Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Адамдарды сатуға және үшiншi тұлғалардың жезөкшелiктi пайдалануына қарсы күрес туралы конвенцияға және Қорытынды Хаттамаға қол қою туралы" Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 1 қазандағы N 1013 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулы етеді:
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Адамдарды сатуға және үшiншi тұлғалардың жезөкшелiкті пайдалануына қарсы күрес туралы конвенцияға және Қорытынды Хаттамаға қол қою туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгізiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Президентінің
Жарлығы Адамдарды сатуға және үшiнші тұлғалардың жезөкшелiктi пайдалануына қарсы күрес туралы конвенцияға және Қорытынды Хаттамаға қол қою туралы

      Қаулы етемін:
      1. 1950 жылғы 21 наурызда Нью-Йорк қаласында жасалған Адамдарды сатуға және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес туралы конвенцияға (бұдан әрi - Конвенция) және Қорытынды Хаттамаға Конвенцияға мынадай: "Қазақстан Республикасы Конвенцияның 1 және 18-баптарының ережелерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу шеңберінде орындайтын болады" деген ескертпемен қол қойылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Бiрiккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкiлi Ержан Хозеұлы Қазыхановқа Конвенцияға ескертпемен және Қорытынды Хаттамаға Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкiлеттік берiлсiн.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Адамды сатуға және үшiнші тұлғалардың
жезөкшелiктi пайдалануына қарсы күрес туралы
---------------------------------------------

(БҰҰ Бас Ассамблеясының 1949 жылғы 2 желтоқсандағы
317 (IV) қарары 1951 жылдың 25 шiлдесiнде күшiне ендi)

Кіріспе

      Жезөкшелiк және онымен iлесе жүретiн жезөкшелiк мақсатын көздейтiн адамдарды сату зұлымдығы адамдық тұлғаның ретiндегі абыройы мен жоғары құндылығымен сыйыспайтынын және адамның, отбасының әрi қоғамның әл-ауқатына қауiп төндiретiнiн назарға ала отырып,
      әйелдер мен балаларды сатуға қарсы күреске қатысты төмендегі халықаралық актiлердiң:
      1. Ақ нәсiлдi күңдердi сатуға қарсы күрес туралы, оған Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1948 жылы 3 желтоқсанда бекiткен Хаттамамен енгізiлген өзгерiстерiмен 1904 жылғы 18 мамырдағы Халықаралық шарттың;
      2. Ақ нәсiлдi күңдердi сатуға қарсы күрес туралы, оған жоғарыда аталған Хаттамамен енгізiлген өзгерiстерiмен 1910 жылғы 4 мамырдағы Халықаралық конвенцияның;
      3. Әйелдер мен балаларды сатуға қарсы күрес туралы, оған Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1947 жылы 20 қазанда қабылдаған оған Хаттамамен енгiзiлген өзгерiстерiмен 1921 жылғы 30 қыркүйектегi Халықаралық конвенцияның;
      4. Кәмелетке толған әйелдердi сатуға қарсы күрес туралы, оған көрсетілген Хаттамамен енгiзiлген өзгерiстерiмен 1933 жылғы 11 қазандағы Халықаралық конвенцияның күшi болатындығын назарға ала отырып,
      1937 жылы Ұлттар Лигасымен жоғарыда көрсетілген актілердiң қолданылу шеңберiн кеңейткен конвенция жобасының жасалғандығын назарға ала отырып,
      1937 жылдан бастап туындаған жаңа факторлар жоғарыда көрсетiлген актілердi өзiне бiрiктiретiн және 1937 жылғы конвенция жобасының негізгі ережелерiн қамтитын және оған пара-пар әрі қажетті түзетулер енгізілетін конвенцияны жасасуға мүмкiндiк беретiндiгін назарға ала отырып,
      coл үшін
      Уағдаласушы тараптар
      осы арқылы мыналармен келiсті:

  1-бап

      Тараптар осы Конвенцияда басқа адамның нәпсiқұмарлығын қанағаттандыру үшiн:
      1. өзге бiр адамды, тiптi осы адамның келісiмiмен жезөкшелiк мақсатында кездестiретін, бейiмдейтiн немесе бұзатындардың;
      2. өзге бiр адамның, тiптi оның келiсiмiмен жезөкшелігін пайдаланатындардың әрқайсысын жазаға тартуға мiндеттенедi.

  2-бап

      Тараптар осы Конвенцияда:
      1. жезөкшелер үйiн ұстайтын, немесе оны басқаратын, немесе саналы түрде қаржыландыратын немесе жезөкшелер үйiн қаржыландыруға қатысатындардың;
      2. ғимаратты немесе басқа орынды, немесе осылардың бөлігін үшіншi тұлғалардың жезөкшелік мақсатында пайдаланатындығын бiле тұра, жалға беретiн немесе жалға алатындардың әрқайсысын жазаға тартуды жалғастыруға мiндеттенедi.

  3-бап

      Бұл iшкi заңдардың талаптарымен үйлесетiндiктен, 1 және 2-баптарда көзделген кез келген құқық бұзушылықтарды жасауға оқталу, осыны жасауға дайындалу әрекетi сияқты жазалау қажет болып табылады.

  4-бап

      Бұл iшкi заңдардың талаптарымен үйлесетіндiктен, 1 және 2-баптарда көзделген әрекеттерге қасақана қатысу да жазаланады.
      Бұған iшкi заңдардың талаптарымен жол берiлетiндiктен, бiрге қатысу әрекетi, егер бұл жазасыздықты ескерту үшін қажетті болып табылатын болса, жеке қылмыс ретiнде қаралады.

  5-бап

      Жәбiрленушi тұлғалардың iшкi заңдардың негiзiнде осы Конвенцияда көзделген кез келген қылмыстарға қатысты iстерде талапкер болуға құқығы болған жағдайда, шетелдiктер бұл құқықты осы мемлекеттiң азаматтарымен тең дәрежеде пайдаланады.

  6-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Конвенцияда жезөкшелікпен айналысатын немесе iс-әрекетi күдiктi тұлғаларды, не ерекше тiркеуге жатқызуға не ерекше құжаттарының болуы тиiстiгiне, не бақылауға немесе құлақтандыру мақсатындағы айрықша талаптарға бағындыруға байланысты кез келген қолданыстағы заңды, қаулыны немесе әкiмшiлiк өкiмдi жою немесе күшiн жою үшiн барлық қажеттi шараларды қабылдауға мiндеттенедi.

  7-бап

      Осы Конвенцияда көзделген қылмыстар үшін басқа мемлекеттерде бұрын шығарылған үкiмдер, бұған ішкi заңдармен жол берiлетіндiктен:
      1. қылмысты қайта жасау фактiсiн анықтау;
      2. қылмыскердi саяси және азаматтық құқықтарынан айыру үшiн назарға алынады.

  8-бап

      Осы Конвенцияның 1 және 2-баптарында көзделген қылмыстар өз кезегінде ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыс ретiнде қаралады, және оларда осы Конвенциямен шарттасқан немесе шарттасатын кез келген тараптар арасында қылмыскерлердi ұстап беру туралы кез келген шарт қолданылады.
      Осы Конвенцияда ол туралы шарттардың болғанымен қылмыскерлердi ұстап берудi шарттастырмаған сол тараптар қазiргі кезде өздерiнiң өзара қарым-қатынастарында осы Конвенцияның 1 және 2-баптарында көзделген қылмыстарды ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыстар екендiгiн мойындайды.
      Ұстап беру туралы талаптар жiберiлген мемлекеттің заңына сәйкес ұстап беру жүргiзiледi.

  9-бап

      Өз азаматтарын ұстап беру принципi заңмен мойындалмайтын мемлекеттерде осы Конвенцияның 1 және 2-баптарында көрсетiлген қылмыстардың кез келгенін басқа мемлекетте жасағаннан кейiн өз мемлекетіне қайтарылатын азаматтар олардың өз мемлекетінiң соты бойынша қудалануға және жазалауға ұшырайды.
      Егер осы Конвенцияның тараптары арасында туындайтын осындай түрдегi iстерде шетелдiкті ұстап беру туралы талап қанағаттандырылмайтын болса, бұл ереже қолданылмайды.

  10-бап

      Егер қылмыс жасағаны үшiн айыпталушы адам басқа мемлекетте сотталған болса және айыптау үкiмi болған жағдайда жазасын өтеген немесе жазалаудан босатылған болса немесе осы мемлекеттің заңдарына сәйкес жазалау мерзiмi қысқартылған болса, 9-баптың ережелерi қолданылмайды.

  11-бап

      Осы Конвенциямен ешнәрсе халықаралық құқық нормаларына сәйкес қылмыстық құқықтық құзыр шектерi туралы жалпы мәселеге сол немесе өзге тараптардың оған қарым-қатынастарын айқындау ретiнде түсiндiрiлмеуге тиiс.

  12-бап

      Осы Конвенция Конвенцияда көзделген қылмыстар жекелеген мемлекеттiң әрқайсысында оларды жасағаны үшiн кiнәлi адам ретiнде тең дәрежеде анықталып, осы мемлекеттiң заңдары бойынша қудаланатын және жазаланатын принциптi бұзбайды.

  13-бап

      Тараптар осы Конвенцияда өздерiнiң жеке заңдарына және практикасына сәйкес осы Конвенцияда көзделген қылмыстарға жатқызылатын сот тапсырмаларын орындауға мiндеттенедi.
      Сот тапсырмаларын беру:
      1. сот билiктерiнiң арасындағы тiкелей байланыстары арқылы;
немесе
      2. екi мемлекеттің әдiлет министрлерi арасындағы тiкелей байланыстар арқылы немесе тапсырманы беретiн мемлекеттің басқа тиiстi өкiметтерiнiң тапсырма берiлген мемлекеттiң әдiлет министрiне тiкелей өтiнiшi арқылы; немесе
      3. тапсырма берiлетiн мемлекетке оны беретiн мемлекеттің дипломатиялық немесе консулдық өкiлдерi арқылы жүргiзiледi. Белгіленген өкiл сот тапсырмасын тиiсті сот өкiметтерiне немесе тапсырма берiлген мемлекеттің өкiметi көрсеткен өкiметтерге тiкелей жолдайды, әрi ол осы өкiметтерден сот тапсырмасын орындау актiсi болып табылатын құжаттарды тiкелей алады.
      1 және 3-тармақтарда көзделген жағдайларда сот тапсырмасы ол берiлетін мемлекеттiң жоғарғы билiктерiне көшiрмеде жолданады.
      Егер қандай да бiр өзгеше келiсiм болмаса сот тапсырмасы әрқашан тапсырма беретiн өкiметтiң тiлiнде жасалады, өзгеше жағдайда тапсырма берiлген мемлекет тапсырма берген өкiметтер куәландырған өз тiлiндегi аударумен берудi талап ете алады.
      Осы Конвенция тараптарының әрқайсысы басқа тараптардың әрқайсысына осы Конвенцияда осы басқа мемлекет оған сот тапсырмаларын жiберген кезде тиiмдi деп есептейтiн жоғарыда айтылған сол әдiс туралы немесе сол әдiстер туралы хабардар етедi.
      Қандай да бiр мемлекет осындай хабарды жасамайынша, ондағы сот тапсырмасына қатысты тәртiп күшiнде болады.
      Сот тапсырмаларын орындау сараптама бойынша шығыстарды қоспағанда, қандай да болсын шығыстарды немесе шығындарды өтеу туралы талаптар үшiн негіз бола алмайды.
      Осы бапта ешнәрсе қылмыстық iстерде олардың өз заңдарымен үйлеспейтiн дәлелдеменiң қандай да бiр нысанын немесе қандай да бip әдiстерiн қолдану осы Конвенцияда тараптардың мiндеттемелерi ретiнде түсiндiрiлмеуi керек.

  14-бап

      Осы Конвенцияда тараптардың әрқайсысы осы Конвенцияда көзделген қылмыстарды тергеу нәтижелерiн үйлестiру және орталықтандыру тапсырылатын органды құрады және қамтамасыз етедi.
      Бұл органдар осы Конвенцияда көзделген қылмыстарды алдын алуды және оларға қолданатын жазаларды жеңiлдету үшiн жиналатын барлық ақпаратты жинақтайды, әрi бұл органдар басқа елдердiң осындай органдарымен тығыз байланыста болады.

  15-бап

      Бұл iшкi заңдардың талаптарына үйлесетiндiктен және 14-бапта көрсетілген органдар бағынатын билiктердiң қалауы болып танылатындықтан соңғысы басқа мемлекеттердегі ұқсас органдар бағынатын өкiметтерге мынадай ақпаратты:
      1. осы Конвенцияда қаралатын әрбiр қылмыстар туралы және осындай қылмысты жасауға әрбiр оқталу туралы деректердi;
      2. iздестірудiң барлық жағдайлары, сондай-ақ қылмыстық қудалау, қамауға алу, соттау, осы Конвенцияда қаралатын қылмыстарды жасағаны үшiн кiнәлi адамдарды аударуға және жiберуге тыйым салу туралы, сондай-ақ осындай адамдардың тұрғылықты жерiн өзгерту туралы деректердi және оларға қатысты кез келген өзге пайдалы ақпаратты хабарлайды.
      Осындай жолдармен хабарланатын ақпарат қылмыскерлердi сипаттаудан, олардың саусақтарының таңбасын алудан, фотосуреттерiнен, жұмыс әдiсi туралы хабардан, полициялық анықтамалардан және соттылығы туралы анықтамалардан тұрады.

  16-бап

      Осы Конвенция тараптары - бiлiм, денсаулық сақтау, әлеуметтiк және экономикалық қызмет көрсету және онымен байланысты өзге де қызмет түрлерi саласындағы өздерiнiң үкiметтік немесе жеке мекемелерi арқылы - жезөкшелікке қарсы күрес жөнiндегі және жезөкше әрi осы Конвенцияда көзделетін қылмыстардың құрбандарын қайтару әрi қалыпты әлеуметтік жағдайға бейiмдеу бойынша барлық шараларды қабылдауға және көтермелеуге мiндеттенедi.

  17-бап

      Осы Конвенцияның тараптары көшiп келу мен көшiп кетуге қатысты жезөкшелік мақсатын көздейтін, екi жыныста да адам сатудың жолын кесу үшін осы Конвенцияға сәйкес олардың өзiне қабылдаған мiндеттемелерiне сәйкес талап етiлетін барлық шараларды қабылдауға және жүргiзуге мiндеттенедi.
      Атап айтқанда, олар:
      1. көшiп келушілер мен көшiп кетушiлердi, олардың келген және кететiн пункттерде, сондай-ақ олардың сапар уақытында жол жүргенде және әсiресе әйелдер мен балаларды қорғау үшін барлық қажетті қаулыларды шығаруға;
      2. аталған сауданың қауіптілігi туралы халыққа тиiсiнше хабарлау үшін шараларды қабылдауға;
      3. жезөкшелік мақсатын көздейтiн, халықаралық адам саудасының алдын алу үшін темiржол станцияларын, әуежайларын, порттар мен басқа да қоғамдық орындарды, сондай-ақ жол жүру жолдарын бақылауды қамтамасыз ету үшiн тиiсті шараларды қабылдауға;
      4. осы саудада басты кiнәлiлар, қатысушылар мен құрбандар болып табылатын prima facie мәлiметтерi бойынша адамдардың келуi туралы тиiсті билiктерге хабарлау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдауға мiндеттенедi.

  18-бап

      Тараптар осы Конвенциядағы - олардың өздерiнiң заңдарында белгіленген шарттарға сәйкес - олардың жеке басын және әлеуметтік жағдайын анықтау мақсатында, сондай-ақ оларды өз мемлекетін тастап кетуге мәжбүр еткен адамдарды табу мақсатында жезөкшелікпен айналысатын барлық шетелдiктер туралы мәлiметтер жинауға мiндеттенедi. Бұл мәлiметтер олардың кейiннен қайта оралуы мақсатында аталған адамдар шыққан мемлекеттiң билiктерiне хабарланады.

  19-бап

      Тараптар осы Конвенцияда - олардың өздерiнiң заңдарымен белгіленген, шарттарға сәйкес, осы арқылы қудалауды немесе осы заңдардың бұзылуын тудыратын өзге де iс-шараларды тоқтатпастан:
      1. жезөкшелік мақсатын көздейтiн, халықаралық адам саудасының құрбандары болған, зардап шеккен адамдардың оралуы бойынша түпкiлiктi iс-шараларды өткiзгенге дейiн оларға уақытша көмек пен қолдау көрсету жөнiнде тиiстi шаралар қабылдауға;
      2. 18-бапта көрсетiлген адамдарды, егер олар осыны қаласа немесе егер олардың оралуы туралы олар қарамағында тұратын адамдардың тарапынан талап келiп түссе, немесе егер оларды елден шығару туралы заңға негізделген бұйрық болса қайтарады. Репатриация қайта оралушы адамның жеке басын және азаматтығы туралы немесе оның шекараға келу орны мен күнi туралы тағайындау мемлекетпен келiсiмге қол жеткiзгеннен кейiн ғана жүргізiледi. Осы Конвенциядағы тараптардың әрқайысысы өзiнiң аумағы арқылы осындай адамдардың өтуiне ықпал етуге мiндеттенедi.
      Алдыңғы абзацта көрсетілген адамдар қайта оралу бойынша шығыстарды өздерi өтей алмаған және олар үшiн төлей алатын жұбайлары, туғандары, қамқоршылары болмаған жағдайда, олар шыққан мемлекетке жақын шекараға, жөнелту портына немесе әуежайға қайту бойынша шығыстарды осы адамдар тұратын мемлекет төлейдi, ал, осыған байланысты қалған шығыстарды олар шыққан мемлекет өзi көтередi.

  20-бап

      Тараптар осы Конвенцияда жұмыс iздеп жүрген адамдарды, әсiресе әйелдер мен балаларды оларды жезөкше мақсатында пайдаланудан қауiпсiздендiру мақсатында егер бұл шараларды олар әлi қабылдамаса, жұмысқа жалдау жөніндегі кеңселердi бақылау үшін қадағалау жөніндегі тиiсті шараларды қабылдайды.

  21-бап

      Тараптар осы Конвенцияда Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына осы Конвенцияның мәнiне қатысты және олардың мемлекеттерiнде шығарылған заңдар мен қаулылар туралы хабарлайды және осыдан кейiн жыл сайын Конвенцияға байланысты шығарылатын заңдар мен қаулылар туралы, сондай-ақ осы Конвенцияның қолданылуына қатысты қабылданған барлық шаралар туралы хабарлайды. Осы ақпарат Бас Хатшы арқылы мерзiмiмен жарияланады және оны Бiрiккен Ұлттар Ұйымының барлық мүшелерiне, сондай-ақ осы Конвенцияның 23-бабына сәйкес ресми хабарланатын Ұйымның мүшесi болмаған мемлекеттерге де жiберiледi.

  22-бап

      Егер осы Конвенцияның тараптары арасында оны түсiндiруге немесе қолдануға қатысты дау туындаса және егер бұл дау кез келген дауласушы тараптың талабы бойынша өзге жолмен шешiлуi мүмкiн болмаса, соңғысы Халықаралық Сотқа берiледi.

  23-бап

      Осы Конвенция Бiрiккен Ұлттар Ұйымының кез келген мүшесiнiң атынан, сондай-ақ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесiмен тиiсті шақыру болған кез келген басқа мемлекеттің атынан қол қою үшін ашық.
      Осы Конвенция бекiтілуге жатады және бекiту актiлерi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысының депозитiне салынады.
      Бiрiншi абзацта аталған және осы Конвенцияға қол қоймаған мемлекеттер оған қосыла алады.
      Қосылу Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысының қосылу туралы актісi депозитiне салу арқылы жүргізiледi.
      Осы Конвенциядағы "мемлекет" деген сөз осы Конвенцияға қол қойған немесе оған қосылған, мемлекеттiң барлық колониялары мен қарамағындағы аумақтарды және мемлекет халықаралық жауапкершілiк көтеретiн барлық аумақтарды қамтиды.

  24-бап

      Осы Конвенция бекiту немесе қосылу туралы екiншi акт депозитке салынған күннен кейiнгi тоқсаныншы күнi күшiне енедi.
      Осы Конвенцияны бекiтетiн және бекiту немесе қосылу туралы екiншi акт депозитке салынғаннан кейiн оған қосылған мемлекеттердiң әрқайысысына қатысты осы Конвенция осы мемлекеттің бекiту немесе қосылу туралы өз актiсiн депозитке салған соң тоқсан күннен кейiн күшіне енедi.

  25-бап

      Осы Конвенция күшіне енген уақыттан бастап бес жыл өткен соң осы Конвенциядағы кез келген тарап Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы атына бұл туралы жазбаша хабарлау арқылы күшін жоюы мүмкiн.
      Мұндай күшiн жою ол туралы өтiнiш берген тарапқа қатысты Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы оның өтiнiшiн алған күннен кейiн бiр жыл өткен соң күшіне енедi.

  26-бап

      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының барлық мүшелерiн және Ұйымның мүшесi болмаған және 23-бапта аталған мемлекеттердi:
      а) 23-бапқа сәйкес алынған қол қою, бекiту және қосылу актісi туралы;
      б) 24-бапқа сәйкес осы Конвенцияның күшіне енген күнi туралы;
      с) 25-бапқа сәйкес алынған өтiнiштердiң, күшiн жоюы туралы хабарлайды.

  27-бап

      Осы Конвенция Тараптарының әрқайсысы өзiнiң конституциясына сәйкес осы Конвенцияның қолданылуын қамтамасыз ету үшін қажетті заңдар мен өзге де iс-шараларды қабылдауға мiндеттенедi.

  28-бап

      Осы Конвенцияның ережесi мұндағы тараптар арасындағы өзара қарым-қатынас осыған қатысты болғандықтан, кiрiспедегi 1, 2, 3 және 4-тармақтардың екiншi абзацында аталған халықаралық актiлер ережесiнiң күшін жояды, әрi актілердiң әрқайсысы барлық тараптар осы Конвенцияның тараптары болғаннан кейiн күші жойылды деп есептеледi.
      Осыны куәландыру үшiн тиiсті үкiметтердiң тиiсті түрде уәкiлеттік берiлген төменде қол қоюшылар бiр мың тоғыз жүз елуiншi жылдың 21 наурызында Лейк Соксесте, Нью-Йоркта қол қою үшiн ашық осы Конвенцияға қол қойды; Конвенцияның бiр толымды куәландырылған көшірмесi Бас Хатшы арқылы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының барлық мүше-мемлекеттерiне және 23-баптың ережелерiне жататын Ұйымның мүшелерi болмаған барлық мемлекеттерге жолданады.

Қорытынды Хаттама

      Осы Конвенцияда көзделген жағдайларға қарағанда адамды сатуға және басқа адамдарды жезөкшелiк мақсатыңда пайдалануға қарсы күрестi қамтамасыз ететiн ережелердi жүзеге асыру үшін неғұрлым қатаң талаптар белгiлейтiн қандай да бiр заңдардың талаптарын орындауға осы Конвенцияда ешнәрсе кедергi ретiнде қаралмауы тиiс.
      Осы Конвенцияның 23-26-баптарының ережелерi осы Хаттамаға қолданылады.

       РҚАО-ның ескертуі: қол қойған елдер тізімінің мемлекеттік тілдегі аудармасы жоқ, орыс тіліндегі мәтінді қараңыз

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады