Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Америка Құрама Штаттарының Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінiң арасындағы Жаппай қырып-жою қаруының инфрақұрылымын жоюға қатысты келiсiмге түзетуге қол қоюға келiсiм берiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi мен Америка Құрама Штаттары Қорғаныс министрлiгiнiң арасындағы Жаппай қырып-жою қаруының инфрақұрылымын жоюға қатысты келiсiмге түзету
Төменде "Келiсiм" деп аталатын, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi мен Америка Құрама Штаттары Қорғаныс министрлiгiнiң арасындағы Жаппай қырып-жою қаруының инфрақұрылымын жоюға қатысты 1995 жылғы 3 қазандағы келiсiмнiң VII бабының 2-тармағына сәйкес, 1996 жылғы 10 маусымдағы, 1998 жылғы 9 қыркүйектегi, 1999 жылғы 17 желтоқсандағы, 2000 жылғы 29 шiлдедегi, 2002 жылғы 31 мамырдағы, 2003 жылғы 2 сәуiрдегі және 2004 жылғы 28 маусымдағы түзетулердi ескере отырып, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi мен Америка Құрама Штаттарының Қорғаныс министрлiгi Келiсiмге мынадай түзетулер енгізуге келiседi:
1. III баптың 1-тармағындағы "алпыс алты миллион алты мың АҚШ доллары" деген сөздер "жүз миллион АҚШ доллары" деген сөздермен ауыстырылсын.
2. III баптың 2-тармағында "ЭMPM" деген сөзден кейiн "немесе ол тағайындаған атқарушы органдар" деген сөздер қойылсын.
3. III баптың 2-тармағындағы 2e тармақшасының нөмiрленуi оны 2g тармақшасы ете отырып өзгертiлсiн, 2d тармақшасының соңындағы "және" сөзi алып тасталсын және мынадай редакциядағы 2e және 2f жаңа тармақшалары қосылсын:
"e. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндiк және зооноздық жұқпалы аурулар ғылыми орталығының базасында қазiргi заманғы диагностикалық зертхананың құрылысын салу және Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтындағы және Ветеринариядағы мониторинг, референция, зертханалық диагностика және әдiснама ғылыми орталығындағы диагностикалық зертханаларды жаңғырту; құрылыстары аяқталғаннан кейiн барлық объектiлер Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң меншiгiне берiледi;
f. АҚШ-тың Қорғанысминi берген патогендер сынамаларынан алынған диагностикалық реагенттердi, моноклональды антиденелердi, генетикалық секвенцияларды қоса алғанда, диагностикалық немесе ғылыми-зерттеу материалдарын ұсыну, бiрақ олармен шектелместен; және"
4. III бапта 3 және 4-тармақтарының нөмiрленуi оларды 7 және 8-тармақтар ете отырып, өзгертiлсiн, сондай-ақ мынадай редакциядағы жаңа 3, 4, 5, 6-тармақтар қосылсын:
"3. Бiрлескен биологиялық ғылыми зерттеулер және эпидемиологиялық мониторинг шеңберiнде ЭМРМ немесе ол тағайындаған атқарушы органдар сұрау салынған патогендер сынамаларын АҚШ-тың Қорғанысминiне беруге және Орталық Азиядағы эпидемиологиялық жағдайға қатысты АҚШ Қорғанысминiмен ақпарат алмасуға жәрдемдеседi. Жоғарыда аталған барлық iс-әрекеттердiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орындалуына ЭМРМ немесе ол тағайындаған атқарушы органдар жауап бередi. Осы ынтымақтастық шарттары III баптың 6-тармағына сәйкес әзiрленетiн жыл сайынғы жоспарларда белгіленедi.
4. Тараптардың келiсуi бойынша ЭМРМ немесе ол тағайындаған атқарушы органдар барлық қауiптi патогендердi мынадай күзетілетiн орталықтандырылған зертханаларда: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндiк және зооноздық жұқпалы аурулар ғылыми орталығында - адам мен жануарлардың патогендерiн; Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгінiң Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында - жануарлардың патогендерiн; басқа да күзетiлетін орталықтандырылған зертханаларда жинақтайды және сақтайды. АҚШ Қорғанысминi молекулярлық диагностика құралдарын, жетілдiрiлген электронды байланыс құралдарын, сондай-ақ күзетiлетiн орталықтандырылған зертханаларға патогендердiң жұмыстық сынамаларын қауiпсiз және уақтылы тасымалдауға арналған жабдықты бере алады.
5. Орталықтандырылған зертханаларда орналастырылған қауiптi патогендер 2000 жылғы 5 желтоқсанда ұзартылған 1993 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Құрлықаралық баллистикалық зымырандардың шахталық ұшу қондырғыларын жоюға, авариялы жағдайлардың салдарларын жоюға және ядролық қаруды таратуды болдырмауға қатысты келiсiм қолданысының барлық уақытысында осы зертханаларда қалады.
6. ЭМРМ немесе ол тағайындаған атқарушы орган АҚШ Қорғанысминiмен ынтымақтасып, осы Келiсiмге сәйкес жүзеге асырылатын жобалардың әрқайсысына қатысты қазақстандық мердiгерлердiң функцияларын қоса алғанда, негізгі үмiттердi, талаптарды және мiндеттемелердi сипаттайтын жоспарды жыл сайын әзiрлейдi, әрi ЭМРМ немесе ол тағайындаған атқарушы орган Қазақстан Республикасының мүдделi министрлiктерiнiң және ведомстволарының келiсiмi бойынша осындай әрбiр жоспардың барабарлығын куәландырады.
Осы түзету қол қойылғаннан кейiн күшiне енедi және Келiсiмнiң қолданылу кезеңiнде күшiнде болады. Осы Келiсiм қолданысының тоқтатылғанына қарамастан, III баптың 5-тармағы 2000 жылғы 5 желтоқсанда ұзартылған 1993 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Құрлықаралық баллистикалық зымырандардың шахталық ұшу қондырғыларын жоюға, авариялы жағдайлардың салдарларын жоюға және ядролық қаруды таратуды болдырмауға қатысты келiсiмнiң қолданысы кезеңiнде Тараптар арасындағы өзара қарым-қатынасқа қатысты күшiнде қала бередi.
Осыны куәландыру үшiн өз үкiметтерiнен тиiстi түрде уәкiлеттiк алған төменде қол қоюшылар осы Түзетуге қол қойды.
200 __ жылғы "____" ___________ Астана қаласында және 200 __ жылғы "___" Вашингтон қаласында әрқайсысы орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды және де eкі мәтiннiң күшi бiрдей.
Қазақстан Республикасы Америка Құрама Штаттары
Энергетика және минералдық Қорғаныс министрлігі үшiн
ресурстар министрлiгi үшiн