"Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Грек Республикасының Yкiметi арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiмдi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 3 маусымдағы N 519 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      "Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Грек Республикасының Үкiметi арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiмдi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнің қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Yкіметі мен Грек Республикасының Үкiметi арасындағы Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiмдi бекiту туралы

      Алматы қаласында 2002 жылғы 26 маусымда жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Грек Республикасының Үкiметi арасындағы Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiм бекiтілсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасының Yкіметі мен Грек Республикасының Үкiметi арасындағы Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Гpeк Республикасының Үкiметi,
      Тараптар мемлекеттерi арасындағы автомобиль қатынасы саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа және олардың аумақтары арқылы транзиттiк қатынасқа жәрдемдесуге тiлек білдiре отырып,
      автомобиль қатынасы саласындағы ырықтандыру қағидаттарын және өзара тиiмдiлiктi негiзге ала отырып,
      төмендегi туралы келiстi:

1-бап
Қолдану саласы

      Осы Келiсiмнің ережелерi:
      1. Тараптар мемлекеттерiнің аумақтары арасындағы жолаушылар мен жүктердiң автомобиль тасымалына, олардың аумақтары арқылы транзиттік қатынасқа, сондай-ақ үшiншi мемлекеттен/мемлекетке тасымалдауға қолданылады.
      2. Осы Баптың 1-тармағында аталған тасымалдарға байланысты автокөлік құралының бос жол жүруiне қолданылады.

2-бап
Анықтамалар

      Осы Келiсiмнің мақсаттары үшiн:
      1. "Тасымалдаушы" терминi Тараптардың бiрiнің мемлекетi аумағында тiркелген, өз мемлекетiнiң ұзақ заңнамасына сәйкес автомобиль жолдары бойынша жолаушылар мен жүктepдiң тасымалын жүзеге асыруға құқығы бар жеке немесе заңды тұлғаны білдіреді.
      2. "Автокөлiк құралы" терминi:
      а) жүктердi тасымалдау кезiнде: кез келген механикалық жетектi автокөлiк құралын немесе Тараптардың бiрiнің мемлекетi аумағында тiркелген, тек жүктердi тасымалдауға арналған және жабдықталған көлiк құралдарына құрамдастырымын;
      б) жолаушыларды тасымалдау кезiнде: өзiнiң конструкциясы мен жарақталуы бойынша жолаушылар тасымалдауға жарамды, жүргiзушiнi қоса алғанда, отыратын орын саны тоғыздан астам, Тараптардың бiрiнің мемлекеті аумағында тiркелген кез келген механикалық жетектi автокөлiк құралын білдiредi.
      3. "Транзит" терминi Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген, екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағын кесiп өтетiн автокөлiк құралымен жолаушыларды және/немесе жүктердi тасымалдауды білдiредi.
      4. "Үшiншi мемлекеттен/мемлекетке тасымалдау" терминi бiр Тарап мемлекетiнің аумағында тiркелген автокөлiк құралымен жүктердi бiрi екiншi Тарап мемлекетінің аумағында, ал екіншiсi үшiншi мемлекеттiң аумағында орналасқан пункттердiң арасында тасымалдауды білдiредi.
      5. "Өз есебiнен тасымалдау" терминi:
      - тасымалдаушының меншiгi болып табылатын немесе ол ұзақ мерзiмдiк келiсiм-шарттың негiзінде жалға алған немесе лизингке алынған және бiрлестiкке мүше кәсіпорынның қызметкерлерi басқаратын автокөлiк құралдары пайдаланылатын тасымалдарды;
      - кәсіпорынның немесе бiрлестiктің қызметiнiң барлық басқа түрлерi бар контексте қызметтің қосымша түрi ғана болып табылатын тасымалдарды;
      - не кәсiпорынның немесе бiрлестiктiң меншiгi болып табылатын тауарларды немесе кәсiпорын сатқан, сатып алған, жалға тапсырған немесе алған, өндірген, тапқан, қайта өңдеген немесе жөндеген, бұл орайда тасымалдардың мақсаты тауарларды кәсiпорынға немесе кәсiпорыннан немесе өздерiнің жеке мұқтаждары үшiн тасымалдау болып табылатын;
      - не олар үшiн тасымалдар олардың әлеуметтiк қамтамасыз ету жөніндегi қызметiнiң бөлiгi болып табылатын, коммерциялық емес қызметпен айналысатын кәсiпорынның қызметкерлерiн немесе бiрлестiктiң мүшелерiн тасымалдауды білдiредi.
      6. "Тұрақты тасымалдар" терминi белгілi бiр кестеге сәйкес және жол бойы белгiленген аялдама пункттерiнде жолаушылар отыратын және түсе алатын белгiлi бiр бағыт бойынша жолаушыларды автобустармен тасымалдауды білдiредi. Тұрақты тасымалдар белгiленген қозғалыс кестелерiне және тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады.
      7. "Маятниктiк тасымалдар" терминi тiкелей және керi бағыттарда, тиiсiнше екі мемлекеттiң аумағында орналасқан бiр ғана жөнелту пунктiнен бiр ғана жеткiзу пунктiне алдын ала құрылған жолаушылар топтарының көп мәрте жүзеге асырылатын тасымалдарын білдіреді. Тура бағытта тасымалдау кезінде жолаушылардың әр тобы соңғы сапар барысында жөнелту пунктiне керi қайтады.
      а) Маятниктiк тасымалдарды орындау кезiнде бүкiл сапар бойы жолаушыларды отырғызуға және түсiруге тыйым салынады;
      б) Маятниктiк тасымалдардың сериясын орындау кезiнде "керi" бiрiншi сапар және "ол жаққа" соңғы сапар бос күйде жасалады;
      с) Тұрақты және маятниктiк тасымалдар мен олардың орындалуы үшiн шарттар құзыреттi органдардың арасындағы өзара келiсiмге сәйкес тiкелей немесе осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен Комиссияның қабылдаған шешiмдерiнiң негiзінде орындалады.
      8. "Тұрақты емес тасымалдар" терминi мыналарды білдiредi:
      а) жабық есiк сипатындағы сапарлар, яғни олардың кезiнде жолаушылардың бiр ғана тобын тасымалдау үшiн барлық сапар уақытында, автокөлiк құралы тiркелген мемлекеттiң аумағында басталатын және аяқталатын тасымал үшiн бiр ғана автокөлiк құралын пайдалануды;
      б) Көлiк құралы жолаушылармен кетiп, бос қайтатын тасымалды;
      в) Сапар жолаушыларсыз басталып, ал керi бағытта осы автокөлiк құралы тiркелмеген мемлекеттің аумағындағы пунктте алынған жолаушылармен, мынадай шарт бойынша:
      (1) топты мiнгiзетін және аумақтың шегiнен тысқары алып кететiн екiншi Тарап мемлекетiнің аумағына келгенге дейiн қол қойылған тасымалдау шартына сәйкес, жолаушылар бiр топты құрайды, немесе
      (2) осы Баптың 2-тармағының (б) тармақшасына сәйкес белгiлi бiр тасымалдаушы екiншi Тарап мемлекетiнің аумағына алдын ала әкелетiн жолаушылар, ол жерден олар соңында алынады да, тiркелген мемлекеттің аумағына әкетiледi;
      (3) екiншi Тарап мемлекетiнің аумағына саяхат жасауға шақырылған жолаушылар, бұл орайда тасымалдау шығынын шақырушы тұлғаның өзi көтереді.
      9. "Рұқсат" терминi Тараптардың бiрiнiң құзыреттi органы берген және екiншi Тарап мемлекетінің аумағынан/аумағына немесе арқылы жол жүруi жүзеге асыруға мүмкіндiк беретiн құжатты білдiреді.
      10. "Арнайы рұқсат" терминi бiр Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы берген және мыналарды:
      а) үшiншi елден/елге тасымалды;
      б) ең жоғарғы рұқсат етілген салмақтық және көлемдiк параметрлерден асатын автокөлiк құралымен жүктердi тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн құжатты білдiредi.

3-бап

      Осы Келiсiмдi орындау мақсатында Тараптардың құзыреттi органдары:
      - Қазақстан Республикасы үшiн - Көлiк және коммуникациялар министрлiгi,
      - Грек Республикасы үшiн - Көлiк және коммуникациялар министрлігі.

І. Жолаушы тасымалы 4-бап

      Жолаушы тасымалын жүзеге асыру мақсатында осы Келiсiм Тарап мемлекеттерінің аумақтары арасында және олардың аумақтары арқылы транзитпен ақы және сыйақы үшiн немесе өз есебiнен, жолаушы автокөлiк құралдары жүзеге асыратын жолаушы тасымалдарына қолданылады. Бұл ереже осы тасымалдар үшiн пайдаланылатын жолаушы автокөлiк құралдарының бос күйде жол жүруiне қолданылады.

5-бап
Рынокқа ену

      1. Тұрақты және маятниктік тасымалдар рұқсат алуды талап етедi.
      2. Рұқсаттар тасымалдарды жүзеге асыратын кәсіпорынға берiлуi тиiс. Олар үшiншi тұлғаға берiлмейдi. Алайда, рұқсат алған тасымалдаушы тасымалдарды қосалқы мердігер арқылы орындай алады.
      3. Тұрақты тасымалдарды жүзеге асыруға арналған рұқсаттардың қолданылу мерзiмi үш жылдан аспауы тиiс және бiр жылдан кем болмауы тиiс, ал маятниктiк тасымалдарды орындау үшiн бiр жылдан аспауы тиiс.
      4. Рұқсаттарда мынадай ақпарат:
      а) тасымал түрi,
      б) жөнелту, жеткiзу және шекаралардан өту пункттерi көрсетiлген тасымал бағыты,
      в) рұқсаттың қолданылу мерзiмi,
      г) iшiнде:
      - қозғалыс кестесi,
      - бағыттың сызбасы (бағыт картасы),
      - тарифтер бар iлеспе рұқсат құжаттары,
      д) тұрақты тасымалдарды жүзеге асыру үшiн - аялдамалар және тиiстi қозғалыс кестесi болуы тиiс.
      Аталып өткен құжаттарды тараптардың құзыретті органдары бекiтуi және ресімдеуi тиiс.
      5. Рұқсаттар алуға өтiнiм мемлекетiнiң аумағында автокөлiк құралы тiркелген Тараптардың құзыретті органдарына берiледi. Ешқандай қарсылық тумаған жағдайда, аталған орган екiншi Тараптың құзыреттi органымен байланысады. Соңғысы келiскен жағдайда Тараптардың әрбiр құзыреттi органы, өз мемлекетiнiң аумағына келетiн бағыт бөлiгiне рұқсат беруi тиiс.
      6. Екi данадағы өтiнiмдерде Тараптар мемлекеттерiнің ұлттық заңдарының талаптарына сәйкес келетiн мәлiметтер, сондай-ақ аялдамалар және бағыттың ұзақтығы километрмен көрсетiлген бағыттың сызбасы (бағыт картасы) болуы тиiс. Тараптардың құзыретті органдары тасымалдаушылардан, өздерi беруге болады деп санайтын кез келген тиiстi мәлiметтi сұрауға құқылы.
      7. Бiр Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы бекiткен және ресімдеген рұқсаттың көшірмесі немесе оның түпнұсқасы сапардың бүкіл уақыты бойы, екiншi Тарап мемлекетiнің аумағында тiркелген автокөлiк құралының бортында болуы тиiс.
      8. Рұқсаттар осы Келiсiмге қоса берілген белгіленген нысанға сәйкес болуы тиiс.
      Осы Келiсiмнің 14-бабында аталып өткен Бiрлескен Комиссияның бұл нысанға түзетулер енгiзуге құқығы бар.
      9. Тұрақты тасымалдарды орындау мақұлданады және екi Тараптың құзыреттi органдары барлық қажеттi қосымшалары бар тиiстi рұқсаттармен алмасқан сәттен бастап жүзеге асырылуы мүмкін.
      10. Ақаулы автобусты ауыстыру үшiн осы Келiсiмнiң 4-бабына сәйкес тасымалды жолаушыларсыз жүзеге асыратын автокөлiк құралының жол жүруi үшiн де ешқандай рұқсат талап етiлмейдi.

6-бап

      1. Тұрақты емес тасымал осы Келiсiмнiң 2-бабының 8-тармағына сәйкес, осы автокөлiк құралы тiркелген Тарап мемлекетiнiң аумағында рұқсаттар алу қажеттiлiгiнен босатылуы тиiс.
      2. Тұрақты емес тасымалдар куәландырушы құжат болған кезде жүзеге асырылуы тиiс.
      3. Куәландырушы құжат тасымал құжаттарынан тұруы тиiс.
      4. Тасымал құжатында мынадай ақпарат:
      а) тасымал түрі,
      б) (негiзгi) бағыт,
      в) тағайындалған тасымалдаушы (лар),
      г) жолаушылардың толық тiзiмi болуы тиiс.
      5. Тасымал құжаттарының жиынтығын мемлекетiнiң аумағында автокөлiк құралы тiркелген Тараптың құзыреттi органдары немесе осы құзыреттi органдар тағайындаған органдар беруi тиiс.
      6. Осы Келiсiмнiң 2-бабының 8-тармағының (в) (1) тармақшасына сәйкес тасымалдау шартының көшiрмесi болуы талап етiледi.
      7. Осы Келiсiмнiң 4-бабына сәйкес тасымалдауды жолаушыларсыз жүзеге асыратын автокөлiк құралдарының сапарлары үшiн де ақаулы автобусты ауыстыру үшiн де ешқандай рұқсат талап етiлмейдi.

7-бап

      1. Транзиттiк тасымалдарды орындау кезінде, тұрақты тасымалдарды орындауға рұқсат беретiн Тараптың құзыреттi органдары барлық қажеттi қосымшаларымен жазбаша өтiнiм бергеннен кейiн тұрақты тасымалдар транзиттік мемлекет берген рұқсаттардың негiзінде жүзеге асырылады. Бұл рұқсаттардың қолданылу мерзiмi 1 жылдан 3 жылға дейiн және де олар тегiн берілуi тиiс.
      2. Транзиттiк тасымалдарды жүзеге асыру кезінде бүкiл рейс бойы, Тараптар Бiрлескен Комиссияның мәжiлiсінде осы Келiсiмнің 14-бабына сәйкес өзгеше уағдаласқанға дейiн, жолаушылардың жолшыбай отыруы мен түсуіне тыйым салынады.
      3. Екiншi Тарап мемлекетiнің аумағында тiркелген автокөлiк құралымен тұрақты емес тасымалдарды жүзеге асыру жағдайында, бiр Тарап мемлекетiнің аумағы арқылы транзитпен өту қандайда бiр рұқсаттан босатылуға тиiс.

8-бап

      Жолаушы тасымалын өз есебiнен жүзеге асыру үшiн Тараптардың құзыреттi органдары беретiн рұқсатты алу талап етiледi.

9-бап

      Әрбiр күнтізбелік жылдың алғашқы үш айы iшінде тұрақты тасымалдарды жүзеге асыратын тасымалдаушылар өз мемлекетiнің құзыреттi органдарына өткен жыл бойынша:
      а) сапарлар мен километрлердiң санын;
      б) жолаушылардың саны туралы мәлiметтердi жiберуге тиiс.
      Тараптардың құзыреттi органдары жоғарыда аталған мәлiметтермен алмасуы тиiс.

II. Жүк тасымалы 10-бап

      1. Бiр Тарап мемлекетiнің аумағында тiркелген тасымалдаушылардың Тараптардың мемлекеттерi аумақтарының арасында, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы екiншi Тараптың құзыреттi органдары берген рұқсаттардың негiзінде басқа мемлекеттерге (транзиттiк тасымалдар) жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдарын жалға және сыйақы үшiн (екiжақты тасымалдар) жүзеге асыруға құқығы бap.
      2. Осы Келiсiмнің 10-бабының 1-тармағына сәйкес берілетін рұқсаттардың санына қатысты ешқандай шектеулер болмауы тиiс.
      3. Екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағынан үшiншi мемлекетке және керi қарай сапар шегетiн бiр Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушылары жүзеге асыратын халықаралық автомобиль тасымалдарына қатысты, оған немесе одан тасымалдау жүзеге асырылатын Тараптың құзыреттi органдары арнайы рұқсат беруi тиiс. Бұл арнайы рұқсаттарды, кiмнің атына берілсе, солар ғана пайдалана алады және үшiншi тұлғаға беруге болмайды. Рұқсаттардың осындай түрлерiн берудiң құқылылығын, сондай-ақ олардың санын осы Келiсiмнің 14-бабында атап өтiлген Бiрлескен Комиссия анықтайды.

11-бап

      Осы Келiсiмнің 10-бабында атап өтiлген рұқсаттардың түрiн Тараптардың құзыреттi органдары тiкелей немесе осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес Бiрлескен Комиссия мақұлдаған қорытындылардың негiзінде анықтауы тиiс.

12-бап

      Осы Келiсiмнің 10-бабындағы 1-тармаққа сәйкес Тараптардың құзыреттi органдары жыл сайын дипломатиялық арналар бойынша немесе Бiрлескен Комиссия 14-бапқа сәйкес анықтаған рәсiмге сәйкес рұқсаттардың қажеттi санымен алмасады.
      Осы Келiсiмнің 14-бабына сәйкес Бiрлескен Комиссияның бiрiншi мәжiлiсiне дейiн осы Келiсiм ережелерiнің алғашқы орындалу кезеңi ішінде екі Тарап жүктердiң екiжақты және транзиттік тасымалдарының қажеттiлiгiн қанағаттандыруды келiседi, ол туралы өздерiнің тиiстi құзыреттi органдарына дипломатиялық арналар арқылы ақпарат бередi.

13-бап

      Осы Келiсiмнің 10-бабының ережелерiне қарамастан, рұқсаттар алу мынадай жағдайларда:
      1) Шұғыл жағдайларда жүктердi әуежайдан не болмаса әуежайға тасымалдау кезінде, немесе ұшақтың кез келген авариясы кезінде, не болмаса ұшу бағытының өзгеруiне бола немесе шұғыл жағдайларда ұшақтың амалсыз қону жағдайында, сондай-ақ әуе сапарының тоқтатылуы жағдайында;
      2) Сынған автокөлiк құралын немесе оның тiркемелерiн;
      3) Мәйiттердi немесе қайтыс болғандардың күлi салынған сауыттарды;
      4) Жеке мүлiкті арнайы автокөлiк құралдарымен бip орыннан басқа орынға көшiру кезінде;
      5) Почта жөнелтiлiмдерiн;
      6) Жәрмеңкелер мен көрмелерге арналған экспонаттарды;
      7) Театр, музыка және басқа мәдени iс-шараларға, цирк пен кинематографиялық көрсетулерге, сондай-ақ радиохабарларды жазу, кино және телевизиялық түсiрулерге арналған жабдықтар мен басқа керек-жарақтарды;
      8) Өлген жануарлардың денелерiн, егер олар өнеркәсiп қалдықтарын тұтыну салдарынан өлмесе;
      9) Аралар мен балық шабақтарын;
      10) Гүлдер мен басқа сәндiк өсiмдiктердi;
      11) Дәрi-дәрмектердi, немесе табиғи құбылыстардан болған апаттар кезінде көмек көрсетуге арналған кез келген басқа материалдарды;
      12) Техникалық көмек көрсететiн немесе сынған автокөлiк құралын жөндейтiн автокөлiк құралдарын (техникалық жөндеу машиналары);
      13) Екiншi Тараптың аумағында тұрған жарамды басқа автокөлiк құралын көшiруге арналған автокөлiк құралдарын;
      14) Жарнама және оқып үйрену үшiн пайдаланылатын заттар мен материалдарды тасымалдауды жүзеге асыру үшiн талап етiлмейдi.
      Осы бапта көзделген автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшiн жүргiзушіде, тасымалдарды жоғарыда тiзiлген жағдайларға сәйкес орындайтынын растайтын барлық қажеттi құжаттар болуы тиiс.

III. Жалпы ережелер 14-бап

      Осы Келiсiмнiң орындалуына және қолданылуына қатысты барлық мәселелердi шешу үшiн Бiрлескен Комиссия құрылады.
      Осы Комиссия мәжiлiске автокөлiк саласының өкілдерiн шақыра алатын Тараптардың мемлекеттік органдарының өкiлдерiнен тұруы тиiс.
      Бiрлескен Комиссия жылына бiр рет немесе Тараптардың кез келгенiнің өтiнiшi бойынша Тараптардың әрқайсысының мемлекетi аумағында кезекпен жиналады. Мәжiлiстің күн тәртiбiн қабылдаушы жақ ұсынады немесе мәжiлiстiң басталуынан, тiптi болмағанда, екі апта бұрын сұрау салынады. Әрбiр мәжiлiс Бiрлескен Комиссияның тең төрағалары қол қоятын Хаттаманы қабылдаумен аяқталады.
      Бiрлескен Комиссия мерзімдердi, мәлiметтермен және барлық басқа тиiстi ақпаратпен алмасу тәсiлiн анықтайды.

15-бап

      1. Осы Келiсiм бойынша талап етiлетін рұқсаттар, сондай-ақ басқа тасымал құжаттары осы Келiсiмде көзделген барлық сапарлар кезiнде автокөлiк құралында болуы және Тараптар мемлекеттерінің бақылаушы органдарының талаптары бойынша тексеру үшiн көрсетiлуi тиiс.
      2. Тасымал құжаттарын сапардың басталар алдында толық толтыру керек.
      3. Осы Келiсiм шеңберінде халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға, көлемдерi мен салмағы Тараптардың аумақтарында қолданылып жүрген рұқсат етiлген көлемдiк және салмақтық өлшемдерден аспайтын автокөлiк құралдары жiберiледi. Салмағы мен көлемдерi екiншi Тарап мемлекетiнің аумағында белгіленген нормалардан артық жүктердi автокөлiк құралдарымен тасымалдау кезінде тасымалдаушы, осы Тарап мемлекетiнiң құзыретті органдарының арнайы рұқсатын алуы тиiс.

16-бап

      1. Бiр Тарап мемлекетiнің тасымалдаушылары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында болғанда, Тарап мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын көпжақты кесімдерден, осы Келiсiмнiң ережелерiнен, сондай-ақ ұлттық заңнамадан туындайтын мiндеттемелердi орындауға мiндеттi.
      2. Жүрген елдің аумағында жасалған маңызды немесе бiрнеше рет бұзушылықтар жағдайында, тiркелген елдiң құзыреттi органдары өздерiнiң қылмыстық қудалау құқығын сақтай отырып және соңғысының талабы бойынша мынадай шаралар қабылдауы мүмкiн:
      - ескерту жасау;
      - бұзушылық (тар) жасалған тарап мемлекетiнiң аумағына енуге тыйым салу.
      Aca маңызды жағдайларда, жүрген елдің құзыретті органдары тiркелген елдегi органдардың шешімін күте тұрып, енуге уақытша тыйым салуы мүмкiн.
      Екi Тарап мемлекеттерiнің құзыреттi органдары бiр-бiрiн қабылданған шаралар туралы хабардар етедi.

17-бап

      Осы Келiсiмнің негiзінде тасымалдауды орындау кезінде екiншi Тарап мемлекетiнің аумағына әкелуге байланысты алынатын кедендiк алымдар мен баждарды салудан мыналар өзара босатылады:
      1) автокөлiк құралының тиiстi үлгiсi үшiн көзделген, техникалық және конструкциялық жағынан қозғалтқыштардың қоректену жүйесiмен байланыстырылған негiзгi сыйымдылықтардағы жанармай;
      2) тасымалдау кезiнде қалыпты тұтынуға қажеттi мөлшердегi жағармай материалдары;
      3) халықаралық тасымалдарды орындайтын автокөлiк құралдарын жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер мен құралдар; пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер, сондай-ақ ауыстырылған қосалқы бөлшектер елден шығарылуы немесе жойылуы тиiс немесе тиiстi Тарап мемлекетiнің аумағында белгiленген тәртiппен айналымға түсуi тиiс.

18-бап

      Осы Келiсiмнің шарттарына бағынатын тасымалдар кезiнде екiншi Тарап мемлекетiнің аумағында жол желiсiн немесе көпiрлердi пайдаланған үшiн өндiрiп алынатын алымдар мен салықтар төленуi тиiс. Алымдар мен салықтардың мөлшерi тасымалдаушы-резиденттер үшiн де, бейрезиденттеp үшiн де бiрдей болып табылады.

19-бап

      1. Бiр Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушылары мен олардың автокөлiк құралдарының экипаждары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында болған кезінде осы мемлекеттiң аумағында қолданылатын заңнаманы сақтауы тиiс.
      2. Тараптар мемлекеттерінің автокөлiк құралдарының жүргізушiлерiнде олар басқаратын автокөлiк құралының санатына сәйкес және 1968 жылғы 8 қарашада Венада жасалған Жол қозғалысы туралы конвенцияның талаптарына сай келетiн жүргiзушi куәлiгi, сондай-ақ автокөлiк құралына арналған тiркеу куәлiгi болуы тиіс.

20-бап
Сақтандыру

      Тараптар мемлекеттерiнің халықаралық тасымалдарды орындалуын автокөлiк құралдарында транзиттік мемлекеттердің аумақтарында қандай болса, жеткiзу мемлекетiнің аумағында сондай күшi бар сақтандыру полисi болуы тиiс.

21-бап
Каботаж

      Автокөлiк құралымен жолаушылар мен жүктердi каботаждық тасымалдауға тыйым салынады.

22-бап
Кедендік және санитарлық бақылау

      Кедендiк және санитарлық бақылауға қатысты Тараптар мемлекеттерiнің ұлттық заңнамаларының ережелерi, сондай-ақ екi Тарап қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.
      Жоғарыда аталған бақылау, егер мүмкiн болса, науқастарды, жануарларды, тез бүлінетiн және қауiптi жүкті тасымалдау жағдайында артықшылық тәртiпте орындалады.

23-бап
Автокөлiк құралдарын техникалық бақылау

      Тарап мемлекетiнің екiжақты немесе транзиттiк тасымалдарды, немесе үшiншi мемлекеттен/мемлекетке тасымалдауды орындайтын кез келген автокөлiк құралының екiншi Тарап мемлекетiнің аумағында, оның техникалық жай-күйiнің жол қозғалысы қауіпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында қолданылып жүрген нормалардың талаптарына сәйкес екендігін растайтын жарамды құжаты болуы тиiс.
      Тарап мемлекетiнiң екiжақты немесе транзиттiк тасымалдарды, немесе үшiншi мемлекеттен/мемлекетке тасымалдарды орындайтын, қауiптi жүктердi тасымалдайтын кез келген автокөлік құралының екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында, Қауiптi жүктердiң халықаралық жол тасымалы туралы еуропалық келiсiмде (ҚЖХЖТ) көзделген барлық құжаттары болуы тиiс.

24-бап

      Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсімдердің орындалғаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасы келген күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм қолданылу мерзiмiн келесi жылдық кезеңдерге ұзартумен бiр жыл мерзiмге жасалады, Тараптардың бiрi осы Келiсiмнің қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кемiнде 6 ай бұрын екiншi Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарландыру жiбергенше, күшіне қала бередi.

25-бап

      Осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу қажет болған кезде Тараптар осы Келiсiмнің орнына жаңасын жасасады.

      Алматы қаласында 2002 жылғы 26 маусымда екi данада қазақ, грек, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды және де барлық мәтіндердің күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiк туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiндi басшылыққа алатын болады.
      Осыны куәландыру ретінде, тиiстi түрде уәкiлеттiк берiлген төменде қол қоюшылар, осы Келiсiмге қол қойды.

      Қазақстан Республикасының         Грек Республикасының
           Yкiметi үшiн                     Үкiметi үшiн

Көлiк және коммуникациялар 
Министрлiгi        

Тұрақты тасымалдарды жүзеге асыруға арналған
N __ рұқсат бланкiсi

      Еуропалық Қоғамдастықтың мүшелерi болып табылмайтын елдер арасында көлiк құралдарымен орындалатын тасымалдарға, Еуропалық Қоғамдастыққа кiрмейтiн елдер арасында Министрлiктiң N __ бұйрығына сәйкес тұрақты автобус тасымалдарын жүйеге асыру кезiнде берiлетiн рұқсаттарды алу үшiн қажеттi шарттар мен рәсiмдердi орындау үшін берілді.
      Кімге (тегі мен аты-жөнi немесе компания не кәсiпорынның атауы)
___________________________________________________________________

      Мекен-жайы: ____________ тел.:______________ факс: __________

әрiптестерiнің немесе кәсiпорын және қосалқы мердiгерлер қызметкерлерiнің тегi, аты-жөнi, мекен-жайы, телефоны мен факс нөмiрi
1) ________________________________________________________________
2) ________________________________________________________________
3) ________________________________________________________________
4) ________________________________________________________________
5) ________________________________________________________________

      Тiзiм толықтырылуы мүмкін.

      Қолданылу мерзiмi               Рұқсат беретiн уәкiлеттi
      (берiлген орны мен күнi)        органның (немесе мекеменiң)
                                      қолы мен мөрi

(N ____ рұқсат бланкiсiнің екiншi бетi)

      1. Бағыттың атауы: __________________________
      а) шығу пунктi: _____________________________
      б) бару пунктi: _____________________________
      а) жолаушыларды отырғызу және түсiруге арналған аялдамалар көрсетілген негізгі бағыт (асты сызылады):
      2. Кестенің қолданылу мерзiмi: _______________
      3. Жиiлiгі ________________________
      4. Кестесi (қоса берiлген кесте түрiнде)
      5. Көрсетiлетiн қызметтердiң негізгi түрi:
      - жолаушы тасымалы:
      6. Айрықша шарттар мен толықтырулар:
      Төмендегi тасымалдар үшiн пайдаланылатын көлiк құралының нөмiр белгiсi: ___________________________________________________

(рұқсат беретiн органның мөрi)

Ескертулер:

      1. Осы рұқсат сапар бойы қолданылады. Оны атауы рұқсатта көрсетiлмеген тасымалдаушы пайдалануы мүмкiн.
      2. Құзыреттi органдар берген рұқсат бланкiсiнің түпнұсқасы немесе оның куәландырылған көшiрмесi бүкiл сапар бойы көлiк құралының жүргiзушiсiнде болуы және ол көлiктiк бақылау органы қызметкерлерiнің бiрiншi талабы бойынша көрсетiлуі тиiс.
      3. Рұқсат беруші орган, бағытты бiрлесіп пайдалану үшін, оның тұрақты жұмыс iстеуi кезiнде көлiк компанияларының санын ұлғайтуға құқығы бар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады