Қазақстан Республикасының Yкiметі мен Қырғыз Республикасының Yкiметi арасында Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiм жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 24 желтоқсандағы N 1305 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрi Қажымұрат Ыбырайұлы Нағмановқа Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан келiссөздер жүргiзуге және Келiсiм жобасына қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасында Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiм жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Yкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы
Келісім

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Қырғыз Республикасының Үкiметi,
      Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 1997 жылғы 8 сәуiрдегі Мәңгiлiк достық туралы шартты басшылыққа ала отырып,
      екi мемлекет арасындағы және олардың аумақтары бойынша транзитпен автомобиль жолаушы және жүк қатынасын өзара негiзде дамытуға тiлек бiлдіре отырып, сондай-ақ осы қатынасты жеңiлдетуге тiлек бiлдiре отырып,
      төмендегілер туралы келiстi:

1-бап

      1. Осы Келiсiмге сәйкес Тараптар мемлекеттерi арасындағы және олардың аумақтары бойынша транзитпен, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнде тiркелген автокөлiк құралдарымен үшінші елге(ден) жолаушылар мен жүктердiң тасымалдары жүзеге асырылады.
      2. Осы Келiсiм Тараптардың олар жасаған басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.

2-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндіру мақсатында төмендегі терминдер мыналарды бiлдіреді:
      а) "құзыреттi органдар":
      - Қазақстан Тарабынан - Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгі,
      6, 10 және 15-баптар қатысында - Қазақстан Республикасының Ішкі iстер министрлiгiмен бiрлесiп.
      - Қырғыз Тарабынан - Қырғыз Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгі,
      7, 8, 11 және 15-баптар қатысында - Қырғыз Республикасының Iшкі iстер министрлiгiмен бiрлесiп.
      Жоғарыда аталған құзыретті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар дипломатиялық арналар бойынша уақтылы хабардар етiледi;
      б) "тасымалдаушы" - Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген және ұлттық заңнамаға сәйкес жолаушылар мен жүктерiн халықаралық автомобиль тасымалдарын орындауға жiберiлген кез келген жеке немесе заңды тұлға;
      в) "автокөлiк құралы":
      - жолаушыларды тасымалдау кезiнде - автобус, яғни жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргiзуші орнын қоса алғанда, 9-дан астам отыратын орны бар автокөлiк құралы;
      - жүктердi тасымалдау кезiнде - жүк автомобилi, тіркемелi жүк автомобилі, автомобиль тартқышы немесе жартылай тiркемелер тартқыш;
      г) "рұқсат" - бiр Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген автокөлiк құралының екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы бойынша жүрiп өтуiне құқық беретiн құжат;
      д) "транзиттік тасымал" - жөнелту және жеткiзу пункттерi осы мемлекеттің аумағынан тыс орналасқан Тараптардың бiрiнің мемлекетiнiң аумағы бойынша жолаушыларды немесе жүктердi тасымалдау;
      e) "жолаушыларды тұрақты тасымалдау" - Тараптардың құзыреттi органдарымен келiсiлген бағыттар, кесте, тарифтер, тасымалдаушы жолаушыларды отырғызу мен түсiрудi жүргiзетін аялдама пункттерi бойынша жүзеге асырылатын жолаушыларды автобуспен тасымалдау;
      ж) "жолаушыларды тұрақты емес тасымалдау" - "жолаушыларды тұрақты тасымалдау" анықтамасына кiрмейтiн жолаушыларды автобустармен тасымалдау.

3-бап

      Жолаушыларды екi жақты және транзиттік қатынаста автобустармен тұрақты тасымалдау Тараптар мемлекеттерi құзыреттi органдарының келiсiмi бойынша (жазбаша нысанда) жүзеге асырылады. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыретті органдары кестенi, тасымалдаушы жолаушыларды отырғызу мен түсiрудi жүзеге асыратын аялдама пункттерiн, соның iшiнде Мемлекеттiк шекара арқылы өтетiн өткiзу пункттерiн көрсетумен бағыттың схемасын келiседi (жазбаша нысанда).

4-бап

      1. Жолаушыларды екi жақты және транзиттiк қатынаста Тараптар мемлекеттерiнiң аумағында тiркелген автобустармен тұрақты емес тасымалдау осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген тасымалдарды қоспағанда, рұқсаттар бойынша жүзеге асырылады.
      2. Жолаушыларды екi жақты және транзиттiк қатынаста автобустармен тұрақты емес тасымалдау, бiр ғана құрамдағы жолаушылар тобы бiр автобуспен тасымалданғанда, рұқсаттарсыз жүзеге асырылады, бұл ретте:
      а) сапар автобус тiркелген Тарап мемлекетiнiң аумағында басталады және аяқталады;
      б) сапар автобус тiркелген Тарап мемлекетiнiң аумағында басталып, автобус осы аумақтан бос кетедi деген шартпен, екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында аяқталады.
      3. Сондай-ақ, рұқсаттар:
      а) сол тасымалдаушы жолаушылар тобын, осы топ бұрын жеткiзілген екiншi Тарап мемлекетiнің аумағындағы пункттен керi тасымалдау мақсатында (осы баптың 2-тармағының "б" тармақшасында көрсетiлген жағдайда) бастапқы жөнелту пунктiне бос автобустардың кiруi үшiн;
      б) сынған автобусты басқа автобуспен ауыстырған кезде талап етiлмейдi.
      4. Осы баптың 2 және 3 "а" тармақтарында көрсетiлген жолаушыларды тұрақты емес тасымалдауды орындау кезiнде автобустың жүргiзушiсiнде Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарымен келiсiлген арнайы нысан бойынша жасалған жолаушылардың тiзiмi болуы тиiс.

5-бап

      Екi мемлекеттiң арасында немесе олардың аумақтары бойынша транзитпен, екiншi Тарап мемлекетiнің аумағынан үшiншi мемлекеттің аумағына, сондай-ақ үшiншi мемлекеттiң аумағынан екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына жүктердi тасымалдау үшiн рұқсат талап етiлмейдi.

6-бап

      1. Осы Келiсiмде көзделген тасымалдарды, өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға жiберiлген тасымалдаушылар ғана орындауы мүмкiн.
      2. Халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын автокөлiк құралдарында өз мемлекетiнiң тiркеу және айырмашылық белгiлерi болуы тиiс. Тiркемелерде және жартылай тiркемелерде басқа елдердiң, жүк автомобильдерiнде немесе автомобиль тартқыштарында тиiсiнше Қазақстан Республикасының немесе Қырғыз Республикасының тiркеу және айырмашылық белгiлерi болады деген шартпен тiркеу және айырмашылық белгiлерi болуы мүмкiн.

7-бап

      Егер автокөлiк құралының көлемдерi, жалпы салмағы немесе бiлiкке түсетiн жүктеме екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген нормалардан асып кетсе (ауыр салмақты және iрi көлемдi), тасымалдаушы екiншi Тарап мемлекетi құзыреттi органының арнайы рұқсатын алуы тиiс.

8-бап

      Қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде Тараптар, қатысушылары Тараптар мемлекеттерi болып табылатын халықаралық шарттардың барлық талаптарының, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасының орындалуын қамтамасыз етуi тиiс.

9-бап

      Бiр Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушысына екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан пункттер арасында жолаушылардың немесе жүктердiң тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат етілмейді.

10-бап

      1. Жүргiзушiлерде өздерi басқаратын автокөлiк құралдарының санатына сәйкес келетiн ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiктерi және автокөлiк құралының ұлттық тіркеу құжаттары болуы тиiс.
      2. Осы Келiсiмге сәйкес талап етiлетiн рұқсат пен басқа құжаттар автокөлiк құралының жүргiзушiсiнде болуы және Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының талабы бойынша көрсетiлуi тиiс.

11-бап

      Тараптардың бiрiнiң тасымалдаушылары осы Келiсiмнiң негiзiнде екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы бойынша жүзеге асыратын жолаушылар мен жүктердiң тасымалдары, сондай-ақ осы тасымалдарды орындайтын автокөлiк құралдары ақылы жолдарды (көпiрлердi, жол өтпелерiн) пайдаланғаны үшiн алымдардан басқа, жолдарды пайдалануға немесе күтiп ұстауға, автокөлiк құралдарын иеленуге немесе пайдалануға байланысты алымдар мен салықтардан босатылады.

12-бап

      1. Осы Келiсiмнiң негiзiнде тасымалдарды жүзеге асыру кезiнде екіншi Тарап мемлекетiнiң аумағына әкелiнетiн:
      a) автокөлiк құралының тиiстi моделi үшiн көзделген, техникалық және конструкциялық жағынан қозғалтқыштың қоректену жүйесiмен байланысқан негiзгі сыйымдылықтардағы жанармай, сондай-ақ жүк автокөлiк құралындағы немесе арнайы контейнерлердегi рефрижераторлық немесе басқа құрылғының әрқайсысына екi жүз литр мөлшерiндегi қосымша жанармай;
      б) тасымалдау кезiнде тұтынуға қажетті мөлшердегі жағармай материалдары;
      в) халықаралық тасымалды орындау кезiнде автокөлiк құралы бұзылған жағдайда оны жөндеу үшiн қажеттi уақытша әкелiнген агрегаттар, қосалқы бөлшектер және құрал-саймандар кедендiк алымдар мен баждардан өзара босатылады.
      2. Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар елден қайта әкетiлуi тиiс, ал ауыстырылған қосалқы бөлшектер елден әкетілуi немесе тиiстi Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес өзге кедендiк режимге көшiрілуi тиiс.

13-бап

      Осы Келiсiмнiң негiзiнде орындалатын жолаушылар мен жүктер тасымалы автокөлiк құралдары иелерiнiң үшiншi тұлғаларға келтiрiлген залал үшiн азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартымен жүзеге асырылады.
      Тасымалдаушы көрсетiлген тасымалдарды орындайтын әрбiр автокөлiк құралын алдын ала сақтандыруға мiндеттi.

14-бап

      Жедел медициналық көмекке мұқтаж aдамдарды тасымалдау жолаушыларды тұрақты тасымалдау кезiнде, сондай-ақ жануарлар мен тез бұзылатын жүктердi тасымалдау кезiнде шекаралық және санитарлық бақылау мен кедендiк ресiмдеу жүргiзу кезектен тыс жүзеге асырылатын болады.

15-бап

      1. Тараптар мемлекеттерiнiң тасымалдаушылары осы Келiсiмнiң ережелерiн, сондай-ақ ұлттық заңнаманы, соның iшiнде аумағында автокөлiк құралы тұрған екiншi Тарап мемлекетiнiң жол қозғалысы ережелерiн сақтауға мiндеттi.
      2. Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында жiберiлген осы Келiсiмнiң қандай да бiр ережесiн бұзу жағдайында, автокөлiк құралы тiркелген мемлекеттiң құзыреттi органы екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыретті органының сұрауы бойынша осы Келiсiмнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi шаралар мен санкцияларды қабылдайды. Қабылданған шаралар туралы ақпарат екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органына жiберiледi.
      3. Осы баптың ережелерi, аумағында бұзушылық жасалған мемлекеттiң ұлттық заңнамасында көзделген санкцияларды Тараптардың тасымалдаушыларына қолдануды жоққа шығармайды.

16-бап

      Осы Келiсiммен, сондай-ақ Тараптардың екеуi де қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен реттелмеген мәселелер Тараптардың әрқайсысының мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес шешiлетiн болады.

17-бап

      1. Осы Келiсiмнiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттердiң құзыреттi органдары осы Келiсiмнiң iске асырылуына ықпал ететiн олардың мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларының барлық өзгерiстерi туралы ақпаратпен өзара алмасады.
      2. Осы Келiсiмдi түсiндiру немесе қолдану кезiнде даулар мен келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келiссөздер мен консультациялар арқылы шешетiн болады.

18-бап

      Тараптар осы Келiсiмдi iске асыру және халықаралық автомобиль тасымалдары саласында туындайтын мәселелердi шешу үшiн, Тараптар мемлекеттерiнiң құзыретті органдары деңгейiнде кездесулер өткiзедi.
      Кездесулер Тараптардың бiрiнiң алдын ала бiр ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы жiберiлетiн ұсынысы бойынша Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында кезекпен өткiзiледi.

19-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге, оның ажырамас бөлiгi болып табылатын және осы Келiсiмнiң 20-бабында көзделген тәртiппен күшiне енетiн жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкін.

20-бап

      1. Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiм белгіленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тарапқа оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жiберген күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшінде болады.
      3. 1993 жылғы 26 қазандағы Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қырғыз Республикасы Yкiметiнiң арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсім осы Келiсiм күшiне енген сәттен бастап өзiнің қолданылуын тоқтатады.

      _____ жылғы "___"_______________ _______________ қаласында екi данада әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсіндiруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Tapaптap орыс тілiндегi мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының         Қырғыз Республикасының
      Үкiметi Үшiн                      Үкіметі үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады