Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгiнiң Қорғаныс министрлiгi арасындағы "Дала бүркiтi" бiрлескен әскери оқу-жаттығуын өткiзу жөнiндегi өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 18 мамырдағы N 474 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгінiң Қорғаныс министрлiгi арасындағы "Дала бүркiтi" бiрлескен әскери оқу-жаттығуын өткiзу жөнiндегі өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қоюға келiсiм берiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба   

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен
Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама
Корольдігінiң Қорғаныс министрлiгі арасындағы
"Дала бүркiтi" бiрлескен әскери оқу-жаттығуын
өткiзу жөнiндегi өзара түсiнiстiк туралы
МЕМОРАНДУМ

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi мен Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгiнiң Қорғаныс министрлігі (бұдан әрi - Тараптар),
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiмен бiрлесiп Қазақстан Республикасының аумағында өткiзілетiн "Дала бүркiтi" әскери оқу-жаттығуына (бұдан әрi - оқу-жаттығу) Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдігі Қарулы Күштері жеке құрамының қатысуына байланысты мәселелердi және қабылдайтын Тараптың қолдау көрсету мәселелерiн реттеуге ниет бiлдiре отырып,
      1951 жылғы 19 маусымда Лондонда жасалған Солтүстік Атлантика шартына қатысушы мемлекеттер арасындағы олардың күштерiнiң мәртебесiне қатысты келiсiмдi (бұдан әрi - NATО-SOFA), сондай-ақ Солтүстiк Атлантика шартына қатысушы мемлекеттер мен "Бейбiтшiлiк жолындағы әрiптестік" бағдарламасына қатысушы мемлекеттер арасындағы  Келiсiмнiң олардың Қарулы Күштерiнiң мәртебесiне қатысты ережелерiн және 1995 жылғы 19 маусымда Брюссельде жасалған оның Қосымша хаттамасын назарға ала отырып,
      2000 жылғы 16 қарашада Лондонда жасалған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi мен Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгiнiң Қорғаныс министрлiгі арасындағы Қорғаныс саласындағы өзара түсiнiстiк пен ынтымақтастық туралы меморандумның (бұдан әрi - Қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум) ережелерi негiзiнде іс-қимыл жасай отырып,
      төмендегілер туралы өзара түсiнiстiкке қол жеткiздi:

  1-бап
Айқындау

      Осы Меморандумда мынадай терминдер қолданылады:
      "Британ Күштері" - оны өрiстету үшiн қажетті ұшақтарын, көлiгiн, жабдығын, азық-түлігін және өзге де құралдарын қоса алғанда, оқу-жаттығуға қатысатын Ұлыбритания Қарулы Күштерi бөлiмшелерiнiң жеке құрамы;
      "Қабылдайтын Тараптың қолдауы" (бұдан әрi - ҚТҚ) - оқу-жаттығу өткiзу уақытында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгінiң Британ Күштерiн әскери және азаматтық қолдауы;
      "Оқу-жаттығу өткiзу аудандары" - Британ Күштерi қатысатын оқу-жаттығуды өткiзу жоспарында белгiленген Қазақстан Республикасының аудандары.

  2-бап
Мақсаты

      Осы Меморандумның мақсаты Қазақстан Республикасының аумағында Британ Күштерінің қатысуымен оқу-жаттығу өткiзуге қатысты негiзгі қағидаттарды айқындау және оларға ҚТҚ беру болып табылады.

  3-бап
Ниетi

      1. Егер өзгеше келiсiлмесе, осы Меморандумда көрсетiлген ҚТҚ беру Британ Күштерiнiң бастапқы құрамдас бөлiктер Қазақстан Республикасының аумағына енген сәтiнен бастап жүзеге асырылатын және Британ Күштерi мемлекет аумағынан толық шыққанға дейiн жалғасатын болады.
      2. Осы Меморандумның ережелерiн iске асыру Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерi бiр уақытта қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

  4-бап
Қазақстандық тараптың мiндеттемелерi

      Осы Меморандумның ережелерi шеңберiнде Қазақстан тарабы:
      1) мыналарды:
      белгiленген кiру пунктiнде (-терiнде) Британ Күштерiн қарсы алуды;
      Британ Күштерiн оқу-жаттығу өткiзудiң белгiленген ауданына ауыстыруды;
      кету пунктiне (-терiне) дейiн Британ Күштерiне ілесiп жүрудi қамтамасыз ету үшiн рұқсат беруге және барлық қажеттi шараларды қабылдауға;
      2) қабылданған оқу-жаттығу өткiзу жоспарына сәйкес:
      мақұлданған оқу-жаттығу өткiзу жоспарының негiзiнде және мемлекеттiк рәсiмдерге сүйене отырып, Британ Күштерiне Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға рұқсат беруге жәрдем көрсетуге;
      Британ Күштерiнiң оқу-жаттығуға қатысуы үшiн қажеттi техниканы, қаруды және оқ-дәрiлердi Қазақстан Республикасына әкелуге, ел iшiнде орнын ауыстыруға және одан әкетуге рұқсат беруге жәрдем көрсетуге;
      Британ Күштерiн Қазақстан Республикасына жарылғыш заттарды, оқ-дәрiлердi, қаруды және өзге де жабдықтарды әкелудi, ел iшiнде орнын ауыстыруды және одан әкетудi қауiпсiз жүзеге асыруға қойылатын ерекше талаптар туралы хабардар етуге;
      Британ Күштерiнiң Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы орнын ауыстыруына және кеден рәсiмдерi мен шекаралық бақылаудан өтуiне жәрдем көрсетуге;
      Британ Күштерiне ұсынылатын тауарлар мен қызметтер стандартты және кем дегенде Қазақстан Қарулы Күштерiне ұсынылатын тауарлар мен қызметтерге баламалы болатындығына мүмкiндiгiне қарай кепiлдiк беруге;
      оқу-жаттығу өткiзу ауданында болған кезде қауiпсiздiк шаралары бойынша тиiстi құжаттамамен қамтамасыз етуге мiндеттенедi.

  5-бап
Британ тарабының мiндеттемелерi

      Осы Меморандумның ережелерi шеңберiнде Британ тарабы:
      осы Меморандумның ережелерiне сәйкес Қазақстан Республикасының ресурстары мен жабдықтарын пайдалана отырып, оны-жаттығуға қатысуға;
      осы Меморандумның 6-бабының ережелерiне сәйкес Қазақстан тарабына Қазақстан Республикасының әскери билігі ұсынатын барлық материалдық-техникалық мүлiк және қызметтер бойынша бiрлесiп келiсiлген барлық шығыстарды өтеуге;
      NATO-SOFA келiсiмiнiң ережелерiне сәйкес шекаралық және кедендiк бақылаудан өту жөнiнде белгіленген Қазақстан Республикасының рәсiмдерiн қолдануға;
      оқу-жаттығу өткiзу кезiнде Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi барлық талаптары мен рәсiмдерiн сақтауға мiндеттенедi.

  6-бап
Материалдық-техникалық қамтамасыз ету
және қаржыландыру

      1. Тараптар мынадай қағидаттарды сақтайды:
      1) қаржылық есеп айырысуларды жүргізген уақытта Тараптардың бiр де бiрi ақшалай қаражатты аудару жөнiндегi операциялардан ақша ұстамайды немесе пайда таппайды;
      2) Британ Күштерiнiң атынан және есебiнен Қазақстандық тарап жүзеге асыратын барлық сатып алулар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiне бiрдей сатып алулар үшiн қолданылатын бағалар бойынша және нормаларға сәйкес жүргізiлуi тиiс.
      2. Егер соңғысы алдын ала бағасын белгiлеп, бұл туралы арнайы өтiнiш жасамаса, Қазақстан Республикасының әскери органдары Британ Күштерiнiң атынан қызметтер көрсетуге немесе кез келген коммерциялық келiсiм-шарттар жасасуға өтiнiш жасамайды. Коммерциялық азаматтық жеткiзушiлердiң кез келген жеткiзілiмдерi мен қызметтерi ресми келiсiм-шарттардың негізiнде жүзеге асырылады.
      3. NATО-SOFA келiсiмiнiң тиiстi ережелерiне сәйкес олардың оқу-жаттығуға қатысуына байланысты Британ Күштерiнің талап еткен құралдары, жабдықтары мен азық-түлiктерi Қазақстан Республикасының аумағына кедендiк баж салығын төлеусiз уақытша әкелiнуi (әкетiлуi) мүмкiн.
      4. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлгендей, Қазақстан тарабы Британ Күштерiнiң өтiнiшi бойынша сатып алуды жүзеге асырған жағдайда, Британ тарабы Қазақстан тарабына Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi мен Қазақстан Республикасының коммерциялық ұйымдары арасындағы келiсiм-шарттарда ескерiлген тауарлар мен қызметтердi ұсыну жөніндегi шығыстарды өтеуге мiндеттенедi.
      5. Британ тарабы барлық шот-фактураға қол қоюға (мақұлдауға) және 4-тармақта аталған жеткiзілiм жүзеге асырылған немесе қызметтер көрсетiлген күннен кейiн 60 күннен кешiктiрмей Британ Күштерiнiң әкiмшiлiк аппаратына берiлуi тиiс. Әрбiр шот-фактура нақты қызметтердi (жеткiзiлiмдердi) және тиiсті құнды көрсетуi тиiс.
      6. Төлем Алматы қаласындағы Ұлыбритания Елшiлiгiнiң Әскери бөлiмiне деректемелерi берiлуi тиiс, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінiң банктiк шотына Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүргізiледi.

  7-бап
Тәртiп және юрисдикция

      1. Британ Күштерiнiң заңды мәртебесiне қатысты NATO-SOFA келiсiмiнiң 7-бабы қолданылатын болады.
      2. Егер Британ Күштерi жеке құрамының әскери қызметшiсi Қазақстан Республикасының жергілiктi органдарына тұтқынға түскен жағдайда Британ Күштерi басшылығы жедел хабардар етіледi.

  8-бап
Келу (кету) рәсiмдерi және кедендiк ресiмдеу

      1. NATО-SOFA келiсiмiнiң ережелерiне сәйкес Британ Күштерiнiң дайындық тобы мен ұшақ экипажын қоса алғанда, Британ Күштерiнiң мүшелерiне Қазақстан Республикасына (-нан) келу (кету) үшiн паспорттар немесе визалар талап етілмейдi. Дайындық тобын қоса алғанда, Британ Күштерiнiң әрбiр өкілiнде өзiмен бiрге жеке басын куәландыратын сәйкестендiру картасы болады және НАТО-ның жеке немесе топтық iссапар бұйрығында көрсетіледi.
      2. Британ тарабы:
      1) дайындық тобының келуiне дейiн кемiнде 20 күн бұрын, Қазақстан Республикасының құзыреттi органдарына оқу-жаттығуға қатысатын жеке құрамының тiзiмiн беруге;
      2) дайындық тобының келуiне дейiн кемiнде 20 күн бұрын, оқу-жаттығуға қатысу мақсатында Қазақстан Республикасына әкелiнетiн қарудың, оқ-дәрiлердiң және байланыс құралдарының түрлерiн толық сипаттайтын декларацияны Қазақстан Республикасына беруге мiндеттенедi.
      3. Британ тарабы осы баптың 2-тармағында көрсетiлген осы тiзiмдерге өзгерiстер енгiзу құқығын өзiнде қалдырады, бұл ретте осы өзгерiстер мәлiм болысымен Қазақстан Республикасын дереу хабардар етедi.

  9-бап
Талаптар, наразылықтар және мiндеттемелер

      Осы Меморандумның ережелерiн iске асыру салдарынан немесе оған байланысты туындайтын талаптар мен наразылықтарды NATO-SOFA келiсiмiнiң 8-бабының ережелерiне сәйкес Қазақстан Республикасының құзыреттi органдары қарайды және реттеуге жатады.

  10-бап
Қауiпсiздiк

      Қауiпсiздiк және сапар мәселелерi Қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның ережелерiне сәйкес реттелетiн болады. Қазақстан тарабы оқу-жаттығуды өткiзу ауданына уәкiлеттi емес тұлғалардың рұқсатсыз енуiн болдырмау жағдайларын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
      Британ Күштерi бөлiмшелерiнiң жеке құрамының оқу-жаттығу уақытында жеке қаруы мен оқ-дәрiлерiн алып жүруi Тараптардың келiсiмi бойынша белгiленген орында және уақытта (Оқу-жаттығу өткiзудiң бекiтiлген жоспарына сәйкес) және NATО-SOFA Келiсiмi 6-бабының ережелерi ескерiле отырып жүзеге асырылады.

  11-бап
Медициналық және стоматологиялық көмек

      Шұғыл медициналық және стоматологиялық көмек көрсетуге қатысты Қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның ережелерi қолданылатын болады. Қазақстан тарабы Қазақстан Республикасының әуе кеңiстігін пайдалану жөнiндегi мемлекеттік рәсiмдерге сәйкес Британ Күштерiнiң медициналық эвакуациялау ұшағының Қазақстанның әуе кеңiстiгiне кiруiне кепiлдiк бередi.

  12-бап
Жазатайым оқиғалар, авариялар мен қақтығыстар

      1. Осы Меморандумның 7-бабының ережелерiне сәйкес Британ Күштерiнiң әскери қызметшiлерi қатысушылары болып табылатын кез келген жазатайым оқиғаны, аварияны немесе қақтығысты тергеудi Қазақстан тарабы жүргiзедi, сонымен бiрге Британ Күштерiнiң қолбасшылығы осы оқиғалар бойынша кез келген тергеу кезiнде өз бақылаушысының қатысуын қамтамасыз етуге құқылы. Британ Күштерiнiң әскери органдарына жазатайым оқиға, авария немесе қақтығыс хаттамасының көшiрмесi берiледi. Британ Күштерi өкiлдерiнiң, егер мұндайды Ұлыбритания заңнамасы талап ететiн болса, бұдан әрi iшкi тергеу жүргiзуге құқығы бар.
      2. Британ Күштерiнiң әскери қызметшiсi қаза тапқан жағдайда қаза болу фактiсiн Қазақстан Республикасының дәрiгерi белгiлейдi. Қазақстан Республикасының тиiстi құзыретті органдарына осы мәйiттi ашу қажет болса, Британ Күштерi тағайындаған дәрiгер Британ күштерi әскери қызметшiсiнiң мәйiтiн ашу кезiнде қатысуға құқылы.

  13-бап
Даулар мен келiспеушіліктердi реттеу

      Осы Меморандумды түсiндiруге немесе қолдануға қатысты кез келген даулар мен келiспеушiлiктер тек Тараптардың арасындағы келiссөздер жолымен шешiледi және кез келген мемлекеттiк немесе халықаралық трибуналдардың немесе үшiншi тараптың қарауына жатпайды.

  14-бап
Өзгерiстер мен толықтырулар

      Осы Меморандумға Тараптардың өзара келiсуi бойынша осы Меморандумның ажырамас бөлiктерi болып табылатын хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

  15-бап
Меморандумның күшiне ену және қолданысын тоқтату күнi

      1. Осы Меморандум оған екi Тарап қол қойған күнiнен бастап күшiне енедi және бес жыл мерзiмге жасалады, оның әрекетi оқу-жаттығу өту мерзiмiнде ғана қолданылады. Осы Меморандум Тараптар арасында оқу-жаттығу аяқталғаннан кейiн Қазақстан Республикасының аумағынан Британ Күштерi жеке құрамының соңғы мүшесi шығарылысымен/жабдығының соңғы бiрлi шығарылысымен және Тараптардың арасында оқу-жаттығуды өткiзумен байланысты барлық мәселелер шешiлгенде, бiрақ оқу-жаттығу аяқталған күннен бастап екi айдан кешiктiрмей өз әрекетiн тоқтата тұрады. Осы Меморандумның әрекетi кезектi оқу-жаттығу басталған күннен бастап қайта күшiне енедi.
      Осы Меморандум мынадай жағдайларда:
      екi Тараптың жазбаша келiсуi бойынша;
      Тараптардың бiрi екiншi Тараптан оның әрекетiн тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарлама алған күнiнен бастап 28 күн өткеннен кейiн өз әрекетiн мерзiмiнен бұрын тоқтатады.
      2. Осы Меморандум қолданысын тоқтатқан жағдайда тиiстi баптары онда аталған барлық мәселелер түпкіліктi реттелгенге дейiн күшiнде қалады. 6-баптың (Материалдық-техникалық қамтамасыз ету және қаржыландыру), 9-баптың (талаптар, наразылықтар және мiндеттемелер) және 13-баптың (даулар мен келiспеушiлiктердi реттеу) ережелерi барлық шоттар төленгенге және шағымдарды, даулар мен келiспеушiлiктердi реттегенге дейiн күшiнде қалады.

      Осы Меморандум 2005 жылғы "___" ________ ________ қаласында қазақ, ағылшын және орыс тiлдерiнде екi данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Меморандумның ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тiлiндегі мәтiнге жүгінетiн болады.

       Қазақстан Республикасы          Ұлыбритания және Солтүстік
      Қорғаныс министрлiгі үшiн       Ирландия Құрама Корольдігінiң
                                      Қорғаныс министрлігі үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады