Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберiнде сақтандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісiмдi бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 27 тамыздағы N 900 Қаулысы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Келісім қолданысын тоқтатты - ҚР 24.12.2014 N 266-V Заңымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. 2003 жылғы 27 сәуiрде Душанбе қаласында жасалған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберiнде сақтандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберiнде
сақтандыру саласындағы ынтымақтастық туралы
Келісім

      Беларусь Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, Қырғыз Республикасының Yкiметi, Ресей Федерациясының Үкiметi, Тәжiкстан Республикасының Үкiметi, бұдан әрi Тараптар деп аталады,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартты және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың басқа да актілерiн басшылыққа ала отырып,
      сақтандыру қызметi рыногының дамуында, шығындарды өтеу және қаржы ресурстарын шоғырландыру механизмiн құруда сақтандырудың әлеуметтiк-экономикалық ролінiң артуында өзара қызығушылыққа сүйене отырып,
      жеке және заңды тұлғалардың әлеуметтiк-экономикалық мүдделерiн қорғау қажеттiлiгін тани отырып,
      сақтандыру туралы заңдарды үндестiру саласында Тараптардың ынтымақтастығын дамытуға үлкен мән бере отырып,
      мына төмендегiлер жайында келiстi:

  1-бап

      Осы Келiсiмде қолданылатын түсiнiктер мыналарды білдiредi:
      "сақтандыру" - сақтандырушылар төлейтiн сақтандыру жарналарынан (сақтандыру сыйлықақыларынан) қалыптасатын ақша қорлары (сақтандыру резервтерi) есебiнен белгiлi бір оқиғалар (сақтандыру жағдайлары) басталған кезде жеке және заңды тұлғалардың мүлiктiк мүдделерiн қорғау бойынша қатынастар;
      "сақтандыруды қадағалау және сақтандыру қызметiн реттеу органдары" - өз мемлекеттерiнiң заңдарына сәйкес сақтандыру қызметiн реттеудi және оған мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын Тараптардың министрлiктерi мен ведомстволары;
      "сақтандыру ұйымдары" - сақтандыру қызметiн жүзеге асыруға лицензияны алған, сақтандыру қызметiн жүзеге асыру үшін құрылған, сондай-ақ Тараптардың заңдары қоятын өзге де талаптарға жауап беретiн Тараптардың заң тұлғалары;
      "ортақ сақтандыру" - әрбiр сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын, бiр сақтандыру шарты шеңберiнде екi және одан астам сақтандырушылар арасындағы тәуекелдi бөлу бойынша қатынастар;
      "қайта сақтандыру" - қайта сақтандыру шарты бойынша сақтандырушылар арасындағы тәуекелдi қайта бөлу бойынша қатынастар.

  2-бап

      Тараптар, сақтандыру саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру мәселелерiнде толық тәуелсiздiкке ие бола отырып, мыналар бойынша бiрлескен шараларды қолданады:
      сақтанушылардың және өзге де мүдделi тұлғалардың мүдделерiн ескере отырып сақтандыру ұйымдарының қызметiн реттейтiн және қамтамасыз ететiн Тараптардың нормативтiк-құқықтық базасын үндестiру;
      Тараптардың сақтандыру ұйымдары арасында iскерлiк байланыстарды және өзара iс-қимылдарды орнату мен дамыту;
      сақтандырушылардың мемлекетаралық және ұлттық бiрлестiктерiн құруда сақтандыру ұйымдарына көмек көрсету;
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберiнде ортақ сақтандыруды және қайта сақтандыруды жүргiзу механизмдерiн бiрлесiп жасау және тиiмдi қызметті қамтамасыз ету;
      сақтандыруды қадағалау және сақтандыру қызметiн реттеу органдары арасында өзара әрекеттесу нысандары мен әдiстерiн әзiрлеу;
      сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын қызметтi лицензиялау тәртiбiн жетiлдiру;
      сақтандыруды қадағалау және сақтандыру қызметiн реттеу органдары үшін бiрыңғай ақпараттық-статистикалық базаны құру саласында ынтымақтастық, осы органдардың, сақтандыру ұйымдарының және сақтандырушылар бiрлестіктерiнiң қызметiнде пайдаланылатын ақпараттық жүйелердi құру және қызмет ету саласында тәжiрибемен aлмасу;
      оқыту, қайта даярлау саласындағы ынтымақтастық пен тәжiрибе алмасу, сақтандыруды қадағалау органдары кадрларының бiлiктiлiгiн көтеру мен Тараптардың оқу орындары, ғылыми-зерттеу және оқу орталықтары базасында ЕурАзЭҚ-на мүше мемлекеттердiң сақтандыру қызметiн реттеу, сондай-ақ сақтандыру қызметінiң өзектi мәселелерi бойынша бiрлескен ғылыми зерттеулердi, ғылыми-тәжiрибелiк конференциялар мен семинарларды өткiзу.

  3-бап

      Тараптардың сақтандыруды қадағалау және сақтандыру қызметiн реттеу органдары осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында өз құзыретiнің шегiнде қосымша шарттар жасай алады.

  4-бап

      Осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi өзара iс-әрекеттi үйлестіру үшiн Тараптар Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық Комитетiнің жанынан Сақтандыруды қадағалау және сақтандыру қызметін реттеу органдары басшыларының кеңесiн (бұдан әрi - Кеңес) құрады.
      Кеңестiң мiндеттерi, функциялары, құрамы мен мәртебесi Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық Комитетi бекiткен Ережемен анықталады.

  5-бап

      Осы Келiсiмнiң ережесi басқа халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар қабылдаған құқықтар мен мiндеттемелерге қатысты емес.

  6-бап

      Тараптардың келісiмi бойынша осы Келiсiмге оның ажырамас бөлiгi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделген өзгерiстер және толықтырулар енгізiлуi мүмкiн.

  7-бап

      Осы Келiсiмдi қолдануға немесе түсiндiруге байланысты даулы мәселелер Тараптардың арасындағы консультациялар мен келiссөздер арқылы шешiледi.

  8-бап

      Осы Келiсiм оған қол қойған күннен бастап уақытша қолданылады және оның күшiне енуi үшiн қажет Тараптар қол қойған ішкі мемлекеттік рәсiмдердiң орындалуы туралы соңғы хабарламаны Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық Комитетi болып табылатын депозитарийге сақтауға бepгeн күннен бастап күшіне енедi.

      Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалады және егер Тараптардың бipeуi кезектi бес жылдық кезең өткенге дейiн кемiнде 6 айдың iшiнде оның қолданылуын тоқтату жөнiндегi өзiнiң ойы туралы жазбаша хабарламаны депозитарийге жiбермесе, ол келесi бес жылдық мерзiмге ұзартылады.
      2003 жылғы 27 сәуiрде, орыс тіліндегі бiр түпнұсқа данамен Душанбе қаласында жасалды.
      Осы Келiсiмнiң түпнұсқа данасы оның куәландырылған көшiрмесiн әрбiр Тарапқа жiберетiн Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық Комитетiнде сақталады.

       Беларусь Республикасының          Қазақстан Республикасының
      Үкiметi үшін                      Ұлттық Банкi үшiн

      Қырғыз Республикасының            Ресей Федерациясының
      Үкiметi үшiн                      Үкiметi үшiн

                    Тәжiкстан Республикасының
                          Үкiметі үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады