"Сауда қызметiн реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 23 мамырдағы N 485 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Сауда қызметiн реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының
жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына
енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы САУДА ҚЫЗМЕТIН РЕТТЕУ ТУРАЛЫ

      Осы Заң сауда қызметiн реттеу процесінде туындайтын құқықтық қатынастарды реттейдi және көрсетілген салада сауда қызметi субъектiлерiнің қызметiн мемлекеттiк реттеудiң ұйымдық негiздерiн белгілейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) сыртқы сауда (сыртқы сауда қызметi) - Қазақстан Республикасы аумағынан тауарлар әкетумен және/немесе Қазақстан Республикасы аумағына тауарлар әкелумен байланысты сауда қызметi;
      2) iшкi сауда (iшкi сауда қызметi) - Қазақстан Республикасы аумағында жүзеге асырылатын сауда қызметi;
      3) жекелеген тауарларды  әкетуге және/немесе әкелуге мемлекеттік монополия - тауарлардың жекелеген түрлерiн әкетуге және/немесе әкелуге халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметiмен немесе конкурстық негiзде айқындалған өкiлеттi шаруашылық субъектілерiнің құқы түрiнде жүзеге асырылатын сауда қызметiн реттеудiң тарифтiк емес әдiсi;
      4) тауарларды әкету және/немесе әкелуге тиым салу немесе шектеу - тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және/немесе импортына тиым салуға немесе шектеуге бағытталған сыртқы сауда қызметiн реттеудің тарифтiк емес әдiсi;
      5) тауарларды әкету және/немесе әкелудiң сандық шектеулерi - тауарларды әкетудi және/немесе әкелудi жүзеге асыратын сауда қызметінің субъектілерiне квота бөлу және лицензия беру жолымен әкелетiн және/немесе әкетілетiн тауарлардың жекелеген түрлерiнің санын шектеуге бағытталған сыртқы сауда қызметiн реттеудiң тарифтiк
емес әдiсi;
      6) қоғамдық тамақтану - тамақ өнiмдерi өндiрiсiмен, оларды қайта өңдеумен және өткiзумен, сондай-ақ оларды тұтыну үшiн орын берумен байланысты сауда қызметi;
      7) көтерме сауда - кәсiпкердiң сатып алушыға кәсiпкерлiк қызметте пайдалану үшiн немесе жеке отбасында, үйде және өзге осындай пайдаланумен байланысты емес өзге мақсаттарда тауар сатуы;
      8) отандық тауар - Қазақстан Республикасында жасалған тауар;
      9) отандық тауар өндіруші - отандық тауар шығаратын, Қазақстан Республикасының резидентi болып табылатын шаруашылық субъектiсi;
      10) бөлшек сауда - кәсiпкердiң сатып алушыға кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес, жеке, отбасылық, үйде немесе өзге де пайдалануға арналған тауарды сатуы;
      11) сауда қызметiнiң субъектiсi - Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртіпте сауда қызметiн жүзеге асырушы заңды немесе жеке тұлға;
      12) тауар - кез-келген, материалдық-зат нысанындағы өндiрiстiк-экономикалық қызметтiң азаматтық айналымнан алынбаған өнім;
      13) сауда қызметi (сауда) - тауарлар сату-сатып алуды жүзеге асыруға, сондай-ақ тауарлар сату, оларды жеткiзу, сақтау, сатуға дайындау және тауарлар өткiзу процесінде сатып алушыларға қызмет ету және осы процеске iлiктес қызмет көрсетуге бағытталған жеке және заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызмет түрі;
      14) сауда объектiсi - сауда қызметiн жүзеге асыру үшiн сауда қызметiнiң субъектілерi пайдаланылатын мүлiктiк кешен;
      15) сауда өнеркәсiп палатасы - кәсiпкерлiк қызметті дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында субъектілердi кәсіпкерлік қызмет негiзiнде бiрiктiретiн коммерциялық емес ұйымның жеке ұйымдық-құқықтық нысаны;
      16) сауда саясаты - осы Заңда белгіленген мақсаттар мен принциптерді iске асыру үшiн мемлекет жүргiзетiн ұйымдық, құқықтық, экономикалық, бақылау және өзге шаралардың жиынтығы;
      17) сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкілеттi орган - сауда
қызметi саласында мемлекеттiк реттеудi және үйлестiрудi жүзеге асырушы Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған орталық атқарушы орган.

2-бап. Қазақстан Республикасының
сауда қызметiн реттеу туралы заңнамасы

      1. Сауда қызметiн реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделедi, Қазақстан Республикасының осы Заңынан және өзге нормативтік құқықтық кесімдерден тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңмен көзделгеннен өзге ереже белгiленсе, онда, халықаралық шарттың ережесi қолданылады.

3-бап. Сауда қызметiн реттеудiң мақсаттары мен принциптерi

      1. Сауда қызметiн реттеудің мақсаттары:
      1) сауда қызметiн реттеудiң негiзгi бағыттарын айқындау;
      2) Қазақстан Республикасында сауда қызметiн дамытуға және жетiлдіруге жәрдем ету;
      3) Қазақстан Республикасының әлемдiк сауда жүйесiне ықпалдасуы үшiн жағдайлар жасау болып табылады.
      2. Сауда қызметiн жүзеге асыру мына принциптерге негiзделедi:       1) сауда қызметiне қатысушылардың теңдiгi;
      2) мемлекеттiк органдардың сауда қызметiне заңсыз араласуын болдырмау;
      3) еркiн және тең кәсiпкерлiктi қолдау;
      4) отандық тауар өндiрушiлердi және сауда ұйымдарын экономикалық қорғау шараларын жүзеге асыру;
      5) саудадағы қызмет көрсетудiң жоғарғы деңгейiн қамтамасыз ету;
      6) мемлекеттiң сауда қызметi түрлерiн тең еркiн таңдауын және оны сауда қызметiнiң барлық субъектілерiнің жүзеге асыру мүмкiндігiн қамтамасыз етуi;
      7) тұтынушылардың, сауда қызметi субъектiлерiнiң және мемлекеттiң құқы мен заңды мүдделерiн тең дәрежеде қорғауды қамтамасыз ету;
      8) Қазақстан Республикасының экономикалық саясатының құрамдас бөлiгi ретiндегi мемлекеттiк сауда саясаты бiрлiгi және сауда қызметiн мемлекеттiк реттеудің экономикалық шаралар басымдығы.

4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң Қазақстан Республикасының барлық аумағында әрекет етедi және сауда қызметiн жүзеге асыру процесiнде туындайтын қатынастарға және меншiк нысандарына қарамастан барлық субъектiлерге қолданылады.
      2. Осы Заңның күшi арнайы заңнамалық кесiмдермен реттелетiн
валюта, бағалы қағаздар, мұнай мен мұнай өнiмдерi, жер, бағалы металдар мен тастар, этил спиртi мен алкоголь өнiмдерi және астық,
дәрiлік құралдар мен басқа да тауарлар саласындағы қатынастарға қолданылмайды. Арнайы заңнамалық актiлермен реттелмейтiн және оларға қарама қайшы емес қатынастар бөлiгi осы Заңның нормаларымен реттеледi.

2-тарау. САУДА ҚЫЗМЕТIН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

5-бап. Сауда қызметiн мемлекеттiк реттеу

      1. Халықтың тауарларға қажетiн қанағаттандыруға, сауда қызметiн көрсету және қоғамдық тамақтануды ұйымдастыруға, сауда инфрақұрылымын дамытуға, сауда қызметi субъектілерiнің және сатып алушылардың мүдделерiн қорғауға бағытталған, мемлекет жүзеге асыратын шаралар кешенi сауда қызметiн мемлекеттік peттеу деп түсiніледі.
      2. Сауда қызметiн мемлекеттiк реттеу міндеттерi:
      1) мемлекеттің экономикалық мүдделерiн және Республикасының азаматтарын қорғау;
      2) сауда қызметi субъектілерi үшiн тең мүмкiндiктер жасау;
      3) сауда қызметiн тиiмдi дамыту үшiн жағдайлар жасау;
      4) iшкi рынокты қауіпсiз және сапалы тауарлармен толықтыру үшiн жағдайлар жасау, сондай-ақ отандық тауарларды шетел рыноктарына жылжыту.

6-бап. Сауда қызметiн мемлекеттiк реттеудiң
нысандары мен әдістерi

      1. Сауда қызметiн реттеу нысандары:
      1) сауда қызметiн жүзеге асыру тәртiбiн айқындау;
      2) Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарлар өтiмiнің шарттарын айқындау;
      3) сауда қызметiнiң дамуын ынталандыру;
      4) сауда қызметi саласындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау;
      5) халықаралық экономикалық санкцияларға қатысу болып табылады.
      2. Сауда қызметiн мемлекеттiк реттеу әдістерi:
      1) сыртқы сауда қызметiн кедендiк-тарифтiк реттеу;
      2) сыртқы сауда қызметiн тарифтiк емес реттеу;
      3) тауарлар сатуды тоқтата тұру және/немесе тиым салу;
      4) арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақылық шаралар қолдану;
      5) сауда қатынастарын реттейтiн жаңа нормативтiк құқықтық кесiмдер әзiрлеу және қолданыстағы кесiмдердi жетілдiру;
      6) халықаралық экономикалық санкцияларға қатысу;
      7) сауда қызметi субъектілерiн қолдау шараларын қолдану;
      8) трансферттiк бағалар қолдану кезiнде бақылауды жүзеге асыру;
      9) сауда қызметi мониторингi.

7-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) бiрыңғай мемлекеттiк сауда саясатын жүргiзедi;
      2) мемлекеттiк сауда саясатының бағдарламасын бекiтедi;
      3) Қазақстан Республикасының iшкi рыногын қорғау жөнiнде шаралар қабылдайды;
      4) әкелiнетiн және әкетілетiн тауарларға кедендiк баж салығының ставкаларын белгiлейдi;
      5) сыртқы сауда қызметiн тарифтiк емес реттеу шаралары жүзеге
асатын тауарлардың тiзбесiн бекiтедi;
      6) тауарлардың iшкi және басқа түрлерінің тәртiбiн бекiтедi;
      7) сауда қызметi саласындағы шетелдiк мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты және өзара әрекетті және Қазақстан Республикасының шетелдерде өкілеттiктерiн ашуды жүзеге асырады.
      8) сауда қызметi саласындағы үкiметаралық келiссөздерге және халықаралық шарттарға қол қоюды жүргiзу туралы шешiм қабылдайды;
      9) сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкiлеттi органды айқындайды;
      10) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге заңнамалық кесімдерінде көзделген сауда қызметiн peттeу саласындағы өзге өкілеттiктердi жүзеге асырады.

8-бап. Сауда қызметiн реттеу саласындағы
уәкiлеттi органның құзыры

      1. Сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкілеттi орган:
      1) сауда қызметi саласындағы заңнаманы жетілдiру бойынша ұсыныстар әзiрлейдi;
      2) сауда қызметi мониторингiн жүзеге асырады;
      3) сыртқы сауда қызметiн тарифтiк емес реттеу шараларын қолдану жөнінде ұсыныстар әзiрлейдi;
      4) сауда қызметiн дамыту, сондай-ақ тауарлар өндiрiсi және өткізу үшiн қолайлы жағдайлар жасау жөнінде ұсыныстар әзiрлейдi;
      5) iшкi сауда объектілерiн құру мен олардың қызметiне рұқсат беру тәртiбiн бекiтедi;
      6) орталық және жергілiктi атқарушы органдардың сауда қызметi саласындағы қызметiн үйлестiредi;
      7) сауда қатынастарын жетiлдiру мақсатында қоғамдық бiрлестiктердің, коммерциялық заңды тұлғалардың, жеке кәсiпкерлер мен азаматтардың ұсыныстарын талдайды және зерделейдi;
      8) республикалық көрмелер мен жәрмеңкелер өткiзуге бастамашылық етедi;
      9) халықаралық сауда ұйымдарымен келiссөздер барысында өз
құзыры мен берiлген құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан алады;
      10) тауарлардың әкелiмi мен (немесе) әкетiмi операцияларын лицензиялауды жүзеге асырады;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге өкілеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар сауда қызметiн реттеу саласындағы өкiлеттi органмен келiсе отырып, сауда қызметiн реттеудi қозғайтын, нормативтiк-құқықтық және өзге актiлер қабылдайды.

9-бап. Облыстық әкiмдiгінiң құзыретi
(республикалық мәндегi қалалар, астана)

      Облыстық әкiмдiк (республикалық мәндегi қалалар, астана):
      1) мемлекеттік сауда саясатын iске асыруға қатысады;
      2) сауда қызметiн дамыту жөнiнде өңiрлік бағдарламалар әзiрлейдi;
      3) тиiстi аумақта сауда қызметiне қолайлы жағдайлар жасау жөнiнде шаралар әзiрлейдi;
      4) сауда қызметi саласында қалалық, аудандық жергіліктi атқарушы органдардың жұмысын үйлестiредi;
      5) облыстық көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастырады;
      6) облыстар арасындағы ынтымақтастықты ұйымдастырады;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге өкiлеттiктерді жүзеге асырады.

10-бап. Аудандық (облыстық мәндегi қалалар)
әкiмдiктердiң құзыретi

      Аудандық (облыстық мәндегi қалалар) әкiмдiктер:
      1) мемлекеттік сауда саясатын iске асыруға қатысады;
      2) тиiстi аумақта сауда қызметiне қолайлы жағдайлар жасау бойынша шаралар әзiрлейдi;
      3) қалалық (аудандық) көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастырады;
      4) сауданы жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес орындар бөледi;
      5) өз құзыры шегiнде сауда қызметi субъектілерiнiң қызметiн бақылауды жүзеге асырады;
      6) сауда қызметi саласындағы бақылауды жүзеге асырушы органдардың қызметiн үйлестiредi;
      7) сауда қызметi саласында аудандық мәндегi қалалар, кенттер,
ауыл (село), ауылдық (селолық) округтер әкiмдерiнiң жұмысын үйлестiредi;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

11-бап. Аудандық мәндегi қалалар, кенттер, ауыл (село),
ауылдық (селолық) округтер әкiмдерiнiң құзыретi

      Аудандық мәндегi қалалар, кенттер, ауыл (село), ауылдық (селолық) округтер әкiмдерi:
      1) мемлекеттiк сауда саясатын iске асыруға қатысады;
      2) тиiстi аумақта сауда қызметi субъектілерiнiң қызметiн бақылауды жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге өкілеттiктердi жүзеге асырады.

12-бап. Сауда қызметi саласында баға жасау

      Сауда қызметiнiң субъектiлерi тауарлардың бағасын дербес айқындайды. Бағаны мемлекеттiк реттеуге тек Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жол берiледi.

3-тарау. IШКI САУДА

13-бап. Iшкi сауда объектiлерi мен түрлерi

      1. Сауда объектiлерi және қоғамдық тамақтану объектілерi iшкі сауда объектiлерiне жатады.
      2. Iшкi сауда объектілерiне:
      1) сауда автоматы - тауарларды зауыттық бумамен даналап сатуға арналған автоматтандырылған қондырғы;
      2) жылжымалы сөре - әдейi бөлiнген орында орналасқан жеңіл орнатылатын тасымалды немесе ауыспалы сауда орны;
      3) автодүкен - сауда жабдықтарымен жарақталған күрделi емес тасымалды құрылыс;
      4) шатыр - арнайы белгіленген орында орналасатын, жинамалы-бұзылмалы конструкциядан жасалған, жеңiл жасақталатын құрылыс;
      5) дүңгiршек - арнайы бөлiнген жер учаскесiнде орналасқан, сауда құрал жабдығымен жарақталған, күрделi емес тасымалды құрылыс;
      6) дүкен - сауда, қосалқы, әкiмшiлiк-тұрмыстық, сондай-ақ тауарларды қабылдау, сақтау және сатуға дайындайтын үй-жайлармен қамтамасыз етілген күрделi құрылыс немесе оның бөлiгi;
      7) сауда үйi - белгiлi аумақта тауар сатуға арналған, сауда, қосалқы, әкімшiлiк-тұрмыстық үй-жайлары бар және өз аумағы шекарасында автомашиналарға тұрақ ұсынатын, сауда объектілерiнiң жиынтығы орналасқан, бiртұтас басқарылатын күрделi тұрақты құрылыс;
      8) сауда рыногы - аумақта шаруашылық қызмет көрсетудiң, басқару және күзеттің орталықтандырылған функциясы бар, тұрақты негiзде әрекет ететiн, жергiлiктi атқару органдары айқындаған жер телiмiнде, маңындағы аумақтан оқшау орналасқан және заңды және жеке тұлғалардың 10 күн мерзiмiне дейiн орынды жалға алу шартын жасау мiндеттi емес жағдайда тауарлар (жұмыстарды орындау, қызмет көрсетулер) сатуын жүзеге асыруға арналған жабдықталған мүлiктiк кешен.
      Сауда базарлары қызметiн ұйымдастыру тәртiбiн олардың түрлерiн, санаттарын және оларға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      3. Қоғамдық тамақтандыру объектілерi мынадай санаттарға бөлiнедi:
      1) бiрiншi санат - даяршылардың қызмет көрсетуiн мiндеттi түрде ұсынатын, күрделi дайындалатын астардың, тапсырыстық және фирмалықтарды қосқанда, сондай-ақ алкогольдiк өнiмдердiң ассортиментiн ұсынатын қоғамдық тамақтандыру және демалыс объектiсi;
      2) екiншi санат - даяршылардың қызмет көрсетуiн мiндеттi түрде ұсынатын, қарапайым дайындалатын астардың, сондай-ақ алкогольдік өнімдepдің ассортиментiн ұсынатын қоғамдық тамақтандыру
және демалыс объектісі;
      3) үшіншi санат - тұтынушыларға тiскебасар, десерт және кондитерлiк тағамдарын, сондай-ақ алкогольдi өнiмдердi ұсынатын, қоғамдық тамақтандыру және демалыс объектiсi;
      4) төртiншi санат - алкогольдi өнiмдердi қоспағанда, қарапайым алатын астарды ұсынатын тұтынушылар өздерiне өздерi қызмет көрсететiн, қоғамдық тамақтандыру объектiсi.
      4. Сауда объектiсiнің мамандануын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайлардан өзге, оның меншiк иесi санитарлық-эпидемиологиялық орган қызметiмен келiсе отыра, айқындайды.
      5. Көтерме бөлшек сауданы және қоғамдық тамақтануды жүзеге асыруға, сондай-ақ iшкi сауда объектiлерiне қойылатын тәртiптер мен талаптары, оның iшiнде санитарлық-эпидемиологиялық, өртке қарсы, ветеринарлық, құрылыс нормалары мен ережелерi Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес анықталады.

14-бап. Көтерме сауда

      1. Көтерме сауда мамандандырылған немесе аралас, қолайлы орын бар жағдайда бөлшек сауда жүзеге асатын орындардан, дүкен, сауда үйi және базарлардан бөлек орындарда жүзеге асырылады.
      2. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде сауда объектілерiнің меншiк иелерi тауарларды тасымалдау, сақтау және өткiзу үшін, қолданыстағы санитарлық-эпидемиологиялық тәртiптер мен нормаларға, сондай-ақ басқа да нормативтiк құжаттарға сәйкес қажеттi жағдайлармен қамтамасыз етуi тиiс.
      3. Сату-сатып алу жөнiндегi шарт жазбаша нысанда жасалуы тиiс.

15-бап. Бөлшек сауда

      1. Бөлшек сауда дүкендер, сауда үйлерi, базарлар және автоматтар, дүңгіршектер, автодүкендер, шатырлар, көшпелi сөрелер арқылы жүзеге асады.
      2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамаларында немесе шартта өзге жай белгiленбесе, болмаса тауардың болмысынан туындамайтын болса, бөлшек сауда кезiнде тауардың әр бiрлiгi орамалануы тиiс.
      3. Сатып тұрған жерде тауарларды көрмелiк қою, олардың үлгiлерiн көрсету немесе сатылатын тауарлар туралы мәлiметтер беру (сипаттау, каталогтар, фотосуреттер т.с.с.) егер сатушы тауардың сатуға арналмағанын анық білгеннен өзге, жағдайда оның бағасының көрсетiлгенiне және басқа да сату-сатып алу шарттарының маңызды жағдайларына қарамастан, көпшiлiк алдында жарнамалау болып танылады. 

16-бап. Қоғамдық тамақтану

      1. Тамақ өнімдерiн өндiру, қайта өңдеу және сатумен байланысты қызмет тамақтану объектiлерi арқылы жүзеге асырылады.
       2. Қоғамдық тамақтану объектiлерiнде келермендерге ас мәзiрiн ұсынуы мәзiрде көрсетілген қоғамдық тамақтандыру тауарларының бөлшектiк сату-сатып алу шартын жасауға ұсыныс (көпшілiкке арналған оферта) болып танылады.
       3. Қоғамдық тамақтандыру объектілердiң қызметiн жүзеге асыруға қойылатын жалпы талаптарды сауда қызметiн реттеу саласындағы өкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.

17-бап. Сауда қызметiнiң сату-сатып алу шарты

      1. Сату-сатып алу шартын жасау тәртiбi мен шарттары, сондай-ақ сатушылар мен сатып алушылардың құқықтары мен мiндеттерi осы Заңда белгіленген ерекшелiктер есепке алына отыра, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексiне сәйкес айқындалады.
      2. Қандай-да бiр тауарды сату кезiнде заңнамамен жас бойынша шектеу қойылса, егер сатып алушы өзiнiң жасын растайтын құжат көрсетпесе онда сатушының тауар сатудан бас тарту құқы бар.
      3. Көтерме сату-сатып алу шарты жеткiзу шартының бiр түрi болып табылады, бұл жағдайда сауда қызметiнiң субъектілерi тауарларды сауда объектiлерiнен өткiзедi.

4-тарау. СЫРТҚЫ САУДА

18-бап. Сыртқы сауда қызметiн дамыту жөнiндегi шаралар

      Сыртқы сауда қызметiн дамыту жөніндегi мемлекеттiк шаралар:
      1) экспорттық несиенің кепiлдемесi және оны сақтандыру жүйесiн қолдануды қамтамасыз ету;
      2) сыртқы сауда қызметiн дамытуға ықпал ететiн сауда көрмелерi мен жәрмеңкелер және басқа да iс-шаралар ұйымдастыру;
      3) сыртқы сауда ақпараты мен ақпараттық-кеңес беру қызметi жүйесiн құруды қамтамасыз ету;
      4) сыртқы сауда қызметiн ынталандыру мен көтермелеудің басқа да нысандарын iске асыру.

19-бап. Сыртқы сауда қызметiн
кедендiк-тарифтiк реттеу

      Тауарларды әкелу мен әкету жөнiндегi, оның iшiнде Қазақстан Республикасының iшкi рыногын қорғауға арналған операциялар реттеу және Қазақстан Республикасының экономикасындағы iлгерлемелi құрылымдық өзгерiстердi ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасының нормативтiк-құқықтық актiлерi мен халықаралық шарттарына сәйкес импорттық және (немесе) экспорттық кедендiк бажы анықталады.

20-бап. Сыртқы сауда қызметiн
кедендiк-тарифтiк емес реттеу

      1. Сыртқы сауда қызметiн реттеудiң тарифтiк емес әдiстерiне:
      1) тауарларды әкету және/немесе әкелуге сандық шектеу;
      2) тауарларды әкету және/немесе әкелуге тиым салу және шектеу;
      3) халықаралық экономикалық санкцияларды орындауға қатысу;
      4) тауарларды әкету және/немесе әкелуге мемлекеттiк монополия;
      5) техникалық, фармакологиялық, санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық және экологиялық стандарттар, нормалар мен талаптар, енгiзiлетiн тауарлар сапасын бақылау жатады.
      2. Сыртқы сауда қызметiн реттеудiң тарифтiк емес әдiстерiн қолданудың шарттары мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi шетел мемлекеттерi Қазақстан Республикасының немесе отандық тауар өндiрушiлердiң мүдделерiн бұзатын шаралар қабылдаған жағдайда, сондай-ақ олардың халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасы алдында қабылдаған мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда, халықаралық шарттарда белгiленген кеңестер мен ресiмдер жүргiзiлгеннен кейiн және халықаралық құқықтың жалпы танылған нормаларына сәйкес, Қазақстан Республикасының немесе отандық тауар өндiрушiлердiң мүдделерiн тиiмдi қорғауға қажеттi шекте жауаптық шаралар ретiнде сыртқы қызметтi реттеудiң тарифтiк емес шарасын қолдану құқы бap.

21-бап. Тауарлардың экспорты және/немесе
импортына сандық шектеу

      1. Жекеленген тауарларды әкету және/немесе әкелудi сандық шектеу мына қажеттiлiктерге байланысты енгiзiлуі мүмкiн:
      1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
      2) халықаралық мiндеттемелердi орындау;
      3) iшкi рынокты қорғау;
      4) басқа мемлекеттердің отандық тауарларға қатысты кемсiтушілiк шектеу қолдануына жауап беру шараларын енгiзу;
      2. Үлестi өз өкiлеттiгi шегiнде өндiрiс пен өнiмдердiң жекелеген түрлерінің айналымын реттеудi жүзеге асыратын органдар бөледі. Үлестi бөлу әдетте конкурс немесе аукцион өткiзудiң немесе үлестiң жиынтық орындалуына дейiнгi әкету және/немесе әкелу бойынша
операциялардың нақты жүргiзiлуi тәртiбiнде жүзеге асырылады.
      3. Әкету және/немесе әкелуге қатысты сандық шектеу енгiзiлетiн тауарлардың жекелеген түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

22-бап. Тауарларды әкетуге және/немесе
әкелуге тиым салу немесе шектеу

      1. Тауарларды әкету және/немесе әкелуге тиым салу немесе шектеу қажеттiлiкке байланысты енгiзiледi:
      1) құқық тәртiбiн сақтау;
      2) адамдардың өмiрi мен денсаулығын, жан-жануарлар мен өсiмдiк әлемi және қоршаған ортаны жалпы қорғау;
      3) Қазақстан Республикасында тұратын халықтардың мәдени мұраларын сақтау;
      4) мәдени құндылықтарды заңсыз әкету, әкелуден және олардың меншiктiк құқын беруден қорғау;
      5) орны толмас табиғи ресурстардың таусылуының алдын алу қажеттiлiгi; егер шаралар осыған байланысты болса iшкi өндiрiс пен тұтыну шектеулерi бiр мезгілде жүргiзiледi;
      6) ұлттық қауіпсiздiктi қамтамасыз ету;
      7) төлем балансын қолдау;
      8) халықаралық мiндеттемелердi орындау.
      2. Жекеленген тауарларды әкету және/немесе әкелудi шектеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, тауарларды әкету және/немесе әкелудi лицензиялау немесе тауарларды әкету және/немесе әкелу кезiнде басқа да рұқсат ететiн құжаттардың талаптары арқылы енгiзiледi.
      3. Тиым немесе шектеу енгiзiлетiн тауарларды әкету және/немесе әкелуге қатысты тiзбенi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.

23-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық
экономикалық санкцияларға қатысуы

      Қазақстан Республикасының бiр мемлекет немесе бiрқатар мемлекетке қатысты халықаралық экономикалық санкцияларға қатысуы, бұл санкциялардың күшiне енуi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.

24-бап. Тауарлардың экспорты мен импортына
мемлекеттiк монополия

      1. Тауарларды әкету және/немесе әкелуге мемлекеттiк монополия тауарлардың әкету және/немесе әкелудi лицензиялау жолымен
жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттік монополия енгiзілетiн тауарларды әкету және/немесе әкелуге арналған, мемлекеттiк қауіпсiздiк, құқық тәртiбiн қамтамасыз eту, қоршаған ортаны, азаматтардың өмiрi мен денсаулығын қорғауға байланысты лицензиялауға жататын тауарлардың жекелеген түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      3. Мемлекеттiк монополия енгiзiлетiн жекеленген тауарларды әкету және/немесе әкелудi жүзеге асырылу үшiн кемсiтпеушiлік пен адал коммерциялық практика принциптерi негiзiнде әкету және/немесе  әкелу операцияларын жасауға тиiс халықаралық шарттарға сәйкес айқындалған мемлекеттiк мекемелерге лицензия берудi Қазақстан Республикасының Үкiметi бepеді немесе конкурстық негiзде берiледi.

25-бап. Тауарлардың импорты кезiнде қорғау,
демпингке қарсы және өтемдiк шаралар қолдану

      Қорғау, демпингке қарсы және өтемдiк шаралар қолдану шарты мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.

5-тарау. САУДАНЫҢ БАСҚА ТҮРЛЕРI

26-бап. Аукциондық сауда

      1. Тауарларды сатудың аукциондық саудасы көпшiлiктiк сауда
жүргiзу арқылы жүзеге асады.
      Тауардың бастапқы бағасы сатушының сауда жасау сәтiндегi тауардың рыноктiк құнына байланысты айқындалады, ақтық бағаны сатып алушы сауда жүргiзу нәтижесiнде айқындайды.
      2. Аукциондық сауда жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдылықтарымен реттеледi.

27-бап. Комиссиондық сауда

      1. Комиссиондық сауда Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес реттеледi.
      2. Есептер тәртiбi мен сыйақы көлемi бөлшектiк комиссия шартының маңызды жағдайы болып табылады, бұл тұста тауар бағасын комитент, ал сыйақы көлемiн-комиссионер белгілейдi.
      3. Егер шартта басқа жағдай көзделмеген болса, шартта белгіленген мерзiм iшiнде тауар өтпеген жағдайда комиссионер тауар бағасын комитент айқындаған соманың 20 пайызынан төмен емес көлемде
азайта алады, бұл жағдайда сыйақы көлемi комиссиондық тауарлар бағасының өзгеруiне көлемдес азаяды.

28-бап. Тапсырыс бойынша сауда

      1. Тапсырыс бойынша сауда сатушының тауар туралы жарнама және ақпарат таратудың басқа да әдiстерi негiзiнде мәлiметтер ұсыну жолымен жүзеге асырылады.
      Тапсырыс бойынша тауарларды сату жиынтық (қалыпты) жiберiлiм арқылы жүзеге асырылуы мүмкiн. Жиынтық (қалыпты) жiберiлiм әртүрлі тауарлардың жинақталымы болуы мүмкiн.
      2. Тапсырыс бойынша сауда осы қызмет субъектiлерiнің тiкелей сатып алушыдан көшпелi сауда орындарында, пошталық тапсырысы бойынша тауарларды беру және (немесе) қабылдау арқылы жүзеге асырылады.
      3. Тапсырысты қабылдау және оны орындау жөнiндегi қызмет көрсету бағасын сатушы айқындайды және оны сатып алушы тауар үшiн есеп айырысу кезінде төлейдi.
      4. Тауарларды тұрғылықты жерлер шегiнде жеткiзу қолма қол жүзеге асады, басқа орындардан жеткізу көлiк немесе пошта ұйымдарымен шарт жасасу арқылы жүзеге асуы мүмкін.
      Тауар басқа тұрғылықты жерден жеткiзiлген жағдайда тауар үшiн
есеп айырысу, сондай-ақ көлiк немесе пошта ұйымдарының қызметтерiн төлеудi сатушы агентi жүзеге асырады.
      5. Егер тапсырыс берушi тапсырыстан бас тартқан жағдайда тапсырыс берушi сатушыға тауарды тапсырыс берушiге және керi қарай тасымалдау қызметiнің төлемiн өтеуi тиiс.

29-бап. Шекара маңындағы сауда

      1. Шекара маңындағы сауда Қазақстан Республикасының шекара маңы мен шектес мемлекеттiң тиiстi шекара маңы аумағындағы жеке және заңды тұлғалар арасында жүзеге асырылады.
      2. Шекара маңындағы сауданы жүзеге асыру тәртiбi сауда қызметiн реттеу саласындағы, уәкілеттi орган әзiрлеген ережеге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шектес мемлекеттерi арасындағы белгiлi бiр халықаралық шарттар жағдайына сәйкес айқындалады.

30-бап. Көшпелi сауда

      1. Көшпелi сауда белгiлi бiр аумақта жоқ немесе жеткiлiксiз мөлшерде сатылатын тауарларға қажеттiлiктi қанағаттандыру үшін, болмаса осы аумақтарда сауда объектiсi болмаған жағдайда жүзеге асырылады.
      2. Сауда қызметiнiң субъектiлерi көшпелi сауданы тұрғылықты жерлерден тыс көшпелi сауданы жүзеге асырудан өзге жағдайларда, жергiлiктi атқару органдары белгiлеген, арнайы бөлiнген орындарда жүзеге асырады.
      3. Көшпелi сауда автодүкендер мен шатырларда жүзеге асады.

31-бап. Көрме-жәрмеңкелер сауда

      1. Көрме-жәрмеңкелер сауда орталық атқару органдарының, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнің немесе жергiлiктi атқару органдарының рыноктағы жағдаятты зерделеу, тауарларды сатып алу-сатуды ұйымдастыру, шарт жасауға және жаңа сауда байланыстарын орнатуға көмек көрсету мақсатында көрме және жәрмеңке ұйымдастыру жолымен жүзеге асырылады. Көрме-жәрмеңкелiк сауда тауар үлгiлерiн көрсетумен байланысты.
       2. Сауда қызметi субъектілерiнің қоғамдық орындарда көрме-жәрмеңкелік сауда өткiзуi тиiстi аумақтың жергiлiктi атқару органдарымен сауданы өткiзу орны және уақытын келiсу жолымен жүзеге
асырылады.

32-бап. Электрондық сауда

      1. Электрондық сауда оған қатысушылардың келiсiм (шарт) негiзiнде байланыстың электронды құралдарын пайдалана отырып, тауарларды сатып алу-сатуға сауда мәмiлесiн жасауы жолымен жүзеге асады.
      2. Электрондық саудаға қатысушылардың құқы мен заңды мүдделерiн қорғау сауда қызметiнің субъектiлерi үшiн көзделген тәртiпке сәйкес айқындалады.
      3. Электрондық сауданы жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен ережелерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық кесiмдерiне сәйкес айқындалады.

33-бап. Тауарлардың биржалық саудасы

      Биржалық сауда Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6-тарау. САУДА-ӨНЕРКӘСIПТIК ПАЛАТАЛАРЫ

34-бап. Сауда-өнеркәсiптiк палаталарды құру
және олардың қызметiн тоқтату

      1. Сауда-өнеркәсіптік палаталар 15-тен кем емес құрылтайшылардың ерiктi бiрiгуi принципi негiзінде аймақтық белгi бойынша құрылады.
       Құрылтайшылар ретiнде кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын заңды тұлғалар және заңды тұлға құрмай тиiстi аумақты тiркелген, кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын жеке тұлғалар шыға алады.
      2. Аумақтық (облыстық және республикалық мәндегi қалалар) сауда-өнеркәсіптiк палаталар Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық бөлiсiне сәйкес құрылады.
      Бiр әкiмшілiк-аумақтық бiрлiкте (облыс, республикалық мәндегi
қала) тек бiр ғана сауда-өнеркәсiптiк палата құрылуы мүмкін.
      3. Сауда-өнеркәсiптік палата құрылтайшылары жарғы қабылданатын және басқару органдары құрылатын съезд (конференция) немесе жалпы жиналысына шақыртылады.
      4. Сауда-өнеркәсiптiк палатасын заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеу заңнамада белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады.
      5. "Сауда-өнеркәсiптiк палата" атауын тек осы Заңға сәйкес құрылған ұйымдар ғана пайдалана алады.
      6. Сауда-өнеркәсiптiк палаталардың қызметi заңнамада белгiленген тәртiпте қайта ұйымдастыру немесе жою жолымен тоқтатылады.

35-бап. Сауда-өндiрiстiк палаталардың мiндеттерi
мен функциялары

      1. Сауда-өнеркәсiптiк палаталардың міндеттерi кәсiпкерлерге өндiрiстi дамыту және бәсекеге бейiм өнiмдердi өндiруге көмектесу, шетелдiк рынокте қазақстандық тауарларды және қызметтердi жылжыту, экономиканың қолданылуы үшiн қолайлы орта қалыптастыру болып табылады.
      2. Сауда-өндірiстiк палаталар:
      1) қазақстандық және шетелдiк кәсiпкерлердің тапсырыстары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарлардың сапасы, жасақталуы және шығуына сараптау ұйымдастыруын жүргiзедi;
      2) шаруашылық субъектілердің тапсырыстары бойынша сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асырумен байланысты құжаттардың сауда-өнеркәсiптiк палаталар әзiрлеген тәртiптерге сәйкестiгiн куәландырады.

36-бап. Сауда-өндірiстiк палаталардың мүлкi

      1. Кiру және мүшелiк жарналар, кәсiпкерлiк қызмет пен ұсынылатын қызметтен түсетiн кiрiстер, және Қазақстан Республикасы заңнамасында тиым салынбаған басқа да түсiмдер сауда-өнеркәсiптiк палата мүлкiн қалыптастырудың көзi болып табылады.
      2. Сауда-өнеркәсiптiк палатадан олардың мүшелерi шыққан жағдайда төленген жарналар қайтарылмайды және сауда-өнеркәсіптік мүлкiне қатысты талаптары қабылданбайды.

37-бап. Мемлекеттiк және сауда-өнеркәсiптік палаталары

      1. Мемлекет өз органдары атынан сауда-өнеркәсiптiк палаталарымен қолданыстағы заңнама аясында әрекет етедi.
      2. Айналым мен халықаралық практиканың iскерлiк дәстүрлерiне сәйкес алынбас күш жағдайларымен байланысты басқа сауда құжаттарын, тауардың шығу тегiн куәландырады, сауда-өнеркәсiптiк палатаға кiретiн кәсiпкерлер мен ұйымдарға мемлекеттiк емес peecтp жүргiзедi.

38-бап. Қазақстан Республикасының сауда-өнеркәсiптiк палаталары

      1. Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсiптiк палаталары Қазақстан Республикасының аумағында әрекет етедi.
      2. Аумақтық (облыстық және республикалық мәндегi қалалар) сауда-өнеркәсiптiк палаталары Қазақстан Республикасының сауда-өнеркәсiптiк палатасының мүшесi болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасының сауда-өнеркәсiптiк палаталары:
      1) өз қызметiн осы Заң ережелерiне сәйкес жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасы өткiзетiн республикалық және халықаралық көрмелердi ұйымдастырады және қатысады және қазақстан кәсiпорындары экспозицияларының ұсынымы бойынша шетелдердегi халықаралық жәрмеңкелердің ұйымдастырушысы болады;
      3) шетелдердегi өз өкiлеттiктерiн құрады.
      4. Қазақстан Республикасының аумағында шетелдердiң қатысуымен сауда-өнеркәсiптiк палаталар құруға жол бермейдi. Олардың сауда-өнеркәсiптiк палаталар өкiлеттiктерiн Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсiптiк палатасына мүшелiкке қабылдау Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсiптiк палаталарының шешiмiмен және осы фирмалар тiркелген шетел-мемлекеттерiнің сауда-өнеркәсiптiк палаталарының келiсiмiмен жүзеге асырылады.

7-тарау. САУДА ҚЫЗМЕТIНIҢ СУБЪЕКТIЛЕРI МЕН ТАУАРЛАРЫНА
ҚОЙЫЛАТЫН TAЛAПTAP

39-бап. Сауда қызметiнiң субъектiлерiне қойылатын талаптар

      Сауда қызметiнiң субъектiлерi өз қызметiн жүзеге асыру кезінде:
      1) тиiстi сапасы бар және қауiпсiз тауарларды сатуға;
      2) Қазақстан Республикасының заңнама талаптарын сақтауға;
      3) тауарларды сатуды тек сауда объектілерi арқылы жүзеге асыруға;
      4) сатып алушыға тауардың шығарылған жерi, тұтыну қасиеттерi, кепілдемелік міндеттемелер және кiнәрат қою тәртiбi, сондай-ақ өнiмдi пайдалану және сақтау тәсілдерi мен тәртіптерi туралы қажеттi және сенiмді ақпарат беруге;
      5) өлшем бiрлiктерiн қамтамасыз ету мемлекеттiк жүйесiнің  талаптарына сәйкес бақыланған бақылау өлшеу аспаптарын сауда объектiсiнің жалпы көпшiлiк орнына қоюға;
      6) сатып алушының тауарлардың салмағы, ұзындығы бойынша күмәны болған жағдайда оған көрсетiлген сипаттарды бақылау-өлшеу құралдары көмегiмен өздiгінен тексеру мүмкiндiгiн беруге;
      7) заң бойынша сертификациялауға жататын тауарларды сату кезiнде сатып алушының талабы бойынша оған тауарлардың сертификаттық сәйкестiгiн (көшiрмесiн) көрсетуге;
      8) жеке кәсiпкер, болмаса заңды тұлға ретiнде тiркелуге;
      9) тауарды сату кезiнде Қазақстан Республикасының "Бюджетке салық және өзге де мiндеттi төлемдер туралы" салық Кодексiнде көзделген жағдайлардан фискалды жады бар бақылау-кассалық машиналарды қолдануға;
      10) қауiпсiздiк сапаларына жауап бермейтiн сапасыз тауарды айналысатын алып тастауға;
      11) мемлекеттiк органдардың белгiленген тәртiппен шығарылған ұйғарымнамасын орындауға;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа талаптарын сақтауға мiндеттi.

40-бап. Тауарларға талап қою

      1. Тиiстi сапалы, қауiпсiздiк талаптарға жауап беретiн және белгiленген тәртiпте бекiтiлген нормативтiк құжаттар мен техникалық шарттарға сәйкес тауарлар Қазақстан Республикасының iшкi рыногiнде айналымға түсуге жатады.
      2. Тауарлар сапасы туралы мәлiметтер мынадай ақпараттармен расталады:
      1) шығарушының тауарлық белгiсi;
      2) тауарларды шығарған ел;
      3) тауардың құрамы туралы;
      4) азық-түлiк тауарлары үшiн - тағамдық құндылығы;
      5) дайындалу мерзiмi;
      6) сақтау және жарамдық мерзiмдерi;
      7) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттың көрсетілуi;
      8) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттамаларға сәйкес өзге де мәлiметтер;
      Тауардың сапасына берiлетiн жоғарыда аталған ақпараттар мемлекеттiк және орыс тілдерiнде заттаңба, зат белгi, қосымша парақтарда мазмұндалады.
      Тауарды сақтау және тасымалдау олардың сапасының сақталуын және тұтынушының қауiпсiздiгi талаптарының сақталынуы, оның iшінде сақтау шарттарында - арнайы жабдықталған үй-жайлар, тасымалдау шарттарында - осы мақсаттағы арнайы көлiк құралдары талаптарын қамтамасыз ететiн жағдайда жүзеге асырылуы тиiс және белгiленген жағдайларда бұл талаптардың сақталуы тиiстi құжаттардағы жазбалар арқылы расталуы тиiс.
      3. Өткiзудi жүзеге асыруға тыйым салынады:
      1) айналымнан алынып тасталған тауарлар;
      2) арнайы рұқсатсыз айналымы шектеулi тауарлар;
      3) белгiленген тәртіпте таңбалауға жататын акцизделетiн тауарлар, олар болмаған жағдайда акциздiк жиын таңбасы;
      4) осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптарға сәйкес емес тауарлар;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасымен өткiзуге тиым салынатын басқа да тауарлар.

8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕ

41-бап. Сауда қызметiн жүзеге асыруды бақылау

      Қазақстан Республикасының аумағында сауда қызметiн жүзеге асыруды бақылауды өкiлеттi органдар мен басқа да мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыры  шегiнде жүргізіледі.

42-бап. Дауларды шешу

      Сауда қызметiн мемлекеттiк реттеу процесiнде туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.

43-бап. Осы заңды бұзғандық үшiн жауапкершiлік

      Сауда қызметiн реттеу туралы заңнаманы бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiне сәйкес жауапты болады.

44-бап. Осы заңды күшiне енгiзу туралы

      Осы заң ресми жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi және осы Заңның 46-бап ережелерi есепке алына отыра, күшiне енгеннен кейiн пайда болған құқықтық қатынастарға қолданылады.

45-бап. Өтпелі ережелер

      Осы Заң қабылданғанға дейін тіркелген, өз атауында "сауда-өнеркәсіптік палата" деген сөз тіркесін қолданатын ұйымдар осы Заң талаптарына сай ол күшіне енгеннен соң алты ай ішінде қайта тіркелу жүргізуге міндетті.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады