Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің экспорттық бақылауының бiрыңғай тәртiбi туралы келiсімдi жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 24 қазандағы N 1075 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      1. Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң экспорттық бақылауының бiрыңғай тәртiбi туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары Сауат Мұхаметбайұлы Мыңбаевқа келiсiм жобасына қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң экспорттық бақылауының бiрыңғай тәртiбi туралы келiсiмдi жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің
экспорттық бақылауының бiрыңғай тәртiбi туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Еуразия экономикалық қоғамдастығына (ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердiң Үкiметтерi,
      Еуразия экономикалық қоғамдастықты құру туралы 2000 жылғы 10 қазандағы шартқа , Кеден одағы мен Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк туралы 1999 жылғы 26 ақпандағы шартқа және Кеден одағын қалыптастыру кезiнде тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шаралары туралы 1997 жылғы 22 қазандағы келiсiмге негiздей отырып,
      бiрыңғай экономикалық және кедендiк кеңістiктiң тиiмдi жұмыс iстеуi үшiн қолайлы жағдайлар жасауға ұмтыла отырып,
      бiр бiрiмен және үшiншi мемлекеттермен теңдестiрiлген, өзара тиімдi сауда және ғылыми-техникалық байланыстарды дамытуға жәрдемдесудi ниет ете отырып,
      жаппай қырып-жою қаруы мен оны зымырандық жеткiзу құралдарын таратпау қағидаттарына өз ұстанымын растай отырып,
      ұлттық мүдделер мен өз мемлекеттерiнiң қауіпсiздiгiн қорғауды қамтамасыз етудің қажеттiлiгінен көрiне отырып,
      мыналар туралы келiстi:

1-бап

      Тараптар өз мемлекеттерiн де жаппай қырып-жою қаруы мен оны зымырандық жеткiзу құралдарын, өзге де қару-жарақтар мен әскери техника түрлерiн (бұдан әрi - экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялар) жасау кезiнде пайдаланылуы мүмкiн шикiзаттардың, материалдардың, жабдықтардың, технологиялар мен қызметтер көрсетудiң жеке түрлерiне қатысты сыртқы экономикалық қызметтi реттейтiн үйлестiрiлген нормалар мен ережелердiң жиынтығын және осы нормалар мен ережелерi бiркелкi қолданылуын өзiне қамтитын экспорттық бақылаудың бiрыңғай тәртібiн белгiлеудi қамтамасыз етедi.

2-бап

      Тараптар осы Келiсiмге және өз мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес жаппай қырып-жою қаруын және оны зымырандық жеткiзу құралдарын таратпау, сондай-ақ экспорттық бақылау саласындағы халықаралық шарттар бойынша өз мемлекеттерiнiң мiндеттемелерi үшiн зиянсыз экспорттық бақылаудың бiрыңғай тәртiбiн iске асыруды қамтамасыз етедi.
      Тараптар экспорттық бақылауды жүзеге асыруға уәкілеттi өз мемлекеттерiнiң органдарын (бұдан әрi - Тараптардың уәкiлеттi органдары) айқындайды және бұл туралы басқа Тараптарды осы Келiсiмнiң депозитарийлары арқылы хабардар етедi.

3-бап

      Экспорттық бақылаудың халықаралық режимдерiн реттейтiн, халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес келетiн, экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялардың үлгілiк тiзiмдерiн ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетi әзiрлейдi және оларды үкiмет басшылары деңгейiндегi ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық Кеңесi бекiтедi.
      Тараптар лицензиялау немесе мемлекеттiк реттеудiң өзге де нысанын, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң аумағынан тысқары шығарылатын тауарлар мен технологияларды кедендiк бақылау мен кедендiк реттеудi көздейтiн үлгiлiк тiзімдерге енгiзiлген тауарлар және технологиялармен сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асырудың рұқсат ету тәртiбiн белгiлеудi қамтамасыз етедi.

4-бап

      Тараптар сыртқы экономикалық қызметтiң қатысушыларының осы тауарлар мен технологиялар жаппай қырып-жою қаруы мен оның зымырандық жеткiзу құралдарын жасау кезiнде пайдаланылуы мүмкiн деп болжам жасауға негiздерi болса, не осы туралы Тараптардың уәкiлеттi органдары немесе өз мемлекеттерiнiң өзге де құзыреттi органдары хабардар етiлсе, үлгiлiк тiзiмдерге енгiзiлген тауарлар және технологиялармен сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асыруға рұқсат ету тәртiбiн белгiлеудi қамтамасыз етедi.

5-бап

      Тараптар ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында осы Келiсiмнiң 3 және 4-баптарында көрсетiлмеген тауарлар мен технологиялардың сыртқы экономикалық операцияларын жүзеге асыруға рұқсат ету тәртiбiн енгiзуi мүмкiн.
      Осы ретте, осындай шектеу шараларын енгiзу туралы шешiм қабылдаған Тарап осы Келiсiмнiң депозитарийлары арқылы басқа Тараптарды осы туралы хабардар етедi.

6-бап

      Экспорттық бақылауға жататын (әкетуге рұқсат берiлген) тауарлар мен технологияларды әкетумен байланысты сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асыруға рұқсаттарды мемлекеттiң аумағы олар үшiн осы мемлекеттiң заңнамасымен белгiленген тәртіппен тұрақты орналасқан жер (тұрғылықты жер) болып табылатын Тараптың уәкiлеттi органы сыртқы экономикалық қызметтiң қатысушысы бередi.
      Экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң аумағынан тысқары әкетуге рұқсат беру туралы өтiнiмге оның аумағынан осындай әкетудi жүзеге асыру болжанатын ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттi көрсете отырып, экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялардың шығу елiн куәландыратын құжаттар қоса берiледi.
      Басқа Тарап мемлекетi аумағынан жүзеге асырылатын экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды ЕурАзЭҚ-қа мүше-мемлекеттердiң аумағынан тысқары шығаруға рұқсат берген кез келген Тараптың уәкілеттi органы осындай рұқсаттың берiлгенi туралы сол басқа Тараптың уәкiлеттi органын хабардар етуге тиiс.
      Тараптар шығу елi басқа Тарап мемлекетi болып табылатын экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң аумағынан тысқары шығаруға рұқсаттарды осы басқа Тараптың уәкiлеттi органының жазбаша рұқсатынсыз беруге құқығы жоқ.
      Экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялардың шығу елi Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы шеңберiнде қабылданған тауарлардың шығу елiн айқындау ережелерiне сәйкес айқындалатын болады.

7-бап

      Экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң аумағынан тысқары шығаруға рұқсат беру туралы шешiмдердi қабылдау кезiнде Тараптардың уәкілетті органдары мыналарды:
      жаппай қырып-жою қаруын және оны зымырандық жеткiзу құралдарын таратпау, сондай-ақ экспорттық бақылау саласындағы өз мемлекеттерiнiң халықаралық мiндеттемелерiн;
      ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiн;
      көрсетілген тауарлар мен технологияларды пайдалану мақсатын;
      жаппай қырып-жою қаруын және оны зымырандық жеткізу құралдарын тарату қаупiмен байланысты тәуекелдердi;
      өз мемлекеттерiнiң заңнамаларында көзделген өзге де факторларды есепке алады.

8-бап

      Экспорттық бақылауға жататын тауарлар және технологиялармен сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асыру үшiн бақылау тәртiбiне жалпы талаптарын және оларды әкелуге берiлген рұқсаттың бiрыңғайландырылған нысанын ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетi осы Келiсiм күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде Тараптардың ұсыныстары негiзiнде әзiрлейдi және оны үкiмет басшылары деңгейiнде ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесi бекiтедi.
      Тараптар өз мемлекеттерiнiң заңнамаларын Экспорттық бақылауға жататын тауарлар және технологиялармен сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асыру үшiн бақылау тәртiбiне жалпы талаптармен сәйкес келтiрудi және оларды әкелуге берiлген рұқсаттың бiрыңғайландырылған нысанын енгiзудi олар бекiтiлген күннен бастап алты ай iшiнде қамтамасыз етедi.

9-бап

      Кез келген тараптың уәкiлеттi органы әкетуге берген рұқсат ЕурАзЭқ-қа мүше барлық мемлекеттердiң аумағында әрекет етедi.
      Тараптар осы Келiсiмнiң депозитарийлары арқылы әкетуге рұқсатқа қол қоюға уәкiлеттi лауазымды тұлғалардың тiзiмдерiмен, сондай-ақ мұндай рұқсаттар куәландырылатын қолдардың және мөрлер бедерлерiнiң үлгiлерiмен алмасады.

10-бап

      Әрбiр Тараптың уәкiлеттi органы өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасында көзделген негiзде экспорттық бақылауға жататын тауарлар және технологияларды әкетуге рұқсат беруден бас тартуға, сондай-ақ оларға берiлген рұқсаттың шартты күшiн жоюға, тоқтата тұруға немесе өзгертуге құқылы.
      Басқа Тараптың аумағында жүзеге асыру болжалынған экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң аумағынан тысқары шығаруға берiлген рұқсаттарды жою, сондай-ақ мұндай рұқсаттардың әрекет ету шарттарын тоқтату немесе өзгерту туралы шешiм қабылдаған әрбiр Тараптың уәкiлеттi органы сол басқа Тараптың уәкiлеттi органын бұл жөнiнде хабардар етедi.

11-бап

      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң аумағынан әкетiлетiн экспорттық бақылауға жататын тауарлар және технологияларды кедендiк ресiмдеу және кедендiк бақылау ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кеден ісі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте мұндай тауарлар мен технологияларға кедендiк ресiмдеу өткiзудiң қажеттi шарты кез келген тараптың уәкiлеттi органы әкетуге берген рұқсат болып табылады.
      Кедендiк ресiмдеудi өткiзу кезiнде сыртқы экономикалық қызметтiң қатысушысы әкетуге рұқсаттың кедендік ресiмдеу жүзеге асырылатын мемлекет аумағындағы ЕурАзЭҚ-қа мүше елдiң мемлекеттiк тiлiнде куәландырылған аудармасын ұсынады.

12-бап

      Әрбiр Тараптың уәкiлеттi органы әкетуге рұқсатты ресiмдеу кезiнде осы Келiсiмнiң 7-бабында көрсетiлген факторлар толық көлемде есепке алынбаған немесе осы Келiсiмнiң 6-бабында көзделген шарттың орындалмаған белгілерi болса экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды өз мемлекетiнiң аумағынан ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердiң аумағынан тыс шығаруын тоқтата тұруға құқылы. Бұл ретте әкетуге рұқсат берген Тараптың уәкiлетті органымен ол осы Келiсiмнiң 10-бабына сәйкес шаралар қабылдауы үшiн консультация жүргiзiлуi тиiс.
      Егер әкетуге рұқсат берген Тараптың уәкiлеттi органы оны күшiнде қалдырса, экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердiң аумағынан тысқары шығару, Тараптың уәкiлеттi органы әкету жүзеге асырылатын мемлекет аумағынан осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген әрекеттердi қабылдау құқығын пайдаланған жағдайларды қоспағанда, дереу жүзеге асырылады.
      Кез келген Тараптың уәкiлеттi органы егер мұндай әкету ұлттық мүдделерге зиян келтiруi мүмкiн болса не жаппай қырып-жою қаруы мен оны жеткiзудiң зымырандық құралдарын таратпау, сондай-ақ экспорттық бақылау саласындағы халықаралық мiндеттемелерге қайшы келетiн болса, келесi Тараптың уәкiлеттi органы әкетуге берген рұқсаттың тiптi тиiсiнше ресiмделуi болуы кезiнде де экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды әкетуге кедергi жасауға құқылы. Бұл ретте экспорттық бақылауға жататын тиiстi тауарлар мен технологиялар оларды әкетудi жүзеге асыруды жоспарлаған сыртқы экономикалық қызмет қатысушысының қарамағында қалады, ал әкетуге рұқсат берген Тараптың уәкілеттi органы қабылданған әрекеттер туралы дереу хабарлануы тиiс.

13-бап

      Экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялар ЕурАзЭҚ-қа мүше бiр мемлекеттiң аумағынан ЕурАзЭҚ-қа мүше екiншi мемлекеттiң аумағына еркiн орналасады.
      Экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялардың жекелеген түрлерiне қатысты кез-келген Тарап өздерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес өз мемлекетiнiң аумағынан ЕурАзЭҚ-қа мүше басқа мемлекеттердiң аумағынан өтуге шектеулердi мынадай:
      бұл халықаралық шарттар мен жаппай қырып-жою қаруы мен оларды жеткiзудiң зымырандық құралдарын таратпау, сондай-ақ экспорттық бақылау саласында халықаралық шарттар бойынша мiндеттемелердi орындау үшiн не өз мемлекетiнiң ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажет;
      олардың соңғы баратын жерi ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер аумағынан тысқары орналасқаны белгiлi болған жағдайда енгiзедi.
      Осы бапқа сәйкес шектеулердi енгiзетiн шешiмдi қабылдаған Тарап осы Келiсiмнiң депозитарийлары арқылы бұл туралы басқа да Тараптарды хабардар етуi тиiс.

14-бап

      Тараптар осы Келiсiмнен туындайтын мiндеттердi орындауды қамтамасыз ететiн тиiстi шаралар қабылдайды.
      Осы мақсатта әрбiр Тарап өз уәкiлеттi органдарына тиiстi өкiлдiк бередi, сондай-ақ экспорттық бақылау саласындағы өз мемлекетiнiң заң бұзушылықтың нақты түрлерiне жауапкершiлiк белгiлеу үшiн қажеттi әрекет жасайды.
      Тараптар экспорттық бақылау саласындағы өз мемлекеттерiнiң заң бұзушықтарын айқындауға және жолын кесуге ынтымақтасады және бiр бiрiне жәрдем көрсетедi.

15-бап

      Тараптар экспорттық бақылау саласында ақпараттар алмасу мақсатында сарапшылар деңгейiнде, оның iшiнде осы Келiсiмдi орындау үшiн қабылданған ұлттық нормативтiк құқықтық кесiмдер туралы ұдайы консультациялар жүргiзедi.

16-бап

      Әрбiр Тарап ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер аумағынан тысқары экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды әкету туралы ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етедi. Мұндай ақпаратты тек қана экспорттық бақылауды жүзеге асыру мақсатында Тараптар қолданады және экспорттық бақылаудың халықаралық режимiн реттейтiн халықаралық шарттар да көзделген жағдайда ғана осы Келiсiмге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттерге берiлетiн болады.
      Қандай да бiр Тараптың оған осы Келiсiмнiң шеңберiнде берiлген ақпараттарды үшiншi тарапқа беруi мұндай ақпарат берген Тараптың келiсiмi бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.

17-бап

      Осы Келiсiмге жекелеген Хаттамалармен ресiмделетiн, осы Келiсiмнiң 21-бабына сәйкес күшiне енетiн Тараптардың өзара келiсiмi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілуi мүмкiн.

18-бап

      Осы Келiсiмдi түсiндiруге және/немесе қолдануға байланысты келiспеушiлiктер мүдделi Тараптардың консультациялар мен келiссөздер жүргiзуi жолымен шешіледі.

19-бап

      Осы Келiсiмнiң әрекетi қару-жараққа және әскери техникаға, сондай-ақ әскери мақсаттағы өзге де өнiмдерге қатысты Тараптардың сыртқы экономикалық қызметiне қолданылмайды.

20-бап

      Кез келген Тарап одан шыққанға дейiн өзiнiң ниетi туралы алты айдан кешiктiрмей депозитарийге жазбаша хабарлама жiбере отырып, осы Келiсiмнен шыға алады.
      Осы Келiсiмнiң депозитарийi ЕураАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетi болып табылады.

21-бап

      Осы Келiсiм ЕураАзЭҚ-тың бiрыңғай кедендiк аумағын құру туралы халықаралық шарттың күшiне енген күнiнен бастап күшiне енетiн осы Келiсiмнiң 9-бабының бiрiншi бөлiгiнен, 10-бабының, 11-13-баптарының екiншi бөлiгiнен басқа, оның күшiне енуiне қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағандығы туралы депозитарий бесiншi хабарды алған күнiнен бастап күшiне енедi.

      жылғы "__" __________ орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы, осы Келiсiмге қол қойған әрбiр Тарапқа оның көшiрмесiн жiберетiн ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетiнде сақталады.

      Беларусь Республикасының
      Үкiметi үшiн

      Қазақстан Республикасының
      Үкiметi үшiн

      Қырғыз Республикасының
      Үкiметi үшiн

      Ресей Федерациясының
      Үкiметi үшiн

      Тәжiкстан Республикасының
      Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады