Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдарында қызмет өткеру туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 20 наурыздағы N 365 қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005.09.29. N 964 қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдары туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 4 шiлдедегi Заңының  13-бабының  1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдарында қызмет өткеру туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. "Салық полициясы органдарында қызмет өткеру туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1997 жылғы 4 желтоқсандағы N 1702  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1997 ж., N 52, 482-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2004 жылғы 20 наурыздағы
N 365 қаулысымен   
бекiтiлген      

  Қазақстан Республикасының
қаржы полициясы органдарында қызмет өткеру туралы
ЕРЕЖЕ

      Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдарында қызмет өткеру туралы осы ереже (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының қаржы полициясының органдары мен мекемелерiнде қызмет өткерудiң тәртiбi мен шарттарын регламенттейдi.

  1. Жалпы ережелер

      1. Қаржы полициясы органдарындағы қызметтiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының  Конституциясы , "Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдары туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы  (бұдан әрi - Заң), Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерi және осы Ереже құрайды.
      2. Осы Ережеде қаржы полициясы органдарының қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдермен айқындалған ұғымдар пайдаланады.
      3. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң қызметте болған уақыты олардың жалпы еңбек стажына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызмет стажына есептеледi.
      4. Қаржы полициясы органдарындағы iшкi тәртiп орталық атқарушы органның (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) басшысы бекiтетiн Регламентпен белгiленедi.

  2. Қаржы полициясы органдарына
қызметке қабылдау

      5. Заңнамаға сәйкес қаржы полициясы органдарына қызметке он сегiз жасқа толған, өзiнiң жеке, моральдық, iскерлiк, кәсiби қасиеттерi, білiм деңгейi және денсаулық жағдайы бойынша қаржы полициясы органдарында қызмет өткеруге жарамды Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
      6. Қаржы полициясы оқу орындарында оқу үшiн белгiленген тәртiппен әскери есептен шығарылып және қаржы полициясы органдарында арнайы есепке қойылып, он алты жасқа толған, орта бiлiмi бар, денсаулық жағдайы бойынша қаржы полициясы органдарында қызмет өткеруге жарамды адамдар қабылданады.
      Қаржы полициясы органдарының оқу орындарына қабылдау тәртiбiн Қазақстан Республикасының оқу орындарына қабылдаудың Yлгi ережесiне сәйкес уәкiлеттi органның басшысы айқындайды.
      7. Қатардағы және кiшi басшы құрамның лауазымдарына ортадан төмен емес бiлiмi бар азаматтар қабылдануы мүмкiн.
      Орта және аға басшы құрамның лауазымдарына жоғары бiлiмi бар азаматтар қабылданады.
      8. Қатардағы және басшылық құрамның лауазымдарына тағайындалған немесе қаржы полициясы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоса алғанда, қаржы полициясының кадрларына қабылданған әскери мiндеттiлер белгiленген тәртiппен әскери есептен шығарылады және қаржы полициясы органдарында арнайы есепте тұрады.
      9. Қаржы полициясы органдарына қызметке кiру азаматтар мiндеттi арнайы тексеруден, сондай-ақ қызметке жарамдылығын анықтау үшiн Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi жүйесiнiң әскери-дәрiгерлiк комиссияларында (бұдан әрi - әскери-дәрiгерлiк комиссия) медициналық куәландырудан өткен жағдайда жүзеге асырылады.
      10. Қызметкерлерді қаржы полициясы органдарына қызметке қабылдау заңнамаға және осы Ережеге сәйкес ресiмделедi. Бұйрық қаржы полициясы қызметкерiне қол қойдырылып жарияланады.
      11. Қаржы полициясы органдарына қызметке қабылданған азаматтар ант қабылдайды, оны қабылдаудың тәртiбiн уәкiлеттi органның басшысы айқындайды.
      12. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне ақшалай үлестi және стипендияны төлеу заңнамада белгiленген мерзiмдерде жүргiзiледi.
      13. Толық емес ай үшiн ақшалай үлестi төлеу кезiнде күнтiзбелiк күн үшiн төлем мөлшерi толық ай үшiн тиесiлi ақшалай үлес сомасын сол айдағы күнтiзбелiк күндердiң санына бөлу жолымен анықталады.
      Егер қызметкерге ақшалай үлес төленетiн кезеңде атқаратын лауазымы бойынша лауазымдық жалақысы өзгеруiне, лауазымдық жалақысын, үстемеақыларын ұлғайту құқығы туындауына байланысты ақшалай үлесiнiң мөлшерi өзгерсе немесе оған арнайы атақ берiлсе, қызметкерге тиiстi қайта есептеу жүргiзiледi.
      14. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерінің орын ауыстыруы, ауысуы, сондай-ақ қызметтен босатылуы кезiнде қаржы-шаруашылық бөлiмше оларға ақшалай үлес төлейдi және төленген сомалар туралы ақша аттестатында жазба жүргiзедi.
      15. Бланктiң нысанын, ақша аттестатын берудiң тәртiбi мен шарттарын уәкiлеттi органның басшысы бекiтедi.
      16. Қаржы полициясы органының қызметкерi белгiленген тәртiппен нысанды және арнайы киiм-кешекпен тегiн қамтамасыз етiледi, оны киіп жүру ережесiн уәкiлеттi органның басшысы белгiлейдi.
      17. Қаржы полициясы органдарының оқу орындарының күндiзгi бөлiмiне оқуға түсетiн адамдар оқу орнында оқу мерзiмiне келiсiм-шарт жасасады. Келiсiм-шартта тараптардың (оқуға түсетiн адамның және уәкiлеттi орган басшысының) өзара мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгi белгiленедi. Келiсiм-шарт қаржы полициясының оқу орнына қабылдау туралы қабылдау комиссиясының шешiмiнен кейiн жасалады. Келiсiм-шарттың нысанын, оны жасасудың, ұзартудың, өзгертудiң, бұзудың және тоқтатудың тәртiбiн уәкiлеттi органның басшысы айқындайды.
      Қаржы полициясы органдары оқу орындарының күндiзгi бөлiмiн бiтiрген түлектер бөлiнуiне сәйкес қызмет өткередi.
      18. Қаржы полициясы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымдық жалақылар (стипендиялар) төленедi.
      Қаржы полициясы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушылары:
      әскерге шақыру жасына толған және үлгермеушiлiгi, тәртiпсiздiгi бойынша, сондай-ақ өз еркiмен оқудан шығарылғандар, егер олар оқу орнына түскенге дейiн мерзiмдi әскери қызметтiң белгiленген мерзiмiн өткермесе, әскери есепке қою үшiн өздерiнiң тұрғылықты жерi бойынша облыстардың қорғаныс iстерi жөнiндегi департаменттерiне (аудандар мен қалалардың басқармалары мен бөлiмдерiне) жiберiледi. Бұл жағдайда оқу орнында оқыған уақыты оларға мерзiмдi әскери қызметтiң мерзiмiне есептелмейдi;
      қаржы полициясының оқу орындары диплом алдындағы практикадан өту үшiн қаржы полициясы органдарына жiбергендер практикадан өту кезеңiне тиiстi ақшалай үлесi төлене отырып, лауазымдарға тағайындалады;
      қаржы полициясы органдарына лауазымға тағайындалмай тағылымдамаға жiберiлгендер оқу орны төлейтiн лауазымдық жалақы (стипендия) алады.
      19. Ізденушiнiң (тыңдаушының, адьюнкттiң, докторанттың) ғылыми-зерттеу қызметiнiң ғылыми жетекшiсiнiң (консультантының) жұмысына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақы төленедi.
      20. Қаржы полициясы жоғары оқу орындарының түлектерiне бөлiнген орнына автомобиль (таксиден басқа) және темiр жол көлiгiмен бару жолының құны төленедi.

  3. Қызметтiк куәлiктердi және жетондарды
тапсыру тәртiбi

      21. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң қызметтiк куәлiгi (бұдан әрi - куәлiк) олардың берiлген атақта қаржы полициясы органдарының қызметiнде және кадрларында болуын және белгiленген тәртiппен атыс қаруын сақтау мен алып жүруге рұқсат етiлгенiн растайтын ресми құжат болып табылады.
      22. Куәлiк тұлғаларға қызметке тағайындалған, қызметi ауысқан, арнайы атақ берiлген кезде және бұрын берiлген куәлiктiң қолданылу мерзiмi аяқталған кезде берiледi. Жетон қызметкерлерге оларға арнайы атақ берiлгеннен кейiн лауазымға тағайындалған кезде берiледi.
      Қызметке алғашқы рет қабылданған қызметкерге куәлiк, жетон тапсырған кезде кадр бөлiмшесiнiң басшысы құжатты пайдалану ережесi және оны сақтау тәртiбi туралы нұсқама өткiзедi.
      Бұдан кейiн қызмет бабымен ауысқан, кезектi атақ берiлген және қолданыс мерзiмi өткен кезде бұрын берiлген куәлiк алынған жерiне қайтарылады.
      Бұдан кейiн қызмет бабымен ауысқан кезде жетон алынған жерiне қайтарылады.

  4. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн қызметке
тағайындау және ауыстыру

      23. Кiшi, орта және аға басшы құрам лауазымдарының тiзбелерiн және осы лауазымдарға сәйкес келетiн арнайы атақтарды уәкiлеттi органның басшысы бекiтедi.
      24. Қаржы полициясы органы басшысының тиiстi лауазымға тағайындау туралы бұйрығы қызметкерге ақшалай үлес төлеу үшiн негiз болып табылады.
      Қаржы полициясы органдары оқу орны басшысының жасасқан келiсiм-шарт негiзiнде оқуға қабылдау туралы бұйрығы лауазымдық жалақы немесе стипендия төлеу үшiн негiз болып табылады.
      Қызметкерлерге ақшалай үлестi және басқа да төлем түрлерiн төлеу қызмет атқаруға кiрiскен күннен бастап, бiрақ бұйрықта көрсетiлген күннен бұрын емес немесе егер лауазымға тағайындау күнi көрсетiлмесе, тағайындау туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап жүргiзiледi.
      25. Қаржы полициясы органдары мен мекемелерi басшыларының қызметке қабылдау, лауазымдарға тағайындау және босату, қаржы полициясы органдарынан қызметтен босату жөнiндегi өкiлеттiктерiн уәкiлеттi органның басшысы айқындайды.
      26. Лауазымға тағайындауды, қызмет бойынша ауыстыруды және жоғарылатуды қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң басшылары өздерiне берiлген құқықтарға сәйкес жүргiзедi. Бұл ретте мынадай шарттар сақталады:
      1) қатардағы және басшылық құрам адамдарын лауазымға тағайындау және қызмет бойынша ауыстыру кезiнде оларды негiзгi немесе ұқсас мамандығы бойынша, не жинақталған тәжiрибесiне сәйкес пайдалану қамтамасыз етiлуi тиiс;
      2) қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн қызмет бойынша ауыстыру, әдетте, оларды тиiстi қаржы полициясы органы кадрларының резервiне алмай-ақ жүзеге асырылуы тиiс;
      3) орта, аға және жоғары басшы құрамның адамдарын басқа лауазымдарға, сондай-ақ басқа жерге шұғыл ауыстыру қажет болған кезде, бұл туралы шешiмдi осы адамдардың даярлығы мен қызмет тәжiрибесiн ескере отырып, олардың келiсiмiмен тиiстi тiкелей бастықтары қабылдайды;
      4) қатардағы және басшы құрам адамдарын лауазымдарға тағайындау, қызмет бойынша ауыстыру әскери-дәрiгерлiк комиссияның медициналық куәландыруы нәтижелерiн ескере отырып жүргiзiледi.
      27. Қатардағы және басшы құрам адамдарын қызмет бойынша ауыстыру:
      1) жоғары тұрған лауазымдарға - қызмет бойынша жоғарылату тәртiбiмен;
      2) тең дәрежелi лауазымдарға - басқа лауазымдарды қоса атқару қажет болған кезде не оларды iскерлiк және жеке қасиеттерiн ескере отырып, неғұрлым орынды пайдалану, жаңа мамандық бойынша даярлау үшiн, сондай-ақ отбасы жағдайы немесе денсаулық жағдайы бойынша осы адамдардың келiсiмiмен;
      3) қаржы полициясы оқу орындарының күндiзгi оқу бөлiмiне оқуға түсуiне байланысты - атқаратын штаттық лауазымынан босата отырып, сондай-ақ оқуын бiтiргеннен кейiн лауазымға тағайындалған кезде;
      4) төмен тұрған лауазымдарға:
      штат қысқарған кезде немесе қаржы полициясы органын және/немесе мекемесiн қайта ұйымдастыру кезiнде - осы адамдарды тең дәрежелi лауазымға ауыстыру мүмкiн болмаған жағдайда және олардың келiсiмiмен;
      денсаулық жағдайы бойынша - әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы (қаулысы) негiзiнде және олардың келiсiмiмен;
      аттестаттаудың қорытындылары бойынша анықталған қызметiне сәйкес келмеуi бойынша;
      тәртiптiк жаза қолдану ретiнде;
      жеке өтiнiшi бойынша жүргiзiледi.
      28. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн ауыстыру барлық жағдайларда тиiстi қаржы полициясы органы бастығының бұйрығымен ауыстыру негiзi көрсетiле отырып ресiмделедi.
      29. Қаржы полициясы органының немесе мекемесiнiң қызметкерiн денсаулық жағдайы бойынша, оның iшiнде қызмет өткepу кезеңiнде алған жарақаты, денесiнiң зақымдануы, ауруы салдарынан лауазымынан төмендеткен жағдайда, төмендетiлгеннiң алдындағы соңғы лауазымы бойынша тең немесе одан жоғары ақшалай үлестi бос тұрған лауазымға тағайындағанға дейiнгi мерзiмге төмендетiлгеннiң алдындағы лауазым бойынша ақшалай үлес төлеу жүргізіледі.
      30. Ұйымдастыру-штаттық iс-шараларды (қысқарту, қайта ұйымдастыру, көшiру, тарату) жүргiзу кезiнде қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң қызметкерлерiн ауыстыру осы Ережеге сәйкес жүргiзiледi.
      31. Бос тұрған лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқарудың үздiксiз мерзiмi екi айдан, ал бос емес лауазым бойынша, әдетте, төрт айдан аспауы тиiс.
      32. Лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқарудың үздiксiз мерзiмi лауазымды атқаруға кiрiскен күннен бастап, бiрақ бұйрықта айтылған күннен ерте емес, ал көрсетiлген күнi жоқ болса, бұйрыққа қол қойылған күннен ерте емес, мiндеттерiн атқарудан босатылған күн қоса алынып есептеледi.
      Лауазым бойынша мiндеттердi атқарушы деп тағайындау қаржы полициясының органдары мен мекемелерiнiң қызметкерлердi лауазымдарға тағайындау және оларды ауыстыру құқығы берiлген басшыларының бұйрығымен ресiмделедi.
      33. Басшылардың бос емес лауазымдары бойынша мiндеттердi уақытша атқару үшiн ақы төлеу, егер осы лауазымды тұрақты атқаратын адам, сондай-ақ оның штаттық орынбасарлары немесе көмекшiлерi (олардың қызметтiк мiндеттерiне қарамастан) қаржы полициясы органынан басқа жерге кеткен (емделуге, демалысқа, қызметтiк iссапарға, оқуға және т.б.) жағдайда ғана жүргізіледі.
      Лауазымдарды уақытша атқаруға тағайындалған қызметкерлердiң демалыста, уақытша атқаратын лауазымы бойынша мiндеттердi атқарумен байланысты емес қызметтiк iссапарда, оқуда, емдеу мекемелерiнде емделуде болған уақыты үшiн лауазымдық жалақылары олар тағайындаған лауазымдары бойынша төленедi.
      34. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi қаржы полициясы органы кадрларының резервiне 15 күннен аспайтын мерзiмге қойыла алады.
      Айрықша мән-жайлардан туындаған ерекше жағдайларда қаржы полициясы уәкiлеттi органы басшысының рұқсатымен резервте 15 күннен артық, бiрақ екi айдан аспай болуға жол берiледi.
      Қаржы полициясы органының кадрлар резервiнде тұрған қызметкерлердi қызметте пайдалану тәртiбiн қаржы полициясы органдарының басшылары айқындайды.
      35. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне тиiстi қаржы полициясы органдары кадрларының резервiнде болған уақыты үшiн штаттық лауазымынан босатылған күнiнен бастап ақшалай үлесi соңғы негiзгi лауазымы бойынша лауазымдық жалақысы мен арнайы атағы үшiн қосымша ақысы мөлшерiнде төленедi. Олар, сондай-ақ егер олар кадрларға резервке қабылданғанға дейiн тұрғын үйiн ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақшалай өтемақы алған жағдайда, осындай өтемақы алуға да құқығы бар.
      36. Кадрлар резервiнде болған мерзiмге:
      1) қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң осы Ережеде белгiленген демалыстарда емдеу мекемелерiнде емделуде болған (әскери-дәрiгерлiк комиссияның жолдамасы бойынша) кезеңi;
      2) бұрынғы қызмет орнынан тиiстi қаржы полициясы органы орналасқан жерге дейiнгi жолда болған уақыты;
      3) ақтайтын негiздер бойынша немесе ақтау үкiмi шығарылып, қылмыстық iс қысқартылған жағдайда қылмыстық жауапкершiлiкке тартылуына байланысты қамауға алынған күннен бастап босатылған күндi қоса алғанда қамауда болған уақыты есептелмейдi.
      37. Атқаратын лауазымдарынан босатылған және кадрлар резервiнде тұрған, кезектi жыл сайынғы демалысын пайдаланбаған қызметкерлерге, оларды қызметте одан әрi болуы туралы мәселенi шешу кешiктiрiлген жағдайда, пайдаланбаған демалысы берiлуi мүмкiн.
      38. Қаржы полициясы органдарына алғашқы рет қызметке алынатын тұлғалар үшiн 3 айдан аспайтын сынақ мерзiмi белгiленуi мүмкiн. Бұл жағдайда кандидат оған қатардағы және кiшi басшы құрамның арнайы атағы берiле отырып, тиiстi лауазымға тағайындалады және кандидатқа тәжiрибелi қызметкерлердiң iшiнен тәлiмгер бекiтiледi.
      39. Сынақ мерзiмi уақытында кандидат атқаратын лауазымына сәйкес қаржы полициясы органы қызметкерiнiң мiндеттерiн атқарады және құқықтарын пайдаланады. Сынақ мерзiмi қаржы полициясы органдары қызметкерлерiне лауазымдық жалақысына коэффициент белгiлеуге және зейнетақы тағайындауға құқық беретiн қаржы полициясы органдарындағы қызмет стажына есептеледi.
      40. Аға және жоғары басшы құрамның басқарушы лауазымдарына тағайындалатын тұлғаларға, қаржы полициясы органдарына қызметке алынатын қаржы полициясы оқу орындарының түлектерiне сынақ мерзiмi белгiленбейдi.
      41. Қаржы полициясы органдарына алғашқы рет алынатын азаматтар бастапқы даярлықтан өтедi.
      Қаржы полициясы органы, оның iшiнде қаржы полициясының оқу орны, бастапқы даярлықты, бiлiктiлiктi арттыруды және қайта даярлауды жүзеге асырады.
      Бастапқы даярлықтан өтудiң, бiлiктiлiктi арттырудың және қайта даярлаудың тәртiбi мен шарттарын уәкiлеттi органның басшысы бекiтедi.
      42. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне қайта даярлау, бiлiктiлiктi арттыру курстарында оқыған кезеңiнде ақшалай үлесi сақталады.
      43. Өзiне қатысты қылмыстық iс қозғалған және күзетпен ұстау түрiндегi бұлтартпау шарасы қолданылмаған қаржы полициясы органдарының қызметкерi, сот осы қылмыстық iс бойынша шешiм қабылдағанға дейiн қылмыстық-iс-жүргiзу заңнамасында белгiленген тәртiппен тергеу жүргiзу кезеңiне қызметтiк мiндеттерiн атқарудан шеттеледi. Қызметiнен шеттетiлген уақытта, оған ақшалай үлесi толық мөлшерде төленедi.
      Белгiленген тәртiппен өздерiне қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қабылданған қызметкерлерге ақшалай үлестi төлеу қамауға алынған күннен бастап тоқтатылады. Сот қолданған жаза түрiне қарамастан, қамауда болған уақыт үшiн ақшалай үлес төленбейдi.
      Ақтау үкiмiн шығарған, ақтайтын негiздер бойынша қылмыстық iс тоқтатылған жағдайда қызметкерлерге қызметте болмауға мәжбүр болған уақыты үшiн ақшалай үлес қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтеледi.
      44. Қылмыс үшiн сотталуына байланысты қаржы полициясы органдарынан шығарылған, содан кейiн ақталған және тиiсiнше лауазымы мен арнайы атағында ақталған және қызметке қайта алынған қызметкерлерге қызметте болмауға мәжбүр болған уақыты үшiн ақшалай үлесi қолданыстағы заңнамада белгiленген тәртiппен өтеледi.
      45. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiппен қаржы полициясы органдарының кадрларында қалдырыла отырып, мемлекеттiк органдарға iссапарға жiберiлуi мүмкiн.
      46. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары болып сайланған қатардағы және басшы құрамдағы тұлғалар қаржы полициясы органдарындағы қызметтен босатылады. Олар өздерiнiң депутаттық өкiлеттiк мерзiмдерi аяқталғаннан кейiн, белгiленген тәртiппен қаржы полициясы органдарына қызметке қайта қабылдануы мүмкiн.
      47. Қатардағы және басшы құрамдағы тұлғаларды аттестаттау олардың атқаратын лауазымына сай келуi мен қызметтiк өсуiн анықтау, олардың кәсiби даярлығы деңгейiн, құқықтық мәдениетiн, адамдармен жұмыс iстеу қабiлетiн бағалау, қызметкерлер жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру, қаржы полициясы органдарының кадрларын iрiктеу, орналастыру мен тәрбиелеудi жақсарту, олардың бiлiктiлiгiн, бастамашылдығын, шығармашылық белсендiлiгi мен тапсырылған iске жауапкершiлiгiн ынталандыру мақсатында жүргiзiледi.
      48. Аттестаттау барысындағы негiзгi өлшем қызметкерлердiң өздерiне жүктелген мiндеттердi атқару қабiлеттiлiгi болып табылады.
      49. Қызметкерлердi аттестаттау қаржы полициясы органдарында қызметте болған әрбiр үш жыл өткен сайын (бiрақ аталған мерзiмнен алты айдан кешiктiрмей), сондай-ақ, қаржы полициясы органдарынан қызметiне сәйкес еместiгi бойынша шығарылғанда өткiзiледi. Аттестаттау лауазымды атқара бастаған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн өткiзiледi.
      50. Оқу орындарының тыңдаушылары мен курсанттары, қаржы полициясы органдарында 1 жылдан кем қызмет атқарған қызметкерлер, оқуға жiберiлген және қызметтiк тергеу материалдарын қарау жағдайларынан басқа жағдайда, сондай-ақ қатардағы және басшы құрамдағы тұлғалар iшiнен олар жүктi болған және 1,5 жасқа дейiнгi бала бағу кезiнде аттестаттаудан өтпейдi. Олар жұмысқа шыққаннан кейiн бiр жыл өткеннен кейiн ғана аттестатталады.
      51. Аттестаттау комиссиясын кадр бөлiмшесiнiң ұсынысы бойынша қаржы полициясы органының немесе мекемесiнiң басшысы құрады және комиссияның төрағасынан, мүшелерi мен хатшысынан тұрады.
      52. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн аттестаттауды өткiзу үшiн аттестаттау комиссиясын құру ережесiн және аттестаттау (кезектен тыс аттестаттау) өткiзу тәртiбiн уәкiлеттi органның басшысы бекiтедi.
      53. Аттестаттау комиссиясы аттестаттауды аттестаттаудан өтетiн қызметкердiң қатысуымен өткiзедi.
      Аттестаттау комиссиясының мәжiлiсiне дәлелдi себептермен (демалыс, ауру, iссапар) қатыспаған қызметкерлер аттестаттаудан-қызметке шыққаннан кейiн өтедi.
      54. Қызметкер аттестаттау комиссияның мәжiлiсiне дәлелсiз себептермен келмеген жағдайда комиссия ол болмаған кезде қолда бар материалдардың негiзiнде аттестаттау өткiзу жөнiнде шешiм қабылдауға құқылы.
      55. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған материалдарды зерттеп және/немесе қызметкермен әңгiмелесу өткiзiп, мына шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
      1) атқарып отырған лауазымына сай;
      2) қайта аттестаттауға тиiс;
      3) атқарып отырған лауазымына сай емес.
      56. Ереженiң 57-тармағына сәйкес шешiм қабылдау үшiн аттестаттау комиссиясы тестілеу, сауалнама жүргізу және топтық пiкiрталас өткiзу, дене шынықтыру бойынша белгiленген нормативтер тапсыру әдiстерiн қолдана алады.
      57. Аттестаттау комиссиясының шешiмi ашық немесе жасырын дауыспен қабылданады. Дауыс беру тәсiлi аттестаттау комиссиясының қалауымен таңданып алынады. Аттестаттау комиссиясының құрамына кiретiн аттестаттаудан өтушi қызметкер өзiне байланысты дауыс беруге қатыспайды.
      58. Қайта аттестаттау алдыңғы аттестаттау өткiзiлген сәттен бастап алты ай өткеннен кейiн өткiзiледi. Қайта аттестаттау нәтижелерi бойынша аттестаттау комиссиясы мына шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
      1) атқарып отырған лауазымына сай;
      2) атқарып отырған лауазымына сай емес.
      Қайта аттестаттау нәтижесi бойынша атқарып отырған лауазымына сай болмаған қызметкер қаржы полициясы органдарынан шығарылуға тиiс.
      59. Аттестаттау комиссиясының шешiмi оның мәжiлiсiне қатысқан аттестаттау комиссиясының төрағасы, мүшелерi және хатшысы қол қойған хаттамамен ресiмделедi.
      60. Қызметкер аттестаттау комиссиясының шешiмiмен қол қойып не хабарлама бар тапсырысты хатпен почтамен танысуы тиiс. Қол қоюдан бас тартқан жағдайда комиссия хатшысы хаттамаға тиiстi жазба жазады.
      61. Аттестаттау комиссиясының шешiмiн тиiстi қаржы полициясы органының немесе мекемесiнiң басшысы бiр ай мерзiмiнде бекiтедi.
      62. Аттестаттау комиссияның бекiтiлген шешiмi қызметкердiң аттестаттау парағына жазылады.
      63. Аттестаттаудан өткен қызметкердiң аттестаттау парағы және оған берiлген қызметтiк мiнездеме жеке iсiнде сақталады. Тиiстi қаржы полициясы органының немесе мекемесiнiң басшысы бекiткен аттестаттау комиссиясының шешiмi де қызметкердiң қызметтiк тiзiмiне жазылады.
      64. Тиiстi қаржы полициясы органының немесе мекемесiнiң басшысы аттестаттау комиссиясының шешiмiн бекiтпеуге және қайта аттестаттау тағайындауға құқылы, оның шешiмi түпкiлiктi болады. Қайта аттестаттау Ереженiң осы бөлiмiне сәйкес өткiзiледi.
      65. Қызметкер тиiстi қаржы полициясы органы немесе мекемесi басшысының аттестаттау комиссияның шешiмiн бекiту туралы бұйрығына уәкiлеттi органға немесе сотқа шағым беруге құқығы бар.
      66. Осы Ереже нормалары мен аттестаттау жүргiзу тәртiбiнiң бұзылуы анықталған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi қаржы полициясы органы немесе мекемесi басшысы бұйрығының күшiн жояды.
      67. Қаржы полициясы органдарына алғашқы рет немесе мемлекеттiк қызмет стажының үзiлiсiмен қабылданған қызметкерлер 49, 50-тармақтарда белгiленген мерзiмдерде, қаржы полициясы органдарында үш жыл үзiлiссiз қызмет атқарғаннан кейiн аттестаттаудан өтедi. Бұл ретте, мемлекеттiк қызметшi босатылған күннен бастап оны қаржы полициясы органдарына тағайындағанға дейiн өткен уақыт үш айдан аспаса, көрсетiлген кезең iшiнде оның өзге заңды (мемлекеттiк органдарды есептемегенде) және жеке тұлғалармен еңбек қатынасы болмаған кезде, қаржы полициясы органдарында болуы үзiлiссiз деп саналады.

  5. Қаржы полициясы органдарының кiшi, орта және аға басшы
құрамына арнайы атақтар беру (атақтардан айыру) тәртiбi

      68. Қатардағы және басшы құрамдағы лауазымға тағайындалған, сондай-ақ қаржы полициясы оқу орындары күндiзгi бөлiмдерiнiң тыңдаушыларына қабылданған Қазақстан Республикасының азаматтарына заңнамаларға сәйкес:
      1) қатардағы құрам:
      қаржы полициясының қатардағы қызметкерi;
      2) кiшi басшы құрам:
      қаржы полициясының кiшi сержанты;
      қаржы полициясының сержанты;
      қаржы полициясының аға сержанты;
      қаржы полициясының старшинасы;
      3) орта басшы құрам:
      қаржы полициясының кiшi лейтенанты;
      қаржы полициясының лейтенанты;
      қаржы полициясының аға лейтенанты;
      қаржы полициясының капитаны;
      4) аға басшы құрам:
      қаржы полициясының майоры;
      қаржы полициясының подполковнигi;
      қаржы полициясының полковнигi;
      5) жоғары басшы құрам:
      қаржы полициясының генерал-майоры арнайы атағы берiледi.
      69. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне арнайы атақтар олардың бiлiктiлiгiн, бiлiмiн, қызметке қатынасын, еңбек сiңiрген жылдарын және атқарып жүрген штаттық лауазымын, сондай-ақ осы Ережеде көзделген басқа да талаптарды ескере отырып, кезекпен дербес берiледi.
      70. Берiлу кезектiлiгiне қарай арнайы атақтар алғашқы және кезектi деп бөлiнедi.
      Басшылық құрамның кезектi арнайы атағын қаржы полициясы уәкiлеттi органының басшысы қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткiзгенi және қызметтiк мiндеттерiн үлгiлi орындағаны үшiн көтермелеу ретiнде бұған дейiнгi атақта еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмi аяқталғанға дейiн мерзiмiнен бұрын немесе атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген арнайы атақтан бiр саты жоғарылатып беруi мүмкiн.
      71. Кiшi, орта, аға басшы құрамның алғашқы арнайы атақтарын, уәкiлеттi органның басшысы бередi.
      72. Орта және аға басшы құрамның кезектi арнайы атақтарын алдыңғы атақтағы белгiленген еңбек сiңiрген мерзiмi аяқталғаннан кейiн қаржы полициясы уәкiлеттi органының басшысы, ал кiшi басшы құрамға - уәкiлеттi орган басшысының уәкiлеттi орынбасары бередi.
      73. Аға және жоғары басшы құрамның басқарушы лауазымына қабылданған азаматқа, әдетте, егер оның қапас бойынша неғұрлым жоғары әскери атағы болмаса, қаржы полициясы подполковнигiнен жоғары емес алғашқы арнайы атағы берiлуi мүмкiн.
      74. Кiшi, орта және аға басшылық құрамның кезектi арнайы атақтары осы Ережеде көзделген жағдайларды қоспағанда, кезектi атақ атқарып келген штаттық лауазымы бойынша көзделген атаққа сәйкес келген жағдайда және алдыңғы атақта белгiленген еңбек сiңiру мерзiмi аяқталуына қарай кезектi тәртiппен берiледi.
      75. Басшы құрамның арнайы атақтарында еңбек сiңiру жылдарының мынадай мерзiмдерi белгiленедi:
      - қаржы полициясының кiшi сержанты атағында         -1 жыл;
      - қаржы полициясының сержанты атағында              -2 жыл;
      - қаржы полициясының аға сержанты атағында          -3 жыл;
      - қаржы полициясының кiшi лейтенанты атағында       -1 жыл;
      - қаржы полициясының лейтенанты атағында            -2 жыл;
      - қаржы полициясының аға лейтенанты атағында        -3 жыл;
      - қаржы полициясының капитаны атағында              -3 жыл;
      - қаржы полициясының майоры атағында                -4 жыл;
      - қаржы полициясының подполковнигi атағында         - 5 жыл.
      76. Қаржы полициясының қатардағы қызметкерi, старшинасы және полковнигi атақтарында, сондай-ақ жоғары басшы құрамның атақтарында еңбек сiңiру мерзiмдерi белгiленбейдi.
      77. "Қаржы полициясының лейтенанты" алғашқы арнайы атағы жоғары оқу орнын бiтiрген бойда берiлген және қаржы полициясында оқу орнында алған немесе тектес мамандық бойынша қызмет атқарып жатқан қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi үшiн қаржы полициясының лейтенанты атағында еңбек сiңiру мерзiмi бiр жыл болып белгiленедi.
      78. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң запасында тұрған азаматқа ол қаржы полициясы органдарындағы басшы құрамның лауазымына тағайындалғаннан кейiн оның әскери атағынан төмен емес арнайы атақ берiледi.
      79. Арнайы атақ атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген атақ шегiнде мерзiмiнен бұрын берiледi, ал ғылыми дәрежесi немесе ғылыми атағы және оқу орнында штаттық лауазымы бар қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне арнайы атақтағы еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн лауазымы бойынша көзделген арнайы атақтан бiр саты жоғары атақ берiлуi мүмкiн.
      80. Арнайы атақтар мерзiмiнен бұрын алдыңғы арнайы атақта еңбек сiңiру жылдарының белгiленген мерзiмiнiң кемiнде жартысы өткеннен кейiн және берiлетiн арнайы атақ атқаратын штаттық лауазымында көзделген атаққа сәйкес болған жағдайда берiледi.
      81. Атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнайы атақтан бiр саты жоғары кезектi арнайы атақ алдыңғы арнайы атақта еңбек сiңiру жылдары мерзiмдерiнiң кемiнде бiр жарым мерзiмi өткеннен кейiн берiледi. Бұл ретте арнайы атақтар мерзiмiнен бұрын және атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделгеннен бiр саты жоғары атақ берiлуi, әдетте қаржы полициясында қызмет өткерген барлық кезеңiнде әрбiр негiз бойынша бiр реттен артық емес жүргiзiледi.
      82. Арнайы атақтағы еңбек сiңiру мерзiмi осы атақ берiлгенi туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап есептеледi.
      83. Қаржы полициясы органдарының орта басшы құрам лауазымдарына тағайындалған кiшi басшы құрамның атағы бар қызметкерлерi сол атақтағы еңбек сiңiру мерзiмiне қарамастан, орта басшы құрамның бiрiншi арнайы атағына ұсынылады.
      84. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне кезектi арнайы атақтар тиiсiнше кадрлар резервiнде болған кезде лауазымға тағайындалғанға дейiн, алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде, ақтайтын негiздер бойынша қылмыстық iс тоқтатылғанға дейiн, қызметтiк тергеу аяқталғанға дейiн (бiрақ бiр айдан аспай) берiлмейдi.
      85. Қарамағындағы қызметкерге кезектi арнайы атақ берiлуiн негiзсіз кешiктiрген қаржы полициясы органының немесе мекемесiнiң басшысы тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылады.
      86. Арнайы атақтың бiр сатысына төмендетудi:
      кiшi басшы құрамының атақтары барларға - қаржы полициясы уәкiлеттi органы басшысының уәкiлеттi орынбасары;
      орта және аға басшы құрамының атақтары барларға - қаржы полициясы уәкiлеттi органның басшысы қаржы полициясы органдары қызметкерлерiн тәртiптiк жазалау ретiнде жүргiзедi.
      Бұл жағдайда арнайы атақтағы еңбек сiңiру мерзiмi арнайы атақты бiр сатысына төмендету туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап есептеледi.
      87. Қаржы полициясы органдарының арнайы атағы төмендетiлген кiшi, орта және аға басшы құрамдағы қызметкерлерiнiң бұрынғы арнайы атағы төмендетiлген күннен бiр жыл өткеннен кейiн атқарып отырған штаттық лауазымына қарамастан, қаржы полициясы уәкiлеттi органы басшысының бұйрықтарымен қайта қалпына келтiрiледi.
      88. Қаржы полициясы органдарының қызметкерiне бұрынғы арнайы атағы қайта қалпына келтiргенге және оған кезектi арнайы атақ берiлгенге дейiн арнайы атақтан қайта төмендету жүргiзiлмейдi.
      89. Қызметкерлерге қатысты арнайы атақтарынан айыру туралы заңды күшіне енген соттың айыптау үкімін орындауды:
      кiшi басшы құрамға қатысты - кiшi басшы құрамның арнайы атағын беру құқығы берiлген бастықтар жүзеге асырады;
      орта және аға басшы құрамға қатысты - уәкiлеттi органның басшысы жүзеге асырады;
      жоғары басшы құрамға қатысты - қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

  6. Қызметтiк тәртiп

      90. Қаржы полициясындағы қызметтiк тәртiп қызметкерлердiң Қазақстан Республикасының заңнамасында, қаржы полициясының органдары мен мекемелерi, оқу орындары басшыларының бұйрықтарымен және осы Ережемен белгiленген нормалар мен ережелердi сақтауын бiлдiредi.
      91. Бастық өз қарамағындағылар арасындағы қызметтiк тәртiптiң жағдайы үшiн жауап бередi. Бастық оларға жоғары талап қоюмен қатар:
      1) қарамағындағылардың еңбегi, демалысы және бiлiктiлiгiн арттыруы үшiн қажеттi жағдайлар жасайды;
      2) қарамағындағылардың қызметтiк мiндеттерiн орындау үшiн жауапкершiлiк сезiмiн тәрбиелейдi;
      3) қарамағындағылардың қызметтiк әрекетiн бағалауда жариялылық пен объективтiлiктi қамтамасыз етедi;
      4) қарамағындағылардың ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн құрметтейдi;
      5) жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықтың туындауына, жеке сипаттағы себептер бойынша немесе қаржы полициясының органдарының қызметiндегi кемшiлiктердi сынағаны үшiн қарамағындағы қызметкерлердi қудалауға жол бермейдi.
      92. Мiндеттерiн үлгiлi орындағаны және қызметiнде жоғары нәтижелерге қол жеткiзгенi үшiн қаржы полициясының қызметкерлерiне және оқу орындарының тыңдаушыларына көтермелеудiң мынадай түрлерi көзделедi:
      1) алғыс жариялау;
      2) ақшалай сыйлық беру;
      3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
      4) толық жазылған ту жанында түсiрiлген жеке фотосуретiмен марапаттау;
      5) Құрмет Тақтасына енгiзу;
      6) грамотамен марапаттау;
      7) Құрмет грамотасымен марапаттау;
      8) кезектi арнайы атақты мерзiмiнен бұрын беру;
      9) атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген атақтан бiр саты жоғарғы арнайы атақ беру;
      10) қаржы полициясы органдарының кеудеге тағатын белгiсiмен марапаттау;
      11) Құрмет Кiтабына енгiзу.
      Қаржы полициясы органдары грамоталарының және кеудеге тағатын белгiлерiнiң сипаттамасы мен оларды беру тәртiбiн уәкiлеттi органның басшысы айқындайды.
      93. Қызметтiк борышын орындау кезiнде көрсеткен ерлiгi мен батылдығы, мемлекет алдындағы айрықша сiңiрген еңбегi үшiн қаржы полициясының қызметкерлерi белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларына ұсынылуы мүмкiн.
      94. Қаржы полициясы органдары мен мекемелерiндегi тәртiптiк жазалар тәртiптiк жауапкершiлiк шарасы болып табылады. Тәртiптiк жазалау жасалған ағаттықтың ауырлығын, ол жасалған кездегi мән-жайларды, сондай-ақ қаржы полициясы органы қызметкерiнiң оған дейiнгi мiнез-құлқы мен қызметiне деген қатынасы ескерiле отырып қолданады.
      95. Қызметтiк мiндеттердi тиесiлi орындамағаны үшiн қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне мынадай жаза түрлерi қолданылады:
      1) ескерту;
      2) сөгiс;
      3) қатаң сөгiс;
      4) толық емес қызметтiк сәйкестiгi туралы ескерту;
      5) лауазымынан төмендету;
      6) арнайы атағын бiр саты төмендету;
      7) қаржы полициясы органдарынан шығару.
      96. Көтермелеу мен тәртiптiк жазаларды қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң басшылары өз құзыретi шегiнде қолданады.
      97. Көтермелеулер мен тәртiптiк жазалар бұйрықтармен жарияланады. Қабылданған шешiм туралы жазаланған тұлғаны қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң, оқу орындарының кадр бөлiмшелерi үш күн мерзiмде (қол қойғызып) хабардар етедi.
      98. Тәртiптiк жаза тәртiп бұзу жасалған күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей қолданылады.
      Қызметтiк тергеу жүргiзiлген, сотта қаралған қылмыстық iс немесе әкiмшiлiк құқық бұзу туралы iс қозғалған жағдайда - айыпкердiң ауыруы бойынша жұмыста болмаған немесе демалыста, iссапарда болған күндерiн есептемегенде, тиiсiнше, тергеу аяқталған, қылмыстық iс бойынша немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу шешiмдерi қабылданған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
      99. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе iссапарда болған кезеңде, сондай-ақ егер ағаттық жасалған күннен берi алты айдан астам уақыт өткен болған жағдайда оған тәртiптiк жаза қолданылуы мүмкiн емес.
      Уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңi, демалыста, iссапарда болуы, егер жасалған ағаттық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейiн белгiлi болған болса, жаза қолданудың бiр айлық мерзiмiн қолдануды тоқтата тұрады.
      100. Жаза қолданылғанға дейiн жауапқа тартылатын қаржы полициясы органдарының қызметкерiнен жазбаша түсiнiктеме талап етiлуi тиiс. Бұзушылық фактiлерi бойынша қызметтік тергеу жүргiзiледi. Ағаттық жасаған адамның түсiнiктеме беруден бас тартуы жаза қолдану үшiн кедергi бола алмайды.
      Өзiне қатысты қызметтiк тергеу жүргiзiлiп жатқан қызметкердi қаржы полициясы органдары мен мекемелерiнiң басшылары жауапкершiлiгi туралы мәселе шешiлгенге дейiн, бiрақ он төрт күннен аспайтын мерзiмге лауазымдық мiндеттерiн атқарудан уақытша шеттетуi мүмкiн.
      101. Қызметтiк тәртiптiң бұзылуының әрбiр жағдайы үшiн бiр ғана тәртіптік жаза қолданылуы мүмкiн.
      102. Қаржы полициясы органдарының қызметкерiне қолданылған тәртiптiк жазалардың мерзiмi оның қолданылған күнiнен бастап алты айдан аспауы тиiс. Егер осы мерзiм iшiнде қызметкер жаңа тәртiптiк жазаға ұшырамаса, онда оның тәртiптiк жазасы алынған болып саналады.
      Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн көтермелеу ретiнде тәртiптiк жазаны мерзiмнен бұрын алып тастау қолданылуы мүмкiн.
      103. Арнайы атағын төмендету түрiндегi тәртiптiк жаза қолданылған жағдайда бұрынғы атағы бiр жыл өткеннен кейiн осы Ережемен белгiленген тәртiппен қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
      104. Егер қаржы полициясы органдарының қызметкерiне, оның құқықтарының шегiнен шығатын көтермелеу немесе жазалау шараларын қолдану қажет болса, онда бастық бұл туралы жоғары тұрған басшыдан өтiнiш жасайды.
      105. Жоғары тұрған басшы, егер бұрын жарияланған жаза жасалған ағаттықтың ауырлығына сәйкес келмесе төмен тұрған бастық қолданған тәртiптiк жазаны алып тастауға құқылы.
      106. Өзiне берiлген көтермелеу және тәртiптiк жазалар қолдану жөнiндегi құқықтарын асыра пайдаланған бастық бұл үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылады, ал көтермелеулер мен жазалар туралы бұйрықтың күшiн қаржы полициясы уәкiлеттi органының басшысы жояды.
      107. Қаржы полициясы органдарының қызметкерi өзiне қолданылған тәртiптiк жазаға жоғары тұрған органға не сотқа шағым жасай алады.

  7. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң
демалыстары мен әлеуметтiк кепiлдiктерi

      108. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлері мен оқу орындарының тыңдаушылары үшiн демалыстардың мынадай:
      1) жыл сайынғы;
      2) оқумен байланысты демалыс (оқу орындарының курсанттарының тыңдаушыларына, сырттай оқитын қызметкерлерге);
      3) қосымша (еңбек сiңiрген жылдары үшін);
      4) жүктi болуына және босануына байланысты, баланы асырап алған әйелдерге (еркектерге);
      5) шығармашылық;
      6) заңнамада көзделген басқа да демалыс түрлерi белгiленедi.
      109. Заңнамада жұмыс емес күндерi болып белгiленген жалпы мемлекеттiк мереке күндерi демалыс ұзақтығын айқындау кезiнде есепке алынбайды.
      110. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне жыл сайынғы демалыстар берiлген кезде қызметкердiң Қазақстан Республикасы шегiнде демалыс өткiзетiн жерiне бару және керi қайту жолына арналған белгiленген демалыс ұзақтығының үстiне қосымша уақыт берiледi.
      111. Өзге жоғары оқу орындарының сырттай (кешкi) оқу бөлiмдерiнде оқитын қызметкерлерге, еңбекақысын, оқу орнына бару жол ақысын төлеу мәселелерi "Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  нормаларымен реттеледi.
      112. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне жыл сайын ұзақтығы 30 күнтiзбелiк күн демалыс берiлдi.
      113. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмдерiмен экологиялық апат аймағы деп жарияланған өңiрлерде қызмет өткерiп жүрген қатардағы және басшы құрамдағы тұлғалар ұзақтығы және беру тәртiбi қолданыстағы заңнамалық кесiмдермен айқындалатын жыл сайынғы қосымша демалыс алуға құқықтары бар.
      Жыл сайынғы демалыс алуға құқығы бар қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне оны бөлiп пайдалануға рұқсат етiледi.
      114. Жыл сайынғы демалыс күнтiзбелiк жылдың iшiнде жыл сайынғы демалыстар кестесiне сәйкес әрбiр қаржы полициясы органдарының қызметкерiне берiлуi тиiс.
      115. Қаржы полициясы органдарында қызметке кірген жылғы жыл сайынғы демалыстың ұзақтығы қызметке кiрген күннен басталған кезеңге әрбiр толық ай үшiн демалыстың он екiден бiр бөлiгi есебiмен жұмыс iстеген уақытында теңбе-тең есептеледi.
      116. Қызметкердiң демалыс кезеңiндегi уақытша еңбекке жарамсыздығы кезiнде, жыл сайынғы демалысы (оның бөлiгi) ауыстырылады немесе ұзартылады, бiрақ, бұл ретте демалыс уақытына келетiн күндер үшiн ақшалай үлес сақталады.
      Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiне жыл сайынғы демалысқа шыққанда сауығуына арналған екi айлық лауазымдық жалақы мөлшерiнде жәрдемақы төленедi.
      117. Әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы негiзiнде қатардағы және басшы құрамдағы тұлғаларға сырқаттануы бойынша демалыс берiлуi мүмкiн.
      Госпитальдарда, ауруханаларда, стационарларда және басқа емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан, сырқаттануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық жөнiндегi босату парағы негiзiнде, сондай-ақ отбасының ауру мүшелерiн күтiп-бағуға байланысты уақытша еңбекке жарамсыздығы жөнiндегi қызметтiк мiндеттерiн босату парағы негiзiнде қызметтен босатылған немесе сырқаттануы бойынша демалысқа шыққан қызметкерлерге ақшалай үлес төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
      Қатардағы және басшы құрамдағы тұлғалардың қызметтiк мiндеттерiн және қызметтiк борышын орындау кезiнде алған жарақатына, контузиясына немесе мертiгуiне байланысты емдеуде болу уақыты шектелмейдi. Медициналық куәландыруға аталған қызметкерлер емдеу аяқталғаннан кейiн немесе аурудың беталысы анықталған жағдайда жiберiледi.
      Ұзақ ауырған қатардағы және басшы құрамдағы тұлғаларды қаржы полициясы органдарының кадр бөлiмшелерi, егер, әдетте, еңбекке жарамсыз күндерiнiң саны үзiлiссiз 2 айға дейiн жетсе немесе жыл iшiнде үзiлiстермен 3 айға дейiн созылса, оларды емдеу-сауықтыру мекемелерiнiң ұсынуы бойынша қызметке жарамдылығын анықтауды медициналық растау үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияға жiбередi.
      Қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын орындау кезiнде алған жарақатына, контузиясына немесе мертiгуiне байланысты емделiп жатқан қызметкерлерге ақшалай үлес емделуде болған уақытына, олар лауазымдық мiндетiн атқаруға кiрiскенге дейiн немесе қаржы полициясы органдарынан шыққанға дейiн төленедi.
      Қаржы полициясы органдары кадрларының резервiнде тұрған кезеңде сырқаттанып қалған қызметкерлерге ақшалай үлес төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
      Қаржы полициясы органдарының бала күтуi бойынша қосымша демалыстағы қызметкерлерiне, егер осы демалысқа шыққанға дейiн олар осындай өтемақы алып келген болса, тұрғын-үй және коммуналдық қызметтердi ұстауға ақшалай өтемақы төленедi.
      Бала күтуi бойынша демалыс аяқталғаннан кейiн қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне қызметке кiрiскен күнiнен бастап әрбiр толық қызмет айының он екiден бiр бөлiгi есебiмен ағымдағы жылдың жыл сайынғы демалысы берiлуi мүмкiн.
      118. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне зейнетақы тағайындау кезiнде ескерiлетiн еңбек сiңiрген жылдары үшiн (күнтiзбелiк есеппен) қосымша ақылы демалыс берiледi:
      1) бес күнтiзбелiк күн - 10 жыл қызметтен кейiн;
      2) он күнтiзбелiк күн - 15 жыл қызметтен кейiн;
      3) он бес күнтiзбелiк күн - 20 жыл қызметтен кейiн.
      119. Жүктiлiгi және босануы бойынша демалыстар, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген бала немесе қыз асырап алған әйелдерге (еркектерге) берiлетiн демалыстар Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасына сәйкес берiледi.
      Мұндай демалыстарда болудың уақыты арнайы атақтағы еңбек сiңiрген мерзiмге және лауазымдық жалақысына коэффициент белгiлеу стажына және зейнетақы тағайындау үшiн қосылады.
      120. Күндiзгi адъюнктурада оқитындардан немесе диссертациялық жұмысты бiтiру, оқулық жазу үшiн докторантурада дайындықтан өтiп жүргендерден басқа, және басқа жағдайларда қызметкерлерге ақысы төленетiн шығармашылық демалыстар уәкiлеттi орган басшысы анықтайтын тәртiппен берiледi.
      121. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне кейiнге қалдыруға болмайтын әлеуметтiк-тұрмыстық мәселелердi шешу үшiн, ең алдымен, сырқаттануына, туыстық парызын орындауға байланысты, сондай-ақ басқа да дәлелдi себептер бойынша демалыс өткiзетiн жерге баруға және керi қайтуға жолда жүру уақыты есепке алынбастан 10 күнтiзбелiк күнге дейiн қысқа мерзiмдi демалыстар берiледi. Қысқа мерзiмдi демалыс жыл сайынғы демалыс есебiне кiрмейдi.
      122. Қатардағы және басшы құрамдағы әйел адамдарға жүктiлiгi және босануы бойынша демалысы кезiнде ақшалай үлес Қазақстан Республикасы заңнамасында белгiленген тәртiппен төленедi.
      123. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiн жыл сайынғы демалыстан негiзсiз қайта шақырып алуға тыйым салынады. Қызметтiк қажеттiлiк жағдайында демалыс беруге құқығы бар бастықтың жазбаша бұйрығы негiзiнде қызметкердiң келiсiмiмен оларды қайта шақыруға жол берiледi. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi, әдетте, қызметкердiң қалауы бойынша ағымдағы жылы берiледi. Егер демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi 10 күнтiзбелiк күн және одан да көп болса, қаржы полициясы органдарының қатардағы және басшы құрамындағы тұлғаларына жол жүру уақыты берiледi. Қызметкердiң қалауы бойынша демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi келесi жылдың жыл сайынғы демалысына қосылуы мүмкiн.
      124. Қаржы полициясы оқу орындарының күндiзгi бөлiмiнiң тыңдаушыларына мынадай:
      1) ұзақтығы 14 күнтiзбелiк күн қысқы каникулдық демалыс;
      2) ұзақтығы 30 күнтiзбелiк күн жазғы каникулдық демалыс;
      3) ұзақтығы 30 күнтiзбелiк күн оқу орнын аяқтағанына байланысты демалыстар берiледi.
      Қаржы полициясы органдары оқу орындарының оқу бойынша берешегi бар тыңдаушыларына каникулдық демалыс, оқу бағдарламаларымен белгiленген демалыс өткiзу мерзiмдерiнiң шегiнде оны өтегеннен кейiн берiледi. Бұл ретте жазғы каникулдық демалыстың ұзақтығы 15 күннен кем болмауы тиiс.
      Оқу орнының күндiзгi бөлiмiн бiтiруiне байланысты бiтiрушiлерге демалыс олар қаржы полициясы органында жеке бөлу орны бойынша лауазымға тағайындалғаннан кейiн берiледi.
      Қаржы полициясы оқу орындарының тыңдаушыларына жыл сайынғы және қосымша демалыстар берiлмейдi.
      Азаматтық жоғары оқу орындарына түсушiлерге түсу емтихандарын тапсыру үшiн ұзақтығы 15 күнге дейiн ақшалай үлесi сақталмайтын демалыс берiледi.
      125. Адъюнктураға түсушi қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне түсу емтихандарына дайындалу және оларды тапсыру үшiн ұзақтығы 15 күнтiзбелiк күн ақшалай үлесі сақталмайтын оқу демалыстары берiледi.
      126. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне еңбек сiңiрген жылдарына қарай лауазымдық жалақысына коэффициент белгiлеуге құқық беретiн жұмыс стажына қызметiндегi үзiлiстерге қарамастан, мыналар есептеледi:
      1) қаржы полициясы (салық полициясы) органдарының, Iшкi iстер министрлiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Қорғаныс министрлiгiнiң оқу орындарында және Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiнiң жанындағы салық полициясы органдарының қызметкерлерiн даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн жетiлдiру жөнiндегi курстарда оқыған уақыты;
      2) қаржы полициясы, ұлттық қауiпсiздiк, бұрынғы Мемлекеттiк тергеу комитетi, iшкi iстер, прокуратура, Президенттiң Күзет қызметi, кеден қызметi, Мемлекеттiк өртке қарсы қызметi, Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгi, Әдiлет министрлiгiнiң қылмыстық-атқару жүйесi комитетi органдарында қызмет атқарған уақыты, сондай-ақ судья ретiнде жұмыс істеген уақыты;
      3) бұрынғы ССРО-ның және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде (Кеңес Армиясында және Әскери-Теңiз флотында), Республикалық ұланда, iшкi әскерлерде және Қазақстан Республикасының басқа да әскери арнаулы құрамаларында қызмет атқарған уақыты;
      4) лауазымдық жалақыларына еңбек сiңiрген жылдары үшiн үстемақы алуға және зейнетақы тағайындауға құқық берген салық полициясы (милиция) органдарындағы жұмыс стажы;
      5) 1992 жылғы 1 қаңтарға дейiн Қазақ КСР-нiң және Қазақстан Республикасының партия, кәсiподақ және комсомол органдарында жұмыс iстеген уақыты;
      6) егер олар белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк билiгiнiң орталық органдарына iссапарға жiберiлген болса қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң қаржы полициясы органдарының кадрларында болған уақыты;
      7) мемлекеттiк қызмет стажы;
      8) қаржы полициясының оқу орындарындағы профессорлық-оқытушылық құрамның лауазымындағы педагогикалық стажы.
      127. Қаржы полициясы оқу орындарының қызметкерлерiне заңнамада белгiленген тәртiппен тиiстi дипломы болған кезде ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежелерi үшiн қосымша ақы белгiленедi.
      128. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне мүгедектiгi бойынша жәрдемақы заңнамада белгiленген тәртiппен iшкi iстер органдары қызметкерлерi үшiн төленедi.
      129. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң қаза табуы (қайтыс болуы) немесе мертiгуi жағдайында Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес кепiлдiк берiледi.
      130. Қаржы полициясы органдарының қайтыс болған немесе қаза тапқан қызметкерлерiн және зейнеткерлерiн жерлеу үшiн үш айлық ақшалай үлес мөлшерiнде бiр жолғы өтемақы төленедi.
      131. Қаржы полициясы органдары қызметкерiнiң қызметтiк мiндетiн орындауға байланысты оның мүлкiне келтiрiлген залалдың заңнамада белгiленген тәртiппен орны толтырылады.
      132. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi қызметтiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй алаңымен бiрiншi кезекте қамтамасыз ету құқығын пайдаланады.
      133. Қаржы полициясы органдарының қатардағы және басшы құрамдағы тұлғаларына және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiне, сондай-ақ қаржы полициясы органдарының зейнеткерлерiне медициналық және санаторлық-курорттық қызмет көрсету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      134. Қызметтiк борышын (қызметтiк мiндеттерiн) орындау кезiнде мертiккен, жарақат алған немесе ауырған және қызмет өткерудiң тұрғылықты жерi бойынша медициналық мекемелерде тиiстi бөлiмшелер, мамандар не мамандандырылған жабдықтар болмаған кезде қаржы полициясы органдарының қатардағы және басшы құрамдағы тұлғалары медициналық мекеменiң жолдамасы бойынша емделуге жұмсалған шығындары тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттен өтей отырып, басқа медициналық емдеу мекемелерiне емдеуге жiберiледi.

  8. Қаржы полициясы органдарындағы қызметтiң тоқтатылуы

      135. Қаржы полициясы органдарындағы қызметтiң тоқтатылуы және қаржы полициясы органдары қызметкерлерiн қызметтен шығару Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiне көзделген негiздер бойынша жүзеге асырылады.
      136. Оң мiнездемесi, қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң қызмет мерзiмiн олар қызметке жарамды болған кезде қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындау құқығы берiлген бастықтар бес жылға дейiн ұзартуы мүмкiн.
      Ерекше жағдайларда ғылыми дәрежесi немесе ғылыми атағы бар және бiлiм мекемесiнде штаттық қызметте iстейтiн жоғары және аға басшы құрамның тұлғаларына қызмет мерзiмi осындай тәртiппен қайта бес жылға дейiн ұзартылуы мүмкiн.
      Қызмет мерзiмiн ұзарту туралы мәселенi шешу кезiнде қызметкерлер олардың қызметке жарамдығын анықтау үшiн міндетті түрде медициналық комиссияға жiберiледi.
      137. Қызмет мерзiмi ұзарту осы Ережеде көзделген негiздер бойынша қызметкерді қаржы полициясы органдарынан шығару мүмкiндігiн жоққа шығармайды.
      138. Қатардағы және басшы құрамдағы қаржы полициясы органдары қызметкерлерiн шығару оларды тағайындауға құқылы бастықтардың бұйрықтарымен жүргiзiледi.
      Егер қызметтен шығару күнi бұйрықта көрсетiлмеген болса бұйрыққа қол қойылған күн қызметкердiң қызметтен шығу күнi болып саналады.
      139. Заңның  16-бабы  2-тармағының 8), 9), 10), 11) тармақшаларына сәйкес қызметтен шығарылған қатардағы және басшылық құрамдағы тұлғалар тозуын ескере отырып өздерiне берiлген киiмдердiң құнының орнын толтырады.
      140. Заңның 16-бабы 2-тармағының 8), 9), 10), 11) тармақшаларына сәйкес шығарылатын қызметкерлердi қоспағанда, қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi алдағы уақытта қызметтен шығатындықтары туралы тiкелей бастықтарын немесе кадрлық бөлiмшелерiн алдын-ала, қызметтен шығудан бiр айдан кешiктiрмей, жазбаша түрде хабардар етедi.
      141. Қаржы полициясы органдарының қызметтен шығарылған қызметкерлерiне:
      1) босатылған күнiнде лауазымда болғандарға - қызметтен шығару туралы бұйрыққа сәйкес шығарылған күнiн қоса;
      2) оқу орындарының тыңдаушыларына - оқу орындарының ауысу құрамы тiзiмiнен алынып тасталған күнiн қоса;
      3) қызметтен шығарылған күнi қаржы полициясы органдары кадрларының резервiнде тұрғандарға - қызметтен шығару туралы бұйрыққа сәйкес қызметтен шығарылған күнiн қоса ақшалай үлес төлеу жүргiзiледi.
      142. Қаржы полициясы органдарының қайтыс болған (қаза тапқан), белгiленген тәртiппен хабарсыз кеткен ретiнде танылған қызметкерлерi қаржы полициясы органы нeмece мекемесi басшысының бұйрығымен қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi тiзiмiнен алынып тасталады.

  9. Қаржы полициясы органдарындағы лауазымда,
арнайы атақта және қызметте қалпына келтiру

      143. Белгiленген тәртiппен қызметте заңсыз ауыстырылған, атқарып отырған лауазымынан босатылған не лауазымы төмендетiлген, арнайы атақтан айрылған не арнайы атақтан төмендетiлген, сондай-ақ қаржы полициясы органдарынан шығарылған деп танылған қаржы полициясы органдарының қызметкерлерi қаржы полициясындағы тиiсiнше лауазымда, арнайы атақта қызметiнде қалпына келтiруге жатады.
      144. Қаржы полициясы органдарындағы лауазымда, арнайы атақта қызметiнде қалпына келтiру үшiн қызметтiк тергеу нәтижелерi бойынша қорытынды немесе соттың күшiне енген тиiстi шешiмi негiздеме болып табылады.
      145. Заңсыз шығарылған және қаржы полициясы органдарындағы қызметiне қайта алынған қызметкерлерге шығарылған сәтiнен қайта алу туралы бұйрыққа қол қойылған күнге дейiнгi уақыт кезектi арнайы атақ беру, лауазымдық жалақысын есептеу жөнiндегi коэффициенттi белгiлеу және зейнетақы тағайындау үшiн еңбек сiңiрген жылдарын есептеу кезiнде ескерiлетiн үзiлiссiз қызмет стажына есептеледi.
      Соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енуiне байланысты қызметтен босатылған, ал одан соң заңнамада белгiленген тәртiппен ақталған, сондай-ақ қызметiнен заңсыз ауыстырылған, лауазымы немесе арнайы атағы төмендетiлген, органдардан шығарылған қаржы полициясы органдарының қызметкерлерiне келтiрiлген залалдың орнын толтыру заңнамаларға сәйкес жүзеге асырылады.
      146. Қызметiн ауыстыру, лауазымын төмендету, арнайы атағын төмендету, қаржы полициясынан шығару туралы заңды бұза отырып шешiм қабылдаған немесе лауазымын, арнайы атағын, қаржы полициясы қызметiне қалпына келтiру туралы шешiмiнiң орындалуын кiдiрткен қаржы полициясы органдарының лауазымды тұлғасы тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылады және заңнамада белгiленген тәртiппен қызметiнен заңсыз немесе негiзсiз ауыстырылу, лауазымы төмендетiлу не арнайы атағы төмендетiлу, қаржы полициясы органдарынан шығарылу себебiнен жүргiзiлген қызметкерге төлемдер төлеуге байланысты қаржы полициясына келтiрiлген залалдың орнын толтырады.

  10. Қаржы полициясы органдарында қызмет өткерудiң
өзге де шарттары

      147. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Қорғаныс министрлiгiнiң, Iшкi iстер министрлiгiнiң, Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнiң, Әдiлет министрлiгi қылмыстық-атқару жүйесi комитетiнiң, кеден қызметi, прокуратура органдарының қаржы полициясы органдарына қызметке кiрген әскери қызметшiлерi мен қызметкерлерiне олар басшы құрамның тиiстi лауазымдарына тағайындалғаннан кейiн, әскери және арнайы атақтары ескерiле отырып, қаржы полициясының арнайы атақтары берiледi. Қаржы полициясындағы еңбек сiңiрген жылдары, олардың запаста болған мерзiмдерiн қоспағанда, әскери және еңбек қызметiне байланысты үзiлiстерiне қарамастан, әскери және арнайы атақтар, сыныптық шендер берiлу көзделетiн лауазымдарда жұмыс iстеген уақыты ескерiлiп есептелiнедi. Оларға әскери және еңбек қызметiне байланысты үзiлiстерiне қарамастан, әскери және арнайы атақтар берiлу көзделетiн лауазымдарда жұмыс iстеген уақыты ескерiлiп қаржы полициясы органдарында қызмет сiңiрген жылдары есептелiнедi.
      148. Қаржы полициясы органдары қызметкерлерiнiң соғыс уақытында және төтенше жағдайлар енгiзiлген жерлерде қызмет өткеру ерекшелiктерi заңнамаға сәйкес айқындалады.
      149. Қаржы полициясы органдарында қызмет өткеруге тiкелей бақылауды белгiленген өкiлеттер шегiнде қаржы полициясы органдарының, оқу орындарының және өзге де ведомстволық бағыныштағы мекемелердiң басшылары жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады