Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды сынақтық ұшырудың 2003 жылдың екінші жарты жылдығына арналған жоспары бойынша қорытынды (бұдан әрі - Қорытынды) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қорытынды Ресей тарапына дипломатиялық арналар бойынша жіберсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2003 жылғы 2 желтоқсандағы
N 1226 қаулысымен
бекітілген
"Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды сынақтық ұшырудың 2003 жылдың екінші жарты жылдығына арналған жоспары бойынша қорытынды
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 2003 жылғы 20 наурыздағы ұсынысын, сондай-ақ Ленинск сынақ полигонындағы және Байқоңыр кешеніндегі Ленинск-1 ғарыш объектілерін ұшыру орнындағы жойылатын құрлықаралық баллистикалық зымырандардың шахталық ұшыру қондырғыларының орналасқан орындарындағы жер учаскілерін қалпына келтіру туралы үкіметаралық келісімнің жобасы тараптардың сарапшыларымен келісілгені және Ресей тарапы құрлықаралық баллистикалық зымырандардың шахталық ұшыру қондырғыларын жою және жер учаскілерін кейіннен қалпына келтіру жөніндегі қажетті жұмыстарды қаржыландыруға және орындауға дайындығын растағаны туралы ақпаратты ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды сынақтық ұшырудың 2003 жылдың екінші жарты жылдығына арналған жоспарын келіседі.