Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасында Жануарлардың саулығы мен карантині саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 14 мамырдағы N 534 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасы Yкiметiнiң арасындағы Жануарлардың саулығы мен карантинi саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi Ахметжан Смағұлұлы Eciмовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат ете отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасы Үкiметiнiң арасында Жануарлардың саулығы мен карантинi саласындағы ынтымақтастық туралы келiсім жасасуға өкiлеттік берiлсiн.

      3. "Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Мал дәрiгерлiгi саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 20 қарашадағы N 1760  қаулысының күшi жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба 

  Қазақстан Республикасының Yкіметi мен Қытай Халық Республикасы Yкiметiнiң арасындағы Жануарлардың саулығы мен карантині саласындағы ынтымақтастық туралы
келісім

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi,
      жануарлардың саулығы мен карантинi саласындағы ынтымақтастықты нығайту, өз мемлекеттерiнiң аумақтарында/аумақтарынан инфекциялық және/немесе паразитарлық аурулардың жайылуын немесе таралуын болдырмау, ауыл шаруашылығы қауiпсiздiгiн, сондай-ақ адам денсаулығын қорғау мақсатында,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап

      Осы Келiсiмдегi мынадай терминдердiң төменде келтiрiлгендей мәнi бар:
      1. Жануарлар - үй және жабайы жануарлар, оның iшiнде iрi қара мал, қойлар мен ешкiлер, шошқалар, жылқылар, түйелер, будандастырудан алынған шатыс малдар, үй құстары, жабайы жануарлар, балықтар, жiбек құрттар, аралар, үй аңдары және зертханалық жануарлар.
      2. Мал шаруашылығы өнiмдерi - паразиттердiң жайылу немесе таралу қатерiн туындатуы мүмкiн өнеркәсiптiк те, өнеркәсiптік емес те өндiрiстiң мал өнiмдерi және мал азықтары құрамында болатын немесе қайта өңдеу процесiне қосылған мал өнiмдерi.
      3. Жануарлардың генетикалық материалы - жануарлардың жас немесе мұздатылған спермасы, жас немесе мұздатылған эмбрион және жануарларды көбейту үшiн пайдаланылатын кез келген басқа да биоөнiмдер.
      4. Жануарлардың карантинi жөнiндегi сертификат немесе малдәрiгерлiк санитария жөнiндегі сертификаттар - Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) сертификаттарының үлгілерi бойынша дайындалған сертификаттар.
      5. Патогендiк таратушылар - жануарлардың генетикалық материалдары, мал шаруашылығы өнiмдерi, мал азықтары, сондай-ақ басқа да тауарлар, бұйымдар, тасымалдау құралдары, орама материалдар және контейнерлер.

  2-бап

      Тараптар жануарларды, жануарлардың генетикалық материалдарын, мал шаруашылығы өнiмдерiн, мал азықтарын, сондай-ақ басқа да тауарларды, бұйымдарды, тасымалдау құралдарын, орама материалдарын және контейнерлердi импорттау, экспорттау немесе транзиттеу нәтижесiнде бiр Тарап мемлекетiнiң аумағынан басқа Тарап мемлекетiнiң аумағына инфекциялық және/немесе жұқпалы немесе паразитарлық аурулардың жайылуын болдырмауда өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес ынтымақтасатын болады.

  3-бап

      Тараптар өз мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдарына патогендiк таратушылар болуы мүмкiн жануарларды, жануарлардың генетикалық материалдарын, мал шаруашылығы өнiмдерiн, мал азықтарын, сондай-ақ басқа да тауарларды, бұйымдарды, тасымалдау құралдарын, орама материалдарын және контейнерлердi импорттау, экспорттау немесе транзиттеу кезiнде карантинге және жануарлар саулығына қойылатын талаптар жөнiндегі хаттамаларды талқылау мен оларға қол қою, жануарлардың карантинi жөнiндегі тиiстi сертификаттардың немесе малдәрiгерлiк санитария жөнiндегi сертификаттардың үлгілерiн бекiту және олармен алмасу құқығын бередi.
      Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлетті органдары қол қойған тиiстi хаттамалар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылады.

  4-бап

      Бiр Тарап мемлекетінiң аумағынан басқа Тарап мемлекетiнiң аумағына енгiзiлген патогендiк таратушылар болуы мүмкiн тауарларды немесе бұйымдарды бақылау импорттаушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес, Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдары қол қойған жануарлардың карантинi мен саулығына қойылатын талаптар жөнiндегi тиiсті хаттамалармен жүзеге асырылатын болады және экспорттаушы Тараптың ресми мал дәрiгерi берген жануарлар карантинiнiң түпнұсқа сертификатымен немесе малдәрiгерлiк санитария сертификатымен бiрге алып жүрiледi. Мұндай сертификат ағылшын және экспорттаушы Тараптың ресми тiлiнде басылады.

  5-бап

      Мыналар:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi;
      Қытай тарапынан - Қытай Халық Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi;
      Қытай Халық Республикасының Мемлекеттiк сапаны бақылау, инспекция және карантин жөнiндегі Бас Әкiмшiлiгі Тараптар мемлекеттерiнiң осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi уәкiлетті органдары болып табылады.

  6-бап

      Әрбiр Тараптың басқа Тарап мемлекетiнiң аумағынан импортталатын тiрi жануарларды, жануарлардың генетикалық материалдарын, мал шаруашылығы өнiмдерiн, мал азықтарын және басқа да карантиндiк объектiлердi карантиндiк инспекциялауды өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес жүргiзуге құқығы бар. Әрбiр Тараптың анықталған тауарларды карантиндiк өңдеуге құқығы бар.
      Әрбiр Тарап заңдарға, жануарлардың карантинi мен саулығының қағидаларына, ережелерiне немесе осы Келiсiмнiң тиiсті баптарына сәйкес келмейтiн патогендiк карантиндiк объектілер және басқа да паразиттер анықталған кезде ол туралы басқа Тарапқа дереу хабарлайды.

  7-бап

      Тараптар жануарлар карантинi мен саулығы саласындағы әкiмшiлендiру, ғылым және технология, ақпараттық қамтамасыз ету жөнiндегi ынтымақтастыққа:
      а) аурулардың атауларын, ауру жұқтырған жануарлардың тұқымын, санын, залалданған жерлердi, диагнозды және тиiсті бақылау жөнiндегі қабылданған шараларды қоса алғанда өз мемлекеттерiнiң аумақтарында туындаған, ХЭБ "А" парағында анықталған жануарлардың жұқпалы ауруларының егжей-тегжейi туралы бiр-бiрiне дереу ақпарат берiп отыру. Вирус пайда болған жағдайда сондай-ақ вирустың типi көрсетiлуге тиiс;
      б) жануарлардың аурулары бойынша ай сайынғы есептермен алмасу және өз мемлекеттерiнiң аумақтарында туындаған, ХЭБ "Б" парағында белгіленген жануарлардың жұқпалы және/немесе паразитарлық аурулары жөнiнде бiр-бiрiне ақпарат берiп отыру;
      в) ХЭБ "А" парағында белгіленген және көршi елдерде туындаған жануарлардың жұқпалы ауруларының өз елдерiне жайылуын болдырмау үшiн қабылданған бақылау шаралары жөнiнде бiр-бiрiне ақпарат берiп отыру;
      г) олардың орталық карантиндiк немесе мал дәрiгерлiк әкiмшiлiктерiмен осы саланың менеджментiнде тәжiрибе алмасу бойынша ынтымақтасу;
      д) карантиндiк және мал дәрiгерлiк жетiстiктермен, семинарлар немесе басқа да шаралар арқылы академиялық алмасу;
      ж) жануарлардың карантинi және мал дәрiгерлiк медицина жөнiндегi заңдар, ережелер, журналдар мен мал дәрiгерлiк медицина бойынша басқа да тиiсті жарияланымдар туралы ақпарат алмасу жолымен ықпал ететін болады.

  8-бап

      Осы Келiсiмдi жүзеге асыруға байланысты шығыстарды Тараптар дербес көтередi.

  9-бап

      Осы Келiсiмдi түсiндiру немесе қолдану жөнiнде даулар туындаған жағдайда Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлетті органдары оларды келiссөздер мен консультациялар жолымен шешетiн болады.

  10-бап

      Осы Келiсiм Тараптардың олар қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

  11-бап

      Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалады. Егер Тараптардың бiр де бipeуi бесжылдық кезеңнiң аяқталуынан алты ай бұрын басқа Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниетi туралы жазбаша түрде хабарламаса, осы Келiсiм келесi бесжылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.
      Мұндай жағдайда осы Келiсiм Тараптардың бipeуi басқа Тараптың жазбаша хабарламасын алғаннан кейiн алты айдан соң өз қолданысын тоқтатады.
      Осы Келiсiм Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажетті мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшiне енедi.

      200_ жылы "__" ________ ________ әрқайсысы қазақ, қытай, орыс және ағылшын тiлдерiнде түпнұсқа екi данада жасалды, әрi барлық мәтiндер бiрдей.

       Қазақстан Республикасының        Қытай Халық Республикасының
      Yкiметi үшін                     Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады