Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
"Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк
қорғау туралы
Осы Заң мүгедектердi әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз eту үшiн, олардың тiршiлiк қызметi мен қоғамға кiрiгуi үшiн бiрдей мүмкiндiктер туғызудың құқықтық, экономикалық және ұйымдық шарттарын айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
мүгедек - адамның тiршiлiк ету әрекетiнiң шектелуiне апаратын және осы адамды әлеуметтiк қорғау қажеттiлiгiн туғызатын аурулардан, жарақаттар немесе кемiстiктер салдарынан ағза қарекеттерiнің тұрақты бұзылушылығы бар адам;
мүгедектiк - ағза қарекеттерiнiң тұрақты бұзылушылығы салдарынан адамның тiршілiк етуi әрекетiнiң шектелу дәрежесi;
мүгедектік оңалтудың жеке бағдарламасы - мүгедекті оңалтуды жүргiзудiң нақты көлемiн, түрлерi мен мерзiмдерiн айқындайтын құжат;
мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасы - мүгедектердi медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалту жөнiндегi iс-шаралардың кепiлдi тiзбесi;
медициналық-әлеуметтiк сараптама - куәландырылатын адамның клиникалық-функционалдық, әлеуметтiк, кәсiптiк және психологиялық деректерiн талдау негiзiнде ағза жағдайын кешендi бағалау, оңалтуды қоса, оның әлеуметтiк қорғау шараларына қажеттiлiгiн белгiленген тәртiппен анықтау;
дәрi-дәрмекпен емдеу - дәрілiк заттарды қолданып емдеу;
медициналық оңалту - аурулар мен мүгедектердiң бұзылған немесе жоғалтқан қызметтерiн және денсаулығын қалпына келтiруге бағытталған әсер ету емдiк шаралар кешенi;
тiршiлiк ету әрекетiнiң шектелуi - адамның өзiне өзi қызмет көрсету, өздiгiнен жүрiп-тұру, бағдарлану, адамдармен араласу, өзiнiң мiнез-құлқын қадағалау, оқу және еңбек қызметiмен айналысу қабiлетiн немесе мүмкiндiгiн толық немесе iшiнара жоғалтуы;
протез-ортопедиялық көмек - мүгедектердi протез-ортопедия құралдарымен қамтамасыз ету және оларды пайдалануды үйрету жөнiндегi медициналық-техникалық көмектiң мамандандырылған түрі;
протез-ортопедиялық құралдар - аяқ-қол немесе дененiң басқа да мүшелерiнiң орнына қойылатын, ауру немесе денсаулығының зақымдалуы салдарынан бұзылған немесе жойылған ағза қарекеттерiн қалпына келтiретiн құралдар;
мүгедектердi кәсiптiк оңалту - мүгедектердiң бұзылған немесе жоғалтқан кәсiптiк дағдыларын, бiлiмi мен машықтарын алуына немесе қалпына келтiруге және оларды ұсынылатын еңбек қызметiнiң талаптарына бейiмдеуге бағытталған шаралар кешенi;
кәсiптiк бағдарлау - мүгедекке еңбек қызметiнiң түрлерiн таңдауға көмек көрсетуге бағытталған шаралар жүйесi;
кәсiптiк оқыту (қайта оқыту) - мүгедектерге ұсынылған еңбек қызметi саласындағы бiлiмдi, дағдылар мен машықтарды меңгеру процесi;
мүгедек-бала - адамның тiршiлiк ету әрекетiнiң шектелуiне апаратын және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiлiгiн туғызатын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден ағза қарекеттерiнiң тұрақты бұзылушылығына шалдыққан, денсаулығы бұзылған 18 жасқа толмаған адам;
қалпына келтiру хирургиясы - ағзаның бұзылған функцияларын қалпына келтiруге немесе орнын толтыруға бағытталған емдеудiң хирургиялық әдiсi;
мүгедектердiң әлеуметтiк-тұрмыстық және орта жағдайларына бейiмделуi - өзiне-өзi қызмет көрсету, өз бетiмен өмiр сүру мүмкiндiгiне жету немесе мүгедектердiң отбасы және қоғамдық өмiрдiң үйреншiкті жағдайына қайта оралу процесi;
мүгедектердi әлеуметтiк оңалту - мүгедектердiң шектеулi тiршілiк әрекетiн жеңуi үшiн жағдай туғызуға, олардың әлеуметтiк мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық және қоршаған ортаға бейiмделуiне бағытталған шаралар кешенi;
арнаулы жүрiп-тұру құралдары - мүгедектердiң белсендi және баяу жүрiп-тұруы үшiн көрсетiлетiн техникалық көмектiң түрi;
мүгедектердi жұмысқа орналастыруға арналған арнаулы жұмыс орындары - мүгедектiң жеке мүмкiндiктерiн ескере отырып жабдықталған жұмыс орындары;
сурдотехникалық құралдар - есту қабiлетiнiң кемiстiктерiн түзеу және қалпына келтiруге арналған, оның iшiнде байланыс және ақпарат беру құралдарын күшейтетiн техникалық құралдары;
техникалық көмекшi (қалпына келтiрушi) құралдар - протез-ортопедиялық және сурдо-тифло-техникалық құралдар;
тифлотехникалық құралдар - бұзылған көру функцияларын түзеуге және қалпына келтiруге, кеңiстiкте бағдарлануға, жазуға және оқуға, оның iшінде Брайль бойынша жазу және оқуға арналған техникалық құралдар;
уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк
қорғау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.
2. Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына, шетелдiктерге және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келiсiмдерде осы Заңдағы ережелерден өзгеше белгiленген болса, онда халықаралық келiсiмнiң ережелерi қолданылады.
2-тарау. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғауды мемлекеттiк реттеу
3-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк
қорғау саласындағы саясаты
Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының саясаты:
1) мүгедектiктiң алдын алуға;
2) мүгедектердi әлеуметтiк қорғауға, оның iшiнде оңалтуға;
3) мүгедектердi қоғамға кiрiктiруге бағытталған.
4-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау қағидаттары
Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты:
1) заңдылық, адамгершiлiк, адам құқықтарын сақтау;
2) әлеуметтiк қорғаудың кепiлдiлiгi, медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалтуға қол жетуiн қамтамасыз ету;
3) мүгедектердiң бiлiм алуға қол жеткiзуi, басқа азаматтармен қатар тең құқығы және қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауы;
4) мемлекеттiк органдардың қоғамдық бiрлестiктермен және мүгедектердің құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асырушы өзге де ұйымдармен бiрлесiп әрекет етуi қағидаттарының негiзiнде жүргiзiледi.
5-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң мүгедектердi
әлеуметтiк қорғау саласындағы құзiретi
Қазақстан Республикасының Yкiметi:
1) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
2) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау және оңалту саласындағы кешендi бағдарламаларды бекiтедi;
3) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi шығарады;
4) мемлекеттiк білiм беру тапсырысы бойынша оқып жүрген мүгедектерге стипендиялар тағайындаудың және төлеудiң тәртiбiн заңдарға сәйкес бекiтеді.
6-бап. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы
уәкілеттi органның құзыретi
1. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган:
1) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы, сондай-ақ медициналық-әлеуметтiк сараптама саласындағы нормативтiк-құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлейдi және бекiтедi;
2) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы кешендi бағдарламалардың жобаларын әзiрлейдi;
3) мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттiк стандарттарын әзiрлейдi;
4) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау мәселелерi жөнiндегi басқа да мемлекеттік органдарды әдiстемелiк және ұйымдық үйлестiрудi жүзеге асырады;
5) медициналық-әлеуметтiк сараптамамен мүгедектердi оңалтуды ұйымдастырудың және жүзеге асырудың жалпы қағидаттарын белгілейдi;
6) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша куәландырудың, мүгедектiк себебiн, тобын және еңбек ету қабiлетiн жоғалту дәрежесiн анықтаудың, мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасын айқындаудың тәртiбiн белгiлейдi;
7) мүгедектердi есепке алу жүйесiнiң орталықтандырылған деректер банкiн қалыптастырады, мүгедектiк себептерiнiң, құрылымының және жағдайының мониторингiн жүргiзедi;
8) мүгедектердi әлеуметтiк оңалту саласындағы мамандардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
9) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңдардың сақталуын мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады.
2. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкілеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң құзыретiне:
1) медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу;
2) мүгедектiк тобын, оның себебiн, мерзiмiн, мүгедектiктiң басталған уақытын, еңбек ету қабiлетiн жоғалту дәрежесiн, ағза қарекеттерiнiң бұзылуы және тiршiлiк әрекетiнiң шектелуi дәрежесiне қарай "мүгедек-бала" санатын белгiлеу;
3) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларын әзiрлеу;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жәрдемақыларды және басқа да төлемдер мен өтемақыларды тағайындау;
5) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларының iске асырылуын бақылау;
6) халықтың мүгедектiгiнiң деңгейi мен себептерiн зерттеу;
7) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру.
7-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы
уәкiлеттi органның құзыретi
Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлеттi орган:
1) халықтың салауатты өмiр салтын қалыптастыру, мүгедектiктiң алдын алу саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясатты жүргiзедi;
2) диагноз қоюдың, ауруды емдеудiң және оның асқынуының хаттамаларын айқындайды;
3) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектердi медициналық оңалтуды жүзеге асырады;
4) медициналық-әлеуметтiк сараптама саласындағы мамандарды кәсiптiк даярлауды және қайта даярлауды қамтамасыз етедi.
8-бап. Бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның
құзыретi
Бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган:
1) мүгедектердiң заңдарға сәйкес білiм алуын қамтамасыз етедi;
2) мемлекеттiк тапсырыс немесе грант бойынша оқитын мүгедектерге шәкiртақылар мен оларға қосылатын үстемеақыларды тағайындаудың және төлеудiң тәртiбiн заңдарға сәйкес әзiрлейдi;
3) мүгедектердi оқытуды жүзеге асыратын бiлiм беру ұйымдарының бiлiм беру қызметiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi.
9-бап. Облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың,
астананың) жергiлiктi мемлекеттiк басқару
органдарының құзыретi
1. Облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергiлiктi өкiлеттi органдары:
1) мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламаларын бекiтедi;
2) мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
2. Облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
1) мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлейдi және облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) өкiлеттi органдарына бекiтуге ұсынады;
2) мүгедектердi оңалтуды жүзеге асыратын мемлекеттiк ұйымдарды құрады және олардың қызметiн қамтамасыз етедi;
3) осы Заңға және мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектердi кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды) ұйымдастырады;
4) мүгедектердi оңалту жөнiндегi мамандардың, оның iшiнде ымдау тiлiнiң мамандарын даярлауды, қайта даярлауды және бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
5) осы Заңға және мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тиiстi аумақта медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалтуды ұйымдастырады;
6) мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламаларын iске асыруды қамтамасыз етедi;
7) физкультура және спорт жөнiндегi уәкiлеттi аумақтық органдармен бiрлесiп мүгедектердiң арасында спорттық шаралар жүргiзудi ұйымдастырады;
8) мүгедектерге қайырымдылық және әлеуметтiк көмек көрсетiлуiн үйлестiредi.
10-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың)
жергілiктi мемлекеттiк басқару органдарының
құзыретi
1. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi өкiлеттi органдары:
1) мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламаларын бекiтедi;
2) мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламаларының орындалуына бақылауды жүзеге асырады.
2. Ауданның (облыстық маңызы қаланың) жергілiктi атқарушы органдары:
1) мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлейдi және ауданның (облыстық маңызы бap қаланың) өкiлеттi органдарына бекiтуге ұсынады;
2) мүгедектердi оңалтудың өңiрлiк бағдарламаларының тиiстi аумақта iске асырылуын қамтамасыз етедi;
3) мүгедектерге қайырымдылық және әлеуметтiк көмек көрсетiлуiн ұйымдастырады.
11-бап. Мүгедектіктiң алдын алу
1. Мүгедектiктiң алдын алу - ерте диагностикаға, дене, ақыл-ой, психикалық, сенсорлық және басқа кемiстiктердi және кемiстiктiң тұрақты функционалдық шектелуге немесе мүгедектiкке ауысуын болдырмауға бағытталған шаралар кешенi, сондай-ақ денсаулықты қорғау, адам тұратын экологиялық ортаны жақсарту, салауатты өмiр салтын қалыптастыру, еңбектiң қауiпсiз жағдайларын қамтамасыз ету, өндiрiсте жарақаттануды болдырмау, кәсiптiк аурулар деңгейiн төмендету жөнiндегi iс-шаралар.
2. Мүгедектiктiң алдын алуды тиiстi мемлекеттiк органдар, жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары мен жұмыс берушi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
3-тарау. Мүгедектердiң құқықтары және оларды әлеуметтiк қорғау
12-бап. Мүгедектердiң құқықтары
Қазақстан Республикасында мүгедектер:
1) әлеуметтiк қорғауға, қоғам өмiрiне әлеуметтiк кiрiгуге;
2) ақпаратқа қол жеткізуiн қамтамасыз етуге;
3) бiлiм алуға, денсаулығының жағдайын ескере отырып, қызмет пен кәсiптiң түрiн еркiн таңдауға;
4) Қазақстан Республикасының заңдары белгiлеген тәртiппен тегiн кепілді медициналық көмекке;
5) кәсiптiк даярлыққа және қайта даярлыққа, еңбек ету қабiлетiн қалпына келтiруге және жұмыспен қамтылуға;
6) Қазақстан Республикасының баспана заңдарына сәйкес баспанаға;
7) денсаулық сақтау мәдениет, байланыс, көлiк, қызмет көрсету саласында бiрiншi кезекте қызметтер көрсету құқығын қоса, Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының өзге де заң шығару актiлерiмен бекiтiлген әлеуметтiк-экономикалық және жеке басының құқықтары мен бостандықтарына толық ие болады.
13-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау
Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау - әлеуметтiк көмек көрсету, медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалту, бiлiм беру және олардың қоғам өмiрiне қатысуына өзге де азаматтармен бiрдей мүмкiндiктер туғызуға бағытталған өзге де шаралар.
14-бап. Әлеуметтiк көмек
Мүгедектерге көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар мен арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы түрiнде төленетiн төлемдердi және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген төлемдердің басқа да түрлерiн қамтиды.
15-бап. Мүгедектердi оңалту
1. Мүгедектердi оңалту ағза қызметтерiнiң тұрақты ауытқулары бар денсаулығының бұзылуынан туындаған тiршілiк әрекетiнiң шектелуін жоюға немесе мүмкiндiгiнше қалпына келтiруге бағытталған медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк шаралар кешенiн қамтиды.
2. Мүгедектердi оңалту мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасына және медициналық-әлеуметтiк сараптама негiзiнде белгiленетiн мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
16-бап. Мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасы
Мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасы оңалту ұйымдары мен мекемелер жүйесiн дамытуды, олардың материалдық-техникалық базасын күшейтудi, мүгедектердi техникалық көмекшi (қалпына келтiрушi) құралдармен, арнайы жүрiп-тұру құралдарымен, санаторий-курорттық емделумен қамтамасыз етудi, әлеуметтiк қызметтер көрсетудi және әлеуметтiк инфрақұрылым объектілерiне кедергiсiз қол жеткiзудi, мүгедектердi оңалту мәселелерiмен айналысатын қызметкерлердi даярлауды және білiктілiгiн жоғарылатуды көздейдi.
17-бап. Мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасы
Мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасы мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасына сәйкес мүгедекке тегiн ұсынылатын оңалту iс-шараларымен қатар ақысын төлеуге мүгедектiң өзi немесе оның еңбек жарақатына немесе кәсiптiк ауруға шалдыққанына кiнәлi жұмыс берушi қатысатын оңалту iс-шараларын да қамтиды.
18-бап. Мүгедектердi медициналық оңалту
1. Мүгедектердi медициналық оңалту шаралары:
1) қалпына келтiру терапиясын (дәрi-дәрмекпен, физикалық, санаторий-курорттық емдеу және емдеудiң жоғалтқан функциялары мен денсаулығын қалпына келтiруге бағытталған басқа да әдiстерi);
2) қалпына келтiру хирургиясын;
3) протез-ортопедиялық көмектi қамтиды.
2. Медициналық оңалту жөнiндегi iс-шараларды денсаулық, сақтау ұйымдары мен меншiк нысанына қарамастан басқа да мамандандырылған ұйымдар жүргiзедi.
3. Мүгедектер мен мүгедек-балаларды жеке оңалту бағдарламасына сәйкес санаторлық-курорттық емдеу Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейтiн тәртіппен жүргiзiледi.
Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен еңбек жарақатына немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке, жұмыс берушi емдеу орнына және керi қарай жол шығындарын төлей отырып, санаторлық-курорттық емделуге жолдама бередi.
19-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту
1. Мүгедектерді әлеуметтiк оңалту:
1) мүгедектердi негiзгi әлеуметтiк дағдыларға үйрету (жеке басының гигиенасы өзiне өзi қызмет көрсету, жүрiп-тұру, қарым-қатынас);
2) мүгедектердi техникалық көмекшi (қалпына келтiру) және арнайы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету;
3) мүгедектерге, оның iшiнде басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедек-балаларға үйде әлеуметтiк қызмет көрсету;
4) медициналық-әлеуметтiк мекемелерде әлеуметтiк қызмет көрсету;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтық көмек көрсетiлуiн қамтамасыз ету;
6) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтік оңалтудың өзге де түрлерiн қамтиды.
2. Мүгедектерді әлеуметтiк оңалтуды: медициналық-әлеуметтiк мекемелерi (қарттар мен мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған интернат-үйлер), қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызметтер көрсету аумақтық орталықтары, әлеуметтiк қызмет түрлерiн үйде көрсету бөлiмшелерi, арнаулы бiлiм беру ұйымдары (психологиялық-медициналық-педагогикалық түзеу) және меншiк нысанына қарамастан басқа да мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
20-бап. Мүгедектерге техникалық көмекшi (қалпына
келтiру) құралдар мен арнайы жүрiп-тұру
құралдарын беру
1. Мүгедектер протез-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, арнайы жүрiп-тұру құралдарымен (автомобильдердi қоспағанда), оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейтiн тәртiппен қамтамасыз етiледi.
2. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен еңбек жарақатынан немесе кәсіптiк аурудан мүгедек болған мүгедектер техникалық көмекшi (қалпына келтiру) және арнайы жүрiп-тұру құралдарымен жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен қамтамасыз етiледi.
21-бап. Үйде және аумақтық әлеуметтiк қызмет көрсету
орталықтарында әлеуметтiк қызмет көрсету
1. Қозғалу қабiлетiнiң шектелуi салдарынан өзiнiң негiзгi өмiрлiк сұраныстарын өз бетiмен қанағаттандыру мүмкiндiгiнен толығымен немесе жартылай айрылуына байланысты өзге адамдардың күтiмi мен көмегiне мұқтаж жалғызiлiктi мүгедектерге әлеуметтiк қызметтi үйде көрсетудi әлеуметтiк көмек бөлiмшелерi және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызметтер көрсетумен айналысатын аумақтық орталықтар әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттiк стандарттарына сәйкес жүзеге асырады.
2. Өзiн өзi күтуге және (немесе) қозғалу қабiлетiнiң шектелуi салдарынан өзiнiң негiзгi өмiрлiк сұраныстарын өз бетiмен қанағаттандыру мүмкiндiгімен толығымен немесе жартылай айрылуына байланысты өзге адамдардың күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедек-балаларға әлеуметтiк қызметтi үйде көрсетуді әлеуметтiк көмек бөлiмшелерi әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттiк стандарттарына сәйкес жүзеге асырады.
3. Қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызметтi үйде және әлеуметтiк қызметтер көрсетудiң аумақтық орталықтарында көрсету бюджеттiк қаражат есебiнен жүзеге асырылады.
22-бап. Медициналық-әлеуметтiк мекемелерде
әлеуметтiк қызмет көрсету
1. Денсаулық жағдайы бойынша өзге адамдардың күтiмi мен медициналық қызмет түрлерiне мұқтаж жалғызiлiктi мүгедектерге, психоневрологиялық аурулар қатарындағы мүгедектерге, мүгедек-балаларға әлеуметтiк қызметтер көрсету мүгедектердiң жасына, денсаулығының жағдайына сәйкес бейiнделген қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерiнде жүзеге асырылады және оларға тiршiлiк ету жағдайларын туғызу, күтiммен қамтамасыз ету, медициналық қызметтер көpceту, оңалту, әлеуметтiк-еңбекпен бейiмдеу, демалыс пен бос уақыттарын ұйымдастыру кіредi.
2. Медициналық-әлеуметтiк мекемелерде тұратын азаматтарға әлеуметтiк қызметтердiң көлемi мемлекеттiк стандарттарға сәйкес көрсетiледi.
3. Медициналық-әлеуметтiк мекемелерде әлеуметтiк қызметтер көрсету бюджеттiк қаражат есебiнен жүзеге асырылады.
23-бап. Мүгедектердiң әлеуметтiк инфрақұрылым
объектiлерiне қол жеткiзуiн қамтамасыз ету
1. Жергiлiктi атқарушы органдар:
мүгедектердің (кресло-арбалар мен жетекшi-иттердi пайдаланатындарды қоса) тұрғын үй, қоғамдық және өндiрiстiк ғимараттарға, құрылыстар мен үй-жайларға қол жеткiзуiн, қоғамдық көлiкпен (мүгедектер мұқтаж құралдарын қоса) және көлiк коммуникацияларымен, байланыс және ақпарат құралдарымен және әлеуметтiк инфрақұрылымның өзге де объектiлерiн кедергiсiз пайдалануына жағдай туғызуды;
мүгедектерге немесе құрамында мүгедектер бар отбасыларға берiлетiн тұрғын үй-жайларды мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес арнайы және бейiмделген құралдармен жабдықтауды қамтамасыз етедi.
2. Тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық нысандағы объектiлердi пайдалануға қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк қабылдау комиссиясы құрамына халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi өкiлiнiң қатысуынсыз тапсыруға жол берілмейді.
24-бап. Мүгедектердiң мәдени-көрiнiстiк ұйымдарға және
спорт ғимараттарына қол жеткізуін қамтамасыз eту
Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектерге дене шынықтыру және спортпен шұғылдану үшiн мәдени-көрінiстiк ұйымдар мен спорт ғимараттарына еркiн қол жеткiзуiне және пайдалануына, сондай-ақ арнайы спорт керек-жарақтарын беруге жағдай туғызуды қамтамасыз етедi.
І, II топтағы мүгедектер және 18 жасқа дейiнгi мүгедек-балалар жоғарыда санамаланған қызметтердi бюджеттiк қаражат есебiнен, ал III топтағы мүгедектер аталған қызметтер құнының 50 пайызын төлеп пайдаланады.
25-бап. Ақпарат пен коммуникацияларға қол жеткiзу
1. Мүгедектердiң ақпаратқа қол жеткiзуi ақпараттық бағдарламалардың сурдоаудармасын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұйымдастырумен қамтамасыз етiледi.
2. Аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары шешiмiмен мүгедектерге қызметтер көрсетуге бағытталған мекемелер орналасқан жерлерде, сондай-ақ халық көп жерлерде синхрондық дыбыс дабылдатқышы бар арнаулы бағдаршамдар, дыбыс қондырғылары қойылған жол белгiлерi мен жол сiлтегiштер орналастырылады.
3. Жеке қарым-қатынас құралы ретiнде ымдасу пайдаланылады, ол сондай-ақ саңырау және нашар еститiн балаларға арналған білiм беру ұйымдарының оқу бағдарламасында да қолданылады.
26-бап. Бiлiм алуы және мектепке дейiнгi тәрбие
алуы үшiн мүгедектердi қажеттi жағдайлармен
қамтамасыз ету
1. Мүгедектерге тегiн жалпы орта бiлiм алуға кепілдiк берiледi.
2. I, ІІ топтағы мүгедектер мен мүгедек-балалар үшiн орта кәсiптiк және жоғары кәсiптiк бiлiм беру ұйымдарына оқуға түскен кезде Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген мөлшерде квота көзделедi.
3. Бюджеттiк қаржыландыру, бiлiм беру гранттары мен несиелерi арқылы тегiн мемлекеттiк бiлiм алу конкурсына қатысқан кезде бiрдей көрсеткіштер болған жағдайда, медициналық-әлеуметтiк сараптаманың қорытындысы бойынша тиiстi бiлiм ұйымдарында оқуға қарсы айғақтамалары жоқ, І және II топтағы мүгедектерге, мүгедек-балаларға басымдықты құқық берiледi.
4. Мемлекеттiк тапсырыс немесе грант бойынша жоғары оқу орындарында оқып жүрген, орта кәсiптiк оқу орындарында оқитын мүгедектерге шәкіртақымен қамтамасыз ету жөнiндегi жеңілдіктер Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес берiледi.
5. Жалпы үлгідегi мектепке дейiнгi ұйымдарда және жалпы орта бiлiм ұйымдарында болуына денсаулық жағдайы мүмкiндiк бермейтiн мүгедек-балалар үшiн балалар бақшалары мен басқа да арнайы түзеу ұйымдары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен құрылады.
6. Жалпы немесе арнаулы мектепке дейiнгi ұйымдарда және басқа оқу орындарында тәрбиелеу мен оқытуға денсаулық жағдайының мүмкiндiгi болмаса ата-анасының немесе заңды өкілдерiнiң өтiнiшiн ескерiп, тәрбиелеу мен оқыту үйде жүргiзiледi.
7. Мүгедектердi, бала жасынан мүгедектердi және мүгедек-балаларды олар бiлiм алған кезеңде ұстау шығыстарын толық немесе iшiнара мемлекет жүзеге асырады.
27-бап. Мүгедектердi кәсiптiк оңалту
1. Мүгедектердi кәсiптiк оңалту:
1) кәсiптiк бағдарлауды;
2) кәсiптiк оқытуды (қайта оқыту);
3) жұмысқа орналастыруды қамтиды.
2. Кәсiптiк бағдарлауды халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкілеттi органның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
3. Мүгедектердi кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды) бiлiм беру қызметiн Қазақстан Республикасының заңнамасы белгiлеген тәртiппен алған лицензия негiзiнде жүргiзетiн ұйымдар жүзеге асырады.
28-бап. Мүгедектердiң жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету
Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектердi жұмыспен қамтуды:
1) мүгедектер үшiн жұмыс орындары жалпы санының үш пайызы мөлшерінде квота белгілеу;
2) жеке кәсiпкерлiк, шағын және орта бизнестi дамыту арқылы мүгедектер үшiн қосымша жұмыс орындарын құру;
3) мүгедектердi жұмысқа орналастыру үшiн арнайы жұмыс орындарын құру;
4) мүгедектердi кәсіптiк оқытуды ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етедi.
29-бап. Мүгедектердiң еңбек қатынастары
саласындағы құқықтары
І және II топтағы мүгедектер үшiн аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгiленедi, жыл сайын ақы төленетiн, ұзақтығы 15 жұмыс күнге дейiн қосымша демалыс берiледi.
Түнгi уақыттағы жұмыс мүгедектердiң келiсiмiмен және егер осындай жұмыс оның денсаулық жағдайы бойынша тыйым салынбаған болса ғана рұқсат етіледi.
Еңбек шартын жасасудан не қызметте өсiруден бас тартуға, жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша жұмыстан босатуға, мүгедектiк себептерi бойынша оның келiсiмiнсiз мүгедектi басқа жұмысқа ауыстыруға, тек халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы атқарушы органның аумақтық бөлiмшесiнiң қорытындысы бойынша оның денсаулығының жағдайы кәсiптiк мiндеттердi атқаруға кедергi болған не басқа адамдардың денсаулығы мен қауiпсiздiгiне қауiп туғызған жағдайларды қоспағанда жол берiлмейдi.
4-тарау. Жұмыс берушiнiң мүгедектердi әлеуметтiк қорғауға қатысуы
30-бап. Әлеуметтік инфрақұрылым объектiлерiне
қол жеткiзудi қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыс
берушiнiң мiндетi
Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен еңбекте мертiккен немесе кәсiптiк aуpуғa шалдыққан мүгедектердiң өндiрiстiк ғимараттарға, құрылыстар мен үй-жайларға қол жеткiзуi үшiн, жұмыс берушi жұмыс орындары мен жұмыс үй-жайларын жобалау және ыңғайлау арқылы жағдай жасауды қамтамасыз етедi, үй-жайларын арнайы құралдармен және құрылғылармен мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жабдықтайды.
31-бап. Мүгедектердi жұмыспен қамту және кәсiптiк оңалту
саласындағы жұмыс берушiнiң мiндетi
Жұмыс берушi өз қаражаты есебiнен, осы Заңға сәйкес жұмыс берушінiң кiнәсiнен еңбекте мертiккен және/немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектердi кәсiптiк оқытуды немесе қайта оқытуды, оларды жұмысқа орналастыру үшiн арнаулы жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етедi.
32-бап. Әлеуметтiк қорғаудың жұмыс берушi көрсететiн
қосымша шаралары
Жұмыс берушi өзiнiң меншiктi қаражаты есебiнен мүгедектердi әлеуметтiк қорғаудың қосымша шараларын көздей алады.
33-бап. Мүгедекке келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi
жұмыс берушiнiң мiндетi
Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен еңбекте мертiгуi немесе кәсiптiк ауруға шалдығуынан мүгедектерге келтiрiлген зиянды өтеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерi
34-бап. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктердi құру
құқығы және олардың өкiлеттiгi
1. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерi мүгедектердi әлеуметтiк қорғаумен байланысты проблемаларды шешуге, сондай-ақ тиiстi iс-шараларды қаржыландыруға қатысады.
2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектердiң мүдделерiне қатысты шешiмдердi даярлау және қабылдау кезінде мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен және олардың уәкiлеттi өкiлдерiмен бiрлесiп қызмет етедi.
3. Мүгедектер ұйымдары мүгедектердi әлеуметтiк қорғау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға:
1) мүгедектердiң құқықтарын және заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға, соның ішінде мүгедектердi оңалтудың кешендi және өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеу кезiнде ұсыныстар енгiзу;
2) әлеуметтiк қызметтердiң тиiстi түрлерiн көрсетудiң тиiмдiлiгiн бағалауға қатысу;
3) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау мәселелерi жөнiндегi әзiрленетiн нормативтiк құқықтық актiлерге ұсыныстар енгiзу;
4) заңнамада тыйым салынбаған өзге де әдiстер арқылы қатысуға құқылы.
6-тарау. Осы Заңның сақталуын бақылау
35-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы
заңдардың сақталуын бақылау
Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңдардың сақталуын бақылауды халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
36-бап. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi
органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң
мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнаманың
сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi
құқықтары
Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңдардың сақталуын жүзеге асыратын халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi:
1) ұйымдарда мүгедектерді әлеуметтiк қорғау саласындағы заңдардың сақталуы бойынша тексеру жүргiзуге;
2) жұмыс берушiлерден және кез келген ұйымдық-құқықтық нысандағы ұйымдардан осы Заңның орындалуы туралы тиiстi құжаттар мен өзге де ақпараттарды сұратуға және алуға;
3) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңдар саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға осы Заңды бұзушылықтарды жою туралы жазбаша ұйғарым беруге құқылы.
7-тарау. Қорытынды ережелер
37-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауаптылық
Осы Заңды бұзған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес жауапты болады.
38-бап. Осы Заңды күшiне енгiзу
Осы Заң 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті