"Оңтүстiк" арнайы экономикалық аймағын құру туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 маусымдағы N 550 Қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы  Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Оңтүстiк" арнайы экономикалық аймағын құру туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ
ЖАРЛЫҒЫ "Оңтүстік" арнайы экономикалық
аймағын құру туралы

      "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы  Заңына сәйкес және Қазақстан Республикасының мақтаны қайта өңдеу өндiрiстерін, тоқыма және тігін өнеркәсiбiн дамыту мақсатында  ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. 2015 жылғы 1 шілдеге дейінгі кезеңге "Оңтүстiк" арнайы экономикалық аймағы құрылсын.
      2. Қоса берiліп отырған "Оңтүстiк" арнайы экономикалық аймағы туралы ереже бекiтілсін.
      3. Қазақстан Республикасының Үкiметі "Оңтүстiк" арнайы экономикалық аймағының қызметін қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдасын.
      4. Осы Жарлық 2005 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы   
Президентінiң        
2005 жылғы "___" _______ 
Жарлығымен         
бекiтiлген         

"Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы туралы
ЕРЕЖЕ 1. Жалпы ережелер

      1. Қоса беріліп отырған жоспарға сәйкес "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрi - АЭА) Оңтүстiк Қазақстан облысының Сайрам ауданының аумағында орналасқан.
      АЭА аумағы 200 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлiгі болып табылады.
      2. АЭА:
      тоқыма өнеркәсiбiн, атап айтқанда, дайын бұйымдар өндiрiсiн дамыту;
      Қазақстан Республикасы экономикасының әлемдiк шаруашылық байланыстар жүйесiне кiруiн жандандыру;
      дайын тоқыма өнiмдерiн өндiру үшiн әлемдiк сауда маркiлерiн өндірушілерді тарту;
      жоғары технологиялық өндiрiстер құру, өндiрiлетiн тоқыма өнiмдерінің сапасы мен түр-түрін жақсарту мақсатында құрылады.
      3. АЭА-ның аумағындағы негізгі қызмет түрлерi мыналар болып табылады:
      1) мақта-мата жiптерiн және иiрiлген жiптiң барлық түрiн дайындау;
      2) тоқыма өндiрiсi;
      3) әрлеу-бояу өндiрiсi;
      4) дайын тоқыма бұйымдарын шығару;
      5) трикотаж және шұлық-ұйық бұйымдарын шығару;
      6) трикотаж пуловер, кардиган және соған ұқсас бұйымдар шығару;
      7) арнайы киiм шығару;
      8) сыртқы киiм шығару;
      9) іш киiм шығару;
      10) өзге де киiмдер мен керек-жарақтар шығару;
      11) бизнес-жоспарларды, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді құрылыс-монтаж жұмыстарын, АЭА-ның аумағын абаттандыру жөніндегі жұмыстарды қамтитын АЭА-ның қазiргi заманғы инфрақұрылымын қалыптастыру.
      4. АЭА-ның қызметі Қазақстан Республикасының  Конституциясымен , "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы  Заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi.
      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасында көрсетiлгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережесi қолданылады.

  2. АЭА-ны басқару және атқарушы органның өкілеттіктерi

      5. АЭА-ны басқаруды жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган құру жолымен Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмдігі жүзеге асырады.
      6. Атқарушы орган мемлекеттiк мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның оқшауланған мүлкi болады, өз атынан мүлiктік және жеке мүлiктік емес құқықтарды алуы, сотта қуынушы және жауапкер болуы мүмкiн, сондай-ақ өз атауы жазылған елтаңбалық мөрi және басқа да қажетті деректемелерi болады.
      7. Атқарушы орган:
      АЭА-ны дамыту стратегиясы мен бағдарламасын әзiрлеудi және iске acыруды жүзеге асырады;
      АЭА-ның аумағындағы мемлекеттік және өзге де органдардың өзара iс-қимылын қамтамасыз eтеді;
      АЭА-ны дамыту және оны құру мақсаттарына қол жеткiзу үшiн отандық және шетелдiк инвестициялар, сондай-ақ кредиттiк қаражат тартуды жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктердi жүзеге асырады.

  3. АЭА-ның аумағындағы салық салу

      8. АЭА-ның аумағындағы салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттеледi.

  4. Кедендiк peттеу

      9. АЭА-ның аумағы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркiн кедендiк аймақтың кедендiк режимi әрекет ететiн Қазақстан Республикасы кедендік аумағының бiр бөлiгi болып табылады. АЭА-ның шекарасы оның периметрi бойынша арнайы қоршаумен жабдықталады.
      10. АЭА-ның аумағында кедендiк ресiмдеу мен бақылау Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      11. АЭА-ны құру мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет тауарлар тiзбесi:
      АЭА-ның аумағында жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес объектiлер салуға және оларды пайдалануға беруге қажетті машиналар, жабдықтар, тауарлар мен материалдар;
      тауарларды жергiлiктi өңдеу өлшемiне сәйкес өңдеуге арналған тауарлар (акцизделетiн тауарларды қоспағанда);
      осы Ереженiң 3-тармағында көрсетілген негiзгi қызмет түрлерiне сәйкес өндiрiстi қамтамасыз етуге қажеттi машиналар мен тетiктер, жабдықтар, арнайы мақсаттағы автомобильдер, материалдар, тауарлар мен шала өнiмдер;
      ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк конструкторлық жұмыстарды жүргiзу және тоқыма саласындағы өндiрiс үшiн қажеттi тауарлар мен материалдар.
      12. 11-тармақта көрсетiлген тауарлар номенклатурасын Еуразия экономикалық қоғамдастығы Сыртқы экономикалық қызметiнің тауар номенклатурасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      13. АЭА-ның аумағында осы Ережеге сәйкес негiзгі қызмет түрлерiне сай АЭА-ны құру мақсаттарына қол жеткiзу үшiн қажетті тауарлар мен жабдықтарды сақтауды, пайдалануды қамтамасыз ету, қайта өңдеу және пайдалану жөнiнде операциялар жасауға жол берiледi.

  5. Шетелдiк азаматтардың АЭА-ның
аумағында болу тәртібi

      14. АЭА-ның аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық келiсiмдерде белгіленген шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ олардың көлік құралдарының кіру, шығу, транзитi мен болу тәртiбi қолданылады.

  6. Қорытынды epежелep

      15. Осы Ережеде белгіленген шарттар Қазақстан Республикасы Президентінiң Жарлығымен өзгертілуi мүмкiн.
      16. АЭА "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы  Заңында көзделген негiздемелер бойынша таратылады.
      17. АЭА-ны тарату рәсiмiн атқарушы орган жүзеге асырады.
      18. Құрылу мерзiмiнiң аяқталуына байланысты АЭА-ны тарату кезiнде атқарушы орган:
      көрсетiлген мерзiм аяқталғанға дейiн үш айдан кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында АЭА-ның алдағы таратылуы, оның таратылуына байланысты арыздар мен кiнәраттарды қабылдаудың тәртiбi мен мерзiмдерi туралы мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде хабарландыру жариялайды;
      АЭА-ның аумағында қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға оның аумағындағы тауарларды өзге кедендiк режимге қайта ресiмдеу тәртiбiн түсiндiрудi қамтамасыз етедi;
      АЭА таратылғаннан кейiн бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасының Yкiметiне АЭА қызметiнiң нәтижелерi туралы есеп ұсынады.
      19. АЭА-ны Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен мерзiмiнен бұрын тарату осы Ереженiң 16-тармағында көзделген рәсiмдер сақтала отырып, алты ай мерзiмнен кешіктірмей аяқталуға тиiс.
      20. Осы Ережемен реттелмеген АЭА-ның қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

       "Оңтүстiк" АЭА-ның орналасу картасының схемасын қағаз мәтінінен қараңыз

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады