Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
"Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Бағалы қағаздар рыногы туралы
Осы Заң эмиссиялық бағалы қағаздарды бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының және бағалы қағаздармен сауда-саттықты ұйымдастырушылардың қатысуымен жасалатын азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң объектiсi болып табылатын өзге де қаржы құралдарын шығару, орналастыру, айналысқа шығару және өтеу процесiнде туындайтын құқықтық қатынастарды, бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң құрылу және жұмыс iстеу ерекшелiктерiн реттейдi, бағалы қағаздар рыногының қауіпсiздiгін, ашық түрде және тиiмдi жұмыс iстеуiн, инвесторлар мен бағалы қағаздарды ұстаушылардың құқықтарын және бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының адал бәсекелестiгін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында бағалы қағаздар рыногы мен оның субъектiлерiн реттеу және қадағалау тәртiбiн белгiлейдi.
Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбеген болса, осы Заңның нормалары банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, инвестициялық қорлар, жинақтаушы зейнетақы қорлары шығаратын мемлекеттiк бағалы қағаздарды, эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару, орналастыру, айналысқа шығару және өтеу процесiнде туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылады.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар
Осы Заңның мақсаттары үшiн мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) агенттік облигация - қаржы агенттігі шығаратын облигация;
2) андеррайтер - нақтылы ұстаушы ретiнде клиенттердiң есепшоттарын жүргiзу құқығымен бiрге бағалы қағаздар рыногында брокерлiк және дилерлiк қызметті жүзеге асыру лицензиясын иеленушi және эмитентпен жасалған шарттың негiзiнде оның бағалы қағаздарын шығару және орналастыру жөнiнде эмитентке қызмет көрсететiн (дербес немесе эмиссиялық синдикат құрамында) заңды тұлға;
3) эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының күшін жою эмиссиялық бағалы қағаздың азаматтық құқықтар объектiсi ретiндегi iс-әрекетiн тоқтату;
4) құжаттамасыз бағалы қағаз - құжаттамасыз нысанда (электрондық жазбалардың жиынтығы түрiнде) шығарылған бағалы қағаз;
5) оқшаулау - бағалы қағаздардың сақталуына кепiлдiк беру және бұдан кейiн олармен мәмiлелер жасау мақсатында жүзеге асырылатын бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімiн жүргiзу жүйесiнде және нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмiлелердi тiркеуге уақытша тыйым салу;
6) брокер - клиенттің тапсырмасы бойынша, оның есебiнен және мүдделерiн көздеп, сондай-ақ өз атынан және өз есебiнен бағалы қағаздармен мәмiлелердi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы;
7) эмиссиялық бағалы қағазды ұстаушының есепшотынан үзiндi-көшiрме - бағалы қағаз болып табылмайтын, тiркеушi немесе нақтылы ұстаушы беретiн және ұстаушының бағалы қағаз бойынша уақыттың белгiлi бiр кезiндегi құқықтарын растайтын құжат;
8) эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару - эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздың азаматтық құқықтар объектiсi ретiнде пайда болуына бағытталған iс-әрекетi;
9) iшкі құжаттар - бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң, оның органдарының, құрылымдық бөлiмшелерi қызметiнiң шарттары мен тәртiбiн, жұмысты орындауын (қызмет көрсетуiн) және оларға ақы төлеу тәртiбiн реттейтiн құжаттар;
өзiн-өзi реттейтiн ұйым үшiн - жоғарыда осы тармақшада көрсетiлген құжаттар және өзiн-өзi реттейтiн ұйымның өз мүшелерiмен қарым-қатынастарын, сондай-ақ осы ұйым мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн реттейтін өзге де құжаттар;
10) бағалы қағаздардың қайталама рыногы - орналастырылған бағалы қағаздардың айналысы процесiнде бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi арасында қалыптасатын құқықтық қатынастар;
11) эмиссиялық бағалы қағаздардың Мемлекеттiк тiзiлiмi - эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымдары мен олардың эмитенттерi туралы мәлiметтер жиынтығы;
12) мемлекеттік бағалы қағаздар - заемшысы Қазақстан Республикасының Үкiметi, жергiлiктi атқару органы немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi болатын заемға қатысты оның ұстаушысының құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз;
13) делистинг - бағалы қағаздарды сауда-саттықты ұйымдастырушының тiзiмiнен уақытша немесе тұрақты шығару;
14) бағалы қағаздардың депозитарийi - қаржы құралдарымен мәмiлелердi тiркеудi, қаржы құралдары бойынша депоненттердiң (олардың клиенттерiнiң) құқықтарын есепке алуды және растауды, қаржы құралдарын материалсыздандыруды және сақтауды, оның iшiнде депоненттер арасындағы қаржы құралдарымен мәмiлелер бойынша есеп айырысуды (клирингті), сондай-ақ бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы;
15) депонент - депозитарийдiң клиентi болып табылатын ұйым;
16) депозитке салу - депоненттердiң эмиссиялық бағалы қағаздарын және туынды бағалы қағаздарын депозитарийдiң сақтауы және есепке алуы;
17) эмиссиялық бағалы қағазды ұстаушы (бағалы қағаз ұстаушы) - бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiнде немесе нақты ұстаудың есепке алу жүйесiнде тiркелген және бағалы қағаздар арқылы берiлген құқықтары бар тұлға;
18) дефолт - эмитенттiң облигациялар шығару проспектiсiнде белгіленген мiндеттемелердi орындамауы;
19) құжаттамалық бағалы қағаз - құжаттамалық нысанда (қағазға немесе арнайы техникалық құралдарды пайдаланбай-ақ бағалы қағаздың мазмұнын тiкелей оқуға болатын өзге материалдық тасымалдаушыға) шығарылған бағалы қағаз;
20) тiркелген тұлға - бағалы қағаз ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiнде немесе нақты ұстау есебiнiң жүйесiнде жеке есепшоты бар тұлға;
21) өтiнiш берушi - бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге
асыру үшiн лицензия алу мақсатында уәкiлеттi органға құжаттар ұсынған ұйым;
22) инвестициялар - қаржы құралдары бойынша кiрiс алу мақсатында оларға ақшалай және мүлiктiк салымдар;
23) инвестициялық портфель - бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң меншiгiндегi немесе басқаруындағы әр түрлi қаржы құралдарының жиынтығы;
24) инвестор - қаржы құралдары бойынша кiрiс алу мақсатында оларға өзiнiң, заемдық немесе басқа тартылған қаражаттарын салатын тұлға;
25) жеке инвестор - институционалдық инвестор болып табылмайтын инвестор;
26) институционалдық инвестор - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес қаражатты әр түрлi қаржы құралдарына инвестициялау мақсатында қызметiнiң ерекше түрi қаражаттар тарту болып табылатын ұйым;
27) ипотекалық облигация - жылжымайтын мүлiк ипотекасымен және/немесе ипотекалық куәлiктердiң кепiлiмен қамтамасыз етiлген ипотекалық тұрғын үйдi кредиттеу шарттары жөнiндегi талаптардың құқықтарымен, сондай-ақ тiзбесi уәкiлетті органның нормативтік құқықтық актiсiнде белгiленетiн өзге де жоғары өтiмдi активтермен қамтамасыз етiлген облигация;
28) қазақстандық депозитарийлiк қолхат - эмитенттiң - Қазақстан Республикасының резидентi еместердiң басқа мемлекеттiң заңдарына сәйкес шығарған эмиссиялық бағалы қағаздарының белгiлi бiр санына меншiк құқығын растайтын туынды эмиссиялық бағалы қағаз;
29) кастодиан - клиенттерге тиесілі бағалы қағаздардың және ақшаның есебiн жүргізудi, құжаттамалық бағалы қағаздарды сақтауды, осындай бағалы қағаздар мен ақшаның сақталуы жөнiнде өзiне мiндеттемелер қабылдай отырып, жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы;
30) бiлiктiлiк куәлігі - жеке тұлғаның аттестациядан өткенiн және осындай құжаттың санатына (аттестациялау санатына) сәйкес оған бағалы қағаздар рыногында белгiлi бiр жұмыстарды орындауға рұқсат берiлгенiн куәландыратын құжат;
31) клиент - бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысының қызмет көрсетуiн пайдаланушы немесе пайдаланғысы келетiн тұлға;
32) бағалы қағаздармен операциялар бойынша клиринг - бағалы қағаздардың ұйымдасқан және ұйымдаспаған рыногында бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау нәтижесiнде жүзеге асырылатын есеп айырысуларға қатысатын тараптардың өзара талаптары мен мiндеттемелерiнiң есебi;
33) конверсияланатын облигация - облигацияның эмитентi болып табылатын акционерлiк қоғамның акциясына (акцияларына) айырбасталуға жататын облигация;
34) мүдделер қайшылығы - бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары мен олардың клиенттерiнiң мүдделерi (немесе лауазымды адамдар мен осы адамдар жұмыс iстейтiн ұйымның мүдделерi) бiр-бiрiне сай келмейтiн жағдай;
35) бағалы қағаздарға баға белгiлеу - бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногында уақыттың белгiлi бiр кезiнде қолда бар нақты бағалы қағаздар бойынша сұраныстың ең жоғары бағасы және ұсыныстың ең төменгi бағасы (сұралатын баға);
36) биржадан тыс бағалы қағаздар рыногының баға белгілеу ұйымы - бағалы қағаздар рыногы кәсiби қатысушыларының бағалы қағаздарға баға белгiлеу және қаржы құралдарының саудасын техникалық қамтамасыз ету жөнiндегi функцияларды жүзеге асыру мақсатында құратын коммерциялық емес ұйымы;
37) левередж - эмитенттiң мiндеттемелерi мен меншiк капиталы мөлшерлерiнiң арақатынасы;
38) листинг - қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесiнде айналысқа жiберiлген эмиссиялық бағалы қағаздардың тiзiмi;
39) лицензиат - уәкiлеттi орган берген лицензия негiзiнде бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыратын тұлға;
40) тiркелген тұлғаның жеке есепшоты (жеке есепшот) - бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiнде немесе нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде бар және осы тұлғаға тиесiлi эмиссиялық бағалы қағаздарды жеке есепшотқа есептеу бойынша операциялар жүргiзу, эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелерiн тiркеу және эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарының есебiн жүргiзу мақсатында көрсетiлген тұлғаны бiржақты бiрегейлендiруге мүмкiндiк беретiн мәлiметтер жиынтығы;
41) бағалы қағаздар рыногындағы бағалармен айла-әрекет жасау - лицензиаттың көзбояушылық жасайтын (сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйелерiне өтiнiмдер ұсыну, мәмiлелер жасау, күмәнді ақпарат тарату) немесе бағаны шын мәнiнде жоғарылатуға немесе төмендетуге және/немесе бағалардың деңгейiне және/немесе рыноктың өтiмділігiне қатысты инвесторлардың, эмитенттердiң бағалы қағаздар рыногындағы сауда белсендiлiгiне ықпал ететiн iс-әрекеті;
42) ұлттық бiрегейлендiру нөмiрi - эмиссиялық бағалы қағаздарды бiрегейлендiру және есепке алуды жүйелеу мақсатында оларға уәкiлеттi орган беретiн бiрегей әрiптiк-сандық код;
43) мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес эмиссиялық деп танылған, мемлекеттік емес заңды тұлғалар шығаратын акциялар, облигациялар және өзге де бағалы қағаздар;
44) бағалы қағаздардың ұйымдаспаған рыногы - бағалы қағаздар айналысының саласы, ондағы бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелер қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастырушының мәмiле объектiсiне және оның қатысушыларына қатысты iшкi құжаттарымен белгiленген талаптарды сақтамай жүзеге асырылады;
45) облигацияның нақтылы құны - облигация шығарылған кезде белгiленетiн, оған купондық облигация бойынша процентпен көрсетiлген сыйақы есептелетiн облигацияның ақшалай көрсетiлген құны және облигацияны өтеген кезде оны ұстаушыға төленуге тиiстi сома;
46) бағалы қағаздарды нақтылы ұстаушы - бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы, ол бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi, клиенттердiң бағалы қағаздар жөнiндегi құқықтарын растауды және нақтылы ұстау шартына сәйкес өзiне нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты өзге де iс-әрекетті жүзеге асырады;
47) қамтамасыз етiлген облигация - эмитенттiң ол бойынша мiндеттемелердi орындауы эмитент мүлкiнiң кепiлiмен, үшiншi тұлғаның кепiлдемесiмен және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де тәсiлдермен қамтамасыз етiлген облигация;
48) облигациялық бағдарлама - облигациялар шығарудың тиiстi ерекше нұсқамасында белгiленген түрлi құрылыммен облигациялардың бiрнеше шығарылымын жүзеге асыруға эмитенттiң құқығы шегiнде облигациялар шығару;
49) эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысы - бағалы қағаздардың қайталама рыногында бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасау;
50) жарияланған эмиссиялық бағалы қағаздар - шығарылымын уәкiлеттi орган тiркеген және бағалы қағаздардың бастапқы рыногында эмитент (андеррайтер немесе эмиссиялық синдикат) пен инвесторлар арасында жасалатын сатып алу-сату мәмiлелерiнiң объектiсi болып табылатын бағалы қағаздар;
51) опцион - белгiленген нысандағы туынды бағалы қағаз, оны сатып алушы белгiлi бiр мерзiм өткеннен кейiн келiсiлген баға бойынша опционда айтылған активтi сатып алу немесе сату құқығына ие болады;
52) бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногы - эмиссиялық бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарының айналыс саласы, олармен мәмiлелер қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады;
53) қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастырушы (сауда-саттықты ұйымдастырушы) - қор биржасы және бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының баға белгiлеу ұйымы;
54) бағалы қағаздардың бастапқы рыногы - эмитенттің бұрын бағалы қағаздардың бастапқы рыногынан өзi сатып алған эмиссиялық бағалы қағаздарын бұдан әрi орналастыруын қоспағанда, эмитенттiң (андеррайтердiң немесе эмиссиялық индикаттың) жарияланған эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруы;
55) бұйрық - қаржы құралдарын ұстаушы (сатып алушы) өзiне тиесiлi қаржы құралдарына немесе қаржы құралдарын сатып алуға арналған ақшаға қатысты белгiлi бiр iс-әрекеттi жүзеге асыруды көрсете отырып, бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысына ұсынатын стандартты үлгідегі құжат;
56) туынды бағалы қағаз - базалық активi эмиссиялық бағалы қағаздар, өзге мүлiк, меншiк иесiне болашақта белгiлi бiр күнi ақшалай немесе базалық актив нысанында экономикалық пайда алуға шартсыз немесе шартты құқық беретiн тауар немесе қаржы индексi болып табылатын мүлiктiк құқықтардың объектiсi;
57) облигация ұстаушылардың өкiлi - эмитентпен жасалған шарт негiзiнде бағалы қағаздардың қайталама рыногындағы ипотекалық және қамтамасыз етiлген облигациялардың айналысы, облигациялар бойынша сыйақы төлеу және оларды өтеу барысында облигация ұстаушылардың мүдделерiн көздеп iс-әрекет жасайтын ұйым;
58) эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсi - эмитент, оның қаржылық жай-күйi, сатылуға болжанатын эмиссиялық бағалы қағаздар, шығарылымның жалпы көлемi, шығарылатын бағалы қағаздардың саны, оларды шығару, орналастыру, айналысқа шығару рәсiмi мен тәртiбi, дивидендтер (сыйақы) төлеу, өтеу туралы мәлiметтер және инвестордың бағалы қағаздар сатып алу туралы шешiмiне ықпалын тигiзетiн басқа да ақпарат бар құжат;
59) баспасөз басылымы - таралым саны мен оның таратылу аймақтары бойынша уәкiлеттi орган белгiлеген талаптарға сай келетiн мерзiмдi баспасөз басылымы, оны эмитент пен оның бағалы қағаздарды ұстаушылары өздерiнiң хабарламаларын және Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес мiндеттi түрде жариялануға жататын басқа да ақпаратты жариялау үшiн пайдалануға тиiс;
60) төлем агентi - банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым;
61) облигацияларды өтеу - эмитенттің орналастырылған облигацияларды сыйақы мен облигацияның нақтылы құнын төлеу (кейiннен сату мақсатында емес) немесе оны облигациялар шығару проспектiсiнде белгіленген тәртiппен сол эмитенттің акциясына (акцияларына) айырбастау арқылы айналыстан алу бойынша iс-әpeкетi;
62) бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы - алынған лицензияға сәйкес бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
63) пруденциалдық нормативтер - уәкiлетті орган белгiлеген және алынған лицензия негiзiнде бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асырғысы келетiн немесе жүзеге асыратын ұйым сақтауға жататын нормалардың қаржылық көрсеткiштерi;
64) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру - бағалы қағаздардың бастапқы рыногында инвесторларға бағалы қағаздарды сату;
65) орналастырылған эмиссиялық бағалы қағаздар - бағалы қағаздардың бастапқы рыногында инвесторлар толық төлеген эмиссиялық бағалы қағаздар;
66) тiркеушi - эмиссиялық бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн қалыптастыру, сақтау және жүргізу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы;
67) рейтинг - белгiлi бiр эмитенттің шамамен алғандағы кредиттiк қабілетін немесе оның бағалы қағаздарының сапасы мен сенiмдiлiгiн белгiлейтiн бағаның сандық және әрiптiк жеке көрсеткiшi;
68) ұйымның басшы қызметкерi (басшы қызметкер) - ұйымның басқару органының басшысы және оның орынбасары, ұйымның алқалық атқару органының мүшесi (атқару органының функциясын жеке өзi атқаратын тұлға) және оның орынбасары, филиалдың (өкiлдiктiң) бас бухгалтерi және оның орынбасары, ұйымның филиалының (өкiлдiгiнiң) басшысы және бас бухгалтерi;
69) өзiн-өзi реттейтiн ұйым - бағалы қағаздар рыногындағы өз қызметiнiң бiрыңғай ережелерi мен стандарттарын белгiлеу мақсатында бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары құратын коммерциялық емес ұйым;
70) своп - белгiлi бiр мерзiм өткеннен кейiн қайта айырбастау мiндеттемесi бар бiр бағалы қағаздарды басқа бағалы қағаздарға айырбастау бойынша белгiленген нысандағы туынды бағалы қағаз;
71) бағалы қағаз ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесi - эмитент, эмиссиялық бағалы қағаздар және уақыттың белгiлi бiр кезiне эмиссиялық бағалы қағаздар жөнiндегi құқықтарды ұстаушыларды бiрегейлендiрудi, бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi қамтамасыз ететiн олардың ұстаушылары туралы мәлiметтер, сондай-ақ осы бағалы қағаздардың айналысқа түсуiне немесе құқықтарды жүзеге асыруға арналған тiркелген шектеулердiң сипаты туралы және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мәлiметтер;
72) сауда-саттықты ұйымдастырушының тiзiмi - сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарына сәйкес жасалған және бекiтiлген, сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесiне айналысқа жiберуге рұқсат етiлген қаржы құралдарының тiзiмi;
73) эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының құрылымы - шығарылатын эмиссиялық бағалы қағаздардың саны, олардың түрi, нақтылы құны (облигациялар үшiн) туралы мәлiметтер;
74) сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесi - сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшелерi арасында бағалы қағаздармен мәмiлелер жасауда пайдаланылатын сауда-саттықты ұйымдастырушының материалдық-техникалық құралдарының, iшкi құжаттары мен өзге де қажеттi активтерiнiң және рәсiмдерiнiң жиынтығы;
75) трансфер-агент - бағалы қағаздар рыногында мәмiлелер жасау процесiнде бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң арасында құжаттар (ақпарат) қабылдау және беру жөнiнде қызмет көрсететiн бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы;
76) уәкiлеттi орган - бағалы қағаздар рыногында қалыптасатын қатынастарды мемлекеттiк реттеудi және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
77) инвестициялық портфельдi басқарушы - өз атынан, клиенттің мүдделерiне және оның есебiнен эмиссиялық бағалы қағаздарды, өзге қаржы құралдарын, сондай-ақ оларды сатып алуға арналған ақшаны сенiмгерлiкпен басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы;
78) қаржы агенттігі - банктiк қызметтi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес экономиканың белгiлi бiр салаларында мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асыруға уәкiлеттi және осы мақсатта капиталдың iшкi және сыртқы рыногында қарыз алуды жүзеге асыратын ұйым. Қаржы агенттiгінiң мәртебесiн уәкiлеттi орган өзi белгiлеген тәртiппен тағайындайды;
79) қаржы құралы - Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жiберiлген, тұтыну құны оны айналыс және/немесе төлем құралы ретiнде пайдалану мүмкiндiгiмен айқындалатын және ұлттық валютаға қатынасы бойынша өтiмдiлігі бар қаржылық актив (бағалы қағаздар, туынды бағалы қағаздар және бағалы қағаздар болып табылмайтын өзге де қаржы құралдары);
80) қор биржасы - бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары құратын, қызметiнiң ерекше түрi Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жiберiлген бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауда-саттық ұйымдастыру болып табылатын ұйым;
81) фьючерс - белгiленген нысандағы туынды бағалы қағаз, оны сатып алушы белгiлi бiр мерзiм өткеннен кейiн өзiнiң қарсы агентiне келiсiм-шартта айтылған келiсiлген баға бойынша активтi сатуға (немесе сатып алуға) өзiне мiндеттемелер алады;
82) бағалы қағаз - мүлiктiк құқықты растайтын белгiлi бiр жазбалардың және басқа да белгiлеулердiң жиынтығы;
83) эмиссиялық бағалы қағаздар - бағалы қағаздар, олар:
бiр шығарылым шегiнде бiрыңғай сипаттамаларға (олардың жеке түрлер мен санаттарға бөлiну мүмкiндiгi ескерiле отырып) ие болады; осы шығарылымның барлық бағалы қағаздарына арналған бiрдей шарттармен шығарылады, айналысқа түседi және өтеледi (егер бағалы қағаздардың осы түрiн өтеу көзделген болса);
олардың әрқайсысы осы шығарылымның басқа бағалы қағаздарымен салыстырғанда мүлiктiк құқықтардың бiрдей көлемiн куәландырады;
84) эмиссиялық синдикат (консорциум) - бастапқы бағалы қағаздар рыногында эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру мақсатында бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде құрылған бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының бiрлестiгі;
85) эмитент - эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруды жүзеге асыратын және бағалы қағаздарды ұстаушылардың алдында өз атына мiндеттемелер алған заңды тұлға.
2-бап. Бағалы қағаздар рыногы туралы заңдар
1. Бағалы қағаздар рыногы туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актiлерiнiң нормаларынан тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы заңдағыдан басқа өзге де нормалар белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу
1. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеудi Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерi негiзiнде iс-әрекет жасайтын уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу жөнiндегi функциялар мен өкiлеттiктердi жүзеге асыру мақсатында уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсiм бойынша бағалы қағаздар рыногын қалыптастыру және дамыту саласындағы басымдықты айқындайды;
2) Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар рыногының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету және бағалы қағаздардың ұлттық рыногының инфрақұрылымын қалыптастыру, бағалы қағаздар рыногындағы инвесторлардың Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мемлекеттік саясатты жүргiзедi;
3) өз құзыреті шегiнде бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеу мәселелерi бойынша бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi сақтауға мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайды;
4) бағалы қағаздармен және туынды бағалы қағаздармен азаматтық құқықтар объектiлерiн мойындайды;
5) мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздардың, туынды бағалы қағаздардың шығарылу және олардың мемлекеттiк тiркелу, мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар мен туынды бағалы қағаздарды орналастыру және өтеу, сондай-ақ оларды жою қорытындылары туралы есептердi қарау, оның iшiнде Қазақстан Республикасының резидентi еместердiң және халықаралық ұйымдардың Қазақстан Республикасының аумағында шығарылуға және орналастырылуға жататын эмиссиялық бағалы қағаздарын мемлекеттiк тiркеу тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi;
6) эмиссиялық бағалы қағаздардың Мемлекеттiк тiзiлiмiн және бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензиялар мен рұқсаттардың тiзiлiмiн жүргiзедi;
7) Қазақстан Республикасының резидентi еместер мен халықаралық қаржы ұйымдары шығарған эмиссиялық бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жiберу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының резидентi еместердiң эмиссиялық бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жiберуге қатысты тыйым салу немесе шектеу тәртiбiн және шарттарын белгiлейдi;
8) мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар мен туынды бағалы қағаздардың орналастыруын тоқтатады және қайта жаңғыртады, мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар мен туынды бағалы қағаздардың шығарылымын жояды;
9) бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызмет пен басқа да қызметтiң лицензияланатын түрлерiн жүзеге асыру ережелерiн, оның iшiнде бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау тәртiбiне, осы мәмiлелердi есепке алу және олар бойынша есеп беру тәртiбi мен шарттарына қойылатын талаптарды айқындайды;
10) бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтiң жаңа түрлерiн айқындайды;
11) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн лицензиялар беру тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi;
12) лицензиаттардың қаржы тұрақтылығының пруденциалдық нормативтерi мен өзге де көрсеткiштерiн немесе критерийлерiн (нормативтерiн), оларды есептеу тәртiбi мен есептеу әдiсiн белгілейдi;
13) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн лицензиялар берудi жүзеге асырады, лицензиялардың қолданылуын тоқтатады және қайта жаңғыртады, сондай-ақ оларды қайтарып алады;
14) лицензиаттардың iшкi құжаттарын келiседi;
15) лицензиаттардың басшы қызметкерлерiнiң лауазымына кандидатураларды тағайындау үшiн келiсiм бередi;
16) лицензиаттардың есеп беру тәртiбiн және есептердiң нысандарын айқындайды;
17) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн мамандар дайындау жөнiндегi қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар бередi, осындай рұқсаттардың қолданылуын тоқтатады, қайта жаңғыртады және мерзiмiн ұзартады, сондай-ақ оларды қайтарып алады;
18) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн мамандар дайындау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымдар жұмысының тәртiбiне қойылатын талаптарды белгiлейдi және осы талаптардың сақталуын бақылайды;
19) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстегiсi келетiн жеке тұлғаларды аттестациядан өткiзудi жүзеге асырады, аттестациядан өткен адамдарға бiлiктiлiк куәлiктерiн бередi, бiлiктiлiк куәлiктерi барларды қайта аттестациялайды және қайта аттестациядан өткен адамдардың бiлiктілiк куәлiктерiнiң қолданылу мерзiмiн ұзартады, бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтатады және қайта жаңғыртады, бiлiктiлiк куәлiктерiн қайтарып алады;
20) эмитенттердiң, лицензиаттардың және бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн мамандар дайындауды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады, өз құзыретi шегiнде олардың қызметiне тексеру жүргiзедi;
21) бiлiктiлiк куәлiктерiн иеленушiлердiң қызметiне бақылауды жүзеге асырады;
22) өзiнiң қарамағындағы бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi туралы мәлiметтердi пайдалана отырып (бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпиядан тұратын мәлiметтердi қоспағанда), бағалы қағаздар рыногының мәселелерi жөнiндегi ақпаратты, сондай-ақ олардың бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiне қолданған шаралары туралы ақпаратты жариялайды;
23) бағалы қағаздар рыногын реттеу жөнiнде қабылданатын шараларды үйлестiру, бағалы қағаздар рыногында құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол бермеу мәселелерi және өзара мүддеге қатысты өзге де мәселелер жөнiнде бағалы қағаздар рыноктарын реттеу жөнiндегi шетелдiк органдармен өзара iс-әрекет жасайды;
24) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеу жөнiндегi өзге де функциялар мен өкiлеттіктердi жүзеге асырады.
4-бап. Бағалы қағаздар рыногының объектiлерi
1. Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногының объектiлерi мыналар болып табылады:
1) ұйымдардың - Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң шығарылымын осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлетті орган тiркеген мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздары;
2) ұйымдардың - Қазақстан Республикасының резидентi еместердiң шығарылымын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен уәкiлеттi орган тiркеген немесе ол Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жiберген мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздары;
3) ұйымдардың - Қазақстан Республикасының резидентi еместердiң шығарылымы басқа мемлекеттiң заңдарына сәйкес тiркелген және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жiберiлген мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздары;
4) шығарылымын уәкiлетті мемлекеттік орган тiркеген немесе ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жiберген халықаралық қаржы ұйымдарының эмиссиялық бағалы қағаздары;
5) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар;
6) туынды бағалы қағаздар және өзге де қаржы құралдары;
7) уәкiлеттi орган таныған бағалы қағаздар және туынды бағалы қағаздар.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздардың түрлерi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi.
5-бап. Бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi
1. Бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi жеке және институционалдық инвесторлар, эмитенттер, бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары, бағалы қағаздармен сауда-саттықты ұйымдастырушылар және өзiн-өзi реттейтiн ұйымдар болып табылады.
2. Жеке инвесторлар эмиссиялық бағалы қағаздарға қаражатты өзi немесе бағалы қағаздар рыногында брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиялары бар ұйымның қызмет көрсетуiн пайдалана отырып инвестициялайды.
3. Институционалдық инвесторлар инвестициялық қызметті, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдардың қызмет көрсетуiн пайдалана отырып жүзеге асырады.
4. Бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi, бағалы қағаздармен сауда-саттықты ұйымдастырушылар мен өзiн-өзi реттейтiн ұйымдардың қызметiн жүзеге асыру тәртiбi осы Заңда, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде және осы ұйымның iшкi құжаттарында белгiленедi.
2-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеу
6-бап. Қазақстан Республикасының эмиссиялық бағалы
қағаздарының мемлекеттiк тiзiлiмi
1. Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргізудi уәкiлетті орган жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының эмиссиялық бағалы қағаздарының мемлекеттік тiзiлiмiне Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген және айналысқа жiберiлген эмиссиялық бағалы қағаздар мен олардың эмитенттерi туралы мәлiметтер енгiзу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
2. Қазақстан Республикасының эмиссиялық бағалы қағаздарының мемлекеттiк тiзiлiмiне олар жөнiнде мәлiметтер енгiзiлмеген эмиссиялық бағалы қағаздар Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында мәмiлелер объектiсi бола алмайды.
7-бап. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздардың
шығарылымы
1. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын жүзеге асыру, оларды тiркеу, орналастыру, айналысқа шығару және өтеу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
2. Мемлекеттiк бағалы қағаздарға ұлттық бiрегейлендiру нөмiрлерiн беру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актiсiнде белгiленедi.
8-бап. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздардың
шығарылымын мемлекеттiк тiркеу
1. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеу осы Заңда және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеуге мыналар кiредi:
1) ұсынылған құжаттарды және олардың сараптамасын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қарау;
2) эмиссиялық бағалы қағаздарға ұлттық бiрегейлендiру нөмiрлерiн беру және Қазақстан Республикасының эмиссиялық бағалы қағаздарының мемлекеттiк тiзiлiмiне олар және эмитент туралы мәлiметтер енгiзу;
3) эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының және эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiнiң мемлекеттiк тiркелгенi туралы куәлiктер беру.
3. Уәкiлетті орган мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымы туралы құжаттарды олар мемлекеттiк тiркеуге ұсынылған күннен бастап отыз күн iшiнде қарайды.
Эмиссиялық бағалы қағаздарды мемлекеттiк тiркеуге қосымша құжаттар ұсынылған жағдайда қарау мерзiмi жаңғыртылады.
4. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару тәртiбi, сондай-ақ оларды орналастыру, айналысқа шығару және өтеу ерекшелiктерi осы Заңда және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерiнде белгiленедi.
5. Эмитент пен оның қызметкерлерi эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуге ұсынған құжаттарда шынайы емес және толық емес мәлiметтер бергенi үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жауапкершiлiкте болады.
6. Уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздарды мақсатқа сай болмау дәлелдерi бойынша мемлекеттік тiркеуден бас тартуға құқылы емес.
7. Егер эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру және айналысқа шығару процесiнде эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеуге ұсынылған құжаттарда шынайы емес және толық емес мәлiметтер берiлу фактiлерi анықталған болса, уәкiлеттi орган жауапкершiлiк атқармайды.
9-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының
проспектiсi
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектiсiнде мынадай мәлiметтер болуға тиiс:
1) эмитент пен оның қызметiнiң түрлерi туралы;
2) эмитенттің жарғылық капиталындағы акциялардың (үлестердiң) он және одан да астам процентiн иеленушi акционерлер (қатысушылар) туралы;
3) кейiнгi үш жылдағы басшы қызметкерлер, олардың лауазымдары туралы мәлiметтер, сондай-ақ эмитенттiң қатысушысы (акционерi) болып табылатындардың оның жарғылық капиталындағы акцияларының саны (үлестерiнiң мөлшерi) туралы көрсете отырып, эмитент органдарының құрылымы туралы;
4) баланстық құнын көрсете отырып, эмитенттiң активтерi туралы, эмитенттiң тұтынушылары және өнiмдi (жұмысты, қызмет көрсетудi) жеткiзушiлерi туралы;
5) эмитенттің мүлкiн бағалау туралы (қамтамасыз етілген облигациялар шығарған кезде);
6) кредиторлардың (дебиторлардың) тiзбесiн және берешектерді өтеу мерзiмiн көрсете отырып, кредиторлық және дебиторлық берешектердiң бар-жоғы туралы;
7) эмитенттің аффилиирленген тұлғалары туралы;
8) жарияланған бағалы қағаздардың саны, олардың түрлерi (санаттары), төлем жасау тәсілдерi, бағалы қағаздар бойынша кiрiс алу, оның iшiнде облигациялардың нақтылы құны, олардың айналыс мерзiмi және өтеу тәртiбi туралы;
9) бағалы қағаздарды конвертациялау тәртібi туралы;
10) облигация ұстаушылардың өкiлi туралы (ипотекалық және қамтамасыз етілген облигациялар шығарған кезде);
11) облигация ұстаушылардың жиналысын өткiзу туралы хабарлама жариялануға жататын баспасөз басылымы туралы (ипотекалық және қамтамасыз етiлген облигациялар шығарған кезде);
12) төлем агентi туралы;
13) уәкілетті органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес өзге де мәлiметтер.
Эмитенттiң аудиторлық ұйым растаған соңғы екi қаржы жылындағы қаржылық есебi және эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеуге құжаттар берудiң алдындағы есеп берудiң соңғы күнiне қаржылық есебi эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiнiң ажырамас бөлiп болып табылады.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiнiң құрылымы және оны ресiмдеу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерiнде белгiленедi.
3. Эмитент уәкілеттi органға эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiнде бар мәлiметтердiң өзгергенi туралы мәлiметтердi көрсетiлген жағдай басталған күннен бастап он күн iшiнде ұсынуға мiндеттi.
10-бaп. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын
мемлекеттiк тiркеуден бас тарту және
шығарылымды мемлекеттiк тiркеудi тоқтата тұру
1. Эмитент шығарылымды мемлекеттiк тiркеуге құжаттар ұсыну тәртiбiн бұзған жағдайда және құжаттарды қарау барысында ұсынылған құжаттардағы мәлiмдердiң шынайы еместiгі немесе толық еместігі анықталғанда уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға құқылы.
2. Егер ұсынылған құжаттарды қарау барысында эмитенттi құру немесе оның қызметi туралы қосымша мәлiметтердi алу қажеттiгi туындаса, уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеудi тоқтата тұруға құқылы.
3. Эмитент уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуден бас тарту туралы шешiмiне сот тәртiбiмен шағым беруге құқылы.
11-бап. Акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу
1. Акционерлiк қоғам жарғысында белгiленген санда жария етiлген акциялар шығарылымы уәкiлеттi органда мемлекеттiк тiркелуге жатады. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы шешiмдi акционерлiк қоғам құрылтайшылары (құрылтайшысы) қабылдайды. Акционерлiк қоғам заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап екi айдың iшiнде жария етілген акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуге құжаттарды ұсынуға мiндеттi.
2. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы құрылтайшылардың (құрылтайшының) шешiмiнде:
1) эмитенттің атауы және оның заңды мекен-жайы көрсетiле отырып, құрылтайшылардың жиналысы өткiзiлетiн жер және күнi;
2) мәжiлiске қатысқан құрылтайшылардың тiзiмi;
3) акциялардың түрi және олардың жалпы саны;
4) құрылтайшылар арасында орналастырылатын акциялардың саны және олардың акцияларды төлеу тәртiбi;
5) жарияланған акциялардың құрылтайшылар арасында орналастырылатын бағасы болуы тиiс.
3. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу акционерлiк қоғам ұсынған мынадай құжаттардың:
1) еркiн нысанда жазылған өтiнiш;
2) құрылтайшылар жиналысы хаттамасының немесе акционерлiк қоғам құрылтайшысының жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы шешiмiнiң көшiрмелерi;
3) акционерлiк қоғам жарғысының нотариат куәландырған көшiрмесi;
4) акционерлiк қоғамды мемлекеттік тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң көшiрмесi;
5) акционерлiк қоғамның статистикалық карточкасының көшiрмесi;
6) акциялар шығарылымы проспектiсiнiң екi данасы;
7) акционерлiк қоғамның құрылтайшылары арасында орналастырылатын жарияланған акциялар үшiн төлем жасалғанын растайтын құжаттар негiзiнде жүзеге асырылады.
Ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келген жағдайда, уәкiлеттi орган акцияларға ұлттық бiрегейлендiру номерiн беру және акционерлiк қоғамға жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк пен акциялар шығарылымы проспектiсiнiң бiр данасын беру (жiберу) арқылы жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырады.
4. Жарияланған акцияларға ұлттық бiрегейлендiру номерiн беру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi. Барлық жария етiлген бiр санаттағы акциялардың бiрдей ұлттық бiрегейлендiру номерi болады.
5. Тiркеушi акционерлiк қоғам құрылтайшыларының (құрылтайшысының) акциялар жөнiндегi құқықтарын тiркеудi жарияланған акциялар шығарылымы мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн жүзеге асырады.
6. Уәкiлеттi орган барлық жария етiлген акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi (есептердi) бекiткеннен кейiн акционерлiк қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы кейiн акционерлiк қоғам жарғысына және акциялар шығарылымы проспектiсiне өзгерiстер енгiзе отырып, жария етiлген акциялардың жарғыда көрсетiлген санын көбейту туралы шешiм қабылдауға құқылы. Акциялар шығарылымы проспектiсiне өзгерiстердi тiркеу және жария етiлген акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктi ауыстыру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
12-бап. Мемлекеттiк емес облигациялардың шығарылымын
мемлекеттiк тiркеу
1. Эмитент облигацияларды мемлекеттiк тiркеу үшiн уәкiлеттi органға мынадай құжаттар ұсынуға міндетті:
1) еркiн нысанда жазылған өтiнiш;
2) облигацияларды орналастыру нәтижесiнде эмитент алған қаражатты пайдалану тәртiбi, шығарылым көлемi, облигациялар саны мен түрi, бiр облигацияның нақтылы құны, облигация ұстаушылардың құқықтары, сондай-ақ облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа шығару және өтеу тәртiбi бар облигациялар шығарылымы туралы эмитент органы шешiмiнiң көшiрмесi;
3) облигациялар шығарылымы проспектiсiнiң (облигациялық бағдарлама проспектiсiнiң) екi данасы;
4) жарғының нотариат куәландырған көшiрмесi;
5) заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелгенi (қайта тiркелгенi) туралы куәлiктің көшiрмесi;
6) статистикалық карточканың көшiрмесi;
7) егер облигациялардың эмитентi акционерлiк қоғам болып табылса, акциялардың мемлекеттiк тiркелгенiн және акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептердiң бекiтiлгенiн растайтын құжаттардың көшірмелерi;
8) облигациялар шығару туралы шешiм қабылданған күннiң алдындағы соңғы қаржы жылындағы эмитенттiң қаржылық жай-күйiн растайтын аудиторлық есеп;
9) егер облигациялардың эмитентi шаруашылық серiктестiк болып табылса, жарғылық капиталдың толық төленгенiн растайтын аудиторлық есеп;
10) егер облигация эмитенттiң мүлкiмен немесе үшіншi тұлғаның кепiлдiгімен қамтамасыз етiлетiн болса, осы қамтамасыз етудi немесе кепiлдікті растайтын құжаттар;
11) кредиторлар тарапынан эмитентке қойылған талаптардың жоқ екенiн растайтын құжаттар (эмитенттiң орындалмаған мiндеттемелерi болған кезде);
12) облигациялар шығарылымы туралы шешiм қабылданған акционерлердiң (қатысушылардың) жалпы жиналысын шақыру туралы хабарландыру жарияланған баспасөз басылымы беттерiнiң көшiрмесi.
2. Облигацияларға ұлттық бiрегейлендiру номерiн берудiң және мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктi берудiң тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi. Әрбiр облигациялар шығарылымының облигациялық бағдарлама шегiнде өзiнiң ұлттық бiрегейлендiру номерi болады.
13-бап. Облигациялық бағдарламаны және облигациялық
бағдарлама шегiнде облигациялар шығарылымын
мемлекеттiк тiркеу тәртiбi
1. Облигациялық бағдарламаны мемлекеттiк тiркеу үшiн эмитент ұсынған құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкiлеттi орган облигациялық бағдарламаны мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды алған күннен бастап отыз күн iшiнде облигациялық бағдарламаның проспектiсiн мемлекеттiк тiркеуді жүзеге асырады.
2. Тiркелген облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн уәкiлеттi органға эмитент ұсынған құжаттар оларды ұсынған күннен бастап он төрт күнтiзбелiк күн iшiнде уәкiлеттi органның қарауына жатады.
4. Облигациялық бағдарламаны немесе облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тіркеу үшiн эмитент ұсынған құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкiлеттi орган мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырады және эмитентке облигациялық бағдарламаның немесе облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығарылымының мемлекеттiк тiркелгенi туралы куәлiк бередi.
5. Облигациялық бағдарламаны немесе облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн эмитент ұсынған құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда уәкілеттi орган мемлекеттiк тiркеуден бас тарту себебiн түсiндiре отырып эмитентке жiбередi. Эмитент мемлекеттiк тiркеуден бас тарту себебiн жойғаннан кейiн уәкiлетті орган құжаттарды қарауды осы баптың 3, 4-тармақтарына сәйкес жүзеге асырады.
6. Уәкiлеттi орган мынадай жағдайларда, егер:
1) мемлекеттік тiркеу үшiн эмитент ұсынған құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмесе;
2) қор биржасында осы облигациялық бағдарлама шегiнде шығарылған облигациялар бойынша сауда-саттық тоқтатылып тұрса;
3) осы облигациялық бағдарлама шегiнде шығарылған облигацияларға делистинг жүргiзiлсе;
4) облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу нәтижесiнде айналыстағы облигациялар шығарылымының жалпы сомасы осындай облигациялық бағдарлама сомасынан асып кетсе;
5) облигациялық бағдарламаны немесе облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттар ұсынған күнi эмитент осы баптың 1-тармағына сәйкес уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген талаптарға сай келмесе, эмитентке облигациялық бағдарламаны немесе облигациялық бағдарлама шегінде облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға құқылы.
3-тарау. Облигацияларды шығарудың және айналысқа шығарудың ерекше шарттары
14-бап. Облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар
шығару
1. Акционерлiк қоғамның ұжымдық-құқықтық нысанында жұмыс iстейтiн эмитент мынадай шарттарды сақтаған жағдайда:
1) бұрын шығарылған облигациялар бойынша дефолт фактiлерi болмаса;
2) меншiк капиталы үш миллиард теңгеден кем болмауы тиiс;
3) соңғы үш жыл iшiнде шығынсыз жұмыс iстеудi жүзеге асырса; 4) облигацияларды сауда-саттық ұйымдастырушының тiзiмiне енгiзуге үмiткер эмитенттер бағалы қағаздармен сауда-саттық ұйымдастырушының талаптарына сай келсе, облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
2. Эмитент облигациялық бағдарлама проспектiсiнде және облигациялар шығарылымының ерекше нұсқамасында көзделген шарттарға сәйкес облигациялық бағдарлама шегiнде құрылымы бойынша әр түрлi облигациялар шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
3. Облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды жүзеге асыратын эмитент орындауға тиiстi айрықша шарттар мен шектеулердi облигациялық бағдарлама шегiнде шығарылған облигацияларды мерзiмiнен бұрын өтеу тәртiбiн және шарттарын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
15-бап. Облигациялардың кейiнгi шығарылымы
1. Эмитент бұрын өзi шығарған облигацияларды бағалы қағаздардың қайталама рыногына айналысқа шығарған кезде, егер:
1) ипотекалық облигациялар шығару туралы шешiм қабылданса; немесе
2) уәкiлеттi органға облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттар ұсынған күнi эмитенттiң бұрын шығарылған облигацияларды өтеу немесе бағалы қағаздардың қайталама рыногында айналыста жүрген облигациялар бойынша сыйақы төлеу жөнiнде мiндеттемелердi орындамау немесе уақтылы орындамау жағдайлары болмаса; немесе
3) уәкiлеттi органға облигациялар шығарылымын мемлекеттік тiркеу үшiн құжаттар ұсынған күнi эмитенттiң уәкiлеттi орган белгiлеген тiзбеге сәйкес халықаралық рейтинг агенттiктерiнiң жiктеуi бойынша кредиттiк рейтинг бағасы болса; және
4) облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн уәкiлеттi органға құжаттар ұсыну алдындағы соңғы тоқсанның қорытындысы бойынша левередж көлемi екеуден аспаса және жаңа шығарылымның барлық облигацияларын орналастыру нәтижесiнде көрсетiлген көлемнен аспаса, облигациялардың кейiнгi шығарылымын жүзеге асыруға құқылы. 2. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым уәкілеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген талаптарды сақтаған жағдайда бұрын шығарылған облигацияларды бағалы қағаздардың қайталама рыногына айналысқа шығарғанда облигациялардың келесi шығарылымын жүзеге асыруға құқылы.
16-бап. Айналыс мерзiмi үш айдан аспайтын
облигациялар шығару
1. Айналыс мерзiмi үш айдан аспайтын облигациялар шығаруды бағалы қағаздары листингтiң белгiлi бiр санаты бойынша қор биржасы тiзiмiне енгiзiлген және осы Заңның 18-бабының 1-тармағының 2)-4) тармақшаларының талаптарына сәйкес келетiн эмитент жүзеге асыруға құқылы.
2. Айналыс мерзiмi үш айдан аспайтын облигацияларды орналастыру және айналысқа шығару қор биржасының сауда жүйесiнде ғана жүзеге асырылады.
3. Айналыс мерзiмi үш айдан аспайтын облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу тәртiбi уәкілеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
17-бап. Конверсияланатын облигациялар шығарылымы
1. Акционерлiк қоғам оның акциясына конверсияланатын облигациялар шығарылымын жүзеге асыруға құқылы.
Конверсияланатын облигациялар шығарылымы акционерлiк қоғам жарғысында көзделуi тиiс.
2. Облигацияларды акционерлiк қоғам акцияларына конверсиялау облигация ұстаушылардың қалауы бойынша облигациялар шығарылымының проспектісiмен белгiленген облигацияларды эмитенттiң акцияларына конверсиялау тәртiбiне және шарттарына сәйкес жүргiзiледi. Облигация ұстаушы облигацияларды акцияларға конверсиялаудан бас тартқан жағдайда эмитент облигацияларды олардың нақты құндары бойынша ақшамен өтеуге мiндеттi.
18-бап. Агенттiк облигацияларды шығару тәpтібі
1. Агенттiк облигациялар шығаруды қаржы агенттiктерi жүзеге асырады.
2. Агенттiк облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу мақсатында уәкiлеттi органға қаржы агенттiгi ұсынатын агенттiк облигациялар шығару айналысқа шығару және өтеу тәртiбi және шарттары, құжаттар тiзбесi және шығарылымды мемлекеттiк тiркеу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
19-бап. Облигация ұстаушылардың жиналысы
1. Облигация ұстаушылардың жиналысын өткiзу ипотекалық және қамтамасыз етілген облигациялардың айналысы барысында жүзеге асырылады.
2. Облигация ұстаушылардың жиналысы:
1) облигация ұстаушылар өкiлiнiң;
2) бiр шығарылымның орналастырылған облигацияларының жиырма бес және одан көп процентiн иеленген (жиынтығында иеленген) облигация ұстаушының (ұстаушылардың);
3) эмитенттің атқарушы органының;
4) эмитенттiң тарату комиссиясының бастамасы бойынша өткiзiледi.
3. Облигация ұстаушылардың жиналысын дайындауды және оны өткiзудi эмитенттiң атқарушы органы жүзеге асырады.
Эмитенттiң атқарушы органы (тарату комиссиясы) осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген тұлғалардың облигация ұстаушылардың жиналысын өткiзу туралы талаптарын орындауға мiндеттi.
4. Атқарушы орган (тарату комиссиясы) облигация ұстаушыларға облигация ұстаушылардың жиналысы өткiзiлетiн күннен он күн бұрын атауы облигациялар шығарылымы проспектiсiнде көрсетілген баспасөз басылымында жиналыстың күн тәртiбiн, өткiзiлетiн жерiн және уақытын көрсете отырып хабарландыру жариялау арқылы не әр облигация ұстаушыға жиналыс өткiзетiнi туралы мұндай хабарламаны дербес жiберу арқылы хабарлайды.
5. Егер жиналысқа тиiстi шығарылым облигацияларының жиынтығында елу және одан көп процентiн иеленген облигация ұстаушылар (олардың өкiлдерi) қатысса, облигация ұстаушылардың жиналысы шешiм қабылдауға құқылы.
6. Облигация ұстаушылар жиналысы эмитенттiң облигация ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн облигациялар шығарылымы проспектiсiне сәйкес орындауды қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар туралы шешiмдердi қарайды және қабылдайды.
7. Облигация ұстаушылардың жиналысын шақыру және өткiзу бойынша шығыстар эмитентке жүктеледi.
20-бап. Облигация ұстаушылардың өкiлi
1. Ипотекалық және қамтамасыз етiлген облигацияларды шығарған және айналысқа шығарған кезде эмитент алдында облигация ұстаушылардың мүдделерiн бiлдiрудi облигация ұстаушылардың өкiлi (бұдан әрi - өкіл) жүзеге асырады.
Өкiл таңдауды эмитент дербес жүзеге асырады.
Өкіл эмитенттiң аффилиирленген тұлғасы болмауы тиiс.
2. Өкілдiң өкiлеттігiн оны өкiл ретiнде келiсудiң алдындағы алты ай бойы пруденциалдық нормативтердi және басқа да сақтауға мiндеттi нормалар мен лимиттердi сақтаған екiншi деңгейдегi банктер
жүзеге асыруға құқылы.
3. Эмитент ипотекалық және қамтамасыз етiлген облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттар ұсынудың алдында уәкiлеттi органға өкiлдiң кандидатурасын келiсу туралы өтiнiш ұсынуға мiндеттi.
Өкілдiң кандидатурасын келiсу тәртiбi уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
4. Эмитент пен өкiл арасында жасалатын облигация ұстаушылардың мүдделерiн бiлдiру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар, сондай-ақ өкiлдiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату тәртiбi мен жағдайлары уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
21-бап. Өкiлдiң функциялары және мiндеттерi
1. Өкiл мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) эмитенттің облигациялар шығарылымы проспектiсiнде белгiленген облигация ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындауын бақылайды;
2) эмитенттің облигация ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiктiң жай-күйiн бақылайды;
3) облигациялар бойынша сыйақы төлеу және оларды өтеу кезiнде төлем агентiнiң функциясын орындайды;
4) эмитентпен эмитенттiң облигация ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiкке қатысты кепiл шартын жасайды;
5) облигация ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға бағытталған шараларды қабылдайды;
6) облигация ұстаушыларға осы тармақтың 1)-4) тармақшаларына сәйкес өз әрекеттері туралы және мұндай әрекеттердiң нәтижелерi туралы хабарлайды.
2. Өкiл облигация ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында:
1) облигация ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерiне нұқсан келтiруге әкелiп соқтыруы мүмкiн жағдайларды анықтауға және көрсетiлген жағдайлар туралы оларға үш күн iшiнде хабарлауға;
2) эмитенттің облигация ұстаушылардың алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiкке кепiл құқығын ресiмдеуге және тiркеуге байланысты құқықтық қатынастарда облигация ұстаушылардың мүддесiн бiлдiруге;
3) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген тәртiппен эмитенттiң облигация ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiктiң жай-күйiне бақылауды жүзеге асыруға;
4) облигациялар бойынша сыйақылардың уақтылы төленуiне бақылауды жүзеге асыруға;
5) уәкiлеттi органға және облигация ұстаушыларға эмитенттiң облигация ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiктің жай-күйi туралы хабарлауға;
6) уәкiлеттi органға және облигация ұстаушыларға эмитентпен шартты бұзған күннен бастап үш күн iшiнде оның өкiл ретiндегi өкiлеттiктерiнiң тоқтатылғаны туралы хабарлауға;
7) уәкiлеттi органға және облигация ұстаушыларға олардың сұратуы бойынша оның өкiл ретiндегi қызметiне қатысты ақпаратты және құжаттарды беруге;
8) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, өкілдiң өкiлеттiктерiн жүзеге асыруға байланысты бағалы қағаздар рыногындағы өзiне белгiлi болған коммерциялық және қызметтiк құпиядан тұратын мәлiметтердi жария етпеуге, сондай-ақ көрсетiлген деректердi эмитенттiң және облигация ұстаушылардың мүдделерiне қайшы келетiн мақсаттарға пайдаланбауға мiндеттi.
3. Өкiлдiң осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген функциялар мен мiндеттердi орындау тәртiбi уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актісiнде белгiленедi.
4-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздарды бағалы қағаздардың бастапқы рыногына орналастыру
22-бап. Инвесторлардың эмиссиялық бағалы қағаздар
шығарылымы туралы ақпарат алуға құқығы
1. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру кезiнде эмитент (андеррайтер, эмиссиялық синдикат) инвестордың бiрiншi талап етуi бойынша оған танысу үшiн эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектiсiн түпнұсқа немесе көшiрме (баспаханалық немесе өзге әдiспен дайындалған брошюра) түрiнде беруге мiндеттi.
2. Эмитент (андеррайтер, эмиссиялық синдикат) эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiнiң брошюрасын бергенi үшiн инвестордан оны дайындауға жұмсалған шығыс көлемiнен аспайтын мөлшерде ақы алуға құқылы.
3. Проспект брошюрасының мазмұны эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiнiң түпнұсқасының мазмұнына толық сәйкес болуы тиiстi.
4. Инвестор эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектiсi брошюрасының уәкiлеттi органдағы проспектiнiң түпнұсқасына сәйкес келуiн тексеру туралы, осы мақсатта мұндай брошюраны уәкiлеттi органға бере отырып, өтiнiм жасауға құқылы.
23-бап. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздарды
орналастыру тәртiбi
1. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген шектеулердi ескере отырып, бағалы қағаздардың ұйымдастырылған немесе ұйымдастырылмаған рыногында жүзеге асырылады.
Эмитент (андеррайтер, эмиссиялық синдикат) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды бағалы қағаздардың ұйымдаспаған рыногында жазылым жүргiзу арқылы жүзеге асыруға құқылы.
Эмиссиялық бағалы қағаздарды бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногында орналастыру сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi қуаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Эмитент эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттiк тiркегеннен кейiн он күн iшiнде оларды инвесторлардың шек қойылмаған тобы арасында орналастырған кезде өз қызметi және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленген тәртiппен орналастыруға жататын эмиссиялық бағалы қағаздар туралы мәлiметтердi баспасөз басылымында жариялауға мiндеттi.
3. Эмиссиялық бағалы қағаздарды ұйымдаспаған бағалы қағаздар рыногында орналастыру эмитентке (андеррайтерге, эмиссиялық синдикатқа) инвесторлар ұсынған жазбаша тапсырыстар негiзiнде жазылым жүргiзу арқылы жүзеге асырылады. Инвесторлардың барлық өтiнiмдерiн орындау мүмкiн болмаған жағдайда, бұрын түскен өтінiмдер орындалады.
4. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру кезiнде акционерлердiң акцияларды немесе акцияларға конверсияланатын бағалы қағаздарды артықшылықпен сатып алу құқығын пайдалану жағдайларын қоспағанда, немесе осы эмитенттiң эмиссиялық бағалы қағаздар сатып алуға туынды бағалы қағаздар ұстаушылар құқығын белгілейтiн, эмитент өзiнiң бұрын қабылдаған мiндеттемелерiн орындаған жағдайда, бiр инвестордың басқаның алдында эмиссиялық бағалы қағазды сатып алуға артықшылық берiлген құқықты жазылым жүргiзу арқылы белгiлеуге тыйым салынады.
5. Эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру кезiнде бағалы қағаздарды керi сатып алу мiндеттемесiмен мәмiле жасауға тыйым салынады.
6. Инвестор бағалы қағаздарға ақы төлеу жөнiндегi мiндеттемесiн орындаған күннен бастап үш күн iшiнде эмитент бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiндегi өзiнiң жеке есепшотына инвестор сатып алған эмиссиялық бағалы қағаздарды есептеу туралы бұйрықты тiркеушiге беруге мiндеттi.
24-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарға ақы төлеу және
орналастыру бағасы
1. Акцияларға ақы төлеу тәртiбi және ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгіленеді.
2. Облигацияларға ақы төлеу тек қана ақшалай жүзеге асырылады.
3. Эмиссиялық бағалы қағаздарды бағалы қағаздардың ұйымдаспаған рыногына орналастыру кезiнде ақы төлеу барлық инвесторлар үшiн бiрдей баға бойынша жүзеге асырылады.
4. Акцияларды бағалы қағаздардың ұйымдаспаған рыногында орналастыру бағасын:
1) акцияларды құрылтайшылар арасында орналастыру бағасы туралы шешiм қабылдаған кезде акционерлiк қоғамның құрылтай жиналысы;
2) акционерлiк қоғамның Қазақстан Республикасының заңдарына және қоғам жарғысына сәйкес жарияланған акцияларды бұдан әрi орналастыру туралы шешiм қабылдау құқығы бар органы белгілейдi.
5. Акцияларды бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногына орналастыру бағасы бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногына айналысқа шығару жүзеге асырылатын акциялардың орташа алынған бағасынан төмен болмауы тиiс. Акцияның орташа алынған бағасын есептеудi орналастыру басталар алдындағы соңғы он екi айдағы сауда-саттық ұйымдастырушының сауда-саттық жүйесiнде тiркелген мәмiлелep туралы мәлiметтер негiзiнде сауда-саттық ұйымдастырушы жүргiзедi.
25-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру
қорытындылары туралы есеп
1. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi қарау және бекiту үшiн ұсынылатын құжаттар тiзбесi және оны ресiмдеу тәртiбi уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
2. Эмитент уәкiлеттi органға шығарылымын уәкiлеттi орган тiркеген барлық эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастырғанға дейiн оларды бағалы қағаздардың бастапқы рыногына орналастырудың әрбiр алты айдағы қорытындысы бойынша бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы көрсетiлген мерзiм аяқталғаннан кейiнгi келесi айдың iшiнде уәкiлеттi органға ұсынуға мiндеттi.
3. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi орган он төрт күнтiзбелiк күн iшiнде қарайды.
Егер құжаттарды қарау барысында эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы шынайы емес немесе нақты емес мәлiметтер ұсыну фактiсi анықталса, уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтуден бас тартуға құқылы.
Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтуден бас тартқан жағдайда эмитент бас тартуды алған күннен бастап отыз күн iшiнде уәкiлеттi органға пысықталған есептi қайта ұсынуға мiндеттi.
26-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды бағалы қағаздардың
бастапқы рыногына орналастыруды тоқтата тұру
1. Эмитент эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi ұсынбаған жағдайда, сондай-ақ эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi қарау барысында есепте көрсетiлген мәлiметтердiң эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн ұсынылған құжаттарға сәйкес еместiгi анықталса, уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешiмдi уәкiлеттi орган эмитентке жiбередi, ол тiркеушiге факсимильдi немесе электронды почта бойынша эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарламаны дереу жiберуге мiндеттi.
3. Эмитент уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешiмiн алған күннен бастап үш күннiң iшiнде баспасөз басылымында эмиссиялық бағалы қағаздарды бағалы қағаздардың бастапқы рыногына орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлама жариялауға және уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде анықталған жөнсiздiктердi жоюға бағытталған барлық әрекеттердi қолдануға мiндетті. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды қайта жаңарту анықталған жөнсiздiктердi жойғаннан кейiн уәкiлеттi органның жазбаша хабарламасы негiзiнде жүзеге асырылады.
27-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымы жойылған
кезде инвестицияларды қайтару
1. Эмитент эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру себептерiн жоймаған жағдайда уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттiк тiркеудiң күшiн жою туралы шешiм қабылдауға құқылы. Уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есеп бекiтiлгеннен кейiн көрсетiлген шешiмдi қабылдауға құқылы емес.
2. Уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын жою туралы шешiм қабылдаған жағдайда эмитент уәкiлеттi органның тиiстi хабарламасын алған күннен бастап үш күн iшiнде бұл туралы баспасөз басылымында хабарлама жариялау арқылы инвесторларға хабарлауға және екi ай iшiнде бағалы қағаздарды алуға және инфляцияны ескере отырып түзетiлген инвестицияларды инвесторларға қайтаруға мiндеттi (бұдан әрi - бастапқы инвестициялар). Облигациялар шығарылымын жойған жағдайда бастапқы инвестицияларды қайтаруды әрбiр инвестордың облигацияға нақты иелiк еткен кезеңiнде алынбаған сыйақыны ескере отырып, эмитент жүзеге асырады.
3. Бастапқы инвестицияларды қайтаруды эмитент дербес немесе төлем агентiнiң қызмет көрсетуiн пайдалана отырып жүзеге асырады. 4. Инвесторлардың бастапқы инвестицияларды қайтаруға байланысты барлық шығасыларын, мұндай шығасылардың көлемiн растайтын құжаттар негiзiнде эмитент қайтаруы тиiс.
5. Эмитент эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын жою туралы хабарламаны алған сәттен бастап бiр күннiң iшiнде бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушiге уәкiлеттi органның шығарылымын жою туралы хабарламасын алған күнгi бастапқы инвестицияларды алуға құқығы бар тұлғалардың тiзiмiн жасау туралы хабарламаны факсимильдi немесе электронды почта арқылы жiберуге мiндетті.
Эмитенттiң эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын жою туралы хабарламасын алған сәттен бастап тiркеушi бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiнде осы бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi жүзеге асыруға құқылы емес және бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiнде жеке есепшоттары бар нақтылы ұстаушыларға факсимильдi немесе электронды почта арқылы эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын жою туралы хабарламаны жiберуге мiндеттi. Нақтылы ұстаушылар көрсетiлген хабарламаны алған сәттен бастап уәкiлеттi орган шығарылымын жойған эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi жүзеге асыруға құқығы жоқ.
6. Эмитент осы баптың 2-тармағына сәйкес белгiленген мерзiм өткеннен кейiн жетi күн iшiнде уәкiлеттi органға бағалы қағаздарды айналыстан алу және бастапқы инвестицияларды инвесторларға қайтару туралы есептi ұсынуға мiндеттi.
7. Бағалы қағаздарды айналыстан алу және бастапқы инвестицияларды инвесторларға қайтару туралы есептiң нысаны, мазмұны және ұсыну тәртiбi, сондай-ақ оны қарау тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
8. Эмитент оларды қайтарудың осы Заңда айқындалған тәртiбiн және мерзiмiн сақтамаған жағдайда, бастапқы инвестицияларды мәжбүрлеп өндiрiп алу Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
28-бап. Инвесторларға эмиссиялық бағалы қағаздардың
шығарылымын жою туралы хабарлау
1. Инвесторларға эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын жою туралы хабарлауды эмитент:
1) тиiстi хабарламаны баспасөз басылымында жариялау;
2) бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушiнiң қызметiн пайдалана отырып, тиiстi хабарды тарату арқылы жүргiзедi.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын жою туралы хабарда: 1) эмитенттің толық атауы және мекен-жайы;
2) бағалы қағаздардың түрi және саны, эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының мемлекеттік тiркелген күнi және шығарылымды бiрдей бiрегейлендiру үшiн қажеттi өзге де мәлiметтер;
3) уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын жою жөнiндегі шешiмi туралы мәлiметтер;
4) алғашқы инвестицияларды қайтару тәртiбiнiң сипаттамасы;
5) алғашқы инвестицияларды қайтару солар арқылы жүзеге асырылатын төлем агентiнiң және оның филиалдарының атауы және мекен-жайлары туралы мәлiметтер (осындай болған жағдайда);
6) бiр бағалы қағаздың есебiмен қайтарылуға жататын алғашқы инвестициялар көлемi;
7) шығарылымның жойылуына байланысты бағалы қағаздармен мәмілелер жасаудың мүмкiн еместiгі көрсетiлуi тиiс.
29-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын
мемлекеттiк тiркеудi жарамсыз деп тану
1. Эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеу эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру (айналысқа шығару) процесiнде сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеудi жарамсыз деп тануға:
1) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру немесе айналдыру процесiнде эмитенттiң Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы;
2) эмитентті заңды тұлға ретiнде мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыруға негiз болған құжаттарда шынайы емес ақпараттың анықталуы;
3) эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттік тiркеуге негiз болған құжаттарда шынайы емес ақпараттың анықталуы негiз болып табылады.
3. Эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеудi жарамсыз деп тану эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын жою үшiн негiз болып табылады.
5-тарау. Бағалы қағаздардың қайталама рыногындағы эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысы
30-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналысының тәртiбi
1. Бағалы қағаздардың қайталама рыногындағы эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысы бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң ұйымдасқан немесе ұйымдаспаған бағалы қағаздар рыногында осы бағалы қағаздарға қатысты азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасау арқылы жүзеге асырылады.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелер жасау және оларды бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргізу жүйесiнде немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде тiркеу тәртібi осы Заңда және осы Заңға сәйкес аталған мәмiлелердi жүзеге асыру құқығын иеленген лицензиаттардың iшкі құжаттарында белгiленедi.
31-бап. Бағалы қағаздардың қайталама рыногындағы
эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысын тоқтата
тұру
1. Уәкiлеттi орган:
1) инвесторлардың эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуы барысында олардың құқықтары мен мүдделерi;
2) эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау тәртiбi бұзылған жағдайда бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiнде немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде жеке есепшоттардағы эмиссиялық бағалы қағаздарды оқшаулау арқылы бағалы қағаздардың қайталама рыногындағы эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысын тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға құқылы. 2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер бойынша эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысын тоқтата тұру туралы шешiм қабылданған жағдайда уәкiлеттi орган эмитентке және мәмiле жасауға қатысатын (қатысқан), анықталған заң бұзушылықтарды уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде жоюға және ескертпенiң орындалғаны туралы не анықталған заң бұзушылықтарды жою мүмкiндiгi жоқ екендiгi туралы жазбаша түсiндiрме беруге мiндеттi тұлғаларға ескертпе жiбередi.
3. Эмитент уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысын тоқтата тұру туралы ескертпесiн алған сәттен бастап жиырма төрт сағат iшiнде уәкiлеттi органның шешiмiн қоса бере отырып тiркеушiге ескертпе жiберуге мiндеттi.
4. Тiркеушi уәкiлетті органның эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысын тоқтата тұру туралы ескертпесiн алған сәттен бастап бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiндегi бағалы қағаздар бойынша меншiк құқығының өтуi жөнiндегі операциялар жүргiзудi тоқтата тұруға мiндеттi. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiнде нақтылы ұстаушының есепшоты бар болса тiркеушi эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысын тоқтата тұру туралы шешiмдi алған сәттен бастап жиырма төрт сағат iшiнде нақтылы ұстаушыға қабылданған шешiм туралы ескертуге мiндеттi.
5. Нақтылы ұстаушы тiркеушiнiң ескертпесiн алған сәттен бастап жиырма төрт сағат iшiнде өзiнiң клиентiн бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiндегi жеке есепшот бойынша операциялардың тоқтата тұру туралы жазбаша ескертуге және клиенттiң нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi есепшоты бойынша бағалы қағаздармен операциялар жүргiзудi тоқтата тұруға мiндеттi.
6. Заң бұзушылықтар жойылғаннан кейiн бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiндегi жеке есепшоттар және клиенттердiң нақты ұстауды есепке алу жүйесiндегi есепшоттары бойынша операцияларды қайта жүргiзу эмитентке және ескертпенi алған сәттен бастап жиырма төрт сағат iшiнде оны нақтылы ұстаушыға жеткiзуге мiндеттi болатын тiркеушiге жiберiлген уәкiлеттi органның жазбаша ескертпесi негiзiнде жүзеге асырылады.
32-бап. Акциялар шығарылымын жою
1. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында айналыстағы акциялар шығарылымын жою туралы шешiмдi уәкiлеттi орган акционерлiк қоғам қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда акционерлiк қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысының жарияланған акциялар шығарылымын жою туралы шешiмiне байланысты қабылдайды.
2. Акциялар шығарылымын жою үшiн уәкiлеттi органға ұсынылатын құжаттардың тiзбесi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
3. Шығарылымына қатысты уәкiлеттi органның жою туралы шешiмi шығарылған акциялармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасауға тыйым салынады.
4. Эмитент уәкiлеттi органның акциялар шығарылымын жою туралы ескертпесiн алған сәттен бастап жетi күн iшiнде бұл туралы ақпаратты баспасөз басылымында жариялауға мiндеттi.
5. Уәкілетті орган акциялар шығарылымын жою туралы шешiмдi эмитентке және бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiндегi есепшоттар бойынша барлық операцияларды шұғыл тоқтата тұруға және бұл туралы бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiнде жеке есепшоттары бар нақтылы ұстаушыларды жою туралы ескертпе алған сәттен бастап хабардар етуге мiндеттi тiркеушiге жiбередi.
Акциялар шығарылымын жоюға байланысты бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргiзудi тоқтату тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
33-бап. Бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеу.
Төлем агентi
1. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысы кезеңiнде эмитент Қазақстан Республикасының заңдарында және эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiнде белгiленген бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеу тәртiбiн сақтауға мiндеттi.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс (дивиденд, сыйақы) және облигацияларды өтеу кезiнде олардың номиналды құны осы төлемақылар жүзеге асырылатын кезеңнен кейiн соңғы күннiң аяғындағы жағдай бойынша оларды алуға құқығы бар тұлғаларға төленедi. Бұл ретте аталған тұлғалардың аталған кiрiсті (номиналды құнды) алу кезiнде бiрдей құқықтары болады.
3. Комиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеудi эмитент өзi немесе төлем агентiнiң қызмет көрсетуiн пайдалану арқылы жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының Үкiметi және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе жергiлiктi атқарушы органдар шығарған мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеудi жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
5. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеудi жүзеге асыру үшiн төлем агентiнiң қызмет көрсетуiн пайдалану туралы шешiм эмитенттiң құрылтай жиналысында (акционерлердiң/қатысушылардың жалпы жиналысында) қабылданады.
6. Төлем агентiнiң қызмет көрсетуiн пайдалану туралы шешiм қабылданған жағдайда эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектiсiнде төлем агентi туралы мынадай мәлiметтер болуы тиiс: 1) төлем агентiнiң толық атауы;
2) төлем агентiнiң және оның бағалы қағаздар бойынша кiрiс (облигациялардың номиналды құнын) төлеудi жүзеге асыратын барлық филиалдарының орналасқан жерi, деректемелерi.
Төлем агенті өзгерген жағдайда эмитент эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстер енгiзуге және оларды осындай өзгерiстер жасалған күннен бастап жетi күн iшiнде тiркеу үшiн уәкiлеттi органға ұсынуға мiндеттi.
7. Акциялар бойынша дивидендтер, облигациялар бойынша сыйақылар немесе өтеу кезiнде олардың нақтылы құны төленбеген, сондай-ақ толық төленбеген жағдайда, эмитент бағалы қағаздарды ұстаушыларға негiзгi мiндеттеменiң сомасын және ақшалай мiндеттеменi немесе оның тиiстi бөлiгiн төлеу күнi мерзiмi асып кеткен әрбiр күн үшiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыру ресми ставкасына сүйене отырып есептелген өсiмпұлды төлеуге мiндеттi.
34-бап. Мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу
қорытындылары туралы есеп
1. Эмитент мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қарау және бекiту үшiн облигациялар шығарылымның проспектісiнде белгiленген өтеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн бiр ай iшiнде уәкiлеттi органға ұсынуға мiндеттi.
Мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қарау және бекiту үшiн эмитент ұсынатын құжаттардың тiзбесi, сондай-ақ оны бекiту тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
2. Мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi орган он төрт күн iшiнде қарайды.
Егер құжаттарды қарау барысында облигациялар туралы шынайы емес немесе дәл емес мәлiметтер ұсыну фактiлерi анықталса, уәкiлеттi орган мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қараудан бас тартуға құқылы.
6-тарау. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттар шығарудың және айналысының шарттары
35-бап. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарды
шығару және айналысы
1. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарды шығару және олардың Қазақстан Республикасының аумағындағы айналысы мынадай талаптар сақталған кезде болуы мүмкiн:
1) бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметтi жүзеге асыруға лицензияларды иеленген екiншi деңгейдегi банктер қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың эмитентi болуы құқылы;
2) қазақстандық депозитарийлiк қолхаттары эмитентiнiң акциялары Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын қор биржасының тiзiмiне енгiзiлуi тиiс;
3) Қазақстан Республикасының резидент емес эмитенттiң немесе ол шығарған, қазақстандық депозитарийлiк қолхаттары шығарылатын бағалы қағаздардың уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген рейтингтiк бағасы болуы тиiс;
4) бағалы қағаздарына қазақстандық депозитарийлiк қолхаттары шығарылған Қазақстан Республикасының резидент емес эмитентi уәкiлеттi орган оффшорлық аймақ тiзбесiне енгiзген аумақта тiркелген немесе Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы ақпарат алмасу жөнiндегi мiндеттеме қабылдамаған оффшорлық аумақтар тiзбесiне жатқызған заңды тұлға не осындай заңды тұлғаның еншiлес ұйымы болып табылмауы тиiс.
5) Қазақстан Республикасының резидентi емес эмитентiнiң бағалы қағаздарына қазақстандық депозитарийлiк қолхаттары шығарылатын эмитенттің бағалы қағаздарын депозитке салуды Қазақстан Республикасының резидентi депозитарий жүзеге асыруы тиiс;
6) қазақстан депозитарийлiк қолхаттары шығару көлемi Қазақстан Республикасының резидентi емес эмитенттiң депозитке салынған бағалы қағаздарының көлемiне сәйкес келуi тиiс.
2. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттар құжатсыздандырылған нысанда шығарылады және оларды орналастыру және айналысы қор биржасының сауда жүйесiнде жүзеге асырылады.
Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттар бойынша құқықтарды есепке алуды және растауды Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында депозитарлық қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйым жүзеге асырады.
3. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттар Қазақстан Республикасының резидент емес эмитентiнiң депозитке салынған бағалы қағаздарын алу құқығын қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарды ұстаушының алғашқы талап етуi бойынша куәландырады.
36-бап. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың
шығарылымын мемлекеттік тiркеу
1. Уәкілеттiк орган:
1) эмитенттiң санын және орналастыру бағасын, Қазақстан Республикасының резидент емес эмитентiнiң бағалы қағаздарының түрлерiн көрсете отырып қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың шығарылымын тiркеу туралы өтiнiшi;
2) эмитенттiң қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың шығару туралы шешiмi;
3) Қазақстан Республикасының резидент емес эмитенті шығарған бағалы қағаздардың тiркелгендiгiн куәландыратын және олардың шығару, айналысы, өтеу шарттарын ашатын құжаттардың көшiрмелерi;
4) Қазақстан Республикасының резидент емес эмитентінiң бағалы қағаздары проспектiсiнiң (оның орнына жүретiн құжаттың) олардың шығарылымы тiркелген елдiң бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан қатынастарды мемлекеттiк реттеудi және бақылауды жүзеге асыратын органның келiсуi (бекiтуi) туралы белгiсi қойылған көшiрмесi;
5) Қазақстан Республикасының резидент емес эмитентiнiң қаржылық есептің халықаралық стандарттарына сәйкес жасаған соңғы үш қаржы жылындағы қаржылық есебiнiң көшiрмесi;
6) Қазақстан Республикасының резидент емес эмитентiнiң аяқталған соңғы үш жылдағы қаржылық есебiнiң шынайылығы расталатын аудиторлық есептiң көшiрмесi;
7) Қазақстан Республикасының резидент емес эмитенттi ол орналасқан елде заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелгенi расталатын құжаттар;
8) Қазақстан Республикасының резидент емес эмитентiнiң бағалы қағаздарын олар шығарылған елде депозитарлық қызметті жүзеге асыратын ұйымның депозитке салуы, олардың қазақстандық депозитарийлiк қолхаттар айналысының барлық кезеңiне оқшауланғаны растайтын құжат;
9) қазақстандық депозитарийлiк қолхаттары шығарылатын бағалы қағаздардың ұйымдасқан бағалы қағаздар рыногында бағасын кесу расталатын құжат;
10) Қазақстан Республикасының резидент емес эмитентi тiркелген елдiң немесе олар шығарған бағалы қағаздар тiркелген елдiң бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан қатынастарды мемлекеттiк реттеудi және бақылауды жүзеге асыратын органның оларды жiберу және олардың туынды бағалы қағаздарын шетелдiк қор рыноктарына жiберу бойынша қандай да болмасын шектеулердiң жоқ екенi жөнiндегi ресми құжат.
11) қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарының эмитентi және Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында депозитарлық қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар ұйым арасында жасалған қазақстандық депозитарийлiк қолхаттары бойынша құқықтарды есепке алу және растау шартының көшiрмесі;
12) қор биржасының қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарын оның сауда жүйесiне айналысқа жiберiлген бағалы қағаздардың тiзiмiне енгiзу туралы қорытындысы;
13) қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарының шығарылымын (осындай бар болған кезде) орналастыру туралы андеррайтермен (эмиссиялық синдикатпен) жасалған шарттың көшiрмесi;
14) қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарының шығарылымы проспектiсiнiң екi данасы болған кезде қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарының шығарылымын мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырады. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарды шығару проспектiсiнiң мазмұнына және қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарының шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн ұсынылған құжаттарды ресiмдеуге қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
2. Уәкiлеттi орган қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн ұсынылған құжаттарды олар ұсынылған күннен бастап отыз күн iшiнде қарайды.
Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген құжаттардың пакеті толық ұсынылмаған жағдайда құжаттар қарауға қабылданбайды.
3. Уәкiлеттi орган:
1) шығарылымды мемлекеттік тiркеу үшiн ұсынылған құжаттардағы мәлiметтер Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмеген;
2) Қазақстан Республикасының резидент емес эмитентiнiң бағалы қағаздары және қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың шығарылымы туралы толық емес немесе дәл емес мәлiметтер ұсынылған жағдайда;
3) қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеу барысында инвесторлардың мүлiктiк мүдделерiне әсер ететiн факторлар туындағанда қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарды мемлекеттік тiркеуден бас тартуға құқылы.
4. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшін ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келген кезде уәкiлеттi орган Бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiне қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың шығарылымы туралы мәлiмет енгiзедi және эмитентке қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктi және қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың шығарылымы проспектiсiнiң бiр данасын бередi.
37-бап. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарды
орналастыру тәртiбi
1. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың эмитентi күнтiзбелiк жетi күн iшiнде шығарылым шарттарында белгiленген баспасөз басылымында:
1) өзiнiң заңды мәртебесiн, кастодиандық қызметті жүзеге асыруға лицензиясын, сондай-ақ инвесторлар қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарды сатып алатын орынды немесе орындарды;
2) бағалы қағаздарына қазақстандық депозитарийлiк қолхаттар шығарылған Қазақстан Республикасының резидент емес эмитентiнiң толық атауын, орналасқан жерiн және қызметiнiң түрлерiн;
3) қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарды орналастыру бағасы және шығарылымның көлемi, сондай-ақ уәкiлеттi органның шығарылымды мемлекеттiк тiркеген күнiн көрсетiп, шығарылымның құрылымын көрсете отырып, қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың шығарылымын орналастыру туралы хабар жариялауға мiндеттi.
2. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттар мемлекеттік тiркелгенге дейiн оның шығарылымы туралы мәлiметтердi жариялауға тыйым салынады.
38-бап. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттар
эмитентiнiң мiндеттерi
1. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың эмитентi:
1) инвесторларға бағалы қағаздарына қазақстандық депозитарийлiк қолхаттар шығарылған Қазақстан Республикасының резидент емес эмитентiнiң қаржылық жағдайы, оның капиталы және менеджментi туралы ақпарат ұсынуға;
2) бағалы қағаздарына қазақстандық депозитарийлiк қолхаттар шығарылған Қазақстан Республикасының резидент емес эмитентi акционерлерiнiң жалпы жиналыстарында қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарды ұстаушылардың мүддесін бiлдiруге;
3) уәкiлеттi органға тоқсан сайын бағалы қағаздарына қазақстандық депозитарийлiк қолхаттар шығарылған Қазақстан Республикасының резидент емес эмитентiнiң қаржылық жағдайы туралы мәлiмет ұсынуға;
4) Қазақстан Республикасының аумағында қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарға қатысты хабарды, сондай-ақ қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарды ұстаушылардың мүлiктiк мүдделерiн қозғайтын кез келген өзге де ақпаратты таратуға;
5) бағалы қағаздарына қазақстандық депозитарийлiк қолхаттар шығарылған, депозитке салынған бағалы қағаздарының санына қатысы бойынша қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың орналастырылған көлемiн бақылауды жүзеге асыруға;
6) жедел және анық ақпарат алуды қамтамасыз ететiн терминалдар болуы мiндеттi.
39-бап. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарды
орналастыру және өтеу қорытындылары туралы есеп
1. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың эмитентi орналастыру мерзiмi аяқталғаннан кейiн бiр ай iшiнде уәкілеттi органға қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарды орналастыру және өтеу қорытындылары туралы мәлiмет беруге мiндеттi. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттардың тiркелген көлемi толық орналастырылмаған жағдайда эмитент уәкiлеттi органға әрбiр айдың аяқталуы бойынша орналастыру нәтижесi туралы мәлiметтер бере отырып оларды одан әрi орналастыруды жүзеге асыруға құқылы.
2. Қазақстандық депозитарийлiк қолхаттарды орналастыру және өтеу қорытындылары туралы есептi ұсыну тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
7-тарау. Опциондардың, фьючерстердiң, своптардың және өзге де қаржы құралдарының айналысы
40-бап. Опциондармен, фьючерстермен, своптармен және
өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер жасау шарттары
1. Базистік активтерi эмиссиялық бағалы қағаздар болып табылатын опциондармен, фьючерстермен, своптармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымы мемлекеттік тіркелген кезде ғана жасауға болады.
2. Қатысушылары бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары болып табылатын опциондармен, фьючерстермен, своптармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер қор биржасында ғана жасалады.
3. Опциондармен, фьючерстермен, своптармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер жасау және орындау тәртiбi қор биржасының iшкi құжаттарында белгіленедi.
41-бап. Эмитенттiң опциондары
1. Акционерлiк қоғам өзi шығарған акцияларды немесе жай акцияларға айырбасталған облигацияларды сатып алуға арналған опциондарды инвесторларға сатуға құқылы.
2. Опционда инвестор сатып алуға құқылы болатын бағалы қағаздардың түрi және саны, бағалы қағаздарды сатып алу бағасы, сатып алу мерзiмi және тәртiбi және опционның басқа шарттары көзделуi тиiс.
3. Опциондарды жасау және оларды сату тәртiбi акционерлiк қоғамның жарғысында белгiленуi тиiс.
4. Акционерлiк қоғамның акционерi опциондарды артықшылықпен сатып алу құқығын иеленедi.
Акционер опциондарды артықшылықпен сатып алу құқығын басқа тұлғаларға беруге құқылы емес.
8-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды тiркеу
42-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған
мәмiлелердi тiркеу
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтардың туындауы, басқаға көшуi (берiлуi), өзгеруi және тоқтатылуы, бағалы қағаз бойынша құқықтардың орын алған кез келген өзгерiсi тiркелуге жатады.
Егер азаматтық-құқықтық мәмiленiң эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтары осы мәмiленiң күшiне байланысты өзгеретiн, тоқтатылатын, мәмiле бойынша басқа тарапқа өтетiн немесе мәмiле тарабының пайдасына жүктелетiн тарабы осы мәмiленi тiркеуден жалтарса, басқа тарап бағалы қағаз бойынша өзiнiң құқықтарын ерiксiз тiркеу туралы сотқа талап арызбен өтiнiш жасауға құқылы.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздар мен жасалған мәмiлелердi тiркеу бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзілiмiн жүргiзу жүйесiндегi және бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi жеке есепшоттар бойынша жазбалар енгiзу арқылы жасалады.
Егер мәмiлелердiң қатысушылары бiр нақтылы ұстаушының клиенттерi болып табылса, мәмiле бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiнде және бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде тiркелген сәттен бастап эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар туындайды.
Егер мәмiленiң қатысушылары әртүрлi нақтылы ұстаушының клиенттерi болған жағдайда, мәмiле нақтылы ұстаушылардың жеке есепшоттары бойынша депозитарииге тiркелген және нақтылы ұстаушы бағалы қағаздарды клиенттiң бағалы қағаздарды нақтылы ұстаушы жүйесiндегi жеке есепшотына есепке алған сәттен бастап эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша меншiк құқықтары туындайды.
3. Ұйымдаспаған бағалы қағаздар рыногында бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау кезiнде тiркеушi (нақтылы ұстаушы) мәмiленi тiркеудi эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтары осы мәмiле күшiнде өзгеретiн, тоқтатылатын, мәмiле бойынша басқа тұлғаға өтетiн немесе мәмiле тарабының пайдасына жүктелетiн тұлғалардың қарсы бұйрықтары негiзiнде жүзеге асырады.
4. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды тiркеу ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
5. Егер осы мәмiленi тiркеу үшін ұсынылған құжаттар осы Заңның талаптарына, Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiне және олардың iшкi құжаттарына сәйкес келмесе, тiркеушi (нақтылы ұстаушы) эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмiленi тiркеуден бас тартуға құқылы.
6. Эмиссиялық бағалы қағаздармен ұйымдасқан бағалы қағаздар рыногында жасалған мәмiлелердi тiркеу тәртiбi депозитарийдiң және сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарында белгiленедi.
7. Ұйымдаспаған бағалы қағаздар рыногында бiр жақты мәмiле жасалған жағдайда мәмiленi тiркеу құқық иеленушiнiң эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқығын растайтын құжаттар қоса берiле отырып оның бұйрығы негiзiнде жүзеге асырылады.
8. Сот шешiмi (ұйғарымы) болған кезде эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтардың өзгерiсiн, тоқтатылуын немесе жүктелуiн тiркеудi тiркеушi (нақтылы ұстаушы) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
9. Осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген негiздер жоқ болған кезде тiркеушi (нақтылы ұстаушы) эмиссиялық бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке есепшоттары бойынша жазбаларды өз бетiнше енгiзуге құқылы емес.
10. Жеке есепшоттар бойынша тiркеушiнiң және нақтылы ұстаушының жазбалар жасауы үшiн негiз болып табылатын құжаттар бес жыл бойы сақталуға жатады.
11. Жеке есепшоттар бойынша тiркеушi (нақтылы ұстаушы) жасаған жазбаны сот тәртiбiмен ғана даулауға болады.
43-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар
кепiлiн тiркеу
1. Тiркеушi (нақтылы ұстаушы) эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар кепiлiн тiркеудi кепiл берушiнiң және кепiл ұстаушының кепiлге берiлген эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша аталған құқықтармен жасалған осы мәмiленi тiркеуге арналған барлық қажеттi мәлiметтер бар бұйрығы негiзiнде жүзеге асырады.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар кепiлiн тiркеу құқықтары кепiлге берiлген, кепiл ұстаушының пайдасына кепiл берушiнiң шотындағы бағалы қағаздарға жүктеу арқылы кепiл ұстаушыға жеке шот ашу (осындай болмаған жағдайда) оның пайдасына бағалы қағаздарды жүктеу туралы жазба жасау арқылы жүзеге асырылады. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң тоқтатылуына байланысты эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды кепiлге беру тоқтатылған жағдайда бағалы қағаздарға жүктеудi алып тастауды тiркеушi (нақтылы ұстаушы) мәмiлеге қатысушылардың қарсы бұйрықтары негiзiнде жүзеге асырады.
3. Кепiл берушi кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiстi дәрежеде орындамаған жағдайда мәмiленi тiркеу Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес кепiлге берiлген затты өндiрiп алу айналысы арқылы кепiлдi тоқтатуды растайтын құжаттар негiзiнде жүзеге асырылады.
44-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды
растау
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды растау бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргізу жүйесiндегi немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi бағалы қағаздарды ұстаушының жеке есепшотынан үзiндi-көшiрме ұсыну арқылы жүзеге асырылады.
Үзiндi-көшiрменi ресiмдеу және беру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк актiсiнде және тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) iшкi құжаттарында белгiленедi.
2. Мүдделi тұлғаларға бағалы қағаздарды ұстаушының жеке есепшотынан үзiндi-көшiрме беру тәртiбi осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерiнде белгiленедi.
45-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған
мәмiленi тiркеу туралы бұйрық
1. Эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмiленi тiркеу туралы бұйрық жазбаша түрде жасалуы, бағалы қағаз ұстаушы немесе оның өкiлi қол қоюы және бұйрықтың алынғандығын мiндеттi түрде растай отырып тiркеушiге (нақтылы ұстаушыға) жеке өзiне, қолма-қол тапсыру почта байланысы, факсимилдi немесе электрондық почта арқылы берiлуi тиiс.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәміленi тiркеу туралы бұйрық Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ақпаратты техникалық қорғаудың нормаларын сақтай отырып электрондық байланыс құралы арқылы берiлуi мүмкiн.
3. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды тiркеу туралы бұйрықтың мазмұны, сондай-ақ оны тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) тiркеу шарттары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде және тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) iшкi құжаттарында белгiленедi.
4. Бұйрық орындауға қабылданған кезде тiркеушi (нақтылы ұстаушы) бұйрық берушi тұлғаның осы бұйрыққа қол қоюға өкiлеттiгiн, сондай-ақ бұйрық нысанының белгiленген талаптарға сәйкес болуын тексеруге мiндеттi.
Бұйрықты орындау кезiнде тiркеушi (нақтылы ұстаушы):
1) орындауға қабылданған бұйрықты тiркеуге;
2) бұйрықта көрсетiлген iс-қимылдарды жасау мүмкiндiгiн тексеруге;
3) тексерудiң оң нәтижесi болғанда бұйрықта көрсетiлген iс-қимылдарды жасауға;
4) бұйрықтың орындалғаны немесе бұйрықты орындаудан бас тарту туралы есеп беруге мiндеттi.
5. Бұйрықтың орындалғаны туралы есепте тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) бұйрықты орындау нәтижесi туралы ақпарат болуы тиiс. Бұйрықты орындаудан бас тартуда орындауға қабылданған бұйрыққа сәйкес мәміленi тiркеу мүмкiндiгi болмауының себебi болуы тиiс.
6. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тiркеушiмен (нақтылы ұстаушымен) жасалған шартта бұйрықты орындаудың өзге де мерзiмi көзделмесе, тiркеушi (нақтылы ұстаушы) үш күннен аспайтын мерзiмде бұйрықтың орындалуын жүзеге асырады. Тiркеушi (нақтылы ұстаушы) қарсы бұйрықтар негiзiнде олар алынған күнi мәмiленi тiркеудi жүргiзуге мiндеттi.
46-бап. Бағалы қағаздармен жасалған мәмілелердi
тiркеудi жүзеге асыру кезiндегi тыйым салу
1. Тiркеушiге (нақтылы ұстаушыға):
1) бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмейтiн тiркеудi жүзеге асыруға;
2) бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi оларды тiркеуге арналған бұйрықты тиiстi түрде ресiмдемей оны тiркеудi жүзеге асыруға;
3) егер тiркеу нәтижесiнде бағалы қағаздардың уәкiлеттi орган тiркеген саны артып кетсе, бағалы қағаздарды орналастыру барысында олармен жасалған мәмiленi тiркеудi жүзеге асыруға тыйым салынады.
2. Осы баптың 1-тармағын бұза отырып жасалған мәмiле кез келген мүдделi тұлғаның талабы бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен жарамсыз болып саналады.
47-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке
есепшоттары бойынша операцияларды тоқтата тұру.
Эмиссиялық бағалы қағаздарды тәркiлеу
1. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiндегі немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегі бағалы қағаздарды ұстаушылардың есепшоттары бойынша операцияларды тоқтата тұру уәкiлетті органның қаулысы, соттың шешiмi (ұйғарымы), жауап алу және алдын ала тергеу органының прокурор санкциялаған қаулысы немесе прокурордың қаулысы негiзiнде жүргiзiледi.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды тәркiлеу соттың заңды күшiне енгiзілген шешiмi (үкiмi) негiзiнде ғана жүргізiлуi мүмкiн.
9-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтік құпия
48-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық құпия
1. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық құпияға:
1) бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзілiмiн жүргiзу жүйесiндегi және бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi жеке есепшоттарда эмиссиялық бағалы қағаздардың бар екендiгі туралы мәлiмет;
2) жоғарыда аталған жеке есепшоттардағы эмиссиялық бағалы қағаздардың қалдығы және қозғалысы туралы мәлiмет;
3) бағалы қағаздардың ұстаушысы туралы мәлiмет кiредi.
49-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiк құпия
1. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiк құпияға бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi туралы, шектелмеген тұлғалар тобы үшiн бiрдей жағдайларда жалпы рұқсат етiлген болып табылмайтын мәлiметтер кiредi.
2. Өзiнiң қызметтiк жағдайы немесе туыстық қатысы жағынан еңбек мiндеттерi немесе бағалы қағаздар рыногының субъектiсiмен немесе оның аффилиирленген тұлғасымен жасалған шарт (оның iшiнде ауызша) күшiнде бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiк құпияны құрайтын ақпараты бар тұлға болып табылады, мыналардың аталған ақпаратты пайдалануға мүмкiндiгi бар:
1) бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң басшы қызметкерi;
2) бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң аталған ақпаратты алуға рұқсаты бар кез келген қызметкерi;
3) бағалы қағаздар рыногының субъектiсiне қызмет көрсететiн аудитор, бағалаушы және басқа тұлғалар;
4) бағалы қағаздар рыногының субъектiсi сауда-саттықты ұйымдастырушысының мүшесi немесе бағалы қағаздары осы сауда-саттықты ұйымдастырушының тiзiмiне енгiзiлген эмитент ретiнде өзiнiң қызметi туралы ақпарат беретiн осы сауда-саттықты ұйымдастырушының қызметкерi;
5) эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын дайындауға, сондай-ақ оларды орналастыруға қатысатын ұйымның қызметкерi;
6) клиенттiң тапсырмасы бойынша бағалы қағаздармен мәмiле жасауды жүзеге асыратын лицензиаттың қызметкерi;
7) өзiне берiлген өкiлеттiк күшiнде аталған ақпаратты алуға рұқсаты бар мемлекеттiк орган қызметкерi.
50-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және
қызметтiк құпияны жария ету
1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарымен белгiленген жағдайларды қоспағанда, бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiмет жария етуге жатпайды.
2. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық құпияны құрайтын мәлiмет эмитентке және эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарға қатысты бағалы қағаздарды ұстаушыға не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ресiмделген сенiмхат негiзiнде оның өкiлiне берiлуi мүмкiн.
3. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтік құпияны құрайтын мәлiметтер:
1) қылмыстық iстердi жүргiзу бойынша жауап алу және алдын ала тергеу органдарына;
2) соттарға, олардағы iстердi жүргізу бойынша;
3) атқару өндiрiсiнiң процесiнде сот атқарушысына;
4) прокуратура органдарына;
5) эмитенттiң немесе лицензиаттың қызметiн тексеру және бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң өтiнiштерiн қарау процесiнде оның сұратуы бойынша уәкiлетті органға;
6) мұрагерлiк iстердi жүргiзу бойынша нотариат кеңселерiне;
7) мұрагерлiк iстердi жүргiзу бойынша шетелдiк консулдық мекемелерге;
8) эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiске салық салу мәселелерi жөнiндегi салық қызметi органдарына ұсынылуы тиiс.
4. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпия бар мәлiметтердi осы баптың 3-тармағында көрсетiлген органдарға беру тәртiбi осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгіленедi.
51-бап. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларына
қойылатын талаптар
1. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау кезiнде өзiнiң клиенттерiне қызмет көрсету барысында бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпия бар мәлiметтердi пайдаланудың алдын алуға мүмкiндiк жасайтын шарттардың сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелердi бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпия бар мәлiметтердi пайдаланбай рыноктық бағалар бойынша жасауға және табиғи баға құруды бұзуға және бағалы қағаздар рыногының тұрақсыздануына әкеп соғатын әрекеттерге жол бермеуге мiндеттi.
3. Бағалы қағаздар рыногы кәсiби қатысушысының iшкi құжаттарында бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпия бар мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз ететiн және оларды кәсiби қатысушының, оның қызметкерлерiнiң және үшiншi тұлғалардың өз мүддесiнде пайдалануға жол бермейтiн шарттар болуы тиiс.
10-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыру тәртiбi
52-бап. Бағалы қағаздар рыногының инфрақұрылымы
1. Бағалы қағаздар рыногында уәкiлетті органның лицензиялауына жататын мынадай қызмет түрлерi жүзеге асырылады:
1) брокерлiк-дилерлiк;
2) бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргiзу;
3) инвестициялық портфельдi басқару;
4) зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару;
5) кастодиандық;
6) бағалы қағаздармен жасалған операциялар бойынша клирингтiк;
7) трансфер-агенттiк;
8) депозитарийлiк;
9) бағалы қағаздармен сауда ұйымдастыру;
10) өзiн-өзi реттейтiн ұйымдардың қызметi.
Осы тармақтың 1)-8) тармақшаларында көрсетiлген қызмет бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызмет түрлерi болып табылады.
2. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтi жүзеге асыратын ұйымдар өзiнiң қызметiн үйлестіру мақсатында тек бiр ғана өзiн-өзi реттейтiн ұйым құруға құқылы.
Бағалы қағаздар рыногы кәсiби қатысушысының өзiн-өзi реттейтiн ұйымның қызметiне қатысуы мiндеттi болып табылады.
3. Бағалы қағаздар рыногындағы лицензиялауға жататын қызметтi жүзеге асыру тәртiбi осы Заңда, уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актiлерiнде, өзiн-өзi реттейтiн ұйымдардың және лицензиаттардың iшкi құжаттарында белгiленедi.
Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару және бағалы қағаздармен сауда ұйымдастыру жөнiндегi қызмет бағалы қағаздар рыногындағы лицензиялауға жататын қызметпен қоса атқарылмайды. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтің түрлерiн қоса атқару тәртiбi уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
4. Лицензиат клиенттердiң ақшасын және бағалы қағаздарын өз активтерiнен бөлек есепке алады және олар банкрот болған немесе ерiктi түрде таратылған жағдайда тарату массасына енгiзiлмейдi.
5. Бағалы қағаздар рыногында көрсеткен қызметi үшiн лицензиатқа клиенттiң сыйақы төлеу тәртiбi лицензиаттың iшкi құжаттарында белгiленедi.
53-бап. Өтінiш берушiнiң ұйымдық-құқықтық нысанына
және оның атауына қойылатын талаптар
1. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған ұйым бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыруға құқылы.
Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары ұйымының өзiн-өзi реттеу қызметiн қауымдастықтың (одақтың) ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған ұйым жүзеге асыруға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыратын бұрын құрылған ұйымдардың атауымен ұқсас белгiлердi өз атауларына пайдалануға рұқсат етiлмейдi.
54-бап. Өтiнiш берушi мен лицензиаттың жарғылық
капиталын қалыптастыру
1. Өтініш берушi мен лицензиаттың жарғылық капиталын қалыптастыру Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшамен ғана жүзеге асырылады.
Заңды тұлға брокер-дилер қызметiн, инвестициялық қызметтi басқару жөнiндегi және зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға ниет бiлдiрген (жүзеге асырған) өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) акцияларын акцияға ақы төлеу және (немесе) басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесi ретiнде салынған активтер сомасын шегере отырып, меншiк капиталы шегiнде ғана төлеуге құқылы.
Жеке және заңды тұлғалардың қарызға, кепiлге алынған қаражатты немесе өзге де тартылған қаражатты акцияларға төлем жасау үшiн пайдалануына тыйым салынады.
2. Лицензиат уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмiмен ғана акцияларға бақылау жасау құқығы бар акционерлерден акциялар сатып алуға, мәмiле жасау кезiнде лицензиаттың уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген пруденциалдық нормативтердi және қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерiн немесе критерийлерiн (нормативтерiн) сақтау жөнiндегi талаптары бұзылмайтын жағдайда құқылы.
55-бап. Өтінiш берушiнiң (лицензиаттың) құрылтайшылары
мен акционерлерi
1. Заңды және жеке тұлғалар - Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместер осы баптың 2-тармағында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген шектеулердi ескере отырып, өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) құрылтайшылары мен акционерлерi бола алады.
2. Оффшорлық аймақта тiркелген заңды тұлға немесе тiзбесiн уәкiлеттi орган белгілейтін оффшорлық аймақта тiркелген заңды тұлғалардың құрылтайшылары (қатысушылары, акционерлерi) болып табылатын заңды тұлғалар өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) құрылтайшылары мен акционерлерi бола алмайды.
Заңды тұлғалар - Қазақстан Республикасының резидентi еместер уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiне сәйкес рейтинг агенттiктерiнiң бiреуiнiң ең аз талап етiлетiн рейтингi болған жағдайда зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асырғысы келетiн (жүзеге асырған) өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) акцияларының бес және одан астам проценттерiне ие бола алады.
56-бап. Өтiнiш берушiге қойылатын бiлiктiлiк талаптар
1. Уәкілеттi орган лицензия алу үшiн табыс етілген құжаттарды қарау кезiнде өтiнiш берушiнiң мынадай бiлiктiлiк талаптарды:
1) өтiнiш берушiнiң штатында уәкілеттi орган берген бағалы қағаздар рыногында жұмысты жүзеге асыру құқығына тиiстi санаттағы қолданылып жүрген бiлiктiлiк куәлiктерiнiң бар мамандардың болуын;
2) өтiнiш берушiнiң бағалы қағаздар рыногындағы оның қызметiне жетекшiлiк ететiн басшы қызметкерлерiнiң, құрылымдық бөлiмшелер, филиалдар мен өкiлдiктер басшыларының тиiстi санаттағы қолданылып жүрген бiлiктiлiк куәлiктерi болуын;
3) өтiнiш берушiнiң бағалы қағаздар рыногында қызметтiң белгiлi бiр түрiн жүзеге асыру үшiн қажеттi техникалық жарақтандыруға талаптар белгiлейтiн уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес бағалы қағаздар рыногында қызметтiң белгiлi бiр түрiн жүзеге асыру үшiн қажеттi техникалық жабдықтың болуын;
4) өтiнiш берушiнiң уәкілеттi органмен келiсілген, бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейтiн iшкi құжаттарының бағалы қағаздар рыногында қызметтiң белгiлi түрiн жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейтiн уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнiң және бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қатысушылардың қызметтiң тиiстi түрiн жүзеге асыратын өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарының талаптарына сәйкес болуын;
5) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген пруденциалдық нормативтердi және қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерiн және критерийлерiн (нормативтерiн) сақтауын; 6) дербес бөлiмшелердiң ұйымдық құрылымында осы Заңда және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерiнде белгiленген тиiстi талаптардың болуын сақтауды тексеруге мiндетті.
2. Лицензиаттың iшкi құжаттары уәкiлеттi орган белгiленген тәртiппен онымен келiсiлуге тиiс.
3. Бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн мамандарды оқыту оларды аттестациядан өткiзу және бiлiктiлiк куәлiктерiн беру, сондай-ақ бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтату немесе қайтарып алу, сондай-ақ лицензиаттың мамандары Қазақстан Республикасының заң талаптарын және лицензиаттың iшкi құжаттарын бұзған жағдайда оларға өзге де санкциялар қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленеді.
57-бап. Өтініш берушінің (лицензиаттың) сақтауға
міндетті пруденциалдық нормативтері, қаржы
тұрақтылығының өзге де көрсеткіштері мен
критерийлері (нормативтері)
1. Өтініш беруші (лицензиат) бағалы қағаздар рыногында қызметтің белгілі түріне қатысты уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген пруденциалдық нормативтерді және қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткіштері мен критерийлерін (нормативтерін) сақтауға тиіс.
2. Лицензиат уәкілетті органға пруденциалдық нормативтердің есептерін, қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткіштері мен критерийлерін (нормативтерін) уәкілетті органда белгіленген тәртіппен және мерзімде табыс етуге тиіс.
3. Өтініш беруші (лицензиат) сақтауға тиісті пруденциалдық нормативтердің, қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткіштері мен критерийлерінің (нормативтерінің) түрлері, есеп айырысу тәртібі және шектеулі мәні бағалы қағаздар рыногындағы қызметтің әр түріне қатысты уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
58-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметті лицензиялау
1. Бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыру үшін лицензиялар беру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
2. Уәкілетті орган лицензия алу үшін табыс етілген құжаттарды отыз күн ішінде қарайды. Құжаттар Қазақстан Республикасының заң талаптарына сәйкес болған жағдайда уәкілетті орган лицензия береді.
3. Уәкілетті орган, егер:
1) өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыруға құқығы болмаса;
2) лицензия алу үшін табыс етілген құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес болмаса;
3) лицензия берілгені үшін лицензиялық алым төленбесе;
4) өтініш беруші осы Заңда белгіленген біліктілік талаптарына сай келмесе;
5) өтініш берушіге қатысты оның бағалы қағаздар рыногындағы қызметпен шұғылдануына тыйым салынған соттың шешімі болса, лицензия беруден бас тартуға құқылы.
4. Егер лицензия алу үшiн табыс етiлген құжаттарды қарау барысында осы құжаттарда өтiнiш берушi, оның құрылтайшылары немесе олардың қызметi туралы толық емес немесе жалған мәлiметтер анықталған болса, уәкiлеттi орган оларды қарау мерзiмiн тоқтата тұруға құқылы. Өтiнiш берушi ескертулердi жойғаннан кейiн және құжаттарды тапсырғаннан кейiн олардың қарау мерзiмi жаңартылады. Уәкiлеттi орган құжаттардың кейiнгi қарау мерзiмiн отыз күнтізбелiк күннен асырмауға тиiс.
59-бап. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру.
Лицензияны қайтарып алу және қолданылуын тоқтату
1. Уәкiлетті орган:
1) лицензия алу немесе лицензиаттың қызметi туралы eceпті қарау үшiн табыс етiлген құжаттарда жалған ақпарат анықталған;
2) лицензия алу үшiн табыс етiлген құжаттардағы өзгерiстер туралы ақпарат берiлмеген;
3) осы Заңда белгіленген лицензиялық талаптар сақталмаған;
4) бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу тәртiбiн белгiлейтін ережелер орындалмаған немесе бұзылған;
5) өз қызметi туралы есеп беру тәртiбiн сақтамаған;
6) лицензиаттың өзiн-өзi реттейтiн ұйымға мүшелiгін тоқтата тұрған; лицензиаттың өзiн өзi реттейтiн ұйымға кiрген немесе шыққан;
7) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi реттейтiн заңдарын бұзған;
8) уәкiлеттi органның нұсқауын орындамаған;
9) лицензияның қолданылуын ерiктi түрде тоқтата тұру туралы жазбаша өтiнiш болған;
10) лицензиат қызметкерлерiнiң бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтата тұру немесе қайтарып алу салдарынан оның қызметi лицензиялық талаптарға сәйкес болмаған;
11) мемлекеттiк органдарға бағалы қағаздар рыногындағы қызмет туралы мәлiметтер беру туралы Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын орындамаған жағдайларда лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға құқылы.
2. Уәкiлеттi органнан лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама алғаннан кейiн бағалы қағаздар рыногында қызметтің лицензияланатын түрiн жүзеге асыру заңсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептерi жойылған жағдайда, уәкiлеттi орган лицензияның қолданылуын жаңарту туралы шешiм қабылдайды және бұл туралы лицензиатқа жазбаша хабарлайды.
4. Уәкiлетті орган лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептерi жойылмаған жағдайда және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де негiздер бойынша лицензияны қайтарып
алуға құқылы. Уәкiлеттi орган соттың ұйымға бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыруға тыйым салу туралы заңды күшiне енген шешiмi болған кезде лицензияны қайтарып алуға мiндеттi.
5. Лицензияның қолданылуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негiздемелер бойынша тоқтатылады.
6. Уәкiлеттi органның лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе оны қайтарып алу туралы хабарламасын алғаннан кейiн клиенттер алдындағы мiндеттемелердi орындау тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
60-бап. Лицензиаттардың есептерi
1. Лицензиаттар уәкiлеттi органға бағалы қағаздар рыногындағы
өз қызметi туралы есептер беруге мiндеттi.
2. Есептердi беру мерзiмi және оларды жасау тәртiбi уәкiлеттi
органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
61-бап. Бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге
асыруға шектеулер мен тыйым салу
1. Лицензиат Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, қаржы рыногындағы қызметке жатпайтын кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқылы емес.
2. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың бағалы қағаздар рыногындағы қызметi Қазақстан Республикасының осы қызмет түрлерiн реттейтiн заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
62-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) басшы
қызметкерлерiне қойылатын талаптар
1. Мыналардың:
1) осы баптың 2-тармағында белгiленген кәсiби талаптарға сәйкес келмеген;
2) өтелмеген соттылығы бар;
3) лицензиаттың басшы қызметкерi лауазымына кандидатураны келiсу құжаттарын ұсынардың алдында бiр жыл iшiнде бағалы қағаздар рыногындағы қызметке байланысты құқық бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жауапқа тартылған;
4) бұрын банкрот деп танылған ұйымның басшы қызметкерi болып табылған немесе осы адам осы ұйымның басшы қызметкерi лауазымында болған уақытында консервациялауға, санациялауға немесе ерiксiз таратуға ұшыраған тұлғалардың басшы қызметкер лауазымын орындауына құқығы жоқ. Осы талаптар аталған жағдайлардың бipeуі туындағанға дейiн бiр жыл бұрын мұндай ұйымның басшы қызметкерi болып табылған тұлғаларға қолданылады және ол туындағаннан кейiн үш жыл бойы қолданылады.
5) уәкiлетті органда келiсу рәсiмдерiнен өтпегендердiң орындауына құқығы жоқ.
2. Өтінiш берушiнiң (лицензиаттың) басшы қызметкерiне қойылатын кәсiби талаптарға мыналар кiредi:
1) тиiстi жұмыс түрi бойынша жоғары бiлiмiнiң болуы;
2) уәкiлетті орган берген тиiстi санаттағы бiлiктілiк куәлiгiнiң болуы;
3) негiзгі қызметiнiң түрi қаржылық қызмет көрсету болып табылатын ұйымдағы бiрiншi басшының немесе бас бухгалтердiң лауазымына кандидаттың кемiнде үш жыл, басқа басшы қызметкерлердiң - кемiнде екi жыл жұмыс стажы болуы тиiс.
3. Өтінiш берушiнiң (лицензиаттың) басшы қызметкерi лауазымына кандидат уәкiлетті органның оны сайлауға (тағайындауға) келiсiмi болғанда ғана сайланады (тағайындалады).
Уәкiлеттi орган басшы қызметкердiң кандидатурасын келiсу тәртiбiн белгiлейдi және кандидаттың осы баптың 2-тармағында белгiленген талаптарға сәйкестiгi туралы шешiм қабылдайтын бiлiктiлiк комиссиясының қызметiн ұйымдастырады.
4. Уәкiлетті орган:
1) егер лицензиаттың қызметi барысында бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыру тәртiбiн белгілейтiн Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуы анықталған болса;
2) келiсiм берiлген мәлiметтер негiзiнде жалған мәлiметтер анықталса;
3) бағалы қағаздар рыногындағы қызметке байланысты құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тартылса;
4) осы баптың 2-тармағында көзделген талаптарға сәйкес еместігі анықталған жағдайларда басшылық лауазымды атқаратын адамға
берiлген келiсiмдi қайтарып алуға құқылы.
63-бап. Ұйымдық құрылымға қойылатын талаптар
1. Бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыруға арналған екi және одан астам лицензиясы бар лицензиаттың ұйымдық құрылымы қызметтiң әр түрi бойынша жекелеген бөлiмшелерден тұруға тиiс.
2. Лицензиат бiр бөлiмше қызметкерлерiнiң функциялары мен мiндеттерiн орындауды басқа бөлiмшелердiң қызметкерлерiне жүктеуге құқы жоқ.
3. Бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтiң бiрнеше түрiн жүзеге асыратын лицензиат бөлiмшелерiнiң функцияларын бөлу жөнiндегi қосымша талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
64-бап. Кепiлдiктерге (уәде беруге) қолданылатын
тыйым салу
Лицензиаттардың инвесторларға:
1) инвестицияларды жүзеге асыру кезiнде тәуекелдерден
(инвесторлардың бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау нәтижесiнде туындауы мүмкiн шығындардан) толық қорғауға;
2) артықшылық берiлген акциялар және облигациялар бойынша сыйақы жөнiнде бұрын белгiленген кепiлдiк берiлген дивидендтердi қоспағанда, бағалы қағаздар бойынша кiрiстерге;
3) бағалы қағаздардың болашақтағы құнына кепiлдiк беруiне (уәде беруiне) тыйым салынады.
65-бап. Ықылассыз мiнез-құлыққа тыйым салу. Бағалы
қағаздардың бағасымен айла-әрекет жасау
1. Лицензиаттың:
1) басқа лицензиаттарға және инвесторларға олардың бағалы қағаздар рыногындағы мiнез-құлқын өзгерту мақсатында кез келген нысанда қысымшылықтар көрсетуiне;
2) бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан жағдайларға қысымшылықтар көрсету мақсатында қасақана толық емес немесе жалған мәлiметтер таратуына;
3) бағалы қағаздар рыногында бағамен айла-әрекет жасауына тыйым салынады.
2. Бағалы қағаздардың бағаларына айла-әрекет жасау мақсатында олармен жасалатын мәмiлелердiң негiзгi түрлерi болып танылатындар:
1) алдамшы немесе жалған мәміле;
2) екi және одан астам тараптар арасында шамамен бiрдей сомаға және шамамен тең баға бойынша қарсы бағыты бар, алдын ала келiсiм бойынша жасалатын мәмiлелер, олардың орындалуы мұндай мәмiлелердiң тараптарындағы бағалы қағаздар және ақша саны мұндай мәмiлелер жасалғанға дейiн олардың санымен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген жоқ;
3) тараптар арасында, мұндай мәмілелер жасалғанға дейiн бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан осы бағалы қағаздардың бағасынан айтарлықтай өзгеше бағамен алдын ала келiсiм бойынша жасалған мәмiле;
4) оны талдау бағалы қағаздар бағасына айла-әрекет жасау мақсатында жасалғанын анықтауға мүмкiндiк беретiн өзге де мәмiле.
3. Бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi бағаны айла-әрекет
жасау мақсатында жасалған ретiнде тану тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде және сауда-саттықты ұйымдастырушының
iшкi құжаттарында (егер мұндай мәмiле оның сауда жүйесiнде жасалған
болса) белгiленедi.
4. Лицензиаттардың осы баптың 1-тармағында белгiленген тыйым салуды бұзуы бағалы қағаздар рыногында қызметтiң тиiстi түрiн жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға және көрсетiлген тыйым салуды бұзу нәтижесiнде бағалы қағаздар рыногының
субъектiлерi шеккен шығындарды жабу үшiн тұрақсыздық айыбын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен одан өндiрiп алуға негiздеме болып табылады.
Сауда-саттықты ұйымдастырушы мүшелерiнiң осы баптың 1-тармағында белгiленген тыйым салуды бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарында белгiленедi.
11-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы нақтылы ұстау
66-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды
жүзеге асыру тәртiбi
1. Бағалы қағаздардың нақтылы ұстаушысы ретiнде клиенттердiң есепшоттарын жүргiзу құқығымен депозитарийлiк, кастодиандық және брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыратын ұйым нақтылы ұстау қызметiн көрсетуге құқылы.
Нақтылы ұстау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес эмиссиялық болып табылмайтын бағалы қағаздарға және бағалы қағаздармен мәмiлелер жасауға арналмаған клиенттiң ақшасына қатысты
жүргізiлмейдi.
2. Лицензиат клиенттiң эмиссиялық бағалы қағаздарын нақтылы ұстауды және ақшасын басқаруды нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты лицензиаттың құқықтарын белгiлейтiн клиентпен жасалған шарттың талаптарына сәйкес жүзеге асырады.
+ 3. Бағалы қағаздар рыногында кастодиандық және брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыратын ұйым клиентпен нақтылы ұстау туралы шарт жасасқаннан кейiн үш күн iшiнде клиентке нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде жеке есепшот және депозитарийдi есепке
алу жүйесiнде клиенттiң қосалқы есепшотын ашуға мiндеттi.
Бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiнде нақтылы ұстауға берiлген мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздарды есепке алу депозитарийдiң бұйрығы негiзiнде тiркеушi ашқан депозитарийдiң жеке есепшоты бойынша жүзеге асырылады.
Нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде жеке есепшот ашу тәртiбi нақтылы ұстаушының iшкi құжаттарында белгiленедi.
4. Эмиссиялық бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды жүзеге асыру тәртiбiнiң осы Заңның талаптарына және нақтылы ұстау туралы шарттың талаптарына сәйкес болуы лицензиаттардың iшкi құжаттарында белгiленедi.
67-бап. Нақтылы ұстаушының мiндеттерi
Нақтылы ұстаушы:
1) клиенттің жеке есепшотындағы қателер мен ақпаратты бұрмалаудың алдын алу бойынша тұрақты бақылауды жүзеге асыруға;
2) нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде бар және клиенттің жеке есепшоты бойынша өзгерiстер енгізудiң бiрiздi тарихын белгiлеуге немесе қалпына келтiруге мүмкiндiк беретiн ақпаратты сақтауға;
3) осы Заңда белгiленген мерзiмде клиенттiң жеке есепшоты бойынша өзгерiстер енгiзуге;
4) нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты өзi қабылдайтын шешiмдерге ықпал етуге жол бермеу мақсатында клиентке шынайы ақпарат беруге мiндеттi.
68-бап. Нақтылы ұстаушының функциясы. Нақтылы
ұстаушының функцияларды жүзеге асыруына
байланысты тыйым салу
1. Нақтылы ұстаушының функциялары:
1) клиенттің бағалы қағаздарының есебiн жүргiзу және осы бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау кезiнде олардың болуын қамтамасыз ету;
2) клиенттiң бағалы қағаздармен мәмілелерiн тiркеу;
3) клиенттердiң бағалы қағаздар бойынша құқықтарын растау;
4) нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздармен мәмілелердi жасау кезiнде клиенттердiң мүдделерiн бiлдiру;
5) нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты ақпаратты клиентке хабарлау;
6) нақтылы ұстау туралы шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де функциялар болып табылады.
2. Нақтылы ұстаушыға:
1) Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмейтiн бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеудi жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, клиенттің бұйрығынсыз бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеудi жүзеге асыруға;
3) клиенттің ақшасы мен бағалы қағаздарын өз мүддесiне немесе
оның тиiстi жазбаша рұқсатынсыз үшiншi тұлғалардың мүддесi үшiн пайдалануға тыйым салынады.
3. Нақтылы ұстаушы (депозитарийдi қоспағанда) басқа нақтылы ұстаушыға өзiне нақтылы ұстауға берiлген эмиссиялық бағалы қағаздарға қатысты нақтылы ұстау қызметiн көрсетуге құқығы жоқ.
69-бап. Нақтылы ұстау туралы шарт
1. Нақтылы ұстаушы мен оның клиентi арасындағы құқықтық қатынастар олардың арасында жасалынған нақтылы ұстау туралы шартпен реттеледi. Нақтылы ұстау туралы шартқа тиiсiнше Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген мүлiкті сенiмгерлiкпен басқару шартының нормалары қолданылады.
2. Нақтылы ұстаушы нақтылы ұстау туралы шартты жасар алдында клиенттi нақтылы ұстаушы ретiнде қызметтi орындау шарттарымен таныстыруға мiндеттi.
Шарт жасаған кезде бағалы қағаздарды нақтылы ұстау есепшотына
тез арада есептеудi клиенттен талап етпейдi.
3. Нақтылы ұстау туралы шартта мыналар болуға тиiс:
1) шарттың мәнi;
2) нақтылы ұстаушының клиенттiң есепшоты туралы коммерциялық құпияны сақтау жөнiндегi мiндеттемелердi қоса алғанда, тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
3) нақтылы ұстаушының депозитарий клиентi туралы мәлiметтердi
беру шарттары мен тәртiбi;
4) нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздар бойынша клиенттердiң құқықтарын растау тәртiбi;
5) нақтылы ұстаушы қызмет көрсетуiне ақы төлеу мөлшерi мен тәртiбi;
6) нақтылы ұстаушының клиент алдында есеп беру нысаны және кезеңдiлiгі;
7) шарттың талаптарын бұзғаны үшiн тараптардың жауапкершiлігі;
8) бағалы қағаздар бойынша кiрiс алу талаптары мен тәртiбi және оларды клиенттiң банктiк есепшотына есептеу тәртiбi.
Шарттың жоғарыда аталған ережелерiнен басқа Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да талаптары болуы мүмкін.
70-бап. Нақтылы ұстаудағы бағалы қағаздармен жасалған
мәмiлелердi тiркеу
1. Нақтылы ұстаушы нақтылы ұстаудағы бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеудi нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi және депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi клиенттiң қосалқы есепшоты бойынша жүзеге асырады.
2. Депоненттiң клиентi депозитарийде осы клиенттi бiрегейлендiруге қажеттi мәлiметтер бар болса депозитарийдiң есепке
алу жүйесiндегi оның қосалқы есепшотының жай-күйi туралы ақпарат алуға құқылы.
Нақтылы ұстау жүйесiндегi жеке есепшоттың көшiрмесiнде көрсетiлген мәлiметтер сәйкес болмаған жағдайда депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi оның қосалқы есепшоты бойынша мәлiметтерде депозитарийдiң есепке алу жүйесiнде көрсетiлген мәлiметтер басымдыққа ие болады.
3. Нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздармен жасалынған мәмiлелердi тiркеу ерекшелiктерi нақтылы ұстаушының iшкi құжаттарында белгiленедi.
71-бап. Нақтылы ұстаушының ақпаратты жария етуi
1. Нақтылы ұстаушы тiркеушi мен депозитарийдiң талап етуi бойынша, нақтылы ұстау туралы олардың арасында жасалған шарттарға сәйкес өздерi жөнiндегi мәлiметтердi жария ету құқықтарын нақтылы ұстаушыға бермеген клиенттер туралы мәлiметтердi қоспағанда, өзiнiң
нақтылы ұстауында бағалы қағаздары бар клиенттер туралы мәлiметтердi табыс етуге мiндеттi.
Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген ақпаратты ұсыну тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерiнде белгiленедi.
2. Нақтылы ұстаушының осы баптың 1-тармағында белгiленген өзiнiң клиенттерi туралы мәлiметтер беру жөнiндегi шектеулер Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметiн қадағалау және бақылау функцияларын
жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарға қолданылмайды.
12-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы брокерлiк-дилерлiк қызмет
72-бап. Брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыру тәртiбi
1. Брокер-дилер осы Заңда Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде, өзiн-өзi реттейтiн ұйымның бағалы қағаздармен және туынды бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау тәртібiне қойылатын iшкi құжаттарында белгiленген талаптарды сақтауға мiндеттi.
2. Брокер мен оның клиенттерi арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тапсырма немесе комиссия шартының нормалары қолданылатын брокерлiк қызмет көрсету туралы шарт негiзiнде туындайды.
3. Брокер-дилердiң ұжымдық құрылымына дербес бөлiмшелер кiруге тиiс және өздерiне жүктелген функцияларды орындаған кезде олардың өзара iс-әрекеті оның iшкi құжаттарында белгiленедi.
4. Брокер-дилер бөлiмшелерiнiң бiреуiнiң басшысы болып табылатын басшы қызметкердiң мiндеттерiн, басқа бөлiмшесiнiң басшы қызметкерiнiң мiндеттерiн орындауға тыйым салынады.
5. Брокер-дилердiң уәкiлеттi орган бiлiктiлiк куәлiктерiн қайтарып алған немесе оның қолданылуын тоқтатқан мамандарды жұмысқа
жiберуiне тыйым салынады.
73-бап. Бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау
1. Егер шартта клиенттiң бұйрығын орындаудың өзге де тәртiбi мен мерзiмi көзделмеген болса, брокер-дилер клиенттiң бұйрығына сәйкес бағалы қағаздармен мәмiлелер жасайды. Клиенттердiң бұйрықтарының түрлерi, олардың мазмұны және ресiмдеу уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде және брокер-дилердiң iшкi құжаттарында белгiленедi.
2. Клиенттiң бұйрығын орындауды бұйрықта көрсетiлген мәмiленiң өлшемдерiн сақтай отырып брокер-дилер жүзеге асырады. Егер мәмiле жасау кезiнде бұйрықтың өлшемдерiн өзгерту қажеттiгi туындаса, брокер-дилер өз iс-әрекеттерiн шартта белгiленген тәртiппен клиентпен келiсуге мiндеттi. Брокер-дилер клиенттiң бұйрығының неғұрлым жақсы орындалуы үшiн бар мүмкiндiкпен күш жұмсауға мiндеттi.
3. Брокер-дилер андеррайтер ретiнде немесе эмиссиялық синдикат құрамында эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды бағалы қағаздардың бастапқы рыногында орналастыру жөнiндегi қызмет көрсетуге құқылы. Қызметтің көрсетiлген түрiн жүзеге асыру тәртiбi уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
13-тарау. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызмет
74-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн
жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру тәртiбi
1. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргiзудi осы Заңға, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне, тiркеушiнiң iшкi құжаттарына және эмитентпен жасалған шартқа сәйкес
тiркеушi жүзеге асырады.
Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргiзу эмиссиялық бағалы қағаздарға қатысты мiндеттi болып табылады.
2. Тiркеушi эмитенттiң, оның басқарушы қызметкерлерiнiң және дербес немесе аффилиирленген тұлғалармен бiрлесiп осы эмитенттiң дауыс беретiн акцияларының (үлесiнiң) он және одан астам процентiне (халықтық акционерлiк қоғамда - дауыс беретiн акциялардың бес және одан астам процентiне) иелiк ететiн эмитент акционерлерiнiң (қатысушыларының) аффилиирленген тұлғасы болмауы тиiс.
3. Бағалы қағаздарды ұстаушылар туралы мәлiметтер уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде және тiркеушiнiң iшкi құжаттарында белгiленген тәртiппен бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiне енгiзiлуге жатады.
4. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiн құрайтын құжаттардың тiзбесi, бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн қалыптастыру, сақтау әрi жүргiзу тәртiбi, жеке есепшоттардан үзiндi-көшiрмелердiң нысандары және оларда көрсетiлетiн мәлiметтер тізбесi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
75-бап. Тiркеушiнiң функциялары
1. Тiркеушiнiң функциялары мыналар болып табылады:
1) бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн қалыптастыру, жүргiзу және сақтау;
2) тiркелген тұлғаға бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiнде жеке есепшот ашу;
3) тiркелген тұлғаның жеке есепшоты бойынша бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеу;
4) тiркелген тұлғаның бағалы қағаздары бойынша құқықтарын растау;
5) бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiн заман талабына сай жай-күйде қолдап тұру;
6) бағалы қағаздардың қайталама рыногында айналыстағы және эмитент сатып алған бағалы қағаздар санының уәкiлеттi орган тiркеген санына сәйкестiгiне бақылауды жүзеге асыру;
7) бағалы қағаздарды ұстаушыларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда немесе эмитенттiң тапсырмасы бойынша эмитенттiң қызметiне, оның бағалы қағаздарына қатысты хабардар ету;
8) банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органды көрсетiлген қаржы ұйымдарының дауыс беретiн акцияларымен мәмiлелер туралы хабардар ету;
9) эмитенттiң сұратуы негiзiнде оған бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiн құрайтын ақпаратты ұсыну;
10) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес ақпаратты
алу құқығына ие мемлекеттік органдарға бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiн құрайтын ақпаратты ұсыну.
76-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмi
жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шарт
1. Тiркеушiмен бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жөнiнде шарт жасау туралы шешiмдi эмитенттiң жарғысында белгiленген оның құзыретiне сәйкес эмитенттiң басқару органы қабылдайды. Осы шешiмде эмитенттiң атынан шарт жасасуға қатысуға, оған қол қоюға және шарттың қолданылу кезеңiнде эмитенттің мүддесiн
бiлдiруге уәкiлеттi тұлға (тұлғалар) көрсетiлуі тиiс.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздардың әр түрлерiн шығарған кезде эмитент бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шартты тек бiр тiркеушiмен жасасуға мiндеттi.
3. Тiркеушiнiң өзiнiң бағалы қағаздарын ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыруға және бағалы қағаздарды
ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргiзудi басқа тiркеушiге қайта тапсыруға құқығы жоқ.
4. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзілiмiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шартты жасаған кезде эмитент лицензиатқа мынадай құжаттарды:
1) эмитент органының осы лицензиатпен бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiнде шарт жасау туралы шешiмiн;
2) жарғының көшiрмесiн;
3) эмитентті шаруашылық субъектiсi ретiнде мемлекеттiк тiркеу
туралы куәландыратын құжаттардың көшiрмелерiн;
4) эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттік тiркеу туралы куәландыратын құжаттардың көшiрмелерiн;
5) бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiн құрайтын ақпаратты алу және шарттың талаптары орындалған кезде құжаттарға қол қою құқығына ие эмитент өкiлдерiнiң қолдары үлгiлерiнiң карточкасын ұсынуға мiндетті. Эмитенттiң лауазымдық тұлғаларының қолдары нотариалдық куәландыруға жатады.
5. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шартты жасаған кезде тіркеушi эмитентке танысу үшiн өзiнiң iшкi құжаттарын ұсынуға мiндеттi.
77-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң
жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шартты бұзған кезде
тiркеушiге қойылатын талаптар
1. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шарт бұзылған жағдайда тiркеушi шарт бұзылған күнгi бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiн құрайтын құжаттар мен электрондық деректердi бұрынғы тiркеушiмен шартты бұзу туралы актiге қол қойған күннен бастан он бес күн iшiнде эмитент көрсеткен жаңа тiркеушiге тапсырады.
Көрсетiлген құжаттарды тапсыру тiркеушi өкілдерiнiң қатысуымен қабылдау-тапсыру актiсiн жасау арқылы шартты бұзу туралы актiге қол қойылған күннен бастап он бес күн iшiнде жүзеге асырылады. Көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн эмитентпен бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шартты жасаған тiркеушiнiң эмитентке және бағалы қағаздарды ұстаушыларға бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеуден және бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiн құрайтын ақпаратты ұсынудан бас тартуға құқығы жоқ.
2. Жаңа тiркеушiге тапсырылуға жататын бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiн құрайтын құжаттар мен электрондық деректердiң құрамы және оларды тапсыру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
3. Тiркеушi шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiнiң жеке есепшоттарынан берген үзiндi-көшiрмелер жарамсыз болып табылады. Шарттың қолданылу күнi аяқталғаннан кейiн тiркеушiнiң бағалы қағаздарды ұстаушылардың бұйрықтарын орындауға құқығы жоқ.
14-тарау. Инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызмет. Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызмет
78-бап. Инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегі
қызметi немесе зейнетақы активтерiн
инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге
асыру тәртiбi
1. Инвестициялық қордың инвестициялық портфелiн басқару немесе зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және уәкiлетті органның нормативтік құқықтық актілерiнде
белгiленедi.
2. Жеке инвесторлардың инвестициялық портфелiн басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
3. Инвестициялық портфельдi басқару немесе зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызмет клиенттiң мүддесiне кiрiс алу мақсатында жүзеге асырылады.
4. Инвестициялық портфельдi басқару немесе зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызмет бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтiң өзге де түрлерiмен қатар қолданылмайды.
5. Инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерi басқарушыларының олардың басқаруындағы қаржы құралдарына қатысты құқықтарын кастодиан оның iшкi құжаттарына сәйкес есепке алады.
79-бап. Инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы
активтерiн басқарушылардың функциялары
1. Инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерiн басқарушылардың функциялары:
1) ақшаны эмиссиялық бағалы қағаздарға және Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес өзге де қаржы құралдарына инвестициялау жөнiнде шешiмдер қабылдау;
2) қабылданған инвестициялық шешiмдердi орындау мақсатында инвестициялық портфельдi басқару және зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару процесiнде бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiмен өзара iс-қимыл жасау;
3) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде және олардың iшкi құжаттарында белгiленген тәртiппен эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен жасалатын мәмiлелердiң есебiн жүргiзу;
4) инвестициялық портфельдi басқару және зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөніндегi шарттың талаптарын орындау болып табылады.
2. Инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерiн басқарушылар эмиссиялық бағалы қағаздарға және басқаруындағы өзге де қаржы құралдарына қатысты иелiк ету, пайдалану әрi оларды басқару жөнiндегi құқығын жүзеге асыруға құқылы.
80-бап. Инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi
қызметтi немесе зейнетақы активтерiн
инвестициялық басқару жөнiндегі қызметтi жүзеге
асыруға байланысты тыйым салу
1. Инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерiн басқарушылардың:
1) материалдық өндiрiс саласындағы қызметтi жүзеге асыруына;
2) кез келген кепiлдемелер мен кепiлдiктер беруiне, басқаруындағы активтердi кепiлге салу мәмiлелерiн жасауына;
3) кез келген тәсiлдермен заемдар беруiне;
4) акциялардан басқа, өзге де бағалы қағаздарды шығаруына;
5) басқаруындағы активтер құрамына кiретiн қаржы құралдарын оларды керi сатып алу мiндеттемесi талабымен сатуына;
6) маржа бойынша кез келген бағалы қағаздарды сатып алуына тыйым салынады.
2. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерiн басқарушылардың бағалы қағаздардың ұйымдаспаған рыногында бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау бойынша тыйым салу немесе шектеу белгiленуi мүмкiн.
81-бап. Инвестициялық шешiмдердi қабылдау
1. Клиенттердiң инвестициялық портфелiне қатысты инвестициялық шешiмдер қабылдауды тиiстi санатты бiлiктiлiк куәлiктерiне ие болған инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерiн басқарушылардың мамандарынан тұратын саны кемiнде үш адам болатын лицензиаттың инвестициялық комитетi жүзеге асырады. Инвестициялық комитеттiң құрамына мамандар сайлауды атқарушы орган жүзеге асырады. Инвестициялық комитеттiң шешiмдерi оның мәжiлiсiне қатысатын мамандардың көпшiлiк дауысымен қабылданады және жазбаша түрде ресiмделедi.
2. Инвестициялық комитеттiң қызметiне қатысатын мамандар клиентке салақтық, Қазақстан Республикасы заңдарының нормаларын бұзу және инвестициялау тәртiбiн сақтамау салдарынан зиян келтiрген
жағдайда клиент алдында жауапкершiлiкте болады.
15-тарау. Кастодиандық қызмет
82-бап. Кастодиандық қызметтi жүзеге асыру тәртiбi
1. Бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметтi банктердiң қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органның сейфтiк операциялар лицензиясына ие банктер жүзеге асырады.
2. Кастодиан өзiнiң қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына және клиентпен жасалған кастодиандық қызмет көрсету шартына сәйкес жүзеге асырады.
3. Кастодиан өз клиентiнiң аффилиирленген тұлғасы болмауы тиiс.
4. Кастодиандық қызметтің объектілерi кастодианға кастодиандық қызмет көрсету шартына сәйкес клиент тапсырған ақша және қаржы құралдары болып табылады.
5. Кастодиандық қызметтi бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтiң өзге де түрлерiмен қатар қолданған кезде кастодиан оның ұйымдық құрылымында бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтiң әр түрi бойынша жекелеген бөлiмшелердiң болуы жөнiндегi талаптарды және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген шектеу мен тыйым салуды сақтауға мiндеттi.
6. Жинақтаушы зейнетақы қорына, инвестициялық қорға қызмет көрсетудi, инвестициялық портфельдi басқаруды жүзеге асыратын кастодианның бағалы қағаздар рыногында брокер ретiнде оларға қызмет көрсетуге құқығы жоқ.
83-бап. Кастодианның функциялары мен мiндеттерi
1. Кастодиан мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) ақшаға, эмиссиялық бағалы қағаздарға және кастодиандық қызмет көрсетуге тапсырылған өзге де қаржы құралдарына қатысты клиентке есепшоттар ашады;
2) ақшаның, эмиссиялық бағалы қағаздардың және кастодиандық қызмет көрсетуге тапсырылған өзге де қаржы құралдарының сақталуын әрi есебiн қамтамасыз етедi;
3) нақтылы ұстауды жүзеге асырады;
4) эмиссиялық бағалы қағаздармен және кастодиандық қызмет көрсетуге тапсырылған өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер бойынша төлем агентiнiң функциясын атқарады;
5) клиенттiң эмиссиялық бағалы қағаздарымен мәмiлелердi тiркейдi және осы бағалы қағаздар бойынша оның құқықтарын растайды;
6) кастодиандық қызмет көрсетуге тапсырылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс алады және оны клиенттiң есепшотына есепке алады;
7) эмитенттің тапсырмасы бойынша клиентке ақпарат бередi;
8) клиентке кастодиандық қызмет көрсету шартында көзделген өзге де қызметтердi көрсетедi.
2. Кастодиан:
1) ақшаны, эмиссиялық бағалы қағаздарды және кастодиандық қызмет көрсетуге тапсырылған өзге де қаржы құралдарын сақтау мен есепке алуды жүзеге асыруға;
2) кастодиандық қызмет көрсету шартының талаптарын, сондай-ақ клиенттiң бұйрықтарын олардың мазмұнына сәйкес орындауға;
3) өз активтерiне қатысты ақшаның, эмиссиялық бағалы қағаздардың және кастодиандық қызмет көрсетуге тапсырылған өзге де қаржы құралдарының оқшауланған сақталуын және есепке алынуын қамтамасыз етуге;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес клиенттердiң есепшоттарын жүргiзу технологиясын сақтауға;
5) клиентке тұрақты негізде және оның талабы бойынша есепшоттарының жай-күйi туралы есеп беруге;
6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, коммерциялық құпияны құрайтын мәлiметтердi жарияламауға;
7) кастодиандық қызметті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi.
84-бап. Кастодиандық қызмет көрсету шарты
1. Кастодиан мен оның клиент арасындағы қарым-қатынас кастодиандық қызмет көрсету шарты негiзiнде туындайды және оған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген сақтау және тапсыру шартының нормалары қолданылады.
2. Кастодиан кастодиандық қызмет көрсету шартын жасау кезiнде клиенттi өзiнiң iшкi құжаттарымен таныстыруға мiндеттi.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптардан
басқа кастодиандық қызмет көрсету шарты:
1) клиентке кастодиандық қызмет көрсету бойынша қызметтердi ұсыну тәртiбiн;
2) кастодианның және оның клиентiнiң құқықтары мен мiндеттерiн;
3) кастодианның қызметiне ақы төлеу тәртiбiн;
4) кастодианның кастодиандық қызмет көрсетуге тапсырылған бағалы қағаздары бойынша кiрiстi алу және оны клиенттiң есепшотына есепке алу талаптары мен тәртiбiн;
5) кастодиандық қызмет көрсету жөнiндегi шартты бұзу тәртiбiн
қамтуы тиiс.
16-тарау. Трансфер-агенттiк қызмет
85-бап. Трансфер-агенттiк қызметтi жүзеге асыру тәртiбi
1. Бағалы қағаздар рыногында трансфер-агенттік қызмет электрондық байланысты қолдана отырып, құжаттардың (ақпараттың) мазмұнын, одан әрi олардың түпнұсқаларын почта байланысының құралдары және қолма-қол тапсыру арқылы бағалы қағаздар рыногында мәмiлелер жасау процесiнде бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi арасында құжаттарды (ақпаратты) қабылдау және тапсыру мақсатында жүзеге асырылады.
2. Бағалы қағаздар рыногында трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде және лицензиаттың iшкi құжаттарында белгiленедi.
3. Трансфер-агенттiң клиенттерi бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары, өзге де заңды және жеке тұлғалар болып табылады.
86-бап. Трансфер-агенттiң функциялары
1. Трансфер-агент мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) тапсыру үшін алған құжаттарды тіркейді;
2) алынған құжаттарды сақтайды;
3) трансфер-агенттiк қызметтi жүзеге асырған кезде қолданылатын электрондық деректер базасының сақталуын қамтамасыз етедi;
4) трансфер-агенттiк қызметтi жүзеге асырған кезде қолданылатын электрондық жүйелердiң жұмыс қабiлеттiлiгiне қолдау көрсетедi;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Трансфер-агент пен оның клиенттерi арасындағы қарым-қатынас трансфер-агенттiк қызмет көрсету шарты негiзiнде туындайды және оған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тапсыру шартының нормалары қолданылады.
17-тарау. Депозитарийдiң қызметi
87-бап. Депозитарийдiң қызметiн жүзеге асыру тәртiбi
1. Депозитарий коммерциялық емес ұйым болып табылады. Депозитарийдiң акциялары бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары, сауда-саттықты ұйымдастырушылар және халықаралық қаржы ұйымдары арасында орналастырылады.
2. Депозитарийдiң қызметi өзiн-өзi ақтау принципiне негiзделедi және оның қызметiнен болған кiрiс депозитарийдiң материалдық-техникалық әрi әлеуметтiк дамуына, сондай-ақ депозитарий акционерлерi жалпы жиналысының шешiмiне сәйкес өзге де мақсаттарға қолданылады.
3. Депозитарийдiң депоненттерi бағалы қағаздардың нақтылы ұстаушылары, сондай-ақ шетелдiк депозитарийлер мен кастодиандар болатын бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары болып табылады.
4. Бағалы қағаздар рыногында депозитарлық қызметтi жүзеге асыру тәртiбi осы Заңда, уәкілеттi органның нормативтік құқықтық актiлерiнде және iшкi құжаттарда - депозитарийдiң ережелер жинағында белгiленедi.
88-бап. Депозитарийдiң функциялары
1. Депозитарийдiң функциялары:
1) нақтылы ұстауды жүзеге асыру;
2) эмиссиялық бағалы қағаздар және өзге де қаржы құралдары жөнiндегi құқықтарды есепке алу;
3) эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен жасалған мәмiлелердi тiркеу;
4) өзiнiң депоненттерi мен олардың клиенттерiнiң эмиссиялық бағалы қағаздары және өзге де қаржы құралдары бойынша құқықтарын растау;
5) бағалы қағаздар рыногындағы клиринг операциялары;
6) тиiстi лицензия болған жағдайда бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргізу;
7) нақтылы ұстаудағы қаржы құралдарымен мәмiлелер бойынша төлем агентiнiң функциясын орындау;
8) бағалы қағаздар бойынша және оларды өтеген кезде кiрiсіп төлеу жөнiндегi төлем агентiнiң функциясын орындау;
9) эмитенттің тапсырмасы бойынша депонентке ақпарат тапсыру; 10) консультациялық, ақпараттық және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да қызмет түрлерi болып табылады.
2. Депозитарий тиiстi лицензия болған жағдайда уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға құқылы.
3. Депозитарий мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелерге депозитарийлiк қызмет көрсетудi Қазақстан Республикасының заңдарына және депозитарийдiң ережелер жинағына сәйкес жүзеге асырады.
Эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелер бойынша ақшалай есеп айырысуларды депоненттердiң есепшотынан ақшаны есептен
шығару есепшотына есепке алу туралы депозитарийдiң тапсырмалары негiзiнде есеп айырысу ұйымы жүзеге асырады.
4. Эмиссиялық бағалы қағаздар және қаржы құралдары бойынша есеп айырысуларды, сондай-ақ мәмiлелерге клирингтiк қызмет көрсетудi депозитарийдiң өзi жүзеге асырады.
89-бап. Депозитарийдiң ережелер жиынтығы
1. Депозитарийдiң ережелер жинағы депозитарийдiң бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiмен қарым-қатынасын айқындайды. Депозитарийдiң ережелер жиынтығын сақтау депозитарийдiң депоненттерi болып табылатын және/немесе депозитарийдiң қызметiн пайдалана отырып мәмiлелердi жүзеге асыратын барлық субъектiлер үшiн мiндетті болып табылады.
2. Депозитарийдiң ережелер жинағы:
1) эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелердi тiркеу ережесiн,
2) эмиссиялық бағалы қағаздарды және өзге де қаржы құралдарын есепке алу ережесiн,
3) эмиссиялық бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарын сақтау және материалсыздандыру ережесiн,
4) клиринг қызметiн жүзеге асыру тәртiбiн,
5) депоненттерге есеп беру тәртiбiн,
6) бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiмен өзара iс-қимыл тәртiбiн,
7) депозитарийдiң қызмет ақысының мөлшерiн және ақыны төлеу тәртiбiн,
8) депозитарийдiң қызметiн реттейтiн және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де ережелердi қамтуы
тиiс.
90-бап. Депозитарийдiң қызметiн шектеу
1. Депозитарийдiң:
1) ол Қазақстан Республикасының заңдарына және депозитарийдiң ережелер жинағына сәйкес қабылдаған мiндеттемелерiн орындауды басқа
да тұлғаларға табыстауға;
2) депоненттiң және сауда-саттық ұйымдастырушының тиiсті бұйрықтарынсыз операцияларды жүзеге асыруға;
3) депонент туралы және оған әрi оның клиенттерiне тиесiлi бағалы қағаздар туралы коммерциялық ақпаратты, сондай-ақ қызметтiк ақпаратты жариялауға;
4) депоненттердiң құқықтарын және мүдделерiн бұзатын қандай да бiр iс-әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
2. Депозитарийге бағалы қағаздар рыногында есеп айырысу операцияларын жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуды қоспағанда заңды тұлғаларды құруға және қызметiне қатысуға
тыйым салынады.
18-тарау. Сауда-саттықты ұйымдастырушы
91-бап. Сауда-саттықты ұйымдастырушының қызметiн жүзеге
асыру тәртiбi
1. Сауда-саттықты ұйымдастырушының құрылтайшылары (акционерлерi) бағалы қағаздар рыногында брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыру лицензиясына ие бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары болып табылады.
2. Сауда-саттық ұйымдастырушының қызметi өзiн-өзi ақтау принципiне негiзделедi және оның қызметiнен түскен кiрiс сауда-саттық ұйымдастырушының материалдық-техникалық әрi әлеуметтiк
дамуына, сондай-ақ сауда-саттықты ұйымдастырушы акционерлерiнiң жалпы жиналысының шешiмiне сәйкес өзге де мақсаттарға қолданылады.
3. Сауда-саттықты ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға құқылы.
4. Сауда-саттықты ұйымдастырушының ұйымдық құрылымына қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
Сауда-саттықты ұйымдастырушы оның қызмет етуiне қажеттi жұмысты орындау және қызмет көрсету бойынша қызметтi жүзеге асыратын филиалдарды, өкiлдiктердi және еншiлес ұйымдарды құруға құқылы.
5. Қаржы құралдарымен мәмiлелердiң жасалуын бақылау мақсатында сауда-саттық ұйымдастырушының ұйымдық құрылымына сауда-саттық ұйымдастырушының сауда жүйесiнде жасалатын мәмiлелердi
қадағалау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын қадағалау бөлiмшесi кiруi тиiс.
Қадағалау бөлiмшесiне қызметкерлердi жұмысқа қабылдау, сондай-ақ оларды жұмыстан босату уәкiлеттi органның келiсiмiмен жүзеге асырылады.
Қадағалау бөлiмшесiнiң қызметiн жүзеге асыру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленедi.
92-бап. Сауда-саттықты ұйымдастырушыны басқару
1. Сауда-саттық ұйымдастырушының органдары, олардың функциялары мен өкiлеттіктерi, құру және шешiмдердi қабылдау тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында, сауда-саттық ұйымдастырушының жарғысында және оның iшкi құжаттарында белгіленедi.
2. Сауда-саттықты ұйымдастырушы директорлар кеңесiнiң құрамына дауыс беру құқығымен тұрақты негiзде уәкілеттi органның өкiлi кiредi.
3. Эмиссиялық бағалы қағаздары сауда-саттық ұйымдастырушының тiзiмiне кiрген эмитенттердiң өкiлдерi болып табылатын сауда-саттық
ұйымдастырушының директорлар кеңесi мүшелерiнiң директорлар кеңесi эмиссиялық бағалы қағаздарды сауда-саттық ұйымдастырушының тiзiмiне кiргiзу туралы шешiмдi қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы жоқ.
93-бап. Сауда-саттық ұйымдастырушының ережесi
1. Сауда-саттық ұйымдастырушының ережесiн оның атқарушы органы әзiрлейдi, уәкiлеттi органмен келiсiледi және сауда-саттық ұйымдастырушы мүшелерiнiң жиналысы бекiтедi.
2. Ереже сауда-саттық ұйымдастырушының сауда жүйесiне айналысқа жiберiлген қаржы құралдарымен мәмiлелердi жасаған кезде сауда-саттықты ұйымдастырушы мүшелерiнің қызметiн, сондай-ақ сауда-саттықты ұйымдастырушы мен оның мүшелерi арасында туындайтын құқықтық қатынасты реттейдi.
3. Ережеге сауда-саттық ұйымдастырушының функцияларына жататын мәселелердi реттейтiн сауда-саттық ұйымдастырушының ішкі құжаттары кiредi және оларға мыналар жатады:
1) қаржы құралдарын сауда-саттыққа жiберу тәртiбi;
2) эмиссиялық бағалы қағаздарды сауда-саттық ұйымдастырушының тiзiмiне кiргiзу тәртiбi;
3) сауда-саттықты өткiзу тәртiбi;
4) жасалатын мәмiлелердiң түрлерi, сондай-ақ оларды тiркеу тәртiбi;
5) эмиссиялық бағалы қағаздардың бағамын белгілеу тәртiбi;
6) жасалатын мәмiлелер бойынша есеп айырысу тәртiбi және тәсiлдерi;
7) сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшесi мәртебесiне ие болу
және айырылу, сондай-ақ мүшелiктi тоқтату тәртiбi;
8) сауда-саттық қатысушылары арасындағы дауды шешу тәртiбi;
9) сауда-саттық қатысушылары төлейтiн алымдар мен басқа да төлемдердiң мөлшерi, сондай-ақ оларды төлеу тәртiбi;
10) сауда-саттық қатысушылары жiберген құқық бұзушылықтарды жою жөнiнде шаралар қабылдау тәртiбi;
11) сауда-саттықты ұйымдастырушының қызметiн ұйымдастыру үшiн қажетті өзге де құжаттар.
94-бап. Сауда-саттық ұйымдастырушының мүшелерi
1. Сауда-саттық ұйымдастырушының мүшелерi бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, бағалы қағаздардан басқа, өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелердi жүзеге асыру құқығына ие өзге де заңды тұлғалар болып табылады.
2. Сауда-саттықты ұйымдастырушы бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының кемiнде он мүшесiне ие болуы тиiс.
3. Сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшелерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарға сәйкес келетiн шетелдiк заңды тұлғалар болуы мүмкiн.
4. Сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшелiгiне кандидаттарға қойылатын талаптар, мүшелiкке қабылдау, мүшелiктi тоқтата тұру және одан айырылу тәртiбi, сондай-ақ сауда-саттықты ұйымдастырушы мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi сауда-саттық ұйымдастырушының Ережесiнде белгiленедi.
5. Сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшелерi мәмiлелердi жасау
осы мүшелер үшін сауда-саттық ұйымдастырушының Ережесiнде рұқсат етiлетін қаржы құралдарының түрлерiмен ғана сауда-саттыққа қатысуға құқылы.
95-бап. Сауда-саттықты ұйымдастырушының қызметiн
қаржыландыру
1. Сауда-саттықты ұйымдастырушының кiрiсi негiзгi қызметтен алынған қаражат есебiнен құрылады.
2. Сауда-саттықты ұйымдастырушы мынадай жағдайларда:
1) сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшелігіне кiргенi үшiн;
2) caудa-caттықты ұйымдастырушының мүлкiн пайдаланғаны үшiн;
3) қор биржасына айналысқа жiберiлген эмиссиялық бағалы қағаздарды листингiге енгiзгенi және листингіде болғаны үшiн;
4) мәмiлелердi тiркеу әрi ресiмдеу үшiн;
5) ақпараттық қызмет үшiн;
6) сауда-саттықты ұйымдастырушының ережесiнде көзделген өзге де жағдайларда ақша алымдары мен жарналарды алады.
96-бап. Қор биржасының қызметi
1. Қор биржасы қызметiнiң негiзгi мақсаты қаржы құралдарымен
сауда-саттықты ұйымдастыру болып табылады.
2. Қор биржасының функциясы:
1) қаржы құралдарымен сауда-саттыққа қатысушыларға қаржы құралдарымен мәмiлелер жасау үшiн сауда алаңдарын (сауда жүйелерiн) ұсыну;
2) қаржы құралдарының қор биржасындағы сауда-саттыққа жiберу және өзiнiң эмиссиялық бағалы қағаздарын, листинг санатын ескере отырып, қор биржасының тiзiмiне кiргiзуге ниеттенген эмитенттерге қойылатын талаптарды белгiлеу;
3) қаржы құралдарының бағамын белгiлеу;
4) өз мүшелерiне ұйымдық, ақпараттық, консультациялық қызмет көрсету;
5) бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногының қызмет етуiне қатысты өзінің талдау зерттеулерін жүргiзу;
6) сауда-саттыққа қатысушылар арасында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен және талаптармен өзара есеп айырысуды қамтамасыз ету;
7) осы Заңда және уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.
97-бап. Қор биржасының тiзiмi
1. Қаржы құралдарын қор биржасының тiзiмiне қосу тәртiбi оның ережесiнде белгiленедi.
Қор биржасы тiзiмiнiң бiрiншi (ең жоғары) және екiншi санатына қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздары қор биржасының тiзiмiне енген эмитенттер, сондай-ақ осы бағалы қағаздарды жiберудiң бастамашылары осы Заңда, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде және эмитенттiң қызметi әрi қор биржасының тiзiмiне кiретiн (кiрген) бағалы қағаздар туралы ақпаратты ашуға қатысты қор биржасының ережесiнде белгіленген талаптарды сақтауға мiндеттi.
3. Егер эмитенттер белгiленген талаптарды орындамаса, қор биржасы өзiнiң ережелерiне сәйкес құқық бұзушылықтарды жою жөнiнде шаралар қолдануға құқылы.
4. Қор биржасының тiзiмiне енген қаржы құралдары бiр мезгiлде
басқа қор биржасында немесе Қазақстан Республикасының аумағында өзге де бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыноктарында айналысқа жiберiлуi мүмкiн емес.
98-бап. Биржадан тыс рыноктың баға белгiлейтiн ұйымының
қызметi
1. Биржадан тыс рыноктың бағам белгiлейтiн ұйымы қызметiнiң негiзгi мақсаты белгiленген аумақта бағалы қағаздармен мәмiлелерге қызмет көрсету болып табылады және бiр сауда алаңында мәмiлелер жасаумен шектелмейдi.
2. Қор биржасында айналысқа жiберiлген қаржы құралдарына қатысты биржадан тыс рыноктың бағам белгiлейтiн ұйымды пайдалана отырып бағалы қағаздармен мәмiлелер жасауына жол берiлмейдi.
3. Биржадан тыс рыноктың бағам белгiлейтiн ұйымдағы мәмiлелердi оның мүшелерi болып табылатын тұлғалар жасауға құқылы.
19-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы өзiн-өзi реттейтiн ұйымдар
99-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мiндеттерi мен
мақсаттары
1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның негiзгі мiндетi өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң және олардың клиенттерiнiң құқықтары мен
мүдделерiн қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асырудың бiрыңғай талаптарын құруды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның негiзгi мақсаттары мыналар болып табылады:
1) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң кәсiби қызметiнiң бiрыңғай ережелерiн және стандарттарын белгiлеу;
2) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң қызметiне және олардың Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарды сақтауына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;
3) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң және олардың клиенттерiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау;
4) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерi арасындағы дауларды, сондай-ақ мүшелерi мен олардың клиенттерi арасындағы дауларды шешу;
5) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң мүдделерiн мемлекеттiк
билiк және басқару органдарында, сот пен өзге де ұйымдарда бiлдiру;
6) уәкілеттi органға, өзiнiң мүшелерiне және басқа да мүдделi
тұлғаларға өз қызметi туралы ақпаратты ұсыну.
100-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның құқықтық жағдайы
1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым коммерциялық емес ұйым түрiнде құрылады және лицензия негiзiнде өз қызметiн жүзеге асырады. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның қызметiн лицензиялау тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның атауында осы ұйым мүшелерiнiң негiзгi қызметiнiң түрiн көрсететiн, сондай-ақ "Қауымдастық", "Одақ" немесе "Бiрлестiк" деген сөздер болуы тиiс.
101-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның функциялары
1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның функцияларына мыналар жатады:
1) уәкiлеттi органға бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары, нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар беру;
2) кәсiби қатысушыларға бағалы қағаздар рыногында қызмет көрсеткенi үшiн төленетiн сыйақының ең жоғарғы мәнiн анықтау;
3) бағалы қағаздар рыногында өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерi және мүшелер мен олардың клиенттерi арасында туындайтын дауларды қарау;
4) бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыруға ниет бiлдiрген тұлғалардың оқу бағдарламаларын әзiрлеу және оқытуды жүргізу;
5) бағалы қағаздар рыногында қызметi жүзеге асыруға ниет бiлдiрген немесе өзiнiң кәсiби деңгейiн растайтын тұлғаларды тестiлеу процесiне қатысу;
6) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң рейтингтерiн жасау және жариялау;
7) уәкiлеттi органның бастамасы бойынша өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң қызметiн тексерулерге қатысу;
8) бағалы қағаздар рыногында өз мүшелерiнiң қызметiне бақылауды жүзеге асыру және оның iшкi құжаттарында және өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарында Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуға жол берген өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерiне белгіленген тәртiптік ықпал ету шараларын қолдану.
2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым өз мүшелерiнен коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, олардың бағалы қағаздар рыногындағы қызметi жөнiндегi ақпаратты ұсынуын талап етуге құқылы.
3. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым өзiнiң мүшелерiне уәкiлдi орган өз мүшелерiнiң қызметi мәселелерi бойынша ұсынатын ақпаратты жiберуге мiндеттi.
102-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттары
1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарына:
1) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерi қызметiнiң ережесi және стандарттары;
2) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның өз мүшелерiнiң қызметiне қатысты бақылау және/немесе қадағалау iс-шараларын жүргiзу ережесi;
3) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерi арасындағы дауларды және мүшелерi мен олардың клиенттерi арасындағы дауларды шешу ережесi;
4) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiне қабылдау, мүшелiктi тоқтата тұру және өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiнен шығару ережесi;
5) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң кәсiби этикасының ережесi;
6) жаза қолдану ережесi;
7) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның бөлiмшелерi, комитеттерi, филиалдары және өкілдiктерi қызметiнiң тәртiбiн белгiлейтiн құжаттар жатады.
103-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарын
келiсу
1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарын өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң кеңесi әзiрлейдi, ол уәкiлеттi органмен келiсуге жатады, өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң жалпы жиналысы бекiтедi.
2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейтiн iшкi құжаттары оның мүшелерiнiң жалпы жиналысы бекiткен сәттен бастап өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерi үшiн мiндеттi болады.
3. Уәкiлеттi орган олар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмеген жағдайда, өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарымен келiсуден бас тартуға құқылы.
Келiсуден дәлелдi бас тарту өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттары алынған сәттен бастап отыз күннен кешiктiрiлмей өзiн-өзi реттейтiн ұйымға жiберiледi.
104-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның өтiнiшi
1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым уәкiлеттi органға өзiнiң мүшелерiне қатысты мынадай мәселелер:
1) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшесiне лицензия беру, тоқтата тұру және қайтарып алу;
2) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшесiнiң қызметiне тексеру жүргiзу;
3) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшесiн әкiмшiлiк жауапқа тарту бойынша өтiнiш жiберуге құқылы.
2. Уәкiлетті орган өзiн-өзi реттейтiн ұйымның өтiнiшiн өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшесiне қатысты тиiстi шешiм қабылдау кезiнде ескередi.
105-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның уәкілеттi органмен
өзара қарым-қатынасы
1. Уәкiлетті органның осы Заңда және Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзiн-өзi реттейтiн ұйымның қызметiне араласуға құқығы жоқ.
2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым уәкiлеттi органға өз мүшесiнiң Қазақстан Республикасының заңдарын, өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi
құжаттарын бұзғаны туралы, сондай-ақ өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiне қатысты қолданылған тәртiптiк ықпал ету шаралары туралы ақпаратты жеткiзуге мiндетті.
106-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымға мүшелiк
Бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтiң тиiстi түрiн жүзеге асыратын ұйым өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерi болуға мiндетті.
107-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгіне
қабылдау тәртiбi
1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiне қабылдау тәртiбi өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарында белгiленедi.
2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгіне қабылдау туралы өтiнiш өзiн-өзi pеттейтiн ұйымға түскен сәттен бастап отыз күн iшiнде қаралады. Өтiнiшке тiзбесi өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарында анықталатын құжаттар қоса тiркеледi. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiне қабылдау туралы шешiмдi өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң кеңесi қабылдайды.
3. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiне қабылдаудан бас тарту туралы шешiм жөнiнде сотқа шағым жасауы мүмкiн.
108-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымға мүшелiктiң
тоқтатылуы
1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымнан мүшесiн шығару өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарына сай мынадай жағдайларда:
1) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшесiнiң өтiнiшi бойынша;
2) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшесiнен бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметті жүзеге асыруға берiлген лицензияны қайтарып алған немесе лицензияның қолданылуын тоқтатқан;
3) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшесi Қазақстан Республикасының заңдарын және өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарын бұзған жағдайда жүзеге асырылады.
2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерi кеңесiнiң мүшелiктен шығару туралы шешiмiнiң көшiрмесi берiлген күннен бастап бiр айлық мерзiмде өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгінен шығару туралы сотқа
шағым жасалуы мүмкін.
109-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерi
клиенттерiнiң құқықтарын және мүдделерiн қорғау
1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым өз мүшелерi клиенттерiнiң құқықтарын және мүдделерiн олардың өтiнiштерiн қарау арқылы қорғауды жүзеге асырады. Клиенттердiң өтiнiштерiн қарау нәтижелерi бойынша және негiздемелер болғанда, өзiн-өзi реттейтiн ұйым өзiн-өзi реттейтiн ұйымға қатысты тәртiптiк ықпал ету шараларын қолданады.
2. Өтiнiштердi қараудан заңсыз бас тарту жөнiнде өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшесiнiң клиентi уәкiлеттi органға шағым жасауы мүмкiн.
20-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы ақпарат және жарнама
110-бап. Эмитенттiң бастапқы бағалы қағаздар рыногында
эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру
барысында ақпаратты жария етуi
1. Инвесторлардың шектелмеген тобының арасында орналастырылатын эмиссиялық бағалы қағаздардың эмитентi кез келген мүдделi тұлғалардың алдында мынадай ақпаратты:
1) эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектiсiндегi;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлеттi органға ұсынылатын есептердегi;
3) қаржылық есепке кiрген;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес немесе сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарына сәйкес (егер осы бағалы қағаздар сауда-саттықты ұйымдастырушының ресми тiзiмiне енсе) немесе осы эмитенттiң iшкi құжаттарына сәйкес жария етуге жататын басқа ақпаратты жария етуге мiндеттi.
2. Эмитент ақпаратты жария етудi:
1) уәкiлеттi органға эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру нәтижелерi жөнiндегi есептердi ұсыну;
2) уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес инвесторлардың (акционерлердiң) мүдделерiн қозғаушы ретiнде танылған ақпаратты ұсыну;
3) егер эмитенттiң бағалы қағаздары сауда-саттықты ұйымдастырушының тiзiмiне кiрсе, осы сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарына сәйкес сауда-саттықты ұйымдастырушыға ақпарат ұсыну;
4) баспасөз басылымында ақпарат жариялау арқылы жүзеге асырады.
3. Эмитент бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушi арқылы бағалы қағаздарды ұстаушылар үшiн ақпарат таратуды жүзеге асыруға құқылы.
111-бап. Эмитенттiң бағалы қағаздардың қайталама
рыногында эмиссиялық бағалы қағаздар айналысы
барысында ақпаратты жария етуi
1. Эмитент эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысы кезеңiнде уәкiлеттi органның және бағалы қағаздарды ұстаушылардың алдында бағалы қағаздарды ұстаушылардың мүдделерiн қозғайтын өз қызметiндегi өзгерiстер туралы ақпаратты жария етуге мiндеттi.
2. Эмитент қызметiндегi бағалы қағаздарды ұстаушылардың мүдделерiн қозғайтын өзгерiстер ретiнде:
1) эмитент органдары құрамының өзгеруi;
2) эмитенттің дауыс беретiн акцияларының он және одан да астам процентiн (үлесiн) иеленушi акционерлер (қатысушылар) құрамының (акциялардың бес және одан да астам процентiн иелену - халықтық акционерлiк қоғам үшiн) өзгеруi;
3) эмитенттiң қаржылық есебiнiң өзгеруi;
4) эмитенттің, оның еншiлес ұйымдарының және бағынышты акционерлiк қоғамдарының қайта ұйымдастырылуы немесе таратылуы;
5) эмитенттің мүлкiне тыйым салынуы;
6) эмитент лицензиясының алынуы, тоқтатылуы немесе қайтарып алынуы;
7) эмитент акционерлерiнiң (қатысушыларының) жалпы жиналысының шешiмi;
8) эмитент әрбiр осындай ұйым акцияларының он және одан да астам процентiн (үлесiн, пайын) (халықтық акционерлiк қоғам акцияларының бес және одан да астам процентiн) иеленетiн ұйымдар тiзiмiнiң өзгеруi танылады.
3. Эмитент өзгерiстер туындаған сәттен бастап жетi күн iшiнде
уәкілеттi органға бұл жөнiнде ақпарат ұсынуға мiндеттi.
4. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiне өзгерiстер
енгiзу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
5. Осы баптың 2-тармағындағы өзгерiстердi эмитент баспасөз басылымында ақпарат жариялау арқылы бағалы қағаздар ұстаушыларға жеткiзедi.
112-бап. Лицензиаттың ақпаратты жария етуi
1. Лицензиат:
1) өз клиентiнiң алдында оның құқықтары мен мүдделерiн қозғайтын ақпаратты жария етуге;
2) клиенттiң бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға арналған бұйрығын қабылдау кезiнде оған бағалы қағаздар және олардың эмитентi жөнiнде қолда бар барлық ақпаратпен (бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда) танысуына мүмкiндiк беруге;
3) өзiнiң клиентiн осы клиенттiң бұйрығы бойынша бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау барысында мүдделер шиеленiсiнiң туындау мүмкiндiктерi және фактiлерi туралы хабардар етуге;
4) өзiнiң клиентiн бағалы қағаздармен жасалады деп болжанған мәмiлелерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулер және ерекше талаптар жөнiнде хабардар етуге;
5) өзiнiң клиентiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тыйымның әсерiне ұшыраған бағалы қағаздармен мәмiлелер жасауға берген оның бұйрығынан бас тартылу себептерiн түсiндiруге;
6) уәкілеттi органға оларға қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында олар туралы, сондай-ақ олардың бұйрықтары бойынша осылай мәмiлелер жасалған клиенттер туралы ақпаратты жария ету мiндеттi болып белгiленген бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелер туралы ақпаратты ұсынуға;
7) бағалы қағаздарды ұстаушылардың (клиенттердiң) назарына эмитенттерден алынған және таратуға арналған ақпаратты жеткiзуге;
8) бағалы қағаздарды ұстаушылардың (клиенттердiң) алдында лицензиат қызметiне қатысты ақпаратты уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерiнде белгiленген көлемде және тәртiппен жария етуге мiндеттi.
2. Лицензиаттың ақпаратты жария ету кезiнде оны бұрмалауға, оның көлемiн инвестордың (клиенттiң) осындай ақпаратты толық көлемде ала отырып қабылдай алатын, басқадай шешiм қабылдауына соқтыратындай деңгейге дейiн азайтуға құқығы жоқ.
113-бап. Сауда-саттықты ұйымдастырушының ақпаратты
жария етуi
1. Сауда-саттықты ұйымдастырушы кез келген мүдделi тұлғаның алдында өзiнiң тiзiмiне енген бағалы қағаздар туралы және олардың эмитенттерi туралы өзiнде бар мәлiметтердi (бағалы қағаздар рыногында қызметтік және коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда) жария етуге мiндеттi.
2. Сауда-саттықты ұйымдастырушы осы баптың 1-тармағына сәйкес жария етуге жататын ақпаратты:
1) толық көлемде Интернетте (өзiнiң жеке беттерiнде немесе осы сауда-саттықты ұйымдастырушының ақпаратын тарату жөнiндегi агенттердiң қызметiн жүзеге асыратын ұйымдардың беттерiнде);
2) бұқаралық ақпарат құралдарында;
3) өзге де мүмкiн болатын тәсiлдермен таратады.
3. Сауда-саттықты ұйымдастырушының осы баптың 1-тармағына сәйкес жария етуге жататын ақпаратты осы сауда-саттықты ұйымдастырушы мүшелерiнiң арасында тарату тәртiбi және өзiндегi көрсетiлген ақпарат бар құжаттардың көшiрмелерiн мүдделi тұлғаларға ұсыну тәртiбi сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарында анықталады.
114-бап. Инвестордың және бағалы қағаз ұстаушының
ақпаратты жария етуi
1. Бағалы қағазды ұстаушы тiркеушiнi (нақтылы ұстаушыны) бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiндегi және нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi өз деректерiнiң өзгерiстерi жөнiнде мұндай өзгерiстер туындаған сәттен бастап он күн iшiнде хабарлауға мiндеттi.
2. Тiркеушi (нақтылы ұстаушы) бағалы қағаздарды ұстаушылардың алдында бағалы қағаздарды ұстаушылардан бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiндегi және нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi деректердiң өзгерiстерi жөнiнде мәлiметтер алмауы немесе уақтылы алмауы салдарынан шектiрiлген зияны үшiн жауапкершiлiк көтермейдi.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында инвестордың (бағалы қағаз ұстаушының) эмиссиялық бағалы қағаздарға инвестицияны жүзеге асыру кезiнде өзi және өзiнiң аффилиирленген тұлғалары туралы ақпаратты мемлекеттiк органдардың алдында жария ету мiндеттiлiгi белгiленген.
115-бап. Уәкiлеттi органның ақпаратты жария етуi
1. Уәкiлетті орган:
1) эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымы проспектiлерiндегi;
2) эмитенттердiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлетті органға ұсынатын есептерiндегі;
3) бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыруға лицензиялар (рұқсаттар) беруге немесе қайтарып алуға, осындай лицензиялардың (рұқсаттардың) қолданылуын тоқтата тұру, жаңарту және тоқтату туралы, сондай-ақ мұндай оқиғалардың себептерi туралы; 4) бағалы қағаздар рыногында қандай-да бiр жұмысты орындауға рұқсат ету құқығын беретiн бiлiктiлiк куәлiктерiн беруге немесе қайтарып алуға, мұндай куәлiктердiң қолданылуын тоқтата тұру, жаңарту және тоқтату туралы, сондай-ақ мұндай оқиғалардың себептерi туралы;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа (қатысты) ақпаратты уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес
жүзеге асырады.
116-бап. Уәкiлеттi органның ақпарат алу құқығы
Уәкілеттi орган өзiне жүктелген функцияларды сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз ету үшiн эмитенттен, лицензиаттан және өзiн-өзi реттейтiн ұйымнан кез келген қажеттi ақпаратты (оның iшiнде бағалы қағаздар рыногында коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын) алуға құқылы. Алынған мәлiметтер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жариялауға жатпайды.
117-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы жарнамаға
қойылатын талаптар
1. Бағалы қағаздар рыногындағы жарнама Қазақстан Республикасының жарнама туралы заң актiлерiнде белгiленген талаптарға сәйкес келуi тиiс.
2. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары және өзiн-өзi реттейтiн ұйымдар лицензияның номерiн, датасын және жүзеге асыру үшiн осы лицензия берiлген қызметтiң түрiн көрсете отырып, жарнамаға өздерiне берілген лицензиялар туралы мәлiметтердi кiргiзуге мiндетті.
3. Осы баптың 2-тармағының талаптарын бұзған бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапқа тартылады.
21-тарау. Бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметiн бақылау
118-бап. Бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң
қызметiн тексеру
1. Уәкiлеттi орган эмитенттердiң, лицензиаттардың және мамандарды бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеуге оқытуды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметiне тексерудi жүзеге асыруға құқылы.
2. Тексеру жүргiзу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
3. Эмитенттi тексеруге:
1) эмиссиялық бағалы қағаздар сатып алуға ниеттенген инвесторлардың өтiнiшi;
2) бағалы қағаздарды ұстаушылардың өтiнiштерi;
3) бағалы қағаздар рыногының және өзiн-өзi реттейтiн ұйымдардың кәсiби қатысушыларының өтiнiштерi;
4) тексерудiң жүргiзiлгенi немесе уәкiлеттi орган
қызметкерлерiнiң тексеруге қатысқаны туралы сот ұйғарымы, прокурордың немесе алдын ала жауап алу және алдын ала тергеу органының қаулысы;
5) уәкiлетті орган эмитент эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылуын мемлекеттiк тiркеу және эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру немесе өтеу нәтижелерi туралы есептi бекiту үшiн ұсынған құжаттарды қарау барысында анықталған құжаттардағы немесе мәлiметтердегi ақпараттың сәйкессiздiгі;
6) уәкiлеттi орган лицензиаттардың қызметi туралы есептердi қарау барысында анықтаған сәйкессiздiктер;
7) бағалы қағаздар рыногында коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдалана отырып, эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау туралы мәлiметтердiң болуы негiздеме болып табылады.
4. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жеке өз бастамасы бойынша бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiне тексеру жүргiзуге құқылы.
119-бап. Бағалы қағаздар рыногының субъектiсiне тексеру
жүргiзу тәртiбi
1. Тексерудi уәкілеттi орган бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң орналасқан жерiнде немесе өзiнiң орналасқан жерiнде жүргізедi.
Тексерудi құрамына уәкілеттi органның қызметкерлерi кiретiн тексеру комиссиясы жүргiзедi.
Уәкiлеттi орган көрсетiлген ұйымдардың қызметкерлерiн тексеруге қатыстыру мақсатында мемлекеттiк органдарға және өзiн-өзi реттейтiн ұйымдарға өтiнiш жасауға құқылы.
2. Тексерудi уәкiлеттi орган бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң қызметi туралы құжаттарды қарау арқылы жүргiзедi.
Тексеру жүргiзу барысында уәкiлеттi орган тексеру мәселелерi бойынша олардың ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруi мақсатында бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң қызметкерлерiнен жауап алуға құқылы.
3. Бағалы қағаздар рыногы субъектiсiн тексеру нәтижелерi бойынша тексеру комиссиясы қызметтi тексеруге жатқан бағалы қағаздар рыногының субъектiсiне танысу үшiн беретiн тексеру актiсiн жасайды.
Бағалы қағаздар рыногының субъектiсi жалпы тексеру актiсi бойынша (жекелеген тармақтары бойынша) өз қарсылығын бiлдiруге құқылы.
4. Тексеру актiсi жасалып, бағалы қағаздар рыногының субъектiсiне ұсынылғаннан кейiн уәкiлеттi орган субъектiге уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiм iшiнде анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнiнде ескертпе жiберуге құқығы.
5. Бағалы қағаздар рыногының субъектiсi өзiнiң қызметiн тексеру барысында анықталған заң бұзушылықты жоймаған жағдайда, уәкiлеттi орган заң бұзушыға және оның қызметкерлерiне қатысты осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа заңдарында белгiленген шараларды қолдануға құқылы.
Уәкiлеттi орган заң бұзушыға және оның қызметкерлерiне, егер заң бұзушылық орнын толтыруға келмейтiндей болса, анықталған заң бұзушылықты жою мерзiмiн ұсынбастан шаралар қолданады.
120-бап. Эмитенттiң қызметiн бақылау
1. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру, айналысқа жiберу
және өтеу барысында бақылау функцияларын жүзеге асыру үшiн уәкiлетті орган эмитентті мынадай:
1) эмитенттің органы эмиссиялық бағалы қағаздар шығару немесе орналастыру, опциондар жасау туралы қабылдаған шешiмдердiң Қазақстан Республикасының заңдарына және эмитенттiң жарғысына сәйкестігі;
2) эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлемдерi және эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiлерiне сәйкес бағалы қағаздарды ұстаушылар алдындағы басқа мiндеттемелерiн
орындауы;
3) эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылуын және оларды орналастыру немесе өтеу нәтижелерi жөнiндегi есептердi мемлекеттiк тiркеуге құжаттар ұсыну;
4) уәкiлеттi органға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға өз қызметiндегi өзгерiстер жөнiндегi ақпарат ұсыну туралы талаптарды орындауы;
5) Қазақстан Республикасының заңдарындағы iрi мәмiлелер және мүдделілік бар мәмiлелер жасау туралы талаптарды орындау;
6) шығарылымды жою, эмитент ерiктi түрде қайта ұйымдасқан немесе таратылған жағдайда, бастапқы инвестицияларды қайтару кезiнде бағалы қағаздарды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерiн сақтау;
7) халықтық акционерлiк қоғам мәртебесiн алу және жоғалту;
8) эмитенттің қызметi туралы мәлiметтердi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мәселелерi бойынша тексеруге құқылы.
121-бап. Лицензиаттың қызметiн бақылау
1. Уәкiлеттi орган бақылау функцияларын жүзеге асыру үшiн лицензиаттың мынадай:
1) бағалы қағаздар рыногында жүзеге асырылатын қызметтің Қазақстан Республикасының заңдарына, өзiн-өзi реттейтiн ұйымның және лицензиаттың iшкi құжаттарына сәйкестiгі;
2) бағалы қағаздармен мәмiлелердi жүзеге асыру кезiнде клиенттердiң құқықтарын және мүдделерiн сақтау;
3) пруденциалдық нормативтердi сақтау;
4) ерiктi қайта ұйымдастыру немесе тарату мәселелерi бойынша тексеру жүргiзуге құқылы.
122-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның қызметiн бақылау
1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымға қатысты бақылау функцияларын
жүзеге асыру үшiн уәкілетті орган:
1) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның қызметi туралы, сондай-ақ оның мүшелерiнiң қызметi туралы ақпарат ұсынуды талап етуге;
2) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның қызметiне тексеру жүргiзуге;
3) өзiн-өзi реттейтiн ұйым өкiлiнен оның мүшесiнiң қызметiн тексеруге қатысуын талап етуге;
4) өзiн-өзi реттейтiн ұйымға орындауы мiндеттi ескертпе жiберуге және олардың орындалуы жөнiндегi есептi ұсынуын талап етуге;
5) өзiн-өзi реттейтiн ұйымға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес санкциялар қолдануға құқығы.
22-тарау. Қорытынды ережелер
123-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
Осы Заң ресми түрде жарияланған күннен бастап қолданысқа енгiзiледi.
124-бап. Қазақстан Республикасының кейбiр заң
актiлерiнiң күшi жойылды деп жариялау
Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) Қазақстан Республикасының "Бағалы қағаздар туралы" 1997 жылғы 5 наурыздағы Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 5, 52-құжат; N 12, 184-құжат; N 13-14, 205-құжат; 1998 ж., N 17-18, 224-құжат; N 20, 727-құжат; 2000 ж., N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 15-16, 238-құжат);
2) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасында бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеу туралы" 1997 жылғы 5 наурыздағы Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 5, 53-құжат; N 13-14, 205-құжат; 1998 ж., N 17-18, 224-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 15-16, 238-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президентi