Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Отын-энергетика кешеніндегi ынтымақтастықты одан әрi тереңдету туралы меморандум жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 24 мамырдағы N 579 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Отын-энергетика кешенiндегі ынтымақтастықты одан әрi тереңдету туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрi Владимир Сергеевич Школьникке оған Меморандумның мәтiнiне қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат ете отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Отын-энергетика кешенiндегi ынтымақтастықты одан әрi тереңдету туралы меморандум жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Mинистрі

Жоба  

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Отын-энергетика кешенiндегi ынтымақтастықты одан әрі тереңдету туралы
Меморандум

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы 1998-2007 жылдарға арналған шартты басшылыққа ала отырып,
      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Мұнай транзитi туралы 2002 жылғы 7 маусымдағы (Санкт-Петербург қ.) келiсiмнiң ережелерiн, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Газ саласындағы ынтымақтастық туралы 2001 жылғы 28 қарашадағы (Мәскеу қ.) келісiмнің, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған егемендiк құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңiзiнiң солтүстiк бiрлiгiн шектеу туралы 1998 жылғы 6 шiлдедегі келісімге 2002 жылғы 13 мамырдағы Хаттаманы ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Отын-энергетика кешенi саласындағы ынтымақтастық туралы 2000 жылғы 9 қазандағы меморандумның қағидаларын растай отырып, мынадай шараларды жүзеге асыруға келiстi:

       Электр энергетикасы саласында

      Тараптар:
      - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының энергетикалық жүйелерi қосарлас режимде жұмыс істейтіндігін, Ресей энергия жүйелерiнiң Омск және Алтай электр тораптары арқылы Қазақстаннан Қазақстанға электр энергиясын ауыстыру қамтамасыз етілетіндігiн, Қазақстанның электр тораптары арқылы Ресейден Ресейге және Орталық Азиядан Ресейге электр энергиясының транзитi қамтамасыз етiлетiндiгін:
      - "Солтүстiк" бөлiнісінің жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiм-шартқа қол қойылғанын;
      - 1150 кв кернеумен мемлекетаралық электр берiлiсi желiлерiнiң қалыпқа келтiрiлгендiгін және жұмыс iстеуге қосылғандығын атап өтедi.
      Тараптар:
      - энергия жүйелерiнiң қосарлас жұмыс режимiн жүзеге асыру кезiнде электр энергиясы мен қуатын өндiру, беру және бөлу теңгерiмiн қолдау;
      - энергия жүйелерiмен тұрақты қосарлас жұмыс iстеуi үшiн электр қуатының авариялық резервтерiнiң келiсiлген көлемiнде қамтамасыз ету;
      - авариялар, дүлей апаттар және өзге де төтенше жағдайларында Тараптардың жедел көмек көрсетуi;
      - электр энергетикасы саласындағы нормативтiк құқықтық базаны одан әрi үйлестіру;
      - бiр Тараптың энергия өндiрушiлерiнiң екiншi Тараптың электр энергиясының iшкi рыногына тең қол жеткiзуiн қамтамасыз ету мәселелерi бойынша ынтымақтастықты жалғастырады.
      Тараптар тиiстi уәкiлеттi органдарға:
      - "Қазақстанэнерго ҰЭЖ" РМК және Қазақстан Республикасының электр желiлерiн таратушы компаниялардың (ЭTК) "EЭC России" PAO ААҚ алдындағы борыштық мiндеттемелерiн пакеттiк (бiр мезгiлде) реттеудi аяқтауды және оның жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыра отырып, Екiбастұз МЭТК-2 мүлiктiк кешенi базасында бiрлескен қазақстандық-ресейлiк кәсiпорынды құруды;
      - Қазақстанның Солтүстiк облыстарынан "ФСК EЭC" ААҚ желiлерi бойынша Батыс Қазақстанға электр энергиясының транзитi мәселелерiн арттыру жөнiндегі жұмыс топтары әзiрлеген ұсыныстар негiзiнде шешiм қабылдауды, электр қуаты мен жиiлiгiн реттеудi тапсырады.

       Атом энергетикасы саласында

      Тараптар уран өндiру, ядролық отынды дайындау саласында кооперацияны дамыту және құрамында уран бар өнiмдi әлемдiк рынокқа бiрлесiп шығару мүмкiндiгі ынтымақтастықтың басым бағыттарының бiрi ретiнде қарастырылатындығын атап өттi.
      Өндiрiстiк объектiлердi салуға даярлық сатысында Қазақстан Республикасының "Заречное" кен орнында уран өндiру жөнiндегi қазақстандық-ресейлiк-қырғыз кәсiпорны - "Заречное" жабық акционерлiк қоғамы жұмыс iстейдi.
      Ресей Федерациясының Үкiметi, Украинаның Министрлер Кабинетi мен Қазақстан Республикасының Үкiметi арасындағы "Украин-қазақстандық-ресейлiк ядролық отын өндiру жөнiндегi бiрлескен кәсiпорны" жабық акционерлiк қоғамын дамытуға жәрдемдесу және оның қызметi туралы 2003 жылғы 13 мамырдағы Келiсiм шеңберiнде "УКРТВС БК" ЖАҚ кәсiпорны жұмыс iстеуде.
      Ресей тарабы жұмыстарды қазақстандық тараптың қаржыландыру шартымен атом электр станцияларын пайдалану, жобалау және салу тәжiрибесiн талдауға техникалық жәрдем беруге даяр.
      Тараптар, қолда бар ғылыми-техникалық әлеуеттi және Тараптардың әрқайсысының атом-энергетика кешенiнде қалыптасқан ғылыми-өндiрiстiк байланыстарды ескере отырып:
      - атом энергиясын бейбiт мақсатта пайдалану саласында ресейлiк-қазақстандық ынтымақтастықтың кешендi ұзақ мерзiмдi бағдарламасын әзiрлеу;
      - Қазақстан Республикасының кен орындарында табиғи уранды өндiру жөнiндегi бiрлескен кәсiпорындарды құру және дамыту;
      - Курчатов қаласында Қазақстандық материалтанымдық токамак (ҚТМ) реакторын құру;
      - кадрларды даярлау және қайта даярлау;
      - оқу-жаттығу орталықтарын және техникалық оқыту құралдарын құру жөнiндегі бiрлескен жұмыстарды орындауды жалғастыруға ниет бiлдiредi.

       Мұнай-газ саласында

      Тараптар:
      - үкiметаралық уағдаластықтар шеңберiнде Қазақстан Республикасы мен Peceй Федерациясының 2004-2020 жылдарға арналған мұнай шикiзаты мен газының бiрлескен теңгерiмдерi әзiрленгенiн;
      - қазақстандық мұнай экспорты үшiн Каспий Тұрба құбыры Консорциумының (КТК) мұнай құбыры жүйесi бiрiншi кезегiнiң тиiмдi пайдаланылуын;
      - үшiншi елдер рыногына жеткiзу үшiн табиғи газ сатып алуды және маркетингін жүзеге асыратын "ҚазРесейГаз" ЖАҚ бiрлескен кәсiпорнының қызметi қазақстандық және ресейлiк капиталдың қатысуымен кеңестен кейiнгi кеңiстiкте алғашқылардың бiрi болып "ҚазРесейГаз" ЖАҚ базасында трансұлттық тiкелей ықпалдасқан корпорацияларды қалыптастыруға жәрдемдесуi мүмкiн екендігін атап өттi.
      Тараптар мемлекеттерiнiң аумағында мұнай-газ құбырларын салу және оларды іске асыру үшiн қолайлы құқықтық және инвестициялық жағдай жасау жөнiндегі жаңа жобаларға қатысу туралы ниетiн Тараптар қолдайды.
      Тараптар екi жақты жасалған келiсiмдерге сәйкес ұлғаймалы көлемде Орталық Азия табиғи газының жеткiзiлiмдерiн қамтамасыз ету үшiн үйлестірiлген iс-әрекеттердiң маңыздылығын атап көрсетедi. Осы мақсаттарда Тараптар Түркiменстан және Өзбекстан Республикасымен бiрлесiп "Орта Азия-Орталық" (бұдан әрi ОАО ГТС) магистральды газ құбырлары жүйесiн дамыту жөнiндегi жұмысты жалғастыру ниетiнде.
      Тараптар әлемдiк газ рыногына газдың тұрақты жеткiзiлiмдерiн қамтамасыз ету және газ саласын дамытуға инвестиция салу саласындағы газ өндiрушi елдердiң мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн өндiрiстiк және экспорттық-импорттық саясатты үйлестiру мақсатында газ өндiрушi елдердiң Еуразиялық альянсын құру туралы мәселенi талқылауды жалғастырады.
      Тараптар тиiстi уәкiлеттi органдарға:
      мұнай құбырларына ұзақ мерзiмдi қол жеткiзудi ұсыну, тұрақты, өзара тиiмдi, бәсекелес коммерциялық шарттарымен транзиттiң үздiксiздiгi қағидаттарын ескере отырып, қазақстандық мұнай-транзитiнiң 2020 жылға дейiнгi ұзақ мерзiмдi жоспарын әзiрлеудi тапсырады.
      Осы мақсатта:
      - мұнай транзитi туралы үкiметаралық келiсiмге ведомствоаралық хаттама даярлау;
      - Тараптардың құзыреттi органдары мен шаруашылық субъектiлерiне Атырау-Самара мұнай құбырының және Ресей Федерациясының басқа да магистральды мұнай құбырларының өткiзу қабiлетiн ұлғайту жобаларын әзiрлеу және жүзеге асыру;
      - Тараптар Үкiметтерi - Каспий Тұрба құбыры Консорциумының акционерлерiне КТК өткiзу қабiлетiн одан әрi кеңейту және жобаның экономикалық тиiмдiлiгін қамтамасыз ету мәселелерi бойынша Тараптардың шоғырландырылған саясатын жүзеге асыру;
      - Тараптардың үкiметтерiнiң қазақстандық және ресейлiк көмiрсутегi шикiзатын Тараптар мемлекеттерiнiң аумағы бойынша Қытайға және басқа да коммерциялық тартымды өңiрлер мен елдерге жеткiзу жобаларын зерделеуi.
      Тараптар мүмкiндiгінше қысқа мерзiмде Түркiменстан, Өзбекстан, Қазақстан және Ресей аумақтарындағы OAO РТС дамытуға инвестициялардың кешендi негіздемесiнiң бөлiгі ретiнде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының аумақтарындағы OAO ГТС дамытуға инвестициялар негіздемесін орындауды мүмкiндігінше қысқа мерзiмде аяқтауға уағдаласты. Дайындалған негіздемеге сәйкес ОАО ГТС объектiлерiн жаңғырту және қайта жаңарту (жаңадан салу) жөнiндегi қажеттi iс-шараларды өткiзудi қамтамасыз етедi.
      Тараптар ОАО ГТС дамыту жобаларын қаржыландыруды ұйымдастыру мақсатында инвестициялық шешiмдердi қабылдау үшiн қажетті кепiл болып табылатын Орталық Азия газын тасымалдауға арналған ұзақ мерзiмдi келiсiм-шарттар жасасу қажеттiгімен келiстi.
      Тараптар өз аумақтары бойынша газ тасымалдауға арналған тарифтер ставкаларын анықтау кезiнде тек экономикалық тиiмдiлiк пен орындылықтан шығуға уағдаласты.
      Тараптар қайраңда, соның iшiнде өнiмдi бөлу шартында өндiрудi қоса алғанда, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аумағында газ өндiру саласындағы ынтымақтастық жөнiнде ұсыныстар дайындайды.
      Мұнай химиясын дамыту саласында Тараптар қазақстандық-ресейлiк инвестициялық жобаны (ҚРИП) бiрлесiп iске асыру жөнiндегi, Атырау қаласында этан, этилен және пропилен өндiру жөнiндегi зауытты салуды жүзеге асыру жөнiндегi шараларды қолға алады.

       Теңіздегі мұнай операциялары саласында

      Тараптар Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлігінде орналасқан "Құрманғазы" ("Құлалы"), "Центральная" геологиялық құрылымдарының және "Хвалынское" кен орнының көмiрсутектi ресурстарын игеру бойынша бiрлескен жобаларды iске асыру жөнiндегi жұмыстарды жандандыру қажеттiгi туралы атап өттi.
      Тараптар тиiстi уәкiлеттi органдарға:
      "Құрманғазы" ("Құлалы") жобасы бойынша Өнiмдi бөлу туралы келiсiмге өзара қолайлы экономикалық шарттарда қол қою туралы;
      Өнiмдi бөлу туралы келiсiмге қол қою шартымен бiрлескен барлауды анықтай отырып, "Центральная" жобасы бойынша Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы уәкiлеттi ұйымдарының тиiстi бiрлескен кәсiпорындарын құру туралы мәселелердi шешудi жеделдетудi тапсырады.
      Тараптар осы Меморандум ережелерiнiң орындалуын қамтамасыз ететiн қажетті ұйымдастыру iс-шараларын өткiзедi және олардың орындалу барысын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөнiндегi үкiметаралық комиссиясының сегiзiншi отырысында қарастырады.
      2004 жылғы "___" Мәскеу қаласында екi данада, әрқайсысы қазақ және орыс тiлдерiнде жасалды әрi екi мәтiннiң де күшi бiрдей.

      Қазақстан Республикасының        Ресей Федерациясының
      Үкiметi үшiн                     Үкiметі үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады