Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Латвия Республикасының Үкiметi арасында Терроризмге, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына, ұйымдасқан қылмысқа және өзге де қылмыстарға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келiсiм жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қазандағы N 1043 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Латвия Республикасының Үкiметi арасындағы Терроризмге, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына, ұйымдасқан қылмысқа және өзге де қылмыстарға қарсы күрестегi ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбековке Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Латвия Республикасының Үкiметi арасында Терроризмге, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына, ұйымдасқан қылмысқа және өзге де қылмыстарға қарсы күрестегi ынтымақтастық туралы келiсiм жасасуға өкiлеттiк берілсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба   

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Латвия
Республикасының Үкiметi арасындағы Терроризмге, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына, ұйымдасқан қылмысқа және өзге де қылмыстарға қарсы күрестегi ынтымақтастық туралы
Келісім

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Латвия Республикасының Yкіметi,
      терроризмге, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына, ұйымдасқан қылмысқа және өзге де қылмыстарға қарсы күресу мақсатында ынтымақтастықтың маңызды мәнi бар екенiне көз жеткiзе отырып,
      терроризмге қарсы бiрлесiп күрес жүргiзуге өздерiнiң ниеттерiн растай отырып,
      есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымының, оларды терiс пайдаланудың өскелең үрдiсiне алаңдаушылық бiлдiре отырып,
      заңсыз көшi-қонға және экономика саласындағы қылмыстарға қарсы күрес жөнiнде тиiмдi шаралар қабылдауға ниет білдiре отырып,
      төмендегiлер туралы келiсті:

  1-бап

      Егер Тараптар мемлекеттерінің аумағында қылмыс жасалатын немесе оларға дайындық жүргiзiлетiн болса, Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес терроризмге, есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына, ұйымдасқан қылмысқа және өзге де қылмыстарға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.

  2-бап

      Терроризмнiң кез келген көрiнiстерiмен күресу үшiн Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес, сондай-ақ осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес:
      1) терроризмнiң жоспарланған және жасалған актiлерi туралы террористік ұйымдар мен топтар, сондай-ақ мұндай қылмыстарға қатысатын адамдар туралы, мұндай қылмыстарды жасаудың нысандары мен әдiстерi және пайдаланылатын құралдар туралы ақпаратпен, сондай-ақ терроризмге қарсы күресу және Тараптардың қоғамдық және мемлекеттiк қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн қылмыстардың жолын кесу үшiн қажеттi мәлiметтермен алмасады;
      2) террористiк ұйымдар мен террористік қызметке қатысты адамдарға қолдау көрсету, оның iшінде қаржыландыру көздерi туралы ақпаратпен алмасады;
      3) қару-жарақты, оқ-дәрiлердi, әскери техниканы, жарылғыш және улы заттарды, ядролық және радиоактивтi материалдарды заңсыз сатумен айналысатын адамдар мен ұйымдар туралы, сондай-ақ оларды Тараптар мемлекеттерiнiң аумағы бойынша өткiзу арналары туралы ақпаратпен алмасады;
      4) террористік сипаттағы қылмыстардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге бағытталған Тараптардың бiреуiнiң сұрау салуы бойынша жедел iс-шараларды өткiзедi;
      5) қажет болған кезде терроризмге қарсы күрес, террористік көрiнiстерге қарсы iс-қимылдың нысандары мен әдiстерiне қатысты тәжiрибе алмасу мәселелерi бойынша бiрлескен жұмыс кездесулерi мен консультациялар өткiзедi.

  3-бап

      Құрамында есiрткi құралдары, психотроптық заттар бар өсiмдiктердi заңсыз өсiрудiң, есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды өндiрудiң, сақтаудың, өткiзудiң, олардың транзитi мен таратудың, оларды дайындауға пайдаланылатын аспаптардың және жабдықтардың заңсыз айналымының жолын кесу үшін Тараптар өз мемлекеттерiнің ұлттық заңнамасы негізiнде:
      1) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымына тартылған адамдар туралы; осы адамдардың жасырын баспаналары, көлiк құралдары және жұмыс әдiстерi туралы; есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың шығу жерi мен мақсаты туралы ақпаратпен, сондай-ақ есiрткi құралдарына, психотроптық заттар мен прекурсорларға байланысты қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге қажетті өзге де ақпаратпен алмасады;
      2) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымы әдiстерi туралы ақпаратпен алмасады;
      3) есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына және оларды терiс пайдалануға байланысты қылмыстар бойынша криминалистикалық және криминологиялық зерттеулердiң нәтижелерiмен алмасады;
      4) терiс мақсатта қолданылатын есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың үлгiлерiн бiр-бiрiнiң иелігіне ұсынады;
      5) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңды айналымын осы салада болуы мүмкiн терiс пайдалануларға ерекше назар аудара отырып, бақылау жөнiнде тәжiрибе алмасады;
      6) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымын болдырмау жөнiнде келiсiлген шаралар қабылдайды.

  4-бап

      Қылмысты, әсiресе, ұйымдасқан қылмысты анықтауда, алдын алуда, жолын кесуде және оның деңгейiн төмендетуде ынтымақтастықты жүзеге асыра отырып, Тараптар:
      1) ұйымдасқан қылмыстық қызметке тартылған адамдар, қылмыскерлердің байланыстары, ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрылымы, жекелеген қылмыскерлер мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың қарым-қатынастары, iстер жөнiндегi фактілер (әсiресе, қылмыстың жасалған уақыты, орны және әдiсi туралы), қылмыстардың дәрежесi мен түрлерi, қабылданған шаралар, сондай-ақ кез келген басқа да iске қатысты сол дәрежедегі детальдар туралы ақпаратпен алмасады;
      2) Тараптардың бiреуiнiң сұрау салуы бойынша сұрау салып отырған Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген жедел iс-шараларды жүзеге асырады;
      3) халықаралық қылмыс жасаудың әдiстерi мен оның жаңа нысандары саласындағы ақпаратпен және тәжiрибемен алмасады;
      4) өздерiнiң криминалистикалық, криминологиялық және басқа да iске қатысты криминалдық зерттеулердiң нәтижелерiмен алмасады. Тергеу және өздерiнiң жұмыс әдiстерiн қолдану жөнiндегi өздерiнiң тәжiрибесi және жабдықтар туралы оларды жетiлдiру мақсатында бiр-бiрiн өзара хабарландырады;
      5) қажет болған кезде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөнiнде өзара iс-қимыл жасасуды нығайту мақсатында мамандардың білiктілігін арттыру үшiн оларды өзара тағылымдамадан өткізедi, криминалистикалық, криминологиялық және сот медицинасы сараптамасы саласындағы тәжiрибемен және ғылыми жетістiктермен алмасады;
      6) қажет болған кезде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөнiнде бiрлескен iс-шараларды жүзеге асырады, оларды дайындау және оны iске асыру үшiн жұмыс кездесулерiн өткiзедi.

  5-бап

      Бұдан басқа, Тараптар ынтымақтастығы мыналарды:
      1) заңсыз көші-қонға қарсы күресті;
      2) заңсыз өндiрiлген кiрiстердi заңдастыруға, сондай-ақ заңсыз қаржы операцияларына қарсы күресті;
      3) осы Келiсiмде айтылған қылмыстық iс-әрекеттерге қарсы күрес саласындағы нормативтік кесiмдермен алмасуды;
      4) қылмыстық iс-әрекет нәтижесiнде туындаған заңсыз кiрiстер туралы ақпаратпен алмасуды;
      5) заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласындағы тәжiрибемен және нормативтiк кесiмдермен, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінiң аумағына шетелдiктердiң келу тәртiбiн реттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдермен алмасуды;
      6) адамдарды сатуға қарсы күресте екiншi Тарап үшін қажетті, сондай-ақ заңсыз көшi-қонды ұйымдастыруға қатысы бар заңды және жеке тұлғаларға және көшiп-қонушыларды ауыстырудың анықталған арналарына қатысты ақпаратпен алмасуды қамтиды.

  6-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн орындау мақсатында барлық байланыстар Тараптар мемлекеттерiнiң орталық құзыретті органдары арасында тiкелей жүзеге асырылады.
      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң орталық құзыреттi органдары мыналар болып табылады:
      1) Қазақстан тарапынан:
      Iшкi iстер министрлігі;
      Ұлттық қауiпсiздiк комитетi;
      Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгi (қаржы полициясы);
      2) Латвия тарапынан:
      Iшкі iстер министрлігі;
      Мемлекеттік кiрiс қызметi.
      Тараптар мемлекеттерiнiң орталық құзыретті органдары өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасы шеңберiнде бiр-бiрiмен тiкелей ынтымақтасады және жеке хаттамада өз ынтымақтастығының белгiлi бiр салалары мен нысандарын белгiлеуi мүмкiн.
      Әрбiр Тарап орталық құзыретті органдардың тiзбесiндегі өзгерiстер туралы басқа Тарапқа уақтылы хабарлап отырады.

  7-бап

      Ақпаратпен алмасу және осы Келiсiмде көзделген iс-әрекеттердi жүзеге асыру туралы сұрау салулар Тараптар мемлекеттерiнiң орталық құзыретті органдарына жазбаша нысанда жiберiледi. Сұрау салу мыналармен:
      1) сұрау салып отырған органды, сондай-ақ сұрау салу жiберiлген органды анықтайтын дәлелдi тұжырымдамамен;
      2) өзiне байланысты көмек сұратылатын iстiң сипаттамасымен;
      3) сұрау салудың мазмұнымен, сондай-ақ оның орындалуы үшiн қажеттi мәлiметтермен бiрге жүредi.
      Шұғыл жағдайларда Тараптар мемлекеттерiнiң орталық құзыреттi органдары осы Келiсiмнiң ережелерiн орындау туралы ауызша түрде алдын ала өтiнiш жасайды, бұл содан кейiн дереу жазбаша түрде расталуы тиiс.
      Егер сұрау салып отырған Тарап сұрау салудағы ақпаратты жеткiлiксiз деп тапса, ол қосымша ақпарат сұратуы мүмкiн. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары сұрау салуларды дереу орындайды.

  8-бап

      Ынтымақтастық барысында ұсынылған дербес деректердi қорғау мақсатында Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес мынадай шарттарды сақтайды:
      1) сұрау салатын Тарап сұрау салынатын Тарап белгiлеген мақсатта және шарттарда ғана дербес деректердi пайдаланады;
      2) сұрау салынатын Тараптың сұрауы бойынша сұрау салатын Тарап жеткiзiлген дербес деректердi пайдаланғаны және осы ретте алынған нәтижелер туралы ақпарат ұсынады;
      3) дербес деректер осы Келiсiмнiң 6-бабында белгiленген және осы Келiсiмде көзделген қылмыстарға қарсы күресті жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыреттi органдарына ғана жiберiлуi мүмкiн. Дербес деректер басқа билiк органдарына сұрау салынатын органның тек жазбаша келiсiмiмен ғана берiлуi мүмкiн;
      4) сұрау салынатын Тарап берiлуi тиiс дербес деректердiң дұрыстығына, сондай-ақ осындай берудің қажеттiлiгiне көз жеткiзедi. Бұл ретте басқа Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасында белгiленген дербес деректердiң жеткiзiлуiне шектеулер сақталады. Егер дұрыс емес немесе шектеулер қолданылатын дербес деректер жiберiлгенi дәлелденсе, онда сұрау салатын Тарап дереу бұл туралы хабарландырылады. Ол қажетті түзетулер енгiзедi немесе шектеулер қолданылатын дербес деректердi дереу жояды;
      5) мүдделi адамға, оның өтiнiшi бойынша, сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес оған қатысты берiлген дербес деректер және оларды пайдалану мақсаттары туралы анықтама берiлуi мүмкiн;
      6) дербес деректердi жiберу кезiнде сұрау салынатын Тарап өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес осы дербес деректердi жою үшін шекті мерзiмдi белгілейдi. Осыған қарамастан, жеткiзiлген дербес деректер олар қажетсiз болған жағдайда, жойылуы тиiс. Әрбiр Тарап алынған дербес деректердiң жойылғаны және мұндай жоюдың негiзi туралы дереу басқа Тарапқа хабарлайды. Алынған дербес деректер осы Келiсiмнiң қолданылу мерзiмi тоқтатылған кезде жойылады;
      7) әрбiр Тарап дербес деректердi жiберу, алу және жою тiркелiмiн жүргізедi;
      8) Тараптар алынған дербес деректердi рұқсатсыз алудан, өзгертуден немесе жариялаудан қорғайды.

  9-бап

      Тараптар осы Келiсiмдi орындау мақсатында алмасу нәтижесінде алынған барлық деректер мен ақпараттарды Тараптар мемлекеттерiнің ұлттық заңнамасына сәйкес қорғауға кепілдiк бередi. Беретiн Тарап белгiлеген қорғау дәрежесi өзгертуге жатпайды.
      Осы Келiсiмге сәйкес жеткiзiлген құжаттар, деректер мен техникалық жабдықтар сұрау салынатын Тараптың тек жазбаша келiсiмiмен ғана үшiншi мемлекетке берiлуi мүмкiн.

  10-бап

      Осы Келiсiмдi орындау жөніндегi шығыстарды Тараптар олардың өз мiндеттемелерiн орындауы үшiн қажеттi шекте дербес көтередi.
      Қажет болған жағдайда Тараптар осы Келiсiмнен туындайтын iс-әрекеттердi жүзеге асыру үшiн шығыстарды бiрге көтередi, бұл әрбiр нақты жағдайда өзара қолайлы уағдаластықтармен ресiмделедi. Тараптардың бiрлескен шығыстар бойынша мiндеттемелерi осы уағдаластықтармен реттеледi.

  11-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында Тараптар бiрлескен комиссия құруы мүмкiн. Тараптар комиссияның құрамы туралы дипломатиялық арналар бойынша бiр-бiрiн хабарландырады.
      Бiрлескен комиссияның отырыстары қажеттiлігіне қарай Тараптар мемлекеттерiнің аумақтарында кезек-кезек өткiзiледi. Әрбiр Тарап қажет болған кезде қосымша отырыс өткiзуге ұсыныс жасауы мүмкiн.

  12-бап

      Сұрау салынатын Тарап, егер сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң егемендігіне, қауiпсiздiгiне зиян келтiретiн болса немесе ұлттық заңнамасына қарама-қайшы келсе, сұрау салуды орындаудан толық немесе iшінара бас тартуы мүмкiн.
      Сұрау салуды орындаудан немесе iшiнара орындаудан бас тартқан жағдайда, бас тартудың немесе iшiнара орындаудың себептерiн көрсете отырып, сұрау салатын Тарапқа бұл туралы жазбаша түрде хабарланады.

  13-бап

      Тараптар ынтымақтастықты жүзеге асыру кезiнде осы Келiсiмнiң шеңберiнде орыс тiлiн пайдаланады.

  14-бап

      Тараптардың өзара келiсiмiмен осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгі болып табылатын хаттамалармен ресiмделедi.

  15-бап

      Осы Келiсiм Тараптардың мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен мiндеттемелердi қозғамайды.

  16-бап

      Осы Келiсiм оның күшіне енуiне қажетті мемлекетiшілiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi екiншi Тараптың өзiнiң осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтату ниетi туралы хабарламасын алған күнiнен бастап 6 ай өткенге дейiн күшiнде болады.

      200_ жылғы ___________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, латыш және орыс тiлдерiнде екi данада жасалды әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнің ережелерiн түсiндiруде келiспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тілiндегі мәтiнге жүгінедi.

      Қазақстан Республикасының      Латвия Республикасының
      Үкiметi үшiн                   Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады