсетiлген Келiсiмдi жасасуға өкiлеттiк берілсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

   Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Нидерланды Корольдiгi Үкіметiнің арасындағы кеден iстерiндегi ынтымақтастық және әкiмшілік өзара көмек туралы келiсiм

      Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Нидерланды Корольдiгiнiң Үкiметi,
      импорт немесе экспорт кезiнде алынатын кеден баждарын, салықтарын және басқа да алымдардың дәл есептелуiн қамтамасыз етудiң, сондай-ақ тыйым салу, шектеу және бақылау жөнiндегi шаралардың лайықты дәрежеде орындалуының маңыздылығын назарға ала отырып;
      кеден заңнамасын бұзудың өз мемлекеттерiнiң экономикалық, салықтық, қоғамдық, мәдени мүдделерiне, қоғамның салауаттылығына және сауда мүдделерiне залал келтiретiндiгін назарға ала отырып;
      есiрткі құралдары мен психотроптық заттарды, қауіпті жүктерді, жойылу қаупi төнiп тұрған флора мен фаунаның түрлерiн және уытты қалдықтарды шекаралар арқылы заңсыз өткiзудiң қоғам үшiн қауiп төндiретiндiгiн ескере отырып;
      өз мемлекеттерi кедендiк заңнамаларын қолдану және сақталуын қамтамасыз ету саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың қажеттiлігін мойындай отырып;
      кеден заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу жөнiндегi күштер кеден әкiмшiлiктерiнiң арасындағы нақты құқықтық ережелерге негiзделген тығыз ынтымақтастықтың арқасында неғұрлым тиiмдi болуы мүмкiн екендiгiне көз жеткiзе отырып;
      Дүниежүзiлiк Кеден Ұйымы ретiнде белгілi Кедендiк ынтымақтастық кеңесiнiң тиiстi құжаттарын, атап айтқанда 1953 жылғы 5 желтоқсандағы Өзара әкiмшiлiк көмек туралы ұсынымдарды назарға ала отырып;
      жекелеген тауарларға қатысты тыйым салу, шектеу және бақылау жөнiндегi шараларды көздейтiн халықаралық конвенциялардың ережелерiн де назарға ала отырып;
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

І бөлiм
Айқындама

1-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн мынадай ұғымдар қолданылады:

      1. "Кеден әкiмшiлiгi":
      Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасының Кедендiк бақылау агенттiгі;
      Нидерланды Корольдiгінде - кеден заңнамасын қолдануға жауапты Орталық әкiмшiлiк;

      2. "Кеден заңнамасы" - кеден әкiмшiлiктерi тыйым салу, шектеу және бақылау жөнiндегi шараларға жататын кесiмдердi қоса алғанда, тауарларды әкелуге, әкетуге, транзитiне және өткiзуге қатысты қолданатын нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жиынтығы;

      3. "Кедендiк құқық бұзушылық" - Уағдаласушы Тараптардың әр қайсысы мемлекетiнiң кеден заңнамасын кез келген бұзу;

      4. "Кеден талаптары" - осы Келiсiм қолданылатын кеден баждары мен басқа да салықтардың кез келген сомасы, олардың сомаларының қосымша төлемдерiнiң өсiмi, мерзiмi өткен төлемдер Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң аумағынан жиналуы мүмкiн болмайтын аталған баждар мен салықтарға жататын пайыздар мен шығыстар;

      5. "Тұлға" - кез келген жеке немесе заңды тұлға;

      6. "Жеке тұлғалар туралы мәлiметтер" - анықталған немесе анықталып жатқан жеке тұлғаға қатысты кез келген мәлiметтер;

      7. "Ақпарат" - кез келген мәлiметтер, құжаттар, баяндамалар, олардың расталған көшiрмелерi немесе электронды тасығыштардағы мәлiметтердi қоса алғанда, кез келген нысанда берiлген басқа да хабарлар;

      8. "Есiрткi құралдары" - Бiрiккен Ұлттар Ұйымының 1961 жылғы Есiрткi құралдары туралы бiрыңғай Конвенциясының I немесе II тiзiмдерiне енгiзiлген заттар;

      9. "Психотроптық заттар" - Бiрiккен Ұлттар Ұйымының 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы Конвенциясының I, II, ІІІ немесе IY тiзiмдерiне енгiзiлген заттар;

      10. "Прекурсорлар" - есiрткi құралдары мен психотроптық заттарды өндiру үшiн пайдаланылатын химиялық заттар ретiнде жiктелетiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының 1988 жылғы Есiрткi құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес туралы Конвенциясының I және II тiзiмдерiне енгiзiлген заттар мен олардың тұздары;

      11. "Cұpay салушы әкiмшiлiк" - жәрдем сұрайтын кеден әкiмшiлiгi;

      12. "Сұрау салынған әкiмшiлiк" - одан жәрдем сұралатын кеден әкiмшiлiгi.

ІІ бөлiм
Келiсiмнiң қолданылу аясы

2-бап

      1. Уағдаласушы Тараптар өздерiнiң кеден әкiмшiлiктерi арқылы осы Келiсiмнiң шарттарына сәйкес бiр бiрiне кеден заңнамасын лайықты дәрежеде қолдану, сондай-ақ кеден төлемдерiн алуды қоса алғанда, кеден заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, тексеру және жолын кесу жөнiнде әкiмшiлiк жәрдем көрсетедi.

      2. Осы Келiсiмнiң шеңберiндегi жәрдемдi екi Уағдаласушы Тарап өздерiнiң мемлекеттерiнiң заңнамаларына сәйкес, құзыреттерiнiң және өздерiнiң кеден әкiмшiлiктерiнде бар мүмкiндiктердiң шегiнде көрсетедi.

      3. Осы Келiсiм Қазақстан Республикасы мен Нидерланды Корольдiгiнiң басқа халықаралық шарттарынан туындайтын қазiргi және болашақтағы мiндеттемелерiн қозғамайды.

      4. Осы Келiсiм тек Уағдаласушы Тараптардың арасында өзара әкiмшiлiк көмек көрсетуге арналған. Осы Келiсiмнiң ережелерi қандай да бiр жекеше тұлға үшiн кез келген дәлелдеменi алу, пайдалануға кедергi келтiру немесе алып тастау не сұрау салудың орындалуына кедергi келтiру құқығын туғызбайды.

      5. Осы Келiсiм қылмыстық iстердегi өзара жәрдемдi реттейтiн ережелердi қозғамайды. Егер өзара көмек Уағдаласушы Тараптардың арасында қолданылатын басқа келiсiмдерге сәйкес көрсетiлуi тиiс болса, сұрау салынған кеден әкiмшiлiгi мүдделi тиiстi билiктердi көрсетедi.

III бөлiм
Жәрдемдесу аясы

3-бап

      1. Кеден әкiмшiлiктерi бiр бiрiне сұрау салу немесе өз бастамасы бойынша кеден заңнамасының лайықты қолданылуын, сондай-ақ кеден төлемдерiн алуды қоса алғанда, кедендiк құқық бұзушылықтардың алдын алуды, тексерудi және жолын кесудi қамтамасыз етуге көмектесуi мүмкiн ақпаратты бередi.

      2. Әр бiр кеден әкiмшiлiгi екiншi кеден әкiмшiлiгiнiң өтiнiшi бойынша тексерулер жүргiзуi кезiнде, егер өз тексеруiн не өз мемлекетiнiң басқа билiктерiнiң өтiнiшi бойынша тексеру жүргiзетінi сияқты әрекет етедi.

4-бап

      1. Сұрау салынған әкiмшiлiк сұрау салу бойынша кеден заңнамасы және Уағдаласушы Тарап мемлекетiнде қолданылатын рәсiмдер туралы және кедендiк құқық бұзушылықтарға жүргiзiлiп жатқан тексерулерге қатысты барлық ақпаратты ұсынады.

      2. Әрбiр кеден әкiмшiлiгi өз бастамасы бойынша:
      1) кедендiк құқық бұзушылықтарға қарсы күрестiң өзiнiң тиiмдiлiгiн дәлелдеген жаңа әдiстерiне;
      2) кедендiк құқық бұзушылықтар жасаудың жаңа үрдiстерiне, құралдарына немесе әдiстерiне қатысты кез келген қолда бар ақпаратты бередi.

5-бап

      1. Кеден әкiмшiлiктерi кеден iсi саласында бiр бiрiне:
      1) екi кеден қызметтерi пайдаланатын технологиялармен танысу мақсатында өзара тиiмдi негiзде кеден қызметтерi қызметкерлерiнiң сапарларымен алмасуды;
      2) кеден қызметтерi қызметкерлерiн оқытуды және арнаулы дағдыларын жетiлдiруге көмектесудi;
      3) бақылау мен анықтаудың техникалық құралдарын пайдаланудағы ақпараттармен және тәжiрибемен алмасуды;
      4) кеден iсi мәселелерi жөнiндегi сарапшылармен алмасуды;
      5) кеден заңнамасына қатысты кәсiптiк, ғылыми және техникалық мәлiметтермен алмасуды қамтитын кеден iсi саласындағы техникалық жәрдемнiң кез келген нысандарын көрсетуi мүмкiн.
      Көрсетiлген iс-шараларды қаржыландыру тәртiбi осы Келiсiмнiң 2-бабының 2-тармағына сәйкес келiсiлетiн болады.

IҮ бөлiм
Өзара әкiмшiлiк көмектiң eрекше жағдайлары

6-бап

      1. Сұрау салынған әкiмшiлiк сұрау салу бойынша сұрау салушы әкiмшiлiкке мынадай:
      1) сұрау салушы Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң кеден аумағына әкелiнген тауарлар сұрау салынған Тарап мемлекетiнiң кеден аумағынан заңды түрде әкетiлген болып табыла ма;
      2) сұрау салушы Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң кеден аумағынан әкетiлгeн тауарлар сұрау салынған Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң кеден аумағына заңды түрде әкетiлген болып табыла ма, сондай-ақ егер мұндай жағдай орын алса, бұл тауарлар ұшыраған кедендiк рәсiм туралы ақпаратты ұсынады.

7-бап

      1. Сұрау салу бойынша сұрау салынған әкiмшiлiк:
      1) өтулерге, атап айтқанда сұрау салушы әкiмшiлiкке кедендiк заңнаманы бұзушылықтар жасағандығы белгiлi немесе оған күдiктi адамдардың өз мемлекетiнiң кеден аумағына келуiне және одан кетуiне;
      2) олар туралы сұрау салушы кеден әкiмшiлiгі сұрау салушы Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң кеден аумағына заңсыз өткiзiлгендігіне күдiк тудыратын ретiнде хабарлаған тауарлардың өткізiлуiне және сақталуына;
      3) сұрау салушы әкiмшiлiк олар сұрау салушы Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң кеден аумағында кеден заңнамасын бұзу мақсатында пайдаланылады деп күдiктенген көлiк құралдарына арнайы қадағалауды жүргiзедi.

      2. Кеден әкiмшiлiктерi өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес, өзара келiсiм бойынша және өз бақылауымен заңсыз өткiзуде пайдаланылатын тауарларды осындай заңсыз өткiзудiң жолын кесу мақсатында өз мемлекеттерiнiң кеден аумағы арқылы әкелуге, әкетуге немесе олардың транзитіне рұқсат етуi мүмкiн. Егер, кеден әкiмшiлiгi тиiстi рұқсат беруге құзыреттi болмаса, ол құзыреттi органдармен өзара iс-қимылды қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды қабылдайды не iстi тиiстi органға бередi.

8-бап

      1. Кеден әкiмшiлiктерi бiр бiрiне өз бастамасы бойынша немесе сұрау салу бойынша кеден заңнамасын бұзатын немесе бұзуы мүмкiн жасалған немесе дайындалып жатқан әрекеттер туралы ақпараттар бередi. Мұндай ақпараттар:
      1) қару-жарақтың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш заттар мен ядролық материалдардың;
      2) Уағдаласушы Тараптардың бiрi үшiн елеулi тарихи, көркем немесе археологиялық құндылықты бiлдiретiн көнелiк және өнер заттарының;
      3) есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, сондай-ақ қоршаған орта мен халық денсаулығы үшiн қауiп төндiретiн заттардың;
      4) осы Келiсiм қолданылатын, жоғары кеден баждар мен басқа да салықтар салынатын тауарлардың;
      5) санаткерлiк меншiк объектiлерiнiң;
      6) жойылып кету қаупi төнiп тұрған жануарлар мен өсiмдiктердiң, олардың бөлiктерi мен дериваттарының өткiзiлуiн қамтиды, бiрақ олардың өткiзiлуiн шектемейдi.

      2. Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң экономикасына, қоғамдық денсаулық сақтауына, қоғамдық қауiпсiздiгіне, сондай-ақ басқа да өмiрлiк маңызды мүдделерiне елеулi залал келтiруi мүмкiн болатын ерекше жағдайларда, екiншi Уағдаласушы Тараптың кеден әкiмшiлiгi мүмкiндiгiнше ақпаратты Өз бастамасы бойынша кешiктiрмей ұсынады.

9-бап

      1. Кеден әкiмшiлiктерi өздерiнiң Ұлттық заңнамасына сәйкес кеден төлемдерiн алу мақсатында бiр бiрiне көмек көрсетедi.

      2. Кеден әкiмшiлiктерi өзара уағдаластық бойынша осы баптың осы Келiсiмнiң 18-бабының 2-тармағына сәйкес қолданылуына қатысты ереженi белгiлейдi.

Y бөлiм
Ақпараттар және құжаттар ұсыну

10-бап

      1. Құжаттардың түпнұсқалары тек расталған және бiрдей көшiрмелердi ұсыну жеткiлiктi болмайтын жағдайларда ғана сұратылуы мүмкiн. Сұрау салынған кеден әкiмшiлiгiнен алынған түпнұсқалар алғашқы мүмкiндiк туғанда қайтарылуы тиiс. Бұл ретте, сұрау салынған әкiмшiліктiң немесе құжаттарды ұсынуға қатысы бар үшiншi жақтың құқықтары қозғалмайды.

      2. Осы Келiсiмге сәйкес ұсынылған кез келген ақпарат оны түсiндiру мен пайдалану үшiн қажеттi барлық iлеспе ақпараттармен қоса жүруi тиiс.

YI бөлiм
Сарапшылар және куәлар

11-бап

      1. Сұрау салынған жағдайда сұрау салынған әкiмшiлiк өзiнiң лауазымды адамдарын сұрау салушы Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында соттың немесе требуналдың алдында кедендiк жолсыздықтар туралы iстер бойынша сарапшылар немесе куәлар ретiнде түсуге уәкiлеттi етуi мүмкiн.

ҮII бөлiм
Жәрдемдесу туралы сұрау салулардың нысаны мен мазмұны

12-бап

      1. Осы Келiсiмнiң негiзiнде жасалған жәрдемдесу туралы сұрау салуларды тiкелей екiншi Уағдаласушы Тараптың кеден әкiмшiлiгi жазбаша нысанда ұсынуы тиiс. Сұрау салуды орындау үшiн қажеттi құжаттар оған қоса берiлуi тиiс.

      2. Осы баптың 1-тармағының негiзінде жасалған сұрау салуларға мынадай ақпаратты қосу қажет:
      1) сұрау салушы органның атауы;
      2) сұрау салудың мақсаты мен себебi;
      3) жағдаяттардың қысқаша сипаттамасы, iске қатысы бар нормативтiк кесiмдердiң тiзбесi, сондай-ақ тексерудiң түрi;
      4) егер олар белгiлi болса, тексеру объектiсi болып табылатын тұлғалардың аттары мен мекен-жайлары.

      3. Кеден әкiмшiлiктерiнiң кез келгенiнiң белгiлi бiр рәсiмдi жүргiзуi туралы сұрау салуы сұрау салынған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қанағаттандырылады.

      4. Осы Келiсiмнiң шеңберiнде ұсынылатын ақпарат әрбiр кеден әкiмшiлiгi осы мақсаттар үшiн тағайындаған лауазымды адамдарға ғана берiледi. Осындай лауазымды адамдардың тiзiмi осы Келiсiмнiң 18-бабының 2-тармағына сәйкес екiншi Уағдаласушы Тараптың кеден әкiмшiлiгiне берiледi.

ҮIII бөлiм
Сұрау салуларды орындау

13-бап

      1. Eгep, cұpaу салынған кеден әкiмшiлiгiнде сұрау салынған ақпарат болмаған жағдайда, ол өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес мұндай ақпаратты алу шараларын қабылдайды. Бұл шаралар кедендiк құқық бұзушылық жөнiндегi ақпарат бар адамдардан, сондай-ақ куәлар мен сарапшылардан ақпарат алуды қамтиды.

14-бап

      1. Кедендiк құқық бұзушылықтарды тексеру мақсатында және жазбаша сұрау салуға сәйкес сұрау салушы әкiмшiлiк тағайындаған лауазымды адамдар сұрау салынған әкiмшiлiктiң келiсiмiмен және ол қоюы мүмкiн Шарттар сақталған жағдайда:
      1) жолсыздыққа қатысты ақпаратты сұрау салынған әкiмшiлiктiң офистерiндегi құжаттармен, жазбалармен және басқа да тиiстi деректермен салыстыруы;
      2) құжаттардың, жазбалардың және кедендiк құқық бұзушылыққа қатысы бар басқа да мәлiметтердiң көшiрмелерiн алуы;
      3) сұрау салынған Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң кеден аумағында сұрау салынған әкiмшiлiк жүргiзетiн және сұрау салушы әкiмшiлiкке қатысы бар тексеру кезiнде қатысуы мүмкiн.

      2. 11-баппен немесе осы баптың 1-тармағымен көзделген, сұрау салушы әкiмшiлiктің лауазымды адамдары екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында болған жағдайларда, олар кез келген уақытта өздерiнiң ресми өкiлеттiктерiнiң дәлелдерiн ұсынуға қабiлеттi болуы тиiс.

      3. Болу уақытында олар екiншi Уағдаласушы Тараптың кедендiк лауазымды адамдары үшiн өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес көзделетiндей қорғаныспен қамтамасыз етiлуi және өздерi жасауы мүмкiн жолсыздықтар үшiн жауаптылықта болуы тиiс.

IX бөлiм
Ақпараттардың құпиялылығы

15-бап

      1. Осындай ақпаратты берген кеден әкiмшiлiгi оны басқа мақсаттар үшiн не басқа органдар пайдалану мүмкiндiгiн растайтын жағдайларды қоспағанда, осы Келiсiмге сәйкес алынған кез келген ақпарат тек осы Келiсiмнiң мақсаттарында және оны тек кеден әкiмшiлiктерi ғана пайдаланылуы тиiс. Мұндай пайдалану ақпараттарды берген кеден әкiмшiлiгi белгiлейтiн кез келген шектеулердi ескере отырып жүзеге асырылады. Егер бұл, ақпаратты ұсынған Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасында көзделсе, кез келген осындай ақпарат тек Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң прокуратура органдары мен сот органдарының рұқсатын алғаннан кейiн ғана қылмыстық қудалауларда пайдаланылуы мүмкiн.

      2. Осы Келiсiмге сәйкес алынған кез келген ақпарат оның мемлекетiнде ұқсас сипаттағы және мазмұндағы өз ақпараты үшiн жұмыс iстейтiн нақ сондай құпиялылық режимiмен қамтамасыз етiледi.

      3. Осы Келiсiмнiң 2-бабының 3-тармағында көрсетiлген Қазақстан Республикасы мен Нидерланды Корольдiгiнiң мiндеттемелерiне сәйкес кеден әкiмшiлiктерiнiң бiрiнiң ақпаратты ашқандығы туралы екiншi кеден әкiмшiлiгiне алдын ала хабарланады.

      4. Осы Келiсiмнiң негiзiнде жеке тұлғалар туралы деректер беру әр Уағдаласушы Тараптар мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес және осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын осы Келiсiмге Қосымшаның ережелерi сақтала отырып жүзеге асырылады.

Х бөлiм
Жәрдем көрceту жөнiндегi мiндеттемелерден eрекшелiктер

16-бап

      1. Сұрау салынған кеден әкiмшiлiгi сұрау салуды орындау сұрау салынған Уағдаласушы Тараптың егемендiгіне, қауiпсiздiгiне, қоғамдық тәртiбiне немесе басқа да маңызды ұлттық мүдделерiне залал келтiредi не өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе кәсiби құпияларын бұзуы мүмкiн деп санаған жағдайларда, ол осы Келiсiмде көзделген жәрдемнен толық немесе iшiнара бас тартуы мүмкiн.

      2. Егер сұрау салушы әкiмшілiк өзi көрсете алмайтын жәрдем үшiн жүгiнген жағдайда, ол өз сұрау салуында бұл фактiнi атап өтедi. Мұндай сұрау салуды орындау сұрау салынған әкiмшiлiктiң қарауына қалдырылады.

      3. Сұрау салынған әкiмшiлiк сұрау салуды орындауды ол жүрiп жатқан тексеруге, талқылауға немесе қудалауға кедергi жасауы мүмкiн деген негiзде кейiнге қалдыруы мүмкiн. Мұндай жағдайда сұрау салынған әкiмшiлiк cұpay салушы әкімшілікпен сұрау салуды орындаудың сұрау салынған әкiмшiлiк талап етуi мүмкiн мерзiмдерi мен шарттары бойынша консультациялар жүргiзедi.

      4. Егер жәрдемнен бас тартылса немесе оның орындалуы кейiнге қалдырылса, онда бac тарту немесе ауыстыру туралы шешiм сұрау салушы әкiмшiлiктің назарына жеткiзiледi.

XI бөлiм
Шығыстар

17-бап

      1. Кеден әкiмшiлiктерi сұрау салушы кеден әкiмшiлiгi көтеретiн мемлекеттiк қызметте тұрмайтын сарапшыларға, куәларға және аудармашыларға арналған шығыстарды қоспағанда, осы Келiсiмге сәйкес сұрау салудың орындалуымен байланысты шығыстарды төлеу жөнiндегi барлық бiр бiрiне қойылған талаптарды қабылдамайды.

      2. Егер сұрау салу төтенше сипатта болса немесе оны орындау үшiн елеулi шығыстар талап етілсе, Уағдаласушы Тараптар олардың негiзiнде аталған сұрау салу орындалуы мүмкiн шарттарды, сондай-ақ осы Келiсiмнiң 2-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын төлем жүргiзудiң нысандарын айқындау мақсатында бiр бiрімен консультациялар жүргiзедi.

XII бөлiм
Келiсiмдi iске асыру

18-бап

      1. Кеден әкiмшiлiктерi кедендiк құқық бұзушылықтарды тексеруге және олардың жолын кесуге жауапты тұлғалар бiр бiрiмен тура және тiкелей байланыс орнату үшiн шаралар қабылдайды.

      2. Кеден әкiмшiлiктерi осы Келiсiмнiң шеңберiндегi осы Келiсiмдi iске асыру үшiн қажеттi одан арғы iс-қимылдарды келiседi.

      3. Кеден әкiмшiлiктерi осы Келiсiмдi түсiндiруден немесе қолданудан туындайтын кез келген проблемаларды өзара келiсiм бойынша шешуге ұмтылады.

      4. Шешiлмеген даулар мен келiспеушiлiктер дипломатиялық арналар бойынша шешiледi.

XIII бөлiм
Қолданылуы

19-бап

      1. Қазақстан Республикасына қатысты осы Келiсiм оның аумағында қолданылады.

      2. Нидерланды Корольдiгiне қатысты осы Келiсiм оның Еуропадағы аумағында қолданылады. Алайда, осы Келiсiмнiң қолданылуы толығымен немесе қажеттi өзгерiстерiмен нидерландылық Антиль аралдарына немесе Арубаға таратылуы мүмкін.

      3. Осы Келiсiм қолданылуының мұндай таратылуы дипломатиялық арналар бойынша алмасу ноталарында көзделуi және келiсiлуi мүмкiн болатындығы сияқты қолданылуын тоқтату туралы шарттарды қоса алғанда, осындай өзгерiстер мен шарттар сақталған жағдайда, осындай күннен бастап күшiне енедi.

ХIҮ бөлiм
Күшiне енуi және тоқтатылуы

20-бап

      Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажетті мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарлама алғаннан кейін 2-шi айдың 1-шi күнi күшiне енедi.

21-бап

      1. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады. Әрбiр Уағдаласушы Тарап кез келген сәтте оны дипломатиялық арналар бойынша екiншi Уағдаласушы Тарапқа бұл туралы жазбаша хабарлама жібepe отырып тоқтата алады.

      2. Осы Келiсiмнiң қолданылуы екiншi Уағдаласушы Тарап оның қолданылуын тоқтатқандығы туралы хабарламаны алған күннен бастап үш ай өткеннен кейiн тоқтатылады. Осы Келiсiмнiң қолданылуының тоқтатылуы кезiнде жүрiп жатқан iс-шаралар, соған қарамастан осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес орындалуы тиiс.

22-бап

      Уағдаласушы Тараптар сұрау салу бойынша немесе осы Келiсiм күшiне енген күннен бастап бес жыл өткеннен кейiн осы Келiсiмнiң ережелерiн қайта қарау мақсатындағы кездесулердi өткiзедi, не бiр бiрiне қайта қараудың қажеттiгi жоқтығы туралы жазбаша хабарлама жiбередi.

      ОСЫЛАРДЫ КУӘЛАНДЫРА ОТЫРЫП оған уәкiлеттi төменде қол қоюшылар осы Келiсiмге қол қойды.

      ________ қаласында "___"_______ әр қайсысы қазақ, нидерланд, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi түпнұсқалық данада жасалды, әрi барлық мәтіндердің бiрдей күшi бар.
      Түсiндiру мақсаттары үшiн келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, ағылшын тiлiндегi мәтiн пайдаланылатын болады.

      Қазақстан Республикасының       Нидерланды Корольдiгiнiң
      Үкiметі үшiн                    Үкiметi үшiн

Келiсiмге қосымша  

Уағдаласушы Тараптардың кеден әкiмшiлiктерi басшылыққа алатын жеке тұлғалар туралы мәлiметтер беру туралы
ЕРЕЖЕ

      1. Осы Ереже Нидерланды Корольдiгiнiң Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң арасындағы кеден iстерiндегi ынтымақтастық және әкiмшiлiк өзара көмек туралы осы Келiсiмнiң 15-бабының 4-тармағына сәйкес әзiрлендi.

      2. Уағдаласушы Тараптардың кеден әкiмшiлiктерi жеке тұлғалар туралы алынған мәлiметтердi тек көрсетiлген мақсаттарда және оларды берушi кеден әкiмшiлiгi белгiлеген шарттарда ғана пайдалануы мүмкiн.

      3. Сұрау салу бойынша алушы белгiленген мерзiмдерде мәлiмет берген кеден әкiмшiлiгiне оларды пайдаланғандығы және бұл ретте, қол жеткiзiлген нәтижелер туралы хабарлайды.

      4. Жеке тұлғалар туралы мәлiметтердi Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi кеден органдары ғана беруi мүмкiн. Кейiн басқа органдарға беру тек бұл мәлiметтердi берген кеден әкiмшiлiгiнiң келiсiмiмен ғана рұқсат етiледi.

      5. Берушi кеден әкiмшiлiгі берiлетін мәлiметтердiң дәлдiгiн және олар қолданылатын мақсаттарды ескере отырып шектен шықпаушылығын тек қамтамасыз eтілуi тиiс. Бұл ретте, Тараптардың әрқайсысының ұлттық заңнамасына сәйкес қолданылатын жеке тұлғалар туралы мәлiметтердi беруге арналған тыйым салулары сақталады. Егер дұрыс емес немесе беруге жатпайтын мәлiметтерiң берiлгенi анықталған жағдайда, онда бұл туралы мәлiметтердi түзетудi немесе жоюды жүргізуге мiндеттi болатын алушыға дереу хабарланады.

      6. Тиiстi жеке тұлғаға оның сұрауы бойынша оған қатысы бар мәлiметтер туралы ақпараттар, сондай-ақ ұлттық заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды пайдаланудың мақсаттары туралы ақпараттар берiледi. Егер, мемлекеттiң ақпарат беруден бас тартуы туралы мүдделерi тиiстi тұлғаның ақпарат алу туралы мүддесінен үстем болса, ақпараттардың берiлмеуi мүмкiн. Қалғанында тиiстi тұлғаның мұндай ақпараттарға байланысты құқықтары ұлттық заңнамамен айқындалады.

      7. Егер, осы Келiсiмнiң шеңберiнде мәлiметтер алмасудың салдарынан қайсы бiреуге материалдық немесе моральдық залал келтiрiлсе, онда бұл мәлiметтердi алған кеден әкiмшiлiгi ұлттық заңнамаға сәйкес жауаптылықта болады. Ол жәбiрленушiлердiң алдында ақталу ретiнде залалды ақпараттарды берген кеден әкiмшiлiгi келтiргендiгiне сiлтеме жасай алмайды.

      8. Мәлiметтердi беру кезiнде берушi кеден қызметi, ол аяқталғаннан кейiн бұл мәлiметтер жойылуға жататын Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес қолданылатын оларды сақтау мерзiмдерiн көрсетедi.

      9. Уағдаласушы Тараптардың кеден әкiмшiлiктерi жеке тұлғаларға қатысты мәлiметтердiң берiлуi мен алынуын құжаттамалық түрде тiркеуге мiндеттi.

      10. Уағдаласушы Тараптардың кеден әкiмшiлiктерi жеке тұлғалар туралы берiлген мәлiметтердi заңсыз енуден, оларға берушi кеден әкiмшiлiгiнiң келісімінсіз өзгерiстер енгізуден, сондай-ақ кейін үшiншi тұлғаларға заңсыз беруден қорғауға мiндеттi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады