Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi мен Польша Республикасының Кәсiпкерлiктi дамытудың поляк агенттiгі арасындағы Өзара түсiнiстiк пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 4 сәуірдегі N 323 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың Польша Республикасына 2002 жылғы 23-26 мамырдағы ресми сапары және 2002 жылғы 23-24 қыркүйекте Астана қаласындағы Қазақстан-поляк сауда-экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi комиссиясының төртiншi мәжiлiсi барысында қол жеткiзiлген келiсiмдер мен уағдаластықтарды iске асыру және қазақстан-поляк ынтымақтастығын одан әрi дамытуды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi мен Польша Республикасының Кәсiпкерлiктi дамытудың поляк агенттiгi арасындағы Өзара түсiнiстiк пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келiсiм берілсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi
мен Польша Республикасының Кәсiпкерлiктi дамытудың
поляк агенттiгi арасындағы өзара түсiнiстiк пен
ынтымақтастық туралы
MEMOPАНДУМ

      Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгі мен Польша Республикасының Кәсiпкерлiктi дамытудың поляк агенттiгі,
      Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы шағын кәсiпкерлiк саласындағы екi жақты ынтымақтастыққа жаңа серпiн беруге ниет бiлдiре отырып,
      тең құқықты және өзара тиiмдi негiзде ынтымақтастық орнатуға ұмтыла отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасының талаптарына сәйкес және өз құзыретi шеңберiнде Тараптар ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.
      Тараптар Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасының шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерi арасындағы өзара тиiмдi және әрiптестiк байланыстарды дамытуға жәрдемдесетiн болады.

2-бап

      Тараптар халықаралық, ұлттық және мамандандырылған көрмелерге, жәрмеңкелерге және Тараптар мемлекеттерiнiң аумағында өткiзiлетiн басқа да осы сияқты шараларға Тараптар мемлекеттерiнiң шағын және орта бизнесi өкiлдерiнiң белсенді қатысуына ықпал ететiн болады.

3-бап

      Тараптар инвестицияларды тарту, Тараптар мемлекеттерiнiң шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерi арасындағы сыртқы экономикалық қатынастарды дамыту мәселелерiнде бiрлескен ынтымақтастықты дамытатын болады.

4-бап

      Тараптар шағын кәсiпкерлiктi құқықтық және қаржылық қолдау мәселелерi жөнiндегi ақпаратпен, мерзiмдi басылымдармен және шағын және орта бизнес саласындағы басқа да ақпараттық материалдармен тұрақты негiзде алмасып отырады.

5-бап

      Тараптар мемлекеттерінің шағын және орта бизнесi өкiлдерiнiң қатысуымен бiрлескен семинарлар, кездесулер, конференциялар ұйымдастыруға және өткiзуге Тараптар жәрдемдесетiн болады.

6-бап

      Осы Меморандум Тараптардың өзара келiсiмi бойынша оның ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалар арқылы өзгертілетiн және толықтырылатын болады.

7-бап

      Осы Меморандумды қолдануға немесе түсiндiруге байланысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келiссөздер жолымен шешіледі.

8-бап

      Осы Меморандум қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi және бiр Тарап осы Меморандумның қолданылуын тоқтату ниетi туралы дипломатиялық арналар бойынша екiншi Тараптың жазбаша хабарламасын алған күнiнен бастап үш ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
      Осы Меморандумның қолданылуын тоқтату Тараптардың осы Меморандум ережелерiнiң негiзінде келiсiлген және қолданылуын тоқтату сәтiне аяқталмаған жобалар мен бағдарламалардың орындалуына, сондай-ақ осы Меморандумның ережелерiн iске асыру мақсатында жасасқан шарттардың қолданылуына әсерiн тигiзбейді.
      2003 жылғы "____"___________ ____________ қаласында, әр қайсысы қазақ, поляк, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi түпнұсқалық данада жасалды, бұл ретте барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Меморандумның ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының        Польша Республикасының
      Индустрия және сауда             Кәсiпкерлiктi дамыту
      министрлігі үшін                 поляк агенттiгi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады