Өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң өндiрiсiн қолдау және рыногын дамыту шеңберiнде 2005 жылғы көктемгi дала және егiн жинау жұмыстарын жүргізудi ұйымдастырудың кейбiр мәселелерi туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 24 қаңтардағы N 52 Қаулысы

      "2005 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 8 желтоқсандағы N 1289  қаулысына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған "Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы" акционерлiк қоғамының қарыз алушыға 2005 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізудi ұйымдастыруға ақшалай қаражат беру ережесi бекiтілсiн.

      2. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары А.С. Есiмовке жүктелсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы     
Үкiметiнiң          
2005 жылғы 24 қаңтардағы N 52 
қаулысымен бекiтілген     

  "Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы" акционерлiк қоғамының қарыз алушыға 2005 жылғы көктемгі дала және eгін жинау жұмыстарын жүргiзудi ұйымдастыруға ақшалай қаражат беру ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы ереже "Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы" акционерлiк қоғамының қарыз алушыға көктемгі дала және егiн жинау жұмыстарын жүргiзу үшiн ақшалай қаражат (бұдан әрi - қаржыландыру) берудiң тәртiбi мен шарттарын айқындайды.
      2. Осы ережеде пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
      Корпорация - "Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы" акционерлiк қоғамы;
      қамтамасыз ету - Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкi немесе Корпорация белгiлейтiн ұйым берген мiндеттемелердi орындау кепілдігi;
      қарыз алушы - ұйымдастырушылық-құқықтық нысанына қарамастан ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушi, ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер бiрлестiгi.

  2. Қаржыландыру тәртiбi және шарттары

      3. Қаржыландыру көктемгi дала және егiн жинау жұмыстарын жүргiзу үшiн қарыз алушыға мақсатты қарыз (бұдан әрi - қарыз) беру жолымен не Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 27 наурыздағы N 371  қаулысымен  бекiтiлген Астықты және оны сақтау мен тасымалдау жөнiндегi қызметтер көрсетудi мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру мен жүргiзу ережесiнде белгiленген тәртiппен көктемгi-жазғы қаржыландыру жолымен қайтарымдылық, мерзiмдiлiк және қамтамасыз етушiлiк шарттарында Корпорацияның ақшалай қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      4. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi (бұдан әрі - Ауылшармині) әр облыс үшiн қаржыландыру сомасын және Қазақстан Республикасында өндiру үшiн басымдықты ауыл шаруашылығы дақылдарының ұсынымдық тiзбесiн айқындайды.
      5. Корпорация қаржыландыруды жүзеге асыру үшiн мерзiмдi баспасөз басылымдарында хабарландырулар жариялауды қамтамасыз етедi, оларда Корпорацияның атауы мен орналасқан жерi, қарыз алушылардың өтiнiмдердi беру мерзiмi және орны, сондай-ақ Корпорация айқындайтын басқа да қажетті ақпарат көрсетiледi.
      6. Қарыз алушылар қарыз алу үшiн облыс әкiмiнiң шешiмiмен облыс әкiмiнiң ауыл шаруашылығы мәселелерiне жетекшiлiк ететiн орынбасарының басшылығымен облыстық: ауыл шаруашылығы, жер ресурстары, қаржылық бақылау және статистика жөніндегі уәкiлеттi органдардың өкiлдерi құрамында әр облыста құрылған тиiстi жұмыс тобына (бұдан әрi - жұмыс тобы) мынадай құжаттардан тұратын өтiнiм бередi:
      осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;
      қарыз алушыға кепiлдiк беретiндігі туралы кепiлгердiң ниет-хаты;
      заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң, салық төлеушi куәлiгінiң және статистикалық карточкасының, не кәсiпкерлiк қызметпен айналысу құқығын растайтын құжаттың көшiрмелерi (шарт жасасу үшiн азаматтық құқық қабiлетiнiң бар екендiгiн растау үшiн);
      қосылған құн салығы бойынша есепке тұрғаны туралы куәлiктiң көшiрмесi, не салық төлеушiнiң тіркеу нөмiрi көрсетiлген және қарыз алушы бiрыңғай жер салығын төлеушi болып табылатынын және қосылған құн салығын төлеушi болып табылмайтынын растайтын салық қызметi органының анықтамасы.
      Қарыз алушылар растайтын құжаттардың көшiрмелерiн қоса бере отырып, өздерi туралы басқа да қосымша ақпарат беруi мүмкiн.
      7. Ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң тұқымдарын өндiру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын аттестатталған жеке немесе заңды тұлға болып табылатын қарыз алушылардың өтiнiмдерiн жұмыс тобы басым тәртiппен қарайды.
      8. Жұмыс тобы:
      облыста өндiру үшiн басымдықты ауыл шаруашылығы дақылдарының ұсынымдық тiзбесiне сәйкес әр облыс үшiн Ауылшарминi белгiлеген сома шегiнде, жұмыс тобының басшысы бекiтетiн қаржыландыру сомасын бөледi;
      қажет болған жағдайда бiр ауыл шаруашылығы дақылдарынан басқа ауыл шаруашылығы дақылдары түрлерiне қаражатты қайта бөлудi жүргiзедi;
      ұсынылған өтiнiмнiң толықтығын және дұрыстығын тексередi;
      қарыздардың талап етiлетiн сомалары мен өндiруге қарыз талап етiлетiн ауыл шаруашылығы дақылдарының атауларын көрсете отырып, қарыз алушылардың тiзбесiн жасайды;
      қарыз алушылар тұрғысында статистикалық есептiлiк (4-АШ нысаны) негiзiнде жасалған қарыз алушылардың басымдықты ауылшаруашылығы дақылдарын себуге берiлген қарызды мақсатты пайдаланғандығы туралы ақпаратты ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейiнгi мерзiмде Ауылшарминiнiң аумақтық басқармасына тапсырады.
      9. Қарыз берiлуi мүмкiн қарыз алушылардың тiзбесiне (бұдан әрi - қарыз алушылар тiзбесi) жұмыс тобының барлық мүшелерi қол қояды және оның басшысы бекiтедi. Жұмыс тобының мүшелері қабылданған шешiм үшiн дербес жауап береді.
      10. Жұмыс тобы өтiнiмдердi олар түскен күннен бастап 5 жұмыс күні iшiнде қарайды. Жұмыс тобының басшысы бекiткеннен кейiн қарыз алушылардың тізбесi 2 жұмыс күнінен аспайтын мерзiмде Корпорацияға жiберіледi.
      11. Жұмыс тобы 3 жұмыс күні ішінде қарау нәтижелерi бойынша қабылданған шешiм туралы қарыз алушыға хабарлама жiбередi.
      12. Корпорация қарыз алушылардың ұсынылған тiзбесiне сәйкес қарыз алушылармен тиiстi қарыз алу шарттарын жасасады.
      13. Қаржыландыру тек қарыз алушылардың қамтамасыз етудi ұсынуы шартымен жүзеге асырылады. Қарыз алу шарты және қамтамасыз ету Корпорация белгiлеген талаптарға сәйкес болуы тиiс. Бұл ретте:
      қамтамасыз ету сомасы қарыз сомасы мен Корпорация сыйақысының пайыздары мөлшерiнде айқындалады;
      қарыз алушы қамтамасыз етудi шартта белгіленген мерзiмде бермеген жағдайда, шартта Корпорацияның шартты орындаудан біржақты бас тартуы туралы жағдай көзделуi тиiс.
      14. Қарыз алу шарты жасалғаннан және қарыз алушы қамтамасыз етудi бергеннен кейiн Корпорация ақшалай қаражатты қарыз алушының ағымдық шотына аударады. Бұл ретте қарыз алушыларды жанар-жағар материалдарымен бiрiнші кезекте қамтамасыз ету үшiн Корпорация Ауылшарминiне көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуге қарыз алған қарыз алушылардың тiзбесін бередi.
      15. Қарыз алушылар алынған қарызды мынадай ауыл шаруашылығы дақылдарын: бидай, арпа, күріш, дәндік жүгерi, қытай бұршақ, күнбағыс өндiруге пайдаланған жағдайда - қарызды қайтару көрсетілген дақылдардың астығымен, оны заңнамада белгіленген тәртiппен Корпорация таңдап алған астық қабылдау кәсiпорындарына жеткiзу жолымен не қарыз алу шартына сәйкес ақшалай қаражатпен жүзеге асырылады. Бұл ретте жеткiзілетiн астықтың сандық-сапалық көрсеткiштерi қарыз алу шартында көзделген талаптарға сай болуы тиіс. Астықты қабылдауға, шартта көрсетілген кондицияға дейiн өңдеуге, сондай-ақ астық дақылдарының сапасын растайтын құжаттар төлемiне байланысты шығыстар қарыз алушыға жүктеледі.
      16. Жеткiзілетiн астықтың бағасын, нарықтық құнды ескере отырып, Корпорация белгілейдi. Егер де күзгi-қысқы кезеңде мемлекеттiк ресурстарға астық сатып алу үшiн жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен белгiленетiн астықты сатып алу бағасы қарыз алу шартында белгiленген бағадан жоғары болған жағдайда, Корпорация қарыз алу шартына қосымша келiсiмнiң негізiнде, көрсетілген бағалардың арасындағы айырмаға тең мөлшерде қосымша төлемдi жүзеге асырады.
      17. Қарыз алушылар алынған қарызды өзге ауыл шаруашылығы дақылдарын өндiруге пайдаланған жағдайда, қарызды қайтару қарыз алу шартына сәйкес ақшалай қаражатпен жүзеге асырылады.
      18. Корпорация көктемгi дала және егін жинау жұмыстарын жүргiзу үшiн бөлiнген ақшалай қаражатты толық игермеген жағдайда, Корпорация ақшалай қаражаттың қалдығын тiкелей астық сатып алу үшiн пайдалануы мүмкiн.
      19. Қарыз алушы қарыз алу шартын орындамаған немесе толық орындамаған жағдайда, Корпорация ұсынылған қамтамасыз ету бойынша талап ету құқығын пайдаланады.
      20. Қарызды беру мерзімiн, қарызды қайтару мерзiмi мен оның өзге де шарттарын Корпорация қарыз алу шартында белгілейдi.
      21. Облыстарда көктемгi дала және егiн жинау жұмыстары аяқталғаннан кейiн Корпорация Ауылшарминнiң сұрау салуы бойынша көктемгі дала және егiн жинау жұмыстарын жүргізуге қарыз алған қарыз алушылардың тiзiмiн бередi.

                           "Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы"
                            акционерлiк қоғамының қарыз алушыға
                         2005 жылғы көктемгі дала және егiн жинау
                            жұмыстарын жүргiзудi ұйымдастыруға
                              арналған ақшалай қаражат беру
                                    ережесiне қосымша

                                    _____________облысы бойынша
                               қарыз беру үшiн қарыз алушыларды
                               iрiктеу жөнiндегi жұмыс тобының
                                        басшысына

                             ӨТIНIШ

____________________________________негiзiнде iс-қимыл жасайтын
_____________________________________________________тұрғысында
       (заңды, жеке тұлғаның атауы)
_____________________________________________ жұмыстарын жүргiзу
мақсатында________________өндiру үшiн____________________теңге
сомасында қарыз берудi сұрайды.

      Қолы______________                 Заңды мекен-жайы:
      M.O.                               ________________
                                         ________________
                                         ________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады