Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Болгария Республикасының Yкіметi арасындағы Терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының және прекурсорлардың заңсыз айналымына және өзге де қылмыстарға қарсы күрестегi ынтымақтастық туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 30 қаңтардағы N 120 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. 2003 жылғы 25 қыркүйекте Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Болгария Республикасының Үкiметi арасындағы Терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының және прекурсорлардың заңсыз айналымына және өзге де қылмыстарға қарсы күрестегi ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Болгария
Республикасының Yкiметi арасындағы Терроризмге,
ұйымдасқан қылмысқа, есiрткi құралдарының,
психотроптық заттардың, олардың аналогтарының және
прекурсорлардың заңсыз айналымына және өзге де
қылмыстарға қарсы күрестегi ынтымақтастық туралы
Келісім

      Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Болгария Республикасының Үкiметi,
      олардың арасындағы ынтымақтастық терроризмнiң және ұйымдасқан қылмыстың, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының және прекурсорлардың заңсыз айналымының, шекара арқылы адамдардың, көлiк құралдарының және жүктердiң заңсыз өтуiнiң, сондай-ақ өзге де ауыр қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы күресу үшiн ерекше маңызы бар екендiгiне сенiм бiлдiре отырып,
      екi мемлекеттiң терроризмге қарсы тиiмдi күрес жүргізудегi шешiмiн растай отырып,
      бүкiл әлемде есiрткi заттарын терiс пайдалану мен олардың заңсыз айналымының көбеюiне алаңдаушылық бiлдiре отырып,
      заңсыз көшi-қонға қарсы күрес жөнiндегi тиiмдi шараларды қабылдамақшы болып,
      1961 жылғы 30 наурыздағы Есiрткi құралдары туралы бiрыңғай конвенцияның , 1961 жылғы Есiрткi құралдары туралы бiрыңғай конвенцияға 1972 жылғы 25 наурыздағы Қосымша Хаттаманың, 1971 жылғы 21 ақпандағы Психотроптық заттар туралы конвенцияның  және 1988 жылғы 20 желтоқсандағы Есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы БҰҰ конвенциясының  ережелерiн ескере отырып,
      өз мемлекеттерiнiң халықаралық мiндеттемелерi мен ұлттық заңнамасын басшылыққа ала отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап
Түсiндiрмелер

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында "есiрткi құралы", "психотроптық зат", "аналог", "прекурсор" "заңсыз айналым" деген терминдер 1961 жылғы 30 наурыздағы Есiрткi құралдары туралы бiрыңғай конвенцияда , 1961 жылғы Есiрткi құралдары туралы бiрыңғай конвенцияға 1972 жылғы 25 наурыздағы Қосымша Хаттамада, 1971 жылғы 21 ақпандағы Психотроптық заттар туралы конвенцияда  және 1988 жылғы 20 желтоқсандағы Есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы БҰҰ конвенциясында  көрсетiлген ұқсас терминдерге сәйкес келедi.

2-бап
Ынтымақтастық саласы. Құзыреттi органдар

      1. Тараптар қылмысқа қарсы күрестегi ынтымақтастықты өз мемлекеттерiнiң заңнамасын және халықаралық мiндеттемелерiн сақтай отырып, осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес өзiнiң қылмысқа қарсы күрестегi құзыреттi органдары арқылы жүзеге асыратын болады.
      2. Осы Келiсiм қылмыстық iстер мен экстрадициялау жөнiндегi құқықтық көмек көрсетуге байланысты мәселелерге жатпайды.
      3. Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында мыналар Тараптардың құзыреттi органдары болып табылады:

      Қазақстан Республикасы тарапынан:
          - Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi;
          - Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi;
          - Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Нашақорлық
пен есiрткi бизнесiне қарсы күрес жөнiндегi комитетi.

      Болгария Республикасы тарапынан:
          - Болгария Республикасының Iшкi iстер министрi.
      4. Әрбiр Тарап дипломатиялық арналар арқылы екiншi Тарапқа өз құзыреттi органдарының атауларындағы өзгерiстер туралы дер кезiнде хабар бередi.
      5. Құзыреттi органдар өз өкiлеттiктерi шеңберiнде ынтымақтастықты тiкелей жүзеге асырады, ынтымақтастықтың нақты нысандары және байланыс тәсiлдерi туралы уағдаласады.

3-бап
Ынтымақтастық саласы

      1. Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес мынадай салалардағы қылмыстардың:
      1) терроризмнiң;
      2) халықаралық ұйымдасқан қылмыстың;
      3) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының және прекурсорлардың заңсыз айналымының;
      4) заңсыз көшi-қонды, адамдардың заңсыз келуiн ұйымдастырудың, адамдарды саудаға салудың;
      5) қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды, химиялық, биологиялық, радиоактивтi материалдарды, стратегиялық маңызды тауарлар мен технологияларды, әскери техниканы, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн материалдарды, жабдықтар мен құрамдастарды заңсыз сатып алудың, берудiң, сақтаудың және сатудың;
      6) автокөлiк құралдарын ұрлаудың және заңсыз сатудың, заңсыз жолмен шығарылған автокөлiк құралдарын немесе сақтандыру алаяқтығы құралдары болып табылатын автокөлiк құралдарын халықаралық ұйымдасқан заңсыз сатудың;
      7) акциздiк тауарлар контрабандасының және халықаралық саудамен және экономикалық айырбаспен байланысты басқа қылмыстардың;
      8) ақшаны, таксалық маркаларды, почта маркаларын және бағалы қағаздарды, қолма қол ақшасыз төлем құралдары мен pecми құжаттарды бұрмалау және қолдан жасау, сондай-ақ жалған және қолдан жасалған ақшаны, таксалық маркаларды, почта маркалары мен бағалы қағаздарды, қолма қол ақшасыз төлем құралдарын және ресми құжаттарды өткiзудiң;
      9) заңсыз қаржы операцияларының, экономикалық қылмыстардың және қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастырудың;
      10) өмiрге, денсаулыққа, бостандыққа, адамның ар-намысына қарсы қылмыстардың;
      11) меншiкке қарсы қылмыстардың;
      12) мәдени және тарихи құндылықтарды, өнер туындыларын, бағалы металдар мен минералдарды және басқа да бағалы заттарды заңсыз сатудың;
      13) қоршаған ортаға қарсы қылмыстардың алдын алуда, жолын кесуде және оларды ашуда ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.
      2. Тараптар алдын алу және оларды ашу олардың құзыреттi органдарының ынтымақтастығын талап ететiн, өзге де қылмыс түрлерiне қарсы күресте бiр-бiрiне жәрдемдеседi.
      3. Тараптар ынтымақтастықты тек қана өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылатын әрекеттерге қатысты жүзеге асырады.

4-бап
Ынтымақтастық түрлерi

      Ынтымақтастық мақсатында Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес:
      1) күдiктi адамдар немесе ауыр қылмыстар, әсiресе ұйымдасқан қылмыс саласында қылмыс жасауға қатысқан адамдар туралы, қылмыскерлердiң байланыстары туралы тәжiрибемен және деректермен, қылмыстық iс-әрекет жасайтын ұйымдасқан қылмыстық топтар және олардың құрылымдары туралы, жекелеген қылмыскерлер мен топтардың ортақ сипаты туралы, қылмыс жасаудың уақыты, орны мен тәсiлi, қылмыстық қол сұғушылық жасалатын объектiлер туралы, ерекше жағдайлар туралы, нақты құқықтық нормаларды бұзу туралы және қылмыстардың алдын алу мен жолын кесуде қабылданған шаралар туралы ақпарат алмасады;
      2) жедел-iздестiру іс-шараларын жүргізу кезiнде өзара iс- әрекет жасасады және бiр-бiрiне өзара ұйымдастырушылық көмек көрсетедi;
      3) қылмыстық әрекеттiң жасалуына күдiктi, қылмыстық жауапкершілiктен немесе белгiленген жазаны орындаудан жалтарушы адамдарды iздестiруде ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      4) ұқсастырылмаған адамдардың немесе олардың шiрiген мүрделерiн ұқсастыруға байланысты iс-әрекеттер жасауды қоса алғанда, қылмыстық iс-әрекетке қатысы бар жоғалып кеткен адамдарды iздестiруде ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      5) автокөлiк құралдарын қоса алғанда, ұрланған заттарды және қылмыстық әрекетпен байланысты басқа да нәрселердi iздестiруде ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      6) осы Келiсiмге сәйкес қылмыстарды ашу кезiнде дербес, техникалық және ұйымдастырушылық көмек көрсетуде ынтымақтастықты өзара үйлестiредi;
      7) трансұлттық сипаттағы қылмыс жасаудың тәсiлдерi мен жаңа түрлерi туралы ақпаратпен және тәжiрибемен алмасу;
      8) жұмысты одан әрi дамыту мақсатында қылмыстық iс-әрекеттiң криминалистикалық және криминологиялық зерттеу нәтижелерi туралы, тepгeу тәжiрибесi, жұмыс әдiстерi, тергеу техникасы, жұмыс әдiстерi мен құралдарын қолдану туралы өзара ақпарат алмасады;
      9) ынтымақтастық процесiнде туындайтын, оның iшiнде жұмыс топтарын құру өкiлдермен алмасу және кадрларды оқыту мәселелерi бойынша өз қызметiн үйлестiредi.

5-бап
Терроризмге қарсы күрес

      Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына және осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес терроризмге қарсы күрес саласында:
      1) жоспарланған немесе жасалған террористiк актiлер туралы, оларға қатысушы адамдар туралы, осы актiлердi жасауда пайдаланылған тәсiлдер және құралдар туралы, анықталған немесе ықтимал қаржыландыру көздерi мен арналары туралы, террористiк ұйымдар мен топтарға материалдық-техникалық және өзге де ұйымдастырушылық көмек көрсету түрлерi туралы тәжiрибемен және мәлiметтермен;
      2) Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң аумағында қылмыстық әрекеттер жасауды жоспарлаған немесе жасаған террористiк ұйымдар және олардың мүшелерi туралы ақпаратпен;
      3) терроризмге байланысты талдама және тұжырымдамалы материалдармен алмасатын болады.

6-бап
Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың,
олардың аналогтарының және прекурсорлардың заңсыз
айналымына қарсы күрес

      Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының және прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрес саласында:
      1) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының және прекурсорлардың заңсыз айналымына қатысатын адамдар, оларды жасыру орындары, көлiк жолдары және әрекет ету құралдары мен әдiстерi, есiрткi заттарының, прекурсорлар мен олардың аналогтарының шыққан жерi және жеткiзу пункттерi, сондай-ақ осы қылмыстық әрекеттi ашуға қажеттi оның айрықша детальдары туралы тәжiрибемен және деректермен өзара алмасатын болады;
      2) бiр-бiрiне есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының және прекурсорлардың заңсыз айналымының әдiстерi туралы ақпараттар мен деректер, сондай-ақ осымен байланысты басқа да деректер және тәжiрибе бередi;
      3) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының және прекурсорлардың заңсыз айналымын болдырмауға бағытталған шараларды бiрлесiп жүзеге асырады;
      4) бiр-бiрiне өсiмдiктен алынатын және синтетикалық есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың үлгiлерiн бередi.

7-бап
Заңсыз көшi-қонға және адамдарды саудаға салуға
қарсы күрес

      Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес заңсыз көшi-қонға және адамдарды саудаға салуға қарсы күрес саласында:
      1) адамдардың заңсыз көші-қонына және оларды саудаға салуға қарсы күресте қол жеткiзiлген тәжiрибемен және мәлiметтермен алмасады;
      2) адамдарды сауда-салумен айналысатын адамдар туралы тәжiрибемен және мәлiметтермен алмасады;
      3) шетелге бару үшiн бөгде бiреудiң құжаттарын бұрмалау мен терiс пайдалану және паспорттық-визалық режимдi өзге де бұзу оқиғалары туралы ақпарат бередi;
      4) көшi-қон үрдiстерiмен және процестерiмен байланысты талдама және тұжырымдамалы материалдармен алмасады;
      5) өз мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес шетелдiк азаматтардың өз мемлекеттерi аумағында болуы мен тiркелуiнiң тәртiбiн белгiлейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдерге қатысты ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

8-бап
Ынтымақтастықты жүзеге асыру шарттары

      1. Осы Келiсiмге сәйкес Тараптардың бiреуiнiң сұрау салуы бойынша бiр Тараптың құзыреттi органдары екiншi Тараптың құзыреттi органдарына қажеттi ақпаратты бередi.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген сұрау салу жазбаша түрде жiберiлуi тиiс, оған сұрау салуды жолдаған құзыреттi органның елтаңбалық мөрi басылу керек және мыналар:
      1) Тараптардың құзыреттi органдарының атауы;
      2) мүмкiндiгiнше сұрау салудың мақсаты, осыған қатысы бар адамдар, ақпарат сұратылып отырған фактiлер, заттар мен құжаттар туралы барынша толық мәлiметтер, сондай-ақ оны орындауға қажеттi басқа да мәлiметтер;
      3) орындалуы талап етілетін нақты рәсiмнiң толық сипаттамасы;
      4) қажет болғанда сұрау салудың орындалуы күтiлетiн мерзiмдер көрсетiлуi тиiс.
      3. Сұрау салу орыс тiлiнде немесе сұрау салушы Тараптың мемлекеттiк тiлiнде жiберiледi.
      4. Тараптардың құзыреттi органдары қылмыстарды ашуға, олардың алдын алуға және тергеу жүргiзуге көмегi тиетiн, Тараптардың мүдделерiн қозғайтын ақпаратты, егер де ол екiншi Тарап үшiн қызығушылық тудырады деп есептеуге негiздер болса, өз бастамасы бойынша сұрау салусыз екiншi Тарапқа жiбере алады.
      5. Сұрау салуларды орындау мүмкіндігінше қысқа мерзiмдерде жүзеге асырылуы тиiс. Қажет болған кезде Тараптардың құзыретті органдары сұрау салудың орындалуын жеңiлдететiн қосымша мәлiметтер сұратуға құқылы.

9-бап
Сұрау салуды орындаудан бас тарту

      1. Eгep сұрау салу адам құқықтарының бұзылуына себеп болуы, мемлекеттiң егемендiгiне немесе қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруi мүмкiн болса немесе сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң заңнамасына қайшы келетiн болса, сұрау салуды орындаудан толық нeмece iшiнара бас тартылуы мүмкiн.
      2. Сұрау салуды орындаудан бас тapту туралы шешiм қабылданған жағдайда Тараптардың құзыреттi органдары l5 күн iшiнде бас тартудың себептерiн көрсете отырып, бiр-бiрiншi жазбаша түрде хабар бередi.

10-бап
Дербес деректердi қорғау

      Берiлетiн дербес деректердi қорғау мақсатында Тараптар осы Келiсiмге және өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес мынадай талаптарды сақтайды:
      1) деректердi алған Тарап оларды тек қана берген Тарап айқындаған мақсаттарда және белгiлеген шарттарда қолдана алады;
      2) cұpaу салу бойынша деректер алған Тарап басқа бiр Тарапқа оларды пайдалану және оның нәтижелерi туралы жазбаша түрде хабарлайды;
      3) адамдар туралы дepeктep осы Келiсiмнiң 2-бабының 3-тармағында санамаланған Тараптардың құзыреттi органдарына ғана берiлуi мүмкiн. Деректердi басқа органдарға беру тек қана берушi Тараптың жазбаша келісiмі бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн;
      4) деректердi берушi Тарап деректердi берудiң қажеттiлiгi мен мақсаттылығы туралы шешiм қабылдауды және берiлетiн деректердің шынайылығын қамтамасыз eтeдi. Бұл ретте деректердiң берiлуiне шектеу қоятын немесе тыйым салатын құқықтық ережелердi сақтау кepeк. Берiлген деректердiң шынайы еместiгi немесе беруге болмайтын деректер анықталған кезде ол туралы алушы Тарапқа дереу хабар берiледi. Алушы Тарап шынайы емес деректердi түзeтуi тиiс, ал берiлуi тиiс емес деректер жойылуы тиiс;
      5) өзiне қатысты деректер берiлуi тиiс немесе берiлген адам, Тараптың ұлттық заңнамасында бұған рұқсат етiлген болса, берiлетiн деректер туралы және оларды пайдалану мақсаты туралы ақпарат сұрай алады;
      6) берушi Тарап екiншi Тарапқа өзiнiң ұлттық заңнамасында берiлген деректердi жою үшiн белгiленген мерзiмдер туралы хабарлайды. Жекелеген адамдарға қатысты дepeктep, егер қажет болмаса, бұл мерзiмдерге қарамастан жойылуы тиiс. Деректердi берген Тарапқа берiлген деректердiң жойылғандығы және жою себептерi туралы хабар берiлуi тиiс. Егер осы Келiсiмнiң қолданылу мерзiмi өткен болса, онда оның негiзiнде алынған барлық деректер жойылуы тиiс;
      7) Тараптар деректердi берудiң, қабылдаудың және жоюдың есебiн жүргiзуi тиiс;
      8) Тараптар алынған деректердi рұқсатсыз пайдаланудан және заңсыз өзгертуден немесе таратудан мұқият сақтауға мiндеттi.

11-бап
Жіктелген/құпия ақпарат

      1. Егер берiлетiн ақпарат құпия болса және берушi Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес осындай болып белгiленген болса, әрбiр Тарап екiншi Тарапқа берiлетiн ақпараттың құпиялылығын сақтауды қамтамасыз етедi.
      2. Тараптардың мемлекеттiк құпияларын құрайтын мәлiметтердi беру берушi Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Қабылдаушы Тарап мұндай мәлiметтерге қатысты қорғаудың жеткiлiктi шараларын өзiнiң мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етедi.
      3. Тараптар жiктелген/құпия ақпараттармен өздерiнiң арасында Жiктелген/құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келiсiм жасасқаннан кейiн алмасады.
      4. Тараптар ақпаратты ұсынған Тараптың жазбаша келiсiмiнсiз осы Келiсiмге сәйкес алынған ақпаратты үшiншi Тарапқа ұсынбайды.

12-бап
Ынтымақтастықтың жұмыс тiлi

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру кезiнде Тараптар орыс тiлiн пайдаланады.

13-бап
Бiрлескен комиссия

      1. Осы Келiсiмнiң ережелерiн icкe асыру мақсатында Тараптар өздерiнiң құзыреттi органдарының уәкiлеттi өкiлдерiнiң бiрлескен комиссиясын құрады.
      2. Бiрлескен комиссия өзара мүдделiлiк бiлдiретiн мәселелердi қарау қажеттiлiгiне байланысты Тараптар мемлекеттерiнiң астаналарында кезекпен шақырылады.

14-бап
Шығыстар

      Тараптар осы Келiсiмдi орындауға байланысты шығыстарды, егер әрбiр жекелеген жағдайда өзгеше тәртiп келiсiлмеген болса, дербес көтеретiн болады.

15-бап
Даулы мәселелердi шешу

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге немесе қолдануға қатысты туындаған келiспеушiлiктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келiссөздер жолымен шешiлетiн болады.

16-бап
Басқа шарттарға қатысы.
Өзгерiстер мен толықтырулар

      1. Осы Келiсiм Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
      2. Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң мәтiнiне жеке хаттамалармен ресiмделетiн және осы Келiсiмде белгiленген рәсiмге сәйкес күшiне енетiн толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiлуi мүмкiн.

17-бап
Қолданылу мерзiмi, күшіне енуi,
қолданылуын тоқтатуы

      1. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және дипломатиялық арналар бойынша Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекет ішiлiк рәсiмдердi орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткеннен кейiн күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiм Тараптардың бiреуi оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы екiншi Тараптың жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейiн күшiнде болады.

      2003 жылғы 25 қыркүйекте Астана қаласында екi түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, болгар және орыс тiлдерiнде жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнедi.

      Қазақстан                               Болгария
      Республикасының                         Республикасының
      Үкiметi үшiн                            Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады