"Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне адамдарды сатуға қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 3 маусымдағы N 554 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне адамдарды сатуға қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба   

Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық
актілерiне адамдарды сатуға қарсы іс-қимыл мәселелерi
бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

      Қазақстан Республикасының мынадай заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгізілсiн:

      1. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 шілдедегi Қылмыстық  кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 15-16, 211-құжат; 1998 ж., N 16, 219-құжат; N 17-18, 225-құжат; 1999 ж., N 20, 721-құжат; N 21, 774-құжат; 2000 ж., N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 8, 53, 54-құжаттар; 2002 ж., N 4, 32, 33-құжаттар; N 10, 106-құжат; N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат; 2003 ж., N 15, 137-құжат; N 18, 142-құжат; 2004 ж., N 5, 22-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 139-құжат):

      1) 113-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "113-бап. Адамның органдарын және тінін алуға мәжбүр
                ету немесе заңсыз алу

      1. Ауыстырып салу не өзгедей пайдалану үшiн адамның органдарын немесе тiнiн алуға мәжбүр ету немесе заңсыз алу, сол сияқты адамның органдарына және тiнiне қатысты мәмілелер жасау, -
      үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлі бiр қызметпен айналысу құқығын айырып немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
      2. Нақ сол әрекеттер:
      а) кiнәлiге дәрменсiз күйде екендігі көрiнеу адамға қатысты;
      б) кәмелетке толмағанға қатысты;
      в) екi немесе одан да көп адамға қатысты;
      г) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
      д) бiрнеше рет;
      e) қару немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып;
      ж) айыптыға жүктiлiк жағдайы көрiнеу мәлiм әйелге қатысты;
      з) алдау немесе сенiмге қиянат жасау жолымен;
      и) өзiнiң қызметтiк жағдайын пайдаланып;
      к) жәбiрленушiнiң материалдық немесе өзге тәуелдiлiгiн пайдаланып;
      л) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi емес күш қолданып, немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы жасалғанда, -
      үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз бес жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
      3. Жәбiрленушінің өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан, осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, -
      үш жылға дейiнгі мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығын айырып немесе онсыз жетi жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      2) 125-баптың үшiншi бөлiгiнiң б) тармақшасында "нәпсiқұмарлық немесе өзге" деген сөздер алынып тасталсын;

      3) 126-бапта:
      екiншi бөлiк мынадай мазмұндағы и) тармақшасымен толықтырылсын:
      "и) жәбiрленушiнiң материалдық немесе өзге де тәуелдiлігін пайдаланып,";
      үшiншi бөлiктiң б) тармақшасында "нәпсiқұмарлық немесе өзгедей" деген сөздер алынып тасталсын;

      4) 128-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "128-бап. Адамдарды сату

      1. Адамға қатысты сатып алу-сату немесе өзге де мәмiлелер жасау, оны пайдалану не пайдалану мақсатында азғырып-көндiру, әкету, бepу, жасыру, сол сияқты пайдалану мақсатында өзге де әрекеттер жасау, -
      мүлкiн тәркiлеп немесе онсыз бес жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
      2. Нақ сол әрекеттер:
      а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
      б) бiрнеше рет;
      в) күш қолданып немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы;
      г) қару немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып;
      д) айыптыға жүктiлiк жағдайы көрiнеу мәлiм әйелге қатысты;
      e) екi немесе одан да көп адамға қатысты;
      ж) жәбiрленушiнiң мүшелерiн немесе тiнiн ауыстырып салу немесе өзгедей пайдалану үшiн алу мақсатында;
      з) алдау немесе сенiмге қиянат жасау жолымен;
      и) өзiнiң қызметтік жағдайын пайдаланып;
      к) жәбiрленушiнiң материалдық немесе өзге тәуелдiлігін пайдаланып жасалғанда, -
      мүлкiн тәркiлеп немесе онсыз бес жылдан жетi жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
      3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкету, Қазақстан Республикасына әкелу немесе адамды бiр шет мемлекеттен екiншiсiне Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдау мақсатында жасалған әрекеттер, сол сияқты Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкету, Қазақстан Республикасына әкелу немесе адамды бiр шет мемлекеттен екiншiсiне Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдау, -
      мүлкiн тәркiлеп немесе онсыз жетi жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
      4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер:
      а) ұйымдасқан топпен жасалса;
      б) абайсыздықпен жәбiрленушінiң өлiмiне немесе өзге ауыр зардаптарға әкеп соқса, -
      мүлкiн тәркiлеп немесе онсыз жетi жылдан он бес жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
      Ескерту. Осы бапта және Кодекстің 125, 126, 133-баптарында көзделген адамды пайдалану мәжбүрлi еңбектi пайдалануды, басқа адамның жезөкшелiкпен айналысуын немесе кiнәлiнiң алынған табыстарды иеленiп алу мақсатындағы оларға көрсетiлетін өзге де қызметтердi, сол сияқты өзiне байланысты емес себептер бойынша жұмыстарды (қызметтердi) орындаудан бас тарта алмайтын адамға қатысты олардың меншiк иесiнiң өкiлеттілiгiн жүзеге асыруды бiлдiредi.";

      5) 133-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "133-бап. Кәмелетке толмағандарды саудаға салу

      1. Кәмелетке толмаған адамға қатысты сатып алу-сату немесе өзге де мәмiлелер жасау, оны пайдалану не азғырып-көндiру, әкету, бepу, жасыру, сол сияқты пайдалану мақсатында өзге де әрекеттер жасау, -
      мүлкiн тәркiлеп немесе онсыз бес жылдан жеті жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
      2. Нақ сол әрекеттер:
      а) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы;
      б) бiрнеше рет;
      в) күш қолданып немесе оны қолданбақшы болып қорқытып;
      г) қару немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып;
      д) екi немесе одан да көп адамға қатысты;
      e) жәбiрленушiнiң мүшелерiн немесе тiнiн ауыстырып салу немесе өзгедей пайдалану үшін алу мақсатында;
      ж) алдау немесе сенiмге қиянат жасау жолымен;
      з) адамның өзiнiң қызметтік жағдайын пайдаланып;
      и) кәмелетке толмаған адамды қылмыс жасауға немесе қоғамға қарсы өзге де iс-әрекеттер жасауға тарту мақсатында;
      к) жәбiрленушiнiң материалдық немесе өзге тәуелдiлігін пайдаланып жасалғанда, -
      мүлкiн тәркілеп немесе онсыз жеті жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
      3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкету, Қазақстан Республикасына әкелу немесе кәмелетке толмаған адамды бiр шет мемлекеттен екiншiсiне Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдау мақсатында жасалған әрекеттер, сол сияқты осындай әрекеттердi жасау мақсатында Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкету, Қазақстан Республикасына әкелу немесе кәмелетке толмаған адамды бiр шет мемлекеттен екiншi мемлекетке Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдау, -
      мүлкiн тәркiлеп немесе онсыз жетi жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
      4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер:
      а) ұйымдасқан топпен жасалса;
      б) абайсыздықпен жәбiрленушiнiң өлiмiне немесе өзге ауыр зардаптарға әкеп соқса, -
      мүлкiн тәркiлеп он екi жылдан он бес жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      6) мынадай редакциядағы 275-1-баппен толықтырылсын:

      "275-1-бап. Адамның органдарын және адамның мәйiтiнiң тiнiн
                  заңсыз aлу

      1. Ауыстырып салу не өзгедей пайдалану үшiн адамның органдарын немесе адамның мәйiтiнiң тiнiн заңсыз алу, сол сияқты адамның органдарына және тiнiне немесе адамның мәйiтiне қатысты мәмiлелер жасау, -
      үш жылға дейiнгi мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығын айырып немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
      2. Нақ сол әрекеттер:
      а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
      б) бiрнеше рет;
      в) өзінiң қызметтік жағдайын пайдаланып жасалғанда, -
      үш жылға дейiнгі мерзiмге белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз бес жылдан жетi жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.".

      2. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қылмыстық iс жүргізу  кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 23, 335-құжат; 1998 ж., N 23, 416-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 8, 53-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 17-18, 245-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 32, 33-құжаттар; N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат; 2003 ж., N 18, 142-құжат; 2004 ж., N 5, 22-құжат; N 23, 139-құжат; N 24, 153, 154, 156-құжаттар):

      1) 192-баптың екiншi бөлігінде:
      "128-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде)" деген сөздер "128-бабында (екiнші, үшiншi және төртiншi бөліктерiнде)" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "275-бабында (екiншi бөлігiнде)," деген сөздерден кейiн "275-1-бабында (екiншi бөлігінде)," деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 285-баптың екiнші бөлiгiн "275-бабында (бiрiншi бөлігінде)," деген сөздерден кейiн "275-1-бабында (бiрiншi бөлiгiнде)," деген сөздермен толықтырылсын;

      3. Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы  кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 5-6, 24-құжат; N 17-18, 241-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 33-құжат; N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 1-2, 3-құжат; N 4, 25-құжат; N 5, 30-құжат; N 11, 56, 64, 68-құжаттар; N 14, 109-құжат; N 15, 122, 139-құжаттар; N 18, 142-құжат; N 21-22, 160-құжат; N 23, 171-құжат; 2004 ж., N 6, 42-құжат; N 10, 55-құжат; N 15, 86-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 139, 140-құжаттар; N 24, 153-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат):

      1) 56-бап мынадай мазмұндағы үшiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "3. Егер әкiмшiлiк iс жүргізу барысында Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкiмшiлiк жолмен кетiру түрiндегi әкiмшілiк жазалау шарасы қолданылуы мүмкiн адам оған қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс болып табылатын әрекет жасалғаны туралы хабарласа, онда осы адамға қатысты әкiмшiлiк iс жүргiзу Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексiнің 185-бабында белгiленген тәртіппен хабарлама бойынша шешiмдi қабылдағанға дейiн тоқтатыла тұрады.";

      2) 396-баптың бiрiншi бөлігінiң бiрiншi абзацында:
      "(жасырын иммигранттарды)" деген сөздер алынып тасталсын, "қабылдауы," деген сөзден кейiн "заңсыз иммигранттардың еңбектерiн пайдалануы," деген сөздермен толықтырылсын;
      "жасырын" деген сөз "заңсыз" деген сөзбен ауыстырылсын;

      3) 399-баптың бiрiншi абзацында "лицензиясыз," деген сөзден кейiн "сол сияқты жөнсiз жарнаманы пайдаланып, не толық емес немесе дәйексіз ақпаратты берiп" деген сөздермен толықтырылсын;

      4) 552-бапта "және демография" деген сөздер алынып тасталсын;

      5) 575-баптың бiрiншi бөлiгi "392," деген сандардан кейiн "394 (бiрiншi бөлігінде)," деген сөздермен толықтырылсын;

      6) 636-баптың бiрiншi бөлігінiң 1) тармақшасында:
      он бiрiншi абзацта "және демография" деген сөздер алынып тасталсын;
      отыз жетiншi абзац "393-баптар;" деген сөздер "393, 394-баптар;" деген сөздермен ауыстырылсын.

      4. Қазақстан Республикасы Президентiнің "Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы N 2337 заң күшi бар  Жарлығына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 9-10, 68-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 12, 184-құжат; 2001 ж., N 8, 50-құжат):
      4-баптың үшiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қазақстан Республикасында өзге заңды негiзде жүрген шетел азаматтары, сондай-ақ өздерiне қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс болып табылатын әрекеттердi жасау салдарынан жәбiрленуші деп танылғандар Қазақстан Республикасында уақытша болушылар деп саналады. Олар белгілi тәртiппен тiркелуге және белгiлi болу мерзiмi өткен соң Қазақстан Республикасынан кетуге мiндетті.".

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады