Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Оралмандардың 2004 жылға арналған көшiп келу квотасы туралы" 2003 жылғы 31 қазандағы N 1216 Жарлығын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Өзiнiң тарихи отанына мемлекеттiң қаржылай қолдауынсыз орала алмайтын ұлты қазақ адамдарды ұйымдасқан түрде көшiрiп алу жүзеге асырылсын.
2. Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөнiндегi агенттiгi облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп:
1) 2004 жылға арналған республикалық бюджетте осы мақсатқа көзделген қаражат шегiнде көшiп келу квотасына енгiзiлген оралмандарды қабылдауды, жайластыруды және орналастырылған жерлерде олардың бейiмделуi үшiн жағдайды қамтамасыз етсiн;
2) екi апта мерзiмде өңiрлердегi әлеуметтiк-экономикалық жағдайды ескере отырып, оралмандарды орналастыру схемасын әзiрлесiн және белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзсiн;
3) осы қаулының 1 тармағынан туындайтын қажеттi шараларды қабылдасын.
3. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөнiндегі агенттiгiмен бiрлесiп:
1) дипломатиялық арналар арқылы тиiстi мемлекеттердiң үкiметтерiне оралмандардың шығуы мен транзиттiк жүрiп өтуi және шығатын мемлекеттердiң шекаралары арқылы өтуi кезiнде оларға жәрдем көрсету мәселелерi жөнiнде өтiнiш жасасын;
2) шет мемлекеттердiң тиiсті органдарымен өзiнiң тарихи отанына оралуға тiлек бiлдiрген отандастарымыздың азаматтық және мүлiктік құқықтарын қорғауға байланысты мәселелердi пысықтасын.
4. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі 2004 жылға арналған республикалық бюджетте оны ұстауға көзделген қаражат шегінде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүрiп өтетiн жолында және орналастырылатын жерлерде оралмандардың жеке басының және мүлкiнiң қауіпсіздігін қамтамасыз етсiн.
5. Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөнiндегi агенттiгі мүдделi орталық атқарушы органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Үкiметiне 2005 жылғы 1 ақпанға дейiнгі мерзiмде осы қаулының орындалуы туралы есептi табыс етсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнiнен басып күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі