Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi мен Германия Федеративтiк Республикасының Экономика және еңбек федералдық министрлігі арасындағы техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 қарашадағы N 1218 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
 

      1. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi мен Германия Федеративтiк Республикасының Экономика және еңбек федералдық министрлігі арасындағы техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюға келiсiм берiлсiн.
 

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба

Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда
министрлiгі мен Германия Федеративтік Республикасының
Экономика және еңбек федералдық министрлiгі арасындағы
техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастық туралы
Келісім

      Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi мен Германия Федеративтік Республикасының Экономика және еңбек федералдық министрлігi,
      Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы сауда қатынасындағы техникалық кедергiлердi жоюға және экономикалық байланыстарға жәрдемдесуге ұмтыла отырып,
      стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйымдар қабылдаған қағидаттар мен нормаларды ескере отырып, стандарттау және техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысын бiлдiре отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтiк Республикасының экономикалық мүдделерiн басшылыққа ала отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiм ережелерiн Тараптар атынан iске асыруды:
      Қазақстан Республикасында - Индустрия және сауда министрлiгiнiң Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi комитетi;
      Германия Федеративтiк Республикасында - Немiс нормалар институты жүзеге асыратын болады.

2-бап

      Тараптар техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастықты:
      техникалық регламенттердi және ұлттық стандарттарды халықаралық стандарттармен және талаптарымен үйлестiру, саудада техникалық кедергiлердi жою және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту;
      Тараптар мемлекеттерiнiң стандарттау және техникалық реттеу жөнiндегi органдары арасында тiкелей байланыс opнaту жолымен дамытуға келiстi.

3-бап

      Тараптар:
      Тараптар мемлекеттерiнiң стандарттау және техникалық реттеу жөнiндегi органдары жариялайтын нормативтiк құжаттарды, ақпаратты және мерзiмдi басылымдарды;
      ұлттық стандарттар каталогтары, жеке ұлттық стандарттарды, нормалар мен техникалық регламенттердi;
      стандарттау және техникалық реттеу саласындағы оқу бағдарламаларына және мамандардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегі бағдарламаларға қатысты ақпарат пен материалдарды өзара ұсынуға келiстi.

4-бап

      Тараптар кадрларды даярлау мен бiлiктiлiгiн арттыруда, стандарттау және техникалық реттеу саласында мамандар мен консультациялар алмасуда өзара iс-қимыл жасайды.

5-бап

      Тараптар осы Келiсiм шеңберiнде жүргiзiлетiн жұмыстар туралы алынатын құжаттамалардың және ақпараттардың құпиялылығын қамтамасыз етеді. Бұл ақпарат оны ұсынған Тараптың алдын ала келiсiмiмен ғана үшiншi тарапқа жiберiлуi мүмкiн.

6-бап

      Тараптар, егер әрбiр нақты жағдайда шығындарды өтеудiң өзге тәртiбi айтылмаса, осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегі қаржылық шығыстарды өздерi төлейдi.

7-бап

      Осы Келiсiм, Тараптар мемлекеттерi қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.

8-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мен қолдануға байланысты келiспеушiлiктер Тараптар арасындағы өзара консультациялар мен келiссөздер жолымен шешiледi.

9-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалармен рәсiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

10-бап

      Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап күшiне енеді және бес жыл мерзiмге жасалады. Егер кезектi бес жылдық мерзiмi бiткенге дейiнгi алты ай iшiнде Тараптардың бipeуi екiншi Тарапқа оның қолданылуын өзiнiң тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарлама жiбермесе, онда осы Келiсiм келесi бесжылдық мерзiмге автоматты түрде ұзартылатын болады.
      Осы Келiсiмнiң қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн оның ережелерi iске асырылу кезеңiндегi жобаларға қатысты күшiнде болады.

      200_ жылғы "__" ______ _______ қаласында екi түпнұсқа данада әрқайсысы қазақ, немiс, ағылшын және орыс тiлдерiнде жасалды, бұл ретте барлық мәтiндер бiрдей күшке ие.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мен қолдану кезiнде келiспеушiлiк туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

      Қазақстан Республикасының          Германия Федеративтiк
      Индустрия және сауда               Республикасының Экономика
      министрлігі үшін                   және еңбек федералдық
                                         министрлігі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады