"Адамдарды сатуға және үшiншi тұлғалардың жезөкшелiктi пайдалануына қарсы күрес туралы конвенцияны және Қорытынды хаттаманы бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 24 маусымдағы N 622 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Адамдарды сатуға және үшiншi тұлғалардың жезөкшелiктi пайдалануына қарсы күрес туралы конвенцияны және Қорытынды хаттаманы бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы
Адамдарды сатуға және үшiншi тұлғалардың жезөкшелiктi
пайдалануына қарсы күрес туралы конвенцияны және
Қорытынды хаттаманы бекiту туралы

      1950 жылғы 21 наурызда Нью-Йорк қаласында жасалған Адамдарды сатуға және үшіншi тұлғалардың жезөкшелiктi пайдалануына қарсы күрес туралы конвенцияға "Қазақстан Республикасы Конвенцияның 1 және 18-баптарының ережелерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қылмыстар мен әкiмшілiк құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу шеңберiнде орындайтын болады" деген ескертпемен жоғарыда көрсетiлген Конвенция және Қорытынды хаттама бекiтiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Адамдарды сатуға және үшiншi тұлғалардың
жезөкшелiктi пайдалануына қарсы күрес туралы
КОНВЕНЦИЯ

(БҰҰ Бас Ассамблеясының 1949 жылғы 2 желтоқсандағы
317 (IV) қарары 1951 жылдың 25 шiлдесiнде күшiне ендi)

Кiрiспе

      Жезөкшелiк және онымен iлесе жүретiн жезөкшелiк мақсатын көздейтiн адамдарды сату зұлымдығы адамдық тұлғаның абыройы мен жоғары құндылығымен сыйыспайтынын және адамның, отбасының әрi қоғамның әл-ауқатына қауiп төндiретiнiн назарға ала отырып,
      әйелдер мен балаларды сатуға қарсы күреске қатысты төмендегі халықаралық актiлердiң:
      1. Ақ нәсiлдi күндердi сатуға қарсы күрес туралы, оған Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1948 жылы 3 желтоқсанда бекiткен Хаттамамен енгiзiлген өзгерiстерiмен 1904 жылғы 18 мамырдағы Халықаралық шарттың;
      2. Ақ нәсiлдi күндердi сатуға қарсы күрес туралы, оған жоғарыда аталған Хаттамамен енгiзiлген өзгерiстерiмен 1910 жылғы 4 мамырдағы Халықаралық конвенцияның;
      3. Әйелдер мен балаларды сатуға қарсы күрес туралы, оған Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1947 жылы 20 қазанда қабылдаған Хаттамамен енгiзiлген өзгерiстерiмен 1921 жылғы 30 қыркүйектегі Халықаралық конвенцияның;
      4. Кәмелетке толған әйелдердi сатуға қарсы күрес туралы, оған көрсетiлген Хаттамамен енгiзiлген өзгерiстерiмен 1933 жылғы 11 қазандағы Халықаралық конвенцияның күшi болатындығын назарға ала отырып,
      1937 жылы Ұлттар Лигасы жоғарыда көрсетiлген актiлердiң қолданылу шеңберiн кеңейткен конвенция жобасын жасағандығын назарға ала отырып,
      1937 жылдан бастап туындаған жаңа факторлар жоғарыда көрсетiлген актiлердi өзiне бiрiктiретiн және 1937 жылғы конвенция жобасының негiзгi ережелерiн қамтитын және оған пара-пар әрi қажетті түзетулер енгiзуге болатын конвенцияны жасасуға мүмкiндiк беретiндiгiн назарға ала отырып,
      сол үшiн Уағдаласушы тараптар осы арқылы мыналармен келiсті:

1-бап

      Тараптар осы Конвенцияда басқа адамның нәпсiқұмарлығын қанағаттандыру үшiн:
      1. Өзге бiр адамды, тiптi сол адамның келiсiмiмен жезөкшелiк мақсатында кездестіретiн, бейiмдейтiн немесе бұзатындардың;
      2. Өзге бiр адамның тiптi оның келiсiмiмен жезөкшелiгiн пайдаланатындардың әрқайсысын жазаға тартуға мiндеттенедi.

2-бап

      Тараптар осы Конвенцияда:
      1. Жезөкшелер үйiн ұстайтын, немесе оны басқаратын, немесе саналы түрде қаржыландыратын немесе жезөкшелер үйiн қаржыландыруға қатысатындардың;
      2. Ғимаратты немесе басқа орынды, немесе осылардың бөлiгiн үшiншi тұлғалардың жезөкшелiк мақсатында пайдаланатындығын бiле тұра, жалға беретiн немесе жалға алатындардың әрқайсысын жазаға тартуға мiндеттенедi.

3-бап

      Бұл iшкi заңдардың талаптарымен үйлесетiндiктен, 1 және 2-баптарда көзделген кез келген құқық бұзушылықтарды жасауға оқталу, осыны жасауға дайындалу әрекетi сияқты жазалауға жатады.

4-бап

      Бұл iшкi заңдардың талаптарымен үйлесетiндiктен, 1 және 2-баптарда көзделген әрекеттерге қасақана қатысу да жазаланады.
      Бұған iшкi заңдардың талаптарымен жол берiлетiндiктен, бiрге қатысу әрекетi, егер бұл жазасыздықты ескерту үшiн қажеттi болып табылатын болса, жеке қылмыс ретiнде қаралады.

5-бап

      Жәбiрленушi тұлғалардың iшкi заңдардың негiзiнде осы Конвенцияда көзделген кез келген қылмыстарға қатысты iстерде талап-арыз берушi болуға құқығы болған жағдайда, шетелдiктер бұл құқықты осы мемлекеттің азаматтарымен тең дәрежеде пайдаланады.

6-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Конвенцияда жезөкшелiкпен айналысатын немесе iс-әрекетi күдiкті тұлғаларды, не ерекше тiркеуге жатқызуға, не ерекше құжаттарының болуы тиiстігiне, не бақылауға немесе құлақтандыру мақсатындағы айрықша талаптарға бағындыруға байланысты кез келген қолданыстағы заңды, қаулыны немесе әкiмшiлiк өкiмдi жою немесе күшiн жою үшiн барлық қажеттi шаралар қабылдауға мiндеттенедi.

7-бап

      Осы Конвенцияда көзделетiн қылмыстар үшiн басқа мемлекеттерде бұрын шығарылған үкiмдер, бұған iшкi заңдармен жол берiлетiндiктен:
      1. Қылмысты қайта жасау фактiсiн анықтау;
      2. Қылмыскердi саяси және азаматтық құқықтарынан айыру үшiн назарға алынады.

8-бап

      Осы Конвенцияның 1 және 2-баптарында көзделген қылмыстар өз кезегiнде ұстап беруге болатын қылмыс ретiнде қаралады, және оларға осы Конвенциямен шарт жасасқан немесе шарт жасасатын кез келген тараптар арасында қылмыскерлердi ұстап беру туралы кез келген шарт қолданылады.
      Осы Конвенцияда қылмыскерлердi ұстап берудi ол туралы шарттардың мәнiмен сабақтастырмаған тараптар осыдан бастап өздерiнiң өзара қарым-қатынастарында осы Конвенцияның 1 және 2-баптарында көзделетiн қылмыстарды ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыстар екендiгiн мойындайды. Ұстап беру өзiне ұстап беру туралы талаптар жiберiлген мемлекеттің заңына сәйкес жүргiзiледi.

9-бап

      Өз азаматтарын ұстап беру принципi заңмен мойындалмайтын мемлекеттерде осы Конвенцияның 1 және 2-баптарында көрсетiлген қылмыстардың кез келгенiн басқа мемлекетте жасағаннан кейiн өз мемлекетiне қайтарылған азаматтар олардың өз мемлекетiнiң соты бойынша қудалануға және жазалауға ұшырайды.
      Егер осы Конвенцияның тараптары арасында туындайтын осындай түрдегi iстерде шетелдiктi ұстап беру туралы талап қанағаттандырылмайтын болса, бұл ереже қолданылмайды.

10-бап

      Егер қылмыс жасағаны үшiн айыпталушы адам басқа мемлекетте сотталған болса және айыптау үкiмi болған жағдайда жазасын өтеген немесе жазалаудан босатылған болса, немесе осы мемлекеттiң заңдарына сәйкес жазалау мерзiмi қысқартылған болса, 9-баптың ережелерi қолданылмайды.

11-бап

      Осы Конвенциямен ешнәрсе халықаралық құқық нормаларына сәйкес қылмыстық құқықтық өкiлеттiк шектерi туралы жалпы мәселеге сол немесе өзге тараптардың оған қарым-қатынастарын айқындау ретiнде түсiндiрiлмеуге тиiс.

12-бап

      Осы Конвенция Конвенцияда көзделген қылмыстар жекелеген мемлекеттiң әрқайсысында оларды жасағаны үшiн кiнәлi адам ретiнде тең дәрежеде анықталып, осы мемлекеттiң заңдары бойынша қудаланатын және жазаланатын қағидатты бұзбайды.

13-бап

      Тараптар осы Конвенцияда өздерiнің жеке заңдарына және практикасына сәйкес осы Конвенцияда көзделген қылмыстарға жатқызылатын сот тапсырмаларын орындауға мiндеттенедi, сот тапсырмаларын беру:
      1. Сот билiктерiнiң арасындағы тiкелей байланыстар арқылы; немесе
      2. екi мемлекеттiң әдiлет министрлерi арасындағы тiкелей байланыстар арқылы немесе тапсырманы беретiн мемлекеттiң басқа тиiстi билiктерiнiң тапсырма берiлген мемлекетiн әдiлет министрiне тiкелей өтiнiшi арқылы; немесе
      3. Тапсырма берiлетiн мемлекетке оны беретiн мемлекеттiң дипломатиялық немесе консулдық өкiлдерi арқылы жүргiзiледi. Белгiленген өкiл сот тапсырмасын тиiстi сот билiктерiне немесе тапсырма берiлген мемлекет билiгi көрсеткен билiктерге тiкелей жолдайды, әрi ол осы билiктерден сот тапсырмасын орындау актiсi болып табылатын құжаттарды тiкелей алады.
      1 және 3-тармақтарда көзделген жағдайларда сот тапсырмасы ол берiлетiн мемлекеттiң жоғарғы билiктерiне көшiрмеде жолданады.
      Егер қандай да бiр өзгеше келiсiм болмаса, сот тапсырмасы әрқашан тапсырма беретiн билiк тiлiнде жасалады, өзгеше жағдайда тапсырма берiлген мемлекет тапсырма берген билiктер куәландырған өз тiлiндегi аудармасымен берудi талап ете алады.
      Осы Конвенцияда тараптардың әрқайсысы осы Конвенцияның басқа тараптарының әрқайсысына ол оған осы басқа мемлекет сот тапсырмаларын жiберу кезiнде қабылдауға болады деп есептейтiн жоғарыда айтылған сол әдiс туралы немесе сол әдiстер туралы хабардар етедi.
      Қандай да бiр мемлекет осындай хабарды жасамайынша, ондағы сот тапсырмасына қатысты тәртiп күшiнде қалады.
      Сот тапсырмаларын орындау сараптама бойынша шығыстарды қоспағанда, қандай да болсын шығыстарды немесе шығындарды өтеу туралы талаптар үшiн негiз бола алмайды.
      Осы бапта ешнәрсе қылмыстық iстерде осы Конвенциядағы тараптардың өз заңдарымен үйлеспейтiн дәлелдеменiң қандай да бiр нысанын немесе қандай да бiр әдiстерiн қолдану олардың мiндеттемелерi ретiнде түсiндiрiлмеуге тиiс.

14-бап

      Осы Конвенцияда тараптардың әрқайсысы осы Конвенцияда көзделген қылмыстарды тергеу нәтижелерiн үйлестiру және орталықтандыру тапсырылатын орган құрады және қамтамасыз етедi.
      Бұл органдар осы Конвенцияда көзделген қылмыстардың алдын алуды және оларға қолданатын жазаларды жеңiлдету үшiн жиналатын барлық ақпаратты жинақтайды, әрi бұл органдар басқа елдердiң осындай органдарымен тығыз байланыста болады.

15-бап

      Бұл iшкi заңдардың талаптарына үйлесетiндiктен және 14-бапта көрсетiлген органдар бағынатын билiктердiң қалауы болып танылатындықтан аталған органдар басқа мемлекеттердегі ұқсас органдар бағынатын билiктерге мынадай ақпаратты:
      1. Осы Конвенцияда көзделетiн әрбiр қылмыстар туралы және осындай қылмысты жасауға әрбiр оқталу туралы деректердi;
      2. Iздестiрудiң барлық жағдайлары, сондай-ақ қылмыстық қудалау, қамауға алу, соттау, осы Конвенцияда көзделетiн қылмыстарды жасаған кiнәлi адамдарды жiберуден және шығарып жiберуден бас тартулар туралы, сондай-ақ осындай адамдардың тұрғылықты жерiн өзгерткенi туралы деректердi және оларға қатысты кез келген өзге пайдалы ақпаратты хабарлайды.
      Осындай жолдармен хабарланатын ақпарат қылмыскерлердi сипаттаудан, олардың саусақтарының таңбасын алудан, фотосуреттерiнен, жұмыс әдiсi туралы хабардан, полициялық анықтамалардан және соттылығы туралы анықтамалардан тұрады.

16-бап

      Осы Конвенцияда тараптар - бiлiм, денсаулық сақтау, әлеуметтiк және экономикалық қызмет көрсету және онымен байланысты өзге де қызмет түрлерi саласындағы өздерiнiң үкiметтiк немесе жеке мекемелерi арқылы - жезөкшелiкке қарсы күрес жөнiндегі және жезөкше әрi осы Конвенцияда көзделетiн қылмыстардың құрбандарын қайтару әрi қалыпты әлеуметтiк жағдайға бейiмдеу бойынша барлық қажеттi шаралар қабылдауға және көтермелеуге мiндеттенедi.

17-бап

      Осы Конвенцияда тараптар көшiп келу мен көшiп кетуге қатысты жезөкшелiк мақсатын көздейтiн, екi жыныста да адам сатудың жолын кесу үшiн осы Конвенцияға сәйкес олардың өзiне қабылдаған мiндеттемелерiне сәйкес талап етiлетiн барлық шаралар қабылдауға және жүргiзуге мiндеттенедi. Атап айтқанда, олар:
      1. Көшiп келушiлер мен көшiп кетушiлердi, әсiресе әйелдер мен балаларды, олар келген және кететiн пункттерде, сондай-ақ олардың сапар уақытында қорғау үшiн барлық қажеттi қаулылар шығаруға;
      2. Аталған сауданың қауiптiлігі туралы халыққа хабарлау үшiн тиiстi шаралар қабылдауға;
      3. Жезөкшелiк мақсатын көздейтiн, халықаралық адам саудасының алдын алу үшiн темiржол станцияларын, әуежайларды, порттар мен басқа да қоғамдық орындарды, сондай-ақ сапар уақытында бақылауды қамтамасыз ету үшiн тиiсiнше шаралар қабылдауға;
      4. Prima facie мәлiметтерi бойынша осы сауданың басты кiнәлiлерi, қатысушылары мен құрбандары болып табылатын адамдардың келуi туралы тиiсті билiктерге хабарлау мақсатында барлық қажеттi шаралар қабылдауға мiндеттенедi.

18-бап

      Тараптар осы Конвенцияда - өздерiнiң заңдарында белгiленген шарттарға сәйкес - шетелдіктердiң жеке басын және әлеуметтiк жағдайын анықтау мақсатында, сондай-ақ оларды өз мемлекетiн тастап кетуге мәжбүр еткен адамдарды табу мақсатында жезөкшелiкпен айналысатын барлық шетелдiктер туралы мәлiметтер жинауға мiндеттенедi. Бұл мәлiметтер оларды кейiннен қайтару мақсатында аталған адамдар шыққан мемлекет билiктерiне хабарланады.

19-бап

      Тараптар осы Конвенцияда - өздерiнiң заңдарымен белгiленген шарттарға сәйкес, осы арқылы қудалауды немесе осы заңдардың бұзылуын тудыратын өзге де iс-шараларды тоқтатпастан әрi бұл мүмкiн болғандықтан:
      1. Жезөкшелiк мақсатын көздейтiн, халықаралық адам саудасының құрбандары болған, зардап шеккен адамдарды қайтару жөнiндегi түпкiлiктi iс-шараларды өткiзгенге дейiн оларға уақытша көмек пен қолдау көрсету жөнiнде тиiсiнше шаралар қабылдауға;
      2. 18-бапта көрсетiлген адамдарды, егер олар осыны қаласа немесе егер оларды қайтару туралы олар қарамағында тұрған адамдардың тарапынан талап келiп түссе, немесе егер оларды елден шығару туралы заңға негiзделген бұйрық болса қайтарады. Қайтару қайта оралушы адамның жеке басын және азаматтығы туралы немесе оның шекараға келу орны мен күнi туралы тағайындаған мемлекетпен келiсiмге қол жеткiзгеннен кейiн ғана жүргiзiледi. Тараптардың әрқайсысы осы Конвенцияда өзiнiң аумағы арқылы осындай адамдардың өтуiне ықпал етуге мiндеттенедi.
      Алдыңғы абзацта көрсетiлген адамдар қайта оралу бойынша шығыстарды өздерi өтей алмаған және олар үшiн төлей алатын жұбайлары, туғандары, қамқоршылары болмаған жағдайда, олар шыққан мемлекетке жақын шекараға, жөнелту портына немесе әуежайға қайту бойынша шығыстарды осы адамдар тұратын мемлекет төлейдi, ал, осыған байланысты қалған шығыстарды олар шыққан мемлекет өзi көтередi.

20-бап

      Тараптар осы Конвенцияда жұмыс iздеп жүрген адамдарды, әсiресе әйелдер мен балаларды оларды жезөкше мақсатында, пайдаланудан қауiпсiздендiру мақсатында, егер бұл шараларды олар әлi қабылдамаса, жұмысқа жалдау жөнiндегі кеңселердi бақылау үшiн қадағалау жөнiнде қажеттi шаралар қабылдайды.

21-бап

      Тараптар осы Конвенцияда Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына осы Конвенцияның мәнiне қатысты және олардың мемлекеттерiнде шығарылған заңдар мен қаулылар туралы хабарлайды және осыдан кейiн жыл сайын Конвенцияға байланысты шығарылатын заңдар мен қаулылар туралы, сондай-ақ осы Конвенцияның қолданылуына қатысты қабылданған барлық шаралар туралы хабарлайды. Осы ақпарат Бас Хатшы арқылы кезең-кезеңiмен жарияланып тұрады және ол Бiрiккен Ұлттар Ұйымының барлық мүшелерiне, сондай-ақ Ұйымның мүшесi болмаған, осы Конвенцияның 23-бабына сәйкес ресми хабарланатын мемлекеттерге де жiберiледi.

22-бап

      Егер осы Конвенцияның тараптары арасында оны түсiндiруге немесе қолдануға қатысты дау туындаса және егер бұл дау өзге жолмен шешiлуi мүмкiн болмаса дауласушы тараптардың кез келгенiнiң талабы бойынша дау Халықаралық Сотқа берiледi.

23-бап

      Осы Конвенция Бiрiккен Ұлттар Ұйымының кез келген мүшесiнiң атынан, сондай-ақ Экономикалық және Әлеуметтiк Кеңес тиiстi шақыру жасаған кез келген басқа мемлекеттiң атынан қол қою үшiн ашық.
      Осы Конвенция бекiтiлуге жатады және бекiту актiлерi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысының сақтауына берiледi. Бiрiншi абзацта аталған және осы Конвенцияға қол қоймаған мемлекеттер оған қосыла алады.
      Қосылу қосылу туралы актiнi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Хатшысының сақтауына беру арқылы жүргiзiледi.
      Осы Конвенциядағы "мемлекет" деген сөз осы Конвенцияға қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттiң барлық колониялары мен қарамағындағы аумақтарын және осы мемлекет халықаралық жауапкершiлiгiн көтеретiн барлық аумақтарды қамтиды.

24-бап

      Осы Конвенция бекiту немесе қосылу туралы екiншi акт сақтауға берiлген күннен кейiнгі тоқсаныншы күнi күшiне енедi. Осы Конвенцияны бекiтетiн және бекiту немесе қосылу туралы екiншi акт сақтауға берiлгеннен кейiн оған қосылатын мемлекеттердiң әрқайсысына қатысты осы Конвенция осы мемлекеттiң бекiту немесе қосылу туралы өз актiсiн сақтауға берген соң тоқсан күннен кейiн күшiне енедi.

25-бап

      Осы Конвенция күшiне енген уақыттан бастап бес жыл өткен соң кез келген тарап осы Конвенцияда Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы атына бұл туралы жазбаша хабарлау арқылы оның күшiн жоюы мүмкiн.
      Мұндай күшiн жою ол туралы өтiнiш берген тарапқа қатысты Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы оның өтiнiшiн алған күннен кейiн бiр жыл өткен соң күшiне енедi.

26-бап

      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының барлық мүшелерiн және Ұйымның мүшесi болмаған және 23-бапта аталған мемлекеттердi:
      а) 23-бапқа сәйкес алынған қол қою, бекiту және қосылу актiсi туралы;
      б) 24-бапқа сәйкес осы Конвенцияның күшiне енген күнi туралы;
      с) 25-бапқа сәйкес алынған өтiнiштердiң күшiн жоюы туралы хабарлайды.

27-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Конвенцияда өзiнiң конституциясына сәйкес осы Конвенцияның қолданылуын қамтамасыз ету үшін қажеттi заңдар мен өзге де iс-шаралар қабылдауға мiндеттенедi.

28-бап

      Осы Конвенцияның ережесi мұндағы тараптар арасындағы өзара қарым-қатынас осыған қатысты болғандықтан, кiрiспедегi 1, 2, 3 және 4-тармақтардың екiншi абзацында аталған халықаралық актiлер ережесiнiң күшiн жояды, оның үстiне осы актiлердiң әрқайсысы ондағы барлық тараптар осы Конвенцияның тараптары болғаннан кейiн күшi жойылды деп есептеледi.
      Осыны куәландыру үшiн тиiстi үкiметтердiң тиiстi түрде уәкiлеттiк берiлген төменде қол қоюшылары бiр мың тоғыз жүз елуiншi жылдың 21 наурызында Лейк Саксесте, Нью-Йоркте қол қою үшiн ашық осы Конвенцияға қол қойды; Конвенцияның бiр дәл куәландырылған көшiрмесiн Бас Хатшы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының барлық мүше-мемлекеттерiне және 23-баптың ережелерiне жататын Ұйымның мүшелерi болмаған барлық мемлекеттерге жолдайтын болады.

Қорытынды хаттама

      Адамдарды сатуға және басқа адамдарды жезөкшелiк мақсатында пайдалануға қарсы күрестi қамтамасыз ететiн ережелердi жүзеге асыру үшiн осы Конвенцияда көзделген жағдайларға қарағанда неғұрлым қатаң талаптар белгiлейтiн қандай да бiр заңдардың талаптарын орындауға осы Конвенцияда ешнәрсе кедергi ретiнде қаралмауға тиiс.
      Осы Конвенцияның 23-26-баптарының ережелерi осы Хаттамаға қолданылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады