Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасында "электронды Үкiметтiң" инфрақұрылымын қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгізiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы
Қазақстан Республикасында "электронды Yкiметтiң" инфрақұрылымын қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы
Қазақстан Республикасының Конституциясы 44-бабының 8) тармақшасына сәйкес, азаматтар мен ұйымдарды мемлекеттiк қызметтерге жылдам әрi тиiмдi қол жеткiзумен қамтамасыз ету және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңiнен қолдану жолымен мемлекеттік органдардың жұмыс iстеу тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында қаулы етемін:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында "электронды Үкiметтiң" инфрақұрылымын қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi бiр ай мерзiмде Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзiрлесiн және бекiтсiн.
3. Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігi, басқа да iске тартылған министрлiктер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынысты және есеп беретiн мемлекеттiк органдар, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi Бағдарламаны iске асыру жөнiнде шаралар қабылдасын.
4. Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі жарты жылда бiр рет, есептi кезеңнен кейiнгi айдың 25-күнiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне және Қазақстан Республикасының Үкiметiне Бағдарламаны iске асыру барысы туралы ақпарат ұсынсын.
5. Бағдарламаның орындалуын қамтамасыз етудi бақылау және үйлестiру Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігіне жүктелсін.
6. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың және дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы туралы" 2001 жылғы 16 наурыздағы N 573 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., N 10, 108-құжат; 2003 ж., N 44, 472-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
7. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентінің
N ___ Жарлығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасында "электронды Үкiметтiң" инфрақұрылымын қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы
1. Бағдарламаның паспорты
Атауы - Қазақстан Республикасында "электронды
Үкiметтiң" инфрақұрылымын қалыптастырудың
2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк
бағдарламасы.
Әзiрлеу үшiн негiз - Қазақстан Республикасы Президентiнiң
"Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшiн,
бәсекеге қабілетті экономика үшiн,
бәсекеге қабілеттi халық үшiн" атты
2004 жылға 19 наурыздағы Қазақстан
халқына жолдауы .
Негiзгi әзiрлеушi - Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру
және байланыс агенттiгi.
Бағдарламаның мақсаты - Азаматтар мен ұйымдарды мемлекеттік
қызметтерге жылдам әрі тиiмдi қол
жеткiзумен қамтамасыз ету,
ақпараттық-коммуникациялық
технологияларды кеңiнен қолдану жолымен
мемлекеттік органдардың жұмыс iстеу
тиiмділiгiн арттыру.
Бағдарламаның - Мемлекетке, азаматтар мен ұйымдарға
міндеттері ақпараттық қоғам жағдайында жұмыс iстеуге
мүмкiндiк беретiн нормативтiк құқықтық
және әдіснамалық базаны құру;
"электронды Үкiмет" инфрақұрылымының
базалық компоненттерiн қалыптастыру және
мемлекеттік органдардың ақпараттық
инфрақұрылымын оңтайландыру;
халықаралық стандарттар базасында
"электронды Үкiметтің" ақпараттық
инфрақұрылымын қорғауды қамтамасыз ету;
"электронды Үкiметтiң" қызметтерiне қол
жеткiзудi қамтамасыз ету және ақпарат
теңсiздiктi жою жөніндегi жұмыстарды
ұйымдастыру.
Бағдарламаны iске - 2005-2007 жылдар.
асыру мерзiмi
Бағдарламаны - 51,8 млрд. теңге көлемiнде республикалық
қаржыландырудың бюджеттен бөлiнетін қаражат (мемлекеттiк
көлемi мен көздерi органдардың бiрыңғай көлiктiк ортасын
құруға арналған 31,9 млрд. теңге
көлемiндегi шығынды қоса алғанда), оның
iшiнде 2005 жылға - 4,5 млрд. теңге,
2006 жылға - 25,3 млрд. теңге,
2007 жылға - 22,1 млрд. теңге;
ақпараттандыру жөнiндегi бағдарламаларды
iске асыратын жергiлiктi бюджеттердiң
жылына шамамен 150,0 млн. теңге
көлемiндегi қаражаты;
жеке инвестициялар, халықаралық және
отандық қаржы ұйымдарының гранттары.
Бағдарламаны iске - Бағдарламаны iске асыру нәтижесiнде:
асырудан күтілетiн мемлекеттiк органдардың әкiмшілік
нәтиже және оның рәсiмдерiн оңтайландыру үшiн жағдайлар
индикаторлары жасалатын болады және ақпараттық жүйелер
мен мемлекеттiк ресурстарды бiрiктiру
жүзеге асырылады;
мемлекеттiк органдардың бiрыңғай
қорғалған мультисервистiк көлiктiк
ортасы ұйымдастырылатын болады. Жоба
iске асырылғаннан кейiнгi 6 жылдың iшiнде
бюджеттiк қаражатты үнемдеу есебiнен
инвестицияларды қайтару болжанады;
мемлекеттiк органдарды ақпараттандыруға
арналған шығыстар оңтайландырылатын
болады. Оның iшiнде, шартты экономикалық
пайда мемлекеттiк органдардың бiрыңғай
қорғалған мультисервистiк көлiктiк ортасы
iске асырылғаннан кейiнгi 5 жылда
шығыстарды азайту нәтижесiнде 43,9 млрд.
теңгенi құрайды;
2005 жылдың iшiнде мемлекеттiк органдар
ұсынатын 15 % қызметтер электронды
нысанда iске асырылатын болады;
мемлекеттiк қызметтер көрсету уақыты
қысқартылады;
2006 жылы мемлекеттiк органдардың
бiрыңғай құжат айналымы жүйесiн енгiзу
аяқталады;
мемлекеттiк органдардың электронды
қызметтерiне барынша кең қол жеткiзудi
қамтамасыз ету мақсатында 2007 жылдың
соңына қарай кемiнде 50 қоғамдық қол
жеткiзу пункттері құрылатын болады;
2007 жылдың соңына қарай кемiнде
25 интерактивтi және транзакционды
қызметтер ұсынылады, мемлекеттік
органдардың электронды қызметтерiн
пайдаланатын азаматтар мен ұйымдардың
үлесi 2-3 есеге ұлғайтылады;
ұлттық сәйкестендiру жүйесi құрылатын
болады, 2007 жылдың соңына қарай
Қазақстан Республикасының экономикалық
белсендi халқының 15-18 %-ы
смарт-технологиялар негізiнде жаңа
үлгiдегi жеке куәлiктер алады;
мемлекеттiк органдардың ақпараттық
жүйелерi мен ресурстарын тиiмдi қорғау
қамтамасыз етiлетiн болады;
салық төлеушiлер мен фискальды
органдардың өзара iс-әрекет жасасу
рәсiмдерiн жеңiлдету есебiнен салықтарды
және бюджетке төленетiн өзге де мiндетті
төлемдердi жинау ұлғайтылады;
кәсiпкерлiкті және
ақпараттық-коммуникациялық технологиялар
рыногын дамыту үшiн институционалдық
жағдайларды жетiлдiру есебiнен
мультипликативтi әсер күтіледi.
2. Кiрiспе
Қазақстан Республикасында "электронды Үкiметтiң" инфрақұрылымын қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентiнің "Бәсекеге қабілеттi Қазақстан үшін, бәсекеге қабілеттi экономика үшiн, бәсекеге қабiлеттi халық үшін" атты 2004 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан халқына жолдауына сәйкес Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2004 жылғы 8 маусымдағы отырысының N 9 хаттамасымен мақұлданған Қазақстан Республикасындағы "электронды Үкiмет" тұжырымдамасының ережелері ескерiле отырып әзiрлендi.
Бағдарлама мемлекеттiк органдар ұсынатын қызметтердiң сапасын жақсарту, оларға қол жеткiзу мүмкiндiгiн кеңейту, мемлекеттiк органдардың да, азаматтар мен ұйымдардың да өзара қарым-қатынастарында "сервистiк" көзқарасты енгiзу үшiн мемлекеттiк басқару жүйесiнде қазiргi заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға бағытталған.
"Электронды Үкiметтiң" инфрақұрылымын қалыптастыру екi өзара байланысты, бiрақ функциялық дербес контурларды іске асыру жағдайында мүмкiн болады.
Iшкi контур "үкімет - үкімет" үлгiсiндегі өзара қарым-қатынастарды қамтиды және ведомствоаралық әкiмшiлiк рәсiмдерге қызмет көрсететiн ақпараттық жүйелердi құрайды.
Сыртқы контур "үкімет - азаматтар" және "үкiмет - ұйымдар" үлгiсiндегi өзара қарым-қатынастарды қамтиды және мемлекеттiң азаматтармен және ұйымдармен өзара іс-әрекет жасасуын қамтамасыз ететiн ақпараттық инфрақұрылымның компоненттерін құрайды.
Бағдарламада Қазақстан Республикасы Президентiнің 2001 жылғы 16 наурыздағы N 573 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың және дамытудың мемлекеттiк бағдарламасының негізгi ережелерi ескеріледі және салааралық сипатта болады.
Бағдарламада мынадай ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:
e-қызмет - ақпараттық-коммуникациялық технологиялар
құралдарымен жүзеге асырылатын қызмет;
е-үкімет - мемлекеттiк органдардың ақпараттық-коммуникациялық
технологияларды кеңiнен қолдануға негізделген және
азаматтар мен ұйымдарға қызметтер көрсетуге
мейлiнше бағдарланған жұмыс iстеу тетiгi;
АКТ - ақпараттық-коммуникациялық технологиялар;
Интернет- - Интернет арқылы қол жеткiзудi ұйымдастыру жолымен
банкинг банк шоттарын басқару;
е-қызметтердi - ақпараттық-коммуникациялық технологиялар
жеткiзушiлер құралдарымен қызметтер көрсететiн мемлекеттiк
органдар, ұйымдар және өзге де шаруашылық
субъектiлерi;
e-қызметтi - азаматтар, мемлекеттiк органдар, ұйымдар және өзге
тұтынушылар де шаруашылық субъектілерi;
e-қызмет - түпкi нәтижесi e-қызметтердi жеткiзушілердің
регламентi функциялық мақсаттарына қол жеткiзу болып
табылатын әкiмшiлiк және өзге де процестердi
жүзеге асыруға бағытталған жүйелi iс-әрекеттер
жиынтығы.
3. Мемлекеттiк органдарды ақпараттандырудың
қазiргi жай-күйiн талдау
Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасында әртүрлi қызмет салаларында АКТ-ны дамыту мен қолдануға бағытталған iс-шаралар кешенi кеңiнен iске асырылуда. Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың және дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы қабылданғаннан кейiн мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерiн құру жөнiндегi жұмыстар жандана түстi.
Мемлекеттiк органдардың автоматтандырылған ақпараттық өзара iс-әрекетiн қамтамасыз ету мақсатында бiрыңғай электронды құжат айналымы жүйесiн енгiзу негiзiнде мемлекеттiк органдардың ақпараттық инфрақұрылымын құру жүзеге асырылады. "Жеке тұлғалар", "Заңды тұлғалар", "Мекен-жай тiркелiмi", "Мемлекеттiк жер кадастрының автоматтандырылған жүйесi", "Жылжымайтын мүлiк тiркелiмi", "Салық төлеушiлер мен салық салынатын объектілер тiзiлiмi" деген мемлекеттiк дерекқорларын, сондай-ақ "Электронды мемлекеттік сатып алу орталығы" ақпараттық жүйесiн құру жөнiндегi iс-шаралар орындалуда.
Мемлекеттiк органдардың ақпараттар беруi мақсатында Интернет желiсiндегi электронды өкiлдiктердi құру жөнiндегi жұмыстар жүзеге асырылуда. Қазiргі кезде 42 мемлекеттiк органның 32-сiнiң жеке сайттары бар.
Жекелеген мемлекеттік органдар интерактивтi қызметтердi iске асыруға көшуде. Қазiргi уақытта нақты уақыт режимiнде электронды цифрлық қол қою тетiктерiн пайдалана отырып, байланыстың электронды арналары бойынша барлық салық есептерiн беруге, сондай-ақ мемлекеттiк бюджетпен өзара есеп айырысуларға салыстыру жүргiзуге болады, бұл Қазақстанды ТМД елдерi арасында бөлiп көрсетiп отыр. Әлеуметтiк төлемдер алушылардың деректерi банкiн құру, әлеуметтiк жәрдемақыларды тағайындау және төлеу, жинақтаушы зейнетақы жүйесiндегi есепке алу мен талдау жөнiндегi процестердi автоматтандыру, сондай-ақ әлеуметтiк сақтандыру және мүгедек адамдардың дерекқорын құру саласындағы ақпараттық жүйелер дамуда.
E-үкiмет элементтерi жергiлiктi атқарушы органдардың кейбiр ақпараттық жүйелерiнде де бар. Алматы қаласы әкiмдiгiнiң жанында азаматтарды тұрғылықты жерлерi бойынша тiркеу, жылжымайтын мүлiк объектiлерiн, автокөлiктердi, халықтың көшi-қон жөнiндегi деректерiн және басқаларды тiркеудi iске асыратын ақпараттық ресурстармен және ақпараттық жүйелермен өзара iс-әрекеттi қамтамасыз ететiн бiрыңғай ақпараттық жүйе құрылған.
Мемлекеттiк басқаруды ақпараттандыру бөлiгiнде белгiлi бiр проблемалар да бар, олар:
ақпараттандыру саласындағы нормативтiк құқықтық базаның жетiлмеуi;
ведомствоаралық ақпараттық жүйелердi қалыптастыру жөнiндегi функциялар мен жауапкершілiктi бөлудi регламенттеудiң болмауы;
көптеген мемлекеттiк органдарда ақпараттандыру қызметтерiнiң болмауы және ақпараттық технологиялар саласында мемлекеттiк қызметшiлердiң білiктiлiк деңгейiнiң жеткiлiксiздiгi.
Қазiргi уақытта ақпараттық қоғам қалыптастырудағы ең басты кедергiлердiң бiрi ретiнде "ақпараттық теңсiздiктi" жою өзектi мәселе болып отыр.
4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi
Бағдарламаның мақсаты азаматтар мен ұйымдарды мемлекеттiк қызметтерге жылдам әрi тиiмдi қол жеткiзумен қамтамасыз ету және АКТ-ны кеңiнен қолдану арқылы мемлекеттiк органдардың жұмыс iстеу тиiмдiлiгін арттыру болып табылады.
Аталған мақсаттарға жету үшiн мынадай мiндеттердi орындау керек:
мемлекетке, азаматтар мен ұйымдарға ақпараттық қоғам жағдайларында жұмыс iстеуге мүмкiндiк беретiн нормативтiк құқықтық және әдiснамалық база құру;
e-үкiмет инфрақұрылымының базалық компоненттерiн қалыптастыру және мемлекеттiк органдардағы ақпараттық инфрақұрылымды оңтайландыру;
халықаралық стандарттар базасында e-үкiмет ақпараттық инфрақұрылымын қорғауды қамтамасыз ету;
е-үкiмет қызметтерiне қол жеткiзудi қамтамасыз ету және ақпараттық теңсiздiктi, яғни халықтың әртүрлi әлеуметтiк топтарының АКТ-ны пайдалану мүмкiндiгiнiң теңсiздiгiн жою жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру.
5. Бағдарламаны iске асырудың
негiзгi бағыттары мен тетiгi
Бағдарламаны iске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
1) нормативтiк құқықтық және әдiснамалық қамтамасыз етудi жетiлдiру;
2) е-үкiметтің порталы мен шлюзiн, банк жүйесiмен өзара iс-әрекет жасасу үшiн төлем шлюзiн, ұлттық сәйкестендiру жүйесiн, мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiктік ортасын қамтитын e-үкiмет инфрақұрылымының базалық компоненттерiн қалыптастыру;
3) мемлекеттiк органдардың e-қызметтерiн қалыптастыру мен дамыту;
4) ведомствоаралық және үлгi ведомстволық ақпараттық жүйелердi құру мен дамыту;
5) жергілiктi атқарушы органдардың ақпараттық ресурстары мен жүйелерiн құру мен дамыту;
6) халықаралық стандарттар базасында е-үкiметтiң ақпараттық инфрақұрылымын қорғауды қамтамасыз ету;
7) e-үкiметтiң қызметтерiне қол жеткiзудi қамтамасыз ету және ақпараттық теңсiздiктi жою жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
8) Бағдарламаның iс-шараларын орындауда қоғамдық қолдауды қамтамасыз ету.
5.1. Нормативтiк құқықтық және
әдiснамалық қамтамасыз етудi жетiлдiру
Нормативтiк құқықтық және әдiснамалық қамтамасыз етудi дамыту қоғамның ақпараттық қажеттілiктерiн қамтамасыз ету, е-қызметтердi тұтынушылардың құқықтарын қорғау, құзыретiн белгілеу, сондай-ақ e-үкiметтiң жұмыс iстеу жағдайларында мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру бөлiгiнде ақпараттандыру саласындағы қатынастарды реттеуге бағытталатын болады.
Нормативтiк құқықтық және әдiснамалық қамтамасыз етудi жетiлдiру жөнiндегi iс-шараларды iске асыру жүйелілiк, объективтiк және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарының нормаларына қайшы келмеу принциптерi бойынша жүзеге асырылатын болады.
Мемлекеттiк органдардың e-қызметтер көрсетуi үшiн құқықтық негiздердi қалыптастыру мақсатында ақпараттандыру саласындағы әртүрлi аспектілердi реттейтiн Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына талдау жасау жүзеге асырылатын болады және e-үкiметтiң жұмыс iстеу тәртiбi мен жағдайларын айқындайтын нормативтiк құқықтық актiлер кешенi әзiрленедi.
Базалық компоненттер мен ведомстволық ақпараттық жүйелердi iске асыру кезiнде бiрыңғай қадамдарды жүзеге асыру және олардың үйлесiмділігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерi деректерi мен сервистерiн бiрiктiрудiң бiрыңғай тетiгiн қамтамасыз ететiн ұлттық технологиялық стандарттарды әзiрлеудi және/немесе тиiстi халықаралық технологиялық стандарттарды қабылдауды көздейтiн e-үкiмет инфрақұрылымының бiрыңғай әдiснамалық базасы әзiрленетiн болады.
5.2. E-үкiмет инфрақұрылымының базалық
компоненттерiн қалыптастыру
Е-үкiмет инфрақұрылымының жұмыс iстеуi оның базалық компоненттерiн қалыптастыруға негiзделетiн болады, оларға e-үкiметтiң порталы мен шлюзi, төлемдiк шлюз, ұлттық сәйкестендiру жүйесi, мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiктiк ортасы жатады.
Е-үкiметтiң бiрыңғай сәулетiн құру мақсатында e-үкiмет инфрақұрылымының базалық компонентiн қалыптастыруға арналған техникалық тапсырма әзiрленетiн болады.
Ведомствоаралық ақпараттық жүйелердiң техникалық құралдары мен ведомстволық ақпараттық жүйелердiң резервтiк орталықтарын орналастыру үшiн серверлiк орталық ғимаратын салу аяқталады және оны технологиялық жарақтандыру жүзеге асырылатын болады.
5.2.1. Е-үкiметтiң порталы мен шлюзiн қалыптастыру
E-үкiметтiң тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету e-үкiметтiң порталы мен шлюзінің өзара iс-әрекетi арқылы мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерiн бiрiктiрудi талап етедi. Бұл ретте, деректер алмасу кезiндегi хабарламалардың әмбебап коммуникативтік форматы шоғырландырудың негiзгi байланыстырушы элементi болып табылады.
Аталған өзара iс-әрекет шеңберiндегi портал e-қызметтердi жеткiзушiлер мен тұтынушылар арасында ақпарат алмасудың зияткерлiк байланыстырушы бөлiгi болып табылады.
Порталдың интерфейстiк бөлiгiн құру "бip терезе" принципiне негiзделетiн болады, ол e-қызметтердi ұсынатын бiрыңғай интерфейстi, ыңғайлы навигацияны және барлық қол жетiмдi ақпараттық ресурстар бойынша iздеу тетiктерiн қамтамасыз етедi.
Электронды құжаттар түрiнде e-үкiмет жүйелерiнде айналымда болатын хабарламаларды бiрегейлендiрудi қамтамасыз ету мақсатында хабарламаларды ресiмдеу мен өңдеудiң бiрыңғай ережелерi әзiрленетiн болады.
Мемлекеттік органдардың жаңа әзiрленiп жатқан және қолданыстағы бiрiктiрілетiн ақпараттық жүйелерiнiң коммуникативтiк форматтағы хабарламалармен алмасудың стандартты тетiктерi пайдаланылып құрылған бiрiктiру интерфейстерi болуы керек немесе солармен толықтырылуға тиiс.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерiнiң бiрiктiрiлуi мен өзара iс-әрекетін қамтамасыз ететiн "үкiметтiк шлюз" ақпараттық-технологиялық жүйесiн iске асыру жүзеге асырылатын болады.
Қазақстан республикасының ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерiнің мемлекеттiк тiркелiмiн дамыту шеңберiнде Қазақстан Республикасындағы e-қызметтердiң бiрыңғай тiзiлiмi жасалады, сондай-ақ тиiстi бағдарламалық қамтамасыз етуге қажеттi пысықтаулар жүргiзіледi. Жалпы мемлекеттiк жiктеуiштер мен анықтамалықтарды жүргiзу жүйесi құрылып, одан әрi дамитын болады.
Мемлекеттік органдардың е-қызметтерiнiң дайын болуына қарай оларды е-үкіметтің порталы арқылы жүйелi түрде iске қосу жүзеге асырылады.
5.2.2. Банк жүйесiмен өзара iс-әрекет жасасу үшiн төлем шлюзiн қалыптастыру
E-қызметтердi пайдаланушылардың түрлi банктiк төлем жүйелерiне бiрегейлендiрiлген қол жеткiзуiн қамтамасыз ету мақсатында төлеушiге банктi таңдау және Интернет-банкинг тетiгi арқылы электрондық төлемдердi жүзеге асыру мүмкiндiгiн беретiн "төлем шлюзi" iске асырылатын болады. Мұндай өзара iс-әрекет жасасу тетiгi заңды тұлғалар үшiн де, жеке тұлғалар үшін де банк жүйесiндегi Интернет-банкингтi жеделдетiп дамытуды талап етедi.
Микропроцессорлық технология негiзiндегi төлем карточкасы Интернет-банкинг тетiгi арқылы электронды төлемдердi жүзеге асыру үшiн e-қызметтердi пайдаланушылардың қажеттілiктерiн қанағаттандыратын, неғұрлым тиiмдi төлем аспаптарының бiрi болып табылады. Микропроцессорлық карточкалар технологиясы екiншi деңгейдегi банктерде карт-шоттарға салынған сомалар шегiнде төлем транзакцияларын ашық желілер арқылы жүргiзудiң жеткiлiктi деңгейде сенiмдi әрi қауiпсiз болуын қамтамасыз eтeдi.
Интернет арқылы төлем карточкаларын пайдаланумен мемлекеттік органдардың е-қызметi бойынша электронды төлемдердi жүзеге асыру мiндетiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 2 шiлдедегi N 713 қаулысымен бекiтiлген микропроцессорлық карточкалар негiзiнде төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесiн дамыту бағдарламасы шеңберiнде iске асыру орынды.
5.2.3. Ұлттық сәйкестендiру жүйесiн қалыптастыру
E-қызметтердi тұтынушыларды сәйкестендiру мен дәлме-дәлдiкке келтiру мiндеттерiн iске асыру е-үкіметтің инфрақұрылымын қалыптастырудың негізгі бағыттарының бiрi болып табылады.
Мемлекеттік органдармен құқықтық қатынастарда азаматтар мен ұйымдарды сәйкестендiрудiң бiрыңғай ережелерiнiң болмауы заңды тұлғаны тiркеу нөмiрi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, әлеуметтiк жеке код және тағы басқалары сияқты сәйкестендiрудiң өзiндiк тетiктерi бар ведомстволық ақпараттық жүйелердi құруға әкеп соқты.
Осындай қадамдардың салдарынан заңды тұлғалардың әділет, статистика, салық органдарында бiрнеше рет тіркелу фактiлерi және бiрнеше тiркеу құжаттарының болу қажеттiгi орын алды. Субъектердi тiркеу мәлiметтерiнiң өзгеруiн қадағалап отыру уақытша фактордың әсерiнен, сондай-ақ әртүрлі тiркеу органдарының арасында тиiмдi ақпараттық өзара iс-әрекеттiң болмауынан күрделене түседi.
Аталған проблемаларды шешу үшiн жеке тұлғаларға сәйкестендiру нөмiрiн, заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлерге бизнес-сәйкестендiру нөмiрiн жинақтау және беру негiзгi функциялары болып табылатын "Жеке тұлғалар" және "Заңды тұлғалар" деген мемлекеттiк дерекқор құру жөнiндегi бұған дейiн басталған iс-шаралар аяқталатын болады.
Қазақстан Республикасының мекен-жай кеңiстiгiн бiрегейлендiру және мекен-жайларды машиналық өңдеу мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мақсатында әрбiр мекен-жайға сәйкестендiру нөмiрi берiле отырып, бiрыңғай "Мекен-жай тiркелiмi" құрылатын болады.
Мұндай жүйелердi iске асыру субъектілердi тiркеу рәсiмдерiн жеңiлдету, көрсетiлетін е-қызметтердi мекен-жайға жеткiзу, ақпараттық жүйелердi құру мен дамыту, бірыңғай сәйкестендiру нөмiрлерiн қолдану негiзiнде ведомстволық ақпараттық жүйелер арасындағы өзара iс-әрекеттi дамыту жөнiндегi iс-шараларды үйлестiру мақсатында жүзеге асырылады. Жеке және заңды тұлғалардың сәйкестендiру (бизнес-сәйкестендiру) нөмiрлерiн және мекен-жай ақпараттарын қолдану саласындағы нормативтiк құқықтық базаға тиiстi өзгерiстер енгiзiлетiн болады.
Е-қызметтердi тұтынушыларды дәлме-дәлдiкке келтiру тетiгiн құру ақпарат алмасу кезiнде сенiмдi қарым-қатынастар тiзбегiнiң көмегiмен электронды цифрлық қол қою тетiгiн пайдалануға мүмкiндiк беретiн ашық кілттер инфрақұрылымын енгiзу есебiнен қамтамасыз етiлетiн болады.
Ашық кiлттер инфрақұрылымы пайдаланушылардың жеке жабық кiлттерiн олардың ашық кiлттерiмен байланыстыратын тiркеу куәлiктерiн қолдануға негiзделедi. Ашық кiлттер инфрақұрылымын енгiзу үшiн Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларының электронды-цифрлық қолдарын куәландыратын орталықты құру жоспарланып отыр. Сәйкестендiру деректерiн және электронды-цифрлық қол қоюдың кiлттерiн жинақтау, сақтау және қолдану үшiн сенiмдi құрал ретiнде смарт-технологияларды пайдалану жоспарлануда.
Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларының электронды-цифрлық қолдарын куәландыратын орталық сертификаттау орталығының функцияларын жүзеге асыратын болады. Кiлттердi тіркеу және беру үшiн тiркеу орталықтары да құрылады.
Ұлттық сәйкестендiру жүйесiн құру мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелері мен ресурстарына рұқсат бойынша енудi қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
5.2.4. Мемлекеттік органдардың бiрыңғай
көлiктiк ортасын қалыптастыру
Қазіргі уақытта мемлекеттiк органдар тек қана өз мұқтаждарын бағдарға ала отырып, бiр-бiрiне тәуелсiз және оқшауланған ақпараттық-коммуникациялық жүйелерiн құруда. Бұл ретте, едәуiр қаржылық және материалдық қаражат шығындалады, бiрыңғай қауiпсiздiк саясаты жоқ, ведомствоаралық, деңгейаралық және аймақаралық өзара iс-әрекет жасасуды ұйымдастыру проблемалары туындайды. Ведомстволық ақпараттық-коммуникациялық жүйелер бұқаралық байланыс желілерiнен оқшауланып, жеке сектор кәсiпорындарымен, қоғамдық ұйымдармен және халықпен тiкелей қорғалған ақпараттық өзара iс-әрекет жасасуды көздемейдi.
Қазiргi заманғы цифрлық технологияларды пайдалана отырып, жоғарыда аталған проблеманы шешу үшiн е-үкiмет инфрақұрылымының рұқсат етiлмеген енуден жоғары дәрежеде қорғауды, трафиктiң барлық түрлерiн берудi және телекоммуникациялық қызметтердiң ауқымды спектрiн бөлiп берудi қамтамасыз ететiн қажеттi компонентi ретiнде мемлекеттiк органдардың бiрыңғай мультисервистік көлiктiк ортасы құрылатын болады.
Мемлекеттік органдардың бiрыңғай көлiктiк ортасының құрылуы мен жұмыс iстеуiнiң регламентiн айқындау тиiстi нормативтiк құқықтық базаның әзiрленуiн талап етедi.
Мемлекеттік органдардың бiрыңғай көлiктiк ортасын құру тиiмдi әрi жоғары рентабельдi инфрақұрылым ретiнде:
ақпаратты қорғаудың бiрыңғай саясатын жүргiзудi;
мемлекеттік органдардың қолда бар ведомстволық ақпараттық жүйелерiн бiрiктiрудi;
мемлекеттiк органдардың қолда бар ведомстволық телекоммуникациялық жүйелерiн шоғырландыруды;
ақпарат беру жөнiндегi сервистiң кепiлдi сапасын ұсына отырып, мемлекеттiк органдардың қорғалған мүмкiндiктi желiлерiн құруды;
мемлекеттік органдардың бiрыңғай қорғалған шлюздi пайдалана отырып, Интернет ресурстарына қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.
5.3. Мемлекеттiк органдардың е-қызметтерiн
қалыптастыру мен дамыту
E-үкiметтiң талаптары ескерiле отырып, мемлекеттiк органдардың қызметiн ақпараттандыру ведомствоiшілік мұқтаждарға бағдарланудан азаматтардың және ұйымдардың мұқтаждары мен мiндеттерiне бағдарлануға көшу жоспарланып отыр. Мемлекеттiк органдардың е-қызметтерін қалыптастыру және сату ведомстволық ақпараттық жүйелердi құру мен дамыту шеңберiнде жүзеге асырылатын болады.
Осы бағыттағы iс-шараларды iске асыру шеңберiнде е-қызметтердi сату және е-үкiмет инфрақұрылымының базалық компоненттерiмен өзара iс-әрекет жасасу бөлігінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерiне қойылатын талаптар айқындалатын болады.
Бағдарламаны iске асырудың бастапқы кезеңiнде мемлекеттiк e-қызметтердi әзiрлеу, қабылдап алу, сүйемелдеу және дамыту регламентi, сондай-ақ оларды құжаттандырудың стандартты нысаны анықталатын болады.
Мемлекеттік органдардың е-қызметтердi ұсынуы қолда бар ведомстволық ақпараттық жүйелерге өзгерiстер енгiзудi не олардың өзара iс-әрекет жасасуының стандарттарын ескере отырып, жаңа ақпараттық жүйелер әзiрлеудi қарастырады.
Бағдарлама шеңберiнде ведомстволық ақпараттық жүйелер базасында азаматтар тыныс-тiршiлiгiнiң және ұйымдар жұмысының негiзгi салаларына сәйкес бiрiншi кезектегi е-қызметтердi сату жүзеге асырылатын болады.
Салықтық және кедендiк мiндеттемелер
Салықтық және кедендiк мiндеттемелердi жүзеге асыру тиiмдiлiгiн арттыру, есеп берудi жеделдету, қаржы және бюджет тәртiбiн нығайту мақсатында, мынадай: Бiрiктiрiлген салықтық ақпараттық жүйе, Салық төлеушілер мен салық салу объектiлерiнiң тiзiлiмi, Кедендiк автоматтандырылған ақпараттық жүйе, Электронды кеден жүйелерi шеңберiнде, мынадай e-қызметтердi көрсету мен iске асыру көзделедi:
уәкілеттi органдардың деректерi негiзiнде салық салу объектiлерi және салық салумен байланысты объектілер туралы ақпарат ұсыну (Салық төлеушiлер мен салық салу объектiлерiнiң тiзiлiмi);
салық органдарында тiркеу есебiнде тұрған салық төлеушiлер, қосылған құн салығын төлеушiлер туралы ақпарат ұсыну;
қосылған құн салығын төлеушiлердi тiркеу, салық төлеушiнiң дербес тiркеу деректерiн өзгерту;
электронды салық есептерiн қабылдау мен өңдеу, электронды салық есептерiн салық төлеушiнiң терминалы арқылы салық органдарының офистерiнен жөнелту жөнiндегi қызметтi ұсыну;
бюджетпен есеп айырысудың жай-күйi туралы ақпарат ұсыну;
салық заңдарын түсiндiру, электронды "қызу желiлердi" өткiзу;
Қазақстан Республикасының Салық кодексiне өзгерiстер енгiзудi жұртшылықтың қашықтықтан талқылауы;
орталық және жергілiктi мемлекеттiк органдарға бюджеттiң кiрiс бөлiгiнiң және салық төлеушiлердiң кемалымдарының жай-күйi туралы ақпарат ұсыну;
кеден заңдарына сәйкес құжаттардың және есеп берудiң электронды нысандарын қабылдау;
сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға кеңес беру мен ақпараттық қолдау көрсетудi қамтамасыз ету;
азаматтар мен ұйымдар кедендiк операциялар жасаған кезде мәлiметтер ұсыну көзделедi.
Кәсiпкерлік және бизнес
Кәсiпкерлiктi және еркiн бәсекелестiктi дамыту үшiн тең жағдайлар жасау мақсатында салалық бағдарламалар шеңберiнде мынадай e-қызметтердi сату мен көрсету:
заңды тұлғаларды тiркеу (қайта тiркеу, тарату) жөнiнде ақпараттар беру;
электронды мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру;
жылжымалы және жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және оларға қатысты жасалған мәмілелердi мемлекеттiк тiркеу туралы ақпарат беру мен ресiмдеу;
мүлiктi бағалау үшiн лицензиаттардың мемлекеттiк тiзілiмiнен мәлiметтер беру;
тауарлар мен қызметтер рыногындағы баға туралы ақпараттар беру;
инвестициялық (инновациялық) жобалар ("мүмкіндiкті технопарк") туралы ақпараттар беру;
кәсiпкерлiк және бизнес мәселелерi бойынша азаматтар мен ұйымдардың арыздарын қабылдау көзделедi.
Халықты әлеуметтiк қорғау және жұмыспен қамту
Халықты әлеуметтiк қорғау жүйесiнiң тиiмділiгiн арттыру, азаматтардың тұрмыс-тіршiлігі сапасын жақсарту, еңбек рыногын кеңейту және жұмыссыздық деңгейiн төмендету мақсатында салалық бағдарламалар шеңберiнде мынадай e-қызметтердi сату мен көрсету:
жұмыссыз азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу және білiктiлiк талаптары бойынша мамандар iздеуде жұмыс берушілерге қызмет көрсету;
жинақтаушы зейнетақы қорларымен байланысты өтiнiштермен құжаттарды, шарттарды ресiмдеу;
салымшылар қаражатының түсуi мен қозғалысы туралы ақпарат беру, зейнетақы жинақтарын беру жөнiндегi өтiнiштердi ресімдеу;
зейнетақымен қамсыздандыру және жұмыспен қамту мәселелерi бойынша азаматтардың өтiнiштерiн қабылдау;
шетелдiк жұмыс күшiн тартудың ережелерi туралы ақпарат беру, шетелдiк жұмыс күшiн тартумен және Қазақстан Республикасынан жұмыс күшiн әкетумен байланысты лицензиялар беру көзделедi.
Бiлiм, ғылым және денсаулық сақтау
Бiлiмге қол жеткiзу мен оның сапалы болуын арттыру жүйесiн жетілдiру, отандық ғылымды дамыту, қоғамның білiктi мамандарға деген қажеттілiктерiн қанағаттандыру, денсаулық сақтау жүйесiн тиiмдi дамыту мақсатында салалық бағдарламалар шеңберiнде мынадай е-қызметтердi сату мен көрсету:
Қазақстан Республикасы халқының денсаулығы мен медициналық ұйымдар қызметiнiң негiзгі көрсеткiштерi бойынша ақпарат ұсыну;
тiркелген дәрілік заттар, дезинфекция және дератизация құралдары бойынша, Қазақстан Республикасына әкелуге және қолдануға тыйым салынатын заттар мен өнімдер бойынша ақпарат ұсыну;
бiлiм, ғылым және денсаулық сақтау салаларында қызмет көрсетуге лицензиясы бар ұйымдар бойынша ақпарат ұсыну;
медициналық көмек көрсетудiң барлық деңгейiнде ауруларды диагностикалау және емдеу мәселелерi бойынша ақпарат ұсыну;
жоғарғы оқу орындарының, ғылыми және медициналық ұйымдардың сапалық және сандық құрамы бойынша ақпарат ұсыну;
бiлiм және ғылым ұйымдары қызметiнiң негiзгi көрсеткiштерi бойынша ақпарат ұсыну;
білiм беру және медициналық қызметтер көрсету мәселелерi бойынша азаматтардың өтiнiштерiн қабылдау көзделедi.
Заңдылық және құқық тәртiбi
Заң шығару жүйесiн жетілдiру, құқық тәртiбiн және азаматтар мен құқықтық қатынастардың өзге де субъектiлерi құқықтарының қорғалуын, сот жүйесiнiң ашықтығын және азаматтардың заң шығару қызметiне қатысуын қамтамасыз ету мақсатында салалық бағдарламалар шеңберiнде мынадай e-қызметтердi сату мен көрсету:
мемлекеттiк тiзiлiмге және Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң үлгiлi бақылау банкiсiне қол жеткiзудi ұсыну;
қоғамдық тәртiптi қорғау және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша ақпарат ұсыну;
құқық тәртiбiн сақтау мәселелерi бойынша азаматтардың өтiнiштерiн қабылдау;
құқық тәртiбiн қамтамасыз ету органдарына қызметке кiру туралы ақпарат ұсыну;
құқық тәртiбi органдарының оқу орындарына түсу үшiн өтiнiмдердi қабылдау мен тiркеу және қажеттi мәлiметтердi жинау көзделедi.
Экономика және сауда
Жүргiзiлiп жатқан экономикалық реформалардың тиiмділігiн арттыру, ұтымды өндiрiстi қамтамасыз ету және ел экономикасы салаларын дамыту мақсатында салалық бағдарламалар шеңберiнде мынадай е-қызметтердi сату мен көрсету:
мемлекеттiк бюджеттi қалыптастырудың тәртiбi, әлеуметтiк-экономикалық және фискальды саясатты жүзеге асыру, Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық дамуының жай-күйi мен болжамдары туралы ақпарат ұсыну;
елiмiздiң көлiк-коммуникация кешенi: автомобиль жолдары, азаматтық авиация, аэроғарыш кешендерi туралы ақпарат ұсыну;
ауыл шаруашылығындағы әлеуметтiк-экономикалық жағдай жөнiнде, сондай-ақ өсiмдiктердi қорғау және карантин саласы бойынша ақпарат ұсыну;
өнертабыстарды және инновациялық жобаларды енгiзудi қаржыландыру жөніндегi құжаттарды қабылдау;
жер қойнауын пайдалануға лицензия алу үшiн құжаттар қабылдау;
жер қойнауын пайдаланудың барлық объектілерi, оның iшiнде жер қойнауын пайдалану құқықтарын алу үшiн конкурсқа шығарылатындары туралы ақпарат ұсыну;
жер қойнауын пайдалану құқықтарын алу үшiн конкурстар мен келiсім-шарттар туралы ақпарат ұсыну;
коммуналдық қызметтер тарифтерiн қалыптастыру мен бекiтудiң тәртiбi туралы ақпарат ұсыну;
Қазақстан Республикасының әртүрлi өңiрлерiнде қолданылып отырған коммуналдық тарифтер туралы мәлiметтер ұсыну;
коммуналдық қызметтер көрсететiн жеткiзушi мекемелердiң осындай қызметтер көрсету үшiн жария шарттар жасасуы жөнiнде заң кеңестерін беру;
электр және жылу энергиясын өндiруге, беруге және сатуға мемлекеттiк лицензиялары бар, сумен жабдықтау, кәрiз, телефон байланысы қызметтерін көрсететiн ұйымдар бойынша ақпарат ұсыну;
экономика, сауда және коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мәселелерi бойынша азаматтардың өтiнiштерiн қабылдау;
жердi санаты мен алқаптары, сандық, сапалық ерекшелiктерi бойынша бөлу туралы ақпарат ұсыну;
Қазақстан Республикасының сыртқы сауда статистикасы бойынша ақпарат ұсыну;
кедендiк құжаттарды қалыптастыру және қабылдау көзделедi.
Қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк және
төтенше жағдайлардағы басқару
Қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелерi бойынша ақпараттарға қол жеткiзудi кеңейту мақсатында салалық бағдарламалар шеңберiнде мынадай e-қызметтердi сату мен көрсету:
елдi мекендердiң және меншiк нысанына қарамастан, шаруашылық объектілерінің өрттен қорғалуын күшейту жөнiнде ұсынымдар беру;
мемлекеттiк өрт қадағалау ұйғарымдары туралы ақпарат ұсыну;
объектілерде өртке қарсы қызметті ұйымдастыру туралы ұсыныстар енгізу және осы мәселелердi шешуге қатысу;
өртке қарсы жабдықтарды монтаждаумен, баптаумен және техникалық қызмет көрсетумен байланысты қызметтi лицензиялау жөнiнде ақпарат ұсыну;
қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелерi бойынша азаматтардың өтiнiштерiн қабылдау;
мерзiмдi әскери қызметке, келiсiм-шарт бойынша қызметке шақырудың тәртiбi жөнiнде, сондай-ақ жергiлiктi әскери басқару органдары бойынша ақпарат ұсыну;
Қазақстан Республикасының әскери-оқу орындары, оқыту ережелерi, оқуға түсудiң тәртiбi мен шарттары бойынша ақпарат ұсыну көзделедi.
Қоршаған ортаны қорғау
Халыққа қоршаған ортаның жай-күйi және қорғалуы туралы ақпарат беру мақсатында салалық бағдарламалар шеңберiнде мынадай е-қызметтердi сату мен көрсету:
қоршаған ортаның жай-күйi мен ластануы, жекелеген объектiлердегi экологиялық жағдай, шаруашылық қызметтiң қоршаған ортаға әсерi туралы ақпарат ұсыну;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы стратегиялық құжаттарды iске асырудың барысы туралы ақпарат ұсыну;
табиғат қорғау заңдарын бұзушылар, оларға қатысты қолданылған шаралар туралы ақпарат ұсыну;
табиғат қорғау iс-шараларына инвестициялар салу және қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлемдер жасау туралы ақпарат ұсыну;
табиғи ресурстардың кадастрлары деректерiне қол жеткiзудi ұсыну;
ауа-райы болжамы туралы ақпарат ұсыну;
табиғат қорғау iс-шараларына инвестициялар салу, қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлемдер жасау және табиғат қорғау заңдарын бұзу нәтижесiнде қоршаған ортаға келтiрiлген зиянды өтеу туралы ақпарат ұсыну;
қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша азаматтардың өтiнiштерiн қабылдау көзделедi.
Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңiстiк
Мәдениеттi, спорт пен туризмдi дамыту, сондай-ақ салауатты өмiр салтын насихаттау және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру мақсатында салалық бағдарламалар шеңберiнде мынадай e-қызметтердi сату мен көрсету:
спорт түрлерi бойынша ұлттық құрама командалар тiзiмiне және республикалық спорттық iс-шаралар күнтiзбесiне қол жеткiзудi ұсыну;
туристiк қызмет және дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсету жөнiндегi қызметтi лицензиялау туралы ақпарат, сондай-ақ лицензия алған ұйымдар тiзбесiн ұсыну;
дене шынықтыру және спорт саласындағы республикалық қоғамдық бірлестіктердi бекiту туралы ақпарат ұсыну;
Қазақстан Республикасы спортшыларының халықаралық және республикалық жарыстарға қатысуы туралы ақпарат ұсыну;
Қазақстан Республикасының халықаралық туристiк көрмелерге қатысуы және туристiк iс-шаралар өткiзу туралы ақпарат ұсыну;
Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер ұйымдары туралы ақпарат ұсыну;
"Қазақстанның кино анықтамалығы" каталогының деректерiне қол жеткiзудi ұсыну;
тарих және мәдениет ескерткiштерi тiзiмдерiне қол жеткiзудi ұсыну;
тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң археологиялық және қайта қалпына келтiру жұмыстарына байланысты қызметтердi лицензиялау туралы ақпарат ұсыну;
жастар саясаты мәселелерi бойынша азаматтар мен ұйымдардың өтiнiштерiн қабылдау және қарау;
мемлекеттiк ақпараттық саясат, теледидар және/немесе радиохабарлар таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi лицензиялау, бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу мәселелерi бойынша ақпарат ұсыну;
саяси партиялармен, қоғамдық бiрлестiктермен, үкiметтік емес ұйымдармен, кәсiптiк одақтармен өзара iс-қимыл жасасу мәселелерi бойынша ақпарат ұсыну;
кiтап маркетингi және баспа-полиграфиялық сала мәселелерi бойынша ақпарат ұсыну;
мәдениет, спорт және туризм, бұқаралық ақпарат құралдары баспа-полиграфиялық сала және iшкi саяси тұрақтылық мәселелерi бойынша азаматтардың өтінiштерiн қабылдау;
социология, политология және өңiртану мәселелерi бойынша мақалаларды жариялау;
баспаханалар, көбейту учаскелерiн ашуға, түрлi-түстi көбейту техникасын әкелуге және пайдалануға рұқсаттар беру;
бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiн эфирге шығару құқығын беру үшiн құжаттар ресiмдеу жөнiндегi консультациялық қызмет көрсету көзделедi.
Дипломатия және халықаралық байланыстар
Халықаралық байланыстар мен дипломатиялық қатынастар мәселелерi жөніндегі ақпараттарға жедел қол жеткiзу мақсатында салалық бағдарламалар шеңберiнде мынадай е-қызметтердi сату мен көрсету көзделедi:
консулдық заңдастыру мәселелерi бойынша ақпарат ұсыну;
Қазақстан Республикасының визаларын берудiң тәртiбi, дипломатиялық және қызметтiк төлқұжаттарды ресiмдеудiң тәртiбi туралы ақпарат ұсыну;
Қазақстан Республикасына (нан) кiру (шығу) мәселелерi бойынша азаматтардың өтiнiштерiн қабылдау.
5.4. Ведомствоаралық және типтiк ведомстволық
ақпарат жүйелерiн құру мен дамыту
Мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстары мен жүйелерін бiрегейлендiру және ықпалдастыру мақсатында ведомствоаралық және типтiк ведомстволық ақпарат жүйелерiнің жобалары iске асырылатын болады. Мұндай жүйелерге: ведомстволық және ведомствоаралық электронды құжат айналымы, құжаттарды мұрағатта сақтау, әкiмшілiк-басқару қызметiнiң ақпараттық жүйелерi, салық төлеушiлер мен салық салынатын объектілер тiзiлiмi, үкiметтiк Интранет-портал жатады.
Құжаттарды дайындау және оларды жүйеге енгiзу, тiркеу, бөлу мен тарату, редакциялау және түрлендiру, жедел сақтау және мұрағатқа жiберу, iздеу мен қарау, құжаттарды алу және жаңғырту, олардың орындалуын бақылау, қол жеткiзудi шектеу, құжаттардан ақпарат алу және оған талдау жасауды қоса алғанда мемлекеттiк органдардағы құжат айналымының технологиялық процестерiн автоматтандыру жөнiндегi жұмыстар жалғасатын болады.
Мемлекеттiк органдар үшiн электронды цифрлық қол қоюды куәландыратын орталықты дамыту, қазiргi заманғы ақпараттық технологияларды қолдана отырып, Мемлекеттiк органдар арасындағы ведомствоаралық құжат айналымы орталығын iске асыру және құжаттарды мұрағатта сақтауды ұйымдастыру жөнiндегi жұмыстар жалғастырылады.
Бағдарлама шеңберiнде мемлекеттiк органдардың әкiмшiлiк-басқару қызметiн автоматтандырудың типтiк ауқымды ақпараттық жүйесi әзiрленетiн болады, ол персоналды басқаруды, еңбекақы есептеудi, қаржылық жоспарлау мен бухгалтерлiк есеп жүргiзудi бiр орталыққа шоғырландырады. Мұндай жүйенi қазiргi заманғы жобалық шешiмдердi қолдана отырып әзiрлеу құбылмалы жағдайларға жедел бейiмделудi қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi және экономикалық тұрғыдан мақсатқа сай болады.
Ведомствоаралық және ведомстволық ақпараттық ресурстарда жинақталған ақпаратты тиiмдi басқаруды, шұғыл ден қоюды, әртүрлi ведомстволардағы мемлекеттiк қызметшiлердiң топтасып жұмыс iстеуiн ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшiн регламенттелген қол жеткiзудi ұйымдастыра отырып, Интернет технологиялардың негiзiнде құрылған мемлекеттiк органдардың Интранет-порталы iске асырылатын болады.
Ведомстволық ақпараттық жүйелердi дамыту шеңберiнде "Мемлекеттiк жер кадастрының автоматтандырылған жүйесi" мен "Жылжымайтын мүлiк тiркелiмi" жүйелерiн құру және дамыту жөнiндегi iс-шаралар жалғастырылатын болады.
5.5. Жергiлiктi атқарушы органдардың ақпараттық
ресурстары мен жүйелерiн құру және дамыту
Азаматтар мен ұйымдардың мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылы да жергілiктi атқарушы органдар деңгейiнде жүзеге асырылады.
Жергiлiктi атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерi өңiрдiң тыныс-тiршілiк мәселелерi, мемлекеттік сатып алулар мәселелерi бойынша жедел ақпарат беруге, азаматтардың өтiнiштерiн қарау және қадағалау үшiн виртуалдық қабылдау функцияларын iске асыруға, электронды нысандағы құжаттарға қол жеткiзудi қамтамасыз етуге, сондай-ақ жолаушы тасымалдау қызметін лицензиялау, қаланы абаттандыру және тағы басқалары сияқты е-қызметтер көрсетуге тиiс.
Өңiрлерде е-үкiметтің бiрыңғай сәулетi талаптарына сәйкес болу бөлiгiнде ақпараттандыру және байланыс саласындағы уәкілеттi органмен келiсiлген ақпараттандыру жөнiндегi бағдарламалар әзiрлеу қажет.
Е-үкiметтің бiрыңғай өңiрлiк саясатын жүзеге асыру мақсатында жергілiктi атқарушы органдардың қаржылық ресурстарын бiрiктiру жолымен бiрқатар типтiк жобалық шешiмдер әзiрлеу орында.
Бiрыңғай көлiктiк ортаны iске асыру жағдайында азаматтар мен ұйымдардың жергiлiктi атқарушы органдармен өзара электронды iс-қимылдары e-үкiметтiң бiрыңғай порталы мен шлюзi арқылы жүзеге асырылады. Мұндағы жергілiктi атқарушы органдардың мiндеттерi өздерiнiң ақпараттық ресурстар мен жүйелерiн қалыптастыру және дамыту базасында е-қызметтердi ұсыну болып табылады.
Жергілiктi атқарушы органдар көрсететiн е-қызметтерді іске асыру ведомстволық ақпараттық жүйелердiң даму деңгейiмен тығыз байланысты. Осыған орай, жергiлiктi атқарушы органдардың ведомстволық ақпараттық жүйелермен өзара iс-қимыл жасасу регламентiн әзiрлеу орынды.
Ақпараттандыру және АКТ-ны кеңiнен қолдануға ынталандыру жөнiндегi өңiрлiк бағдарламаларды iске асырудың тиiмділiгiн бағалау мақсатында е-үкiмет iс-шараларын iске асыру, өңiр тұрғындарының компьютерлiк сауаттылығын арттыру жөнiндегi ең үздiк өңiрдi анықтауға конкурстар өткiзілетiн болады.
5.6. Е-үкiметтiң ақпараттық инфрақұрылымын
қорғауды қамтамасыз ету
Мемлекеттік органдардың e-қызметтердi ұсынуы ақпараттарды қорғау үшін белгiленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылатын болады, ол ақпараттың жоғары деңгейде қорғалуын және е-қызметтердi пайдаланушылардың сенiмiн қамтамасыз етедi.
Осы мақсатта базалық компоненттерге, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерiне қойылатын техникалық талаптар ескерiлетiн e-үкiмет инфрақұрылымының ақпараттық қауiпсiздiгi тұжырымдамасы әзiрленетiн болады. Тұжырымдамада құрылымды жетілдіру, материалдық-техникалық және кадрмен қамтамасыз ету, мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерiнiң қауiпсiздiгi мәселелерi көрiнiс табатын болады.
Бағдарламаны iске асыру шеңберiнде ақпаратты қорғау саласындағы ұлттық стандарттар әзiрленедi және/немесе халықаралық стандарттар қабылданатын болады, оларға сәйкес е-үкiметтің ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамыту кезiнде ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар айқындалатын болады. E-үкiмет инфрақұрылымының компоненттерiн қалыптастыру аяқталғаннан кейiн олардың әрқайсысы үшiн қауiпсiздiк саясатын айқындайтын нормативтiк құжат әзiрленедi.
Ақпараттық ресурстар мен жүйелердi қорғау жөнiндегі типтік жобалық шешiмдер әзiрленетiн болады, олар е-қызметтердi жобалау сатысында ақпараттардың қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
"Open source" (бағдарламалық қамтамасыз етудi түрлендiруге және еркiн пайдалануға құқық берушi, компьютерлiк бағдарламаларды лицензиялауды әзiрлеу әдiстемесi) технологиясы базасында қорғалған ұлттық операциялық жүйенi iске асыру жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу жоспарланып отыр.
E-үкiмет инфрақұрылымының сапалы әрi сенiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында нормативтiк кесiмдерге, тұжырымдама талаптарына және ақпараттық қауiпсiздiк саясатына сәйкестiгiн сертификаттау жүйесi құрылатын болады. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелердiң ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге арналған техникалық тапсырмаларды келiсудiң бiрыңғай тәртiбi айқындалатын болады.
Интернет желiсiнiң қазақстандық сегментінiң домен кеңiстiгiн мемлекеттiк реттеу домендердi бөлудiң бiрыңғай тәртiбiн белгiлеу және kz доменiн басқару орталығын құру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу арқылы қамтамасыз етiлетiн болады.
5.7. E-қызметтерге қол жеткiзудi ұйымдастыру
және ақпараттық теңсiздiктi жою
АКТ-ны пайдалануда халықтың түрлi әлеуметтiк топтары мүмкiндiктерiнiң тең болмауы e-үкiметтiң бастамаларын iске асырудағы негiзгi кедергiлердiң бiрi болып табылады. "Ақпараттық теңсiздiктiң" аса iрi әлеуметтiк проблема екенiн мойындау керек және оны рет-ретiмен жою стратегиясын әзiрлеу қажет.
АКТ саласындағы кәсiби бiлiмдi жетілдiру жолымен "адами капиталға", әсiресе өскелең ұрпаққа инвестиция салу әлеуметтiк-экономикалық проблемаларды еңсерудiң басты бағыты болып табылады.
Компьютерлiк сауаттылықты арттырудың бiрыңғай саясаты iске асырылатын болады. Ол мынадай iс-шараларды орындауды көздейдi:
ақпараттық қоғамның қажеттiктерiмен байланысты жаңа мамандықтардың енгiзiлуiн ескере отырып, бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнде оқу бағдарламаларын қайта қарау;
ұлттық оқу бағдарламаларына сәйкес жалпы бiлiм беретiн мектептерге арналған электронды оқу құралдары кешенiн және АКТ бойынша оқыту бағдарламаларын әзiрлеу;
бiлiм беру саласын ақпараттандыру мен қашықтықтан оқыту жүйесiн дамытудың нормативтiк құқықтық және әдiстемелiк құжаттарының жобаларын әзiрлеу;
e-үкiметтiң порталы арқылы мемлекеттік органдармен өзара iс-қимыл жасасудың негiздерiн қашықтықтан оқыту орталығын құру;
кеңес беру орталықтарын, компьютерлiк курстарды қоса алғанда компьютерлiк сауаттылыққа оқытудың барлық адамдар бiрдей қол жеткiзе алатын пункттерiн құру;
жалпы бiлiм беру мекемелерiнiң Интернетке сенiмдi әрi қымбат емес жолмен қол жеткiзуiн қамтамасыз ету.
E-үкiметтi қалыптастыру мен қолдауды ғылыми-әдiстемелiк, ақпараттық-талдау және кадрмен қамтамасыз ету, мемлекеттiк қызметшiлердiң компьютерлiк бiлiктiлiгiн арттыру семинарлары мен курстарын өткiзу мақсатында E-үкiметтiң құзырет орталығы құрылады.
Е-қызметтерге қоғамның барлық мүшелерiнің қол жеткiзу желiсін дамыту қоғамдық сектордың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын, атап айтқанда почта байланысы инфрақұрылымын тиiмдi пайдалану есебінен қамтамасыз етiлетiн болады. Пайдаланушылар санатына қарай ақылы, тегін және жеңiлдiктi негiздегi е-қызметтерге қоғамдық қол жеткiзу пункттерінің желiсi құрылады, бұл қоғам мүшелерiнiң басым көпшiлiгiн АКТ-ны пайдалануға тартуға мүмкiндiк бередi.
Компьютерлiк техника өндiрiсiнiң көлемiн ұлғайтуды және компьютерлік техниканың, сондай-ақ Интернет жүйесiне қол жеткiзу тарифтерінiң құнын төмендетудi қамтамасыз етуге арналған ұсыныстар әзiрленетін болады.
"Ақпараттық теңсiздiктi" жою бойынша орындалатын iс-шаралардың мониторингiн жүзеге асыру мақсатында, Қазақстан Республикасында ақпараттық қоғамды дамыту индикаторларының әзiрленген жүйесi негiзiнде жүйелi түрде таңдамалы социологиялық сауалдар жүргiзу ұйымдастырылатын болады.
Ақпараттық технологияларды пайдалану саласындағы тәжiрибенi таратудың халықаралық бағдарламалары шеңберiнде ынтымақтасу жандандырыла түседi.
5.8. Бағдарлама iс-шараларының орындалуын
қоғамдық қолдауды қамтамасыз ету
E-үкiметтiң бастамаларын iске асыруға қоғамдық мүдденi қалыптастыру мақсатында Бағдарлама бұқаралық ақпарат құралдарында және Интернет желiсiнде кең жарнамалық-насихаттық қолдауға ие болуға тиiс.
Осы бағыт шеңберiнде iске асырылатын негiзгi мiндеттерге мыналар жатады:
мемлекеттік органдардың e-қызметтерiн дамыту мен қолдау үшiн ынталандыруға жағдай жасау;
e-қызметтердi пайдалануға азаматтар мен ұйымдардың тұрақты қызығушылығын қалыптастыру.
Бағдарламаға қоғамның назарын аудару, оны iске асыруда мемлекеттiк органдар тарапынан қолдау көрсетiлуiн жүзеге асыру АКТ бойынша көрмелер өткiзу мен оларға қатысуды, мемлекеттiк органдар, бизнес және ғылым өкiлдерiнiң көпшiлiк алдында сөз сөйлеуiн ұйымдастыруды, талдама шолуларды жариялауды, сондай-ақ жарнама материалдарын таратуды қоса алғандағы кеңiнен ақпараттық сүйемелдеу есебiнен қамтамасыз етілетiн болады.
Бағдарламаны iске асыру мәселелерi бойынша жыл сайынғы ғылыми-практикалық конференциялар, iске асырылатын iс-шаралардың алға қойылған мiндеттерге сәйкестiгiн анықтау үшiн салалар бойынша түрлi конкурстар өткiзу жоспарланып отыр.
Бағдарламаны іске асыру барысын жариялап отыратын сайт құрылады және оған тұрақты қолдау көрсетіледі.
Бағдарламаны іске асыру нәтижелерін, сондай-ақ жаңа е-қызметтерді пайдаланушылардың бейімделу дәрежесін талдау Бағдарлама шеңберінде өткiзiлетін іс-шаралар мониторингі арқылы жүзеге асырылатын болады.
5.9. Бағдарламаны iске асыру тетігі
Бағдарламаны орындау Іс-шаралар жоспарын және салалық, өңiрлік ақпараттандыру бағдарламаларын iске асыру жолымен жүзеге асырылады.
Бағдарламаны icке асыру жөнiндегi жұмысты Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 31 желтоқсандағы N 1384 қаулысымен бекiтілген, тиiстi өкілеттiктерi бар Қазақстан Республикасының ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамыту жөнiндегi жұмыстарды үйлестiру жөнiндегi комиссия үйлестіретiн болады.
Бағдарламаны бақылау мен iске асыруды ақпараттандыру және байланыс саласындағы уәкiлеттi орган, ал салалық және өңірлік ақпараттандыру бағдарламаларын бақылау мен iске асыруды тиiстi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
Бағдарламаның іс-шараларын орындау кезiнде бiрыңғай техникалық саясатты іске асыру мақсатында ақпараттандыру саласындағы ұлттық операторға е-үкімет инфрақұрылымының жүйелiк ықпалдастырушысының функциялары, сондай-ақ ведомствоаралық ақпараттық жүйелер, мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiктiк ортасы жобаларын басқару және техникалық сүйемелдеу функциялары жүктелетiн болады.
Ақпараттандыру және байланыс саласындағы уәкiлеттi органның жанында ұйымдастыру және әдiстемелiк мiндеттердiң шешiлуiн қамтамасыз ететiн мемлекеттік органдардың ақпараттық қызметтерi басшыларының кеңесi ұйымдастырылатын болады.
Жеке ақпараттандыру қызметтерi жоқ мемлекеттiк органдарда АКТ-ны енгiзу процестерінің сапалы түрде жоспарлануын қамтамасыз ету үшiн ақпараттандыру саласындағы ұлттық оператордың өкiлдерiнен тұратын тиiстi бөлiмшелер құрылатын болады. Бұл бөлiмшелердiң негiзгi мiндетi мемлекеттiк органды ақпараттандыру кезiнде бірыңғай техникалық саясатты жүргiзу, ал қажет болғанда қолданыстағы жүйелердi әкiмшілендiру және жүйелiк-техникалық қызмет көрсету болып табылады.
6. Қажеттi ресурстар және оларды қаржыландыру көздерi
Бағдарламаны қаржыландыру республикалық және жергiлiктi бюджеттер қаражаты, сондай-ақ бюджеттен тыс көздер есебiнен жүзеге асырылады.
Жоспарланып отырған іс-шаралар бойынша сараптамалық бағалардың және мемлекеттiк секторда іске асырылатын ақпараттық жүйелер бойынша есептердiң негiзiнде қаржы ресурстарының жалпы көлемi:
республикалық бюджет қаражатынан - 50,8 млрд. теңге құрайды (31,9 млрд. теңге сомасындағы мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiктiк ортасын құруға арналған шығындарды қоса алғанда), оның iшiнде 2005 жылға - 3,5 млрд. теңге, 2006 жылға - 25,3 млрд. теңге, 2007 жылға - 22,1 млрд. теңге;
жергiлiктi бюджет қаражатынан - жылына 150 млн. теңге;
сондай-ақ жеке инвестициялар, халықаралық және отандық қаржы ұйымдарының гранттары.
Бұдан басқа, 2005 жылы Астана қаласының аумағында бiрыңғай көлiктiк ортаны құру жөнiндегi пилоттық жобаны iске асыруға 1,060 млрд. теңге сомасында қосымша қаржыландыру ұйғарылып отыр.
Iс-шаралар бойынша бөлiгiнде қаржыландыру көлемi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтілген осы Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi іс-шаралар жоспарында көрсетiледi.
Тиiсті бюджеттен қаржыландыру көлемін өзгерту бөлiгiнде Бағдарламаға түзетулер енгiзу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Бағдарламаны iске асырудан күтiлетiн
нәтиже және оның индикаторлары
Бағдарлама iс-шараларын орындау шеңберiнде азаматтар мен ұйымдардың мемлекеттік қызметтер көрсетуге тез әрі тиiмдi қол жеткiзуiн қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасау және АКТ-ны кеңiнен қолдану арқылы мемлекеттiк органдардың жұмыс iстеу тиiмділігін арттыру көзделiп отыр.
Бағдарламаны iске асыру нәтижесiнде:
мемлекеттік органдардың әкiмшiлiк рәсiмдерiн оңтайландыру үшін жағдайлар жасалатын болады және мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерi мен мемлекеттiк ресурстарын ықпалдастыру жүзеге асырылады;
мемлекеттiк органдардың бiрыңғай қорғалған мультисервистiк көлiктiк ортасы ұйымдастырылатын болады. Жоба iске асырылғаннан кейiнгi 6 жылдың iшiнде бюджеттiк қаражатты үнемдеу есебінен инвестицияларды қайтару болжанады;
мемлекеттік органдарды ақпараттандыруға арналған шығыстар оңтайландырылатын болады. Оның iшiнде, шартты экономикалық пайда мемлекеттiк органдардың бiрыңғай қорғалған мультисервистiк көлiктiк ортасы iске асырылғаннан кейiнгі 5 жылда шығыстарды азайту нәтижесiнде 43,9 млрд. теңгенi құрайды;
2005 жыл бойы мемлекеттiк органдар ұсынатын қызметтердiң 15 %-ы электронды нысанда iске асырылатын болады;
мемлекеттік қызметтер көрсету уақыты қысқартылады;
2006 жылы мемлекеттiк органдардың электронды құжат айналымының бiрыңғай жүйесiн енгiзу аяқталады;
2007 жылдың соңына қарай:
мемлекеттiк органдардың электронды қызметтерiне барынша кең қол жеткiзудi қамтамасыз ету мақсатында кемiнде 50 қоғамдық қол жеткiзу пункттері құрылатын болады;
мемлекеттiк органдардың электронды қызметтерiн пайдаланатын азаматтар мен ұйымдардың үлесi 2-3 eceгe ұлғайтылады, кемiнде 25 интерактивті және транзакционды қызметтер берiледi;
ұлттық сәйкестендiру жүйесi құрылатын болады, Қазақстан Республикасының экономикалық белсендi халқының 15-18%-ы смарт-технологиялар негiзiнде жаңа үлгiдегi жеке куәлiктер алады;
мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерi мен ресурстарын тиiмдi қорғау қамтамасыз етiлетiн болады;
салық төлеушiлер мен фискальды органдардың өзара iс-қимыл жасасу рәсiмдерiн жеңiлдету есебiнен салықтарды және бюджетке төленетін өзге де мiндеттi төлемдердi жинауды ұлғайту жоспарланады;
кәсiпкерлiктi және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар рыногын дамыту үшiн институционалдық жағдайларды жетiлдiру есебiнен мультипликативтi әсер күтiледi.