"Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне соттарда қаралатын iстердiң аражігiн ажырату мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 31 наурыздағы N 292 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актілерiне соттарда қаралатын iстердiң аражiгiн ажырату мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                                              жоба

"Қазақстан Республикасының кейбiр заң
актілерiне соттарда қаралатын iстердiң аражігін
ажырату мәселелерi бойынша өзгерiстер мен
толықтырулар енгiзу туралы"
Қазақстан Республикасының Заңы

      Қазақстан Республикасының төмендегі заң актілерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгізілсiн:

      1. 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу  кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 23, 335-құжат; 1998 ж., N 23, 416-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 8, 53-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 17-18, 245-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 32, 33-құжаттар; N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат; 2003 ж., N 18, 142-құжат; 2004 ж., N 5, 22-құжат; N 23, 139-құжат; N 24, 153, 154, 156-құжаттар):
      1) 50-баптың бiрiншi бөлiгі мынадай мазмұндағы 8), 9) тармақтармен толықтырылсын:
      "8) тиiстi сараптама жүргiзу;
      9) осы кодекстің 55-тарауында көзделген тәртiппен құқықтық көмек алуға байланысты іс жүргізу әрекеттерін жүргізу қажет болған жағдайда сот iс бойынша басты cот талқылауын дәлелдi қаулысымен тоқтата тұруы мүмкiн.";
      2) 70-баптың екiншi бөлiгі мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Адвокаттың қорғаушы ретiнде қатысуына жол беріледi. Адвокатпен қатар сезiктiнiң және айыпталушының құқықтары мен мүдделерін қорғауға айыпталушының жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына немесе заңды өкiлдерiне, өз бiрлестіктерi мүшелерінің iстерi бойынша кәсiподақтың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң өкілдеріне қорғаушы ретiнде қатысуға жол беріледi. Шетелдiк адвокаттарға, егер ол Қазақстан Республикасының тиiсті мемлекетпен халықаралық шартында өзара негiзде көзделсе, заңдарда белгiленген тәртіппен iске қорғаушы ретiнде қатысуға жол берiледi.";
      3) 290-баптың екiншi бөлігіндегі ", сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының" деген сөздер алынып тасталсын;
      4) 291-баптың төртiншi бөлігіндегі "наразылықтары, ұсынымдары" деген сөздер "шағымдары, наразылықтары" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5) 292-бапта:
      бiрiншi бөліктегі "бiрiншi" деген сөз алынып тасталсын;
      екiншi бөлiк алынып тасталсын;
      үшінші, төртiншi, 4-1-бөліктep мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөніндегi алқасы облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың заңды күшіне енбеген үкiмдерiне апелляциялық шағымдар, прокурордың наразылықтары бойынша iстердi, сондай-ақ осы соттардың заңды күшiне енбеген қаулыларына жеке шағымдарды, прокурордың наразылықтарын апелляциялық тәртіппен қарайды.
      4. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бiрiншi сатыдағы соттардың үкімдерi мен қаулыларына, облыстық және оған теңестiрiлген соттың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты алқаларының апелляциялық қаулыларына, сондай-ақ алдын ала және қадағалау тәртiбiмен қабылдаған қаулыларына қадағалау шағымдары және наразылықтары бойынша iстерді қарайды.
      4-1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы осы Кодекстiң 458-бабының үшіншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасының қаулысына наразылықтары бойынша iстердi қарайды.";
      6) 299-баптың екiншi бөлiгiнде:
      2) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "iсті алдын ала тыңдауды өткiзу туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.";
      3), 4), 5), 6) тармақтар алынып тасталсын.
      7) 301-баптың бiрiншi бөлігіндегi "осы Кодекстiң 299-бабы екiншi бөлiгiнiң 2)-6) тармақтарында көрсетілген" деген сөздер "iстi қосымша тергеуге қайтару туралы, iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру туралы, iстi қай соттың қарауына жататынына орай жiберу туралы, iсті қысқарту туралы, қылмыстық iстердi бiрiктiру туралы" деген сөздермен ауыстырылсын;
      8) 302-баптың бесiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Басты сот талқылауы iстің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және әдiл зерттеу үшiн қажетті ақылға сыйымды мерзiмде, бiрақ екі айдан аспайтын уақытта аяқталуға тиiс. Бұл мерзiм соттың дәлелдi қаулысымен ерекше жағдайларда ұзартылуы мүмкiн. Мерзiмнiң әр ұзартылуы бiр айдан аспауға тиiс.";
      9) 396-баптың бiрiншi бөлігіндегi "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының үкiмдерiн қоспағанда" деген сөздер алынып тасталсын;
      10) 399-баптың бiріншi бөлiгiндегi "он" деген сөз "отыз" деген сөзбен ауыстырылсын;
      11) 403-баптың үшінші бөлiгіндегi "он" деген сөз "отыз" деген сөзбен ауыстырылсын;
      12) 408-бапта:
      бiрiншi бөлiк мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:
      "Iстi апелляциялық сатыда қарау күні істің апелляциялық сатыда мұқият зерделенуi, ал тараптар апелляциялық сатының отырысына қатысуға нақты мүмкiндiк алатындай мерзiм есепке алына отырып белгіленуге тиiс.";
      екiншi бөлiктiң екiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қамауда отырған сотталғаннан оның жағдайын нашарлатуға бағытталған шағымды немесе прокурордың наразылығын қарау кезiнде апелляциялық сатыға қатысу туралы өтінiш түскен жағдайда бiрiншi сатыдағы cот iстi сотталғанның тiкелей қатысуымен не ғылыми-техникалық құралдарды қолдана отырып қарау туралы қаулы шығарып, оны орындау үшiн тиiсті органға жiбередi.";
      үшінші бөлiк мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Сотталған адамның жағдайының нашарлағаны туралы мәселе қойылған жәбiрленушiнiң (азаматтық талапкердiң) апелляциялық шағымы, прокурордың наразылығы бойынша іс қаралып жатқан кезде не іс бойынша сотқа дейiн iс жүргiзу және iсті бiрiншi сатыда қарау айыпталушының қатысуынсыз жүргізiлген жағдайларда адвокаттың апелляциялық сатыға қатысуы мiндеттi. Өзге жағдайларда адвокат апелляциялық сатыға осы Кодекстің 71-бабымен көзделген тәртiп бойынша қатыса алады.";
      13) 409-бапта:
      үшiншi бөлiк "eгep олар мәлімделсе," деген сөздерден кейiн "олар бойынша процеске қатысушылардың пiкiрiн анықтайды, содан кейiн сот" деген сөздермен толықтырылсын;
      төртiншi бөлiк мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Iсті қарау iске қатысушылардың өздерiнiң апелляциялық (жеке) шағымдарының, наразылықтарының уәждерi мен дәлелдерiн, пікірлерін бiлдiре баяндауы, оларда бiлдiрiлген қарсылықтар ескерiле отырып сөз сөйлеу ретін анықтаудан басталады. Егер айыптаушы тараптың шағымында, наразылығында сотталғанның (ақталғанның) жағдайының нашарлағаны туралы мәселе қойылса, қорғаушы тарап айыптаушы тараптың сөзi тыңдалғаннан кейiн сөйлейдi.";
      14) 422-бап мынадай мазмұндағы тоғызыншы бөлiкпен толықтырылсын:
      "9. Апелляциялық сатының соты айқын қате жазуларды түзету және түсiнiксiз жағдайларды түсiндiру туралы мәселенi қарау қажет болған жағдайда апелляциялық қаулының мәнiн өзгертпей, қосымша қаулы шығаруға құқылы.";
      15) 423-баптың екiншi бөлігіндегі "жетi" деген сөз "он" деген сөзбен ауыстырылсын;
      16) 447-баптың бiрiншi бөлiгiндегі екiншi сөйлем алынып тасталсын;
      17) 448-баптың төртiншi бөлiгі мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Апелляциялық сатының қаулысы ол жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді.";
      18) 458 және 459-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "458-бап. Сот қадағалауы тәртiбiмен қайта қарауға жататын
                сот aктілepi

      1. Заңды күшіне енгеннен кейiн:
      1) бiрiншi сатыдағы соттардың үкiмдерi мен қаулылары;
      2) апелляциялық және қадағалау қаулылары сот қадағалауы тәртiбiмен қайта қаралуы мүмкiн.
      2. Заңды күшіне енген ақтау үкiмдерi, сондай-ақ соттардың мемлекеттік және жеке айыптаушының осы Кодекстің 109, 110, 111-баптарында көзделген мәселелер бойынша айыптаудан бас тартуына байланысты шығарылған iсті қосымша тергеу жүргiзу үшiн немесе жаңадан қарауға жiберу туралы қаулылары сот қадағалауы тәртiбiмен қайта қарауға жатпайды.
      Аса ауыр емес қылмыстар туралы заңды күшіне енген айыптау үкiмдерi Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасында қайта қарауға жатпайды.
      3. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қадағалау алқасының қаулысын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысында қайта қарауға алқа қабылдаған қаулы адамдардың өмiрi, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауiпсiздігі үшiн орны толмас ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкiн екені туралы мәлiметтердiң анықталуына байланысты Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша ерекше жағдайларда жол берiледi.
      4. Осы Кодекстiң 459-бабында көрсетiлген негiздер болмаған жағдайда жаза тым жеңiл деген уәжбен берiлген қадағалау шағымы және наразылық қадағалау алқасының өндiрiсiне қабылданбауы тиiс.";

      459-бап. Заңды күшіне енген үкiмдер мен қаулыларды сот
               қадағалауы тәртiбiмен қайта қараудың негiздерi

      Заңды күшіне енген үкiмдердi, қаулыларды сот қадағалауы тәртiбiмен қайта қарауға оларды шығару кезiнде адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол берiлуi, заңның дұрыс қолданылмауы не процессуалдық құқық нормаларының не дәуiр бұзылуы, сондай-ақ сот актiсiнiң мемлекеттің немесе қоғамның мүдделерiн қозғауы не адамдардың өмiрiне, денсаулығына орны толмас ауыр зардап әкелуi мүмкiн екендiгі негiз болып табылады.
      Өлiм жазасы туралы үкiмдер және өмiр бойы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған үкiмдер қадағалау тәртiбiмен қайта қаралуға жатады.";
      19) 460-бапта:
      екiншi бөлiкте:
      1) тармақтағы "қылмыстық iстер жөнiндегi алқасы мен" деген сөздер алынып тасталсын;
      2) тармақтағы "және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөніндегі алқасына" деген сөздер алынып тасталсын;
      3-1 және бесiншi бөлiктер алынып тасталсын;
      20) 463, 464, 465 және 466-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "463-бап. Қадағалау шағымын немесе прокурордың наразылығын
                алдын ала қарау

      1. Cот актiсiн қадағалау тәртiбiмен қайта қарау туралы қадағалау шағымы немесе прокурордың наразылығы облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының тапсыруы бойынша алдын ала зерделенедi әрi облыстық және оған теңестiрiлген соттың немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқаларының үш судьясының құрамында сотта қаралады. Қажет болған жағдайда қылмыстық iс сұратылуы мүмкiн.
      2. Шағым немесе прокурордың наразылығы түскен күннен бастап бiр айдың iшінде, ал iс сұратылған жағдайда - iс түскен күннен бастап бiр айдың iшiнде қаралады.
      3. Қадағалау шағымын немесе прокурордың наразылығын алдын ала қарау күнi туралы прокурорға, сондай-ақ шағымды берген адамдарға хабарланады, алайда олардың келмеуi iс бойынша iс қозғауға негiздiң бар немесе жоқ екендiгi туралы мәселенi сот қадағалауы тәртiбiмен шешуге кедергі болмайды.

      464-бап. Қадағалау шағымын немесе прокурордың наразылығын
               алдын ала қараудың нәтижелерi бойынша қабылданатын
               шешiмдер

      1. Қадағалау шағымын немесе прокурордың наразылығын алдын ала қараудың нәтижелерi бойынша сот:
      1) шағым беріліп отырған сот актiсiн қайта қарау бойынша қадағалау iсiн қозғау және қадағалау шағымын, прокурордың наразылығын қылмыстық iстi алдыра отырып қадағалау сатысында қарау туралы;
      2) шағым беріліп отырған сот актiсiн қайта қарау бойынша қадағалау iсiн қозғаудан бас тарту туралы;
      3) қадағалау шағымын немесе прокурордың наразылығын керi қайтару туралы қаулы шығарады.
      2. Соттың қадағалау шағымын немесе прокурордың наразылығын алдын ала қараудың нәтижелерi бойынша шығарған қаулысында:
      1) қаулының шығарылған күнi мен орны;
      2) шағымды, наразылықты қараған және қаулы шығарған тиiстi сот судьяларының тегi мен аты-жөні;
      3) дауланып отырған сот актiсi көрсетiле отырып қаулы шығарылған iс;
      4) қадағалау шағымының, наразылықтың иесi;
      5) шағымда, наразылықта келтiрiлген дәлелдер;
      6) шағымдалып отырған сот актісiн қайта қарау немесе бұдан бac тарту не қадағалау шағымын, прокурордың наразылығын оларды берген адамдарға қайтару жөнiнде қадағалау iсiн қозғаудың негiздерi;
      7) осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген шешiмдердiң бiрi жазылады.
      3. Қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы оны берген адамға мынадай негiздер бойынша керi қайтаруға жатады:
      1) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы осы Кодекстің 462-бабының талаптарына сәйкес келмесе;
      2) қадағалау шағымын немесе прокурор наразылығын заңды күшiне енген осы сот актiсiне осы Кодекстің 460-бабына сәйкес шағым беруге, наразылық келтiруге құқығы жоқ адамдар берсе;
      3) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы осы Кодекстің 461-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетілген мерзiм өткеннен кейiн берілсе;
      4) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы олар мәнi бойынша қаралғанға дейiн қайтарылып алынса;
      5) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы қадағалау сатысына соттардың қарауына жататын iстердiң осы Кодекстің 291, 292-баптарында белгiленген тәртібi бұзыла отырып берілсе;
      6) осы Кодекстің 458-бабына сәйкес сот қадағалауы тәртiбiмен қайта қарауға жатпайтын сот актілерiне қадағалау шағымы берілсе немесе прокурор наразылығы келтiрiлсе;
      7) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы осы Кодекстiң 459-бабымен көзделмеген негiздер бойынша берілсе.
      Қадағалау шағымын және прокурор наразылығын қайтаруға негiз болған кемшiлiктер жойылған жағдайда олар жалпы негізде қайта берiлуi мүмкін.
      4. Қадағалау шағымын немесе прокурордың наразылығын алдын ала қараудың нәтижелерi бойынша қабылданған қаулы көшiрмесi қадағалау шағымының немесе наразылықтың иесiне жiберiледi.

      465-бап. Қадағалау сатысының сот отырысын тағайындау

      1. Қадағалау сатысы соттың қадағалау iсiн қозғау туралы қаулысын алғаннан кейiн тараптарға қадағалау шағымының немесе прокурор наразылығының көшiрмелерiн жiбередi, оларға iстiң қадағалау сатысында қаралатыны, сот отырысының күнi, уақыты мен орны туралы хабарлайды.
      2. Іс қадағалау сатысына түскен күннен бастап бір айдың iшiнде немесе iс қадағалау iсiн қозғау туралы қаулымен бiрге қадағалау сатысына берiлген күннен бастап бiр айдың ішінде қаралуға тиiс. Дәлелдi себептер болған жағдайда iсті қарау мерзiмi соттың дәлелдi қаулысымен ұзартылуы мүмкін.

      466-бап. Сот үкiмiнiң, қаулысының орындалуын тоқтата тұру

      1. Қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы сот отырысында қарағанға дейiн сот шағым берілiп отырған, наразылық келтiрiлген сот актiсiн, егер қадағалау шағымында немесе наразылықта бұл туралы өтiнiш болса, қадағалау сатысында iс жүргiзу аяқталғанға дейiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      2. Сот актiсінің орындалуын тоқтата тұру туралы қаулы шағым беруге, наразылық келтiруге жатпайды, егер сот актісi орындауға жiберiлмесе ол орындау үшiн тиiсті сотқа не оны орындайтын органға дереу жiберіледi.
      3. Ақтау үкiмдерi немесе iстi қысқарту туралы қаулылар тоқтата тұруға жатпайды.
      4. Сот алдын ала қараудың қорытындылары немесе қадағалау шағымын немесе прокурор наразылығын мәнi бойынша қарау туралы қаулы шығара отырып, шағым берiлген, наразылық келтiрiлген актіні тоқтата тұру туралы қаулының күшін жояды.";
      21) 471-баптың екiншi бөлiгi мынадай мазмұндағы 6) тармақпен толықтырылсын:
      "6) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң соттың сот актісін шығару кезінде қолданған заңды конституциялық емес деп тануы.".

      2. 1999 жылғы 13 шілдедегi Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу  кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентiнің Жаршысы, 1999 ж., N 18, 644-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 10, 244-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 21-22, 281-құжат; N 24, 338-құжат 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 10, 49-құжат; N 14, 109-құжат; N 15, 138-құжат; 2004 ж., N 5, 25-құжат; N 17, 97-құжат; N 24, 153-құжат):
      1) 28-баптың бiрiншi бөлігінің 2) тармақшасы алынып тасталсын;
      2) 30-бапта:
      бiрiншi бөлiкте 2) саны алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 1-2 бөлiкпен толықтырылсын:
      "1-2. Әскери соттар Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшілерінің, әскери шақыруларға қатысып жүрген азаматтардың лауазымды адамдардың және әскери басқару органдарының әрекеттерiне (әрекетсiздігіне) шағымдану туралы азаматтық iстердi қарайды. Әскери соттар, егер тараптардың бiрi әскери қызметшi, әскери басқару органдары, әскери мекемелер болып табылса, онда басқа да азаматтық iстердi қарауға құқылы.";
      3) 264-баптың екiншi бөлігіндегі "он бec" деген сөздер "отыз" деген сөзбен ауыстырылсын;
      4) 334-баптың үшінші бөлігіндегi "сот түпкiлiктi түрде шешiм шығарғаннан кейiн он бес күн" деген сөздер "cот шешiмдi жариялағаннан кейiн отыз күн" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5) 344-бапта:
      бiрiншi бөлiктiң екiншi абзацындағы "қаулылары" деген сөз "ұйғарымдары" деген сөзбен ауыстырылсын;
      үшінші бөлiктегі "қаулыларына", "қаулы", "он" деген сөздер тиiсiнше "ұйғарымдарына", "ұйғарым", "отыз" деген сөздермен ауыстырылсын;
      бесiншi бөлiктегi "ұйғарым", "наразылық білдiруге" деген сөздер тиiсiнше "сот қаулысы", "наразылық келтiруге" деген сөздермен ауыстырылсын; "ұйғарым" деген сөзден кейiн "осы кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда" деген сөздермен толықтырылсын;
      алтыншы бөлiктiң 1) тармақшасындағы "қаулыны" деген сөз "ұйғарымды" деген сөзбен, 2), 3) тармақшалардағы "қаулының" деген сөздер "ұйғарымның" деген сөздермен ауыстырылсын;
      6) 384-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "384-бап. Сот қадағалауы тәртiбiмен қайта қарауға жататын сот
                актілері

      1. Заңды күшіне енгеннен кейiн:
      1) бiрiншi сатыдағы соттың шешімдерi және апелляциялық қаулылар;
      2) бiрiншi сатыдағы соттың апелляциялық тәртiппен қаралған ұйғарымдары және iстің әрi қарай жылжуына кедергi келтiретiн апелляциялық қаулылар;
      3) істе тарап болып табылмайтын адамдардың мүдделерін қозғайтын сот актілері сот қадағалау тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.
      2. Заңды күшіне енген сот бұйрықтары, бірінші сатыдағы соттың ұйғарымдары, осы баптың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген ұйғарымдарды, қаулыларды қоспағанда, сот қадағалауы тәртібімен қайта қарауға жатпайды.
      3. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қадағалау алқасының қаулысын қайта қарауға және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысында қарауға алқа қабылдаған қаулы адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауiпсiздiгi үшін орны толмас ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкiн екенi туралы мәлiметтердің анықталуына байланысты Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша ерекше жағдайларда жол беріледi.";
      7) 385-бапта:
      екiншi бөлiкте:
      1) тармақшада "азаматтық iстер жөнiндегi алқасы мен" деген сөздер алынып тасталсын;
      2) тармақшада "және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық iстер жөнiндегі алқасына" деген сөздер алынып тасталсын;
      4-1 және бесiншi бөлiктер алынып тасталсын;
      8) 386, 387-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "386-бап. Iстi қадағалау тәртiбiмен қарайтын соттар

      1. Облыстық және оған теңестiрілген соттың қадағалау алқасы:
      1) аудандық және оларға теңестірілген соттардың заңды күшіне енген шешiмдерiне;
      2) осы соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқасының апелляциялық қаулыларына қадағалау шағымдары, прокурор наразылықтары бойынша iстердi қарайды.
      2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасы:
      1) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық iстер жөнiндегi алқасының iстердi бiрiншi саты бойынша қарау кезiнде шығарған шешiмдерiне, қаулыларына, ұйғарымдарына;
      2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық iстер жөнiндегi алқасының iстердi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде шығарған қаулыларына;
      3) облыстық және оған теңестiрілген соттың қадағалау алқасының қаулыларына немесе ұйғарымдарына қадағалау шағымдары бойынша iстердi қарайды.
      3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы осы Кодекстiң 384-бабының үшінші бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасының қаулысына наразылықтары бойынша iстердi қарайды.

      387-бап. Заңды күшіне енген сот актілерiн сот қадағалауы
               тәртiбiмен қайта қарау негiздерi

      Шешімдер мен қаулыларды шығару кезiнде адамның конституциялық құқықтары мен нормаларының бұзылуы, талап сомасы он мың айлық есептік көрсеткiш сомасынан асқан жағдайда жеке тұлғалардың және талап сомасы отыз мың айлық есептiк көрсеткіш сомасынан асқан жағдайда заңды тұлғалардың мүлiктік мүдделеріне байланысты iстер бойынша материалдық немесе процессуалдық құқық нормаларының едәуiр бұзылуы, не cот актiсінің мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделердi, мемлекет қауiпсiздiгiн қозғауы заңды күшіне енген шешімдер мен қаулыларды сот қадағалауы тәртiбiмен қайта қарау үшін негiз болып табылады.";
      9) 392-бап алынып тасталсын;
      10) 393, 394, 395 және 396-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "393-бап. Шағымды немесе прокурор наразылығын алдын ала қарау

      1. Қадағалау шағымы немесе прокурордың наразылығы облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының тапсыруы бойынша алдын ала зерделенеді әрi облыстық және оған теңестiрiлген соттың немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқаларының үш судьясының құрамында сотта қаралады. Қажет болған жағдайда азаматтық iс сұратылуы мүмкiн.
      2. Шағым немесе прокурордың наразылығы түскен күннен бастап бір айдың iшiнде, ал іс сұратылған жағдайда - іс түскен күннен бастап бiр айдың iшiнде қаралады.
      3. Қадағалау шағымын немесе прокурордың наразылығын алдын ала қарау күнi туралы прокурорға, сондай-ақ шағымды берген адамдарға хабарланады, алайда олардың келмеуі іс бойынша іс қозғауға негiздiң бар немесе жоқ екендiгi туралы мәселенi cот қадағалауы тәртiбiмен шешуге кедергi болмайды.

      394-бап. Қадағалау шағымын немесе прокурор наразылығын алдын
               ала қараудың нәтижелерi бойынша қабылданатын шешiмдер

      1. Қадағалау шағымын немесе прокурордың наразылығын алдын ала қараудың нәтижелерi бойынша сот:
      1) шағым берiліп отырған сот актiсiн қайта қарау бойынша қадағалау iсiн қозғау және қадағалау шағымын, прокурордың наразылығын азаматтық iстi алдыра отырып қадағалау сатысында қарау туралы;
      2) шағым беріліп отырған сот актісін қайта қарау бойынша қадағалау iсін қозғаудан бас тарту туралы;
      3) қадағалау шағымын немесе прокурордың наразылығын керi қайтару туралы қаулы шығарады.
      2. Соттың қадағалау шағымын немесе прокурордың наразылығын алдын ала ажыраудың нәтижелерi бойынша шығарған қаулыларында:
      1) қаулының шығарылған күнi мен орны;
      2) шағымды, наразылықты қараған және қаулы шығарған тиiсті сот судьяларының тегi мен аты-жөнi;
      3) дауланып отырған сот актісі көрсетiле отырып қаулы шығарылған іс;
      4) қадағалау шағымының, наразылықтың иесi;
      5) шағымда немесе наразылықта келтiрiлген дәлелдер;
      6) қадағалау iсiн қозғау немесе бұдан бас тарту не қадағалау шағымын, прокурордың наразылығын оларды берген адамдарға қайтару негiздерi көрсетiлуге тиiс;
      7) қаулының қарар бөлігінде осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген шешiмдердiң бiрi жазылады.
      3. Қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы оларды берген адамға мынадай негiздер бойынша керi қайтаруға жатады:
      1) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы осы Кодекстiң 391-бабының талаптарына сәйкес келмесе;
      2) қадағалау шағымын немесе прокурор наразылығын заңды күшiне енген осы сот актiсiне осы Кодекстiң 385-бабына сәйкес шағым беруге, наразылық келтiруге құқығы жоқ адамдар берсе;
      3) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы осы Кодекстiң 388-бабының бiрiншi бөлiгінде көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн берілсе және оны қалпына келтiру үшiн дәлелдi себептер болмаса;
      4) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы олар мәнi бойынша қаралғанға дейiн қайтарылып алынса;
      5) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы қадағалау сатысына соттардың қарауына жататын iстердiң тәртiбi бұзыла отырып берілсе;
      6) осы Кодекстiң 384-бабының екiншi бөлігіне сәйкес сот қадағалауы тәртiбiмен қайта қарауға жатпайтын сот актілерiне қадағалау шағымы берiлсе немесе прокурор наразылығы келтiрілсе;
      7) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы осы Кодекстiң 387-бабымен көзделмеген негiздер бойынша берiлсе.
      Қадағалау шағымын немесе наразылықты қайтаруға негіз болған кемшiлiктер жойылған жағдайда олар жалпы негiзде қайта берiлуi мүмкiн.
      4. Қадағалау шағымын немесе прокурордың наразылығын алдын ала қараудың нәтижелерi бойынша қабылданған қаулы көшiрмесi қадағалау шағымының немесе наразылықтың иесiне жiберіледi.

      395-бап. Қадағалау сатысының сот отырысын тағайындау

      1. Қадағалау сатысы соттың қадағалау iсiн қозғау туралы қаулысын алғаннан кейiн тараптарға қадағалау шағымының, прокурор наразылығының көшiрмелерiн жiбередi, оларға iстiң қадағалау сатысында қаралатыны, сот отырысының күнi, уақыты мен орны туралы хабарлайды.
      2. Қадағалау сатысындағы iс ол сотқа түскен күннен бастап не iс қадағалау iсiн қозғау туралы қаулымен бiрге қадағалау сатысына берiлген күннен бастап бiр айдың ішінде қаралуға тиiс. Дәлелдi себептер болған жағдайда iстi қарау мерзiмi соттың дәлелдi қаулысымен ұзартылуы мүмкiн.

      396-бап. Сот актiсінің орындалуын тоқтата тұру

      1. Қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы сот отырысында қаралғанға дейiн сот шағым берілiп отырған, наразылық келтiрiлген сот актiсiн, егер қадағалау шағымында немесе наразылықта бұл туралы өтiнiш болса, қадағалау сатысында iс жүргiзу аяқталғанға дейiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      2. Сот актiсінің орындалуын тоқтата тұру туралы қаулы шағым беруге, наразылық келтiруге жатпайды, егер сот актiсi орындауға жіберiлмесе ол орындау үшін тиiстi сотқа не оны орындайтын органға дереу жiберiледi.
      3. Сот алдын ала қараудың қорытындылары немесе қадағалау шағымын немесе прокурор наразылығын мәнi бойынша қарау туралы қаулы шығара отырып, шағым берiлген, наразылық келтiрiлген актіні тоқтата тұру туралы қаулының күшін жояды.";
      11) 402-бап алынып тасталсын;
      12) 404-бапта:
      4) тармақшада "күшін жою" деген сөздерден кейін нүктелі үтiр қойылып, "негiздер болып табылады" деген сөздер алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
      "5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің сот актiсiн шығару кезiнде сот қолданған заңды конституциялық емес деп тануы негіз болып табылады.".

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады