Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң 2003 жылға арналған экономикалық және әлеуметтiк саясаттың негiзгi бағыттары мен экономикалық көрсеткiштердің болжамы туралы мәлiмдемесi жөнінде

Жаңа

Қазақстан Республикасы Yкiметiнің қаулысы. 2002 жылғы 26 желтоқсан N 1370

      Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң 2003 жылға арналған экономикалық және әлеуметтiк саясаты мен болжам жасалатын негiзгі экономикалық макрокөрсеткiштер туралы елдiң қалың жұртшылығын хабардар ету мақсатында Қазақстан
Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Yкiметi
мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң 2003 жылға арналған
экономикалық және әлеуметтiк саясаттың негiзгі бағыттары мен экономикалық көрсеткiштердiң болжамы туралы мәлiмдемесi мақұлдансын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енеді және
жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2002 жылғы 26 желтоқсандағы
N 1370 қаулысымен   
мақұлданған      

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан
Республикасының Ұлттық Банкiнiң 2003 жылға арналған
экономикалық және әлеуметтiк саясаттың негiзгi бағыттары мен
экономикалық көрсеткiштердiң болжамы туралы
МӘЛIМДЕМЕСI

      2003 жылы Қазақстан Республикасының Yкiметi мен
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi келiсiлген экономикалық
саясат жүргiзетiн болады, оның негiзгi мақсаты экономикалық өсудің барынша жоғары қарқынына қол жеткiзу болып табылады.
      Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қазақстан
Республикасының Ұлттық Банкi алға қойылған мақсатты ұстана отырып:
      экономикалық өсудiң жоғары қарқындарын қамтамасыз етуін экономиканы мемлекеттік реттеу тетiктерiн жетілдіруге бағытталған
саясатты одан әрi жалғастыратын;
      сұраныс пен ұсынысқа байланысты бағамның ауытқуын туғызатын теңгенiң еркiн өзгермелi айырбас бағамы режимiн сақтайтын және қазақстандық тауарлардың сыртқы рыноктарда баға бойынша бәсекеге түсу қабiлетiнiң сақталуына жәрдемдесетiн;
      инфляцияның, мемлекеттiк бюджет тапшылығының төмен
деңгейiн сақтайтын және елдің төлем теңгерiмiнiң тұрақтылығын қамтамасыз ететiн;
      халықтың әл-ауқатын арттыруға, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және денсаулық сақтау мен бiлiм қызметтерiнiң қол жетiмділігін арттыруға, мұқтаж адамдарға атаулы әлеуметтік көмектi жақсартуға бағытталған әлеуметтiк саясат жүргiзетiн;
      қаржы рыногының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сақтандыру рыногын, бағалы қағаздар рыногын одан әрi дамытуға және банк жүйесiн нығайтуға, экономиканың нақты секторының кәсiпорындары үшiн қаржы ресурстарының қол жетiмдiлiгіне, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы жүйесiн жетiлдiруге бағытталған саясат жүргiзетiн;
      бюджеттердi жоспарлау, атқару және атқаруды бақылау процестерiнiң тиiмдiлігін арттыру мақсатында бюджет жүйесiн жетiлдiретiн;
      мемлекет пен салық төлеушiнiң мүдделерiн үйлестiру мақсатында салық жүйесiн жетiлдiретiн;
      мемлекет, монополиялар және олардың қызметтерiнiң тұтынушылары мүдделерiнiң теңгерiмiне қол жеткiзуге және табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қызметiн мемлекеттiк бақылау шараларын кеңейтуге бағытталған икемдi тарифтік саясат жүргізетiн;
      экономиканың басым секторларына тiкелей отандық және шетелдiк инвестициялардың ағымын ынталандыратын және мемлекеттiк инвестицияларды пайдалануды ұтымды ету және оның тиiмділiгiн арттыру, халықтың iшкi жинақтарын жұмылдыру жөнiнде шаралар қолданатын;
      құрылыс жинақтары мен ипотекалық кредиттеу жүйесiнiң нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiретiн, азаматтар мен заңды тұлғалардың жинақтарын, банктердiң кредиттерiн, зейнетақы және басқа да қорлардың қаражатын, мемлекеттiк емес кәсiпорындар мен ұйымдардың қаражатын тұрғын үй саласына тарту үшiн қолайлы жағдайлар жасау жөнiнде шаралар қолданатын;
      Қазақстанның Дүниежүзiлiк Сауда Ұйымына кiру процесiн      жандандыратын;
      шет елдерде елiмiздiң тартымды инвестициялық бейнесiн жасау жөнiндегi ақпараттық-тұсаукесер жұмысын күшейтетiн;
      аймақтық экономикалық бiрлестіктер (ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ЭЫҰ және ОАҚ) шеңберiнде экономикалық бастамаларды iлгерi жылжытуды қамтамасыз ететiн;
      қосылған құны жоғары өнiмнiң үлесiн ұлғайту мақсатында
экспортты одан әрi әртараптандыру жөнiнде шаралар қолданатын;
      қазақстандық өнiмнiң бәсекеге түсу қабiлетiн арттыру үшiн
өнеркәсiптiң өңдеушi салаларының кәсiпорындарында ИСО халықаралық сапа стандарттарын енгiзу жөнiндегi жұмысты одан әрi жалғастыратын;
      ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердi, ауылды (селоны) коммуналдық әлеуметтік және мәдени жағынан көркейтуге бағытталған саясат жүргiзетiн;
      Астана қаласын дамытуды жалғастыратын болады.
      2003 жылы Yкiмет экономикалық және әлеуметтік саясатты мынадай басымдықтарды ұстана отырып жүргізетiн болады:
      аграрлық секторды дамыту және ауылдағы (селодағы) тұрмыс жағдайларын сапалы түрде жақсарту;
      денсаулық сақтауды дамытудың жай-күйiн жақсарту және салауатты өмiр салтын насихаттау;
      адам ресурстарын дамыту - экономикада жұмыс iстейтiндердiң бiлiм сапасын және кәсiби бiлiктiлiгiн арттыру;
      өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымды дамыту;
      қосылған құны жоғары өнiмді тереңдетiп қайта өңдеумен және өндiрумен байланысты салаларды дамыту.
      2003 жылы ақша-кредит саясатының негiзгi мақсаты орташа жылдық инфляцияны 4-6 пайыз шегінде ұстап тұру болады.
       РЕПО операциялары, ноталар шығару және вексельдермен қайта есептiк операциялар ретіндегi ашық рыноктың операциялары ақша-кредит саясатының негiзгi құралдары болады.
      Ұлттық Банктiң алтын-валюта резервтерi тауарлар мен қызмет көрсетулер импортын 3 айдан астам уақытқа жабуды қамтамасыз ететiн деңгейде сақталатын болады.
      2003 жылдың аяғында инфляцияның кемуi қайта қаржыландырудың ставкасын жылына 6-7 %-ға дейiн төмендетуге мүмкiндiк бередi. Бұл кредиттiк ресурстардың құнын одан әрi төмендетуге банктер үшiн индикатор болуы тиiс.
      Инвестициялық сапаны резидент еместердің бағалы қағаздарға инвестицияларды валюталық реттеу режимiн жеңiлдету, шетелге тiкелей инвестициялау операцияларын ынталандыру, сыртқы сауда операцияларын жүзеге асыру кезiнде өте көп әкiмшiлiк кедергілердi жою бағытындағы Қазақстан Республикасындағы валюталық режимi ырықтандыру жалғастырылатын болады. Капитал ағымымен байланысты қатерлерді азайту үшiн тұтастырылған негізде пруденциалдық қадағалау жетiлдірiлетiн болады.
      Жеке тұлғалардың салымдарын міндеттi ұжымды кепiлдендiру (сақтандыру) жүйесi жетiлдiрiлетiн, сондай-ақ банк қызметiнің ашықтық деңгейi арттырылатын болады.
      2003 жылы резиденттер депозиттерiнiң өсуi 22-24%-ға және
кредиттер көлемдерiнiң өсуi есебiнен банктердің кредиттiк қызметiнiң ұлғаюы 25-26%-ға күтіледі.
      Сақтандыру рыногының инфрақұрылымын дамыту және оның кәсiби қатысушыларының қызметiн жандандыру жөніндегi жұмыс жалғастырылатын болады. Бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылардың әртүрлi санаттарының қызметтегi қатерлердi сақтандыру тиiстi дамитын болады.
      Сақтандырудың, мәселен, олардың жаппай және әлеуметтiк мәнi бар бағыттарын қамтитын, сондай-ақ кәсiби жауапкершілiкпен байланысты мiндеттi түрлерiнің тiзбесiн ұлғайту жоспарланады.
      Сақтандыру шарттары бойынша клиенттердiң мүдделерiн қорғау мақсатында сақтандырушыларға (сақтандырылғандарға пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға кепілдік беретiн Қорды құру болжанады. Бiрiншi кезеңде сақтандырудың қалған барлық түрлерiне оны одан әрi кеңейтіп, міндеттi сақтандырудың негiзгi түрлерi бойынша кепiлдіктi енгiзу болжанады.
      2003 жылы қаржы рыногын қадағалау жөнiндегi дербес бiрыңғай реттеушi органды құру жөнiндегi заңнамалық құжаттардың жобаларын әзiрлеу болжанады, оның шеңберiнде барлық қаржы институттарын жедел бақылау және инвесторлар мүдделерi мен құқықтарын кешендi қорғау жүзеге асырылатын болады. Қаржы қызмет көрсетулерi бәсекелестігінiң ұлғаюына және қаржы ұйымдарының қызмет етуi үшiн адал бәсекелестiкке жағдай жасауға ерекше назар аударылатын болады.
      "Акционерлiк қоғамдар туралы" және "Бағалы қағаздар рыногы туралы" заң жобаларының қабылдануы бағалы қағаздар рыногының одан әрi дамуына серпiн беруге тиiс.
      Ипотекалық облигациялар, агенттiк бағалы қағаздар, қысқа мерзiмді коммерциялық бағалы қағаздар сияқты және басқа да қаржы құралдарын дамыту жөнiнде шаралар қолданылатын болады.     
      Вексельдердiң бiрiншi сыныпты эмитенттерiнің тiзiмiн қалыптастыру жөніндегi вексельдiк айналымның нормативтік құқықтық базасын және вексельдік рыноктың инфрақұрылымын жетiлдiру жөнiндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
      Корпоративтiк басқару жүйесiн жетілдiру шегінде акционерлiк қоғамдардағы корпорациялық басқару жөніндегi ұсынымдарда және бағалы қағаздар рыногына қатысушылардың кәсiби этика нормаларында енгiзiлген корпоративтік басқару нормаларын ескере отырып, бағалы қағаздар эмитенттерiнiң iшкi құжаттарының үлгi нысандарын әзiрлеу басталатын болады.
      Бағалы қағаздардың және брокер-делдалдардың портфелiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты өте көкейкестi қор рыногы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын ұйымдарда корпорациялық басқару жүйесiн ұйымдастыру және қатерлердi басқару жөніндегi ұсынымдарды әзiрлеу жоспарлануда.
      2003 жылы уәкілеттi органға бағалы қағаздар рыногы субъектiлерінің, сондай-ақ борыштық бағалы қағаздар шығарудың акциялары мен жағдайының эмиссия проспектерiнің есеп беруiнің электрондық нысанына көшудi жүзеге асыру басталады.
      Сақтандыру қызметiнің халықаралық стандарттарынан туындайтын талаптарды ескере отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары үшін бухгалтерлік есеп шоттарының үлгi жоспары мен бухгалтерлiк есеп стандарттары жасалатын болады, сондай-ақ Ұлттық Банктiң автоматтандырылған банктік пакеттi сатып алуы жөніндегі дайындау жұмысы жүргiзiлетiн болады.
      Төлем жүйелерi саласында халыққа және сауда-сервис кәсіпорындарына қызмет көрсету жөніндегі бiрыңғай төлем кеңiстiгiн қалыптастыру мақсатында микропроцессорлық карточкалардың негізінде төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесiн құру және қолма-қол ақшасыз айналымды ұлғайту жөніндегi жұмыс жалғастырылатын болады.
      Алдағы үш жылда Банк ЕурАзЭҚ елдерiнің орталық банктерiмен бiрлесiп ЕурАзЭҚ елдерiнің жалпы төлем жүйесiн ұйымдастыру және қаржы рыноктары интеграциясының басқа бағыттары бойынша жұмыс жүргiзудi жалғастырады.
      Мемлекеттiң әлеуметтік-экономикалық міндеттерiн шешу мемлекеттің мақсаттарын, басымдықтарын және ресурстарын дұрыс таңдай бiлуге тiкелей байланысты.
      2003 жылы Үкiмет экономика мен бюджеттік ресурстардың дамуы басымдықтарының барынша өзара байланысы арқылы қамтамасыз етiлетiн стратегиялық, индикативтiк және бюджеттiк жоспарлауды үйлестiрудi қамтамасыз етудi жалғастырады. Осыған байланысты бағдарламалық құжаттарды әзiрлеуге көзқарастар күшейтiлетiн, оларды iске асырудың тиiмділiгiн талдау үшiн бюджеттiк бағдарламаларды бағалау жүйесiн енгізілу және одан әрi жетiлдіру жүзеге асырылатын болады.
      Қазақстан Республикасының Yкiметi бюджеттiк заңнаманы жетiлдірудi одан әрi жалғастырады. Осы мақсаттарда 2003 жылы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiн қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр, оның негiзгi мiндеттерi бюджеттік қатынастарды реттейтiн қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмдердің құқықтық нормаларын бiрiктiру және жүйелеу, бiрыңғай қағидаттары мен ережелерi бар бiртұтас бюджеттiк қатынастар жүйесiн орнату, бюджеттiк саланың шекарасын нақты айқындау, бюджеттiк процеске қатысушылар мен олардың өкiлеттiктерiн белгiлеу, бюджеттік құрылымды және бюджет процесiн жүйелеу, бюджет заңнамасын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк нормаларын енгізу болып табылады.
      Бюджетаралық қатынас мәселелерiн реттеу үшiн Мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасында өкiлеттiктердi ажырату және бюджетаралық қатынастарды жетiлдiру тұжырымдамасын iске асыру жоспарланып отыр, оның негiзгі түйiндерi Бюджет кодексiнде көрiнiс табатын болады.
      Бюджеттiк жоспарлау процесiн жетiлдіру мақсатында бюджеттiк бағдарламалау мен орта мерзiмдi жоспарлауды одан әрi енгізу жүргiзiлетiн болады. Бұл peттe бюджеттiк қаражатты бөлу тиiмділігін арттыру мақсатында оларды жоспарлау республикалық бюджеттiң бюджеттiк бағдарламаларының мемлекеттiк саясаттың басымдықтарына функционалдық сәйкестiлігіне талдауды ескере отырып жүргiзiлетiн болады.
      2003 жылы Тұрғын үй құрылысы жинақ банкi құрылатын болады.
      Ұлттық қордың активтерiн тиiмдi басқаруға бағытталған саясат
жүргізiлетiн болады.
      Үкiмет шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне түсетін салық жүктемесiн дәйектiлiкпен төмендету, қосылған құн салығы жоғары өнiмдер өндiретiн салалардан бюджетке түсетін төлемдердiң үлесiн бiртіндеп арттыруға алғы шарттар жасау бойынша шаралар қабылдайтын болады.
      "Инвестициялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес инвестициялық келiсiм-шарттарды жасасу процесiнiң ашықтығы қамтамасыз етiледi және инвестициялық артықшылықтарды беру тәртібi жеңiлдетiледi.
      Үкiмет салық салудың басты шарттарының бiрi - салық заңнамасының тұрақтылығын ұстанатын болады.
      2003 жылы жаңа Кеден кодексi қабылданады, ол кеден рәсiмдерiн сәйкестендірудi және оңайлатуды, мемлекеттiк органдардың сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларымен қарым-қатынастарын жетiлдiрудi қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер деңгейiнде кеден баждарын бiркелкiлендіру мақсатында Үкiмет Ортақ кеден тарифiне енетін, оның iшiнде Қазақстан экономикасы үшiн ықпалды тауарлардың тiзбесiне талдау жүргізу жөнiндегі жұмыстарды жалғастырады, ол Қоғамдастық шеңберiнде сауда қатынастарын одан әрi ықпалдастыруға және жандандыруға әсер етеді. 
      Үкiметтің экономикалық саясаты мемлекет пен жеке сектордың сындарлы ынтымақтастығына бағытталатын болады. Жеке сектормен ынтымақтастық iшкi және сыртқы рыноктарда бәсекелестігi бар тауарлар мен қызмет көрсетулердiң жаңа түрлерiн құру мақсатында жүргізiлетiн болады.
      Үкiметтің жеке сектормен ынтымақтастыққа қатысу деңгейi және бағыты аграрлық азық-түлік, индустриялық және көлiк-коммуникациялық саясат пен оларға сәйкес келетiн даму бағдарламалары арқылы қамтамасыз етiлетiн болады.
      2003 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жеке меншіктi енгізудi айқындайтын Жер кодексiн қабылдау жоспарлануда.
      Аграрлық секторды қолдау өңдеу өнеркәсiбiнiң ауыл шаруашылығымен аралас салаларын дамытуды қамтамасыз eтeдi.
      Индустриялық саясат шеңберiнде мұнайды, газды, қара және түстi металдарды терең өңдеу, қазiргі заманғы құрылыс материалдарын, тамақ және халық тұтынатын азық-түлiк емес тауарларды өндiру даму алады. Ғылымды қажет ететін және жоғары технологиялық тауарлардың (қызметтердiң) дамуына нeгiз қаланатын болады және инвестициялық қор құрылатын болады. Өнеркәсiп өндiрiсiнiң орташа жылдық өсiмi жылына шамамен 8%-ды құрайды.
      Eң алдымен жоғары және ғылымды қажет ететiн технологияларға негізделген өндiрiстердің бәсекеге түсу қабiлетi тiкелей инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың қағидалық негiзiне айналмақ.
      2003 жылы жұмыспен қамту, базалық бiлiм беруге және денсаулық сақтау қызмет көрсетуiне қол жеткiзудi жақсарту, әлеуметтік көмектiң атаулылығын жақсарту саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру және басқа шараларды iске асыру жолымен осы проблеманы шешуге кешендi тәсiлдi көздейтiн Қазақстан Pecпубликасында кедейліктi азайту жөнінде бағдарламалық шараларды iске асыру жалғастырылады.
      2003 жылы Үкiмет арнаулы өтемақылық қазынашылық облигациялар шығару жолымен бұрынғы КСРО Жинақ банкiнiң шоттарында сақталған халықтың салымдарын өтеуге кiрiседi.
      2003 жылы ЖIӨ-ың 6%-ға өсуi болжануда. Өндiрiстің негiзгi өсiмi мұнай мен газ өндiру есебiнен алынатын болады. Мұнай, газ және металдар өткiзуден түсетiн кiрiстердің бiр бөлiгi Ұлттық қорға жiберiлетiн болады.
      Мемлекеттік бюджет шығыстарының зор әлеуметтік мәнi бар. 2003 жылы, тұтастай алғанда, экономика бойынша 150 мыңға жуық, оның iшінде мемлекеттiк бюджеттен инвестициялық және басқа да бағдарламаларды қаржыландыру есебiнен 20-25 мың жұмыс орнын құруға болжам жасалуда.
      2003 жылы ең төменгi зейнетақы мөлшерi мен ең төменгi жалақы мөлшерi 5000 теңгеге дейiн ұлғаяды.
      Әлеуметтік және арнайы мемлекеттiк жәрдемақылардың орташа жылдық мөлшерi орташа алғанда 5,9%-ғa ұлғаяды.
      Белгiленген экономикалық және әлеуметтiк саясатты iске асыру 2003 жылға арналған мынадай макроэкономикалық көрсеткiштердi қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.

____________________________________________________________________

                                                     2003 жылға
                                                       болжам
____________________________________________________________________
Нақты мәндегi жалпы iшкi өнім, өткен жылға %-бен         6
Нақты мәндегi өнеркәсiп өнiмiнің (жұмыстардың,
қызмет көрсетулердің) көлемi, өткен жылға %-бен          8
Нақты мәндегi ауыл шаруашылығы өнiмнің жалпы өнiмi,
өткен жылға %-бен                                        2,8
Негiзгi капиталға инвестициялар, өткен жылға %-бен       15
Экспорт (ФОБ) млн. АҚШ долл.                             10166
Импорт (ФОБ) млн. АҚШ долл.                              8240
Республикалық бюджеттiң түсiмдерi, ЖIӨ-ге %-бен          15,2
Республикалық бюджеттің шығыстары, ЖIӨ-ге %-бен          17,2
Республикалық бюджеттің тапшылығы, ЖIӨ-ге %-бен          2
Орташа алғанда жылына инфляция, %                        5,9
Жыл аяғына қайта қаржыландыру ставкасы                   7
Жалпы алтын-валюта резервтері     
млн. АҚШ долл.                                           3355
Өзгеруi, %-бен                                           11,5
Ақша базасы
млрд. теңге                                              237
Өзгеруi, %-бен                                           14,8
Ақша массасы          
млрд. теңге                                              865
Өзгеруі, %-бен                                           22,4
Банк жүйесіндегi резиденттердiң депозиттері             
млрд. теңге                                              671
Өзгеруi %-бен                                            23,3
Экономикаға банктердің кредиттерi            
млрд. теңге                                              767
Өзгеруi, %-бен                                           25
Жеке тұлғалардың мерзiмді теңге депозиттері бойынша   
сыйақының орташа өлшемдi ставкасы, %                     8,5
Заңды тұлғалардың берiлген теңге кредиттерi бойынша
сыйақының орташа өлшемдi ставкасы, %                     14,5 
__________________________________________________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады