Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автомобиль көлiгiмен транзиттiк өткiзу туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттiгiнiң төрағасы Бердiбек Машбекұлы Сапарбаевқа көрсетiлген Келiсiмге қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат ете отырып, оған қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автомобиль көлiгiмен транзиттiк өткiзу туралы КЕЛIСIМ
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi (бұдан әрi - Тараптар),
1998 жылғы 22 қаңтардағы Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң аумақтары арқылы транзиттiң бiрыңғай шарттары туралы келiсiмдi негiзге ала отырып,
2000 жылғы 17 ақпандағы Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң кеден органдары арасында тасымалданатын тауарларды және көлiк құралдарын кедендік бақылау туралы хаттаманың ережелерiн орындау үшiн,
транзиттiк тауарлардың өз аумақтары арқылы автомобиль көлiгiмен өтуiн жеделдетуге ұмтыла отырып,
халықаралық тасымалдарды оңайлатуды ниет ете отырып,
халықаралық сауданы дамытуға жәрдемдесудi қалай отырып,
мына төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Осы Келiсiмнiң күшi Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автомобиль көлiгiмен өткiзiлетiн транзиттiк тауарларға қолданылады.
Осы Келiсiм 1975 жылғы Халықаралық жол тасымалы кiтапшасын қолдана отырып, Халықаралық жүк тасымалдау туралы кеден конвенциясына сәйкес жүзеге асырылатын тауарлар тасымалдарына қолданылмайды.
2-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң осы Келісiмнiң ережелерiн iске асыру жөнiндегi уәкiлеттi органдары:
Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан - Қазақстан Республикасының Кедендiк бақылау агенттігі;
Қырғыз Республикасының Үкіметі атынан - Қырғыз Республикасының Қаржы министрлігі жанындағы Кірістер жөніндегі комитеттің Кеден қызметі департаменті болып табылады.
Тараптар мемлекеттерi уәкiлеттi органдарының ресми атаулары немесе функциялары өзгерген кезде, Тараптар дипломатиялық арналар бойынша уақтылы хабардар етілетін болады.
3-бап
Тауарларды транзитпен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автомобиль көлiгiмен кедендiк бақылаумен өткiзу тауарға iлеспе құжаттардың, Қырғыз Республикасында кедендiк төлемдер мен салықтарды төлеудiң қамтамасыз етiлгендiгi туралы құжаттың және тауарлардың жеткiзiлуiн бақылау құжатының негізінде жүзеге асырылады.
Қырғыз Республикасында кедендiк төлемдер мен салықтарды төлеудiң қамтамасыз етiлгендiгi туралы құжатты тасымалдаушыға Қырғыз Республикасының кеден органы бередi.
Тауарлардың жеткiзiлуiн бақылау құжатын Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген тәртiппен толтырады және Тараптар тауарлардың тағайындалған кеден органына дейiн жеткiзiлгендiгiн растайтын құжат ретiнде таниды.
4-бап
Осы Келiсiмге сәйкес тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автомобиль көлiгiмен кедендiк бақылаумен өткiзу Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген тауарлар мен көлiк құралдарының жеткiзiлуiн қамтамасыз ету шаралары қолданылмастан жүзеге асырылады.
5-бап
Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автомобиль көлiгiмен өткiзу Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасының ережелерiмен айқындалатын өткiзу пункттерiнде жүзеге асырылады.
6-бап
Осы Келiсiмнiң күшi Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитi тек Қазақстан Республикасының Үкiметi тауарлардың қауiпсiздiгi жөнiнде белгiлеген талаптар мен экспорттық бақылау саласындағы, сондай-ақ кедендiк төлемдер мен салықтардың төлемiнің қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар сақталған кезде ғана жүзеге асырылатын тауарларға қолданылмайды.
7-бап
Тараптардың уәкiлеттi органдары ай сайын осы Келiсiмге сәйкес кедендiк бақылаумен өткiзiлетiн тауарлар мен көлiк құралдары туралы ақпаратпен алмасатын болады.
8-бап
Тауардың тағайындалған кеден органына дейiн жеткiзiлмеу фактiсi расталған кезде, қырғыз Тарабы 30 күннiң iшiнде қазақстан Тарабына залалды өтеудi қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
Қазақстан Тарабы тауарлардың жеткiзiлмеуiне байланысты өтем алу үшiн олардың түрлерiн, ставкалары мен сомаларын сипаттай отырып, қырғыз Тарабына тиiстi кедендiк төлемдер мен салықтарды төлеу жөнiнде жазбаша талап жолдауы тиiс.
Тауар автомобиль көлiгiмен тағайындалған кеден органына дейiн жеткiзiлмеген жағдайда тиiстi кедендiк төлемдер мен салықтардың сомаларын есептеу Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
9-бап
Тауар автомобиль көлiгiмен тағайындалған кеден органына дейiн жеткiзiлмеген жағдайда, Тараптар аумағында тауардың жеткiзiлмеу фактiсi анықталған Тарапты тергеудiң нәтижелерi туралы жазбаша хабардар ете отырып, осындай фактiлер бойынша тергеу жүргiзуге мiндеттенедi.
Тауарлардың автомобиль көлiгiмен жеткiзiлмеу фактiлерi бойынша тергеу жүргiзу үшiн Тараптардың өзара келiсiмi бойынша Тараптардың кеден органдары өкiлдерiнен бiрлескен жұмыс топтары құрылуы мүмкiн.
10-бап
Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жекелеген Хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап уақытша қолданылады және Тараптардың осы Келiсiм күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетішілiк рәсiмдердi орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнiнен бастап күшiне енедi.
Осы Келiсім белгіленбеген мерзiмге жасалуда және Тараптардың бiрi оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы екiнші Тараптың жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
_______ жылғы "___" _________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, әрi барлық мәтіндердің күші бiрдей.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру және қолдану кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiліндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасының
Үкiметi үшiн Үкiметi үшiн