"Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 1 сәуірдегі N 375 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      "Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрiнің
      мiндетiн атқарушы

Жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы
Мемлекеттiк әлеуметтік тапсырыс туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасы үкiметтiк емес ұйымдарының мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыруы процесiнде пайда болатын қатынастарды реттейдi.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) мемлекеттiк әлеуметтік тапсырыс - тапсырысшы мен орындаушы арасында шарт жасасу жолымен бюджет қаражаты есебiнен қамтамасыз етiлген республикалық, салалық және өңiрлiк деңгейлердегi әлеуметтiк бағдарламаларды (әлеуметтiк жобаларды), сондай-ақ әлеуметтiк мiндеттердi шешуге бағытталған жекелеген iс-шараларды iске асырудың экономикалық-құқықтық нысаны;
      2) мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыруға арналған шарт - осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес тапсырысшы мен орындаушының арасында жасалған азаматтық-құқықтық шарт;
      3) тапсырысшы - республикалық және жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi;
      4) орындаушы - мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыруға арналған шарт бойынша тапсырысшының контрагентi ретiнде әрекет ететiн үкіметтік емес ұйым;
      5) мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс алуға арналған конкурс (бұдан әрi - конкурс) - тапсырысшының үкiметтiк емес ұйымдардың жұмыстарын, қызметтер көрсетуiн сатып алуға бағытталған және мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстың iзденушiлерiне ашық әрi адал бәсекелестiктi қамтамасыз ететiн орындаушыны анықтау тәсiлi;
      6) үкiметтiк емес ұйымдар - Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн олардың ортақ мақсаттарына жету үшiн азаматтар ерiктi негiзде құрған коммерциялық емес ұйымдар (саяси партиялардан, кәсiптiк одақтардан, дiни бiрлестiктерден басқа);
      7) үкiметтiк емес ұйымдардың ынтымақтастық және iс-қимыл жасау жөнiндегi кеңестер - құрамына мүдделi мемлекеттiк органдар мен үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерi кiретiн орталық және жергiлiктi атқарушы органдар жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдар;
      8) мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс iзденушiсi - мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыруға арналған конкурсқа қатысушы үкiметтiк емес ұйым;
      9) әлеуметтiк бағдарлама (әлеуметтiк жоба) - білім беру, ғылым, ақпарат, денсаулық сақтау, спорт, қоршаған ортаны қорғау; жастар, демографиялық, гендерлiк саясат; әлеуметтiк көмек; құқық қорғау қызметi; мәдениет саласындағы және өзге де әлеуметтiк мәнi бар салалардағы нақты мақсаттарға қол жеткiзуге бағытталған ұйымдастырушылық, экономикалық және техникалық шаралардың жиынтығы.

      2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк әлеуметтiк
              тапсырыс туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерінен тұрады.
      2. Осы Заң "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қайшы келмейтiн бөлiгiнде мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыру процесiнде туындайтын қатынастарға қолданылады.

      3-бап. Мемлекеттiк әлеуметтік тапсырыс процесін
              құқықтық реттеу қағидаттары

      Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс процесiн құқықтық peттeу:
      1) заңдылық;
      2) Қазақстан Республикасындағы әлеуметтiк бағдарламаларды (әлеуметтiк жобаларды) жүзеге асыру тиiмдiлiгiн арттыру;
      3) Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтiк мiндеттердi шешуге қатысуын кеңейту;
      4) үкiметтiк емес ұйымдардың мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты орындауға арналған конкурсқа қатысуы үшiн тең мүмкiндiктердi қамтамасыз ету;
      5) мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс процесiнiң жариялылығы мeн ашықтығы қағидаттарына негiзделедi.

      4-бап. Үкiметтiк емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдау

      Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген құзырет шегiнде үкiметтiк емес ұйымдар мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыруы барысында оларға ақпараттық, консультативтiк, әдiстемелiк, ұйымдастырушылық-техникалық қолдау көрсетедi.
      Ақпараттық және консультативтiк қолдау Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерiн түсiндiру, мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыру мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдардың қызметi туралы ақпаратты ұсыну, мемлекеттiк, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлеу және iске асыру жолымен көрсетiледi.
      Әдiстемелiк және ұйымдастырушылық-техникалық қолдау ақпараттық-анықтамалық және әдiстемелiк материалдарды әзiрлеу, мемлекеттiк әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру мәселелерi бойынша семинарлар, конференциялар, тренингтер және өзге де iс-шаралар өткiзу арқылы көрсетiледi.

      5-бап. Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты iске асыру
              салалары

      1. Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты iске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) бiлiм беру, ғылыми, ақпараттық мақсаттарға қол жеткiзу;
      2) азаматтардың денсаулығын қорғау, салауатты өмiр салтын насихаттау;
      3) қоршаған ортаны қорғау;
      4) балалар мен жастар бастамаларын қолдау;
      5) демография проблемаларын шешу;
      6) гендерлік проблемаларды шешу;
      7) халықтың әлеуметтiк осал топтарын қолдау;
      8) жетiм балаларға, толық емес және көп балалы отбасылардағы балаларға көмек;
      9) азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу;
      10) азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау;
      11) мәдениет пен өнердi дамыту;
      12) тарихи-мәдени мұраны қорғау;
      13) қоғамдық келісімдi нығайту;
      14) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де әлеуметтiк маңызы бар бағыттар.
      2. Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс үкiметтiк емес ұйымдардың әлеуметтік бағдарламаларды (әлеуметтiк жобаларды), сондай-ақ әлеуметтiк мiндеттердi шешуге бағытталған iс-шараларды орындауы арқылы жүзеге асырылады.

      6-бап. Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыру

      1. Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты қаржыландыру бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстың орындаушысы үкiметтiк eмec ұйымдардың арасында ашық конкурс өткiзу жолымен айқындалады.
      3. Конкурсқа қатысуға осы Заңның 5-бабында көзделген бағыттар бойынша маманданған үкiметтiк емес ұйымдар жiберiледi.
      4. Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстың тиiмдi орындалуының мониторингi мен сырттай бағалануын орталық және жергiлiктi атқарушы органдар жанындағы үкiметтiк емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара iс-қимыл жасау жөнiндегi кеңестер жүзеге асырады.

      7-бап. Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстың қаржы
              қаражатын пайдалану

      Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстың қаржы қаражаты осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде, сондай-ақ мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыруға арналған шартта көзделген мақсаттарда және тәртiппен пайдаланылады.

      8-бап. Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстың
              орындалуын бақылау

      Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстың орындалуын бақылауды тапсырысшы, сондай-ақ өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.

      9-бап. Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы
              Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшiн
              жауапкершiлiк

      Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшiн кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкке тартылады.

      10-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзудiң тәртiбi

      Осы Заң ол ресми түрде жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады