Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасында Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қою туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасында
Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қою туралы
Қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасында Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы
Одақтастық қатынастар туралы
Шарт
Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы,
Уағдаласушы Тараптар халықтарының арасындағы достық пен тату көршiлiктiң, бауырластық қатынастардың терең дәстүрлерiн негiзге ала отырып,
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Мәңгiлiк достық туралы 1997 жылғы 8 сәуiрдегi шартты басшылыққа ала отырып,
Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Хельсинки қорытынды актiсiнiң және Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық жөнiндегi ұйымның басқа да құжаттарының мақсаттары мен қағидаттарына, халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормаларына өздерiнiң адалдықтарын растай отырып,
өзара құрмет тұтудың, сенiм бiлдiрудiң, келiсiмнiң және тең құқықтың негізiнде eкi жақты көп қырлы ынтымақтастықты нығайтуға өзара ұмтыла отырып,
өңiрлiк қауiпсiздiк пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, терроризмнiң, экстремизмнiң, ұйымдасқан қылмыстың, есiрткi бизнесiнiң, заңсыз көшi-қонның кезкелген көрiнiстерiне және ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн басқа да қатерлер мен қауiптерге бiрлесiп қарсы тұру мәселелерiнде өзара iс-қимыл қажеттiгiн негiзге ала отырып,
одақтастық қатынастарды орнату екi мемлекеттiң әлеуметтiк және экономикалық прогресiнiң мүдделерi үшiн күш-жiгердi бiрiктiруге мүмкiндiк бередi және Қазақстан мен Қырғызстан халықтарының түбегейлi мүдделерiне жауап бередi деп кәмiл сене отырып,
мемлекетаралық ынтымақтастықтың қол жеткiзiлген жоғары деңгейiн атап көрсете отырып,
өздерiнiң қатынастарына жаңа сапа беруге ұмтыла отырып,
төмендегiлер туралы уағдаласты:
1-бап
Уағдаласушы Тараптар саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтiк, ғылыми, технологиялық, мәдени салаларда және гуманитарлық қарым- қатынаста көп қырлы ынтымақтастықтың нысандары мен тетiктерiн одан әрi iлгерiлету, жандандыру және жетiлдiру мақсатында одақтастық қатынастар негiзiнде екi жақты ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады.
2-бап
Уағдаласушы Тараптар арасындағы одақтастық қатынастар мемлекеттердiң егемендi теңдiгiн, тәуелсiздiгiн, аумақтық тұтастығын, ерiктiлiгiн сақтау және өздерi қабылдаған мiндеттемелердi адал ниетпен орындау қағидаттарына негiзделедi.
3-бап
Уағдаласушы Тараптар өзара қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде бiрыңғай саясат жүргiзедi және халықаралық терроризмге, экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа, есiрткi бизнесiне, заңсыз көшi-қонға және ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн басқа да қатерлер мен қауiптерге қарсы күресте өзара тығыз iс-қимыл жасайды.
4-бап
Уағдаласушы Тараптар тиiстi консультациялар жүргiзе отырып, өзара мүдденi бiлдiретiн негiзгi халықаралық проблемалар мен мәселелер бойынша ұстанымдарын айқындау кезiнде өзара тығыз iс-қимыл жасайды.
5-бап
Уағдаласушы Тараптар өздерi қатысушылары болып табылатын халықаралық Шарттарға сәйкес әскери саладағы қызметті үйлестіруді жүзеге асырады.
Уағдаласушы Тараптар сенiмдi қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында әскери құрылыстың ортақ қағидаттарын әзiрлейдi.
6-бап
Уағдаласушы Тараптар Уағдаласушы Тараптардың кез келгенiне қарсы шабуыл aктici жасалған жағдайда, әскери көмектi қоса алғанда, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 51-бабына сәйкес ұжымдық қорғаныс құқығын жүзеге асыру тәртiбiмен, сондай-ақ Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымының шеңберiндегi тетiктердi пайдалана отырып, бiр-бiрiне қажеттi көмек көрсетедi.
7-бап
Уағдаласушы Тараптар осы Шарттың және өздерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардың ережелерiне сәйкес өздерiнiң мемлекеттiк шекараларын тиiстi түрде қорғау үшiн қажеттi шараларды жүзеге асырады және мемлекеттiк шекараларын қорғау жөнiнде бiрыңғай саясат жүргiзедi.
Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында үшiншi мемлекеттер азаматтарының болуы туралы ақпаратпен тұрақты түрде алмасады, сондай-ақ бiр Уағдаласушы Тарап азаматтарының екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағына кедергiсiз келуi, кетуi және онда болуы үшiн қажеттi шараларды келiседi және қабылдайды.
8-бап
Уағдаласушы Тараптар өзара экономикалық ықпалдастықты тереңдету үшiн жағдайлар жасайды.
Осы мақсатта Уағдаласушы Тараптар негiзгi экономикалық көрсеткiштерiн кезең-кезеңiмен жақындастыру, заңнамаларын үйлестiру және келісілген құрылымдық, экономикалық саясатты жүргiзу жөнiнде шаралар қабылдайды.
9-бап
Уағдаласушы Тараптар қаржылық, ақша-кредит, бюджеттiк жүйелерiн үйлестiруге бағытталған iс-шараларды жүзеге асырады, сондай-ақ келiсiлген инвестициялық, төлем-есеп айырысу, сондай-ақ сыртқы сауда саясатын жүргізеді.
Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында қаржылық-экономикалық және инвестициялық қызмет, бiрлескен кәсiпорындар құру үшiн Уағдаласушы Тараптар қолайлы жағдайлар жасайтын болады.
10-бап
Уағдаласушы Тараптар бағалы қағаздар рыноктарын ықпалдастыру және тиiстi түрде реттеу жөнiндегi іс-шараларды жүзеге асырады.
11-бап
Уағдаласушы Тараптар бiрлескен көлiк-коммуникация және энергетикалық жүйелердiң ортақ инфрақұрылымын құру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады, сондай-ақ стандарттау, метрология және сәйкестiгiн бағалау саласында келiсiлген саясат жүргiзедi.
12-бап
Осы Шартта көзделген ережелердi кезең-кезеңiмен iске асыру мақсатында Уағдаласушы Тараптар Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Экономикалық ықпалдастық жөнiндегi iс-қимыл жоспарын қабылдайды, ол осы Шарттың ажырамас бөлiгi болып табылады.
13-бап
Уағдаласушы Тараптар өздерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес су объектiлерiн, су-энергетикалық ресурстарды және су шаруашылығы құрылыстарын ұтымды әрi өзара тиiмдi пайдалану саласында келiсiлген iс-қимылды жүзеге асырады.
14-бап
Уағдаласушы Тараптар ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң тиiмдiлiгiн арттыруды, халықты азық-түлiкпен және өнеркәсiптi шикiзатпен қамтамасыз етудi жақсартуды, агроөнеркәсiптiк кешендердiң тауар өндiрушiлерiн қолдауды және қорғауды, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру жөнiндегi бiрлескен кәсiпорындарды ұйымдастыруды, сондай-ақ өздерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң аумағында өндiрiлетiн ауыл шаруашылығы тауарларының транзиттік тасымалы үшiн өз аумақтарында қолайлы жағдайлар жасауды көздейтiн келiсiлген аграрлық саясат жүргізеді.
15-бап
Уағдаласушы Тараптар индустриялық-инновациялық саясатты iске асыру мақсатында жаңа өндiрiстiк қуаттарды ұтымды орналастыру және қазiргi барларын жаңғырту жөнiндегi iс-шараларды келiседi.
16-бап
Уағдаласушы Тараптар бiрыңғай ақпараттық кеңiстiктi қалыптастыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады.
17-бап
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өздерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес бiлiм алу, еңбекке орналастыру, еңбекке ақы төлеу, басқа да әлеуметтiк кепiлдiктер беру кезiнде екiншi Уағдаласушы Тарап азаматтарының тең құқықтарына кепiлдiк бередi.
Осындай қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттеудi қамтамасыз ету мақсатында Уағдаласушы Тараптар тиiстi халықаралық шарттарды жасасады.
18-бап
Уағдаласушы Тараптар екi мемлекеттiң парламенттерi арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және кеңейтуге жәрдемдеседi.
19-бап
Осы Шарттың мақсаттары мен мiндеттерiн орындау үшiн Уағдаласушы Тараптар Жоғары Мемлекетаралық Кеңес (Мемлекеттердiң, үкiметтердiң және парламенттердiң басшылары) құрады.
Жоғары Мемлекетаралық Кеңестiң қызметiн үйлестiру Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесiне жүктеледi.
Жоғары Мемлекетаралық Кеңестi мемлекеттер басшылары басқарады және ол Уағдаласушы Тараптардың ортақ мүдделерiне байланысты анағұрлым маңызды мәселелердi қарайды, одақтастық қатынастарды дамытудың стратегиясын, негiзгi бағыттарын анықтайды және осы Шартты iске асыруға бағытталған шешiмдердi қабылдайды.
Жоғары Мемлекетаралық Кеңес жұмысының тәртiбi Ережемен белгiленедi, ол Жоғары Мемлекетаралық Кеңестiң шешiмiмен бекiтiледi.
Жоғары Мемлекетаралық Кеңес өзiнiң отырыстарын кем дегенде жылына бiр рет өткiзедi.
20-бап
Осы Шарт өздерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Уағдаласушы Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
21-бап
Осы Шарттың ережелерiн түсiндiруге және қолдануға қатысты даулар Уағдаласушы Тараптардың арасында консультациялар мен келiссөздер өткiзу арқылы шешiлуi тиiс.
Уағдаласушы Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Шартқа осы Шарттың ажырамас бөлiктерi болып табылатын және осы Шарттың 23- бабында көзделген тәртiппен күшiне енетiн жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
22-бап
Осы Шарт Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес осы Ұйымның Хатшылығында тiркелетiн болады.
23-бап
Осы Шарт бекiтiлуге жатады және Уағдаласушы Тараптар оны бекiткендiгi туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
Осы Шарт белгiленбеген мерзiмге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың бiрi оның қолданысын тоқтату ниетi туралы екiншi Уағдаласушы Тарапқа жазбаша хабарлама жiберген күннен бастап он екi ай өткенге дейiн күшiнде болады.
2003 жылғы "__"___________ __________________________қаласында
әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы Шарттың ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасы Қырғыз Республикасы
үшін үшін