"Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Өтпелi Ислам Мемлекетi арасындағы Өзара қатынастар мен ынтымақтастықтың негіздерi туралы шартты бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 18 мамырдағы N 471 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Өтпелi Ислам Мемлекетi арасындағы Өзара қатынастар мен ынтымақтастықтың негiздерi туралы шартты бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Өтпелi
Ислам Мемлекетi арасындағы Өзара қатынастар мен
ынтымақтастықтың негiздерi туралы
шартты бекiту туралы

      2004 жылғы 15 сәуiрде Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Өтпелi Ислам Мемлекетi арасындағы Өзара қатынастар мен ынтымақтастықтың негіздерi туралы шарт бекiтiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН АУҒАНСТАН ӨТПЕЛI
ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТI АРАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА ҚАТЫНАСТАР МЕН
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ НЕГIЗДЕРI ТУРАЛЫ ШАРТ

      Бұдан әрi, жеке алғанда "Тарап", ал бiрге "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Өтпелi Ислам Мемлекетi,
      барлық салалардағы достық пен өзара тиiмдi ынтымақтастықты нығайту олардың халықтарының түбегейлi мүдделерiне жауап беретiндігіне және Азиядағы бейбiтшілiкті, қауiпсiздiк пен тұрлаулылықты сақтауға септiгiн тигiзетiндігіне кәмiл сене отырып,
      өзара сенiм мен түсiнiстік негiзiндегi мемлекетаралық қатынастарды нығайту ұмтылысына сүйене отырып,
      халықаралық құқық нормаларына, ең алдымен, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекiтiлген мақсаттар мен қағидаттарға өздерiнiң адалдығын қуаттай отырып,
      жалпыға бiрдей бейбiтшілiк пен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

  1-бап

      Тараптар егемендiк пен аумақтық тұтастықты өзара құрмет тұтуға, күш қолданбауға немесе күш қолдану қаупiн туғызбауға, бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпауға, теңдiк пен өзара тиiмдiлiкке, бейбiт қатар өмiр сүруге негiзделген халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормаларына сәйкес достық қатынастар мен өзара тиiмдi ынтымақтастықты белсендi түрде дамытады және нығайтады.

  2-бап

      Тараптар екi мемлекеттiң халықаралық және аймақтық ұйымдардағы өзара ықпалдастық деңгейiне қанағаттанғандық бiлдiре отырып, мұндай ынтымақтастықты, әсiресе, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының, Ислам Конференциясы Ұйымының және Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының шеңберiнде нығайтуға уағдаласты.

  3-бап

      Тараптар аймақтық және халықаралық қауiпсiздiктi нығайтуға ықпал ететiн фактор ретiнде Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенiм шаралары кеңесiне (АӨСШК) айрықша мән бередi және АӨСШК процесiн одан әрi дамыту үшін барлық күш-жiгерiн жұмылдыруға уағдаласты.

  4-бап

      Тараптар өзара мүдделілiк бiлдiрілетiн екi жақты қатынастар мен негiзгi халықаралық және аймақтық проблемалар бойынша тұрақты консультациялар өткiзiп тұру туралы уағдаласты.

  5-бап

      Тараптар екi мемлекеттегi экономикалық реформаларды табысты түрде iске асыруға мүдделілiк таныта отырып, екi елдiң сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуге және тереңдетуге күш-жiгер жұмылдыратын болады және өздерiнiң ұлттық заңнамалары мен Тараптар қатысатын халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес осылар үшiн қажетті қолайлы жағдайлар жасайды.

  6-бап

      Тараптар Қазақстан мен Ауғанстанның iскерлiк топтары мен шаруашылық жүргiзушi субъектiлерi арасындағы тiкелей байланыстар мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты орнатуға бағытталған басымдық берiлетiн жобаларды анықтайды.
      Осы мақсатта Тараптар сауда жәрмеңкелерiн өткiзуде, көрмелер ұйымдастыруда, фирмалардың, ұйымдардың өкiлдiктерiн ашуда бiр-бiрiне жәрдемдеседi және өзара делегациялар алмасуға, iскерлiк байланыстарды дамытуға ықпал ететiн болады.

  7-бап

      Тараптар өздерiнiң халықаралық мiндеттемелерiне, сондай-ақ ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптың бiрiнiң екiншi Тараптың аумағындағы заңды және жеке тұлғаларының құқықтары мен мүдделерiне кепiлдiк беретiн тиiмдi шараларды қолданатын болады.

  8-бап

      Тараптар өзара тиiмділік негiзiнде сауда-экономикалық, энергетикалық, ғылыми-техникалық, көлiктік, қаржылық салаларда және басқа да өзара мүдделiлiк білдiрiлетiн салаларда ынтымақтастықты дамытатын болады.

  9-бап

      Тараптар халықаралық терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, көшi-қонның, сондай-ақ есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына, есiрткiлер мен басқа да тауарлардың контрабандасына, мәдени және тарихи құндылығы бар заттарды заңсыз сыртқа шығаруға қарсы күресте ынтымақтасатын және тәжiрибе алмасатын болады.

  10-бап

      Тараптар мәдени-гуманитарлық және білiм беру салаларындағы, түрлi салаларда мамандарды даярлау мен олардың білiктiлiгiн арттыру iсiндегi ынтымақтастыққа зор маңыз бередi. Осы мақсатта Тараптар мәдениет, өнер, ғылым, спорт өкiлдерiнiң делегацияларымен, сондай-ақ ғалымдармен, оқытушылармен және студенттермен алмасуға ықпал жасайтын болады.

  11-бап

      Тараптар өздерiнiң мүмкiндiктерiне сүйене отырып, табиғи апаттардың алдын алуда бiр-бiрiне жан-жақты көмек пен жәрдем көрсету туралы және табиғи апаттардың алдын-алу мен олардың салдарын жою саласындағы тиiстi қызметтер мен құрылымдардың жұмыстарын үйлестіру жөнiнде күш-жiгер жұмылдыруға уағдаласты.

  12-бап

      Осы Шарт өздерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттар бойынша Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды және қандай да бiр үшiншi мемлекетке қарсы бағытталмаған.

  13-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Шарттың ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi. Тараптар қажет болған кезде осы Шарттың ережелерiн iске асыру мәселелерi бойынша жеке келiсiмдер жасасатын болады.

  14-бап

      Осы Шарт бекiтiлуге жатады және дипломатиялық арналар бойынша Тараптардың оны бекiткенi туралы соңғы жазбаша хабарламасы алынған күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Шарт 14-баптың 1-тармағына сәйкес күшiне енген күнiнен бастап екi жыл iшiнде қолданылады. Егер Тараптардың бiрде-бiрi Шарттың қолданысының тиiстi кезеңi аяқталардан кемiнде алты ай бұрын оның қолданысын тоқтату ниетi туралы екiншi Тарапқа жазбаша нысанда хабарламаса, осы Шарттың қолданыс мерзiмi келесi екi жылдық кезеңдерге ұзартылады.
      Осы Шарт Тараптардың бiрi екiншi Тараптан тиiстi жазбаша хабарлама алған соң алты айдан кейiн өзiнiң қолданысын тоқтатады.

      Астана қаласында 2004 жылдың 15 сәуiрiнде, мұның өзі күн күнтiзбесi бойынша құжыраның 1383 жылының 27 Хамалына сәйкес келедi, әрқайсысы қазақ, дари, орыс және ағылшын тiлдерiнде екі данада қол қойылды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Шарттың ережелерiн түсiндiру кезiнде пiкiр алшақтығы болған жағдайда, Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

       ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ             АУҒАНСТАН ӨТПЕЛI ИСЛАМ
              ҮШIН                           МЕМЛЕКЕТІ ҮШIН

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады