Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей Федерациясының Yкiметi арасында халықаралық автомобиль қатынастары туралы келiсiм жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 12 сәуірдегі N 354 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулы етеді:

      1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынастары туралы келiсiмнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрi Қажымұрат Ыбырайұлы Нағмановқа Келiсiм жобасына қағидатты сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметі атынан келiссөздер жүргізуге және Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасында Халықаралық автомобиль қатынастары туралы келiсiм жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба 

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы
Халықаралық автомобиль қатынастар туралы
КЕЛIСIМ (2004 жылғы 4 наурызда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты) 

      Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi,
      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң арасында және олардың аумақтары бойынша транзитпен автомобиль жолаушы және жүк қатынастарын өзара негiзде дамытуға, сондай-ақ осы қатынастарды жеңiлдетуге тiлек білдiре отырып,
      мыналар туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiмге сәйкес Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерi арасындағы және олардың аумақтары бойынша транзитпен, сондай-ақ Қазақстан Республикасында немесе Ресей Федерациясында тiркелген автокөлiк құралдарымен үшiншi мемлекеттерге (мемлекеттерден) жолаушылар мен жүктердің тұрақты және тұрақты емес тасымалдары жүзеге асырылады.

2-бап

      Осы Келiсiмде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдiредi:
      а) "құзыреттi органдар":
      Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, ал 12-баптың 2-тармағына қатысты, сондай-ақ - Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгі.
      Ресей Федерациясында - Ресей Федерациясының Көлiк министрлiгi, ал 7-баптың 1-тармағына және 12-баптың 2-тармағына қатысты, сондай-ақ - Ресей Федерациясының Iшкi iстер министрлiгi.
      Осы тармақта көрсетiлген құзыреттi органдар өзгерген жағдайда, жаңа құзыреттi органдардың атаулары екiншi Уағдаласушы Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы берiледi;
      б) "тасымалдаушы" - Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген және осы мемлекеттiң ұлттық заңнамасына сәйкес жолаушылардың немесе жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын орындауға рұқсат етiлген кез келген жеке немесе заңды тұлға;
      в) "рұқсат" - екіншi Уағдаласушы Тарап мемлекетінiң аумағы бойынша бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетi тасымалдаушысының автокөлiк құралының жүруiне (сол жаққа және керi қарай) құқық беретін құжат;
      г) "арнайы рұқсат" - Уағдаласушы Тараптардың бiрi мемлекетiнiң тасымалдаушысына тиесілi ауыр салмақты, iрi габариттi немесе қауіпті жүгі бар автокөлiк құралының екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің аумағы бойынша жүруiне бiр жолғы қосымша рұқсат, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптардың бірінiң мемлекетi тасымалдаушысына тиесілi автокөлiк құралының екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағынан үшiншi мемлекеттiң аумағына немесе үшiншi мемлекеттің аумағынан екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына жүруге (сол жаққа және керi қарай) бiр жолғы рұқсат;
      д) "автокөлiк құралы":
      жүктердi тасымалдау кезiнде - жүк автомобилi, тiркемелi жүк автомобилi, автомобиль тартқышы немесе жартылай тiркемелi автомобиль тартқышы;
      жолаушыларды тасымалдау кезiнде - автобус, яғни жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргізушi орнын қоса алғанда, отыратын 9-дан артық орны бар автокөлiк құралы, теңдеме жүктi тасымалдауға арналған тiркемелi құрал болуы мүмкiн;
      меншiк құқығымен немесе лизинг не болмаса жалға алу шарты негiзiнде тасымалдаушының иелiгіндегi көлiк құралы;
      e) "шекара маңындағы қатынастар" - Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінiң шекара маңындағы аумақтарында орналасқан елдi мекендер арасындағы жолаушы қатынастары. Шекара маңындағы  қатынастар жүзеге асырылатын елдi мекендер арасындағы тiзбенi Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары белгiлейдi;
      ж) "жолаушыларды тұрақты тасымалдау" - Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары арасында келiсiлген бағыт, кесте, тарифтер және тасымалдаушы жолаушыларды отырғызу мен түсiрудi жүргiзетiн аялдау пункттерi бойынша жүзеге асырылатын жолаушылардың автобуспен тасымалы;
      з) "жолаушыларды тұрақты емес тасымалдау" - автобустармен жолаушыларды тасымалдаудың барлық қалған түрлерi;
      и) "санитарлық бақылау" - санитарлық, ветеринарлық, сондай-ақ фитосанитарлық бақылау.

3-бап

      1. Жолаушыларды автобустармен екi жақты немесе транзиттік қатынастағы тұрақты тасымалдары Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары олардың мемлекеттерi аумағы бойынша өтетiн бағыттың сол учаскесiне берген рұқсаттардың негізінде жүзеге асырылады.
      Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары рұқсаттың шарттары мен қолданылу мерзiмiн, кестенi, тарифтердi, тасымалдаушы жолаушыларды отырғызу мен түсiрудi жүзеге асыратын аялдау пункттерiн көрсете отырып бағыт схемасын, сондай-ақ тасымалдаушылар жүрiп өтуi тиiс мемлекеттiк шекара арқылы өту пункттерiн келiседi.
      2. Жолаушыларды автобустармен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру туралы өтiнімдi тасымалдаушы мемлекетінің аумағында тiркелген Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органы қарайды және де екiншi Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органына жiбередi.
      3. Өтiнiм мен рұқсаттың нысандарын Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары белгiлейдi.

4-бап

      Шекара маңындағы қатынастарда жолаушыларды автобустармен тұрақты халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру тәртібiн Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары белгiлейдi.

5-бап

      1. Жолаушылардың екi жақты және транзиттiк қатынастағы тұрақты емес тасымалдары, осы баптың 2-тармағында көзделген тасымалдарды қоспағанда, рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
      Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары бiр-бiрiне ақысыз негiзде көрсетiлген рұқсаттардың келiсiлген бланкілер санын бередi. Бұл бланкiлерде жауапты тұлғаның қолы мен рұқсаты берген құзыретті органның мөрi болуы тиiс.
      2. Жолаушылардың екi жақты және транзиттiк қатынастағы тұрақты емес тасымалдарын жүзеге асыру үшiн, бiр ғана құрамдағы жолаушылар тобы бiр ғана автобуспен тасымалданғанда, бұл ретте:
      а) сапар автобус тiркелген Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында басталып және аяқталғанда;
      б) сапар автобус тіркелген Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында басталып және де екіншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында аяқталғанда, автобус бұл аумақтан бос кеткен жағдайда pұқсат талап етiлмейдi;
      в) автобус екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің аумағына, бұрын осы тасымалдаушы жеткiзген жолаушылар тобын aлу үшiн барады.
      3. Ақаулы автобусты басқа автобуспен ауыстырған кезде де рұқсат талап етiлмейдi.
      4. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген жолаушылардың тұрақты емес тасымалдарын орындау кезiнде автобустың жүргізушiсiнде Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдарымен келiсiлген, арнайы нысанда жасалған жолаушылардың тiзiмi болуы тиiс.

6-бап

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің арасында немесе олардың аумақтары бойынша транзит түрiнде жүктердi тасымалдау, бос автокөлік құралдарының жүруi рұқсатсыз жүзеге асырылады, iрi габариттi, ауыр салмақты және қауiпті жүктердi тасымалдау, сондай-ақ үшiншi мемлекеттен (мемлекетке) тасымалдауды қоспағанда.

7-бап

      1. Егер бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетi тасымалдаушысының автокөлiк құралының көлемдерi, бiлiкке түсетiн салмақтық жүктемелерi немесе салмағы екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің аумағында белгiленген нормалардан асып кеткен жағдайда, тасымалдаушы екiншi Уағдаласушы Тараптың құзыретті органының арнайы рұқсатын алуы тиiс.
      2. Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерi аумағы бойынша қауiптi жүктердi тасымалдау 1957 жылғы 30 қыркүйектегi Қауiптi жүктердiң халықаралық жол тасымалы туралы еуропалық келiсiмге, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнің сондай тасымалдарды реттейтiн заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
      Егер қауiптi жүктердi тасымалдауды жүзеге асыру көрсетiлген Еуропалық келiсiмге немесе Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнің заңнамасына сәйкес арнайы рұқсат болуын талап еткен жағдайда, оны бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің тасымалдаушысы екіншi Уағдаласушы Тараптың құзыретті органынан тасымалдауды жүзеге асыру басталғанға дейiн алуы тиiс.
      3. Егер осы бапта аталған арнайы рұқсат автокөлiк құралының белгiлi бiр бағыт бойынша қозғалысын көздесе, тасымалдау осы бағыт бойынша жүзеге асырылуы тиiс.

8-бап

      Осы Келiсiмнің негiзiнде жүктердi тасымалдау, 1956 жылғы 19 мамырдағы Жүктердiң халықаралық жол тасымалдары шарты туралы Конвенцияның талаптарына сәйкес келуi тиiс көлiктiк жүкқұжаттарды ресімдеумен жүргiзiледi.

9-бап

      1. Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнің халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын автокөлiк құралдарында өз мемлекетiнің тiркеу және айырым белгiлерi болуы тиiс.
      2. Жүк автомобильдерi, автомобиль тартқыштары және автобустарда Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң тiркеу және айырым белгiлерi болған жағдайда, тiркемелер мен жартылай тiркемелерде басқа мемлекеттердiң тiркеу және айырым белгiлерi болуы мүмкін.

10-бап

      Бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің тасымалдаушысына екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан пункттер арасында жолаушылар мен жүктердің тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат етілмейдi.

11-бап

      1. Бiр Уағдаласушы Тараптың тасымалдағысы жолаушылар мен жүктердің тасымалдарын екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетi аумағынан үшiншi мемлекеттiң аумағына, сондай-ақ үшiнші мемлекеттiң аумағынан екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетi аумағына, егер ол осыған екiншi Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органының арнайы рұқсатын алса, жүзеге асыруы мүмкiн.
      2. Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары бiр-бiрiне ақысыз негiзде үшiншi мемлекеттерге (мемлекеттерден) тасымалдауға арналған арнайы рұқсаттар бланкiлерiнiң келiсiлген санын бередi. Бұл бланкiлерде жауапты тұлға мен арнайы рұқсатты берген құзыреттi органның мөрi болуы тиiс.

12-бап

      1. Автокөлiк құралының жүргізушісінде ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiгi және 1968 жылғы 8 қарашадағы Жол қозғалысы туралы конвенция талаптарына сәйкес автокөлік құралының ұлттық тіркеу құжаттары болуы тиіс.
      2. Осы Келiсiмнің ережелерiне сәйкес талап етiлетін рұқсат және басқа құжаттар автокөлiк құралының жүргiзушiсiне болуы және құзыреттi бақылаушы органдардың талабы бойынша көрсетілуi тиiс.

13-бап

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерi тасымалдаушылары, ақылы автомобиль жолдарын, автомагистральдарды, көпiрлердi және тоннельдердi пайдаланғаны үшiн алымдарды қоспағанда, егер мұндай алымдар кемсiтпеушілік негізiнде бiр, сондай-ақ екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушысының автокөлiк құралдарынан да өндірiп алынуға жатса, осы Келiсiмнiң шеңберiнде жолаушылар мен жүктердi тасымалдау кезінде автокөлік құралдарын иеленуге немесе пайдалануға, екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң автомобиль жолдарын пайдалануға немесе күтiп ұстауға байланысты алымдар мен төлемдерден өзара негізде босатылады.

14-бап

      1. Осы Келiсiмнiң негізiнде тасымалдарды орындау кезiнде кедендiк алымдардан, салықтар мен баждардан екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетi аумағына әкелiнген:
      а) автокөлiк құралының әрбiр моделi үшiн жасаушы зауытта көзделген, қозғағыштың отын жүйесiмен технологиялық және конструкциялық жағынан байланысты сыйымдылықтардағы, сондай-ақ жасаушы зауыт тiркемелер мен жартылай тiркемелерде орнатқан және осы автокөлiк құралының жылу немесе салқындату қондырғыларының жұмысына арналған сыйымдылықтардағы жанармай;
      б) тасымалдау кезiнде автокөлiк құралдарын пайдалану үшiн қажеттi мөлшердегi жағармай материалдары;
      в) халықаралық тасымалды жүзеге асыратын жолда зақымдалған автокөлiк құралын жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер мен құралдар босатылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер мен саймандар керi әкетiлуге жатады. Ауыстырылған қосалқы бөлшектер керi әкетілуi немесе аумағында осы қосалқы бөлшектерге қатысты кедендiк режимнің өзгерiсi болған Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң кедендік заңнамасында белгiленген тәртіппен жоюдың кедендік режимiне немесе өзге кедендiк режиммен орналастырылуы тиiс.

15-бап

      Жолаушылар мен жүк тасымалдары осы Келiсiмнiң негізiнде автокөлiк құралдары иелерiнің үшiншi тұлғаларға келтiрiлген залал үшiн азаматтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырған жағдайда жүзеге асырылады. Тасымалдаушы көрсетiлген тасымалдарды орындайтын әрбiр автокөлiк құралын алдын ала сақтандыруға міндеттi.

16-бап

      Шекаралық, кедендiк, көлiктік және санитарлық бақылауға, сондай-ақ кедендiк ресімдеу жүргiзуге қатысты Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады, ал осы шарттармен реттелмеген мәселелердi шешу кезiнде аумағында тиiстi бақылау жүргiзiлетiн Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң заңнамасы қолданылады.

17-бап

      Жедел медициналық көмекке мұқтаж адамдарды тасымалдау жолаушыларды автобустармен тұрақты тасымалдау кезiнде, сондай-ақ жануарларды, тез бүлiнетiн және қауіптi жүктердi тасымалдау кезiнде шекаралық кедендер, көлiктiк және санитарлық бақылау кезектен тыс жүзеге асырылады.

18-бап

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнің тасымалдаушылары мен автокөлiк құралдарының экипаждары, аумағы бойынша тасымалдау жүзеге асырылатын Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің жол қозғалысы ережелерi мен заңнамасын сақтауға міндеттi.

19-бап

      1. Осы Келiсiмнiң ережелерi бұзылған жағдайда, аумағында автокөлiк құралы тiркелген Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органдары, мемлекет аумағында бұзушылық орын алған екiншi Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органдарының өтiнiшi бойынша мынадай шаралардың бiрiн қолдануға міндеттi:
      а) тасымалдаушыға ескерту жасауға;
      б) тасымалдаушыны бұзушылық жiберiлген Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің аумағында тасымалдарды орындау құқығынан уақытша немесе толық айыруға.
      2. Екi Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органдары бір-бірін қабылданған шаралар туралы хабардар етедi.
      3. Осы баптың ережелерi екіншi Уағдаласушы Тарап мемлекетінің тасымалдаушысы мен автокөлiк құралының экипажына, бұзушылық жасалған мемлекеттiң заңнамасында көзделген санкцияларды қолдануды жоққа шығармайды.

20-бап

      Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және қолдануға байланысты туындауы мүмкiн барлық даулы мәселелердi өзара консультациялар мен келiссөздер арқылы шешедi.

21-бап

      Осы Келiсiммен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен реттелмеген мәселелер Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес шешiледi.

22-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн орындау және туындаған даулы мәселелердi шешу үшiн Уағдаласушы Тараптар Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдарының өкілдерiнен аралас комиссия құрады.

23-бап

      Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылар болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерiн қозғамайды.

24-бап

      1. Келiсiммен бiр мезгiлде қол қойылатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсімдi қолдану туралы Хаттама осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады.
      2. Осы Келiсiм мен Хаттамаға енгiзілетiн барлық өзгерiстер мен толықтыруларды Уағдаласушы Тараптар, осы Келiсiмнiң 25-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшiне енетiн хаттамалар түрiнде ресiмдейді.

25-бап

      1. Осы Келiсiм дипломатиялық арналар арқылы оның күшiне енуi үшiн қажеттi барлық мемлекетiшiлiк рәсімдердi Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап 30 күн өткеннен кейiн күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалды және Уағдаласушы Тараптардың бiрi дипломатиялық арналар бойынша екіншi Уағдаласушы Тарапты оның қолданылуын өзiнiң тоқтату ниетi туралы хабардар еткен күннен бастап алты ай өткенге дейiн қолданылады.

      2003 жылғы "___" __________ ___________  қаласында әрқайсысы екi данада қазақ және орыс тілдерінде жасалды және де екі мәтiннің күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнің ережелерiн түсіндіруде келіспеушілік туындаған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының              Peceй Федерациясының
      Үкіметi үшiн                           Үкiметi үшiн

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Ресей Федерациясының Yкiметi арасында
Халықаралық автомобиль қатынастары туралы
келiсiмдi қолдану туралы
ХАТТАМА

      2003 ж. "______"_______________  _____________ қаласында қол қойылған, (бұдан әрi - Келiсiм деп аталатын) Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасында Халықаралық автомобиль қатынастары туралы келiсiмді қолдануға қатысты мынадай уағдаластыққа қол жеткiзiлді:
      1. Келiсiмдi орындау үшін Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары тұрақты жолаушы тасымалдарына мерзiмi 5 жылға дейiнгi рұқсаттар бередi.
      2. Арнайы рұқсаттың бланкiсiн:
      Қазақстан Тарапы - қазақ және орыс тілдерiнде;
      Ресей Тарапы орыс тiлінде дайындайды.
      Арнайы рұқсаттардың бланкiлерінде бiр жылға жасалған реттiк нөмiрлерi, сондай-ақ рұқсаттарды берген Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары жауапты тұлғаларының қолдары мен мөрлерi болуы тиiс.
      3. Қауiптi, ауыр салмақты немесе iрi көлемдi жүктi тасымалдауға бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетi тасымалдаушысының осы жүктердi екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің аумағынан үшiншi мемлекетке (мемлекеттен) тасымалдау кезiнде арнайы рұқсат алуы, көрсетiлген тасымалдаушыны екiншi Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органынан үшiншi мемлекетке (мемлекеттен) тасымалдауды жүзеге асыруға арналған арнайы рұқсат алу қажеттiгiнен босатпайды.
      4. Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары осы Келiсiмнiң орындалу барысы, халықаралық автомобиль тасымалдарына, Уағдаласушы Тарап мемлекеттерiнiң салық және кеден алымдарына байланысты заңнамадағы өзгерiстер, өткен жылдағы тасымалдардың жай-күйi, мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу пункттерiнiң жұмыс режимдерi және тасымалдарды жетілдіруге бағытталған басқа да мәселелер туралы бiр-бiрiн хабардар ететiн болады. Көрсетiлген ақпарат осы Келiсiмнiң өзгерiсi болып табылмайды.

      2003 жылғы "____" ________ ________ қаласында әрқайсысы екi данада қазақ және орыс тілдерiнде жасалды және де екi мәтiннің күшi бiрдей.
      Осы Хаттаманың ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiк туындаған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар орыс тiліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының            Ресей Федерациясының
      Үкiметi үшiн                         Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады