Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасында Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiнде "Қазақстан Республикасы Алматы облысының Тамғалы кешенiн зерделеу, сақтау және ұстау" жобасы бойынша келiсiм жасасу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 маусымдағы N 587 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасында Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiнде "Қазақстан Республикасы Алматы облысының Тамғалы кешенiн зерделеу, сақтау және ұстау" жобасы бойынша келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрi Дүйсен Қорабайұлы Қасейiновке Келiсiмнiң жобасына қағидатты сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Yкiметінiң атынан Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасында Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiнде "Қазақстан Республикасы Алматы облысының Тамғалы кешенiн зерделеу, сақтау және ұстау" жобасы бойынша келiсiм жасасуға өкiлеттiк берiлсiн. <*>
      Ескерту. 2-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.11.10. N 1121
қаулысымен .

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымы арасында Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiнде (ЮНЕСКО) "Қазақстан Республикасы Алматы облысы, Тамғалы кешенiн зерделеу, сақтау және ұстау" жобасы бойынша
келiсiм

      Бiрге Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi (бұдан әрi - "Үкiмет" деп аталатын) мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiнде (бұдан әрi - "ЮНЕСКО" деп аталатын),
      Қазақстан Республикасы мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында өзара қарым-қатынастарды дамытуға және тереңдетуге мүдделiлiктi назарға ала отырып,
      Үкiметтiң "Қазақстан Республикасы, Алматы облысының Тамғалы кешенiн зерделеу, сақтау және ұстау" жобасын iске асыруға ЮНЕСКО-дан көмек сұрағанын назарға ала отырып,
      ЮНЕСКО-ның Бас директоры Бас конференциямен ЮНЕСКО-ның мақсаттарына, саясатына және iс-қимылына сәйкес келетiн қызметтi жүзеге асыру мақсатында донорлардың мақсатты қаражатын қабылдауға уәкілеттi болғанын басшылыққа ала отырып,
      ЮНЕСКО-ның жобаны жүзеге асыруға Үкiметке қайтарымсыз көмек көрсетуге мүмкiндiк беруi ЮНЕСКО-мен Келiсiм негiзiнде Норвегия Үкiметi ЮНЕСКО үшiн қаржыландыруды ашатындығын ескере отырып, Үкiмет пен ЮНЕСКО төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап. Мақсаты мен сипаттамасы

      Қазақстан Республикасы, Алматы облысының Тамғалы кешенiн зерделеуге, сақтауға және ұстауға жәрдемдесу мақсатында кешендi ғылыми-мәдени зерттеулер ұйымдастыру, археология объектiлерiн консервациялау және мұражайландыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыру, кешендi тұрақты күту мен өңiрде туристiк қызметтi дамыту үшiн тарихи және этно-мәдени ортаны қалпына келтiру және дамыту жолымен осы жоба мынадай әрекеттердi жүзеге асыруды көздейдi:
      1) кешендi ғылыми, соның iшiнде археологиялық, тарихи-мәдени, геоморфологиялық, дендрологиялық, ландшафты-топографиялық және басқа да зерттеулер жүргiзу;
      2) Тамғалы кешенi аумағының тарихи-қала құрылысы жобаларын әзiрлеу, құлап бүлiнуге жақындаған петроглифтердi консервациялау, әулие орындардағы тас плиталар мен террасаларды нығайту, ежелгi қоныстарды, қорымдар мен басқа да археология объектiлерiн мұражайландыру, тарихи орта мен ландшафты қалпына келтiру және дамыту;
      3) Тамғалы кешенi петроглифтерiнiң заңды және табиғи қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ тиiмдi кезек күттiрмейтiн және ұзақ уақыт қорғау шаралары арқылы әрi қарай бүлiнуiн болдырмау жөнiндегi жұмыстарды жүзеге асыру;
      4) ескерткiштердi консервациялау мен басқару және туризм саласындағы қазақстандық және халықаралық мамандар мен студенттердiң ынтымақтастығын тереңдету, сондай-ақ қазақстандық мамандарды халықаралық стандарттарға үйрету;
      5) өңiрдегi бақылаудағы туризмдi көтермелеу, жәрдемдесу және бiртіндеп кеңейту, сондай-ақ осы және Қазақстанның басқа да тарихи және мәдениет ескерткiштерi туралы хабардарлықты ұлттық және халықаралық деңгейге көтеру;
      6) Тамғалы кешенiн қамқорлыққа алуға жергiлiктi халықты тарту.

2-бап. Yкiметтiң мiндеттемелерi

      Үкiмет осы жоба шеңберiнде жобаның сипаттамасына және жұмыстардың бағдарламаларына сәйкес барлық шараларды қабылдайды және қажет болған жағдайда жобаға тиiстi көмектi қамтамасыз етедi, атап айтқанда:
      1) Тамғалы кешенi бойынша жобаны жүзеге асыру мақсатында ЮНЕСКО-мен келiсе отырып, ұлттық сарапшылар тобын тағайындайды;
      2) жобаның ғылыми, экспериментальдық және материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету жөнiндегi қажет шаралар қабылдайды, қажеттi институционалды қолдау көрсетедi, жобаны орындау кезеңiнде ЮНЕСКО-ның үлесiне кiрмеген көп реттi сырттан келу визаларын бередi;
      3) ЮНЕСКО-ңың үлесi есебiнен орны толтырылмайтын қажет iс-қимылды және инвестицияларды орындау мақсатында республикалық бюджеттен қаржыландыруды қоса алғанда, жобаны жүзеге асыруға қатысады;
      4) жобаны жүзеге асыру кезеңiнде Тамғалы кешенiн заңды және табиғи қорғауды және ұстауды қоса алғанда, күзетудi, күзет аймағы шекараларын және жобамен бойынша белгiленген аумақтардағы ескерткiштi ұстау режимiн бекiтудi қамтамасыз етедi;
      5) Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес Тамғалы кешенiн күзету аумағы мен режимдiк аймақтарындағы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау мәселелерiн шешедi (осы заманғы құрылыстарды, қоқыс үйiндiлерiн, темiр-бетон тiреулерiн, электр берiлiсi желiлерiн бұзу);
      6) дала жұмыстарын жүргiзу кезiнде қолайлы жағдай жасайды және жобаны орындаушыларды техникалық және коммуникациялық құралдарымен жабдықтайды;
      7) Тамғалы кешенiн ұлттық және халықаралық туризм индустриясы жүйесіне енгiзудi қамтамасыз етеді;
      8) Тамғалы кешенi аумағында жол-көлік және туристiк-ғибадат инфрақұрылымының дамуын қамтамасыз етедi.

3-бап. ЮНЕСКО-ның мiндеттемелерi

      1. Жобаны iске асыру мерзiмі iшiнде және 101 990 АҚШ долларына бағаланған бюджет шеңберінде ЮНЕСКО:
      1) жобалық жұмыстардың орындалуы мен бақылануы үшiн талап етiлетiн келiсiм шарттарды дайындайды;
      2) жобаның орындалуын бақылайтын болады;
      3) техникалық және әкiмшiлiк қолдауды қамтамасыз етедi, жобаның орындалуын жеңiлдету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды және Қазақстанның тиiстi мекемелерi мен мемлекеттiк органдары, сондай-ақ сол объектідегi басқа да ұйымдары орындайтын жұмысты үйлестiретiн болады.
      2. Жоғарыдағы осы баптың 1-тармағында сипатталған ЮНЕСКО-ның жәрдемдесуі Норвегия Үкiметi жобаны iске асыруға бөлетiн қаражат құралының болуына және ЮНЕСКО-ның Бас Конференциясының шешiмдерiне тәуелдi және ЮНЕСКО-ның нұсқаулықтарына, ережелерiне және ресiмдерiне сәйкес жүзеге асырылатын болады.
      3. Осы келiсiмге сәйкес Үкiмет пайдаланбаған немесе жобаның аяқталуы не тоқтатылуы бойынша жұмсалмаған ЮНЕСКО тарапынан осы Келiсiм шеңберiнде берiлген ЮНЕСКО-ның қаржы құралдары ЮНЕСКО-ның қандай да болса қосымша қаржыларымен қатар Норвегия Үкiметiне қайтарылуы тиiс.

4-бап. Жабдықтар, материалдар мен жеткiзiлiмдер

      1. Осы Келiсiмге сәйкес берiлетiн барлық жабдықтар, материалдар мен жеткiзілiмдер тек қана жобаны iске асыруға бағытталуы тиiс. Жеке құны 1000 (бip мың) АҚШ долларынан асатын жұмсалмаған жабдықтар ЮНЕСКО-ның меншiгiнде қалуға, жабдықтар тiзiмiнде тiркелуге тиiс. Жоба аяқталғаннан кейiн ЮНЕСКО осындай жабдықтарға ресми құқықтарды беру туралы шешiм қабылдау үшiн Норвегия Үкiметiмен консультация жүргiзедi. Барлық өзге де жабдықтарға, материалдар мен жеткiзiлiмдерге құқық Тамғалы кешенiне жеткiзу кезiнде Үкiметке берiлген болып саналады.
      2. ЮНЕСКО материалдар мен жеткiзілімдер нысанында көмек көрсеткен жағдайда, Үкiмет ЮНЕСКО-ның сарапшыларымен бiрлесiп, Қазақстанға енгiзу пунктiнен Тамғалы кешенiне дейiнгi кедендік тексерiстi, қабылдауды, тасымалдауды, өңдеудi, сақтауды жеңiлдету үшін барлық қажетті шараларды қолданады, ұқыптылықпен қарайды, техникалық қызмет көрсетедi, қажет кезiнде оны орнатады және монтаждайды.

5-бап. Басқа шарттар

      1. ЮНЕСКО-ның көмегi Үкiметтiң Бiрiккен Ұлттар Ұйымының басқа агенттiктерiнен, екі жақты бағдарламалардан немесе жеке меншiк қорлардан қосымша көмек қабылдайтынын жоққа шығармайды.
      2. Үкiмет ЮНЕСКО-ға осы жобаны орындауға байланысты осындай көмектiң ұсынылуы немесе түсуi туралы ақпаратты берiп отырады.

6-бап. Ақпарат және есептер

      1. Үкімет ЮНЕСКО-ға жоба туралы ЮНЕСКО-ға керек болуы мүмкiн ақпаратты бередi.
      2. Үкiмет қаржылық есептi, есептi кезеңдегi орындалған жұмыстың егжей-тегжейiн және келесi есептi кезеңнiң iшiнде жоспарланған жұмыстарды қоса алғанда, қол жеткiзiлген нәтижелер туралы алдыңғы тармақ үшiн шектеусiз болатын алты айлық есептер берiп отырады.
      3. Жобаның орындалу сапасы мен дәрежесiн растау және тексеру мақсатында Үкімет ЮНЕСКО-ға немесе оның уәкiлеттi өкіліне (өкілдерiне) жобалық объектiге және кез келген тиiстi қаржылық есептер мен құжаттамаларға қол жеткiзуге мүмкiндiк бередi. Мұндай есептер мен құжаттаманы Үкiмет ЮНЕСКО үшiн ашық қалдырады және жоба аяқталған немесе тоқтатылған соң ең кемiнде бес жыл сақталады.

7-бап. Артықшылықтар мен иммунитеттер

      1. Үкiмет ЮНЕСКО-ға, оның меншiгiне, қорлары мен мүлкiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының резиденттерiнен басқа, ЮНЕСКО атынан қызмет атқарушы лауазымды тұлғалар мен сарапшыларға БҰҰ-ның 1947 жылғы 21 қарашадағы мамандандырылған мекемелердiң артықшылықтары мен иммунитеттерi туралы Конвенция мен оған IV Қосымшаның ережелерiн қолданады, әсiресе, ЮНЕСКО-ның лауазымды тұлғаларының, сарапшылардың және ЮНЕСКО атынан осы жобаның шеңберiнде қызмет атқаратын басқа да тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағына, келу онда болу және одан кету құқықтарына, егер бұл Қазақстан Республикасының ұлттық және экономикалық қауiпсiздiгiне қатер тудырмаса, олардың азаматтығынан тәуелсiз, ешқандай шектеу қойылмайтындығы мойындалатын болады.
      2. ЮНЕСКО-ның осы Келiсiм шеңберiнде өзiнiң қызметiн жүзеге асыру мақсатында қазақстандық Тарап:
      1) ЮНЕСКО-ның активтерiне қатысты ғимараттарды (үй-жайларды) Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгiленген салықтардан;
      2) осы жобаны iске асыруға қажеттi тауарлар түрiндегi ЮНЕСКО-ның активтерiн Қазақстан Республикасының кеден және салық заңнамаларымен белгiленген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) импорты (экспорты) кезiнде алынатын кедендiк баждар мен салықтардан;
      3) ЮНЕСКО-ға берілетiн автокөлiк құралдары, ұйымдастыру техникасы, кеңселiк жиhаз, зертханалық және арнайы жабдықтар (Қазақстандағы Тамғалы кешенiнiң петроглифтерiн консервациялауға және жаңғыртуға арналған) мен олардың жинақтаушылары түрiндегi тауарлардың импортына (экспортына) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тыйымдар мен шектеулерден босату жөнiнде іс-қимыл қолданады.
      3. Үкiмет осы Келiсiмге сәйкес жүргiзiлетiн iс-шараларға жәрдемдесу үшiн қажеттi шараларды қабылдайды және ЮНЕСКО-ға әрi оның қызметкерлерiне, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның атынан немесе оның тапсырмасы бойынша қызмет көрсетушi басқа адамдарға жобаны жылдам және тиiмдi орындау үшiн жағдайлар жасайды, атап айтқанда:
      1) қажеттi бұрыштама, лицензиялар немесе рұқсаттар берудi жылдамдатуды;
      2) жобалық нысанға қол жеткiзудi және қажеттi құқықтарды;
      3) Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес жобаның тиiсiнше орындалуы үшiн қажеттi шегiнде ел iшiнде, елге келу немесе елден кету шектерiнде емiн-еркiн жүрiп-тұру бостандығын;
      4) осы Келiсiмге қатысты жабдықтарды, материалдар мен жеткiзілімдердi әкелу және кейiннен әкетуге қажеттi рұқсаттарды;
      5) ЮНЕСКО-ның лауазымды тұлғаларынан немесе ЮНЕСКО атынан қызметтер атқаратын басқа тұлғалардың дербес пайдалануы мен тұтынуына арналып әкелуге қажеттi мүлiктердi және осы тектес мүлiктердi кейiн керi әкетуге қажеттi рұқсаттарды қамтамасыз етедi.
      4. Үкiмет үшiншi тұлғалардың ЮНЕСКО-ға оның мүлiгi мен қызметкерiне немесе ЮНЕСКО-ның атынан қызмет атқаратын басқа да тұлғаларға қоюы мүмкін кез келген кінәраттарын қорғау үшiн жауапкершiлiк алады және ЮНЕСКО, оның мүлiгi, қызметкерi мен басқа да тұлғалары үшiн кез келген талаптар мен кiнәраттар жағдайында, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен ЮНЕСКО мұндай талаптар мен кiнәратты оның қызметкерi мен басқа да адамдарының ұқыпсыздығының немесе қасақана iс-әрекетiнiң нәтижесi деп танығаннан басқа жағдайларды қоспағанда, осы Келiсiм шеңберiнде орындалатын жұмыстардың мүмкiн салдарлары үшiн зиянның болмауын қамтамасыз етуге тиiс.

8-бап. Қорытынды ережелер

      1. Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап уақытша қолданыста болады және оның күшiне енуi үшiн қажеттi тиiстi iшкi мемлекеттiк рәсiмдердiң қазақстандықтар тарапынан орындалуы туралы жазбаша хабарламаны ЮНЕСКО алған уақыттан бастап күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiмге өзара келiсушіліктер бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, ол арнайы Хаттамалармен ресiмделедi және осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады. Әр тарап, басқа Тараптың осы Келiсiмге өзгерiстер енгiзу үшiн кез-келген ұсыныстарын тиiстi назар аудара отырып қарайды.
      3. Осы Келiсiм Тараптардың бiрi екiншi Тарапты жазбаша хабардар еткеннен кейiн тоқтатылуы және 90 (тоқсан) күн өткен соң осындай хабарламаны алған күннен кейiн өз күшiн жоюы мүмкiн.
      4. Осы Келiсiмге сәйкес Тараптар қабылдаған мiндеттемелер осы Келiсiм күшiн жойғаннан кейiн ЮНЕСКО-ның қызметкерiн, қаражаты мен мүлiктерiн керi шақырып алу талабы мен Тараптар арасындағы есеп-айырысуларды реттеу көлемiнде орындалатын болады.

      200__ жылғы "____" _______ әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тiлдерiнде екi дана түпнұсқада жасалды, барлық мәтiннiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру бойынша даулар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнедi.

      Қазақстан Республикасының        Бiрiккен Ұлттар Ұйымы үшiн
          Үкiметi үшiн                 Бiлiм, ғылым және мәдениет
                                           мәселелерi жөнiндегi
                                              "ЮНЕСКО" үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады