Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң техникалық регламенттерiн үйлестіру негiздерi туралы келiсiмдi жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 12 қаңтардағы N 10 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң техникалық регламенттерiн үйлестiру негiздерi туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң техникалық регламенттерiн үйлестіру негiздерi туралы келiсiм жасалсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа
мүше мемлекеттердiң техникалық регламенттерiн
үйлестiру негіздерi туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (бұдан әрi - ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердің Үкіметтерi,
      ЕурАзЭҚ-тағы интеграциялық процестердi дамыту мақсатында,
      1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Бiрыңғай экономикалық кеңiстік туралы  шартты және 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
      өзара саудадағы негiзсiз шектеулердi жоюға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келiсті:

  1-бап

      Осы Келiсiмде мынадай терминдер пайдаланылады:
      "стандарт" - ерiктi түрде бiрнеше рет пайдалану, мақсатында өнiмнiң сипаттамалары, өндiру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, сату және кәдеге жарату, жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету процестерін жүзеге асыру ережелерi және сипаттамалары белгіленетін, көптеген мүдделi Тараптардың келiсiмi негiзiнде әзiрленген құжат. Стандарт сондай-ақ терминологияға, рәмiздерге, орауға, таңбалауға немесе заттаңбаларға және оларды түсiру ережелерiне қойылатын талаптарды қамтуы мүмкін;
      "халықаралық стандарт" - стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың көпшілiгi қол жеткiзе алатын стандарт;
      "өңiрлiк стандарт" - стандарттау жөнiндегi өңiрлiк ұйым қабылдаған және тұтынушылардың көпшілiгi қол жеткiзе алатын стандарт;
      "ұлттық стандарт" - стандарттау жөнiндегi ұлттық орган қабылдаған және тұтынушылардың көпшiлiгi қол жеткiзе алатын стандарт;
      "ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентi" - ЕурАзЭҚ шеңберiнде халықаралық шартпен қабылданған және қолданылуы мен орындалуы мiндетті техникалық peттeу объектiлерiне (өнiмдерге, оның iшiнде ғимараттарға, құрылымдарға және құрылыстарға, өндiру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, caту және кәдеге жарату процестерiне) қойылатын талаптарды белгiлейтiн құжат.
      Техникалық регламентте сәйкестiкті бағалау ережелерi мен нысандары, сәйкестендiру ережелерi, терминологияға, орауға, таңбалауға немесе заттаңбаларға және оларды салу ережелерiне қойылатын талаптар бола алады;
      "өнім" - материалдық-заттай нысанда ұсынылған және одан әрi шаруашылық және өзге де мақсаттарда пайдалануға арналған қызмет нәтижесi;
      "сәйкестіктi бағалау" - техникалық реттеу объектiсiне қойылатын талаптардың сақталуын тiкелей немесе жанама анықтау.

  2-бап

      1. ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттерi техникалық реттеу, азаматтардың өмiрi мен денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны қорғау, тұтынушыларды адастыратын әрекеттердiң алдын алу және өзара саудада негiзсiз шектеулердi жою саласында Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасын үйлестіру мақсатында қабылданады.
      ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттерiн өзге мақсаттарда қабылдауға рұқсат етiлмейдi.
      2. ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттерiндегi өнiмге, өндiру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, сату және кәдеге жарату процестерiне, сәйкестікті бағалау ережелерi мен нысандарына қойылатын мiндетті талаптар, сәйкестендiру ережелерi, терминологияға, орауға, таңбалауға немесе заттаңбаларға және оларды салу ережелерiне қойылатын талаптар толымды болып табылады және ЕурАзЭҚ-тың тиiстi техникалық регламентiне өзгерiстер енгiзу жолымен ғана өзгертіле алады.
      Тараптар өз мемлекеттерiнiң аумағында мемлекеттік қадағалаудан басқа, өнiмге және сәйкестiктi бағалау рәсiмдерiне қойылатын қосымша талаптарды қолданбай ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентiне сәйкес келетiн өнiмнiң айналысын қамтамасыз етедi.
      3. Халықаралық, өңiрлiк, ұлттық стандарттар, сондай-ақ ұлттық техникалық регламенттер толық немесе iшiнара ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттерiн әзiрлеу үшiн негiз ретiнде пайдаланыла алады.
      4. Осы Келiсiмнiң қолданысы санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық шараларды белгiлеуге және қолдануға таратылмайды.

  3-бап

      1. ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттерiн әзiрлеудi тәртiпке келтiру мақсатында ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық Кеңесi үкiмет басшылары деңгейiнде әзiрленуге жататын бiрiншi кезектегi ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерінің тiзбесiн бекiтедi.
      Көрсетілген тiзбенiң жобасын Тараптардың ұсыныстары бойынша ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті қалыптастырады.
      2. Тараптардың кез келгенi әзiрленуге жататын бiрiншi кезектегі ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерiнің тiзбесiн басшылыққа алып, ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентiн әзiрлеу туралы ұсынысты ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетiнiң қарауына енгiзуге құқылы. Ұсыныс қысқа техникалық-экономикалық негiздеменi қамтуы тиiс.
      3. ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық Кеңесi үкiмет басшылары деңгейiнде осы баптың 1-тармағында көрсетiлген тiзбе енгiзiлген ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентiн әзiрлеу туралы, оны әзiрлеудi қаржыландыру тәртiбi туралы шешiм қабылдайды және осындай регламентті әзiрлеудi жүзеге асыратын Тарапты (Тараптарды) анықтайды.
      4. ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентiн әзiрлеу тәртiбi осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын Қосымшада келтiрілген.

  4-бап

      Тараптардың әрқайсысы ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентiн қолданысқа өз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес енгiзедi және ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетінiң Хатшылығына осындай регламенттiң қолданылуы басталатын күні туралы хабарлайды. Хабарлама және ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентiн енгiзу туралы нормативтiк құқықтық кесiмнiң көшiрмесiн Тарап осы кесiм қабылданғаннан кейiн 30 күн iшiнде жiбередi.

  5-бап

      Осы Келiсiмге өзгерiстер Тараптардың өзара келiсiмi бойынша енгiзіледi және хаттамалармен ресiмделедi.

  6-бап

      Осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi жұмыстарды үйлестiрудi осы Келiсiмнiң депозитарийi болып табылатын ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті жүзеге асырады.

  7-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Келiсiмнен ол туралы депозитарийдi жазбаша хабардар ету жолымен шыға алады. Бұл Тарап үшiн осы Келiсiмнiң қолданысы депозитарий осындай хабарламаны алған күнiнен бастап 6 айдан кейiн тоқтатылады.

  8-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн қолдануға немесе түсiндiруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келiссөздер жолымен шешіледi немесе оны ЕурАзЭК-тың Соты шешедi.

  9-бап

      Осы Келiсiм депозитарийдiң Тараптар оның күшіне енуi үшiн қажеттi мемлекетішілiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнiнен бастап күшiне енедi.

      200__ жылғы "___" ________ ____________ қаласында орыс тiліндегі бiр түпнұсқалық данада жасалды. Түпнұсқалық данасы ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетiнде сақталады, ол әрбiр Тарапқа оның куәландырылған көшiрмесiн жiбередi.

       Беларусь             Қазақстан            Қырғыз
      Республикасының      Республикасының      Республикасының
      Yкіметi үшiн         Yкіметi үшiн         Үкiметi үшiн

                  Ресей                Тәжiкстан
                  Федерациясының       Республикасының
                  Үкiметi үшін         Үкiметi үшін

Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа
мүше мемлекеттердiң техникалық   
регламенттерiн үйлестіру негiздерi 
туралы келiсiмге қосымша     

ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентiн әзiрлеу
ТӘРТIБI

      1. ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық Кеңесi үкiмет басшылары деңгейiнде әзiрленуге жататын бiрiншi кезектегi ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерінің тiзбесiне енгiзiлген ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентiн әзiрлеу туралы, оны әзiрлеудi қаржыландыру тәртiбi туралы шешiм қабылдайды және осындай регламентті әзiрлеудi жүзеге асыратын Тарапты (Тараптарды) (бұдан әрi - әзiрлеушi) анықтайды.
      2. ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентiн (бұдан әрi - регламент) әзiрлеу әзiрлеушi мемлекеттің заңнамасында белгіленген рәсiмдерге сәйкес жүзеге асырылады.
      3. ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетiнiң Хатшылығы ЕурАзЭҚ-тың ресми басылымдарында регламенттi қабылдау мақсаттарын, техникалық реттеу объектілерінiң сипаттамасын, халықаралық стандарттар ережелерiнен немесе регламентті әзiрлеу сәтiнде ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң аумағында әрекет ететiн мiндетті талаптардан ерекшеленетiн талаптарды баяндауды қамтитын регламентті әзiрлеу туралы хабарламаны жариялайды.
      4. Регламенттi әзiрлеу туралы хабарлама жарияланғаннан кейiн әзiрлеушi регламент жобасын дайындауды жүзеге асырады және оны түсiндiрме жазбамен бiрге ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетiнiң Хатшылығына жiбередi.
      Түсiндiрме жазбада техникалық регламенттi қабылдау мақсаттары, техникалық реттеу объектілерiнiң қысқаша сипаттамасы, регламент жобасында халықаралық ережелердiң, нормалар мен ұсынымдардың ескерілгенi туралы мәлiметтер көрсетіледi.
      5. Регламент жобасын дайындау барысы 3 айда кемiнде 1 рет ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетi жанындағы Саудадағы техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық шаралар жөнiндегi комиссия (бұдан әрi - Комиссия) отырысында қаралады.
      Регламент жобасын қарау нәтижелерi әзiрлеушiге жiберіледi және ЕурАзЭҚ-тың ресми басылымдарында жарияланады.
      6. Тараптар Комиссия отырысынан бастап бiр айлық мерзiмде әзiрлеушiге регламент жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстар жiбередi.
      Комиссия отырысында регламент жобасын кезектi көпшiлiк алдында талқылау өткiзгенге дейiн бiр ай бұрын регламентті әзiрлеушi бұл жобаны Тараптардың ескертпелерi мен ұсыныстары жинағымен бiрге ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетiнiң Хатшылығына жiбередi. Регламент жобасын көпшілiк алдында талқылау мерзiмi кемiнде 4 айды құрайды.
      7. Комиссия мақұлдаған регламент жобасы, Тараптардың ескертпелерi мен ұсыныстарының жинағы ЕурАзЭҚ-тың ресми басылымдарында оны көпшiлiк алдында талқылаудың аяқталғаны туралы хабарламамен бiр уақытта жарияланады.
      8. Комиссия мақұлдаған регламент жобасы және Тараптардың ескерiлмеген ескертпелерi мен ұсыныстары жинағы ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетiнiң қарауына енгiзiледi.
      9. ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетi мақұлдаған регламент жобасы ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесiнiң қарауына енгiзiледi.
      10. Қабылданған регламент, сондай-ақ оны қолданысқа енгiзу туралы Тараптар мемлекеттерiнiң нормативтiк құқықтық кесiмдерi ЕурАзЭҚ-тың және Тараптар мемлекеттерiнiң ресми басылымдарында жарияланады.
      11. ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетiнiң Хатшылығы ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерiнiң тiзiлiмiн жүргiзедi.
      12. Регламенттердi қайта қарау осы Тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады