Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Украина Министрлер Кабинетi арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев Келiсiмнің жобасына қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат берiле отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Украина Министрлер Кабинетi арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келiсiмдi жасассын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Yкіметi мен Украина Министрлер Кабинетi арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы Келісім
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Украина Министлер Кабинетi,
олармен алмасу Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы саяси, әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық немесе өзге де ынтымақтастық барысында жүзеге асырылатын, сондай-ақ Тараптардың осындай ынтымақтастығы процесінде жасалған құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуге ұмтылуын ескере отырып,
Қазақстан Республикасы мен Украинаның ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптардың құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етудегi өзара мүдделерiн ескере отырып,
1993 жылғы 22 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекетаралық құпияларының қорғалуын өзара қамтамасыз ету туралы келiсiмді iске асыруға өзара мүдделiлiктi ескере отырып,
мына төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Терминдер анықтамасы
Осы Келiсiм мақсаттары үшiн осында қолданылатын терминдер мыналарды білдiреді:
"құпия ақпарат" - олардың рұқсатсыз таратылуы Қазақстан Республикасының және Украинаның қауiпсiздiгiне және мүдделерiне залал келтiруі мүмкiн мемлекеттiк құпияларды құрайтын, кез келген нысанда бейнеленген, Тараптар мемлекеттерінiң заңнамасына сәйкес қорғалатын, Тараптардың әрқайсысы және осы Келiсiм белгiлеген тәртiппен берiлген, сондай-ақ Тараптардың ынтымақтастығы процесінде жасалған мәлiметтер;
"құпия ақпаратты таратушылар" - қорғалатын құпия ақпарат оларда символдар, бейнелер, дабылдар, техникалық шешімдер мен процестер түрінде бейнеленген материалдық объектiлер, соның iшiнде физикалық өрiстер;
"құпиялылық дәрежесi" - құпия ақпараттың маңыздылығын, оған қол жеткiзуді шектеу деңгейiн және оны Тараптар мемлекеттерiнің қорғау деңгейiн сипаттайтын санат, оның негiзінде құпиялылық белгiсi қойылады;
"құпиялылық белгiсi" - осы ақпараттың құпиялылық дәрежесiн куәландыратын, құпия ақпаратты таратушыға қойылатын немесе оған iлеспе құжаттамада көрсетiлетiн, құпия ақпаратты таратушыдағы мәліметтердің құпиялылық дәрежесі туралы куәландыратын құпия ақпаратты таратушының деректемелерi;
"шаң" - олардың шеңберінде құпия ақпарат қалыптасатын немесе берiлетiн Тараптар мемлекеттерінің ұйымдары арасында жасалатын шарт, келiсiм немесе келiсiм-шарт,
"құпия ақпаратқа рұқсат беру" - жеке адамдардың құпия ақпаратқа қол жеткiзуге, ал ұйымның осындай ақпаратты пайдаланып жұмыстар жүргiзуге құқығын ресімдеу рәсімі;
"құпия ақпаратқа қол жеткiзу" - жеке немесе заңды тұлғаға құпия ақпаратпен танысуға рұқсат беру;
"ұйым" - Тараптар ынтымақтастығының процесінде берiлетін немесе жасалған құпия ақпаратты алуға, сақтауға, беруге, қорғауға, пайдалануға Тараптар уәкiлеттiк берген мемлекеттiк орган немесе басқа заңды тұлға;
"уәкiлеттi орган" - мемлекетаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде осы Келiсiмдi iске асыру жөніндегi қызметтi үйлестiру үшiн жауапты мемлекеттік орган.
2-бап
Құпиялылық дәрежелерiнің салыстырмалылығы
Тараптар мемлекеттерiнің заңнамасына сәйкес құпиялылық дәрежелерi мынадай үлгіде салыстырылады:
___________________________________________________________________
Қазақстан | |
Республикасында | | Украинада
___________________________________________________________________
"Аса маңызды" "Особливоi важливостi"
(aca манызды) "Особой важности" (особлывой важлывости)
"Өтe құпия" "Цiлком таэмно"
(оте купия) "Совершенно секретно" (цилком таемно)
"Құпия" (купия) "Секретно" "Таемно" (таемно)
___________________________________________________________________
3-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөнiндегі шаралар
1. Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес:
Тараптар ынтымақтастығының процесінде берiлетін немесе жасалған құпия ақпаратты қорғауға;
берген Тарап мемлекетiнің ұйымы қойған құпиялылық белгісiн оның жазбаша келiсiмiнсiз өзгертпеуге;
алынған құпия ақпаратпен жұмыс iстеу кезінде осы Келiсiмнің 2-бабына сәйкес құпиялылық дәрежесiмен салыстырылатын өзiнің құпия ақпаратына қатысты қолданылатын сондай қорғау шараларын қабылдауға;
басқа Тарап мемлекетінің ұйымынан алынған құпия ақпаратты тек оны беру кезінде көзделген мақсаттарда қолдануға;
берген Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi тараптың құпия ақпаратқа қол жеткiзуін болдырмауға міндеттенеді.
2. Құпия ақпаратқа қол жеткiзу осы ақпаратпен танысу оны беру немесе оны бiрлесiп жасау кезінде көзделген мақсаттарда қызметтік міндеттерiн орындау үшiн қажетті адамдарға ғана pұқcaт етіледі.
3. Құпия ақпаратқа қол жеткiзуге құпия ақпаратқа тиiстi рұқсаты бар адамдарға ғана рұқсат етіледi.
4. Қажет болған жағдайда құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi қосымша талаптар оларда құпия ақпаратпен жұмыс iстеу жөніндегi міндеттемелерi және оны қорғау жөніндегi шаралар жазылатын белгiлi бiр қызмет түрiне бepiлген шарттарға енгiзiледі.
4-бап
Құпия ақпаратты беру
1. Бiр Тарап ұйымы басқа Тарап ұйымына құпия ақпаратты беру ниетiн білдірген жағдайда, ол өз Тарабы мемлекетiнің уәкiлеттi органынан құпия ақпаратты алатын ұйымда тиiстi рұқсаттың болуы туралы жазбаша растауды алдын ала сұратады.
Бiр Тарап мемлекетiнің уәкiлеттi органы екiншi Тарап мемлекетiнің уәкілеттi органынан басқа Тарап мемлекетiнің ұйымында тиiстi рұқсаттың, сондай-ақ құпия ақпаратты тиiстi қорғауды қамтамасыз ету үшiн қажеттi мүмкіндіктердің болуын жазбаша растауды сұрайды.
2. Нақты құпия ақпаратты беру туралы шешiмдi Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес әрбiр жекелеген жағдайда Тараптар қабылдайды.
3. Құпия ақпаратты бiр мемлекеттен екiншiсiне беру дипломатиялық арналар бойынша, документальды шифрланған байланыс арналары бойынша, фельдъегерлiк қызметпен немесе әскери-курьерлік қызметпен Тараптар мемлекеттерiнің арасында қолданылып жүрген халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Тиiстi ұйым өз елiнiң уәкілеттi органы арқылы құпия ақпаратты алғандығын растайды.
4. Құпия ақпараттың iрi көлемдi таратушыларын беру үшiн уәкiлеттi органдар әрбiр жекелеген жағдайда тасымалдау тәсілдерін, алып жүру бағытын және нысанын белгiлейдi.
Тараптар мемлекеттерiнің ұйымдары осындай тасымалдаулардың әрбiр жекелеген жағдайы туралы ақпарат алмасады.
5-бап
Құпия ақпаратпен және құпия ақпаратты
таратушылармен жұмыс iстеу
1. Берiлген құпия ақпаратты алу үшін жауапты ұйым осы Келiсiмнiң 2-бабына сәйкес салыстырылатын құпиялылық белгiлерiмен құпия ақпарат таратушыларды қосымша белгілейді.
Құпиялылық белгiлерiмен белгiлеудің қажеттiлiгi Тараптар ынтымақтастығының процесінде, аудару, тираждау немесе көбейту нәтижесінде жасалған құпия ақпаратты таратушыларға да қолданылады.
Берiлген құпия ақпарат негiзінде жасалған құпия ақпаратта берiлген құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесiнен кем болмайтын құпиялылық дәрежесi болуға тиiс.
2. Берiлген немесе жасалған құпия ақпарат Тараптар мемлекеттерінің өздерінің құпия ақпаратына қатысты қолданылатын талаптарға сәйкес сақталады және есепке алынады.
3. Құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесiн берген Тарап мемлекетiнің тиiстi ұйымының жазбаша рұқсаты бойынша ғана алған Тарап мемлекетінің ұйымы өзгерте немесе алып тастай алады.
Тараптар ынтымақтастығының процесінде жасалған құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесi Тараптар мемлекеттерi ұйымдарының өзара келiсiмi бойынша анықталады, өзгертiледі немесе алынып тасталады.
Құпия ақпаратты берген Тарап мемлекетiнiң ұйымы екiншi Тараптың тиiстi ұйымына осы құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесінің өзгеруi немесе алынып тасталуы туралы уақтылы хабарлайды.
4. Құпия ақпаратты таратушылар берген Тарап мемлекетi ұйымының жазбаша сұратуы немесе хабарламасы бойынша қайтарылады немесе жойылады.
Құпия ақпаратты және оны таратушыларды тираждау немесе көбейту берген Тарап мемлекетi ұйымының жазбаша рұқсатымен жүзеге асырылады. Құпия ақпаратты жою Тараптар мемлекеттерiнде белгiленген тәртіппен жүргiзiледі, ал жою процесi оны одан әрi қалпына келтiрудің мүмкiнсiздігін кепілдендiруге тиiс.
6-бап
Шарттар
Тараптар мемлекеттерінің ұйымдары жасайтын шарттарға жеке бөлiм қосылады, онда Тараптар мемлекеттерiнің ұлттық заңнамасына сәйкес алынған құпия ақпаратты беру және онымен жұмыс iстеу шарттары, оның iшінде мыналар айқындалады:
берiлетiн және (немесе) жасалатын құпия ақпарат тiзбесi және оның құпиялылық дәрежелерi;
берiлетiн және (немесе) жасалатын құпия ақпаратты қорғау ерекшелiктерi;
даулы жағдайларды шешу және берiлетiн және (немесе) жасалатын құпия ақпаратты рұқсатсыз таратудан болуы мүмкiн залалды өтеу тәртiбi.
7-бап
Уәкілеттi органдар
1. Осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi қызметтi үйлестiру үшiн жауапты уәкілеттi органдар мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнің Кеңсесi;
Украинада - Украинаның Қауіпсiздiк қызметi.
2. Ынтымақтастық сипатына қарай Тараптар осы Келiсімдi iске асыру үшін жауапты өзге де уәкілеттi органдарды анықтай алады, бұл туралы олар бiр-бiрiне дипломатиялық арналар бойынша хабарлайды.
8-бап
Консультациялар
1. Тараптар мемлекеттерінің уәкілеттi органдары осы Келiсiмді орындау үшiн қажеттi көлемде құпия ақпаратты қорғау саласындағы Тараптар мемлекеттерiнің тиiстi заңнамалық және өзге де заңға тәуелдi кесімдерiмен алмасады.
2. Осы Келiсiмдi орындау кезінде ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында Тараптар мемлекеттерiнің уәкілеттi органдары бiрлескен консультациялар өткiзеді.
9-бап
Сапарлар
1. Бiр Тарап мемлекетiнiң ұйымы өкілдерiнiң екiншi Тарап мемлекетінің құпия ақпаратына қол жеткiзуiн көздейтiн сапарлары қабылдайтын Тарап мемлекетiнің уәкілеттi органының рұқсаты бойынша жүзеге асырылады. Сапарға дейiн Тараптар мемлекеттерiнің ұйымдары сапар уақытында беру немесе танысу көзделген құпия ақпараттың дәрежесi туралы бiр-бiрiне хабарлайды. Мұндай сапарларға рұқсат тек осы Келiсiмнің 3-бабының 2-тармағында көрсетiлген адамдарға ғана берiледi.
2. Осындай сапарлардың мүмкіндігі туралы өтiнiштi жiберуші Тарап мемлекетiнің уәкiлеттi органы қабылдаушы Тарап мемлекетiнің уәкiлеттi органына жібереді және қабылдаушы Тарап мемлекетінде қабылданған рәсімдерге сәйкес жасалады және мынадай мәлiметтердi қамтиды:
келушiнің тегi мен аты, туған күнi мен жерi, азаматтығы мен төлқұжат нөмірі;
келушінің мамандығы мен лауазымы, ол жұмыс iстейтiн ұйымның атауы;
тиісті құпиялылық дәрежесіндегі құпия ақпаратқа рұқсатының болуы;
болжанып отырған келу күнi және сапардың жоспарланған ұзақтығы, оларда болу жоспарланған ұйымдардың атауы;
келушілер кездеседi деп болжанып отырған лауазымды адамдардың тiзбесi.
3. Бiр Тарап мемлекетi ұйымының өкiлдерi екiншi Тараптың тиiстi құпиялылық дәрежесіндегi құпия ақпаратымен жұмыс iстеу ережелерiмен танысады және сапар барысында осы ережелердi сақтайды.
4. Бiр Тарап мемлекетінің ұйымы өкілдерiнің екінші Тарап мемлекетiнің құпия ақпаратына тiкелей қол жеткiзуi қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
10-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi шараларды
жүргізуге арналған шығыстар
Бiр Тарап мемлекетi ұйымдарының құпия ақпаратты қорғау жөніндегi шараларды жүргiзуге байланысты туындайтын шығыстарын екiншi Тарап мемлекетiнің ұйымдары өтемейдi.
11-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөнiндегі талаптарды бұзу
Берiлген құпия ақпараттың рұқсатсыз таралуына әкелген құпия ақпаратты қорғау жөніндегi талаптар бұзылған немесе мұндай рұқсатсыз тарату қаупi туындаған жағдайда, тиiстi Тарап мемлекетінің уәкілеттi органы екiншi Тарап мемлекетiнің уәкілеттi органына дереу хабарлайды, қажеттi тексеру жүргiзедi және құпия ақпаратты берген Тарап мемлекетiнің уәкілеттi органына тексеру нәтижелерi туралы және аумағында бұзушылық орын алған Тарап мемлекетiнің заңнамасына сәйкес қабылданған шаралар туралы хабарлайды.
12-бап
Басқа да уағдаластықтарға қарым-қатынас
Құпия ақпаратты сақтауды қамтамасыз ету режимiн реттейтiн Тараптардың арасындағы уағдаластықтар, егер олардың ережелерi осы Келiсiмге қайшы келмесе қолданылуын жалғастыра бередi.
Мұндай қайшылықтар табылған жағдайда Тараптар өз мемлекеттерiнің ұлттық заңнамасын басшылыққа ала отырып, оларды бiрлесiп шешедi.
13-бап
Даулы мәселелердi шешу
Осы Келiсiмдi түсіндiруге немесе қолдануға қатысты даулар мен келiспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды Тараптар мемлекеттерiнің уәкілеттi органдары арасындағы консультациялар мен келiссөздер жолымен шешеді. Мұндай келiссөздер кезінде Тараптар осы Келiсiмге сәйкес өз мiндеттерiн орындауды жалғастырады.
14-бап
Келiсімнің күшіне eнуi, қолданылатын мерзiмi
және оны өзгерту мен қолданылуын тоқтату
1. Осы Келiсiм Тараптардың оның күшiне eнуі үшiн қажеттi мемлекетiшілiк рәсімдерді орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшiне енедi және шектеусiз мерзімде қолданылады.
2. Тараптардың келiсiмi бойынша осы Келiсiмнің ажырамас бөлiгiн құрайтын осы Келiсiмге жекелеген хаттамалармен ресімделген өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілуi мүмкiн және осы баптың 1-тармағына сәйкес күшiне енедi.
3. Тараптардың әрқайсысы кемінде алты ай бұрын дипломатиялық арналар бойынша бұл туралы екiншi Тарапқа жазбаша хабарлама жiберу жолымен осы Келiсiмнің қолданылуын тоқтата алады.
4. Осы Келiсімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда Тараптардың ынтымақтастығы процесінде берiлген немесе жасалған құпия ақпаратқа қатысты құпиялылық белгiсi алынбайынша осы Келiсiмнiң 3-бабында көзделген оны қорғау жөніндегi шаралар қолданыла береді.
200___ жылғы "___" _________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, украин және орыс тілдерінде екi түпнұсқа данада жасалды, әрi
барлық мәтіндердің күші бiрдей.
Осы Келiсiмнің ережелерiн түсіндiруге қатысты келiспеушiліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тілінде жазылған мәтiнге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Украина Министрлер
Үкiметi үшiн Кабинетi үшiн