"Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 6 қарашадағы N 1101 қаулысы

       Ескерту. Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентiнен кері қайтарып алынсын - ҚР Үкіметінің 2004.11.10. N 1174  қаулысымен .

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      "Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Pecпубликасының
      Премьер-Министрі

  жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы
"Қазақстан Республикасында азаматтардың
денсаулығын сақтау туралы"

      Осы Заң Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негiздерi мен кепілдігін белгілейді, азаматтардың денсаулығын сақтауға конституциялық құқығын мемлекеттiк органдардың, меншік нысандарына қарамастан жеке және заңды тұлғалардың iске асыруға қатысуын реттейдi.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      анатомиялық сый - ағзалар мен тiндер беру;
      биологиялық өлiм - өмiрлiк маңызды функциялар қайтымсыз сөнген кездегi организм тіршілігінің тоқтауы, организм тiрi жүйесiнiң өмiр сүруiнің соңғы сатысы;
      тегiн медициналық көмектiң кепілдендірілген көлемi - Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына көрсетiлетiн медициналық көмектiң Қазақстан Республикасының бүкiл аумағындағы бiрыңғай көлемi;
      гомеопатия - науқастарды дәрілік заттардың аз мөлшерімен емдеу әдісi;
      ерiктi медициналық сақтандыру - тегін медициналық көмектің кепiлдендiрiлген көлемінен тыс азаматтарға қосымша қызметтер көрсету жөніндегi тараптардың ниет білдiру күшiн жүзеге асыратын сақтандыру;
      донор - қабылдаушыға донорлық қан, оның құрамдас бөлiктерiн құю, ер адамның донорлық материалын (ұрығын) алу немесе ағзаны (ағзаның бөлiктерiн) немесе тiндердi ауыстырып қондыру жүргiзiлетiн адам, адамның мәйiтi, жануар;
      инсеминация - ер адамның донорлық материалын (ұрығын) әйелдiң жыныс жолына жасанды түрде енгiзу;
      апаттар медицинасы - табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда халыққа шұғыл медициналық көмек қызметi;
      медициналық оңалту - аурулар мен мүгедектердің бұзылған немесе жоғалтылған қызметi мен денсаулығын қалпына келтiруге бағытталған емдік шаралардың әсер ету кешенi;
      азаматтардың денсаулығын сақтау - денсаулықты сақтау мен нығайтуға, аурудың алдын алу мен емдеуге, азаматтардың өмiрiнің сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік, қоғамдық, әлеуметтiк-экономикалық және медициналық iс-шаралардың кешенi;
      патогенетикалық препараттар - науқастың негiзгi ауруымен шартталып дамитын ауруларды емдеу үшін пайдаланылатын дәрiлік заттар;
      мерзiмдiк хаттамалар - науқастың нақты ауруын осы кезеңдегi медициналық ғылым мен практиканың жетістіктеріне негiзделген тексеру мен емдеудің міндеттi көлемінің тізбеci;
      мiнез-құлық айнуы - психогендiк факторлар туғызған және қозғалтқыш, әсерленгіш-жігерлілiк пен ойлағыштық актілерінің ауытқыланып көрінетін адамның мінез-құлқының бұзылуы;
      психикалық белсенді заттар - бiр мәрте қабылдағанда адамның психикалық және физиологиялық функцияларына, мiнез-құлқына әсер ететiн, ал ұзақ пайдаланған кезде психикалық және физикалық тәуелділіктi туғызатын химиялық заттар;
      реципиент - донорлық қан, немесе оның құрамдас бөлiктерi құйылатын, ер адамның донорлық материалы (ұрығы) енгiзiлетiн не донордан ағза (ағзаның бөлiктерi) немесе тiндер ауыстырылып қондырылатын емделушi;
      трансплантация - тiндер мен ағзаларды организмнің басқа жерiне немесе басқа организмге қайта қондыру, көндiктiру;
      эвтаназия - науқастың қандай да бiр дәрілік немесе басқа заттарды енгiзу, соның ішінде тiршілігін сақтау жөніндегi жасанды шараларды тоқтату арқылы және ауыртпайтын өлiм жасау туралы өтiнiшiн қанағаттандыру.

       2-бап. Қазақстан Республикасында азаматтардың
             денсаулығын сақтау туралы заңнамасы

      1. Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы Қазақстан Республикасының Заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актерлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңда бар нормалардан өзге де нормалар белгiлеген болса, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.

       3-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы
             мемлекеттiк саясаттың қағидаттары

      Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк саясаты мынадай негiзi қағидаттардың негiзінде жүргiзiледі:
      1) тегiн медициналық көмектiң кепiлдендiрілген көлемiнiң қолжетімділігi мен сабақтастығы;
      2) денсаулығын жоғалтқан жағдайда азаматтардың әлеуметтiк қорғалуы;
      3) медициналық-санитарлық және медициналық-әлеуметтiк iс-шаралардың ғылыми негiздемелігi және алдын алу бағыттылығы;
      4) азаматтардың өз денсаулығы мен айналадағы адамдардың денсаулығын сақтауға және нығайтуға жауаптылығы.

       4-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң азаматтардың
             денсаулығын сақтау саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы бiрыңғай мемлекеттік саясатты әзiрлейді және iске асырады;
      азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы бағдарламаларды бекітедi;
      азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесi бойынша орталық және басқа да атқарушы органдардың қызметiн басқарады;
      әлеуметтік елеулi аурулар мен айналадағыларға қауiп төндiретiн аурулардың, сондай-ақ көрсетiлген аурулардан зардап шегушi азаматтарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудегi жеңiлдiктер тізбесін бекітеді;
      мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторында емдеуге тыйым салынған аурулардың тiзбесiн белгiлейдi;
      Қазақстан Республикасынан тыс емделуге Қазақстан Республикасы азаматтарын жiберу ережесiн белгiлейдi;
      Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

       5-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның
             құзыретi

      Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлетті орган:
      азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясатты жүргiзедi;
      азаматтардың денсаулығын сақтау бойынша мемлекеттiк, салалық бағдарламаларды iске асыру жөнінде қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
      республикалық мемлекеттiк медициналық, ғылыми-зерттеу және санитарлық-эпидемиологиялық ұйымдардың қызметiн үйлестiреді;
      аумақтық денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының, меншiк нысандарына қарамастан қызметiн бақылауды жүзеге асырады;
      халықтың денсаулық жағдайын талдайды;
      науқастардың ауруын айқындау мен емдеудің мерзiмдік хаттамаларын бекiтедi;
      айналадағылар үшiн қауiп төндiретiн аурулардың алдын алудың арнайы шараларын жүргiзу ережесiн белгiлейдi;
      науқастарға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетудi қамтамасыз етедi;
      уақытша еңбекке жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру ережесiн белгілейдi;
      әйелдердің жүктi болуының алдын алу үшiн хирургиялық стерилизация жасаудың медициналық айғақтарының тiзбесiн белгілейдi;
      мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесе отырып, жыныстық ұқсастандыру бұзылулары бар адамдардың жынысын ауыстыруды жүргiзу ережесiн белгiлейдi;
      азаматтарға гомеопатиялық көмек көрсету ережесiн белгiлейдi;
      тегiн медициналық көмектің кепілдендiрiлген көлемi шеңберінде дәрiлiк көмек көрсету үшiн тағайындалған негiзгi (өмiрлiк маңызды) дәрiлiк заттардың тiзiмiн бекiтедi;
      мемлекеттiк меншiк құқығына негiзделген медицина ұйымдарын орталықтандырылып сатып алынған туберкулез бен диабетке қарсы препараттармен қамтамасыз ету ережесiн бекiтедi;
      туберкулезбен ауыратын науқастарды республикалық медицина ұйымдарында емдеу үшiн қажеттi патогенетикалық препараттардың тізбесiн белгiлейдi;
      қан және оның құрамдас бөлiктерiн дайындауды, қан препараттарын өндiрудi ұйымдастырады;
      халықты егу үшін вакциналар мен басқа да медициналық иммунобиологиялық препараттарды орталықтандырылған сатып алуды жүзеге асырады;
      төтенше жағдайлардың медициналық-санитарлық, салдарын жою жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау мен жүргiзудi, апаттар медицинасы саласында ғылыми зерттеулер жүргiзудi, апаттар медицинасы қызметiнiң құрылымдарына әдiстемелiк басшылық етудi, төтенше жағдайларда халықты және құтқарушы құрылымдарды медициналық көмек тәсілдерiне үйретудi жүргiзудi ұйымдастырады;
      клиникалық және медициналық-биологиялық байқау тәжірибесін жүргiзу, диагностика мен емдеудің жаңа әдiстерiн қолдану тәртiбiн белгiлейдi;
      адамның биологиялық өлiмiн анықтау критеийлерін белгiледi;
      патологоанатомиялық сою жүргiзу ережесiн белгiлейдi;
      тiндердi және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiгiн) алу, адамнан адамға, мәйiттен адамға және жануардан адамға ауыстырып қондыруды жүргiзу тәртiбi мен шарттары туралы ереженi бекітеді;
      физикалық немесе психикалық даму кемiстiгi бар, сондай-ақ АҚТҚ жұқтырған балаларды балалар үйiне және жалпыға бiрдей оқу-тәрбие беру ұйымдарына орналастыруға кедергi жасайтын медициналық айғақтардың тізбесiн белгілейді;
      орта арнайы және жоғары медициналық және фармацевтикалық бiлiмнiң сабақтастығын қамтамасыз етедi;
      медицина және фармацевтика кадрларын даярлаудың сапасын бақылауды жүзеге асырады;
      медицина, фармацевтика, ғылым және педагогика кадрларының қажеттілігін белгілейдi және қамтамасыз етедi.

       6-бап. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының
            азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы
            өкiлдiгi

      1. Қазақстан Республикасының облыстарындағы (республикалық маңызы бар қалалар, астаналар) жергiлiктi өкiлдi органдары:
      азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы өңiрлiк бағдарламаларды бекiтедi;
      әлеуметтiк-елеулi аурулардан зардап шегушi, сондай-ақ және айналадағылар үшiн қауiп төндіретiн адамдарды, төтенше жағдайлар кезінде халықты дәрiлік заттармен қамтамасыз етудің өңiрлiк бағдарламаларын бекiтедi;
      денсаулықты сақтауға және өңiрлiк бағдарламаларды iске асыруға арналған шығыстар бөлiгінде тиісті бюджеттердi орындау туралы есептердi бекiтедi.
      2. Облыстардағы (республикалық маңызы бар қалалар, астаналар) жергiлiктi атқарушы органдардың қарауына мыналар жатады:
      денсаулықты дамыту мен нығайтуға, халықтың саулығын қалпына келтiруге, аурулардың алдын алуға және санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылыққа жәрдемдесетiн халықтың тiршілігіне қажеттi жағдайлар кешенiн қамтамасыз ету;
      денсаулық сақтау саласын ресурстармен, кадрлармен, қаржымен қамтамасыз етудi, денсаулық сақтау жөніндегi мемлекеттік бағдарламаларды iске асыруға халықтың қатысуын ұйымдастыру;
      облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарының қызметiне басшылық ету және үйлестiру;
      салааралық ынтымақтастықты дамыту;
      сан салалы медицинаны және бұқаралық дене тәрбиесi-сауықтыру қозғалысын дамыту;
      әлеуметтік-елеулi аурулардан және айналадағылар үшiн қауіп төндiретiн аурулардан зардап шегушi адамдарды, төтенше жағдайлар кезінде халықты дәрілік қамтамасыз етудiң өңiрлiк бағдарламаларын iске асыру;
      халықты бастапқы медициналық-санитарлық (дәрiгерге дейiнгi және дәрiгерлiк), бiлiктi және мамандандырылған медициналық көмек көрсетумен, оның ішінде дәрілік қамтамасыз етудi қоса алғанда, әлеуметтiк-елеулi ауруларды және айналадағылар үшін қауіп төндiретiн аурулардың алдын алуды және емдеудi қамтамасыз ету;
      өңiрлiк медицина ұйымдарын диабетке қарсы препараттармен, денсаулық сақтау саласындағы уәкілеттi орган сатып алғандарды қоспағанда, қамтамасыз ету;
      қан және оның құрамдас бөлiктерiн дайындауды ұйымдастыру, өңiрлiк мемлекеттік медицина ұйымдарын қан препараттарымен қамтамасыз ету;
      туберкулезбен, қант диабетiмен ауыратын науқастарды емдеу үшiн патогенетикалық препараттармен, диабетпен ауыратын науқастарды қантты төмендететін препараттардың түймедақ нысандарымен, бүйректi ауыстырып қондырғаннан кейiн, лейкемиямен ауыратын балаларды дәрiлiк заттармен, онкологиялық науқастарды химиялық препараттармен, бүйрек функциясының жеткiлiксiздiгi бар науқастарды диализаторлармен және шығыс материалдарымен қамтамасыз ету.

       7-бап. Қазақстан Республикасында азаматтардың
             денсаулығын сақтау саласындағы қоғамдық
             бiрлестiктер

      Дәрiгерлер мен провизорлардың, орта медицина қызметкерлерiнiң, медициналық және фармацевтикалық өнiм өндiрушiлердiң кәсiби одақтары, қауымдастықтары, Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты Ай қоғамы және басқа да қоғамдық бiрлестiктер өздерiнiң жарғыларына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен азаматтардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз eтуге қатысады.

       8-бап. Жұмыс берушiлердiң азаматтардың денсаулығын
             сақтауды қамтамасыз ететiн жағдайлар жасау
             жөніндегi жауапкершiлігі

      Жұмыс берушiлер меншiк нысандарына қарамастан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
      экологиялық салауаттылық, азаматтардың салауатты еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын қамтамасыз ету;
      қоршаған және өндiрiстiк ортаның жай-күйi туралы мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарын хабардар ету;
      халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орындау;
      өндiрiстiң зиянды факторлары туралы халықты хабардар ету;
      өндiрiс себебi бойынша азаматтардың денсаулығына келтiрiлген зиян;
      азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғандығы үшiн жауапты болады.

  2-тарау. Қазақстан Республикасында азаматтардың
денсаулығын сақтауды ұйымдастыру

        9-бап. Халыққа медициналық көмектi ұйымдастыру

      1. Қазақстан Республикасында халыққа медициналық-санитарлық көмектi ұйымдастыру мен көрсетудi заңнамамен белгiленген тәртiппен денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган, облыстардағы (республикалық маңызы бар қалалар, астаналар) мемлекеттік денсаулық сақтауды басқару органдары, меншiк нысандарына қарамастан денсаулық сақтау ұйымдары және денсаулық сақтау жүйесiне енетiн жеке медицина практикасымен айналысатын жеке тұлғалар жүзеге асырады.
      2. Азаматтарға тегiн медициналық көмектің кепілдендiрілген көлемінің қолжетімдiлiгiн және алуды қамтамасыз ететiн мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнің негiзiн:
      фельдшерлiк пункт, фельдшерлiк-акушерлiк пункт;
      отбасылық және ауылдық дәрiгерлiк амбулатория, аумақтық емхана, ауылдық учаскелiк аурухана;
      орталық аудандық аурухана, аудандық аурухана, консультативтiк-диагностикалық емхана, диспансерлер, әйелдер консультациясы;
      облыстық және қалалық ауруханалар, облыстық диспансерлер;
облыстық (қалалық) консультациялық-диагностикалық орталық, ЖҚТБ орталығы, перзентхана, перинаталдық орталық, қан орталығы; жедел медициналық көмек ауруханалары мен станциялары, аумақтық апаттар медицинасы, сондай-ақ барлық деңгейдегi стоматологиялық клиникалар;
      республикалық емдеу-алдын алу ұйымдары мен орталықтар, ғылыми орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарының клиникалары құрайды.
      Заңды және жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген медицина ұйымдарының өзге де түрлерiн ашуға рұқсат етiледi.

       10-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық,
              экологиялық салауаттылығы мен радиациялық
              қауіпсiздігін қамтамасыз ету

      1. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық салауаттылығы мен радиациялық қауiпсiздiгi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттi органдардың және жұмыс берушiлердiң кешендi iс-шараларды жүргiзуi арқылы қамтамасыз eтедi.
      2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган, облыстардағы (республикалық маңызы бар қалалар, астаналар) мемлекеттiк денсаулық сақтауды басқару органдары, Қазақстан Республикасының ведомстволық медициналық қызмет органдары халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ауруды болдырмау және алдын алу мақсатында адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндіретiн экологиялық, табиғи, техногендік және өндірiстiк сипаттағы анықталған зиянды факторлар туралы хабардар етуге мiндеттi.

       11-бап. Азаматтарға медициналық-әлеуметтік көмек

      1. Азаматтарға медициналық-әлеуметтiк көмекке медициналық-әлеуметтік үлгiдегі ұйымдастыру, тұрғын үй-тұрмыстық жеңiлдiктердi ұсыну, жұмыс берушiлердiң жұмыс iстейтiндердi сауықтыру жөнiндегi ұсынымдарды орындауын қамтамасыз ету, ұтымды еңбек және тамақтану режимiн ұйымдастыру желiсін құру мен дамыту жөніндегi шаралар жүйесi жатады.
      2. Туа бiткен және жүре пайда болған жiтi және созылмалы аурулардан, сондай-ақ алған жарақаттардың салдарынан зардап шегуші азаматтарға тиiстi емдеу-алдын алу және сауықтыру ұйымдарында медициналық, дене шынықтыру, психологиялық және әлеуметтiк оңалту көрсетіледi.
      3. Әлеуметтiк-елеулi аурулардан және айналадағылар үшiн қауiп төндiретін аурулардан зардап шегетiн азаматтарға дәрілік қамтамасыз етудi қоса алғанда, медициналық-әлеуметтiк көмекті, диспансерлiк байқауды заңнамада белгіленген тәртiппен облыстардың (республикалық маңызды қалалар, астаналар) жергiлiктi өкiлдi қамтамасыз етедi.
      4. Мүгедектік тобы белгiленген азаматтарға тегiн медициналық көмектiң кепілдендірiлген көлемi шеңберінде мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары диагностикалық көмек көрсетеді.

       12-бап. Айналадағылар үшiн қауiп төндiретін аурулардың
               арнайы алдын алу шаралары

      Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк органдар мен денсаулық сақтау ұйымдары, медицина қызметкерлерi айналадағылар үшiн қауіп төндiретiн ауруларды (туберкулездi, психикалық және мiнез-құлық бұзылуды, венерологиялық ауруларды, алапестi, ЖҚТБ және карантиндiк жұқпаларды) анықтауды (оның ішінде жасырын ауруларды), сондай-ақ олардың арнайы алдын алу шараларын жүзеге асырады.

       13-бап. Туберкулезбен және диабетпен ауыратын
              науқастарға медициналық-санитарлық көмек
              көрсету

      1. Туберкулезбен ауыратын науқастар мiндеттi диспансерлiк бақылауға алынып, емделуге тиiс және тегiн медициналық көмектің кепілдiк берiлген көлемi шеңберінде санаторийлiк-курорттық еммен, қажеттi дәрiлiк заттармен қамтамасыз етіледi.
      2. Туберкулез микобактерияларын бөлетiн науқастар мiндеттi түрде ауруханаға жатқызылады, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етiледi.
      3. Диабетпен ауыратын науқастар тегiн медициналық көмектің кепілдендiрiлген көлемi шеңберінде міндеттi түрде диспансерлiк бақылауға алынып, емдеумен және қажеттi дәрiлік заттармен қамтамасыз етiледi.

       14-бап. Соз ауруларымен және ЖҚТБ-мен ауыратын
              науқастарға медициналық-санитарлық көмек көрсету

      1. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органдарының ұсынуымен облыстардың (республикалық маңызы бар қалалар, астаналар), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалар) мемлекеттiк денсаулық сақтауды басқару органдары мен денсаулық сақтау ұйымдары, облыстардың (республикалық маңызы бар қалалар, астаналар) жергілiктi атқарушы органдары соз ауруларымен және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарды уақытында анықтау және емдеу үшiн арнайы орталықтар, зертханалар, кабинеттер, ауруханалар мен диспансерлер ұйымдастырады.

       15-бап. Психикалық аурулардан және мiнез-құлық
              бұзылуларынан зардап шегетiн адамдарға
              медициналық-санитарлық көмек көрсету және
              оларды оңалту

      Психикалық және мiнез-құлық бұзылуларынан зардап шегетiн адамдарға медициналық-санитарлық көмек көрсету және оларды оңалту заңнамада белгiленген негiздемелерде және тәртiппен жүзеге асырылады.

       16-бап. Психикалық белсендi заттарды пайдалану
              салдарынан болған аурулардан зардап шегетiн
              адамдарға медициналық-санитарлық көмек көрсет у

      1. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органдар мен облыстардың (республикалық маңызы бар қалалар, астаналар) жергiлiктi атқарушы органдары психикалық белсендi заттарды пайдалану салдарынан болған аурулардың алдын алу және емдеу жөнiндегi шаралар жүйесiн қамтамасыз етедi.
      2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органдардың ұсынуымен облыстардың (республикалық маңызы бар қалалар, астаналар), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалар) мемлекеттік денсаулық сақтауды басқару органдары мен облыстардың (республикалық маңызы бар қалалар, астаналар) жергілікті атқарушы органдарының денсаулық сақтау ұйымдары жасырын емдеудi қоса ала отырып аталған аурулар санаттарын емдеу үшін арнайы кабинеттер, ауруханалар мен диспансерлер ұйымдастырады.

       17-бап. Бостандығы шектеулі азаматтарға медициналық
              көмек көрсету

      1. Сот үкімi бойынша бас бостандығынан айыру орындарынан тыс жерде жазасын өтеп жатқан, уақытша ұстайтын изоляторларға, арнайы мекемелерге орналастырылған азаматтарға медициналық-санитарлық көмек жалпы негiзде көрсетіледі.
      2. Тергеу изоляторларына орналастырылған және бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдарға әдiлет органдарының медицина қызметтерi қызмет көрсетеді.
      3. Жазаны орындау мекемелерінде жұқпалы аурулардың әр түрiмен ауыратын, оның iшiнде туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас адамдарды ұстау мен емдеудi мiндеттi түрде шектеуi бар науқастарды саулардан бөлек және жеке ұстауды жүзеге асырады.

       18-бап. Мемлекеттік қызметкерлерге, әскери
             қызметкерлерге, iшкi iстер органдарының, ұлттық
             қауiпсiздiк органдарының қызметкерлерiне
             медициналық көмек көрсету

      Мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметкерлерге, iшкi iстер органдарының, ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлеріне медициналық көмектi осы ведомстволардың медицина ұйымдары көрсетедi. Қызмет өткеру немесе тұрғылықты жерi бойынша медициналық ұйымдар болмаған жағдайда немесе оларда тиiстi бөлiмшелер, мамандар не арнайы жабдықтар болмаған жағдайларда медициналық көмек денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның медициналық ұйымдарында және облыстардың (республикалық маңызы бар қалалар, астаналар), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалар) мемлекеттiк денсаулық сақтауды басқару органдары медициналық көмектiң кепілдендiрілген көлемi шеңберiнде тиiстi бюджеттердің  қаражаты есебінен көрсетедi.

       19-бап. Хирургиялық араласу, қан құю және
             диагностиканың күрделi әдiстерiн қолдану тәртiбi

      1. Хирургиялық операциялар, қан құю, стационар жағдайындағы диагностиканың күрделi әдiстерi науқас адамдардың жазбаша келiсiмiмен, ал он сегiз жасқа толмаған науқастарға, психикасы бұзылған науқастарға - олардың ата-аналарының, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының, жақын туыстарының жазбаша келiсімімен қолданылады.
      2. Дәрiгер медициналық араласу iсiне кiрiсiп кетiп, сол адамның өмiрi мен денсаулығына қатер төнуiне байланысты оны тоқтату немесе қайта оралу мүмкiн болмайтын жағдайлардан басқа кезде келiсiм керi қайтарылып алынуы мүмкін.
      3. Хирургиялық араласуды, қан құюды, органдарды (органдардың бөлiгiн) және (немесе) тiндердi ауыстырып қондыруды, диагностиканың күрделi әдiстерiн қолдануды кешіктіру науқас адамның өмiріне қатер төндiретін, ал аталған адамдардың келiсiмін алу мүмкiн болмайтын жағдайларда шешiмдi дәрiгер немесе дәрiгерлiк комиссия қабылдайды.

       20-бап. Клиникалық және медициналық-биологиялық
              сараптамалар жүргiзу, диагностиканың, емдеудiң
              жаңа әдiстерін қолдану

      1. Клиникалық және медициналық-биологиялық сараптамалар жануарларға, ал адамға-оның жазбаша келiсімімен немесе оның заңды өкілінің қатысуымен жасалған келiсім-шарт бойынша жүргiзіледi.
      2. Сынақтан өтiп жатқан адамның талап етуi бойынша кез келген кезеңде және оның өмiріне, денсаулығына қатер төнген жағдайда сараптама тоқтатылады. Емдеу-алдын алу ұйымдары алдын алудың, диагностиканың, емдеудің тек сараптама жасау арқылы бекiтілген әдiстерiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органының арнайы рұқсаты бойынша қолданады.

       21-бап. Биологиялық өлу сәтiн анықтау. Өмiрдi сақтап
              тұратын аппаратураны тоқтату шарттары

      1. Өлiмдi дәрiгер немесе фельдшер анықтайды.
      2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен өмiрдi сақтап тұратын аппаратура тек биологиялық өлiм анықталған немесе мидың (мидың өлуi) тұтас қайтымсыз өлуi жағдайларында ғана тоқтатылуы мүмкiн.
      3. Донордың биологиялық өлiмiн анықтауға кейiннен ауыстырып қондыру үшiн органдар мен тiндердi алуды қамтамасыз ететiн мамандардың қатысуына тыйым салынады.
      4. Эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады.

       22-бап. Патологиялық-анатомиялық союды жүргiзу

      1. Патологиялық-анатомиялық союды өлiмнiң себептерi туралы деректер алу және ауру диагнозын нақтылау мақсатында жүргiзедi.
      2. Зорлықпен өлтірiлгендiгiне күмән болмаған жағдайда және туыстарының жазбаша өтiнiшi болған жағдайда не өлген адамның тiрi кезінде өз еркімен көңiл білдiруiмен сою жүргiзiлмей-ақ мәйiттi беруге, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе рұқсат eтіледі.
      3. Қайтыс болған адамның отбасы мүшелерiнiң, жақын туыстарының немесе заңды өкілінің талабы бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiткен тәртiппен тәуелсiз медициналық сараптама жүргiзiлуi мүмкiн.

       23-бап. Анатомиялық сый

      1. Анатомиялық сый оны жасаушының өсиетi арқылы iстелуi мүмкін және ол қайтыс болғаннан кейiн нақты сипат алады. Анатомиялық сый туралы өсиеттi сыйға тартушы адам жоюы мүмкiн. Туған-туыстары өсиетке сот тәртiбiмен дау айта алады.
      2. Анатомиялық сый туралы мәліметтер жария етiлмеуi тиiс.
      3. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кiм екенi анықталмаған және талап етiп алынбаған адамдардың мәйiттерi де анатомиялық сый деп танылады.

  3-тарау. Донорлық және ауыстырып қондыру

      24-бап. Қан және оның құрамдас бөлiгiне донорлық

      Донорлық пен қан және оның құрамдас бөлiктерiн құю тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

       25-бап. Тіндер мен ағзаларды ауыстырып қондыру

      1. Адам, адамның мәйiтi, сондай-ақ жануарлар тiндер мен ағзаларды ауыстырып қондыру жөнiнен донор бола алады.
      2. Адам тіндерi мен ағзаларын мәжбүрлеп алуға және оларды ауыстырып қондыруға тыйым салынады. Адам ағзалары сатып алу, сату және коммерциялық мәмiлелер заты бола алмайды. Мұндай iс-әрекеттерге жол берген адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.
      Заңның осы бабының 2-тармақшасының қолданысы дайындау үшiн тiндiк құрамдар пайдаланылған препараттар мен ауыстырып қондыру материалдарына қолданылмайды.
      3. Адам ағзалары мен тiндерiн Қазақстан Республикасының шегiнен шығаруға тыйым салынады.
      4. Қабылдаушымен генетикалық байланыстағы (сүйек кемiгiн қондыру жағдайларынан басқа), жан-жақты медициналық тексеруден өткен және одан ағзалар (ағзалардың бөлiгiн) мен (немесе) тіндер алуға болатындығы туралы консилиум дәрiгер-мамандарының қорытындысы бар адамдар тiрi донор болуы мүмкiн.
      Тiрi донордан қолының түпнұсқасы нотариуспен куәландырылған оның жазбаша келiсімен ауыстырып қондыру үшiн жоқтығы денсаулықтың қайтымсыз бұзылуын болдырмайтын жұп ағзалардың бiрi, ағзаның немесе тiндердің бөлiгi алынуы мүмкiн.
      5. Қайтыс болған адамнан ауыстырып қондыру үшiн тiндер мен (немесе) ағзалар (ағзалардың бөлiгiн) алу биологиялық өлiмдi тек дәрiгер-мамандар консилиумы анықтаған жағдайда ғана жүргiзілуi мүмкiн.
      6. Тiндер мен (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiгiн) ауыстырып қондырудың қажеттiлiгi туралы медициналық қорытындыны тиiстi денсаулық сақтау ұйымының дәрiгерлер консилиумы бередi.
      7. Тiндер мен (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiгiн) ауыстырып қондыру қабылдаушының жазбаша келiсiмi бойынша не кәмелетке толмаған қабылдаушының немесе заңнамада белгiленген тәртiппен iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған қабылдаушының ата-анасының немесе заңды өкiлiнің жазбаша келiсiмi бойынша жүргiзiледi.
      Қабылдаушыға алдағы операциялық араласуларға байланысты оның денсаулығы үшiн болуы мүмкiн асқынулар туралы ескертiлуi тиiс.
      8. Мәйiттерден тiндер мен (немесе) ағзалар (ағзалардың бөлiгiн) алу денсаулық сақтау ұйымдарында жүргiзiледi. Тiндер мен (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiгiн) бұзылудан сақтау және ауыстырып қондыру көрсетiлген қызметтi жүзеге асыруға денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның рұқсаты болған жағдайда тек  мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарында ғана жол берiледi.
      9. Денсаулық сақтау ұйымдарының дәрiгерлерi мен өзге де қызметкерлеріне донор мен қабылдаушы туралы мәлiметтердi жариялауға тыйым салынады. Бұндай мәлiметтердi жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.

       26-бап. Тiндер мен ағзалар донорларының құқықтары мен
              әлеуметтiк қорғалуы

      1. Өзiнiң тiндерiн және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлiктерiн) ауыстырып салуға келiсiм берген донор денсаулық сақтау ұйымынан тiндерiн және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлiктерiн) алу бойынша алда болатын қауырт әрекетке байланысты оның денсаулығы үшiн болуы мүмкiн асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге құқығы бар.
      2. Донор жүргiзiлген операцияға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегiн емделуге, оның ішінде дәрi-дәрмек алуға құқығы бар.
      3. Донорлық функцияны орындауға байланысты медицина қызметкерi зиян келтiргенде, донор Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiне сәйкес зиянды өтетуге құқығы бар.

       27-бап. Қабылдаушылардың құқықтары мен әлеуметтік
             қорғалуы

      1. Тiндер және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiктерiн) қондыруға келiсім берген қабылдаушы денсаулық сақтау ұйымынан тiндер және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiктерiн) ауыстырып қондыру бойынша алда болатын операциялық араласуларға байланысты оның денсаулығы үшiн болуы мүмкiн асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге құқығы бар.
      2. Қабылдаушы жүргiзiлген операцияға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегi медициналық көмектің кепілдендiрiлген көлемi шеңберінде тегiн емделуге, оның iшiнде дәрi-дәрмек алуға құқығы бар.
      3. Медицина қызметкерлерi залалданған тiндер және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiктерiн) қондырғаны үшiн заңнамаға сәйкес жауап бередi.
      4. Залалданған тiндер және (немесе) ағзалар (ағзалардың бөлiктерi) қондырылған жағдайда қабылдаушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтiрілген зиянның орнын толтыруды талап етуге құқығы бар.

       28-бап. Жасанды жолмен ұрықты енгiзiп жетiлдiру,
             жасанды жолмен ұрықтандыру, ұрықты ауыстырып
             қондыру

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырылатын жасанды жолмен ұрықты енгiзiп жетiлдiру, жасанды жолмен ұрықтандыру, ұрықты ауыстырып қондыруға құқығы бар.
      2. Адамның ұрығын ғылыми, коммерциялық және өнеркәсiптiк мақсаттарда пайдалануға тыйым салынады.
      3. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдары донорлықтың құпиялылығын және жасанды жолмен ұрықты енгiзiп жетiлдiру жасанды жолмен ұрықтандыру, ұрықты ауыстырып қондыру операциясын жасаудың құпиялығын сақтауды қамтамасыз етеді және жауапты болады.
      4. Денсаулық сақтау ұйымдары жасанды жолмен ұрықты енгiзiп жетiлдiру, жасанды жолмен ұрықтандыру, ұрықты ауыстырып қондыру үшiн жыныс клеткалары донорлығына қойылатын тәртiп пен шарттарды сақтауға, олардың гепатиттің В, С, Дельта қоздырғышына және АҚТҚ-ға тексерілуiне жауап бередi.

  4-тарау. Дәрiлік және протездiк-ортопедиялық көмек

      29-бап. Азаматтарға дәрiлiк көмек

      Азаматтарға дәрiлiк көмек Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

       30-бап. Протездiк-ортопедиялық көмек

      1. Мүгедектердi протездiк-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету тәртiбiн Қазақстан Республикасының әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттiк органы белгілейдi.
      2. Мемлекет протездiк-ортопедиялық көмектi жетiлдiру жөнiндегi ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзуге, жоғары сапалы протездiк-ортопедиялық бұйымдарды, осы заманғы технологияларды өндiрiске енгiзуге, мамандарды даярлауға, протездiк-ортопедиялық өнеркәсiптi ұйымдастыру мен дамытуға қажетті қаражат бөледi.

  5-тарау. Мемлекеттік және жеке медицина ұйымдарының
құқықтары мен мiндеттерi

      31-бап. Мемлекеттiк және жеке медицина ұйымдары мен жеке
              медициналық практикамен айналысатын адамдардың
              құқықтары

      Мемлекеттiк және жеке медицина ұйымдары мен жеке медициналық практикамен айналысатын адамдардың:
      алған лицензиясына сәйкес халыққа алдын алу, диагностикалық және емдiк көмек көрсетуге;
      медицина қызметкерлерiн жалдауға, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтіндей жағдайда олардың еңбегіне ақы төлеудiң нысандары мен көлемдерiн белгілеуге;
      денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен дәрiлерге рецепт жазып беруге және еңбекке жарамсыздық парақтары мен анықтамаларды беруге құқығы бар.

       32-бап. Мемлекеттiк және жеке медицина ұйымдары мен жеке
              медициналық практикамен айналысатын адамдардың
              міндеттерi

      Мемлекеттiк және жеке медицина ұйымдары мен жеке медициналық практикамен айналысатын адамдар:
      шұғыл медициналық көмек көрсетудi;
      лицензияға сәйкес қол жетiмдi, уақтылы, сапалы, бiлiктi, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмектi;
      денсаулық сақтау саласындағы уәкілеттi орган рұқсат еткен диагностикалау, алдын алу және емдеу әдiстерiн, сондай-ақ, дәрілiк заттарды қолдануды;
      адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн экологиялық зиянды табиғи, техногендiк және өндiрiстiк факторларды уақтылы және белсендi түрде анықтау, осы факторлар туралы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк органдарды хабардар етудi;
      шұғыл жағдайлардағы жұмысқа дайындықты;
      айналасындағылар үшiн қауіп төндiретiн аурулардың, сондай-ақ кәсiби аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу бойынша арнайы медициналық алдын алу шараларын жүргiзудi;
      медициналық көмектің нысандары мен түрлерi туралы тегi, жедел және дұрыс ақпарат берудi;
      санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалардың және гигиеналық нормативтердің сақталуын;
      меншiк нысанына қарамастан, басқа денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара iс-қимылды және сабақтастықты;
      салауатты өмiр салтын насихаттауды және халықты санитарлық-гигиеналық тәрбиелеудi;
      медицина кадрларын даярлау және қайта даярлау үшін жағдайларды;
      денсаулық сақтау және мемлекеттік статистика саласындағы уәкiлеттi органдар белгiлеген нысандар, түрлер бойынша, көлемде, тәртіпте және мерзiмде бастапқы медициналық құжаттарды жүргiзудi, есептер берiп отыруға;
      кәсiби міндеттерін атқару кезінде азаматтардың өздеріне белгiлi болған аурулары туралы, iшкi және отбасылық өмiрi туралы мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi. Бұл ақпаратты ашып айтуға осы Заңда көзделген жағдайларда жол беріледi;
      венерологиялық аурулармен, ЖҚТБ-мен, туберкулездің жұқпалы түрiмен, алапеспен, микроспориямен, трихофитиямен, қышымамен және басқа да жұқпалы аурулармен ауырған, бактериологиялық және химиялық табиғи заттан уланған, айналадағылар үшін қауіп төндiретiн психикалық және мінез-құлық бұзылуы жағдайлары туралы тиiстi денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк органдарға, ал ішкi iстер органдарына жаңадан алған жарақаты, жаралануы, қылмыстық түсiк жасау бойынша өтiнiш бiлдiрген адамдар туралы, сондай-ақ айналадағылар үшiн қауiп төндiретiн аурулардың жағдайлары туралы мәліметтерді хабарлауды;
      мемлекеттік органдармен, сондай-ақ өнеркәсіптік, оқу, сауда, ауыл шаруашылығы және басқа да ұйымдармен азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерi жөнінде өзара iс-қимылды қамтамасыз етуге мiндеттi.

  5-тарау. Азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы
құқықтары

      33-бап. Азаматтардың медициналық көмек алу құқығы

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары заңнамамен белгіленген тәртiпте тегiн медициналық көмектің кепілдендiрiлген көлемiн алуға құқығы бар.
      2. Азаматтардың өздерінің жеке қаражаты, ұйымдардың қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен тегiн медициналық көмектің кепілдендiрілген көлемінен артық қосымша медициналық қызметтi пайдалануға құқығы бар.
      Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесi ұйымдарындағы және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалардың ақылы медициналық қызмет көрсету шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленедi.
      3. Азаматтар ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысанына қарамастан, кез-келген жақын жердегi емдеу-алдын алу ұйымында жедел және шұғыл медициналық көмекпен қамтамасыз етiледі.
      4. Азаматтардың мемлекеттiк бюджет қаражаттары есебiнен шетелдегi медициналық және басқа ұйымдарда медициналық, фармацевтикалық, протездiк-ортопедиялық көмек алуға, мұндай көмектің қажеттiлiгi туралы Қазақстан Республикасының мамандандырылған медицина ұйымдарының қорытындысы болғанда құқығы бар.

       34-бап. Азаматтардың өз жынысын ауыстыру құқығы

      1. Жыныстық сәйкестiгi бұзылған адамдардың жынысын ауыстыруға құқығы бар.
      2. Жыныстық сәйкестiгi бұзылған адамдарды медициналық куәландыру уәкiлеттi орган бекiткен ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

       35-бап. Азаматтардың емделуден және медициналық
              араласудан бас тарту құқығы

      1. Азаматтың немесе оның заңды өкілінің осы Заңның 36-бабында көзделген жағдайлардан басқа, шұғыл медициналық көмектен, тексеруден, емделуден және медициналық араласудан кез-келген кезеңде бас тартуға құқығы бар.
      2. Шұғыл медициналық көмектен, тексеруден, емделуден және медициналық араласудан бас тартқан кезде азаматқа немесе оның заңды өкілiне оған қолайлы нысанда мұның ықтимал зардаптары түсiндiрiлуi тиiс.
      3. Шұғыл медициналық көмектен, тексеруден, емделуден және медициналық араласудан бас тарту оның ықтимал зардаптары көрсетiліп, медициналық құжаттамада жазбаша ресімделедi және азамат не оның заңды өкілі, сондай-ақ медицина қызметкерi қол қояды.
      4. Он сегiз жасқа толмаған адамның ата-анасы немесе өзге заңды өкілдері не заңда белгiленген тәртiппен iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамның заңды өкілдерi аталған адамның өмiрін сақтап қалу үшiн қажеттi медициналық көмектен бас тартқан кезде медицина ұйымы, сондай-ақ медицина қызметкерi осы адамдардың мүдделерiн қорғау үшін прокурорға жүгiнуге мiндеттi.

       36-бап. Азаматтардың келiсiмiнсiз тексеру, емдеу және
              медициналық араласу

      1. Азаматтың немесе оның заңды өкілінің келiсімінсiз:
      өз еркiн бiлдiруге мүмкiндiк бермейтiн есеңгiреген, ес-түссiз жағдайдағы;
      айналасындағыларға қауіп төндiретiн аурулардан зардап шегушi;
      психикасы бұзылуының асқынуынан зардап шегушi;
      психикасының және мiнез-құлқының бұзылуынан зардап шегушi және қоғамға қауiптi ic-әрекет жасаған адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсетуге, тексеруге, емдеуге және медициналық араласуға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жол беріледi.
      2. Азаматтардың келiсiмінсiз тексеру, емдеу және медициналық араласу осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер жойылғанға дейiн немесе соттың шешiмi бойынша жалғаса бередi.

       37-бап. Азаматтардың, санитарлық-эпидемиологиялық,
             экологиялық салауаттылық пен радиациялық
             қауiпсiздiкке құқығы

      1. Азаматтардың санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық салауаттылыққа және радиациялық қауіпсiздікке құқығы бар.
      2. Мемлекет қазiргi және келешек ұрпақтың денсаулық жағдайына терiс әсер етпейтiн қолайлы қоршаған ортаны сақтауды қамтамасыз етедi.
      3. Азаматтардың заңда белгiленген тәртіппен кiнәлi тараптан денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеудi жеке және тұтынушылар құқығын қорғау және адам құқығын қорғау жөнiндегi қоғамдық ұйымдар арқылы талап етуге құқығы бар.

       38-бап. Азаматтардың дәрілік, протездiк-ортопедиялық
              көмекпен қамтамасыз етiлу құқығы

      1. Медициналық айғақтары бойынша азаматтардың дәрiлiк, протездiк-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз етiлуге құқығы бар.
      2. Дәрiлiк препараттармен, протездiк-ортопедиялық, дұрыс көру бұйымдарымен, есту аппараттарымен, емдiк дене шынықтыру құралдарымен және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз eтiлу жеңiлдiктерiне жататын адамдардың санаты, сондай-ақ олармен қамтамасыз ету және оларды пайдаланудың шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленедi.

       39-бап. Некеге тұратын азаматтардың
              медициналық-генетикалық тексеруден өту құқығы

      Қазақстан Республикасының аумағында некеге тұратын азаматтардың жұбайлары мен олардың ұрпақтарының денсаулығын сақтау мақсатында өздерiнің қалауы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және медициналық-генетикалық тексеруден өтуге құқығы бар. 

       40-бап. Азаматтардың санаторийлiк-курорттық емделу,
             сауықтыру бейiнiндегi ұйымдардың қызметтерiн
             пайдалану құқығы

      Азаматтардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес санаторийлық-курорттық ұйымдарды, демалыс үйлерін профилакторийлердi, пансионаттарды, туристiк базаларды, спорт ғимараттарын және сауықтыру бейiнiндегi басқа да ұйымдарды пайдалануға құқығы бар.

       41-бап. Азаматтардың өздерiнің денсаулығының жай-күйi
             және денсаулыққа әсер ететiн факторлар туралы
             ақпарат алу құқығы

      1. Азаматтардың өздерінің және өз балаларының денсаулығының жай-күйi туралы қажеттi ақпарат алуға құқығы бар.
      2. Азаматтардың, егер заңнамада өзгеше белгiленбесе, жұбайы (зайыбы) мен ата-аналары денсаулығының жай-күйi туралы ақпарат алуға құқығы бар.
      3. Азаматтардың, алдын алу және емдеу әдiстерi туралы, халықтың науқастану деңгейi туралы, темекi шегудің салдарын қоса алғанда, олардың денсаулығына әсер ететiн факторлар туралы, оның iшiнде қоршаған орта, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайлары туралы денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарынан, сондай-ақ басқа ұйымдар мен жұмыс берушiлерден жеке немесе қоғамдық ұйымдар арқылы дұрыс ақпаратты өтеусiз алуға құқығы бар.
      4. Азаматтардың дәрiханалық, емдеу-алдын алу ұйымдарынан белгiленетiн, сатылатын дәрiлiк заттардың сапасы, қауiпсiздiгi мен тиiмділігi туралы толық ақпарат алуға құқығы бар.
      5. Азаматтардың денсаулығының жай-күйi туралы ақпаратты тексеру мен емдеудi жүргiзетiн дәрiгер бередi.
      6. Азаматтардың емдеудiң ықтимал әдiстерi мен тәсiлдерi туралы ақпарат алуға, әдiстерi, тәсілдердi, дәрiлiк заттар мен емдеуге арналған аспаптарды таңдауға, егер мұндай таңдау тексеру қорытындылары бойынша мүмкiн болып белгіленсе, құқығы бар.

       42-бап. Азаматтардың өздерiнің денсаулығына келтiрiлген
              зиянның орнын толтыру құқығы

      Азаматтардың өздерiнің денсаулығына мемлекет, жұмыс берушiлер немесе өзге де тұлғалар келтiрген моральдық және материалдық нұқсандардың орнын толтыруға құқығы бар. Денсаулыққа келтiрiлген зиянның орнын толтырудың негiздемесi мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленедi.

       43-бап. Ананың денсаулығын сақтау құқығы

      1. Қазақстан Республикасында ананы мемлекет қорғайды және
көтермелейдi.
      2. Әйелге ана болу туралы мәселенi өзi шешу құқығы берiледi. Денсаулық сақтау мақсатында әйелге оның келiсiмiмен өзi қаламаған жүктiлiктiң алдын алудың қазiргi заманғы әдiстерi жүргізілуі мүмкін.
      Хирургиялық стерильдеу медициналық айғақтар болғанда және жеке тiлек бiлдiру бойынша, тек әйелдiң келiсiмiмен ғана, тиiстi лицензиясы бар медициналық ұйымдарда жүргiзiледi.
      3. Ананы қорғау:
      арнайы медицина ұйымдарының кең желiсін ұйымдастыру;
      ауру баланы күтiп-бағу үшiн стационарға түскенде әйелдердiң ұрпақ жаңғырту функциясына және балалардың денсаулығына тікелей әсер ететін негiзгi ауруларды медициналық айғақтар бойынша емдеу;
      жүктi әйелдерге медициналық ұйғарымдарды орындауға мүмкіндiк туғызып, оларды жұмысқа ұтымды түрде орналастыру;
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес баланы       күтіп-бағуға жәрдемақы төлей отырып, жұмыс iстеп жүрген әйелдерге жүктiлiгi мен босануына байланысты демалыстар беру;
      жеке жұмыс кестесiн және толық емес жұмыс уақыты режимiн белгiлеу, баланың емшек сүтiмен толыққанды қоректенуi үшін жағдай жасау арқылы қамтамасыз етiледі.

       44-бап. Балалардың денсаулығын сақтау құқығы

      1. Мемлекет балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асырады, олардың дене бiтiмi, ақыл-ойы, рухани, адамгершілiк және әлеуметтік дамуы үшiн қажеттi тұрмыс жағдайларына құқықтарын қамтамасыз етедi.
      2. Мемлекеттiк органдар, жұмыс берушiлер арнаулы медициналық және балаларды сауықтыру ұйымдарының желiсiн дамытуды қамтамасыз етедi, олардың тиiмдi жұмыс iстеуi үшiн қажет жағдайлар жасауға жауапты болады.
      3. Балалар мiндетті мерзiмдiк медициналық байқаулардан өтiп тұруға және тұрақты диспансерлiк бақылауда болуға тиiс.
      4. Стационарлық емдеу кезiнде:
      3 жасқа дейiнгi балаларды, сондай-ақ дәрiгерлердiң қорытындысы бойынша қосымша күтіп-бағуды қажет ететiн ауыр науқас ересек балаларды стационарда емдеу кезiнде анасына (әкесiне) немесе баланы күтіп-бағуды тiкелей жүзеге асыратын өзге адамға ауырып қалған отбасы мүшесiн күтiп-бағуға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы төленіп, емдеу мекемесiнде онымен бiрге болу мүмкiндiгi берiледi;
      табиғи жолмен тамақтанатын бiр жасқа дейiнгi балаларды емшек сүтiмен тамақтандыратын ана баланы күтiп-бағу үшiн стационарда болған кезінде емдеу ұйымында тегiн тамақпен қамтамасыз етiледi.
      5. Дене бiтiмiнің немесе психикасының дамуында кемiстiгi бар, сондай-ақ АҚТҚ жұқтырған балалардың мамандандырылған балалар мекемелерінде медициналық-әлеуметтiк көмек алуға құқығы бар.
      6. Қазақстан Республикасындағы балалардың ұрпақ жаңғырту денсаулығын қорғау саласында бiлiм алуға және тәрбиеленуге құқығы бар. Балаларға жыныстық білім беру мен тәрбиелеу бiлім беру және денсаулық сақтау органдары арнайы әзiрлеген және бекiткен бағдарламалар бойынша, меншiк нысанына қарамастан, тәрбиелеу және бiлім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
      7. АҚТҚ жұқтырған жетiм қалған (бac тартылған) балалардың балалар үйi мен жалпыға арналған оқу-тәрбиелеу ұйымдарында болуына құқығы бар.

  7-тарау. Азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы
міндеттерi

      45-бап. Азаматтардың денсаулық сақтау туралы
              заңнамаларды сақтау жөнiндегi міндеттерi

       Азаматтар денсаулық сақтау туралы заңнамаларды сақтауға, өздерiнің және айналасындағы адамдардың денсаулығына ұқыпты қарауға міндетті.

       46-бап. Азаматтардың медициналық нұсқамаларды ұстану
              жөніндегi міндеттерi

      1. Жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу үшiн азаматтар медициналық нұсқамаларды денсаулық сақтау ұйымдары белгілеген мерзiмде орындауға міндеттi.
      2. Стационарлық емделуде жатқан адамдар медициналық ұйымдарда қолданылып жүрген режимдi сақтауға мiндеттi.

       47-бап. Азаматтардың балалар денсаулығына қамқорлық
              жасау жөніндегі міндеттерi

      1. Азаматтар балалардың денсаулығына, олардың дене бiтiмi, рухани және адамгершiлiк жағынан жетiлуiне қамқорлық жасауға, салауатты өмiр салты дағдыларына тәрбиелеуге міндеттi.
      2. Жүктi әйелдер уақтылы медициналық есепке тұруға, тексеруден өтуге, медициналық нұсқамаларды орындауға міндеттi.
      3. Ата-аналар толыққанды сау балалардың тууына жәрдемдесетiн салауатты өмiр салтын ұстануға және бала туғаннан кейiн медициналық нұсқаманы орындауға міндеттi.

       48-бап. Туберкулезбен, алапеспен, венерологиялық
              аурулармен және карантиндiк жұқпалы аурулармен
              ауыратын азаматтардың міндеттерi

      1. Туберкулезбен, алапеспен, венерологиялық аурулармен және карантиндiк жұқпалы аурулармен ауыратын азаматтар медицина  ұйымдарының талап етуi бойынша тексеруден өтуге және емделуге міндеттi.
      Тексерілуден және емделуден жалтарған жағдайда азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен
мәжбүрлеп куәландырылуға және емделуге алынады.
      2. Вирусты гепатитпен, венерологиялық аурулармен ауыратын азаматтар емделуге дейiнгi кезеңде шұғыл медициналық көмекке жүгiнген кезде өзiнiң ауруы туралы медицина қызметкерін хабардар етуге міндеттi.

       49-бап. Азаматтардың науқастарды тасымалдауға және
              оларға медициналық көмек көрсетуге жәрдемдесу
              жөніндегi міндеттерi

       Азаматтар науқастың өмiріне қауiп төнген жағдайларда тасымалдауға және медициналық көмек көрсетуге жәрдемдесуге міндеттi.

  8-тарау. Денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлармен
қамтамасыз ету

      50-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарының кадрлары

      1. Денсаулық сақтау кадрларына медициналық, фармацевтикалық, ғылыми, ғылыми-педагогикалық, педагогикалық, инженерi-техникалық қызметкерлер жатады, олардың тiзбесiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.

       51-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiне
             қойылатын талаптар

      Мемлекеттiк денсаулық сақтау органдарында медициналық және фармацевтикалық қызметтi басқаруға, меншiк нысанына қарамастан, медициналық және фармацевтикалық ұйымдарда осы қызметпен, оның ішінде жеке практикамен айналысуға арнайы даярлықтан өткен және Қазақстан Республикасының, бұрынғы КСРО-ның, Қазақстан Республикасы бекiткен келiсiмге сәйкес шетелдердің тиiстi жоғары немесе арнаулы орта оқу орнын бiтiргенi туралы диплом алған, сондай-ақ нострификация тәртiбiмен диплом алған адамдар жiберiледi.

       52-бап. Медициналық және фармацевтикалық қызметпен
              айналысу құқығын қалпына келтiру және одан айыру

      1. Өздерiнің мамандығы бойынша үш жылдан артық жұмыс
iстемеген медицина және фармацевтика қызметкерлерi медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысуға денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртiппен тиiстi оқу орындарында қайта даярлаудан өткеннен кейiн жiберiледі.
      2. Медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысу құқығынан айыру сот тәртiбiмен жүргiзiледi.

  9-тарау. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнің
кәсiби құқықтары, міндеттерi, жауапкершілiгі

      53-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнің
              кәсiби құқықтары

      1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнің:
      денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпте және мерзімде теориялық және практикалық даярлықтың қол жеткiзген деңгейіне сәйкес біліктiлiк санаттарын алуға;
      кәсiби бiлiмдерін жетілдiруге;
      денсаулық жағдайы бойынша кәсiби міндеттерін орындау мүмкiн болмаған кезде, бюджет қаражаттарының немесе жұмыс берушінің қаражаттары есебінен қайта даярлаудан өтуге;
      өздерiнiң кәсiби мiндеттерiн азаматтың денсаулығына зиян немесе нұқсан келтiретiндей дәрежеде ұқыпсыз немесе салдыр-салақ орындаумен байланысты емес кәсiби қателiгiн сақтандыруға;
      өздерiнің кәсiби мiндеттерiн жоғары сапалы деңгейде орындағаны үшiн марапаттауға құқығы бар.
      2. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң кәсiби қызметіне, азаматтардың денсаулығы мен өмiріне мұндай қызметтің зиян келтiруi мүмкiн жағдайлардан басқа, мемлекеттiк органдардың және басқа да ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың араласуына тыйым салынады.

       54-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнің
              кәсiби мiндеттерi

      Медицина және фармацевтика қызметкерлерi:
      емдеудiң әдістерi мен тәсілдерін, сондай-ақ медициналық мақсатта пайдаланылатын құралдар мен бұйымдарды таңдау мүмкiндiгi туралы, егер мұндай таңдау тексеру нәтижелерiнде көзделсе, емделушiнi хабардар етуге;
      кәсiби міндеттерiн орындау кезінде өздерiне мәлiм болған донорлар, реципиенттер және АҚТҚ жұқтырғандар туралы мәлiметтерді жария етпеуге;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да міндеттерді орындауға міндетті.

       55-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнің
              азаматтардың денсаулығына келтірген зиян үшiн
              жауапкершiлiгi

      Медицина және фармацевтика қызметкерлерi, сондай-ақ халықтық медицинамен (емшілікпен) айналысуға құқығы бар адамдар азаматтардың денсаулығына өздерi келтiрген зиян үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

  10-тарау. Еңбекке уақытша жарамсыздықты медициналық
сараптау

      56-бап. Еңбекке уақытша жарамсыздық фактiсiн куәландыру

       1. Еңбекке уақытша жарамсыздық фактiсi құжатпен - еңбекке жарамсыздық парағымен немесе анықтамамен куәландырылады.
      2. Еңбекке жарамсыздық парағы азаматтарға жұмыстан босануға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы алуға құқық бередi.
      3. Еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы анықтама азаматтарға жәрдемақы алмай, жұмыстан босануға құқық береді.

  11-тарау. Қорытынды ережелер

      57-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

       Осы Заңның бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады