Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
Қазақстан Республикасы Президентінің "Терроризм, сепаратизм және экстремизммен күресте Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасының арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы
Терроризм, сепаратизм және экстремизммен күресте Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасының арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы
Терроризм, сепаратизм және экстремизммен күресте Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасының арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында қаулы етемін:
1. 2002 жылы 23 желтоқсанда Пекин қаласында жасалған Терроризм, сепаратизм және экстремизммен күресте Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасының арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Терроризм, сепаратизм және экстремизммен күресте
Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасының
арасындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi "Келiсушi Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы,
2001 жылғы 15-маусымдағы Терроризм, сепаратизм және экстремизммен күрес туралы Шанхай Конвенциясының (бұдан әрi "Шанхай Конвенциясы") шеңберiнде Келiсушi Тараптардың терроризм, сепаратизм және экстремизммен күресте ынтымақтастығын одан әрi нығайту мақсатында, егемендiк пен тең құқылықты өзара құрметтеу және өзара тиiмдiлiк негiзiнде
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
1. Осы Келiсiмнiң мақсаттарын жүзеге асыру үшiн Тараптар Терроризм, сепаратизм және экстремизммен күрес туралы Шанхай Конвенциясының қағидаттары мен ережелерiн ұстанатын болады.
2. Осы Келiсiмде реттелмеген мәселелер Терроризм, сепаратизм және экстремизммен күрес туралы Шанхай Конвенциясының ережелерiне сәйкес реттеледi.
2-бап
1. Келiсушi Тараптардың Шанхай Конвенциясының 4-бабына сәйкес тағайындаған орталық құзыреттi органдары осы Келiсiмдi орындау жөнiндегi орталық құзыреттi органдар болып табылады.
2. Келiсушi Тараптардың орталық құзыреттi органдары осы Келiсімде көзделген тиiстi ережелердi орындау жөнiнде тiкелей өзара байланысты жүзеге асыратын және бiрлесе iс-қимыл жасайтын болады.
3. Келiсушi Тараптардың орталық құзыреттi органдары тұрақты байланысқа жауап беретiн органдардың атауын, сондай-ақ олардың қазiргi телефон, факс нөмірлерін, электрондық пошта, мекен-жайын қоса байланыстың нақты нысаны туралы бiр бiрiне хабарлайды. Жоғарыда аталған байланыс нысаны өзгерген жағдайда Келiсушi Тараптардың бiрi бұл туралы Келiсушi Тараптардың екiншiсiне өз уақытында хабарлайды.
3-бап
1. Келiсушi Тараптардың орталық құзыреттi органдары Шанхай Конвенциясы 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттермен күрес жөнiнде өзара хабарласу, пiкiрлер алмасу және айқындамаларды үйлестiру мақсатында тиiстi ведомстволар мен сарапшылар арасындағы тұрақты кездесулердiң және кеңестердiң тәртiбiн анықтайды.
2. Келiсушi Тараптардың орталық құзыреттi органдары Шанхай Конвенциясын және осы Келiсiмдi жүзеге асыру мақсатында Келiсушi Тараптардың орталық құзыреттi органдарының бiрiнiң өтiнiшi бойынша арнайы кездесулер мен кеңестер өткiзе алады.
4-бап
Шанхай Конвенциясының 7-бабында көрсетiлген ақпарат деп төмендегiлер қабылданады:
1) Ұйымның атауын, құрылымы мен негiзгi қызметiн, сондай-ақ олардың мүшелерiнiң тегiн, азаматтығын, тұрақты мекенiн немесе орналасқан жерiн, сырт келбетiн, фотосуретiн, дактилоскопиялық мәлiметтерi мен осы адамдарды анықтау және тану үшiн қажеттi басқа да мәлiметтердi қоса отырып, террорлық, сепаратистiк және экстремистiк ұйымдар мен олардың мүшелерi туралы ақпараттар;
2) Шанхай Конвенциясының 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердi Келiсушi Тараптар аумағында жүзеге асыруға арналған терроршылдық, сепаратистiк, экстремистiк ұйымдардың жоспары туралы ақпараттар, оларды үйретуге атсалысу, сондай-ақ оларды үйрету базасы және сол базалар туралы мәлiметтер;
3) Yшінші бiр мемлекеттiң аумағынан Келiсушi тараптардың кез-келгенiне бағытталған, Шанхай Конвенциясының 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген терроршылдық, сепаратистік, экстремистiк әрекеттердi жүзеге асыру туралы ақпараттар;
4) Терроршылдық, сепаратистiк және экстремистiк ұйымдар мен олардың мүшелерi заңсыз дайындаған, шығарған, сақтаған, берген, әкелген, пайдаланған улы, уландырғыш, радиоактивтi, жұқпалы материалдар, жарылғыш заттар, жарылғыш қондырғылар, қару-жарақтар, ядролық, химиялық, биологиялық және басқа да жаппай қыру қаруларының түрлерi мен оларды жасауға пайдаланатын материалдар мен құрал-жабдықтар туралы ақпараттар;
5) Келiсуші Тараптардың кез-келгенiнiң маңызды делегациясы мен маңызды нысанына, халықаралық ұйымдардың қызметкерлерiне, консулдық мекемелерге, елшiлiк өкiлдерiне, мемлекет басшысына және өзге де мемлекеттiк басшыларға қарсы бағытталған терроршылдық, сепаратистiк және экстремистiк ұйымдардың террорлық әрекеттер жасауы немесе жасауға әрекеттенуi туралы ақпараттар;
6) Терроршылдық, сепаратистiк, экстремистiк ұйымдардың терроршылдықты, сепаратизм мен экстремизмдi насихаттайтын (жазылған, аудио, бейне материалдар) материалдарды дайындағаны, таратқаны, насихаттағаны туралы ақпараттар;
7) Терроршылдық, сепаратистiк және экстремистiк ұйымдарды қаржыландыру көздерi мен арналары туралы ақпараттар;
8) Терроршылдық, сепаратистiк және экстремистiк ұйымдардың әрекет ету тәсiлдерi мен мүмкiндiгi, заңдылығы туралы ақпараттар;
9) Терроршылдық, сепаратистiк және экстремистiк әрекеттердiң алдын алу, жолын кесу, анықтау тәжiрибесi туралы материалдар мен мәлiметтер, ақпараттар;
10) Шанхай Конвенциясының 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердi жүзеге асыруға қатысты күдiктi делiнген Келiсушi Тараптардың бiреуiнiң азаматы Келiсушi Тараптардың кез-келгенiнiң аумағында жүрген тұлғаның фамилиясы, жеке куәлiгiнiң нөмiрi және категориясы, тұрғылықты жерi немесе жүрген жерi, фотосуретi және басқа да жеке мәлiметтерi туралы ақпараттар;
11) Терроршылдық, сепаратистiк және экстремистiк әрекеттерге қаржылай, техникамен, қару-жарақпен көмек беретiн, үйрететiн ұйымдар немесе адамдар туралы мәлiметтер мен ақпараттар.
Осы баптағы ақпарат жiберудi сұрау және ақпаратты жiберудің тәртiбi мен шарттары Шанхай Конвенциясының терроризм, сепаратизм және экстремизммен күрес туралы ережесiнiң шарттарымен реттеледi.
5-бап
1. Шанхай Конвенциясы мен осы Келiсiмшартты жүзеге асыру жолында Келiсушi Тараптың елшiлiк, консулдық өкiлдерi немесе Орталық құзыреттi органдардың қызметкерлерi полицейлiк ғылыми-iзденушiлiк қызмет, техника алмастыру, полицейлік техниканы игеру мен жетiлдiру, техникалық құрал-жабдықтарды бiрiгiп өндiру және қажет болған жағдайда бiр-бiрiне техникалық және материалдық көмек көрсету аясындағы ынтымақтастықты нығайта түсулерi тиiс.
2. Осы Келiсiмшарт аясында Келiсушi Тараптың елшiлiк, консулдық өкiлдерінің немесе Орталық құзыреттi органдардың қызметкерлерiнiң бiрiнен Келiсушi Тараптың елшiлік, консулдық өкiлдерінің немесе Орталық құзыреттi органдардың қызметкерлерiнiң бiреуiне берiлген материалдар, арнайы аппаратура, техника және құрал-жабдықтар Келiсушi Тараптың елшiлiк, консулдық өкiлдерiнiң немесе Орталық құзыреттi органдардың қызметкерлерiнiң алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi жаққа берiлмейдi.
3. Шанхай Конвенциясы мен осы Келiсiмшартқа сәйкес өзара көмек аясында көрсетiлген жедел-тергеу тәсiлдерi, арнайы күштер мен техникалық құралдары және тылды қамтамасыз ету туралы материалдары Келiсушi Тараптың елшiлiк, консулдық өкiлдерiнiң немесе Орталық құзыреттi органдардың қызметкерлерiнiң жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi жаққа беруге немесе жариялауға жатпайды.
4. Келiсушi Тараптар Шанхай ұйымы ынтымақтастығына қатысушы-мемлекеттердiң аумақтық террорға қарсы құрылымы аясындағы құқықтық ынтымақтастығын нығайта түседi.
6-бап
Келiсiмшартты жүзеге асыру жолындағы шығындарды Келiсушi Тараптар өздерi көтередi, болмаған жағдайда басқа жүйе келiсiлген.
7-бап
Келiсушi Тараптардың Орталық құзыреттi органдардың осы Келiсiмшарт аясындағы жұмыс тiлi - орыс және қытай тiлдерi.
8-бап
Осы Келiсiмшарт Келiсушi Тараптардың келiсiмшартта қаралған мәселелер бойынша өзге де олар қосылатын халықаралық келiсiмшарттардан шығатын оның идеясына, мақсатына қайшы келмейтiн және Келiсушi Тараптардың міндеттер мен құқықтарына қол сұқпайтын басқа да келiсiмшарттар жасауға шектеу салмайды.
9-бап
Осы Келiсiмшартты қолдану, жүзеге асыру барысында Келiсушi Тараптар арасында даулар мен өзара келiспеушiлiктер болған жағдайда өзара келiссөздермен және өзара дипломатиялық желiлер кеңестерiмен шешiледi.
10-бап
Уағдаласушы Жақтардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмшартқа оның ажырамас бөлiгi болатын, арнайы хаттамалармен рәсiмделетiн өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
11-бап
1. Осы Келiсiм белгiсiз мерзiмге жасалады және оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынғанынан соң отызыншы күнi күшiне енедi.
2. Уағдаласушы Тараптардың әр-қайсысы екiншi Уағдаласушы Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде 12 ай бұрын хабарлап, осы Келiсiмнің күшiн жоя алады.
Екi данадан, қазақ, қытай, орыс тiлдерiнде 2002 жылдың 23 желтоқсанында Пекин қаласында жасалды, барлық мәтiннiң күшi бiрдей.
Осы Келiсiмшартта берiлгендердi орындау барысында өзара келiспеушiлiктер болса, Келiсушi Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнедi.
Қазақстан Қытай Халық
Республикасы үшін Республикасы үшін